Зерттеуші  ғалымдардың  еңбектерінде қобыз жайлы берілген мәліметтер. 

          Қазақтың музыкалық мәдениеті  ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан өзіндік  айшықты белгілермен, ерекшеліктерімен сипатталатын төл мәдениет. Белгілі археологтар мен ұлттық мәдениетті зерттеуші ғалымдар, Орта Азия мен Қазақстанда  көптеген музыкалық аспаптардың шыққан жері, өрбіген мекені   деп  пайымдайды. Белгілі зерттеуші А. Сейдімбек «Қазақтың  күй өнері» атты   еңбегінде  былай деп тұжырымдайды: — «Белгілі археолог — ғалымдар  С.И.Руденко (1885-1969) және  М. П. Грязнов  бірге 1947-1949 жылдары қазба жұмыстар жүргізіп, ғасырлар бойы  өмір сүрген көшпелі тайпалардың мәдениетіне қатысты  ғылым үшін бағалы заттық  айғақтар  тапқан.  Сол айғақтардың  ішінде қобыз аспабы ерекше  орын  алады .  Қос ішегі және қос құлағы бар қобыздың биік жасалған тиегі шанақ  бетіне  керілген сірі көнге орнатылған. Мұның өзі аталмыш қобыздың жасалуы қазіргі   қазақ  қобызының жасалу тәсіліне ұқсас екенін аңғартады»

Белгілі ғалым В. О. Виноградов  бұл сияқты айғақтарға сүйене отырып:  «Орта Азия ыспалы аспаптардың отаны болған»- деп жазады.

Археологиялық  қазбаларда музыкалық  аспаптардың тасқа,  сазға, металлға, қабырға суреттеріне  түскен бейнелері  кездесіп,  аспаптың қалай қолданылатынын  да аңғартады.  Төл топырақта, туған ғылыми еңбектерде түркі халықтарының музыкалық мәдениетіне қатысты   жазба ескерткіштерінде тарихи, ғылыми және әдеби еңбектерінде : Әл-Фарабидің (870-950) «Музыканың ұлы кітабы» («Китаб әл –мусики әл-кабир» ), Әбу  Әли Ибн Синаның (980-1037) «Айығу кітабы» («Китаб әш –шифа»), Әл Хорезмидің (787-850) «Ғылымдар кілті» («Мафатик әл-үлүм»),Ж. Баласағұнның (1021-?) «Құтты білік», «Музыка ғылымындағы әуендер жинағы», т.б.көптеген этнографиялық    материалдардың молдығына  қоса, музыкалық мәдениеттің қоғамдағы орны мен  әлеуметтік  мәні жөнінде, эстетикалық  мүмкіндіктері хақында, сондай-ақ, музыка өнерінің теориясы мен практикасы жайында  ғылыми жүйелі танымның орнығып үлгергенін аңғаруға болады.

Айталық, Әл-Фарабидің бізге жеткен музыкалық- теориялық  еңбектерінің  бірі — «Музыка —  үлкен трактат» атты шығармасы Орта Азия  қолданылған ыспа аспаптардың зерттелуінің тұңғышы  болып табылады. Осы еңбегінде,  сол кезеңдегі аспаптардың шығу тегі, эволюциялық  дамуы, музыкалық мәдениетінің тұтастай дәстүр –дағдылары, музыка теориясы, оның пайда болу және қалыптасу тарихы, музыканы жүрекке қондыра қабылдаудың психологиясы, оның ішінде музыкалық шығармаларды орындаудың әдіс-тәсілдері жайында толық  түсінік   беріледі. Зерттеу трактатында екі ішекті қылқобыздың сыртқы түрі садаққа ұқсайтындығына назар аударғаны жөнінде қазақ аспаптарының зерттеушісі  Болат Сарыбаев «Қазақтың  музыкалық аспаптары»  атты  еңбегінде атап көрсетеді.

Ал «Кодекс Куманикус» кітабында музыкалық  мәдениетке қатысты атаулар мен ұғымдар мол ұшырасады. Мәселен : бурғу (бұғы, мүйіз сырнай), бурғуча( бұғышақ, кішкене мүйіз сырнай, қонров (қоңырау), қобуз (қобыз), нақара( нығар, қоңыраулы аспап), суруна( сырнай) сияқты музыкалық аспаптардың атаулары кездеседі»

         Қобыздың музыкалық аспап ретінде касиетін жан-жақты суреттейтін қызықты еңбектердің бірі ХІҮ-ХҮ ғасырларда бұрынғы қазақ тілінде жазылған. Бұл еңбек Ахмадидің «Музыкалық аспаптар  айтысы» деп аталады.  Қазір «Музыкалық аспаптар айтысы» қолжазба күйінде Британ музейінде сақтаулы тұр.

