Бұл мақалада елімізде шағын және орта кәсіпорындарды басқару  мәселелері мен оны дамыту бағыттары қарастырылған. Бүгінде шағын кәсіпкерлік пен бизнесті қолдаудың инфрақұрылымын дамыту негізінде  экономиканың барлық секторларын жандандыруда дамыту шараларын әзірлеу және жүзеге асыру маңыздылығы арта түсуде. Жалпы аймақтарда шағын және орта кәсіпорындарды дамыту тек халықты жұмыспен ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың әлеуметтік, рухани, экономикалық іргелі мәселелерін шешуге  ықпалын тигізетіні анық. 

Кілт сөздер: басқару, бюджет, бюджет кірістері, әлеуметтік шығыстар, кәсіпкерлік қызмет, кластер, лизинг, инфрақұрылым, несиелендіру және қаржыландыру.

Қазақстан қазіргі таңда егеменді ел қатарында  өзінің ұлттық экономикалық даму  стратегиясын қалыптастыру үстінде. Шағын және орта бизнесті мемлекет тарапынан қолдап және дамыту әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына енуге бет алған Қазақстан үшін өзекті мәселелердің біріне айналуда.  Еліміз мемлекеттік меншікке ғана  негізделген жоспарлы экономикадан меншіктің аралас нысандары әрекет ететін нарықтық экономикаға өту жолын таңдаған болатын. Мемлекеттің шаруашылық жүргізудің нарықтық  жағдайына өтуді мемлекеттің ешқандай дайындықсыз, қысқа мерзімде жүзеге асыруы кезінде шағын және орта кәсіпорындарды қалыптастыру ауырға соқты.  Бұрынғы жүйеде басқарудың ескі   әдістермен   жұмыс  жасаудың  мүмкін еместігі және жаңа әдістерді  меңгеру деңгейінің төмендігі  олардың қызметіне қатты өз әсерін тигізді. Әсіресе, көптеген кәсіпорындардың нарық жағдайында өз бетінше жұмыс істеуге дайын еместігін және өз қызметтерін тоқтатуға мәжбүр     болғандығын көрсетті.

Тәуелсіздікке жаңа қадам басқан еліміздегі кәсіпорындардың көпшілігі дағдарыс жағдайында тұрды. Мұндай жағдайда кәсіпорындардың     жұмысын  оңтайлы түрде  жүргізу   үшін  түбегейлі өзгерістер  енгізуді  талап етті. Сондықтан, әртүрлі мәселелерді шешу жолдарының бірі ретінде әртүрлі меншік нысандарындағы   кәсіпорындарды құру мен олардың тиімді қызмет етуін ұтымды ұйымдастыру, бәсекелік ортаны қалыптастыру үшін ең алдымен шағын және орта кәсіпорындарды басқару үрдісінің жаңа әдістерінің қажеттілігі туындай бастады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің  және  Қазақстан  Республикасы  қаржы  нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс қимыл жоспарын жасаған болатын. 2007 жылдың екінші жартысында басталған әлемдік қаржы нарықтарындағы  тұрақсыздық Қазақстанның даму қарқынына әсер етті. Бұл отандық банктердің сырттан қаржылық ресурстарды тарту мүмкіндіктерінің төмендеуінен, демек, ішкі экономиканы несиелеу көлемінің қысқаруынан көрінді. Бұдан басқа, әлемдік азық-түлік тауарлары нарығындағы бағаның шапшаң көтерілуі салдарынан экономикаға инфляциялық қыспақты едәуір күшейтті. Өтімділіктің жаһандық тапшылығын тудырған қаржы дағдарысының екінші толқыны әлемдік қаржы жүйесінің шеңберінен шығып, нақты секторға едәуір теріс әсер етті. Содан барып әлемдік экономиканың өсу қарқынының  едәуір және  соның салдары ретінде тауарлар мен қызмет көрсетулерге жаһандық сұраныстың баяулауы байқалды. Бұл отандық экономиканы тұрақтандыру және оңалту жөнінде қосымша қабылдауды талап етті. Осыған байланысты жаһандық дағдарыстың Қазақстандағы әлеуметтік экономикалық ахуалға теріс салдарын жұмсартуға және болашақтағы  сапалы экономикалық өсу үшін қажетті негізді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін айқындап толықтырулар енгізген болатын.

