Қазақстан Республикасы: Су қоры. Қазақстан жерінде өзен, көл, мұздықтар мен жер асты суының таралуы және Су қоры олардың деңгейлік ерекшеліктері ең алдымен климат факторларына, жер бетіне түсетін жылу мен ылғалдың арақатынасына тәуелді. Су қорларының ішінде, әсіресе, өзен және көл ағындарының маңызы аса күшті. Бірақ көпшілік өзен-көлдердің деңгейлері үнемі күрт ауытқып отырады: кей жылдары су мөлш. қалыпты орташа деңгейден 2–4 есе артық болса, қуаң жылдары көптеген айдындар мүлдем құрғап қалады. Аридтік аймақта жайласқан Қ-ның маңызды табиғи қорларының бірі – жер асты суы. Су қорлары кең-байтақ аумақта біркелкі таралмаған.

Мұздық. Қ-ндағы жер беті ағын суы қорының негізгі көзі – мұздықтар суы. Таулық өңірлерден жалпы ауд. 2033,3 км2-лік 2724 мұздық анықталды (1985). Жалпы мұз басудың тең жартысына жуығы (1000 км2-ден астам) Жетісу Алатауында (мұздық аум. 1369 км2), қалғаны Іле мен Күнгей (610,7 км2), Теріскей (144,9 км2) Алатауларында, Алтай мен Сауыр жоталарында (106,2 км2), Қырғыз және Талас Алатауларында (101,5 км2). Қазақстан мұздықтарын 3 топқа жіктеуге болады: аңғарлық мұздықтар, беткейлік мұздықтар және денудациялық беткейлер мұздықтары (жұмыр, мүжіле тегістелген шыңдарда). Осылардың ішінде көбірек таралғандары (жалпы мұздықтардың 66%-ы) аңғарлық мұздықтар. Аңғарлық мұздықтардың көпшілігі Қазақстан табиғатын (әсіресе таулы өңірлерін) зерттеуге аса зор ұлес қосқан ғалымдардың, әдебиет және мәдениет қайраткерлерінің есімдерімен аталған. Іле Алатауындағы Талғар массивімен байланысты күрделі аңғарлық Корженевский мұздығы – Қазақстандағы аса ірі мұздық болып саналады: ұз. 11,7 км, ауд. 38,0 км2, мұзының жалпы көл. 6,32 км3. Аңғарларда және аңғарлық беткейлерде қалыптасқан мұздықтардың көпшілігінің қалыңд. 50 – 100 м, ал таудың жоғары беткейлеріндегі мұздықтардікі 10–30 м.

Мұздықтардағы мұздың жалпы көл. 100 км3. Мұз басудың төм. шекарасы мен фирн (мұзқар) сызығының (мұз шоғырының көбеюі кезіндегі жоғ. және еріп азаюы кезіндегі төм. бөліктері арасындағы шегі) абс. биіктігі солт-тен оңт-ке және батыстан шығысқа карай арта түседі. Егер де Алтайда бұл көрсеткіш 2500–2800 м болса, Тянь-Шань тауында 3500–3800 м. Бұның өзінде оңт. беткейлерге қарағанда солт. беткейлердің шекарасы 200–250 м төменірек жатады. Қазақстан мұздықтары негізінен тым төмен темп-ралы келеді. Әсіресе, мұздың үстіңгі 12–15 м қабаты қыс кезінде қатты суынады. Жаз маусымында мұздың 1 м-ге дейінгі беткі қабаты 0°С-ка дейін ғана жылынады. Мұз қабатының жұқалығына, темп-расының төмендігіне және жылдық жауын-шашынның шамалы түсуіне байланысты мұздықтар жылына 50–70 м-ге дейін төмен қарай баяу жылжиды. Мұздықтардың абляциялық (еру және булану процесінің) маусымы қалыпты жағдайларда 2–2,5 айға созылады. Абляцияның көп жылдық орташа мөлш. 1 м шамасында. Мұздық суы – тау өзендерінің толығу көзі. Әр тау өзені ағынының басталар жеріндегі суының 85%-ы, жазыққа шығар бөлігіндегінің 35%-ы мұздық суының үлесіне тиеді.

