Қолданбалы курстар мәселесі және оны оқыту туралы қазақша реферат

Курстың мақсаты- оқушыларды мемлекеттік тілде іс қағаздарды сауатты жазып, оның түрлерін білуге үйрету, құжаттарды толтырудың жалпы ережесін, оларға қойылатын талаптарды, олардың безендірілуін жете меңгерту, іс қағаздар стилінің өзіндік лексикасы сияқты ерекшеліктерімен таныстыру болып табылады.

Курсты оқып, үйрену нәтижесінде оқушылар мына мәселелерді білуі тиіс: іс жүргізу стилін; іс жүргізу, құжаттау саласындағы маңызды нормативті құжаттарды; құжаттардың рәсімделу ережелерін; құжаттарды сауатты, дұрыс толтыру мен рәсімдеуді; іс жүргізу қызметінің құрылымын; реквизиттерді дұрыс, сауатты орналастыруды; болашақ мамандықтарына қажетті құжат түрлерін, т.б.

Курстың білім беру мазмұны үлкен сегіз модульден тұрады. Олар:

—  Мемлекеттік тілде іс жүргізуді  және іскерлік корреспенденцияларды ұйымдастыру;

—  Құжаттарды рәсімдеуге қойылатын негізгі талаптар;

—  Қазіргі іскерлік хаттар;

—  Іс қағаздарының мәтінін құру туралы нұсқаулар;

—  Анықтамалық- ақпараттық материалдарды құжаттау;

—  Еңбек қатынастарын құжаттау;

—  Хат алмасу;

—  Іс жүргізуді, құжаттармен жұмысты ұйымдастыру.

Ал әр үлкен  модуль  нақты  тақырыпқа бөлініп, 34 сағатқа есептелген.

Сабақты өту барысында жаңа заман талабына сай кейбір тақырыптарды компьютермен байланыстыра отырып өткізген тиімді.

Осы пікірімізді таратып айтар болсақ, оқыту үрдісіне әр түрлі жаңа педагогикалық технологиялар енгізіліп жатыр. Жаңа педагогикалық технологиялар сан алуан және  оларды қолдану, солар  бойынша  жұмыс жасауға  мүмкіндіктер де бар.

Сондықтан  мақсаты оқушылардың танымдық іс- әрекетін жүргізе алатындай  жаңа  технологияларды таңдауға, оқыту үрдісіне ендіруге бағытталған  жұмыстар атқаратын педагогикалық ізденіс тобын құрған жөн.

Олар  өзекті мәселелер көтереді,  жаңа идеялар ұсынады,  мұғалімдердің жұмыс бағытына әсер етеді,  жұмыстардың нәтижесін шығарады,  т.б.

Мысалы, біздің  қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігі жанынан  осы мәселелермен айналысатын уақытша шығармашылық топ, проблемалық шығармашылық топ, озат тәжірибе тобы және жас мамандар мектебі құрылған.

Осыған орай оқушылардың танымдық қабілетін, белсенділігін арттыруда түрлі әдістерді, педагогикалық инновацияларды пайдалана отырып, қазіргі сабақ үлгілерін өткізуді ұйымдастыруға болады. Онда  әр сабақтың танымдық,  дамытушылық, тәрбиелік  мақсатының орындалуына көңіл бөлген жөн.

Мұнда, сондай- ақ,  мектеп мұғалімдерінің  жеке оқушылармен  жұмыс жасауы, үйірме жұмысын, дәптер тексеру, көрнекі құралдар жасау, техникалық құралдарды пайдалану т.б. жұмыстарды ұйымдастыруда қаламыздағы мектептер және  колледждер мен жоғары оқу орындарының педагогика- психология, лингводидактика кафедраларының тәжірибелі  мамандарынан кеңес алу, кездесу нәтиже берері сөзсіз.

Ал өтілген сабақтарда төмендегі мәселелер ескерілуі тиіс:

—       Оқу мазмұнының танымдық  бағытталғандығы;

—       Сабақтың  білімділік,  дамытушылық және тәрбиелік  мақсаттарының дұрыс қойылуы;

—       Оқытудың  мұғалім мен оқушылардың  диалектикалық өзара байланысы  екені туралы ұғымды білдіретіндігі;

—       Сабақта оқыту мен тәрбиелеу ұстанымдарының орындалуы.

Сабақ- ізденімпаздық үрдіс нәтижесі екендігі белгілі. Сондықтан сабақта  қолданылатын оқыту әдістерінің жүйесін ойластыруда маңызды жағдайлар:

—  оқушының   танымдық қызығушылығын, парыз, жауапкершілік сезімін арттыру, оқудың әлеуметтік мәнін көрсету;

—  оқушы іс- әрекетінің барысын, нәтижесін тексеру;

—  оқушы іс- әрекетінің барысы мен нәтижесін тексеруде өзін- өзі  тексеруін  қамту, т.б.

Аталған мәселелерді іс жүзіне асыру мұғалімнің құзіреттілігін талап етеді. Шәкәрім: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олардың барлығынан басым болатын- адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» деген екен. Ол бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап-ақ тәрбиелейді- деп есептейді.

Құнды қасиеттерге баулу- туған кезден басталса керек. Адамның адам болып қалыптасуына ата-аналармен қатар тәрбиеші мен мұғалімнің де алатын орны зор. Қандай істі болсын бастау, оны өмірге ендіру оңай шаруа емес.

