Мысыр Мамлүк мемлекетінің Дешті-Қыпшақпен байланыстары жайында хабарлайтын Мысыр және араб жазба деректері мен тарихшылары туралы қазақша реферат

         1250-1517 жылдар аралығында Мысыр мен Шам елінде билік еткен, тарихта мамлүктер деген атпен белгілі көшпелі түркі халқының өкілдерінің құрған Мысыр Мамлүк мемлекетінің тарихы мен Батыс және Шығыс елдерімен қарым-қатынастары мен әртүрлі салалардағы байланыстары қазіргі заманғы көптеген араб және Батыс зерттеушілерінің назарына ілініп, бұл салада біріз зерттеулер жарық көрді. Аталған зерттеулерге сол кезеңнің замандасы және тарихи уақиғалардың куәсі болған ортағасыр араб және мысыр тарихшыларының жазып қалдырған араб тіліндегі жазба деректері негізгі дерек көздері болып табылады.

Мысыр Мамлүк мемлекетінің араб ислам тарихында алатын орнының ерекшелігі оның сол кезеңдегі араб ислам әлемінің саяси және мәдени орталығына айналуымен тікелей байланысты.

1258 жылы орталығы Бағдад қаласында орналасқан Араб Халифаты моңғол жаулаушылығының қолынан құлады. Оны 1260 жылы мамлүк сұлтаны аз-Захир Байбарыс Мамлүк мемлекетінің астанасына көшіріп, Аббас әулетінің халифатын Қайыр қаласында қайта жандандырумен байланысты Мамлүк мемлекеті Араб Халифатының орталығына айналды.

Мамлүк династиясының билігі туралы жазылған алғашқы шығармаларының бірі Мухи ад-Дин Ибн Абд аз-Захирдың (1293 ж. қайтыс болған) қаламына тиесілі «Ар-Рауд аз-захир фи сират әл-Малик аз-Захир» атты шығармасы. Оның бұл еңбегі қыпшақ тегінен шыққан мамлүк сұлтаны Байбарыс әл-Бундуқдаридің (1260-1277 жж. билік еткен) өмірбаянына арналған. Сұлтанның жеке хатшысы қызметін атқарған, сұлтан сарайында жоғарғы мансап иесі болған, көптеген құжаттар мен материалдар қолында болуының нәтижесінде Ибн Абд аз-Захир өз еңбегінде мамлүктердің Алтын Ордамен байланыстары туралы құнды деректерді келтіреді [7, 25-26].

Байбарыс ад-Дауадар әл-Мансури (1325 ж. қайтыс болған) мамлүк сұлтандарының сарайына жақындардың бірі болған. Оның қаламынан туған «Зубдат әл-фикр фи тарих әл-хиджра» атты шығармасында 622 жылдан бастап 1324 жылдар аралығындағы уақиғалар туралы айтылады. Сондай-ақ, оның еңбегінде қыпшақтардың құрылымы мен олар туралы тарихи-этнографиялық мағлұматтар бар [8].

Шихаб ад-Дин ан-Наууайри (1279-1332) Мысыр энциклопедиялары мектебінің басында тұрған тұлға. Әдебиет саласындағы білімнің арқасында мамлүк сұлтаны әл-Малик ан-Наср Мухаммад Ибн Қалауынның сарайына жақындатылып, онда жоғарғы мансапты қызметтер атқарады [8]. Ибн Хаджар өзінің «Ад-дурар әл-камина» атты еңбегінде, сұлтан ан-Наср Мухаммад ан-Нууайриді біраз маңызды істерді атқаруға тағайындап, Тарабулус қаласындағы әскерді бақылаушы етіп қояды, ал бұл өте маңызды әскери мансап, — деп көрсетеді. Кейінгі жылдары ол мемлекеттік істерден алшақтап, өзінің баяғыдан армандаған ісіне – шығармашылық ісіне кіріседі. Оның «Нихайат әл-арб фи фунун әл-адаб» атты үлкен энциклопедиялық шығармасы негізінен гуманитарлық мағлұматтарды қамтиды. Ол өзінің еңбегінде сол кездегі белгілі араб әдебиеті тарихи тағлымдар мен деректерді барынша жинақтайды. Бұл шығармадағы тарихи-географиялық бөлігі компилятивті. Оның еңбегінде Қыпшақ елі туралы қысқаша берілген мағлұматтары мен жекелеген қыпшақ рулары арасындағы өзара қырқыстар мен қыпшақ руларының құрылымы туралы деректердің үлкен маңызы бар. Сондай-ақ, моңғол жаулаушылығынан кейінгі кезеңдегі қыпшақ елінің рухани мәдениеті туралы мағлұматтар береді [7, 25 б.].