Республика мұздықтары тартылуда. Кейбіреуінің ұз. жылына 5–20 м-ге, ауд. 1000 м2, мұз қоры 0,05– 0,1%-ға кемуде. Қазақстанның таулық бөлігінде ауд. 20000 км2-дей көп жылдық тоң белдемі қалыптасқан; оның төм. шегі Алтайда 2000 м, Сауырда 2300 м. Жетісу Алатауында 2800 м және Тянь-Шань жоталарында 3000 м-ге дейін төмендейді.

Өзен. Қазақстан өзендерін ұзындығы бойынша топтасақ, онда 85 022 өзеннің ішінде 84 694-і шағын (ұз. 100 км-ге дейін), 305-і орташа (500 км-ге дейін) және 23-і ірі (500–1000 км-ден астам) өзендер қатарына жатады. Республиканың шығысындағы Алтай, оңт.-шығысындағы Жетісу және Іле Алатаулары ылғалы мол таулы өңірлердегі өзен торының жиілігі (барлық өзендер ұзындығы қосындысының осы алаптың ауданына қатынасы) басқа өңірлерге қарағанда жоғары, 0,4–1,8 км/км2 шамасында. Шағын өзендердің көбі Ұлытау, Шыңғыстау, Қарқаралы тауынан, сонымен қатар Тарбағатай, Қаратау, Мұғалжар жоталарынан басталады. Арал және Каспий маңы шөлді өңірлерінде өзен торының жиілігі тым сирек (0,03 км/км2-ге дейін) келеді. Өзендердің басым көпшілігі Каспий, Арал т-дерінің, Балқаш, Алакөл және Теңіз сияқты көлдердің тұйық алаптарына жатады. Тек Ертіс, Есіл және Тобылға кұятын өзендер ғана мұхитқа құятын Кара т. алабына қарайды. Қазақстандағы ең суы мол өзен – Ертіс. Оның республика жеріндегі ұз. 1700 км, жалпы ұз. 4248 км. Жоғ. бөлігіндегі ағыны 2 ірі су электр ст-ларымен (Бұқтырма және Өскемен) реттелген. Өзен суының біраз бөлігі Ертіс-Қарағанды каналы арқылы Орт. Қазақстанға бұрылған. Ұзындығы жөнінен республикадағы екінші өзен – Сырдария. Қазақстандағы ұз. 1400 км, жалпы ұз. 2219 км. Егін суаруға қарқынды пайдалануына байланысты ағыны кейбір жылдары Арал т-не жетпей тартылып қалады. Балқаш к. алабындағы ірі өзен – Іленің республика шегіндегі ұз. 815 км (жалпы ұз. 1001 км). Оның ірі салаларының бірі Шілік өз-нен бастап, Шамалған өз-не дейін ұз. 200 км-ге жуық Үлкен Алматы каналы салынған.

Бат. Қазақстан жерін негізінен Жайық өз. суландырады. Ол республика жерінен тыс Оңт. Оралдан басталады. Қазақстандағы ұз. 1082 км, жалпы ұз. 2428 км. Ірі өзендер қатарына сонымен бірге Есіл, Тобыл, Елек, Шу, Торғай, Ырғыз, Сарысу, Нұра, Талас, Ойыл, Жем, т.б. өзендер жатады. Бірақ бұлардың кейбіреуінің деңгейі жазда тым төмендеп, кейбіреуі мүлдем тартылып қалады, ал көктемде қар суымен толысып тасиды. Қазақстан өзендерінің көпшілігі жазда суы тартылып, жеке-жеке қарасуларға бөлініп қалады. Біразы көктемгі қар суымен маусымдық көлдерге құйылып, жазда сорға айналады.

