Халықаралық және Ұлттық ИКОМ комитеттерінің қызметтері  

 Музейлердің Халықаралық кеңесі (ИКОМ) – ЮНЕСКО-мен тығыз байланыстағы үкіметтік емес ұйым. 1946 жылы бұл ұйым Парижде құрылған. ИКОМ құрылғанша ХІХ ғ. 80-ші жылдары әр түрлі қоғамдық ұйымдар құрылып, олар мұражайлар мен мұражай қызметкерлерін біріктірді. 1889 жылы Англияда “мұражайлар Ассоциациясы” құрылды. Біртіндеп Ұлттық комитеттер құрыла бастады. 1906 жылы музейлердің американдық Ассоциациясы құрылды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң ұлттық лигасы құрылып, халықаралық дәрежеде бейбітшілік пен достықты ұстануға тырысты. Осындай жағдайда мұражай мәдени ерекшеліктерді тану, тіркеу, тартудағы мекеме ретінде қарастырылып, ұлттар лигасының жанынан “Museon” журналы арқылы бағыттап отыратын мұражай ісін дамыту мақсатында Халықаралық мұражайлар бюросы құрылды. Журнал 20 жыл бойы халықаралық мұражайлық басылым болды. Оның ізбасары ЮНЕСКО шығаратын “Museum” журналы болды. Музейлер бюросы соғыс болған жерлерден өнер, құнды туындыларды көшірумен айналысты.

1946 ж. 1 қарашада Біріккен Ұлттар ұйымының қызметіне ғылымды енгізуге қол қойылды. Ресми түрде ИКОМ 1946 жылы 16-20 қарашада құрылды, оның бірінші хатшысы Чонси В. Гамлин болды. ИКОМ құрамында 1948 жылы 29 ел болса, 1950 жылы 43 ел кірген. Яғни музейлер кеңесіне енген елдер саны жылдар санап артып отырды. Құрылған күннен бастап Халықаралық музейлер Кеңесі өз қатарына мұражайшыларды тартуға тырысты.

ХХ ғ. ортасында 1954 жылғы ЮНЕСКО-ның «Қарулы қақтығыс жағдайында мәдени құндылықтарды қорғау туралы» Конвенциясында мәдени құндылықтар ретінде: тарих, архитектуралық өнер ескерткіштері, діни және археологиялық орындар, тарихи, көркем құндылығы бар архитектуралық құрылыстар, өнер туындылары, қолжазба кітаптар, ғылыми коллекциялар, маңызды кітап, архив коллекциялары, көркем, тарихи, археологиялық маңызы бар басқа да заттар қабылданатыны айтылған. Конвенция осыдан өзге мәдени құндылықтар құрамына ғимараттарды, соның ішінде жылжымалы құндылықтарды сақтап, көрсететін музейлерді, ірі кітапханалар, архивтерді, т.б. енгізді. 1954 ж. әскери қақтығыстар кезінде мәдени мұраны қорғау жөніндегі Гаага конвенциясы қабылданды.

1955 ж. музейтану ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Музейтануды дербес ғылыми пән ретінде қалыптастыру жұмыстары ХХ ғ. екінші бөлігінде басталып, Шығыс Еуропа елдерінде дамыды. 1950-80 ж. аралығында 600-ден аса жұмыстар жарияланды. Оларда көрсетілген концепциялар және ғылыми пікірталастар «музейтану» түсінігінің әр түрлі және қарама-қайшы екенін көрсетті.

50-ші жылдары демократиялану үрдісі, халықаралық туризмнің дамуы өрістеді. Осыған сай Қазақстан музейлері Халықаралық музейлер қауымдастығы жүйесіне тартылды, 1957 жылы Халықаралық музейлер кеңесіне кірді. Қазақстан музейлері жақсы өзгерістер кезеңіне аяқ басты.

1972 жылы ЮНЕСКО-ның бас конференциясының XVII сессиясында Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау Конвенциясында мәдени мұра ретінде ескерткіштер, нақты айтқанда, сәулет ескерткіштері, мүсіндеу, көркемөнер туындылары, жазулар мен үңгірлер, археология, тарих, өнер, ғылыми тұрғыдағы өте құнды құрылымдар аталды.