Ибн Фадл-Алла Ал-Омаридің (1301-1349) «Масалик әл-абсар фи мамлик әл-амсар» атты еңбегі өзінің көлемі мен мазмұны жағынан ан-Нууайридің көп томды энциклопедиясымен бәсекеге түсе алады. Оның шығармасынан моңғол жаулаушылығынан кейінгі кезеңдегі Орта Азия, Еділ бойы мен Кавказ өңірінде тұратын халықтардың тұрмысы, түркілер елінің қалалары мен сауда жолдары және қыпшақтардың қоныстары мен этникалық ерекшеліктері туралы мағлұматтар бар [7, 26 б.].

Абу әл-Аббас әл-Қалқашандидің (1355-1418) «Субх әл-аша фи китабати-л-инша» атты шығармасы өте көлемді энциклопедиялық шығармалардың қатарына жатады. Ал-Қалқашанди Қайыр мен Александрия қалаларында өз заманының ең үлкен ғұламаларының қолында оқып, әдебиет, ислам заңдары, тіл білімдері, шығармашылық сияқты пәндерді жетік меңгереді. Кейін, сұлтан сарайында жоғарғы мансаптарға ие болып, мамлүк сұлтаны аз-Захир Барқуқтың билігі кезінде сұлтан сарайының  шығармашылық кеңсесін басқарды 75, 77 б.].

Тақийа ад-Дин әл-Мақризи (1364-1441) Қайыр қаласында дүниеге келген. Мамлүк сұлтаны әл-Малик аз-Захир Барқуқтың, одан кейін оның ұлы әл-Малик ан-Наср Фарадж Ибн Барқуқтың билігі кезінде бағы ашылып, мемлекеттік жоғарғы мансаптардағы қызметтер атқарады. Сұлтан сарайына жақын адамдардың бірі болып беделді мамлүк әмірлерінің қамқорлығына бөленеді. Өмірінің шамамен елу жасына келген уақытынан бастап шығармашылықпен айналыса бастайды. Оның «Ал-Мауази уа-л-итибар би-зикр әл-хитат уа-л-асар» атты шығармасын ең атақты әрі маңызды деп айтса болады [7, 90 б.].

Абу әл-Мухасин Ибн Тағри-Берди (Тәңірі-Берді) (1409-1469) Қайыр қаласында мамлүк сұлтаны әл-Малик аз-захир барқуқтың билігі кезеңінде дүниеге келген. Өзінің сөзіне жүгінсек, әкесі сұлтан барқуқ сатып алған мамлүк болған [7, 115 б.]. Зеректігі үшін сұлтан оны өзіне жақындатып жоғарғы мансапқа бөленеді. Сұлтан Барқуқ қайтыс болғаннан кейін, оның ұлы әл-Малик ан-Наср Ибн барқуқтың билігі кезінде Шам елінің билеушісі етіп тағайындалады. Ол өзінен кейін Мысыр тарихына арналған үлкен тарихи еңбек қалдырады. Оның «Ан-Нуджум аз-захира фи ахбар мулук Мыср уә-л-Қаһира» атты құнды еңбегі Мысыр тарихы туралы жазылған энциклопедиялық шығармалар қатарына жатады [7, 114-117 бб.].

Осы жерде, сол замандағы мұсылман тарихшыларының көбі тарихшы болумен қатар ислам заңдары мен хадистің білгірлері болғандығын айта кеткен жөн.

Қорыта айтсақ, Мысыр Мамлүк мемлекеті ислам тарихындағы әдеби және тарихи шығармаларға ең бай кезең болды десек қателеспейміз. Жоғарыда қысқаша баяндалған тарихшылар және олардың тарихи шығармаларынан басқа Мамлүк мемлекетінің тарихы, оның құрылымы мен олардың Дешті-Қыпшақпен байланыстары туралы малүк кезеңінде өмір сүрген, осы тақырыпта құнды тарихи шығармалар жазған көптеген тарихшылардың есімдерін атауға болады, олар: Ибн әл-Фууати (1323 ж. қайтыс болған), ас-Сукаи (1264-1324), Ибн Сасри (1397 ж. қайтыс болған), Ибн әл-Фурат (1334-1405), Ибн Ийас (1448-1524) және тағы басқалары. Аталған ортағасыр араб және мысыр тарихшыларының Мамлүк мемлекетінің және оның Дешті-Қыпшақпен байланысына арналған тарихи құнды шығармаларын терең зерттеу қазақ тарих ғылымы алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі.
Тағы рефераттар