2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіліп, оның шеңберінде салықтық жүктемелерді ең алдымен, экономиканың шикізаттық емес секторы үшін салықтық жүктемелерді едәуір төмендету көзделді. Корпоративтік  табыс салығы кезең-кезеңімен 2009 жылы 30%-дан 20%-ға дейін, 2010 жылы 17,5%-ға дейін және 2011 жылы 15%-ға дейін төмендейді деп көрсеткен. Қосымша құн салығының  мөлшері келесі жылдан бастап 13-тен 12%-ға дейін  төмендеді. ҚҚС салынатын айналымның ең аз көлемі 2 есе, 38 млн. теңгеге дейін ұлғайды.

Шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді төлеу туралы талап алынып тасталды. Сонымен қатар барлық кәсіпорындар үшін залалдар мерзімдерін 3 жылдан 10 жылға ауыстыру көзделді.

Үкімет әлемдегі қаржы және шикізат нарықтарындағы жағдайдың нашарлау мүмкіндігіне байланысты 2010-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қажеттілікпен қалыптастырды. Осы кезеңдегі бюджет кірістері мұнайдың бір баррелі үшін 60 АҚШ долларындағы әлемдік бағасын негізге ала отырып есептелген. Үкімет орта мерзімді кезеңде  фискалдық тұрақтылықты  қамтамасыз ету  қажеттілігін ескере отырып, 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының параметрлерін түзетті. 2009 жылы бюджет кірістері мұнайдың әлемдік бағасының бір баррелі  үшін 40 АҚШ долларына төмендеуін ескере отырып нақтыланды. Басым емес шығыстар қысқартылды, ал кейбір бағдарламаларды қаржыландыру кейінгі мерзімге қалдырылды. Бұл ретте әлеуметтік шығыстар қысқартылған жоқ.

2009-2010 жылдары республикалық бюджет  тапшылығы ІЖӨ -ге 3,4-3,5% көлемінде жоспарланған, ал 2011 жылы ІЖӨ-ге 2,4%-ға дейін төмендетілді. Үш жылдық республикалық бюджет ағымдағы жағдайда экономикалық белсенділікті қолдау  үшін  түйінді  құрал  болып табылады.  Жиынтықты сұраныс пен іскерлік белсенділік бірінші кезекте, басым инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды қаржыландыруға,  отандық кәсіпорындардың өнімдеріне сұранысты және экономикадағы жұмыспен қамтылуды қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ адами капиталды  дамытуға  бағытталатын  бюджет шығындарының жоғары деңгейін сақтау есебінен қамтамасыз етілді.

Жаңа жұмыс орындарын  шағын кәсіпкерлік пен бизнес арқылы қалыптастыру – халықты кәсіпкерлік қызмет саласына да белсенді тартуға мүмкіндік береді. Мұның өзі аймақтардағы өмір  сүру деңгейін көтеруге ықпал етіп, ондағы тұрғындардың  жұмыссыздық салдарынан  ірі қалаларға көшуін тоқтатады. Осыған орай жергілікті атқарушы органдардың шағын кәсіпкерлік пен орта бизнесті қолдау және дамыту үшін нақты іс-шараларды дайындаумен қатар, алдағы жылдары оның даму стратегиясын  Үкімет стратегиясы негізінде әзірлеуі керек. Шағын кәсіпкерлік пен орта бизнесті дамытуда мамандар даярлауда, олардың  біліктілігін арттыру, қайта даярлау – кәсіпкерлік  тәуекел дәрежесін төмендетумен  қатар, оның нарық талаптарына сәйкес  жоғары нәтижемен жұмыс істеуіне көмектеседі [1].