Қазақстан өзендері толығу сипатына қарай 3 топқа бөлінеді: қар суынан толығатын, мұздық суынан және аралас толығатын өзендер. Өзендердің көпшілігі көктемде тасиды, тек мұздық суынан толысатын өзендер ғана жазда тасиды. Климат сипатына байланысты өзендердің көп жылдық арын мөлшері де үнемі өзгеріп отырады. Жазық өңірлер өзендері арынының орташа өзгергіштігінің вариациялық коэфф. негізінен 0,80-нен 1,20-ға дейін жоғарылайды. Бұл шамадан тек Жайық өз-нің ағын өзгергіштігі кемірек (0,58–0,80), ал Тобылдікі көбірек (1,50-ге дейін) келеді. Тау өзендерінің жылдық ағын мөлшерінің ауытқуы онша болмайды, әсіресе Іле Алатауының солт. беткейінен басталатын өзендер деңгейі тұрақты. Тау өзендерінің суы гидрохим. құрамына қарай гидрокарбонатты болады; олардың минералдығы жоғары деңгей кезінде 200–300 мг/л, деңгейі төмен түскенде 500–600 мг/л-ге дейін жоғарылайды. Жазық өңір өзендерінің суы сульфатты немесе хлорлы топқа жатады және олардың минералдығы су жинайтын алаптың ауданына, жер бедері мен топырақ сипатына, климаттық жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Шөлейт және шөл белдемдердегі өзендердің минералд. 100–200 мг/л-ден (бастау жағында) 5000 мг/л-ге дейін (төм. ағысында) артады.

Өзендердің лайлылығы жөнінен Қазақстанның жазық және таулы аудандар арасында үлкен айырмашылық бар. Жазық жер бедеріне және өзен егістігінің шамалы болуына байланысты мұндағы өзен суында қатты зат ағыны біршама аз болады, лайлылығы 200 г/м3-ден артпайды. Борпылдақ жынысты өңірде ағатын Бат. Қазақстан өзендерінің лайлылығы тым жоғары (500–700 г/м3). Таулы аудандар өзендерінің лайлылығы ағыс бойымен төмен қарай 50–100 г/м3-ге дейін артады.

Көл. Қазақстан көлдерін ауданына қарай топтастырсақ, онда жалпы 48 262 көл айдынының 45 248-і шағын (ауд. 1 км2-ге дейінгілер) көлдер қатарына жатады. Ауд. 10 км2-ден астам ірі көлдер саны 296, ал 100 км2-ден астам аса ірі көлдер 21 (бұл 21 айдын үлесіне Қазақстандағы барлық көлдердің жалпы ауданының 60%-ы тиеді). Қазақстан аумағы бойынша көлдер біркелкі таралмаған. Кейде бұлар бір-бірінен жүздеген километр алшақ жатады, кейбір өңірде жиі орналасып, біртұтас көлдер жүйесін құрайды. Солт. Қазақстанда жалпы ауд. 15 623 км2 болатын 21 580 көл болса, бүкіл Орт. және Оңт. Қазақстанда жалпы ауд. 4658 км2 болатын 17 554 көл ғана бар. Солт. Қазақстанда 100 км2-лік аймаққа 3 км2-лік көл айдындары болса, бұл көрсеткіш Орт. және Оңт. Қазақстанда сәйкес түрде 0,23 және 0,53 км2-ге дейін кемиді. Қазақстан көлдері пайда болуы жөнінен тектоник. және экзогендік түрлерге бөлінеді. Каспий және Арал т-дері, Балқаш, Алакөл, Теңіз, Сасықкөл, Марқакөл, т.б. ірі көлдер тектоник. қазаншұңқырларда қалыптасқан. Экзогендік көлдерге Сілетітеңіз, Теке, Жалаулы, Қызылқақ, Үлкен Қараой, т.б. жатады. Орманды дала және дала белдемдері көлге бай. Жалпы республика айдындарының көпшілігі абс. биіктіктері 100 м-ден 3500 м-ге дейінгі борпылдақ төрттік шөгінділердің үстінде орналасқан. Көлдердің су жинайтын алаптарының ауданы көбінесе 10-нан 320 км2-ге дейін, ал шөлейт және шөл белдемдерінде бұдан да аумақты келеді. Қазақстан көлдері шарасында 190 км3 су жиналған. Көктемде көлдер деңгейі 0,2 м-ден 6 м-ге дейін көтеріледі. Жаздың ортасына қарай сіңу және булану мөлшерінің артуына байланысты көлдердің деңгейлері күрт төмендейді, ал кейбіреуі кеуіп қалады. Төм. деңгей қазан–қараша айларында байқалады. Көпшілік көлдер деңгейінің орташа жылдық ауытқу амплитудасы 1 м шамасында. Ағынсыз көлдер су балансының шығымы түгелдей дерлік булануға кетеді. Көлдердің су балансындағы жалпы кірістің 10–90%-ы жер беті ағынынан, 12–40%-ы жауын-шашыннан құралады. Шарасы граниттік жыныстар үстінде қалыптасқан көлдер баланстары кірісінің 40%-ы жер асты суы ағынынан қалыптасады. Көл суының хим. құрамы жалпы минералдылық пен иондық құрамының әр түрлілігімен және тұрақсыздығымен сипатталады. Тұз концентрациясының маусымдық және көп жылдық ауытқуы көл суы деңгейінің өзгеруіне тығыз байланысты. Республика көлдері су көлемінің 87%-дан астамы сульфатты (Балқаш, Алакөл, Теңіз көлдері, т.б.), ал қалғаны карбонатты немесе хлорлы келеді.

