Қылмысқа қатысудың ұғымына сипаттама туралы қазақша реферат

Қылмыс – бір адам арқылы немесе адамның бірлігі арқылы істеуі мүмкін. Бір адам істегеннің нәтижесінде істің қылмыстық мәні, одан туындайтын зиянның мөлшері де жеке дара адам істеген қылмысқа қарағанда едәуір өзгереді және мұндайда қылмыс істегені үшін жауапты болатын адамдардың санын тура анықтау қажеттілігі туындайды.

Сондай-ақ бұл адамдардың жауаптылығының негізі мен шегін, олардың әрқайсысының бірлесіп қылмыс істеудегі кінәсінің мәні мен дәрежесіне қарай салыстыру, әрбір қылмыскердің жеке тұлғасының ерекшеліктерін анықтаудың маңызы зор. Қылмысқа катысу институты ғана осы мәселелерді анықтауға толық  мүмкіндік туғызады.

Жаңа қылмыстық заңда кылмысқа бірлесіп қатысудың ұғымы, оған қатысушылардың (орындаушылар, ұйымдастырушылар, айдап салушылар мен көмектесушілер) жекелеген іс-әрекетін сипаттайтын белгілер және оларға жаза тағайындаудың негізгі кағидалары, сондай-ақ қылмысқа катысу нысандарының анықтамасы берілген (ҚК-тің 27, 28, 29, 31-баптары).

Қылмысқа қатысу кылмыстық кұқық бойынша қылмыс істеудің ерекше нысаны ретінде қарастырылады, өйткені жеке дара қылмыс жасауға қарағанда қылмысты осы нысанда істеудің кауіптілік дәрежесі және келтіретін залалы да зор. Бірнеше адамның күш біріктіріп бір немесе бірнеше қылмысты істеуі олардың — катысушылардың — өзара бірін-бірі қолдауы, қылмыс істеуді жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен бірге қылмыстық заң қорғайтын қоғамдық қатынастарға үлкен қауіп келтіреді немесе соны келтіру қаупін туғызады. Қылмыс істеуді осылай жүзеге асыру кылмысты іс-әрекеттің өзін жоюға, қайсыбір жағдайларда бір адамның қолынан келмейтін қылмысты істеуді дайындауға немесе  жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Көптеген ауыр қылмыстарды, атап айтқанда, бөтен біреудің мүлкін өте көп мөлшерде талан-таражға салу,  валюталық операциялар жөніндегі ережелерді бұзу, парақорлық, әйел зорлау, кісі өлтіру сияқты қылмыстар бірлесіп істеу арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасында қылмысқа қатысудың ұғымы Қазақстан Республикасының 1997 жылы қабылданған Қылмыстық кодексінің 27-бабында «Екі немесе одан да көп адамның қасақана қылмыс жасауға қасақана бірлесіп қатысуы қылмысқа қатысу деп танылады» — делінген.

Қылмыс істеудің ерекше нысаны болып табылатын қылмысқа қатысудың өзіндік объективтік және субъективтік белгілері бар. Қылмысқа қатысудың объективтік жағының бір белгісі бір қылмысқа екі немесе одан да көп адамдардың қатысуы болып табылады. Бұл жерде қатысушылардың бәрінің есі дұрыс, қылмыстық заң бойынша жауап беретін жасқа толған болуы кажет. Есі дұрыс емес адамды немесе қылмыстық жауап беру жасына толмаған жасөспірімдерді қылмыс істеуге пайдалану қылмыс жасаудың кұралдары болып саналады, сол себептен ол қылмысқа қатысу болып саналмайды. Ондай адамдарды кылмыс істеуге пайдаланғандардың өздері қылмысты тікелей орындаушы ретінде жауап береді. Ал кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту Қылмыстық кодекстегі 131-бабы бойынша жеке қылмыс құрамы болып есептеледі. Қылмыс істеуге қатысуда екі немесе одан да көп адам қылмысты бірлесіп істейді. Объективтік жағынан алғанда кылмыс істеуге бірлесіп қатысу деп, оны істеуге бірге қатысқан әрбір катысушылардың әрекеті белгілі бір қылмысты іс-әрекетті істеуге және соның орындалуын жүзеге асыруға бағытталуы қажет. Өзінің мәні жөнінен жекелеген адамдардың қылмысқа қатысуы әр түрлі болуы мүмкін. Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі тиісті баптарда көрсетілген қылмыстарды тікелей орындаушымен бірге, қатысушылар санына кылмыс істеуге біреуді көндірген (айдап салушы), қылмыс істеуді ұйымдастырған немесе оған басшылық етуші (ұйымдастырушы) немесе қылмыс жасауға жағдай туғызатын (көмектесуші) адамдар да кіруі мүмкін. Қылмысты ұйымдастырушылардың, айдап салушылардың, көмектесушілердің әр түрдегі және әр түрлі дәрежедегі қылмыстың істелуіне мүмкіндік туғызумен бірге уақыты жағынан істелген қылмысты орындаушының әрекетінің алдын алуы немесе сонымен тұспа-тұс келуі және олардың барлығының осы қылмысты әрекетті істеумен себепті байланысты болуы шарт. Әрбір қатысушының әрекеттерінің өзара себепті байланысы мен шарттарының болуы істелген қылмыстық қатысушыларының бірлескен қылмысты іс-әрекеттерінің салдары екендігін дәлелдейді, барлық катысушылардың бірдей жағдайда жауаптылыққа тартылуының алғы шарты екендігін көрсетеді.

