Қазақстан Республикасындағы сайлау органдары жүйесі туралы қазақша реферат

Қазақстан Республикасында сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыратын мемлекеттік сайлау органдары сайлау комиссиялары болып табылады (Сайлау туралы Конституциялық заңның  10-бабы).

Сайлау органдарының біртұтас жүйесін:

1.  Республиканың Орталық сайлау комиссиясы;

2.  Аумақтық сайлау комиссиялары;

3.  Округтік сайлау комиссиялары;

4.  Учаскелік сайлау комиссиялары құрайды. Сайлау комиссиялары өкілдіктерінің мерзімі 5 жыл.

Сайлау туралы Конституциялық заңның 11-бабы Орталық сайлау комиссиясының құрылу тәртібін, құрамын және қызметін реттейді. Орталық сайлау комиссиясы Республика сайлау комиссияларының біртұтас жүйесіне басшылық өтеді және тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады.

Орталық сайлау комиссиясы Республика Президентінің ұсынуы бойынша Парламент Мәжілісі қызметке сайлайтын және қызметтен босататын комиссияның тәрағасынан, төрағасының орынбасарынан, хатшысынан және мүшелерінен тұрады. Төраға мен хатшының жоғары білімі болуға тиіс.

Конституциялық заңның 12-бабына сәйкес Орталық сайлау комиссиясының мынадай өкілеттіктері бар:

—  Республика аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады; олардың бірыңғай қолданылуын қамтамасыз етеді;

—  Президент пен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізуді ұйымдастырады; Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге басшылық етеді;

—  Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау округтерін құрып  бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

— сайлау науқанын өткізуге жұмсалатын шығыстардың мөлшерлі сметасын жасап, Республика Үкіметіне ұсынады;

—  облыстар (республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасы) әкімдерінің ұсынуы бойынша аумақтық округтік сайлау комиссияларын құрады;

—  сайлау комиссияларына басшылықты жүзеге асырады;

—  Президенттікке кандидаттарды тіркейді;

—  Парламент, Мәслихат депутаттарының сайлауын тағайындайды.

Келесі сайлау органдары аумақтық сайлау комиссиялары болып табылады. Аумақтық сайлау комиссияларына облыстық (республикалық маңызы бар қалалар және Республика астанасы), аудандық, қалалық, қаладағы аудандық сайлау комиссиялары жатады. Облыстық сайлау комиссиялары облыс әкімдерінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясының шешімі бойынша құрылады және Президент, Парламент және Мәслихаттар депутаттарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді. Төменгі тұрған аумақтық сайлау комиссиялары тиісті әкімнің ұсынуы бой-ынша жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясының шешімі бойынша құрылады. Олардың құрамына 9 адамнан 15 адамға дейін кіреді, сайлау тағайындалғаннан кейін 10 күннен, ал жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы жөніндегі аумақтық сайлау комиссияларының құрамы 7 күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттіктері:

— әкімшілік-аумақтық бөліністер аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады;

— Президентті, Парламенттің және Мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды әзірлеу мен өткізуді қамтамасыз етеді;

— Сенат депутаттары сайлауын қамтамасыз етеді, Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркейді;

— Мәслихаттар депутаттарын сайлау жөнінде сайлау округтерін құрады және олардың тізімдерін жариялайды, сайлау комиссияларының орналасқан жері туралы  сайлаушыларға хабарлайды.

Округтік сайлау комиссияларының қызметі Сайлау туралы Кон-ституциялық заңның 15,16 баптарымен реттеледі. Олар Орталық сайлау комиссиясының шешімімен облыс (республикалық маңызы бар қалалар және Республика астанасы) әкімдерінің ұсынуымен құрылады; сайлау округтерінде Парламент Мәжілісі және Мәслихаттар депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.

Олардың құрамы жеті адамнан тұрады.

Округтік сайлау комиссияларының өкілеттіктері:

—  тиісті сайлау округінің аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуын бақылауды жүзеге асырады;

— Парламент Мәжілісі және Мәслихат депутаттарын сайлаудың өткізілуін ұйымдастырады;

— учаскелік сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастырып, үйлестіріп отырады;

—  Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына ұсынылған кандидаттарды тіркейді;

—  Округ бойынша дауыс беру үшін учаскелердің рет сандарын белгілейді және т.т.

Ең төменгі сайлау органы учаскелік сайлау комиссиялары болып табылады (Сайлау туралы Конституциялық заңның 17,18 баптары). Олар тиісті әкімдердің ұсынуы бойынша жоғары тұрған тиісті сайлау комиссияларының шешімімен құрылады. Құрамы жеті адамнан тұратын комиссия тиісті сайлау учаскелерінде Президентті, Парламент Мәжілісінің және Мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.

Учаскелік сайлау комиссияларының өкілеттіктері:

—  сайлау шараларын жүргізеді;

—  учаскелік комиссияның орналасқан жері туралы сайлаушыларды хабарландырады;

—  сайлау учаскесінде сайлаушылардың тізімін жасайды;

—  дауыс беруге арналған үй-жай дайындайды;

—  дауыс беруді ұйымдастырады;

—  дауыс санауды жүргізеді және учаскедегі дауыс беру нәтижелерін анықтайды;

—  арыздар мен шағымдарды қарайды.
Тағы рефераттар