1977 ж. 18-29 мамырда өткен 11 Бас конференциясында 89 ел, 1500 қатысушы болған. Сол конференцияның резолюциясында 18 май халықаралық мұражай күні ретінде қабылданды. ҚР Ұлттық ИКОМ комитетінің мақсаты – әр түрлі елдердің музейлер мен музей қызметкерлері арасында қатынасты қолдау, музейлерге музей заттары мен коллекциясын дұрыс сақтауға көмектесу.

2002 жылы Түркістанда өткен Республикалық музей қызметкерлерінің екінші ғылыми-практикалық конференци-ясында Ұлттық ИКОМ комитетін құру туралы жұмысшы топ құрылды. Музей мамандары Ұлттық ИКОМ комитетінің жарғысын дайындау, Қазақстандағы музейлердің мақсатта-рымен ұштастыру мәселелерін қарастырды. 2002 жылы 28 қарашада Алматыда Ә.Қастеев музейінде өткен конферен-цияда құжаттар қолданылып, ұлттық ИКОМ комитеті құрылды. Конференцияға Қазақстанның 15 облысынан 38 музейінің жетекшілері қатысты. Ұлттық ИКОМ комитеті алдағы уақытта алға тартқан мақсаттар мен міндеттерді қойды:

— Әр түрлі елдердің музейлері мен музей қызметкерлері арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуды қолдау және нығайту, музей мамандарының кәсіптік мүдделерін қолдау.

— Музей заттарын және музей коллекцияларын дұрыс сақтауды ұйымдастыруда музейлерге көмек көрсету.

— Музей заттары мен коллекцияларын тауып, жинауда ықпал ету.

— Музей заттары мен коллекцияларын зерттеуді ұйым-дастыру.

— Музей заттары мен коллекциялары туралы басылымдар дайындау, беру, ағарту, көрме жұмыстарын іске асыру.

— Музейлер мен музей ісінің кең өркендеуіне ықпал ету.

— Елдер арасында мәдени құндылықтардың алмасуына, елдің рухани баюына, бейбітшілік пен достықтың нығаюына ықпал ету.

— Қазақстан музейлерінің өзара жетістіктері мен дамуы, музейлердегі жинақтар мен жұмыс түрлері, өнер туындылары мен ескерткіштерді қорғау іс-шаралары жайында, зерттеудің жаңа әдістерін дамыту, реставрация, консервациялау, сақтау, т.б. туралы кең түрде тәжірибе алмасу.

— Қазақстандағы музейлердің шет ел музейлерінің алдыңғы қатарлы тәжірибелерін үйреніп, таратуына ықпал ету және халықаралық музейлер арасындағы байланыс туралы ақпараттар беру.

Қазақстан Республикасының конференциясында «Қазақстандағы музей ісін дамытудағы үлкен үлесі және оны шет елдерде насихаттағаны үшін» Қазақстан ИКОМ комитетінің құрметті мүшелерін И.Н.Тасмағамбетовты, О.О.Сүлейменовті, К.М.Байпақовты, Р.И.Ильясованы сайлап, ИКОМ-ның Бас Ассамблеясына бекітуге ұсынды.

Қазақстанның Ұлттық ИКОМ комитетінің 2002 ж. төрағасы Ә.Өмірбеков болып сайланды. 2002 ж. бастап Қазақстанда «Қазақстан музейлер» журналы шығарылады. Бұл басылымда Қазақстандағы мұражай әлемінің дамуы, жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жаңа табыстар, т.б. мәселелер жан-жақты қарастырылады. Музей ісінің әр саласы бойынша реставрациялау, консервациялау мәселелеріне арналған аса маңызды мақалалар мен зерттеулер жарияланып отырады. Қазіргі кезде бұл журнал «Мәдени мұра» деген атпен жарық көруде.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының музей ісін дамыту, музей қорлары мен музейлерді құрудағы маңызы 

Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламаның мақсаты — қолда бар мәдени мұра мен игіліктерді сақтау, жаңғырту, тиімді пайдалануға байланысты жоспарлы іс-шаралар жүйесін жасау. “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы ұлттық рухани-ағартушылық және мәдени-интеллектуалдық деңгейін көтеруге, ұрпақты халқымыздың салт-дәстүрімен, жалпы адамзаттық құндылықтармен идеалдар рухында тәрбиелеуге бағытталған. Қоғамның рухани тірегі санатындағы тарихи-мәдени мұралардың халықтың өз болмысын жоғалтып алмау мен патриотизмді қалыптастырудағы ролі аса зор. Бағдарлама тарихи-мәдени дәстүрді жаңғырту мен дамытуға, соның ішінде мәдени мұраларды зерттеу, қорғау, пайдалану мен насихаттауға байланысты мемлекеттің негізгі ұстанымдары мен бағыттарын белгілейді.

Қазақстанда қазіргі уақытта тарих, археология, сәулет және мүсін өнерінің жылжымайтын ескерткіштері 30 мыңнан асады, 200-дей мұражай, 9 тарихи мәдени қорық мұражай бар. Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің қайталанбас ескерткіші – Ясауи кесенесі 2003 ж. ЮНЕСКО-нің дүниежүзілік Мәдени мұра тізіміне енгізілді. Осы бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтиже ұлттың рухани білім беру және мәдени деңгейінің көтерілуіне, өскелең ұрпақты әлемге ортақ құндылықтар, Қазақстандық Отансүйгіштік рухында тәрбиелеуге ықпал етеді. Қазіргі кезде Қазақстандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-нің дүниежүзілік мұралар тізіміне енген.

Бағдарламаны іске асыру мәдени мұраны қорғап, дамыту үшін мықты механизмдер жасауға және сан ғасырлық салт-дәстүр мен ежелгі тарихи, мәдени ескерткіштерді іс жүзінде сақтап, қорғауға, жаңғыртуға мүмкіндік береді. Мәдени инфрақұрылым кеңейтілді, тарихи құндылықтарды кеңінен таныстыру жандандырылды. Ұлттық кітапхана жанында ұлттық кітап жәдігерлерін табу мен сатып алу, сондай-ақ кітаптар мен ежелгі қолжазбаларды қалпына келтіру жөнінде орталық құрылды. Ақпараттық техологияның қарқынды дамуы мен электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін енгізу жағдайларында ұлттық мұрағат қоры құжаттарының жаңа тасығыштарда сақталуы мен пайдалануы өзекті міндеттерге айналып отыр. Оларды шешу үшін ҚР орталық мемлекеттік мұрағаты жанында мұрағат құжаттарының сақтандыру көшірмесін жасау мен қалпына келтіру орталығы құрылған. Таза археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу археологиялық ескерткіштердің жойылуына әсер етуі және алынған көне артефактілердің мұнан әрі сақталу жағдайының ауырлауы себепті және музейлерде аса көп мөлшерде жинақталу мұралардың сақталу дәрежесіне әсер етті. “Мәдени мұра” бағдарламасы жоспарында қарастырылған археологиялық зерттеулерге бөлінген қаржы қоры есебінен археологиялық және сәулеттік қазба ескерткіштерін консервациялау және музейлендіру жұмыстарын атқару көзделген. Мәдени мұраны сақтау және зерделеуді үйлестіретін біртұтас компьютерлік орталық құру көзделеді. Археологиялық зерттеулер жүргізу және жазба түпнұсқаларымен жұмыс жасау үшін қазіргі замандағы құрал-жабдықтар алу көзделеді.

