Лауазымдық нұсқаулық ­– кәсіпорын қызметкерінің функциялары, міндеттері мен құқықтары айқындалатын құжат. Лауазымдық нұсқаулық еңбек қатынастарында даулар, келіспеушіліктер пайда болған жағдайда қажет. Лауазымдық нұсқаулық негізінде қызметкермен еңбек шарты жасалады.

Лауазымдық нұсқаулықты кадр қызметі жасайды, кәсіпорынның басшысы бекітеді. Лауазымдық нұсқаулыққа енгізілетін барлық елеулі өзгерістер бастықтың бұйрығымен ресімделеді. Лауазымдық нұсқаулық Қазақстан Республикасының еңбек заңдарының талаптарын ескере отырып, 1999 жылғы 16 қазандағы № 22 СмиС комитеті бекіткен Қазақстан Республикасының АК 01-0-99 жіктеу негізінде жасалады.

Сауатты жасалған лауазымдық нұсқаулық қызметкердің міндеттері туралы айқын түсінік береді және еңбек дауларын дұрыс шешіп отыруға көмектеседі. Әйтсе де, бұл нормативтік акті көп жағдайда бағаланбайды, оған немқұрайды қарайды. Осыған байланысты біз лауазымдық нұсқаулықтың мән-маңызына және оны қалай әзірлеп, қалай ресімдеу керек екендігіне кеңірек тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

Еліміздің «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» заңы бойынша қызметкерге деген кәсіби талаптар мен белгілі бір жұмыс түрлерінің күрделілік деңгейін жұмыс беруші белгілейді. Ол бұл орайда Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптері жөніндегі бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы (бұдан әрі — Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы) мен басшылар, мамандар және басқа қызметкерлер  лауазымдарының біліктілік анықтамалығына (бұдан әрі — Біліктілік анықтамалығы) сүйенеді. Яғни осы екі анықтамалықты негізге алады. Бұл аталған анықтамалықтарды әзірлеу мен қолдану тәртібін еңбек жөніндегі өкілетті мемлекеттік орган белгілейді. Атқарылған жұмыстарды белгілі бір күрделілік деңгейіне жатқызу мен  қызметкерлерге біліктілік разрядтарын беруді Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы мен Біліктілік анықтамалығына, сондай-ақ қызметкерлердің жекелеген санаттарына арналып белгіленген тұрпатты біліктілік талаптарына сәйкес жұмыс беруші өзі дербес жүзеге асырады (Қазақстан Республикасының Еңбек туралы заңы, 70-бап, 5-тармақ).

Қызметкердің жағдайын, еңбекақысын қалыпқа келтіруде жеке еңбек шарты белгілі бір рөл атқарады. Әйтсе де сол еңбек шартының мәтінінен қызметтік міндеттер туралы толық мәлімет алу қиын. Сондықтан қызметкер мен жұмыс беруші арасында түсініспеушіліктер жиі туындайды. Ол кейде ашық қарама-қайшылыққа, кейде тіпті сотқа жүгінуге дейін алып барады. Лауазымдық нұсқаулық нақ осы жағдайға сәйкес қызметтік міндеттерге байланысты екі жақтан да туындауы мүмкін пікір қайшылықтарын реттеуге,  атқаратын функцияларды мейлінше нақтылауға арналған құжат болып табылады.

Еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекторлар тексеру кезінде, сондай-ақ соттар еңбек дауларын шешу кезінде лауазымдық нұсқаулықтарды көрсетуді талап етеді.

Лауазымдық нұсқаулық қызметкерлерді аттестациялау, жұмыскерді сынақ мерзімі ішінде жұмыстан босату, қызметкерлерді немесе штатты қысқарту кездерінде де қажет болады. Сол үшін де бұл актіні терістеуден гөрі қабылдау пайдалырақ болып табылады.

Лауазымдық нұсқаулық әрқашан қолданыста болуға тиіс, ол компаниядағы құрылымдық және ұйымдық өзгерістерді жедел де, нақты әрі айқын көрсетіп отыратындай болуы шарт.