Теңіз. Қазақстанның батыс және оңт.-батыс жағын, еліміздегі ірі тұйық су айдындары – Каспий және Арал т-дері шайып жатыр. Каспий т. – солт. (тереңд. 4–8 м), орта (780 м-ге дейін) және оңт. (тереңд. 1000 м-ден астам) бөліктерге ажыратылады. Арал т-нің шарасы Тұран тақтасының төмен қарай иілген тұсында қалыптасқан. Деңгейі қарқынды төмендеуде (қ. Каспий теңізі және Арал теңізі).

Жер асты суы. Алаптағы не кендегі су сыйыстырушы жыныстардың сипатына байланысты – жарықшақтық, жарықшақтық-қабаттық және қабаттық (пластық) жер асты сулары болып бөлінеді.

Жарықшақтық су таулы, қыратты және ұсақ шоқылы аймақтарда кеңінен тараған. Құрамы әр түрлі атпа, шөгінді, метаморфтық жыныстардың жер бетіне жуық үгілу аумағында (30–50 м-ге дейінгі тереңдікте) қалыптасады. Бұлар жер бетіне көбіне минералд. төмен (0,1–0,1 г/л), су шығыны мардымсыз шағын бұлақтар түрінде ұшырайды. Тектоник. жарылыстар мен жаралу тегі әр түрлі жыныстардың жапсарларын бойлай қуалаған бұлақтар мен тайыз ұңғымалардың су өнімд. 5–7, кейде 10–15 л/с-ке жетеді.

