Примо де Ривера диктатурасы туралы қазақша реферат

Толастамаған жұмысшы қозғалысын басу үшін контрреволюция негізінен реакциялық көңіл-күйдегі офицерлерден құрылған «қорғаныс хунтасын», Каталония буржуазиясының қаруланған отрядтарын, жастардың «Рекете» атты монархиялық ұйымдары т.б. с.с. Осындай наразылық өршіп тұрған уақытта және Анволь жанындағы жеңілістің себебін тексерудің қорытындысы елде тек саяси дағдарысты шиеленістіріп қана қоймай, бүлік ұйымдастырушылардың әрекетін де жандандырды. Басқарушы буржуазиялық реакцияшыл топтар бірқатар реакциялық іс-шаралар жүргізді. Революциялық қозғалыс ошақтары болған өнеркәсіп орталықтарына реакциялық генералдардан жаңа губернаторлар тағайындалды. Король конституциялық кепілдікті жойды. Стачкаларға қатысушылар қатаң репрессияларға ұшырады. Жұмысшы газеталары жабылды. Республикандық топтардың өкілдері қуғындалды.

Алайда, реакция революциялық қозғалыс күшін тоқтата алмады. Елдің бұқара арасында антиүкіметтік, антиимпериалисттік көңіл-күй өсе берді. Саяси дағдарыстың шиеленісуіне үкіметтің Мароккодағы сәтсіз авантюрасы себеп болды. Ол испан империализмнің әлсіздігін көрсетіп берді. Рифтер ұлт-азаттық қозғалысын басу әрекетін испан әскерінің бірнеше ірі жеңілістерімен аяқталды. 1922 жылы ерікті Риф республикасы жарияланды. Халық бұқарасы отарлық соғыстың кінәлілерін жазалауды талап етті. Бірқатар қалаларда ереуілдер басталды. Бильбао мен Валенсияда әскери бөлімдер толқулары өтті. Жаңа күшті қозғалыс үкіметтің бірқатар конституциялық кепілдікті қалпына келтіруге реакциялық губернаторларды босатуға мәжбүр етті. Кәсіподақ жұмыстарына рұқсат берілді. Бұл аздаған реформалар саяси дағдарысты жеңілдете алмады. Стачкалық қозғалыс өсе берді. 1923 жылы 211 стачка өтіп, оған 210568 жұмысшы қатысты. Шаруа бас көтерулері жиілей берді. Кортестерге сайлау либералдық топтарға жеңіс алып келді.

Феодалдық-клерикалдық топ және буржуазия елді әскери-фашистік диктатура орнатуға жол беріп, биліктерін сақтап қалды. 13 қыркүйек 1923 жылы Каталония әскери округінің қолбасшысы генерал Мигель Примо де Ривера, әскерлер мен каталондық ірі буржуазияға сүйеніп Барселонада өкіметті басып алды.

ПРИМО ДЕ РИВЕРА. Примо де Ривера-и-Орбанеха /Ргіmо dе Rіvега у Огbаnеjа/, маркиз де Эстелья /dе Еstella/, Мигель /8.1.1870-16.III.1930/ — Испанияның мемлекеттік қайраткері, генерал. 1893, 1909-1913 жылдардағы Мароккода, 1895 жылы Кубада, 1897 жылы Филиппиндегі соғыс қимылдарына қатысқан. 1902 жылы Барселонадағы жұмысшы қозғалысын басуды басқарған. 1915-1917 жылдары Кадистің әскери губернаторы, онан соң Валенсияда, Мадридте және 1922-1923 жылдары Каталонияда әскери округты басқарған, генерал-капитан/7/.