Сондай-ақ, жалпы аймақтарда шағын және орта кәсіпорындарды дамыту тек халықты жұмыспен ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың әлеуметтік, рухани, экономикалық іргелі мәселелерін шешуге  ықпалын тигізеді. Жастар арасында түрлі келеңсіз жағдайларды болдыртпауға үлкен үлесін қосады.

Сондықтан, шағын және орта кәсіпорындарды дамыту мен қолдау көрсетудің негізгі міндеттері  жаңа жұмыс орындарын құру, өндіруші және өңдеуші өндірістерден тұратын кластерлерді ұйымдастыру  арқылы ауыл шаруашылықтың шикізаттық негізін дамыту.  Берілген міндеттер жаңа әлеуметтік-маңызды жобаларды енгізу және шағын және орта кәсіпорындарды әрекет етуші нысандарын кеңейту арқылы, сондай-ақ халыққа төменде аталған қызмет түрлерін көрсету арқылы толық ауқымда орындалып отыр:

— жобаны ұйымдастырудың заң аспектілері бойынша кеңестер;

— әдістемелік ұсыныстар және алып жүру;

— экономикалық, қаржылық мәселелер бойынша кеңестер;

— қаржылық қолдау көрсету, жабдықтарды лизингке беру.

Аймақтардағы өндірісті дамыту өз аумағында нарықты қажетті тауарлармен  толықтыру, халықтың тұтынушылық қабілетін қанағаттандыру мақсатында отандық, оның ішінде аймақтағы өнеркәсіптік өнімдердің көптеп шығарылуын қамтамасыз етеді. Мұның өзі тауарлар өндіру және сату шығындарын төмендете отырып, оның бағасын арзандатуға  бірден бір себеп болып табылады. Өндірістік сектордың дамуы жергілікті бюджеттің толығуына, аймақтың гүлденуіне, әлеуметтік жағдайдың көтерілуіне, қосымша жұмыс орындарының  қалыптасуына ықпал етеді. Өнеркәсіптік өндірісті өрге бастыру үшін өндірістік инфрақұрылымды, соның ішінде кәсіпорын жанындағы энергетика, көлік, құрал-сайман, қойма және т.б. шаруашылықтарды дамытуда шағын кәсіпкерлік пен орта бизнеске жүгініп, оның тиімділігін арттырудың ең ұтымды түрлері мен жолдарын қарастыру және қолдану қажет.

Қазіргі уақытта шағын бизнесті жүргізу үшін арнайы білім қажет. Кей кезде шағын   бизнестің   басшысы   жақсы    коммерсант    болғанымен,  өндірістік мәселелерде ешқандай тәжірибесі жоқ болады және керісінше болуы мүмкін.

Республикамызда нарықтық қатынастарды қалыптастырудағы маңызды міндеттерінің бірі – шағын кәсіпкерлікті дамыту. Сондықтан, шағын және орта кәсіпорындарды дамыту үшін ең алдымен қандай мәселелерді шешу керектігін анықтап  алған жөн және жекелеп тоқталып өтеміз. Республикада шағын және орта кәсіпорындардың дамуы мен қызмет жасауына қажетті ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық шарттарды қалыптастырудың алғашқы қадамдары жасалды. Атап айтатын болсақ:

— шағын кәсіпорындар кез-келген халық шаруашылығының саласында, кез-келген меншік формасы негізінде құрыла алады;

— өнеркәсіп пен құрылыста жұмыскерлер саны 200-ге дейін болу керек;

— ғылым мен ғылыми қызмет көрсету саласында жұмыскерлер саны  100 адамға дейін;

— өндірістік сфераның басқа салаларында  25 адамға дейін;

— бөлшек саудада 15 адамға дейін.

Бүгінде Қазақстанда шағын кәсіпорындарда азаматтар, мемлекеттік ұжымда біріккен кәсіпорындар,  шаруашылық ассоциациялары органдар құрылған. Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту үшін 3 факторды ескере отырып, дамуын қамтамасыз етуіміз керек:

Біріншіден, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын жүйе құру қажет.