Жарықшақтық-қабаттық жер асты сулары Маңғыстаудың таулы бөлігіндегі, Мұғалжардағы, Сарыарқадағы, Оңт. және Шығ. Қазақстандағы шағын құрылымдарды құраушы, палеозой мен төм. мезозойдың әлсіз цементтелген терригендік және карбонаттық жыныстарының қат-қабаттарында қалыптасады. Жер бетінде бұлақтар түрінде кездеседі, не тайыз ұңғымалармен (су шығымы 5 л/с-ке дейін) шығарылады. Карстық құбылыс молынан дамыған әктасты қабаттардағы бұлақтардың су шығымы кейде 10–35 л/с-ке жетеді. Жезқазған – Ұлытау ауданы мен Үлкен Қаратаудағы (Мырғалымсай, Келтемашат, т.б.) кен қазбалары мен ұңғымаларға жарықшақтық-қабаттық су көп жиналады. Жарықшақтық және жарықшақтық-қабаттық сулар молаюдың қолайлы жағдайларында едәуір су қорын жинайды. Таулы өңірлердің 860 мың км2 аумағына 800 м3/с немесе 25 км3/жыл жарықшақтық немесе жарықшақтық-қабаттық сулардың жиналатыны анықталды. Оның 16 км3/жыл мөлшері Оңт. және Шығ. Қазақстан тауларының, 9 км3/жыл мөлшері Сарыарқа мен Бат. Қазақстанның биік жерлерінің үлесіне тиеді. Қабаттық жер асты сулары негізінен жазық аймақтардағы баяу цементтелген және цементтелмеген антропогеннен палеозойға дейінгі терригендік және карбонаттық жыныстардың қат-қабаттарынан орын алған. Қабаттық су жиналатын жыныстардың қалыңдығы өзен аңғарларында бірнеше метрге, биіктеу өңірлерде 0,5–1,5 км-ге, Шу-Сарысу, Арал маңы, Сырдария, Маңғыстау – Үстірт өңірлерінде 3–6 км-ге, Каспий ойпатында 10–23 км-ге жетеді. Сулы жыныстардың жоғ. қабаттарында арынсыз грунт сулары, төменіректе арыны жоғары артезиан сулары қалыптасады. Тұщы және қышқылтым сулар өзен аңғарларында, эолдық құм алқаптарында, су айырықтық құмдық түзілімдерде және сонымен бірге Каспий ойпатының шығ. бөлігіндегі, Солт. Арал, Ортаңғы Маңғыстау, Сырдария, Шу-Сарысу, Іле, Ертіс маңы ойпаттарындағы бор шөгінділерінде, пермь-триас, юра, палеоген-неоген шөгінділері жиылған жекелеген телімдерінде бірнеше метр тереңдіктен 500–1000 м (Іле ойысында 2700 м-ге дейін) тереңдіктерде кездеседі. Минералд. 50–550 г/л тұздықтар Каспий ойпаты, Шу-Сарысу, Теңіз-Қорғалжын, Торғай қолатының орт. мен төм. горизонттарында, Маңғыстау мен Үстірттің едәуір бөлігінде, Солт. Қазақстанда кеңірек тараған. Жалпы қабаттық қоры 570 м3/с немесе 18 км3/жыл. Жылда табиғи жолмен жаңарып (орны қайта толып) отыратын қорларының шамасы 43 км3/жылға тең. Осы қорлар негізінде жер асты суларының пайдалануға болатын әлуеттік (потенциалдық) қоры 53 км3/жылға жетеді. Мұның 16 км3/жылдайы барланған (2000). Қазақстандағы Алакөл артезиан алабы, Бетпақдала артезиан алабы, Каспий маңы артезиан алабы, Қаратау артезиан алабы, Қызылқұм артезиан алабы, Маңғыстау артезиан алабы, Мойынқұм артезиан алабы, Солтүстік Қазақстан артезиан алабы, Сырдария артезиан алабы, Торғай артезиан алабы, Ұлытау артезиан алабы, т. б. жер асты суының ірі қорлары саналады.

Ж.Достай, Т.Омаров

Дереккөзі: «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 1998 ж. 5-том

Қазақстанның су корларына беткі сулардан (өзен, көл, мұздақтар) басқа жер асты суы мен минералды су көздері жатады. Қазақстанның климаты жағдайында өзен жүйесі онша жиі болмағандықтан, халық шаруашылығы үшін жер асты суы қорларын пайдаланудың үлкен маңызы бар. Мал шаруашылығын өркендету үшін шөлейт пен шөл зоналарында артезиан құдықтары пайдаланылады. Үлкен қалаларды, суға тапшы аудандардағы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету көбіне жер асты суы есебінен болады. Қазақстан жер қойнауынан құрамында адам ағзасына қажетті тұздары бар минералды су көздері табылған. Мұнда Алмаарасан, Барлықарасан, Қапаларасан, Жаркентарасан, Сарыағаш сияқты санаторий-курорттар осы арқылы емдеу орталықтарына айналған.

Жалпы Қазақстан аумағының климаттық ерекшеліктеріне байланысты су қорларының маңызы арта түседі. Себебі қуаң климат жағдайында ауыл шаруашылығын, әсіресе суармалы еғістерді өркендету үшін су қорлары басты орын алады. Бүған қоса қалалар мен өнеркөсіп орындарының өсуі, республикадағы су корларының жетіспеушілік жағдайына әкеп соғады. Еліміздің трансшекаралық өзендері Ертіс пен Ілені үтымды пайдаланумен бірге экологиясының қауіпті жағын да ескерген жөн. Олардың бастауы біздің мемлекеттік шекарадан тыс жатқандықтан трансшекаралық өзендердің проблемасы сан қырлы. Олардың шаруашылық жөне экологиялық сипатымен қатар саяси, тарихи, экономикалык және табиғатын корғау мәселелері тұр. Көршілес, туыстас мемлекеттермен ортақ өзендердің (Сырдария, Талас, Шу) тағдырына қатысты да дәл осындай проблемалар туындайды. Трансшекаралық өзендер мен көлдерді (Каспий жөне Арал) қорғау мен тиімді пайдалану ережелері 1992 жылы БҰҰ Хельсинки конференциясында бекітілген.