14 қыркүйекте король Альфонс XIII католиктік шіркеу, генералитет және помещиктік-финанстық олигархия мен келісіп отырып, елдегі барлық саяси билікті реакциялық генерал Примо де Ривераға беруге келісті. Үкімет отставкаға кетуге мәжбүр болды, Мадридке келген Примо де Ривераға король Альфонс XIII өкімет билігін өз қолымен тапсырды. Өкімет билігін қолына алған Примо де Ривера үкімет орына генерал мен адмиралдардан құрылған әскери директория құрды. Ішкі істер министрі болып Каталония жұмысшыларын аяусыз басқан баскесер Мартинес Анидо тағайындалды. Ерекше жағдай енгізілді, конституция жойылды, кортес таратылды, жергілікті жерлерде билік әскери губернаторларының қолына көшті. Халыққа жолдаған манифестінде диктатор ел терең дағдарысқа ұшырап отырғанын мәлімдеп, бұрынғы тәртіптерді түбірімен жойып, жаңарту жүргізуге уәде берді. Ол жүргізген «Жаңартудың» мәні: ереуілдерге, демонстрацияларға, жиналыстарға тиым салу; КПИ, НКТ заңнан тыс; қатаң цензура енгізу; муниципалиттерді тарату; өкілдіктер /суд присяжных/ сотын жою т.б. с.с. Әскерді өзіне мызғымас таяныш ету мақсатында офицерлердің жалақысын көбейтті. Анволь жанындағы жеңіліс жөнінде тергеуді тоқтатты. Халықты өз жағына тарту үшін «Патриоттық одақ» атты фашистік партияны құрды, Муссолини тәріздес корперативтік жүйе енгізді/8/. «Ұлт бірлігі» деген ұран көтеріп, ол автономиялық қозғалысты болдыртпауға тырысты, каталон, баск, галисий тілдерінде ресми құжаттардың жүргізілуіне тиым салды. Диктаторлық режимнің орнауы дүниежүзілік капитализм дамуының уақытша тұрақтану кезеңіне тұспа-түс келді. Барлық капитализм елдерінде, оның ішінде Испания да экономикалық конъюктура жақсарды. Дегенмен Испанияда диктатордың жүргізген саясаты жартылай феодалдық құрылымды жоймай, кәсіпкерлердің пайдаларының ұлғайғанын көздеді.

Примо де Ривераның әскери-фашистік диктатурасы католиктік шіркеудің помещиктік және ірі буржуазияның таптық мүддесін қорғады. Ол шетел капиталымен тығыз байланысты болды. Елде әскери жағдай жарияланып, барлық жерде азаматтық губернаторлар әскерилермен ауыстырылды. Елдегі басқарудың негізгі кетіктері реакциялық әскерилер қолына өтті. Католиктік шіркеудің ықпалы өсті. Парламент және жергілікті өзін-өзі басқару органдары таратылды.

Әскери-фашистік диктатураның сыртқы саясаты агрессорлық-империалистік сипатта болды. 1924 жылы Примо де Ривера испандық Мароккодағы ұлт-азаттық қозғалысты басуға қайта әрекет жасады. Рифтер күшті қарсылық көрсетті. Тек 1926 жылдың мамырында ғана испан үкіметі француздық империалистер көмегімен және көтерілісші көсемдердің сатқындығы арқасында ғана жеңіске жете алды. Примо де Ривера Марокко проблемасын өз күшімен шеше алмады. Испания мен Франция арасында бірігіп қимылдау жөнінде келісім болғаннан кейін барып, 1926 жылы рифтердің көтерілісі аяусыз басылды/9/.

Капиталдың уақытша тұрақтану жылдарында билік басында болған Примо де Ривера помещиктер мен буржуазия одан өрі баюына жағдай жасады. Жоғарғы пошлинді бірінші қажеттілік товарларына жоғарғы бағаны қолдан ұстап тұруға мүмкіндік берді. Үкімет капиталдың шоғырлануына шетел және испан монополияларының табысының өсуіне ықпал етті. Көмір, мұнай, темекі және т.б. монополиялары пайда болды/10/. 1924 жылы экономикалық ұлттық комитет құрылды. Ол арқылы монополистер үкіметтен субсидий алды. Экономикалық комитеттің қызметі орта және ұсақ кәсіпорындарды күйзелтіп, ірі монополиялардың баюына жол берді.

