Сақ тайпалары туралы қазақша реферат

Қазақ тарихын зерттеген тарихшы,этнограф,антрополог,археолог ғалымдардың бірсыпырасы қазақ халқының арғы тегі ерте заманда Орта Азияны мекен еткен ежелгі сақ тайпаларынан шыкқан дейді. Әйгілі ғалым А. Н. Бернштам қазақтын атын сақтармен байланыстырады. Ол: «қазақ» деген сөз ерте замандағы «каспи» және «сақ» деген екі тайпаның қосылуынан шыққан, яғни каспи – сақ, қас – сақ – қазақ болған деп тұжырымдайды. Тарихшы М. Ақынжанов қазақ деген сөз «қас» (нағыз), «сақ» (тайпа аты) деген екі сөзден «қас сақ» (нағыз сақ) дегеннен шыққан. «Қазақтар — түрік, моңғол тектес халықтың екі бұтағынан (ғұн мен сақ тарауынан) құралған ежелгі халық» дейді.

Қазақ халқын қалыптастырған арғын, қыпшақ, тағы басқа тайпалар ішінде сақ деген атты қолданған рулар да бар. Мысалы, сақтоғалақ, бес-сақ, сақ құлы, бо-сақ, қар-сақ, тағы басқалар. Қазақ халқының арғы тегі болған ежелгі үйсін бірлестігінің құрамында сақ тайпаларының барлығы еліміздің ежелгі жазба деректерінде айқын айтылады. Онда: «Үйсін халқы ішінде сақ тайпалары да, ұлы иозы тайпапары да бар» дейді. Бұл тарихи фактілер қазақтың арғы тегінің бір саласы ежелгі сақ тайпалары екендігін дәлелдейді.

Еліміздің ежелгі замандағы жылнамалары мен томдарында сақ тайпалары «сәйжүң» «шижұң», «шимо», «шижа» түрінде кездеседі. Бұлар «сақ» және «сақ тайпалары» деген атаудың өз кезіндегі ханзуша дыбысталуы еді. Мутиянзының «Өмірбаян» атты еңбекте патша Жумууаң заманымыздан бұрынғы IX ғасырда батысқа сапарға шыққан жолында шимо тайпаларына және олардың көсемі Шиаңшуға кездескендігі айтылады.

Бұл аңызда айтылған шимолар Орта Азия өңірінде өмір сүрген сақ тайпалары еді. Лияң әулеті дәуірінде (VI ғасырдағы) Шұн Жи «будда деректері туралы» деген еңбегінде «Хан патшалығының тарихы, батыс өңір шежіресінен» мынандай үзінді келтіреді: сақтар «асылында ұзақ заманнан бері дұнхуаң жерін мекендеген иұншіндер еді. Кейін иозілерден шығып, Памыр тауының күнгейіне қоныс аударған». Бірақ біздің заманымызға жеткен «Хан патшалығының тарихы, Батыс өңір шежіресінде» мұндай деректер жазылмапты.

Ежелгі заманда Орта Азия өңірін мекен еткен сақ тайпалары туралы тарихи деректер сол замандағы парсы және грек авторларының жазба деректерінде сақталған. Ежелгі грек тарихшылары оларды «Азиялық скифтер»деп атаса, парсы тарихшылары оларды «сақтар» деп атаған.

Ахеменид иранның сына жазу текстерінде, онын ішінде накширостемдегі жазуында сақ тайпаларының үш тобы айтылады. Олар: хаомоварға сақтары (хаомо ішімдігін істейтін сақтар), парадария сақтары (теңіздің ар жағындағы сақтар) және тиграхауда сақтары (шошақ төбелі тымақ киетін сақтар) деп аталады. Олар өз заманында Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекен еткен.

Ол заманда «сақ» немесе «скиф» деген жалпы атпен аталған халықтың ішінде әрқайсысының өзіне тән аты бар көптеген тайпалар болған. Олардың көпшілігі көшпенді мал шаруашылығымен, бір бөлегі егіншілікпен шұғылданған.

Ерте замандағы грек авторларының суреттеуіне қарағанда, олардың көшіп қонатын көлігі екі, төрт, алты дөңгелекті арба, оған екі, үш жұп өгіз, ат немесе түйе жегілген. Осы арба күймесінің сырты сырымен, яки киізбен қапталған. Бұлар шөптің сонысы мен судың тұнығын жүзіп, малдарын оттатып, көшіп жүрген.

