Негізгі өндіргіш күштің жағдайы туралы қазақша реферат

     Агроөнеркәсіп кешенінде реформаға дейін 2 миллионнан астам, оның ішінде ауыл шаруашылығында 1,5 миллионнан астам адам жұмыс істеді. 2000 жылы ауыл шаруашылығында 232 мың адам жұмыс істеді. Жұмыссыз қалған адамдардың ең көп жері бүгінде ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешенінің басқа да салалары.

1990 жылы республикада 16,7 миллион халық болды. Ал, 2001 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан халқы 14,8 миллион, оның ішінде ауыл тұрғындары 6,5 миллион яғни 44 пайыз болды. Реформа жылдары Қазақстаннан басқа елдерге негізінен қалада тұратын адамдар кетті, ал ауылды жердің тұрғындары (немістерден басқалары) өзіміздің қалаларға қоныс аударды. Алдағы жылдары да бала туу қалаға қарағанда ауылды жерде көп болатына қарамастан тұрғындар саны кеми беретіні анық. Бұл құбылмалы озық құбылыс, алға басқандық, әлемдік тәжірибеде урбанизация (латын сөзінен аударғанда кенттену – 1) жұрттың және экономикалық өмірдің ірі қалаларға шоғырлану процесі; 2) қалаға, өнеркәсіп орталықтарына тән ерекшеліктер мен сипаттардың ауылды жерлерге таралуы) барлық мемлекеттерде орын алатын обьективтік құбылыс деп дәріптеліп жүр. Бірақ «біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» дегендей, экономиканың дамуы, ондағы құрылымдық өзгерістердің өріс алуы, қалаларда өндіріс орындары дамып, жұмыс орындары көбейіп, құрылыс дамып, үйлер салынып, ауылды жер тұрғындарына  үй мен жұмыс табылғандағы ауылдан қалаға көшу бір басқа да, ауылда да, қалада да жұмыс орыны болмай, қалада ауылдан келушілер үшін жұмыс пен үй жоқ кезде қалаға көшу бір басқа шаруа екенін ұққан дұрыс. Қорыта айтқанда, қоғамның басты өндіргіш күші жұмыскер күші нарықтық экономика жағдайында да қай елде болмасын тиімді пайдалануы керек. Бұл мәселені шешуде ауыл шаруашылық өндірісін дамыту арқылы онда жұмыспен қамтылған, өнім өндіретін адам санын көбейту, олардың еңбегінің өнімділігін арттыру үлкен рөл атқаратыны даусыз.

Енді ауыл шаруашылығында өнім өндірудің тұтас алғандағы сипаты қандай екеніне тоқталған жөн деп санаймын.

Әуелі ауыл шаруашылығы жалпы өнімнің көлемі қалай өзгергеніне қысқаша тоқтала кетейін. Шаруашылықтың барлық санаты бойынша 2000 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1990 жылға қарағанда екі еседей қысқарды.

Бұл құлдырау әр облыста мерзімі жөнінен де, деңгейі жөнінен де әртүрлі болды. Мәселен, Қызылорда облысында 2000 жылы 33,7 пайыз деңгейіне жетті, Батыс Қазақстан облысында 22,7 пайыз деңгейінде қалып отыр, Маңғыстау облысында 23 пайыз деңгейіне жетті. Сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай облыстарында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің төмендеуі тоқталып, тұрақтану, өрлеу процестері бар деп айта алмайсыз. Ақмола облысында кейінгі екі жылда өнім көлемінің елеулі өсуі байқалады. Жалпы өнім көлемі азырақ кеміген облыстар қатарына Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарын жатқызуға болады.


Тағы рефераттар