Екіншіден, тексеруші органдардың санын азайту арқылы бюрократиялық тосқауылдарды азайту.

Үшіншіден, рұқсат беруші құжаттардың санын азайту.

Шағын және орта кәсіпорындарда күрделі мәселелерінің бірі несиелік ресурстарды алудың қиындығы. Айталық, кәсіпкерлер банктен несие алудан  бес түрлі себеппен бас тартады: пайыздық өсімнің жоғары болуы; кепілдік талаптың тым қатаң болуы; ақпараттың жетіспеушілігі; несие алу мүмкіндігіне сенімнің жоқтығы және банктердің кәсіпкерлерден аймақтық алшақтығы.

Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың инфрақұрылымдарын қалыптастыру үшін болашақта шағын кәсіпкерлікті дамыту қорының жұмысын қайта қарау қажет. Шағын кәсіпкерлік пен бизнесті қолдаудың инфрақұрылымын дамытуда өнеркәсіпте, саудада, құрылыста, көлік шаруашылығында, жалпы алғанда экономиканың барлық секторларын жандандыру, халықтың  қолөнері, туризмді дамыту шараларын әзірлеу және жүзеге асыру маңыздылығы арта түсуде.

Импорт алмастыру бағдарламасына сәйкес кәсіпорынның босаған алаңдарында шағын кәсіпорындарды орналастыру  арқылы тауарлардың жаңа түрлерін шығару жөнінде  ұсыныстар кәсіпорын бағдарламаларына енгізілу қажет:

Біріншіден, шағын кәсіпкерлік пен бизнестің  сыртқы ортасының факторларын басқару  арқылы шағын кәсіпорынның қызметіне аса қажетті сыртқы ортаның жаңа элементтерін құрып, бүгінгі күнге дейін қалыптасқан  факторларының  озығын жетілдіру және келеңсіздігіне  тосқауыл қою керек.

Екіншіден, жекелеген  шағын кәсіпорындарға  тікелей қолдау көрсету – арнайы  инфрақұрылымдардың   көмегімен   жүзеге   асырылады.  Атап  айтатын болсақ: қаржылық институттар (шағын кәсіпкерлікті  қолдау қорлары, арнайы банктер, қаржыны сақтандыру қорлары); бизнес-инкубаторлар, технопарктер, өнеркәсіп компаниялары; лизинг компаниялары; шағын кәсіпкерлікті дамытудың агенттіктері мен орталықтары; ақпараттық қамтамасыз ету  қызметтері;   бухгалтерлік, аудиторлық, жарнамалық, маркетингтік, көлік және басқа да қызметтер  көрсету жөніндегі  арнайы фирмалар, мамандар таңдауға жәрдемдесетін агенттіктер.

Үшіншіден, қолдау жүйесінің ұйымдастырылуы  мен жетілдірілуі – қолдау көрсетудің нақты стратегиялық бағыттарын анықтаумен тығыз байланысты. Қолдау жүйесін ұйымдастыруда мемлекеттік бақылау  құрылымдары мен олардың  қызметіне бақылау жасаудың тәртібін белгілеп алудың маңызы ерекше. Жүйенің басым бағыттарын ырғақты дамыту арқылы кең қанатты интеграциялық өркендеуге  қол жеткізуге әбден болады.

Шағын және орта кәсіпорындарды қолдау жүйесінің жоғарыда қарастырылған үш деңгейінің арасында да тығыз байланыс бар. Республикалық деңгейдегі қолдау құрылымдары құқықтық-нормативтік  және  әдістемелік көмек көрсетіп қана қоймай, аймақтық және жергілікті деңгейдегі  қолдау құрылымдарына тікелей қаржылар аудару арқылы да  жәрдемдесуге тиіс.