Республика музейлерінің қорында сақталған тарих пен мәдениеттің ескерткіштерін қалпына келтіру мүмкіндіктері қарастырылды. «Мәдени мұра» бағдарламасында музейлер бағытына сай қорларындағы жылжитын ескерткіштер мен жылжымайтын ескерткіштерге қатысты мәдени мұраны сақтау мен өркендетудің бағыттары қарастырылды. Тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау, пайдалану, ежелгі, ортағасырлық қала, қоныстар, қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізіп, олардың негізінде қорық мұражайлар құру, туризм инфрақұрылымының жүйесіне енгізу туралы мәселелер шешілді. Археологиялық және сәулеттік қазба ескерткіштерді консервациялау және музейлендіру жұмыс-тары атқарылып, рухани мәдениет ескерткіштерінің зерделену мен пайдалануын мән берілді. Заман талабы мен дамуына сай өркендетіліп, назар аударылып отырған аса маңызды бағдарламаның аясында көптеген музейлер қоры, жылжитын, жылжымайтын ескерткіштер зерттеліп, сақталып, қалпына келтірілді, жаңа музейлер ашылып, заманауи тұрғыда дамып өрістеуде.

Бірінші кезеңі 2004-2006 жылдарды қамтыған «Мәдени мұра» бағдарламасы келесі 2006-2008 және 2009-2011 жылдарда жалғастырылып, тарихи-мәдени ескерткіштердің, мәдени құнды жәдігерлер мен рухани және материалдық мәдениет құндылықтарды сақтап, қорғап, зерттеп, насихаттау, қазақ халқының мәдени мұрасын зерттеуде, музей жұмыстарын өркендетуде маңызы ерекше болды. Осы жылдарда мәдени мұралар жан-жақты зерттеліп, музей ісінің жандануында жұмыстар өрбіді.

Музей ісін дамытуда келесі ғылыми тақырыптарды зерттеуге көңіл бөлінді: «Шілікті қорғанынан табылған алтын адамды зерттеу, қалпына келтіру, зерттеу нәтижелерін жариялау», қазақ халқының музыка аспабы домбыраны зерттеуде «Қазақ домбырасы: тарихы, музыкалық құрылымы, акустикалық ерекшеліктері», музейдің археологиялық және этнографиялық заттар коллекциясын зерттеуге бағытталған «Қазақстан Республикасының Орталық музейінің археоло-гиялық коллекциялары», «Қазақстан Республикасының Орталық музейінің этнографиялық коллекциялары» ғылыми зерттеулер, «Сирек кітаптар және нумизматика коллек-циялары», «Қазақстандағы музей ісі: қалыптасуы, бағыттары, дамуы, мәселелері», «Қазақстан Республикасының орталық музейінің фотоқұжаттар коллекциясы (қазақтардың этногра-фиясы бойынша)», «С.М.Дудин – фотограф, суретші, этнограф. Орталық Азия экспедициясының Гамбург, Ресей этнографиялық музейлеріндегі фотоматериалдары», «Қазақ-тардың әсемдік-қолданбалы өнер туындыларын сақтау және дамыту мәселелері», «XIX-XX ғ.ғ. қазақтардың рухани мәдениетіне қатысты музей деректері: кітап ісі, дін, білім», Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасының музей коллекцияларының негізінде «XX ғасырдағы қазақ бейнелеу өнеріндегі этникалық бастамалар» атты тақырыптарды зерттеуге Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы үлкен көңіл бөлді.

«Мәдени мұра» бағдарламасының аясында қазақ халқының тарихында маңызы бар көптеген құнды жәдігерлер, қолжазбалар, архив құжаттары шет елде және елімізде іздестіріліп, зерттеліп, музей қорларын толықтырып, экспозицияларда көрсетілуге мүмкіндік алды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі «Қазақстандағы музей ісі: қалыптасуы, дамуы сипаттары, мәселелері» атты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ж.А.Ермекбаев, Е.А.Жасыбаев, С.А.Асанова, А.Е.Қайназарова, М.М.Капиелович, Н.К.Дүйсенова, Г.Р.Мұх-тарова, Ш.Файзуллина, А.С.Асанова, Г.Р.Мұхтарова, А.Е.Қайназарова, А.Г.Ибраева 2005-2007 жылдары осы тақырып көлемінде зерттеулер жүргізіп, Қазақстандағы музей ісінің дамуын зерделеді. Бұл іргелі зерттеуде XIX ғ. Қазақстандағы алғашқы музейлер пайда болуы, алғашқы музейлердің қорларының қалыптасуы, ХХ ғ. Кеңес қоғамындағы музейлердің шығу негіздері, 40-80 жылдардағы Қазақстандағы музейлер, тәуелсіздік жылдарындағы музейлер жан-жақты қарастырылды. Зерттеуде музей қорларының, архив материалдарының, арнаулы әдебиеттер негізінде Қазақстандағы музей ісінің қалыптасуы мен дамуы түсіндіріледі. Зерттеуде көрсетілгендей қазіргі кезде Қазақстанда тарихи қалыптасқан әр түрлі белгілері бойынша ерекшеленетін музейлер топтарының жиынтығы жұмыс жасауда. Олар қызметіне қарай әкімшілік-аймақтық, мекемелік, қоғамдық деп бөлінген.

