Құрмалас сөйлемдерді салалас, сабақтас деп бөлу тұлғалық принципке негізделеді. Бірақ бұл тұжырым бірден қалыптаса қойған жоқ. Ғалымдар арасында салалас, сабақтасқа қандай сөйлемдер жатады деген сұрақ төңірегінде біраз пікірталастар болды. Алғашқы ұстанымды негізге алғандар ( С. Жиенбаев, Н. Сауранбаев,  Ғ. Бегалиев, Қ. Жұбанов) көсемшенің –ып, -іп, -п тұлғасымен келген сөйлемдерді салалас құрмалас сөйлемдер қатарына жатқызды. Н. Сауранбаев “іргелес сабақтас”, С. Аманжолов “үлестес сабақтас” деп атаған мұндай сөйлемдерді  Қ. Есенов “ерекше құбылыстағы сөйлемдер” деп атайды да, тұлғалық тиянақсыздықты басты ұстаным ретінде ұстап, мұндай сөйлемдердің қазіргі қазақ тілінде сабақтастардың қатарында қарастырылатынын айтады.

Профессор А.Ысқақовтың “Құрмалас сөйлем мәселелері” атты мақаласында көңіл аударатын жай – сабақтас пен салалас құрмаластарды өзара ажыратуда негізгі ұстаным етіп екі жай сөйлемді байланыстырушы баяндауыш сөзінің  тұлғасын басшылыққа алады. Осыдан келіп, Омар кітап оқып, Жамал хат жазып отыр тәріздес сөйлемдерді кейбіреулердің салалас деп ұғынуына қарсы мұндайларды сабақтас құрмалас деп дұрыс түсіндіреді. Мұндағы дәлелі — бағыныңқы сөйлем баяндауышының тиянақсыз тұлғада тұруы [13].

Құрмалас сөйлем синтаксисіне байланысты профессор Ә.Хасеновтың “Салалас құрмалас сөйлемге және олардың тыныс белгілері жөнінде” деген мақаласында іліктес салалас деп айтылып жүрген сөйлемдерді түсіндірмелі салалас деп атауды ұйғарады. Мысалы: Маған жаңа арман пайда болды: ол – наградты ақтау жолындағы арман еді [14].

М. Томановтың пікірінше, “өзара тең дәрежеде байланысқан сөйлемдер тобын салалас құрмалас дейміз” деген анықтаманың өзі дұрыс емес. Оған дәлел ретінде Іші пысып жүрген кезде жолықтым ба немесе білген кеңестерін білдіргісі келмеді ме, Жәкең үлкен әңгімелер қозғады  сөйлемінің жоғарыдағы анықтама бойынша салалас құрмалас бола алмайтынын айтып, салаластардың   “тұрақты принцип негізінде анықталмай жүргендігін” көрсетеді [12; 45]. Өзара тең байланысқан, бірақ интонация арқылы ұласқан сөйлемдерді салалас деп танитын болсақ, оған баяндауыш құрамында сұраулық шылауы бар немесе көсемше тұлғалы (-ып, -іп, -п) сөйлемдерді жатқызуға болмайтынын, өйткені мұндай сөйлемдердің құрамындағы алғашқы сөйлем соңғы сөйлемге бағынышты болатындығын айтады.

Сөйтіп қазақ тіл білімінде салалас, сабақтас құрмаластарды анықтауда екі түрлі ұстанымды негізге алу жөнінде пікірталас өрбіді:                                        1) компоненттердің мағыналық қатынасы; 2)  компонент баяндауыштарының тұлғалық белгісі.

2.1.         Салалас құрмаластар

Салалас пен сабақтастың арасындағы айырмашылық — олардың компоненттерiнiң құрмаласу тәсiлiнде, мағыналық байланыстарында интонациялық құбылыстарында, компоненттердiң негiзгi екi мүшесiнiң бiр – бiрiмен синтаксистiк қатынастарында, әсiресе компонеттердiң баяндауыш формасында. Салалас құрмаластың баяндауыштары тиянақты болады.

Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын – салалас

Сын түзелмей, мiн түзелмейдi – сабақтас.