Сақтар көшкенде қатын-бала, үй-мүкәмалмен күймелі арбада, қонғанда киіз үйлерде отырған. Олардың қыстауларында кесектен (сабан араласқан балшық,кірпіштен) там үйлер болған. Мал шаруашылығымен шұғылданған сақтар жылқы, қой, сиыр, түйе өсірген, егіншілікпен шұғылданушылар тары, арпа, бидай еккен. Тіпті мал шаруашылығымен шұғылданушылардың да қыстауларының маңында шағын егіншілігі болған.

Ежелгі грек авторларының деректемелерінде сақтардың бірсыпыра тайпаларының аты аталады. Олар: массагет, яксарт, дай немесе дахи, фарат, көмар, асқатағ, исседон, асси немесе аримасып, сармат, каспи, тағы басқалар.

Массагет, яксарт тайпалары: Көк теңіздің (Арал теңізінің) оңтүстік және шығыс солтүстік өңіріне, Сырдарияның оң жақ алқабына орналасқан (ерте заманда Сырдария «Яксарт» деп аталған). Дай немесе дахи тайпасы: Сырдарияның төменгі жағын, Көктеңіздің қолтығын мекендеген.

Аби тайпасы: Қаратау бойын, Сырдарияның алқабын қоныстанған. Фарат тайпасы: Талас Алатауын және Қаратаудың солтүстік, шығыс-солтүстік бөлігін мекендеген. Көмар тайпасы: Келес, Шыршық, Ангрен өзендерінің бойларында және Тянь-Шань тауларының батыс сілемдерінде болған. Асқатағ тайпасы: Шу өзені мен Талас өзенінің аралығында, қырғыз Алатауының орта етегінде тұрған.

Исседон немесе асси тайпасы: Іле өзені мен Шу өзенінің бойын, оның шығыс жағындағы Тарбағатай тауына дейін созылған алқапты мекендеген. Аримасып тайпасы: исседондардың солтүстік және шығыс солтүстік жағында, Алтайдың батыстағы сілеміне дейінгі жерлерде тұрған. Сармат тайпасы: Каспий теңізінің терістігінде, шығыста Жем өзеніне дейінгі, солтүстік Жайық өзенінің басына дейінгі жерлерде тұрған. Каспий тайпасы: Каспий теңізінің шығыс жағалауын мекендеген.

Памир-Алтай тауларының солтүстік шекараларынан бастап, Тянь-Шань тауларын басып өтіп, шығыс солтүстікте Алтайдың батыс сілемдеріне дейінгі, солтүстікке Балқаш көліне және Шу өзенінің аяғына дейінгі, батыста Талас өзенінің оң жағалауына дейінгі жерлерді қоныстанған. Асқатағ, исседон, аримасып сынды сақ тайпалары «тигра хауда сақтары» (шошақ төбелі сақтар) немесе (шошақ төбелі тымақ киетін сақтар) деп аталған.

Жетісу алқабы осы «шошақ төбелі сақтардың» орналасқан жерінің орталығы болған. Осы бір бағзы заманның деректемесіндегі «шошақ төбелі сақ» деген атау күні кешеге дейін қазақ халқының өздерін «шошақ төбелі қазақпыз» деп келгенін еріксіз еске түсіреді. Іле өзені мен Шу өзенінің алқабынан Тарбағатай тауына дейінгі жерлерді мекен еткен сақ тайпаларын ежелгі грек авторлары «исседон» яки «асси» деп атаған.

Ежелгі грек тарихшыларының айтуына қарағанда, сақтар өте батыр жауынгер, «қасқа қатал, досқа адал» халық болған. Олар қастасқан жауын аямаған. Соғыста өлтірген жауларының бас сүйегін ішімдік ішетін ыдыс еткен. Жауларының жон терісінен шылбыр жасаған. Олар батыр жауынгерді ардақтап құрмет еткен. Жыл сайын үлкен мерекелер жасалып, бұл мерекедегі ортадағы ортақ ыдыстан тек жауды өлтірген жауынгерлер ғана ішімдік іше алатын болған. Сақ деп аталатын тайпалардың әрқайсысының өз алдына ханы болған.

Хандардың әмірі күшті еді. Хан қаза болса, оның өлігін арбаға салып ел аралатқан. Ханның өлігін көргенде бұқара қатты қайғырып, өз құлағын қанатып, шашын жұлып, бетін жыртып, көзін тырнаған. Сол қолын оқпен тесетін болған. Қаза болған хан үлкен қорғандарға жерленген, өлікпен бірге алтын, күміс, ыдыс жабдықтарды және сойылған аттарды бірге көмген. Тіпті ханның ханымы мен қызметкерін де өлтіріп, онымен бірге жерлейтін болған.