Нұсқаулықты әзірлеуге кіріспес бұрын, ең алдымен бұл істі дұрыстап ұйымдастырып алу керек. Бұл орайда әуелі «Лауазымдық нұсқаулық туралы ереже» дайындау керек болады. Ол арнайы құжатта жұмыскерлердің лауазымдық нұсқаулығы туралы келісу, оны бекіту, қабылдау және сақтау ережелері белгіленіп, нұсқаулық мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ жұмыс беруші тарапынан жасалатын бұл актілердің дер кезінде әзірленуіне тікелей жауапты тұлғалар көрсетілуі тиіс.

«Лауазымдық нұсқаулық туралы ереже» — міндетті құжат емес, бірақ нұсқаулық әзірлеуге қатысты жұмыстарды ретке келтіріп, бір жүйеге түсіргіңіз келсе, олардың нақтыланып, заңдық күшіне ие болуын қаласаңыз, жұмыс берушінің бұл актісіне жауапкершілікпен қарағаныңыз жөн.

Ереже жобасын әзірлеу көбінесе кадрлар бөліміне жүктеледі. «Лауазымдық нұсқаулық ережесінің» әзірленген жобасы ұйым басшысына қол қоюға беріледі. Жоба бекітілгеннен кейін өз күшіне енеді. Ендігі жерде  лауазымдық нұсқаулықтың барлық талаптары сол жобаға сәйкес жасалуы шарт болып есептеледі.

Лауазымдық нұсқаулық туралы ережені әрбір ұйым өзінше әзірлейді.

Тұрпатты ережелер шарттарына сәйкес лауазымдық нұсқаулық формасына қатаң талап қойылады. Онда міндетті түрде ұйым атауы болуы керек, күні жазылып, қол қойылған, мөр басылған болуы қажет. Бірақ нұсқаулықтың міндетті деректемелері мұнымен де шектелмейді.

Лауазымдық нұсқаулықтың міндетті деректемелері құрамына мыналар енеді:

— ұйым атауы;

— құжат атауы;

— құжат күні мен тіркеу нөмірі;

— мәтін тақырыбы (лауазым атауы көрсетілуімен);

— бекіту грифі;

— құжат әзірлеушінің қолы;

— келісім бұрыштамасы;

— қызметкердің құжатпен танысқандығы жөнінде белгі.

Лауазымдық нұсқаулықтың үлгісі 

____________________

(ұйымның атауы)

 

Лауазымдық нұсқаулық

2007 жылғы  «____»__________

№ _____

Ұйымның оқыту бөлімінің бастығына

«БЕКІТЕМІН»

Директор

____________  ______________

                       (қолы)            (аты-жөні)

2007 жылғы  «____»__________

  1. Жалпы ережелер 

1.1. Кәсіпорынның оқыту бөлімінің бастығы (бұдан әрі – Бөлім бастығы) осы Нұсқаулықпен белгіленген лауазымдық міндеттерін атқара отырып, орталықтың мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі қызметін ұйымдастыруға басшылық етеді.

1.2. Бөлім бастығы қызметке Кәсіпорын директорының бұйрығымен тағайындалады және өз қызметінен Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіптері бойынша Кәсіпорын директорының бұйрығымен босатылады.

1.3. Бөлімнің бастығына оқыту бөлімінің қызметкерлері бағынысты.

1.4. Еңбек демалысы кезінде, не болмаса белгілі бір себептермен жұмыста болмаған жағдайда оның міндеттерін Кәсіпорын директоры тағайындаған қызметкер атқарады.

1.5. Бөлім бастығы өз қызметінде Қазақстан Республикасының  Заңдарын, ҚР Президентінің жарлықтарын,  ҚР Үкіметінің қаулыларын, нормативтік және құқықтық актілерді, Кәсіпорын директорының бұйрықтарын және осы Нұсқаулықты басшылыққа алады.

1.6. Бөлім бастығы өзінің күнделікті қызметін Кәсіпорынның бекітілген жұмыс регламенті мен жұмыс кестесіне және белгілі бір кезеңге арналған жұмыс жоспарына, сонымен қатар күні бұрын болжанбаған тапсырмаларға сәйкес  құрады.