Құрмалас сөйлемнiң салалас түрi мен сабақтас түрлерiнiң арасында мынандай өзгешелiктер бар:

  1. Салалас құрмалас сөйлем компоненттерiнiң баяндауыштары тиянақты формада айтылады да, сабалас құрмалас сөйлем компонеттерiнiң алдыңғылары тиянақсыз формада айтылып, тек соңғысы ғана тиянақты формада болады
  2. Салалас құрмаластың баяндауыштары тең дәрежеде, теңдiк қатынаста тұрып, салаласа байланысса, сабақтас құрмаласта бағыңқы компонент баяндауышы басыңқы компонент баяндауышына бағына байланысады.
  3. Салалас құрмаластың жай сөйлемнен кейiн болатын интонациялық кiдiрiсi едәуiр тиянақты болады да, сабақтас құрмалас сөйлем компонеттерi арасындағы интонация тиянақсыз, елеусiз болып келедi.
  4. Салалас құрмалас компоненттерiнiң баяндауыштары өз бастауыштарымен қиыса байланысса, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерiнiң баяндауыштары өз баяндауыштарымен қиыспайды.
  5. Салалас құрмалас сөйлем компоненттерiн бiр –бiрiмен құрмаластыру үшiн жалғаулық шылаулар қолданылады, ал сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерiн құрмаластыруда септеулiк шылаулар қолданылады.
  6. Салалас құрмалас сөйлемнiң 1 компонентi 2 компонентке тәуелсiз, оның iшiндегi мүшелерге байланыссыз болып келсе, сабақтас құрмалас сөйлемнiң бағынышты компоненттерiнiң көпшiлiгi өзi жетектелiп тұрған компоненттiң белгiлi бiр мүшесiне тәуелдi болып, соны түрлi жағынан айқындап, тұрлаусыз мүше тәрiзденiп кетедi.

     Салалас құрмаластың түрлерiн саралауда қазақ тiл бiлiмiнде әр тұрлi пiкiрлер болды. Мысалы А. Байтұрсынов салаластарды бес түрге бөледi: жиылыңқы, қайырыңқы, айырыңқы, сұйылыңқы, қойылыңқы.

Ал Қ. Жұбанов топтамасы қазiргi қазақ тiлiндегi құрмалас сөйлем түрлерiн саралауға негiз болды: ыңғайлас салалас, ереуiл салалас, талғама салалас, себеп-салдар салалас, шарт-жағдай салалас. Кезiнде Н.Сауранбаев көрсеткен iргелес салаластар  қазiр жалғаулықсыз салалс ретiнде қарастырылады.

Салалас құрмалас сөйлемдер жасалу жолдарына қарай жалғаулықты салалас және жалғаулықсыз салалас сөйлемдер деп бөлiнедi.

Салалас құрмалас сөйлемдер байланысу тәсіліне қарай жалғаулықты, жалғаулықсыз (іргелес), ауыспалы болып бөлінеді.

Жалғаулықты салаластардың компоненттері өзара жалғаулық шылаулар арқылы байланысады. Қазіргі қазақ тілінде оның төмендегідей мағыналық топтары бар: ыңғайлас, қарсылықты, себептік, шартты, талғаулы, кезектес салаластар.

Қазақ тiл бiлiмiнде алдымен, жиылыңқы (А.Байтұрсынов), кейiннен ыңғайлас (Қ.Жұбанов, С. Жиенбаев) деген атпен мәлiм болған ыңғайлас салалас деп аталатын құрмаластың түрі соңғы кезде жарық көрген еңбектерде мезгілдес салаластар деп атап жүр. Аталған сөйлемдер өзара ұқсастығы болғанымен, ішнара семантикалық айырмашылықтары бар сөйлемдер. Ыңғайлас сөйлемдерде тектес, ыңғайлас іс-әрекет, оқиға, жай-күй баяндалса, мезгіл мәнді құрмаластарда белгілі бір уақыт шеңберінде өтіп жатқан оқиға баяндалады.

Ыңғайлас салаластың жалғаулықтары: да, де, және, әрi. Мезгiлдiк мәннiң берiлу сипатына қарай мезгiлдес салаластарды Қ. Есенов бiр мезгiлдес салаластар (Деревняда үн де жоқ, от та жоқ (Ғ.М.).) және әр мезгiлдес салаластар (Залдағы жарық сөндiрiлдi де, пердесi баяу сырғып сахна ашылды (З.Қ.).) деп жiктейдi.
Тағы рефераттар