«Қобыз өзінің музыкалық аспаптардың тәңіріне баулайды.  Адамның ұйып тыңдайтын аспабы екенін мақтан етеді. Әрине, мұндай ойдың жосығын ең алдымен сол кездегі тыңдаушының қобыз аспабына берген бағасы деп қабылдау  қажет»-деп жазады Сейдімбек А.

Революцияға дейінгі кезеңде қазақ халқының музыкалық  мәдениеті этнограф-ғалымдарының,  ХVІ-ХVІІ-ғасырларда жасаған  орыс саяхатшыларының  қызығушылықтарын арттыратын. Олар өз еңбектерінде қылқобыз туралы   көп мәліметтер  қалдырды. Мысалы, фольклортанушы ғалым И. Левшин де  1820-шы жылдары қазақтар арасында болып, халықтың  мәдениетін зерттеп,  қазақтың музыкалық  аспаптарын, оның ішінде  қобыз  туралы  елеулі мәліметтер қалдырды.

Осы айғақтар, деректер  арқылы ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқында қылқобыздың  кең қолданыста болғанын аңғарамыз.  Шет елдерден  келген саяхатшылар да, қазақтын музыкалық мәдениетіне үлкен қызығушылық білдірді. Солардың бірі, Орынбор өлкесінде ұйымдастырылған экспедиция  құрамында болған   ағылшын  суретшісі  Джон Кэстль өз еңбегінде,  қазақ музыкасына қатысты көп деген деректер қалдырды. Осы деректерде домбыра мен қобыза аспаптары,   ауыл арасында кең  қолданыста болғанын айтады.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, аса көрнекті ағартушы демократ – Ш. Уәлиханов (1835-1865)өз ұлтының өнері мен тарихын зерттей отырып, қазақ музыкасының дамуына зор үлес қосты.  Сондай-ақ, өзінің бірқатар еңбектерінде:- «Қазақ  даласында  болған  шаман-бақсылардың өнеріне  ерекше  назар аударған.  Осы жерде бақсы мен шамандардың ұлт мәдениетіндегі елеулі тұлғалар екенін және  көне дәстүрінің  белгісі –бақсылық пен  шамандық деп тұжырымдайды.  Ал бақсының ажырамас аспабы — ежелгі қазақтың қара қобызы.   Қобыздың қыл ішегінде   орындау  қиын болса да, оның үні жағымды аспаптар тобына  жатқызылады.»

Ғалымның сөзіне сүйене отырып, бақсылар табиғат бойынша  өте дарынды болып келеді екен. Бір жағынан олар  магияны  меңгерген   «сиқыршы», аруақтармен байланысты емші, екінші жағынан — талантты музыкант, әртіс, ақын-импровизатор.  Олардың салт -дәстүрі мен музыкасы,  ем-дом беретін әдет-ғұрыпы  синкретизм  көрініс болып табылады. Сонымен қатар, бақсының генетикалық өнері туралы   белгілі ғалым-тюрколог Ахмет Байтұрсынов  (1873-1938)  өз  еңбектерінде көп деген мағлұматтар  қалдырды. Ғалымдар өз  еңбектерінде   бақсы-шамандардың емдері қобыз аспабынсыз жүрмейтінін дәлелдейді.

Осы ойды профессор, музыкатану ғылымының  –докторы С. Күзенбай  былай деп жалғастырады: -«Ұлттық  мәдениетіміздегі көп  өнерінің ішінде,  сөзөнері ең алдында тұратын құбылыс.  Мұны біз бақсылардың поэзияларынан байқаймыз. Осы жерде бақсылар  қобызбен ем-дом беру арқылы, немесе жыршылық өнер арқылы образдық сөз  өнерін қолданып, ауыруға үлкен магиалық әсер береді».