2. Негізгі лауазымдық міндеттері 

Мемлекеттік тілді оқыту бөлімі бастығының негізгі атқаратын лауазымдық міндеттері:

2.1. Бекітілген жұмыс регламенті мен жұмыс кестесіне сәйкес бөлім қызметін ұйымдастыру;

2.2. Бөлімнің белгілі бір кезеңге арналған жұмысын жоспарлау;

2.3. Бөлімнің белгілі бір кезеңде атқарылған жұмысының есебін әзірлеу;

2.4. Қаладағы мемлекеттік органдар, мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ Алматы қаласы тұрғындарына мемлекеттік тілді оқыту курстарының жұмысын үйлестіру;

2.5. Алматы қаласының мемлекеттік тілді үйретуші оқытушыларының білімін жетілдіру және оларды тестілеуден өткізу, сондай-ақ мемлекеттік тілде іс жүргізушілер мен аудармашыларға арналған түрлі деңгейдегі оқыту курстарын ұйымдастыру;

2.6. Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытудың бір ізге түсірілген бағдарламасын, оқу құралдары мен оқулықтар кешенін әзірлеп, қолданысқа енгізу;

2.7. Мемлекеттік тілді үйрету үшін арнайы жабдықталған мультимедиалық бөлмелер ашу, мемлекеттік тілде іс жүргізудің, сондай-ақ мультимедмалық және қашықтан оқытудың компьютерлік бағдарламаларын жасауды ұйымдастыру;

2.8. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын анықтауға бағытталған сараптамалар, мониторингтер өткізу; әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулер жүргізу шараларын ұйымдастыру.

3. Құқықтары  

Мемлекеттік тілді оқыту бөлімінің бастығы:

3.1. Бөлім қызметкерлеріне тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауға;

3.2. Өз өкілеттігі шегінде мәселелерді қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға қатысуға, тиісті органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;

3.3. Белгіленген тәртіппен өзінің лауазымдық міндеттерін орындау үшін тиісті орындардан қажетті ақпараттар мен материалдар алуға;

3.4. Өзінің лауазымдық міндеттерін атқару үшін белгіленген тәртіппен меншік нысандарына қарамастан, мекемелер мен ұйымдарда болуға;

3.5. Тиісті бюджет қаражаты  есебінен қайта даярлануға (қайта мамандануға) және біліктілігін арттыруға;

3.6. Біліктілігі мен қабілеті, өзінің қызметтік міндеттерін адал орындауы ескеріле отырып, қызметі бойынша жоғарылауға;

3.7. Өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны үшін белгіленген тәртіппен көтермеленуге;

3.8. Өзінің пікірінше негізсіз айып тағылған жағдайда қызметтік тексеру жүргізілуін талап етуге;

3.9. Еңбегінің қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және жоғары өнімді жұміс істеуі үшін қажетті еңбек жағдайына;

3.10. Өз өкілеттігі шегінде орталық басшылығына жұмысты жетілдіру жөнінде ұсыныстар  енгізуге құқылы.

4. Жауапкершілігі 

 Бөлім бастығы өзінің лауазымдық міндеттерін орындамағаны немесе тиісті дәрежеде орындамағаны үшін және өзінің іс қағаздарының дұрыс жүргізілуіне және сақталуына, сондай-ақ бөлініп берілген жұмыс  орнының, материалдық құрал-жабдықтардың таза әрі ұқыпты ұсталуына жауапкершілікте болады.

Бөлім бастығы қылмыс жасаса немесе басқа да құқықтарды бұзса, Қазақстан Республикасының заңымен белгіленген тәртіп бойынша қылмыстық, әкімшілік, материалдық жауапкершілікке тартылады.

5. Қызметкерге қойылатын талаптар 

Бөлім бастығы болып жоғары филологиялық білімі немесе осы лауазымның функционалдық бағытына сәйкес келетін салада кемінде екі жыл жұмыс істеген Қазақстан Республикасының азаматтары тағайындалады

Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Әкімшілік ресімдер туралы», «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» Заңдарын, Қазақстанның 2030 жылға дейін даму стратегиясын және осы лауазымға сәйкес келетін салалардағы қатынасты реттейтін Қазақстан Республикасының басқа да заңдары мен нормативтік актілерін білуі шарт.

Осы санаттағы лауазымға қатысты функционалдық міндеттерді орындауға қажетті басқа да білімдер. Компьютерде жұмыс істей білуі керек.

Басшының орынбасары         __________                  _____________

(қолы)                             (аты-жөні)

 

Таныстым                                        __________                         _____________

(қолы)                                (күні)
Тағы рефераттар