Ежелгі заман тарихшыларының деректемелеріне қарағанда, б. ж. с. дейінгі VII-IV ғасырларда сақ тайпалары өз атырабындағы мәдениетті елдермен – Ассириямен, Мидиямен қарым-қатынас жасап отырған. Заманымызға дейінгі VI ғасырда сол замандағы әлемге әйгілі ірі елдердің бірі Парсымен қарым-қатынаста болған.

Сол кездегі ірі тарихи оқиғаларға қатынасып отырған. Заманымызға дейінгі 529-558 жылдарда патшалық еткен Парсы патшасы Кир сақтармен соғыс одағын жасасқан. Ол Лидия патшасы Крезбен соғысқанда сақтардан көмек алған. Бірақ Кир патша бұл одақты місе тұтпай, сақ-массагеттерді кіріптарлыққа түсіру үшін оларға шапқыншылық жасап, жаулап алу жорығын жүргізген.

Осы сәтте сақтар жұмыла аттанып Парсы патшасы Кирдің шапқыншылығына қиянкескі карсылық көрсетіп, оның жорығын жеңіліске ұшыратқан. Осының нәтижесінде Парсы патшасының шапқыншы әскерлері тас-талқан болып, Кир патша соғыста өлген. Осы қиянкескі шайқас жөнінде ежелгі грек тарихшысы Геродот былай дейді: «Массагеттердің әйел патшасы Томирис шайқаста парсыларды жеңгеннең кейін, жарғақ тұлыпка қан толтырып, оның ішіне парсы патшасы Кирдің басын салып, «аңсағаның қан еді, іш енді соны!» деп тұлыпты дарияға лақтырған.

Б.з.д.521-486 жылдарда өмір сүрген парсы патшасы Дари 1 сақ тайпаларын өзіне бағындыру үшін үнемі жаулап алу жорығын жасап отырған. Парсы патшасының бұл шапқыншылығына сақ тайпалары ерлікпен қарсы тұрып, қажырлы күрес жүргізген. Б.з.д.981 жылы парсы патшасы Дарий-1 қалың қолды бастап сақ-массагеттерді жаулап алуға аттанған. Сақтардың кажырлы карсылық көрсетуі нәтижесінде Дарий-1 жеңіліске ұшыраған. Осы соғыста туылған таңғажайып оқиғалардың бірін ежелгі грек тарихшысы Полиен былай деп суреттейді: Ширақ деген бір сақ өзінің денесін пышақпен жаралап, парсыларға қашып барып, өзін сақ бастықтарынан зорлық-қорлық көрген етіп көрсетеді. Ширақ өзінің руластарынан кек алатын кісі кейпіне кіріп, парсы әскерлерін оларға бастап барамын деп алдап, адастырып сусыз шөлге апарады.

Парсының шапқыншы әскерлері шөлден қырылады. Ақырында Ширақ оларға: «Мен сендерді адастырып, қырғынға ұшыраттым, елімді аман алып қалдым, мен дегеніме жеттім. Енді қолдарыңнан келгендеріңді істей беріңдер!» — дегенді айтып, ерлік көрсетеді.

Б.з.д.VI ғасырдың аяғы, V ғасырдың басында болған гректер мен парсылардың соғысында сақ тайпалары парсылардың гректерге қарсы соғыстарына қатысқан. Бірақ бұл соғыс парсылардың жеңілуімен (500-499 жылдары) аяқталған.

Б. ж, с. дейінгі IV ғасырдың 30 жылдарында македониялық Александр (Ескендр Зұлқарнайын) бастаған грек әскерлері парсы патшасы Дари-111 Кодомонның әскерлерін талқандап, Орта Азияға басып кіріп, Мараканданы (Самарқанды) жаулап алып, Сырдария өңіріне қарай қаптайды. Бұған сақ тайпалары қажырлы карсылық көрсетіп, «жеңілмес жауынгер» атанып келген Александрдың шапқыншы әскерлерін ауыр жеңіліске жолықтырады. «Александрдың жорығы» атты кітапта айтылуына қарағанда, сақтар осы соғыста Александрдың санын садақтың оғымен жаралап өлтірген.

Сақ әйелдері қоғамдық өмірдің барлық салаларына, тіпті соғыс шайқастарына да ерлер мен бірдей белсене қатынасып, ерлік көрсетіп отырған. Грек авторы Ктеси: «сақ әйелдері ер-жүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетеді» дейді. Алимент Александр былай деп жазады: «Соғыс ісімен ерлерден кем шұғылданбайтын сармат әйелдерін білемін, ерлермен бірдей садақтан оқ алатын басқа да сақ әйелдерін білемін». Б.з.д. VI ғасырда сақ-массагеттердің Томирис деген әйел патшасы болған.