«Шоқанның сүйікті әжесі Айғанымның үйі  ақын, жыршы, әнші, күйшілердің думанды ордасы болып, Жанақ пен Шөже, Арыстанбай мен Орынбай, Біржан сал мен Тоғжан, Шәрке сал, Қанғожа сынды ақын — жыраулар қобызбен жыр толғаған. Болашақ ғалым  Шоқан осындай өнерлі ортада  өсіп, ән мен жырға, аңыз-әңгімелерге ерекше ден қойды. Ал әкесі Шыңғыс әрі домбырашы, әрі қобызшы еді. Шыңғыстың «Бақ менікі ал өнер Қанғожаныкі»  дейтін сөзі бар. Қанғожа Шыңғыстың інісі, қобызды асқан шеберлікпен аңырата тартатын, көне күйді көп білген кісі болған екен»

Нақ осы аспап жыршының айнымас серігіне  айналған, оның сүйемелдеуімен эпикалық жырлар, аңыздар айтқан. Батырлардың қаhармандық   өмірі  мен  ерлігін, және өз ата-бабалары қалдырған кең байтақ  жеріне үлкен сүйіспеншілікпен  жырлаған. Мысалы: Кет- Бұға, Қазтуған жырау, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкииз жырау,  Бұхар жырау, Умбетей жырау,  Жиімбет жырау, Марғасқа  жырау сияқты өнерпаздар қылқобызды айырылмас  серік еткен.

Осы айтқан сөз Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» атты кітабында дәлелденеді: —  «Кет-Бұға ауыр ойдан серпіліп, сылбыр қимылмен қобызын оңтайлады да, Қорқыттың күйіне басты. Қобыздың қыл ішегінен созылып шыққан әуенінен сескенген қағанның тынышы қашып еді, көп шыдай алмады…. Қу тақтай азынап қоя  берді. Әуелде- ақ бесті айғырдың үйірін жоқтап  кісінегені сияқты бір дыбыс естілген еді, Шыңғыстың төбе қүйқасы шымырлап кетті. Көзі тумандап, алдында  отырған Кет-Бұғаға қарап еді, күйші бар жыны бойына қонғандай қомданып алған екен. Қобызды тартып жатқан ол емес сияқты, қобыздың өзі сөйлеп жатқандай көрінді…Бұл –лағын жоқтап маңыраған киіктін шері, ботасын жоқтап боздаған аруананың мұңы еді.  Бұл –жалғызынан айырылған ананың жоқтау жыры еді.»-деп жазады.  Осылайша, Кет-Бұға жырау Шыңғыс ханға баласының қайтқанын қобыздың үнімен жеткізген деген аңыз, ел ішінде сақталып бізге ауызша жеткен.

Қазақ  даласына VШ ғасырда-ақ тарай бастаған ислам дінінің ең алғашқы қарсыласы да  қобыз аспабы  болыпты  деген болжам бар.  Себебі, сол кездегі қобыз- Тәңірлікдіннің өкілі, бақсылардың ажырамас аспабы еді. Бел алған ислам дінінің өкілдері ең алдымен Тәңірдің жердегі елшісі-бақсыларды  қудалаған.

Көшпелілер ортасында ғасырлар бойы ең абзал тұлға болып  саналып келген бақсыларға түрлі мистикалық жалалар жабылды. Күні бүгінге дейін айтылатын (қобыздың тілеуі жаман) қобыз сарынын естіп сырқатын жазатын қазақ, қобызшыны ислам дінінің ұғымындағы жын-шайтанымен сыбайластырып, бақсылар қобыз тартса: «жынын шақырып отыр!»-дейтін болған. Соның нәтижесінде ХХ ғасырға қобызда тартылған санаулы бақсы сарындары ғана жетіп, қалғандары   жойыла түсті.  Бұл туралы   белгілі ғалым-фольклоршы  А.В. Затаевич  үлкен өкінішпен  жазады.