Республикамызда шағын және орта кәсіпорындарды дамыту үшін мынадай шараларды жүргізу қажет:

—  салық салу базасын жетілдіру керек;

—  салықтың түрлерін анықтауға қатысты салық заңдарына өзгерістер енгізу;

—  қаржы операцияларын жүргізуге  мұрындық болатын салық ставкаларын  азайту  және соған сәйкес тиісті салық төлеуді жетілдіру;

—  несие беру мерзімдерін ұзарту және аймақтық маңызы зор шағын өндірістік кәсіпорындар үшін пайыздық ставкаларын төмендету арқылы  отандық өндірістерді ынталандыру және сапасы төмен арзан қолды тауарларды тасып әкелуге тосқауыл қою;

—  шағын бизнесті несиелендіру тетіктерін жетілдіру үшін лизингтік несиелерді, венчурлық қаржыландыру,  факторинг, кепілдік қорларды құру және  өзара несиелендіруді қалыптастыру жолдарын  ұсыну қажет.

Қазақстандағы шағын және орта кәсіпорындардың дамуындағы маркетингтік рөліне келер болсақ,шағын және орта кәсіпорындар индустрияланған мемлекеттердің гүлденуінде маңызы жоғары. Барлық халықаралық нарықтарда маңызды рөл атқаратын кәсіпорындардың ешқайсысы да бірден үлкен болып құрылмайды. Шағын және орта деңгейдегі кәсіпорындарды жас мемлекеттердің даму локомотиві деп қарауға болады. Демек,  Қазақстанда қызмет атқарып жүрген шағын бизнестің субъектілеріне мән беру керек. Әлемнің көптеген елдеріндегі шағын және орта бизнесті  зерттеген кезде екі түрлі негізгі мәселеге көп мән берілген: біріншісі,  қаржылық ресурстардың жетіспеуі, екіншісі, маркетинг туралы білім дәрежесінің төмендегі. Осы аталған мәселе Қазақстан үшін де қатысы бар [2].

Қазақстандағы құрылған фирмалардың көбісі жаңа, олардың басшыларының тәжірибесі де жеткіліксіз. Сол себептен мемлекет тарапынан оларға бағыт-бағдар көрсетіп отыруы қажет.

2009 жылда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры жүзеге асырған «Бизнес- Кеңесші» бағдарламасы аясында “BISAM Central Asia” Бизнес-ақпарат, әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер орталығы Қазақстандағы шағын және орта бизнес ахуалы мен мәселелерін бағалау мақсатымен кешенді зерттеу жүргізді. Қазақстанның барлық әкімшілік аудандарын қамтыған зерттеуге «Кәсіпкерліктің жедел-курсы» атты оқыту тренингтерінің 10 мыңнан астам тыңдаушысы қатыстырылды және шағын бизнестің әртүрлі деңгейдегі өкілдерімен жүргізілген фокус-топтар мен терең сұхбаттар кірді. Респонденттер ретінде жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер мен кәсіп ашуға ынталы тұрғындар және түрлі себептермен жеке кәсіппен айналысуды доғарған жандар да тартылды.

Сондықтан, ең алдымен мемлекет ШОДК-ға байланысты орталық құру арқылы олардың әртүрлі салада қызмет көрсетуіне ықпал етеді. Осы орталықты құру негізінде маркетингке қатысты көрсететін қызметтеріне тоқталатын болсақ: біріншіден, кеңес беру қызметі ұйымдастырады. Мұнда шағын кәсіпорындардың нарыққа кірмей тұрып, маркетинг туралы кеңес бере отырып, өндірілетін тауардың нарықтағы жағдайы туралы ақпараттық мәліметтер  береді.

Екіншіден, нарықтың жағдайы туралы ақпараттық қызмет көрсету. Қазіргі кездегі саяси немесе экономикалық ауытқулар нарыққа тікелей әсер етеді. Шағын кәсіпорындарға нарықтық құрылымы мен ерекшеліктері хақында мәлімет беру қажет. Сондықтан, дамыған елдердегі сияқты маңызды бір қажеттілікті қанағаттандыратын жеке мәлімет беру қызметтері бойынша белгілі бір ұйымды құрған жөн.