1928 жылы қарашада король Альфонс XIII және Примо де Ривера Римде болды. Онда Альфонс XIII генералды итальян короліне «Бұл менің Муссолиниім» деп таныстырды. Ал итальян диктаторы болса оны «Испан фашизмінің басшысы және Испания жаңғыртушы» деп атады. Шынында да Примо де Ривера диктатурасы Муссолини диктатурасының алғашқы жылдарын еске түсіретін еді.

Примо де Ривера 1925 жылы әскери директориялық басқаруда қолдау таппаған соң, оны азаматтық үкіметпен ауыстырды, бірақ басқарудың әдістері, мазмұны өзгерген жоқ, диктатор бұрынғысынша шексіз билікке ие еді. Алғашқы да әскери төңкеріске үйреніп қалған халық жаңа режимнің табиғатын түсінген жоқ. Оның үстіне ИСРП және ВСТ лидерлері диктатурамен күресуден бас тартты, репрессиядан тамтығы қалмаған анархо-синдикалистер НКТ тарату жөнінде мәлімдеді. Халықтың арасында әлі де қолдауға ие болмаған Испания коммунистік партиясы ғана табанды қарсылық көрсетуге шақырды. Диктатураға қарсы демократиялық бостандықты талап етіп, репрессияға ұшырағандарына қарамай жазушылар, ғалымдар, студенттер, профессорлар қарсы шықты. Испанияның көрнекті жазушылары — Мигель де Унамуно, Висенте Бласко Ибаньес, Антонио Мачадо ешнәрседен қаймықпастан диктатураның шын бейнесін ашып көрсетті. Диктатураның реакциялық мәні айқындалған сайын оппозиция күші нығая берді. Жұмысшылар қозғалысының жандануы ИСРП және ВСТ басшылығы диктаторды қолдаудан бас тартуға мөжбүр етті.

1926 жылы тамызда Примо де Ривера үкіметі Франция, Англия және Италияға Танжер халықаралық зонасын Испанияға беру туралы меморандум жолдады. Бұл мәселені шешуде басқа елдерге қысым жасау үшін Испания Ұлттар Лигасынан шықты/11/. Екі жылдық нәтижесіз әрекеттен соң 1928 жылы испан үкіметі Танжердің халықаралық статусын мойындауға және Испания Ұлттар Лигасына қайта кіретіндігін жариялауға мәжбүр болды. Анархо-синдикалистер террорды күшейтті. Елдегі монополистік буржуазияның диктатор шетел капиталының жолын бөгеді, монополиямен күресуге көмектеседі деген үміт ақталмады. Сондықтан олар оппозицияға қосылды. Шаруалардың мүддесі — жер алу және помещиктік езгіден азат болу — орындалмады. Шаруаларда күреске көтерілді. Каталондықтар автономия алу үшін қайсарлық пен күресе берді. Елдегі жағдай Примо де Ривераның кортес іспеттес Ұлттық ассамблея ешқандай билікке ие болған жоқ, жаңа конституция жобасын жасау да жүзеге аспады. Режим күні бітті.

Оның үстіне дүниежүзілік экономикалық дағдарыс 1929 жылы басталған Испанияға да келіп жетті. Примо де Ривера өкіметіне бәрі де теріс қарады. Тіпті оны әскери округ басшылықтары да қолдамады. Сондықтан оған 28 қаңтар 1930 жылы отставкаға кетуден басқа басқа жол қалмады.

Примо де Ривера диктатурасының құлауының басты себебі Испания экономикасының құлдырауын тоқтатып, дамыта алмауы, жұмысшы және ұлттық қозғалыстың талабын қанағаттандырып, наразылықты баса алмауы еді.
Тағы рефераттар