Ұрпақ тәрбиесі- бұл болашақ тірегі, мемлекеттік маңызды іс. Қазіргі кезеңде мектеп мұғалімінің алдында тұрған маңызды, жауапты міндеттің бірі- оқушыға тиянақты білім беру, талабы- таудай дарынды жеке тұлғаны іздеп тауып, оны жетілдіріп шығару.

Ол үшін мектеп мұғалімдері оқытудың тиімді әдіс- тәсілдерін өз тәжірбиесінде таңдап алуы керек.          Бұл жетістіктерге  мұғалім тәжірбие алмасу және жалықпай іздену арқылы жетеді.

Демек, білім беру мазмұнын жаңарту, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту -бүгінгі күннің обьективті заңдылығы. Білім беруде оқушыны білім ақпаратымен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың бойында бағдарламалық дағдылар мен икемдерді де қалыптастырып, шағармашылықпен жұмыс істеуге үйретуіміз де керек.

Ал осы реттегі ұйымдастырушы күш -мұғалім. Сондықтан да мұғалім заман талабына сай жаңашыл, оқу-тәрбие қызметінде педагогикалық технологияларды еркін меңгеретін, шығармашыл, бір сөзбен айтқанда, өз пәнінің зерттеушісі болуы керек. З

ерттеуші- мұғалім кім деген сұраққа жауап ретінде  педагогикалық еңбектерде аталып жүрген бүгінгі заман талабына сай ұстаздың моделін атаған жөн.

Осыған байланысты бүгінгі күнде мұғалімнің дайындығының теориялық мазмұнын игеру және тәжірибе жүзінде қолдануға әдіснамалық қажеттілік туындап отыр. Ұстаздың әдіснамалық дайындығы дегеніміз не деген сұраққа жауап берейік:

—       Жоғары кәсіптік шеберлік;

—       Қисынды ойлау;

—       Әдіснамалық рефлексия;

—       Ғылыми негіздемеге қабілеттілігі;

—       Белгілі тұжырымдамаларды, әдіс- тәсілдерді сынмен қабылдап, шығармашылықпен қолдану;

—       Кәсібилік әрекетті түрлі жағдайларға бағдарлай отыра, білім жүйесін меңгеру, құрастыру, басқару.

Зерттеуші- мұғалімнің басты міндеті танымдық қызығушылықтан баланы ғылыми ізденіске үйрету. Мұнда  ұстаз бен оқушының арасындағы қарым-қатынас үлкен ғылыми процесс. Жоғарыда айтылғандай бұл процестің негізгі жетекшісі- мұғалімдер.

Бұл өз кезегінде әдістемелік жүйенің басты компоненті – мақсатты  нақты түрде қоюды талап етеді. Мақсатты бұлайша қою дегеніміз- мұғалім дәл өлшей, бағалай алатын, оқушының іс- әрекетінің (танымдық қызметінің) нәтижесі түрінде анықтау болып табылады. Ендеше қойылған мақсат пен алатын нәтиже бір өлшеммен өлшенуге тиісті.

Келесі бір маңызды мәселе- қолданбалы курстарды оқытудағы баға қою саясаты. Жалпы береже бойынша қолданбалы курстарда  оқушыларға баға қойылмайды дейді. Ал оқушы білімін бағаламай көріңізші?.

Сондықтан біз өзіміз ұсынған қолданбалы курстар бойынша оқушы білімін бағалауға кредиттік технология жүйесінің бағалау саясатын пайдаланып жүрміз. Оның мәнісі- мұғалім оқушы білімін алдан-ала ескертпей-ақ тест түрінде, мини-интервью, мини-викторина түрінде тексеруі мүмкін. Бақылаудың бұл түріне қойылатын баға қорытынды баға құрамына енеді. Бұдан басқа оқушының кез- келген жұмыстары бағаланып отырады. Мұнда оқушылар өзінің білімін сөйлеу, толықтыру, басқа оқушылардың жауаптары мен жұмыстарына сын айту арқылы да көрсете алады.Олар бақылауға арналған тапсырмалар ретінде мына төмендегідей түрлерде орындалуы мүмкін: бақылау жұмысы, тестік тапсырмалар, сынақтар, конспект, реферат сияқты басқа шығармашылық жұмыстар, т.б. Бағалау әділ әрі жүйелі болуы үшін мұғалім талқылануға тиісті сұрақтар бойынша проблемалық немесе терминологиялық сұрақтар, түрлі  танымдық тапсырмалар дайындауы керек. Жеке, рейтингілік, реферативтілік және т.б. тапсырмалардың барлығы белгіленген мерзімде өткізілуі тиіс.

Өйткені, қазіргі кездегі білім берудің мақсаты- тұлғаның өз бетімен білім алуын, өздігінен қалыптасуын тиімді қамтамасыз ету үшін оның өзіне және қоғамға қажетті қабілетін дамытуға жадай туғызу емес пе?.

Бұл  жағдай оқушының:

— белсенділігі мен саналылығын қалыптастыруды;

— психикалық, физиологиялық және антропологиялық даму заңдылықтарын жалпы адамгершілік қасиеттерімен үйлесімді сәйкестендірілуін;

— әлеуметтік құнды белсенділігін дамытуды көздейді.

Қорыта айтқанда,  бағдарлы оқытудың мақсаты — өздігінен даму бағдарын анықтап, дамитын және өздігінен дұрыс шешім қабылдай алатын, өзін- өзі жетілдіріп өсіруші, өзін- өзі тәрбиелеуші тұлға қалыптастыру болып табылады.
Тағы рефераттар