Су корларын пайдаланудың жыл сайын өсуіне байланысты оларды ұтымды пайдалану, ластанудан қорғаудың маңызы зор. Өзендерге гидротехникалык кондырғылар салу кезінде де жергілікті табиғат ерекшеліктерін ескеру қажет.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ СУ РЕСУРСТАРЫ– Қазақстанның жер үсті суларының ресурсы сулылығы бойынша орташа жылы 100,5 км3; соның ішінде не бары 56,5 км3-і ғана республика аумағында қалыптасқан, қалған көлемі Орта Азия мемлекеттерінен, Ресей Федерациясынан және Қытай Халық Республикасынан келетін өзен суларынан құралады. Өзен ағындысының көлемі бойынша Қазақстан планетаның сумен неғұрлым аз қамтылған елдерінің қатарына жатады. Қажетті су тұтыну көл. 54,5 км3-ді құрайды, мұның сулылығы бойынша орташа жылда шаруашылыққа пайдаланылу мүмкіндігі 46,0 км3-ден аспайды. Су тапшы жылдары су ресурстарының көл. 58 км3-ге дейін, ал пайдаланылатын су тиісінше 26 км3-ге дейін төмендейді. Тұщы жер асты суларының қоры 15,1 км3-ді құрайды, оларды пайдалану деңгейі 11,3% немесе 1,7 км3. Қайтымды сулардың көл. 4 км3, су көздеріне қайта құйылған су 2 км3-ден аспайды, қалған ағынды құрамы сейіледі немесе жерге сіңіп кетеді. Қайтымды сулар табиғи сулар мен қоршаған ортаны ластаудың негізгі көзі болып табылады.
Су ресурстар аумақтың өмір сүру негізін құрайды. Бассейн беттік және жерасты су ресурстарымен бай. Олар өндірістік күш аумағында дамуды және қарқынды ауыл шарушылық өндірістік, қолайлы климаттық шараттармен үйлесіп қалыптасуды ескере алды. Басссейнде 45 мыңнын артық өзендер, уақытша су ағындары және жалпы ұзындығы 118 мың км дейінгі сайлар бар.Олардың ішінде ең ірісі Іле өзені (бассейннің 75 % дейінгі сужинағыш ауданы) болып табылады. Балхашқа құяр кезде көлемі 8 мың км2 -мен дельтаны құрайды. Дельта гидравликалы түрде көлмен байланысты және экожүйеде экологиялық тендікті ұстап тұратын табиғи реттеуішті атқарады, құрғақ жылдарда су қорының бір бөлігін көлге береді. Бұл құстар және жабайы жануарлардың тұратын ортасы, сонымен қатар үй жануарлар үшін қоректену базасы болып табылады. Бассейнде өзеннен басқа шамамен 24 мың көлдер және жасанды су қоймалар бар.

Балхаш көлі үлкендігі бойынша Қазақстанда үшінші ағынсыз су қойма болып табылады. Көлдің шұңқыры созылған және бөлшектенген. Шұңқырдың және су асты табалдырығының тарлауына байланысты көл, тар Ұзынарал бұғазымен қосылған (5-6 км), Батыс және Шығыс бөлікке бөлінеді. Батыс Балхашта су аздап ащылау, ал шығыс бөлікте- жоғарғы минерализация денгейімен тұзды болып келеді. Көлдің денгейі және су балансының ғасырлық және ішкі ғасырлық тербелісінің үлкен ауқымы морфометриялық сипатын және сәйкес су қойманы пайдалану шартын да өзгертеді.