Қылмысқа қатысуда іс-әрекет пен қылмыстың зардабының өзара байланысының жеке адамның істеген қылмысына қарағанда өз ерекшелігі бар. Қылмысқа катысуда кылмыстың зардабы мен орындаушылардың немесе бірге орындаушылардың іс-әрекеттері ғана байланысты болады. Айдап салушы, көмектесуші, кейде ұйымдастырушы тікелей зиян келтірмейді. Олар тек қана қылмыстың зардабының тууына себепші болады. Мұндай себепші болу қылмысты тікелей орындаушыға оның қылмыс істеуге деген шешімін қоздыру арқылы жүзеге асырылады. Субъективтік жағынан алғанда қылмысқа катысу барлық қатысушылардың қылмысты қасақана істегенін білдіреді. Бұл жерде екі немесе одан да көп адамдардың қасақана қылмыс жасауға қасақана қатысуы ұйымдастырушының, азғырушының, көмектесушінің, орындаушының істейтін қылмысының мәнісінен хабардар болатындығы және олардың өз іс-әрекеттерімен орындаушыға қылмыс істеуге мүмкіндік туғызатыны немесе соған түрткі болатыны туралы сөз болып отыр.

Қылмысқа қатысу тек қасақана істелетін қылмыстарда ғана болады. Абайсыздықпен істелетін қылмыстарда қылмысқа қатысушылық болмайды.

Қылмысқа қатысуда барлық қатысушылар іс-әрекетті қасақана, оның ішінде тек қана тікелей қасақаналықпен жасайды. Бұл жерде бұл қылмысты істеуді тілеу бірнеше адамдарды қылмыстық іс-әрекетке біріктіреді. Кейбір жағдайларда қылмысқа қатысу нақтыланбаған тікелей қасақаналықпен де болуы мүмкін.

Мысалы, Л., Н. деген азаматтар төбелеске бірге қатысып, қарсыластарының біріне екеуі де пышақ салған. Нәтижесінде бір адам ауыр жарақаттанған. Бұлардың әрекетін халық соты нақтыланбаған тікелей қасақаналықпен істелген қылмысты әрекет деп бағалап, оларды Қылмыстық кодекстің 103-бабы 3-бөлігі бойынша саралаған. Себебі олар пышақ жұмсаудан кез келген ауыр зардаптың немесе кісі өлімінің болуы мүмкіндігіне саналы түрде жол берген.

Қылмысқа қатысушылардың әрқайсысының ниетінің мазмұнына орындаушының істейтін қылмысының қоғамға зияндылығының мәнісін сезу, сондай-ақ сол адамның қылмысты жалғыз өзінің емес, басқалардың әрекетімен бірге жасайтын мән-жайларды сезінуі шарт.

Қылмысты ұйымдастырушы, қылмысқа көмектесуші немесе айдап салушы қылмысты орындаушының істейтін қылмысының мәнін, ниетін, және өздерінің орындаушының қылмысты істеуіне жағдай туғызатынын сезінуі қажет.

Ал қылмысты орындаушы болса ол қылмысқа басқа қатысушылардың өзіне қылмысқа дайындалғанына немесе жасауына жәрдем жасағанынан әр уақытта да хабардар болады. Оның үстіне, қылмысты орындаушылардың арасында бірлесіп қылмыс жасауға деген өзара келісім болады, мұның өзі барлық қылмысқа қатысушылардың өз әрекеттерінің келісушілікпен жүзеге асырылатындығын және мұның қылмысты іс-әрекеттің тиімді түрде жүзеге асырылатындығын көрсетеді.

Қылмысқа қатысу — барлық қатысушылардың бірыңғай қылмысты нәтижеге жетуі үшін бағытталған, ортақ қылмыстық ниетінің болуын білдіреді. Қатысушылардың мінез-құлқының, ниеті мен мақсатының бір-біріне сай келуі де келмеуі де мүмкін. Мысалы: кісі өлтіруге қатысушылардың біреуі қызғаныштан, екіншісі кек алушылықпен, ал басқа біреуі пайдакүнемдік ниетпен әрекет жасауы мүмкін.

Қылмысқа қатысудағы басты шарт — барлық қатысушылар қылмысты орындаушының істейтін кылмысының мәнін сезе отырып, әр түрлі ниетпен соның болуын тілеп, қылмысты жүзеге асыру үшін өздерінің қылмысты әрекеттерін біріктіреді
Тағы рефераттар