Қазақстан Республикасының Ә.Қастеев атындағы өнер музейі 1935 жылы құрылды. Мұражай жинағында Қазақстан, Ресей, Еуропа, Шығыс, батыс елдерінің өнер туындылары жиылған 21.500-ге жуық экспонат бар. Бұл музей Т.Г.Шевченко атындағы қазақ көркемсурет галереясы мен Республикалық қолөнер музейі негізінде құрылды. Көрермендер үшін музей 1976 жылы ашылды. Ал, 1984 жылы музейге Қазақ ССР-нің Халық суретшісі Ә.Қастеевтің есімі берілді. Музей өте бай қорға ие. Бұлар — Қазақстан бейнелеу өнерінің ерте және қазіргі кезеңдегі шығармалары, Кеңес кезеңіндегі өнер туындылары, 17-20 ғ.ғ. бас кезіндегі орыс өнері, Батыс Еуропаның 16-20 ғ.ғ. өнері, Үнді, Қытай, Жапон сәндік-қолданбалы өнері шығармалары. Музей меншігінде кескіндеме, графика, мүсін, металл, жұмсақ заттарды қайта өңдейтін шеберханалар мен қор сақтау бөлмелері, кино, фотолабораториялар, компьютерлік орталық бар. Сәулетшілер Э.Кузнецов, О.Наумов, В.Новиковтер жобасымен салынған музей ғимараты негізгі композиция бойынша қалалық сәулет кеңістігіндегі ерекше көркем құрылысқа айналды. Көрме залдары музейдің 2-ші және 3-ші қабаттарында орналасқан. Бай және алуан жинақ Қазақстан, батыс Еуропа, Шығыс елдерінің көркемөнер мәдениеті туралы айқын түсінік бере алады. 250 орындық лектория залында түрлі-түсті слайдтар, бейнефильмдер пайдаланылып, классикалық және қазіргі әлем өнері тарихынан лекциялар оқытылады, баспасөз мәжілістері, музыкалық кештері, суретшілермен кездесулер өткізіледі.

Музей 12 залдан тұрады. 1-ші зал осы заманғы Қазақстанның мүсін өнеріне арналған. 1992 жылдан бастап, Қазақстан мүсіншілерінің шығармалары қойыла бастады. Бұл залға қойылған көптеген шығармалар мұражай қорынан емес, авторлардың жеке меншігі болып табылады. Музей Халықаралық Музейлер кеңесінің мүшелігіне өткен.

2-ші зал – Ә.Қастеев шығармашылығына арналған. Экспозицияға “Шөп шабу”, “Бие сауу”, “Қалың малға сатылған қалыңдық”, “Жас Абай”, “Кеңесары Қасымовтың портреті”, “Түркісіб” т.б. шығармалар қойылған.

3-ші зал Қазақстан сәндік қолданбалы өнеріне арналған. 19 ғ. аяғы мен 20 ғ. қамтитын қазақтың сәндік-қолданбалы өнері қойылымы үлкен үш бөлімнен тұрады. Бұл қойылымда түскиіздер, тоқыма бұйымдары, кілем тоқу, ағаш, темір, тері, сүйек, кесте тоқу сияқты өнер түрлері ерекше көзге түседі. Халық шеберлері шығармаларының негізгі қоры 1970 жылдың басында жинақталды. Экспозицияға тақыр, түкті кілемдердің неше түрлері қойылған. Зергерлік өнер түрлері өңіржақ, шолпылар, т.б. көркемдігімен экспозицияны байытып тұр.

4-ші зал 1930-1950 жылдардағы Қазақстан бейнелеу өнеріне арналған. Музейдегі Қазақстан өнері саласындағы бірнеше залдардан орын алады. Экспозицияда Н.Хлудовтың, Л.Леонтьевтің, И.Иткиннің, С.Калмыковтың шығармалары орын алды.

5-ші зал 1950-60 ж. Қазақстан бейнелеу өнері. Бұл бөлімге Қазақстанның ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан А.Черкасин, К.Телжанов, Ә.Исмайлов, Х.Наурызбаев, т.б. шығармалар қойылған.

6-шы зал 1960-1980 жылдардағы Қазақстаның бейнелеу өнеріне арналған. Мұнда С.Романов, А.Степанов, Ж.Шәрденов, т.б. шығармалары қойылған.

7-ші зал. Бұл бөлімде Қазақстанның қазіргі заманғы бейнелеу өнерін қамтиды. Қазақстанның өнер қайраткерлерінің 1990 жылдан қазіргі кезеңге дейінгі кескіндеме және мүсіндік шығармалары орналастырылған. Бұлар Ә.Сыдыханов, Б.Бапишев, А.Нода, Қ.Ибрагимов, т.б.

8-ші зал Қазақстан графикасына арналған. 6000 данаға жуық Қазақстан графикасы музей коллекциясының ең маңызды бөлігі. Ә.Қастеев, Х.Ходжиков, А.Исмайлова, т.б. шеберлердің суреттері мен акварельдері шынайылығымен таңдандырады. Е.Сидоркин, М.Қисамеддинов, И.Исабеков, т.б. суретшілердің шығармалары ұлттық рухани дамуды көрсететін энциклопедияға айналды.

9-шы зал 18-20 ғ.ғ. бас кезіндегі орыс өнеріне арналған. Орыс өнері жинағы 1200 дей экспонаттардан тұрады. Жинақтың негізі 1936 жылы қаланған болатын.

10-шы зал 18-20 ғ.ғ. Батыс Еуропа өнеріне арналған. Экспозицияда 16-19 ғ.ғ. Италия, Фламандия, Голландия, Германия, Франция елдерінің туындылары қойылған. Батыс Еуропа елдерінің туындылары 750 шығармадан тұрады. Жинақтың негізін Қазақ мемлекеттік сурет галереясына Мемлекеттік Эрмитаж, А.С.Пушкин атындағы бейнелеу өнері музейінің берген және 1937 жылы жеке жинаушылардан алған шығармалар құрады. Қорда Л.Камбиазо, Ф.Денис, А.Кейн, Г.Дюге, т.б. атақты шеберледің жұмыстары бар.

11-зал Кеңес Одағы кезеңіндегі өнерге арналған. Кеңес кезеңіндегі өнер туындырын жинау 1935 жылдан басталды. Бұл бөлімде жинақ әр түрлі үлгіде жазылған және стилистикалық бағыты шындықтан абстрактілі полотноға дейін баяндалған. Жинақта өнердің әр саласынан кескіндеме, мүсін, графика, қолданбалы қолөнер туындылары бар.

12-зал 18-20 ғ.ғ. шығыс халықтары өнеріне арналған зал. Шығыс халықтарының қолданбалы өнері, қоры мыңға жуық экспонаттан тұрады. Жинақтың негізін 1936 және 1956 жылдары Мемлекеттік Шығыс Халықтары өнері музейінен, Мемлекеттік А.С.Пушкин атындағы өнер музейінен, Мемлекеттік Эрмитаждан түскен шығармалар құрады. Жинақтың біраз бөлігін жеке жинақшылардан сатып алған өнер туындылары құраған.
Тағы рефераттар