Іле өзені Балхаш көлі бассейннің негізгі су саласы болып табылады. Ол бастауын Орталық Тәңіртау (Қазақстан) Текес өзені көзіндегі Мұзарт мұздықтарынан алады. Кейін Кунес және Қаш өзендерімен қосылып ҚХР аумағы бойынша ағады, 250 км-де тағыда Қазақстан Республикасы аумағына кіреді де 1001 км-де Балхаш көліне құйылады.Өзеннің жалпы ұзындығы 1439 км, Қазақстан аумағында -815 км. Шарын және Шілік өзендерінен басқа, бассейннің сол жақ бөлігінде Іле өзенінің орта ағысында таулы өзендерге бөлінеді: Іле Алатаудың солтүстік бөктерінде ағын қалыптасатын Түрген, Есік,Талғар, Қаскелен Кіші және Үлкен Алматы, Құрты тармақтары. Оң жағалау бөлігінде Іле өзенінің ең ірі тармақтары Хоргос , Үсек және Борохудзир өзендері болып табылады, олар Жоңғар Алатаудың оңтүстік бөктерінен ағады.

Шілік-Іле Алатаудың ең ірі өзені. Басатауын Іле Алатау үстіртінің оңтүстік бөктерінде орналасқан Жаңғырық,Богатырь Корженевского мұздықтарынан алады. Өзеннің ұзындығы 245 км, бассейннің көлемі 4980 км2. Шілік өзенінің үш тармағы бар: Женішке, Сарыбұлақ және Ассы.

Түрген өзені мореннен ағатын мұздықтардан және сулардан алады. Өзен Шентүрген, Түрген (Ортатүрген) және Кіші-Түрген өзендерінің қосылуынан пайда болады. Олардың әр қайсысы көптеген тармақтардан тұрады. Өзеннің жалпы ұзындығы 116 км.

Есік өзені Жарсай және Тескенсу өзендерінің қосылуынан пайда болады. Өзеннің жоғарысында Тескен-Көкбұлақ топтарының мұздықтары орналасқан, оның ішінде ең ірісі- «Григорьева», «Пальгова» және «Касина». Есік өзеннің ұзындығы -121 км.

Қаратал өзені – бастауын солтүстік-батыс бөктеріндегі Жоңғар Алатаудың Орталық үстіртінен және ағысы 3200-3900 м биіктікте орналасқан Қарой және Шежін өзендерінің қосылуынан алады. Төменгі қосылған Қарой және Шежін өзені тау аралық жазыққа шығады. Көксу өзені тармағының құйылысынан кейін Қаратал Оңтүстік Балхаш маңы құмды шөлімен ағады.40 км шақырымда өзен сағасынан 860 км2 көлеміндегі дельтаны құрайды. Өзен ұзындығы -390 км.

Ақсу өзені бастауын Жоңғар Алатау үстіртінің солтүстік бөктерінен 3700-3800 м биіктіктен алады. Өзеннің ұзындығы-316 км.

Лепсі өзені. Оның бұлақтары Жоңғар Алатау үстіртінің солтүстік бөктеріндегі мұздықтар облысында 3000 м-ден жоғары биіктікте орналасқан. Негізгі тармақтары Сарымсақты, Ағанақты және Басқан өзендері болып табылады.Өзеннің ұзындығы -417 км.

Аягөз өзені екі үлкен өзендердің қосылуымен пайда болады: Үлкен Аягөз және Кіші Аягөз. Бұл өзендердің бұлақтары бастауын Тарбағатай үстіртінің солтүстік тау тарамдарынан алады. Аягөз өзені Балхаш көліне құйылады; өзеннің ұзындығы 492 км.

Тентек өзені – бастауын Жоңғар Алатау мұздықтарынан алады; ұзындығы 200 км.Өзен Үшарал ауылының ауданындағы сол жағалаудан Шынжалы өзенінің тармағын алады. Өзен Сасықкөл көліне құяды.

Үржар өзені Тарбағатай үстіртінің орталық бөлігінде екі таулы өзендердің қосылуынан пайда болады.Өзеннің ең ірі тармақтары: сол жағында –Қусақ өзені, оң жағында –Егінсу өзені болып табылады. Өзен үзындығы 206 км.

Хатынсу өзені бастауын Тарбағатай үстіртінің оңтүстік бөктерінен алады. Өзеннің сол жақ тармағы- Көктерек өзені. Хатынсу өзені Алакөл көліне құяды.

Эмель өзені өз басатуын Тарбағатай және Үрқашар үстірттерінің бөктерінен алады. Өмель өзені оң жақтан Жантезек өзенінің тармағын қосады. Өзен Алакөл көліне құяды.
Тағы рефераттар