Қазақ арасында музыкалық аспаптарда қосылып күй тартатын немесе әнді қосылып айтатын дәстүрдің ертеден қалыптасқанына айғақ  болатын деректер де ерекше назар аудартады. Ғалым-дәрігер  И. Сиверс 1792-1793 жылдары  Сібірге саяхат жасау барысында  Қазақстанның шығыс өңірінде болып,  өзінің «Сібірден хат» атты қолжазбасында қобыз бен сыбызғытуралы  былай деп ой білдіреді: «Сыбызғыны үрлеу барысында ойығын  теріп, баса отырып, қоңыр жай үн  шығарады, алайда  созуы  ұзақ. Бұл аспап  алыстан волынка сияқты естіледі. Келесі күйші ерекше үлгіде жасалған скрипкамен (қобызбен) сыбызғыға қосылып отыр. Ойнау мәнері бас-  скрипкаға келеді. Дыбыс жаңғыртатын ойығына ағаштың екі жағын оймалап шабу арқылы жасаған, мұны қобыз деп, ал әлгі ысқырық  аспабын —  сыбызғы дейді» -деп жазады ғалым А. Сейдімбек.  Осы жерде И. Сиверс қобызды бас-скрипка  деп айтып  кетеді. Аталмыш бас-скрипка дегеніміз — ол бұрынғы нар- қобыздар, бүгінгі қыл қобыздармен салыстырғанда  үлкенірек, альт- қобыз сияқты жасалғанжәне оның дыбысы да төмен, жуан болып шығады. Осы деректер мен қолжазбаларына сүйене отырып, ертеде қылқобыз тек қана бақсылардың  қолында ғана  болмай, халықтың өнерпаздары, жыршылары    кең қолданған аспап деген қорытындыға келеміз.

Көп деген орыс  саяғатшыларының  ішінде   И. Г. Андреевтың (1743-1801) қолжазбаларында да  Орта жүз қазақтарының өмір салты, қоныс-тұрағы сипатталып, бұл ортада қобыз бен сыбызғы аспабының көбірек қолданылатыны, сондай-ақ ән—күйлерінің суырып салмалық (импровизация) сипатының басым екені  жан-жақты суреттелген.

Орта Азия халықтарының, соның ішінде қазақ халқының музыкалық мәдениеті жөнінде этнограф А.Эйхгорнның  (1844-1910) еңбектері өзінің ғылымидеректерімен назар аудартады. Оның  еңбектерінде   қазақтың 30 әнінің ноталық жазбасы мен  қазақтың музыкалық аспаптары алғаш рет ғылыми байсалдықпен сипатталған. Қобыз, домбыра, сыбызғы сияқты аспаптардың бітім-қасиеті, құлақ күйі, дыбыс қатары, үнделі және ойнау тәсілдері жан-жақты зерттеліп сараланған және де аспаптың  музыкалық мүмкіндігін білдіретін ноталық жазбалар келтірілген.

Сондай-ақ  Торғай өңірінде болған орыс   саяхатшы-журналист Д. М. Львович өзінің «Қазақ  даласында» деп аталатын очеркінде қазақ музыкасы  жөнінде қызықты деректер келтіреді. Мысалы, сапар барысында Д. М. Львович Доспай деген кісінің үйінде болыпты. Сол жерде қобыздың үнін әнге қосып естігенін жазады. Сол үйдің келіні қобызды алдырып, әнші Нұрғожаның қолына ұстатқызады. Зардай сызылта сызылған қобыз үні аз сәтте құбыла көтеріліп, көк пен көкіректі кернеп ала жөнеледі»-деп жазады   Д.М.Львович.

Осындай  құнды деректер, қобыз аспабының бұрын тек қана бақсы- балгерлердің қолында ғана қолдаланынбай, қобыз әнмен қосылып, жыр толғайтын, эпикалық, тұрмыстық  күйлер өзінің орындау барысында, қобыздың өзіне ғана тән иірімдеріменерекшеленіп келетінін байқаймыз.

Әрбір халықта өріс алған белгілі бір аспаптары болады. Осы жерде, ыспалы аспап- қылқобыз   қазақта  кең тараған музыкалық аспап екенін ерекше анғартады. Ғалымдар Н. Финдайзин, В. Виноградов «кылқобыз»  терминін ысқы, тіл және шертпе әдістер мен аспаптар тобына  жатқызды, яғни бұл термин жалпы   музыкалық  аспапты білдіреді, ал оның түрлері  қобыз, қомуз, кобуз, қияқ  және басқа  атаулармен кеңінен мәлім.