Қазақстан музейлерінің мәдени мұраларды сақтап, болашақ ұрпаққа беру, тәрбиелеуде, жеке тұлғаны қалыптастырудағы орны ерекше.

Бақылау сұрақтары 

  1. 1996 ж. «Мәдениет туралы» заңның музей ісін дамытудағы маңызы.
  2. 1997-2000 жж. Қазақстанда құрылған музейлер сипаты, экспозициялары.
  3. А.Байтұрсынұлы музейінің тақырыптық жоспары.
  4. 2008 ж. құрылған қорық музейлер.
  5. Н.Төреқұлұлы музейінің экспозициясы.
  6. Н.Оңдасынов мемориалдық музейі.
  7. Алтын және бағалы металдар музейінің ерекшелігі.
  8. Қ.А.Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның тізіміне енген құнды ескерткіш.
  9. 2006 ж. «Мәдениет туралы» заң жайында айтыңыз.
  10. 2007 ж. «Мәдениет туралы» заңға енгізілген өзгерістерге тоқтаңыз.
  11. Тәуелсіз Қазақстанда музей ісінің зерттелуі.
  12. Халықаралық және Ұлттық ИКОМ комитеттерінің қызметі.
  13. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының музей ісін дамытудағы маңызы.

ҚОРЫТЫНДЫ 

Адамзат баласы өзінің даму барысында көптеген тарихи-мәдени құнды мұраларды жасап, ұрпақтан-ұрпаққа беріп келеді. Өркениетті елдердің даму тарихы сол елдің музейлерінің қорларында сақталып, қорғалып, экспозиция-сында көрсетіліп, насихатталады. Қазақ елінің тарихы да көнеден келе жатқан құнды жәдігерлерге толық. Тарихи, рухани құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде беріліп, насихатталып, тәрбие, білім, мәдени-ағарту көздеріне айналып отырғаны белгілі.

Қазақстандағы музей ісінің бастауы өзінің негізін алғашқы жинақталған коллекциялардан алып, барлық мәдениеті дамыған елдер сияқты бірнеше ғасыр көлемінде дамып келгенін тарихи деректер негіздейді. Ғылымның дамуы, жаңа зерттеу әдістері бұрын беймәлім болып келген көптеген жаңалықтар мен құнды жәдігерлерді табуға мүмкіндік берді. Қазақ жеріндегі өткен ғасырлардағы саяси, әлуметтік-экономикалық өзгерістер музей ісінің дамуына да ықпал еткені белгілі.

ХІХ ғ. бірінші жартысында жергілікті өлкетанушы-лардың бастамасымен, сол кезеңдегі Еуропадағы гуманизм, ағартушылық идеяларының негізінде қалыптасқан өлкенің тарихын білу, қазақ халқының этнографиясын зерттеуге ұмтылу құнды музей заттарының жинақталуына да негіз берді. Осының негізінде этнографиялық материалдар жинақталды.