Үшіншіден, нарықты зерттеу қажеттілігі. Қазақстандағы ШОДК басшыларының нарықтағы тұтынушылардың демографиялық, кіріс деңгейлері, іс-әрекет түрлері, көзқарастары мен әдеттері туралы ақпарат жинауы өте қиын. Аталған орталық құрамында нарықты зерттейтін топ құрып, осы жас кәсіпорындардың маркетингке қатысты мәселелерін ғылыми тәсілдер негізінде шешу мүмкіндігі бар, атап айтатын болсақ:

а) маркетинг саласында білім беру.Маркетинг саласында жүйелі түрде

білім алған жағдайда ғана маркетинг ғылымын игеруге болады. Маркетинг туралы білім қаншалықты дұрыс және толық берілсе, тәжірибеден өту кезеңі соншалықты қысқа болады. Аталған орталық техникалық және кәсіпорынның әртүрлі салаларында білім беретін болса, онда маркетинг саласында да арнайы курстар ашып, ШОДК-дың маркетингтік қызметкерлеріне білім беру керек.

б) Ірі және шағын кәсіпорындар арасындағы диалог жасау. Ірі фирмалардың өз қызметтерін атқару үшін әртүрлі салаларда және көп мөлшерде тауар мен қызметке деген қажеттіліктерін әртүрлі шағын және орта деңгейдегі кәсіпорындар қанағаттандырып отырады. Ол үшін ірі және шағын кәсіпорындар арасында бір диалогтың болуының ықпалы зор.

в) жәрмеңкелер мен көрмелер ұйымдастыру жұмыстары.Жәрмеңкелер шағын бизнесті үш түрлі салада қамтамасыз ету мүмкіндігі бар: жәрмеңкелер витриналық қызмет атқара отырып, ШОДК-ға өнімдерін жаппай ауқымды тұтынушы немесе қолданушы көпшілікке таныту арқылы көрмеге қою мүмкіндіктерін ашады;  жәрмеңкелер — нарық орны болып,  олардың   сату   және

                               АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

 

байланыс құру мүмкіндіктерімен қамтамасыз етеді; жәрмеңкелер ШОДК-ға жәрмеңкеге қатысқан барлық бәсекелестерді және қолданған технологияны тану мүмкіндігіне жол ашады. Осы айтылған орталық ұлттық деңгейде жалпы немесе кәсіби жәрмеңкелерін ұйымдастырғанындай, шағын және орта кәсіпорындардың халықаралық жәрмеңкелерге қатысу мүмкіндіктерін береді.

г) Экспортты қолдау және ынталандыру жұмыстары. Көптеген елдерде экспортты тек ірі кәсіпорындар ғана емес, сонымен қатар, шағын кәсіпорындар да жүзеге асыра алады, бірақ әлі де болса шағын кәсіпорындардың сыртқы бәсеке күшінің әлсіздігі байқалады.

Осыған орай, Қазақстанда мемлекет тиісті іс-шараларды қолданып, жеңілдіктер жасамаса шағын және орта бизнестің тиімді құрылымға қол жеткізуі мүмкін емес. Себебі, олар жаңашыл маркетинг әдістерін меңгермесе, табысқа қол жеткізу мүмкіндігі төмен болады. Кәсіпкерлердің тек пайданы ғана көздейтін кәсіпорынның тұрақты болмайтынын барлығы біледі. Сондықтан, клиенттің талабы мен қажеттілігіне сай тауар өндіруді көздейтін кәсіпорын дамуы мүмкін, оның қызметі тұрақты болады және көп пайда табу мүмкіндігі жоғары.

ӘДЕБИЕТТЕР 

  1. Сәбден О. Шағын кәсіпкерлікті басқару. – Алматы: Экономика, 2009. – 250 б.
  2. Моисеева Н.К., Анискин Ю.П. Современное предприятие: конкурентоспособность, маркетинг, обновление. – М.: Внешторгиздат, 1993. – Т1. – 222 б.

Тағы рефераттар