Қобыз  атауы нені білдіреді, қайдан шыққан? Оны алғаш жасаған кім еді? Әрине бұл жерде   біз екі нәрсеге табан тірейміз. Бірі ғалымдардың  ғылыми болжамы –логикалық  қисын, екіншісі аңыздар. Бұл  туралы анық жазылып қалған тарихи дерек жоқ. Зерттеушілер әртүрлі болжам, пікірлер айтады. «Қазақ тілінде ковы (қобы) деген сөз бар. Іші қуыс, науа деген мағына береді. «Қобыз атауы іші қуыс деген сөзден туындаған» дейтін болжам осыдан шыққан. Бұл ұғымның  арғы түбірі «қыпшақ» сөзімен төркіндес екенін Рашид ад-Дин шежіресінен де аңғарамыз.  Қазақ, өзбек халықтарының музыкалық аспаптарын сипаттаған  А. Ф. Эйхгорн екі ішекті, ысқылы аспапты «қауыз» деп атаған. Іші қуыс, орта шеніне дейін шанақпен жабылған аспаптың «қобыз», «қауыс», атаулары фонетикалық тұрғыдан өзара жақын. Кобуз (қарақалпақша), комуз (туваша), кубыз(татарша), қияқ (қырғызша), кобуз (түрікше), гиджак (түркіменше, өзбекше), кәмәнші(тәжікше) атаулар түгел осы қобыздың аз ғана фонетикалық өзгеріске түскен аттар.

«Кейде аспаптың атын қыл ішегінің санына қарай ( екі, еки, ики, ыхи) деп атайды. Мысалы: еки-гил-игил(туваша), икили( алтайша), ых (хакасша), их-хур(маңғолша)»- деп жазады музыкатанушы  Г. Омарова

Қазақ  қобызының  ішегі жылқы қылынан жасалады. Сондықтан бұл аспап халық  арасында  қылқобыз атауымен танымал. Ал одан дыбыс ысқы арқылы шығарылады. Бұл үшін де жылқы қылы пайдаланылады. Сондықтан қыл қобыз ысқылы  аспаптары тобына жатады. Аспап жынғылдан, үйеңкі секілді ағаштан ойып жасалады. Қобыз бір көрерге қарапайым ғана аспап болғанымен, оның дәстүрлі  үлгісін жасауға қойылар талғам-талаптар көп. Қобыз шабу үшін қайың, жыңғыл, емен, үйеңкі сияқты ағаштарды таңдайды. Әсіресе шор болып біткен қайыңның безінен шабылған шұбар қобыздықастерлеп, кие тұтатын дәстүр бар болған. Музыкалық  аспап жасайтын ағашты қазақ шеберлері әдетте күзде кеседі. Жыл уағының басқа маусымында кесілген ағашты білікті шеберлер «шикі ағаш» деп, қажетіне жаратпайды.  Жыр жолдары жай ғана поэзиялық теңдеудің айғағы емес, дәстүрлі қобыз үлгісіне қажет жасау –жабдықтарды  да айқын аңғартады. Дәстүрлі талғаммен жасалатын қобыздың ағашын таңдауға айрықша мән берілетіні де рас. Одан әрі түйенің бауыр терісімен қобыз шанағын қаптап, тиегі мен құлағын қажымас үшін мүйізден салады. Қобыздың  ішегін   айғырдың құйрығынан  жасап, тағады.

Аталмыш саяхатшылар келтірген   деректерге  сүйенсек, қобыз аспабы  біздің жыл санауымыздан арғы кездерден белгі беретіні сөзсіз, және де  солардың   мәліметтері бойынша, соңғы екі-үш ғасыр аясында жетекші аспап ретінде алдымен қобызды ауызға алатынын аңғарамыз.

Түркі халықтарының музыка аспаптарының ішіндегі ең көнесі, ең күрделісі, – қазақтың  қылқобызы болып табылатын тұжырымға келеміз. Қылқобыздың түркілік ысқылы аспаптардың атасы екені де шындыққа жақын. Б.Аманов пен  өнер ғылымының докторы А. Мухамбетованың сөздеріне қарағанда — «…. согласно исследованиям В. Бахмана, распространившись за пределы кочевого мира Центральной Азии, кылкобыз стал предком всех европейских смычковых струнных инструментов скрипки, виолончели и др.»[8, 114,б] Бұл  жазған сөздердің де мәні бар.

Жиhангер П. Паллас пен академик Ә. Марғұлан жазбаларында  қылқобыздың бейнесі аққуды елестететіні, ал оның дыбысы аққу  үніндей әсерлі шығатынын айтады.Халықтың мифологиялық  санасында аққу құсқа өте маңызды рөл беріп, оның үш сфераға (аспан, жер, жер асты) қол жеткізетінін білдірген деген тұжырымдар да  жоқ емес.