Ресей империясының құрамындағы Орта Азия мен Қазақстанда көптеген экспедициялар халықтың тұрмысына қатысты көптеген материалдар жинақтап, кейіннен музей экспонатына айналу мүмкіндігін алды. Қазақстандағы құнды жәдігерлердің жинақталуына жергілікті статистикалық комитеттер, ғылыми орталықтар, оларда қызмет атқарған білімді мамандардың да қосқан үлесі ерекше. Қазақстан аумағында алғашқы музейлердің құрылуы ХІХ ғ. 30-шы жылдарынан басталады. Бұл жұмыста жергілікті әкімшілік пен өлкетанушылардың жинақтау қызметінің маңызы ерекше болды. Қазақстанда музей жинақтарының дамуында жергілікті өлкетанушылардың өлкенің тарихын сипаттайтын құнды материалдарының орны ерекше. Орынбор, Орал, Семей, Солтүстік Қазақстан, Ташкент, Жетісуда орталықтары болды және ғылыми қоғамдардың дамуы көптеген қазақ зерттеушілерінің қалыптасуына әсер етті. Оқу құралында XIX–XX ғғ., қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы музей ісінің дамуындағы негізгі бағыттар мен қоғамдағы өзгерістер мен музей қорлары мен экспозициясының ерекшеліктері қамтылады. XX ғ.ғ. музейлердің дамуы, қоғам, қоршаған ортадағы өзгерістердің музей әлеміне ықпалы көрсетілді. XIX ғ. жергілікті әкімшілік пен өлкетанушылар музейлік құнды заттарды жинақтаумен айналысқанмен, музей саласын зерттеумен шұғылданбады. Себебі музейтану ғылымының өзінің қалыптасуының өзі осы кезеңнен басталған болатын.

ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстандағы музей ісінің дамуына, құнды музей заттарының жинақталып, тіркеліп, зерттелуіне қазақ зиялыларының А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбайұлы, т.б., қосқан үлесі маңызды болды. Музей ісі, көне ескерткіштерді, өнер туындыларын, табиғатты зерттеу, қорғау Түркістан комитетінің мүшелерінің, жергілікті өлкетанушылардың еңбектері ерекше болды.

1930-1940 жж. ел тарихында өзінің өте ауыр саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайларымен ерекшеленеді. Бұл кезеңдерде музей экспозициясының тақырыптары жүргізіліп отырған саяси тақырыптарға сай жасалу талаптары қойылды. Соған қарамастан, Қазақстан музейлерінің қорларының дамуы, зерттелуі жүргізілді.

1946-1985 жж. музей ісі ғылымдағы жаңа ашылымдар, археологиялық, этнографиялық экспедициялар нәтижелері, геологиялық, табиғатты зерттеу ғылымдарының жетістіктері арқылы толығып, дами түсті. Қазақстан музей қорлары мен экспозициялары Ә.Х.Марғұлан, К.Ақышев, Х.Арғынбаевтың зерттеулерімен, құнды экспедиция материалдарымен толық-тырылды.

Қазақстандағы музей ісі өткен ғасырда көптеген сала бойынша музейлердің құрылуымен ерекшеленді. Соның ішінде ХХ ғ. 70-80 жж. қорық музейлердің құрылуын атауға болады. Тарихи, мемориалдық, өнер, қорық, жаратылыстану, т.б. салалар бойынша музей экспозицияларының көбеюі, техникалық, экспозициялық жабдықталуы бойынша музей талаптарына сай болуымен ерекшеленді.

Қазіргі кезде Қазақстанда 200-ге жуық музейлер бар. Соңғы жылдары елімізде бірқатар музейлер ашылып, Халықаралық музейлер комитетінің талабына сай жұмыс істеуде. Музей саласын зерттеп, музей ісін дамытқан мамандар, ғалым-зерттеушілер Қазақстан музейлерінің өткен тарихы, даму үрдісі, тәуелсіздік жылдарындағы даму сипаты, ағарту қызметінің ерекшелігі туралы іргелі еңбектер жариялауда.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының елімізде музей ісінің, қор жұмыстарының, музейлер түрлерінің дамып, өркендеуіне, зерттелуіне, музей жинақтарының толығуындағы орны ерекше. Қазақстандағы «Есік», «Берел», «Таңбалы», т.б. қорық музейлерінің құрылуы – жаңа зерттеулер мен музей ісінің дамуының көрінісі. Қазақстан музейлері әлем музейлерінің ұстанған музей ісінің құрылымы мен ұстанымдарына негізделіп, екі жүз жылға жуық тарихы бар музей ісі тәжірибесін негізге алуда.
Тағы рефераттар