Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарлары

1. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарлары бір жылға жасалатын ағымдағы және неғұрлым ұзақ мерзімге жасалатын перспективалық жоспарлар болып бөлінеді.

Перспективалық жоспарларда неғұрлым маңызды нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ дайындау уақыты бір жылдан астам мерзімге жоспарланатын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу көзделеді.

2. Дайындау жоспарларында:

1) нормативтік құқықтық актінің деңгейін, нысаны мен реттеу мәнін бейнелейтін атауы;

2) дайындау мерзімдері;

3) жобаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар көрсетіледі.

3. Егер осы Заңда және басқа заңдарда өзгеше көзделмесе, нормативтік құқықтық актілерді дайындау жоспарларын тиісті актілерді қабылдауға құзыретті мемлекеттік органдар жасайды және бекітеді.

4. Нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындау жоспарларын жасаған кезде мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың, оның ішінде ғылыми ұйымдардың ұсыныстары, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың ұсыныстары ескеріледі.

5. Нормативтік құқықтық актілер жобасын дайындау жоспарларын жасайтын және бекітетін мемлекеттік органдар жоспарларға осы актілердің дайындалуын бейнелейтін басқа да көрсеткіштер енгізуі мүмкін.

6. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобаларын дайындауға қолданылмайды.

Қазақстан Республикасының Президенті шығаратын нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындауды жоспарлаудың тәртібі мен нысандарын Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді.

Қазақстан Республикасы Парламентінің заң актілерін дайындауды жоспарлау

Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдайтын заң актілерінің жобаларын дайындауды жоспарлаудың тәртібі мен нысандарын Парламент пен оның палаталары Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-бабының 3-тармағында белгіленген өз құзыретіне сәйкес айқындайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобасы жұмыстарын жоспарлау

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі заң жобасы жұмыстарының перспективалық және жыл сайынғы жоспарларын жасайды.

2. Жоспарлардың жобаларын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді.

3. Үкіметтің заң жобалаушылық жұмыстарының жоспары Қазақстан Республикасының Президентімен келісіледі.

Орталық атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қазақстан Республикасының өзге орталық органдары құрамына кіретіндерінің де, кірмейтіндерінің де, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындауды жоспарлау ерекшеліктері

Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының Қазақстан Республикасы Үкіметі құрамына кіретіндерінің де, кірмейтіндерінің де, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындауды жобалаудың ерекшеліктерін осы органдардың әрқайсысы айқындайды.
Тағы рефераттар