Шыныменен, қобыздың жасалу формасы  аққуға ұқсайды. Көлденеңінен қойса, басы, мойны, шанағы бәрі ұшып бара жатқан аққуды көз алдына келтіреді. Қазақта аққудың терісін  киген бақсы өте қадірлі  саналған. Аққу-үздіксіз жылжитын күннің ишарасы. Ит-Ала-Қаздың он екі баласының бірі аққу құс жерге де, тұнық суға да, көгілдір көкке де ортақ болғандықтан, қазақтар үшін айрықша  қасиетті- құстың төресі  болып  саналатыны белгілі.

«Сонымен қоса қобызды үш мүшеге бөліп те қарайды. Универсум – жоғары әлем құрамын білдіреді, онда құдайлар мен қанаты барлардың бәрі өмір сүреді. Ортаңғы әлем – адам және жылы қанды жануарлардың тұрағы. Төменгі әлем – онда арам рухтар, жорғалаушылар мен жүзетіндер – балық, жылан, кесірткелер тіршілік етеді. Қобыздың қалақша тәріздес басы арқар мүйіз формасындағы металл салпыншақтармен әшекейленген, бұл жоғары әлем иелері. Аспаптың қалыбы ашық бақырша түрінде, одан бақсының шақыруымен рухтар ұшып шығады – ол ортаңғы әлем. Төменгі әлем қобыздың қалыбының ішінде орналасқан, оны «төменгі сулар деп атайды.  Қазақ мифтерде әлем үшке бөлінеді –жоғарыда перілер, олар белбеуді басынан буынады, ортаңғы- адамдар біз, белбеуді белімізден буынамыз,ал жер асты әлемдегі адамдар- белбеуді аяғынан буынады деленеді»деп  өз еңбегінде  С. Өтегалиева тұжырымдайды.Мүмкін  қобызды алғаш жасаған адам осы сенімге негізделген болар. Қазақ халқының музыкалық аспаптары мен ұлттық әуен-сазының тамыры, соларға байланысты салт-дәстүрінің философиялық мәні тым тереңде жатыр. Сондықтан,  аспаптар ғана емес, орындаушылар да халық мұрасын зерттеушілердің назарынан тыс қалмады.

«Қобыз өнерінің толық сипаттамасын анықтау үшін музыкалық тілінде тән заңдылықтары мен ерекшеліктерін айқындау қажет. Бұл бағытта саз өзгешіліктерінің қалыптасуы мен дамуының негізгі ережелері (этногенезистік, процестері ) тарихта болған елеулі оқиғалар мен сан-алуан құбылыстардың әсері мен ғасырлар бойы бақсылық дәстүрінің шеңберінде жетілгенін байқатады»-деп жазады профессор  С. Күзембаева.

Сөз орайында қобыз мүшелерінің атауларын келтіре кетудің де  артықтығы жоқ. Қобыздың «құлағы»,  «мойыны», «белі», «шанағы», «ішегі», «бүйірі», «сірісі», немесе «көні», «тиегі» деген атаулары бар. Ал, шалып тартатын бөлігі ел ішінде «қияқ», «садақша», «ысқыш» деп әр түрлі аталады. Қазақтың дәстүрлі ұғымында «нарқобыз», «қылқобыз», «жезқобыз», атаулары «қара қобыз», «бүйірлі қобыз», «айналы қобыз», «сылдырмақты қобыз» деген сияқты, қобыздың бітіміне, әшекейіне орай айтылған. Бұл атаулардың қай-қайсысы да әрдайым қобыздың  дыбыстық ерекшелігін білдіреді.  Демек,  қобыз  аспабы осы күнге дейін  қазақта ілкі, байырғы түрінен айырықша өзгермей  пайдаланылып  келді деуге болады.

Қобызды  айтқанда, оны алғаш жасаушы мен кейінгі  тартушыларды  да ой-пікіріміздің арқауы етуіміз керек. Олар –біртуар таланттар, ғұлама өнер иелері, өз туындылары арқылы өз дәуірінің тарихын музыка тілімен жеткізген ақындар мен күйшілер. Солардың бірі әрі бірегейі, күй атасы Қорқыт.
Тағы рефераттар