Сақтар ата-бабаларының аруақтарына, аспан жыныстарына, планеталарға, күн көзіне табынған, оған жылқы сойып құрбандық беретін болған. Ал, отырықшы сақтар жерді «ана тәңірі» деп табынған. Сақтар соғыс тәңіріне сыйынып, қылышты жерге шаншып қойып, оның үстіне сүт немесе қан құйып тәуіп еткен.

Сақтар өлген адамды өте жақсы киім кигізіп жіберген, өлікпен бірге қару-жарақ, тамақ, тағы басқа тұрмысқа керекті заттарды қойған. Кейде оның аты да бірге көмілген. Мұның үстіне топырақтан яки тастан оба үйіліп, оның төңірегіне дөңгелектеп тас калаған. Археологиялық зерттеулер осындай молалардан күміс ыдыс, тарақ, тағы басқа заттарды тапқан. Бұл заттарға аттарды ұстап тұрған көшпенді сақтардын тұрмысын бейнелейтін суреттер салынған екен.

Сақтар өздері тұтынған кұралына: кару-жарақ,ыдыс-аяқ, тағы басқа нәрселеріне малдар мен аңдардың, қошқардың, текенің, аттын, түйенің, қодастың, арыстанның аюдың суреттерін салып әшекейлеген. Қанжардың сабы, қазанның бұты, айылбас, тағы басқа нәрселер әр түрлі хайуандарға ұқсатылып жасалған.

Сақ тайпалары «нүктелі техника» деп аталатын суретшілік әдісі арқылы өздері мекендеген жерлердегі жартастарға аңшылық, малшылық тұрмысты бейнелейтін, жабайы хайуандар мен табиғат күштерін «кие» деп табынатын діни ұғымды білдіретін суреттер салған. Мұндай жартас суреттерінде қайқы мүйіз таутеке бұғы, жылқы сияқты хайуандар жиі кездеседі. Кейбіреулерінде садақ тартып тұрған адам бейнесі де бар. Бұл сияқты жартас суреттері Шинжаңның Алтай, Тянь-Шань, Тарбағатай тауларының барлық жерінен табылады.

1969-1970 жылдары Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы Есік обасынан ежелгі замандағы Жетісу сақтарының экономикалық өмірі мен өнер-мәдениетін бейнелейтін мол мұра табылған. Бұл қабырға басын батысқа беріп шалқасынан жатқан 17-18 жастағы сақ жауынгері жерленген.

Ол басына 200-ден астам алтын әшекеймен безендірілген шошақ төбелі биік (65-70 см) тымақ киген. Бұлардың көбі барыстың, таутекенің, арқардың, аттың, құстың кескінімен өрнектелген. Бас киімнің маңдай жағы теке мүйізді қос аттың мүсінімен және ұзын екі қос жапырақпен, басқа да бедерлі шеттікпен безендірілген. Мойнына таққан бұралған алтын алқаның ұшында жолбарыс бастары бедерленген. Оның сыртына киген қызыл былғары бешпеті үш мыңға жуық алтын әшекеймен безендірілген. Оның ішінен матадан тоқылған ішкөйлек киген.

Беліне кесек алтынмен әшекейленген қайыс белбеу буынып, оң жағына ұзын темір семсер, сол жағына алтынмен әдемілеп апталған темір қанжар асынған. Бұл қабірден 30-дай ыдыс шыққан. Олардың ішіндегі күміс зеренің сыртына 26 әріптен құралған екі жол жазу жазылған. Бұл жазу «Есік жазуы» деп аталған. Зерттеген ғалымдардың айтуынша, «Есік жазуы осы уақытқа дейін ғылымға белгісіз жазумен (таңбалармен) жазылған. Есік жазуы ерте замандағы Қазақстан тұрғындары бұдан 2300-2500 жыл бұрын жазу таңбаларын жасап, оларды пайдалана білгенін көрсетеді.

1983 жылы Іле Қазақ автономиялы облысының Күнес ауданындағы бір моладан шошақ төбелі тымақ киген сақтың қоладан құйылған мүсіні табылды. Бұлардың бәрі, көшпелі сақ тайпаларыныңәлеуметтік-экономикалықөмірі мен мәдениетінің даму дәрежесін бейнелейді.

Есік обасынан табылған «Есік жазуының» жұмбағы әлі шешілген жоқ. Сақ тайпаларының өз заманында қай тілде сөйлегені бізге беймәлім. Олардың тілі жөнінде нақтылы дерек жоқ. Тек ерте заманда жұңғо, грек, парсы тарихшылары жазған деректердегі жалқы есімдер, ру-тайпа аттары, жер аттары және адам аттары ғана біздің заманымызға жетіп отыр. Осындай тіл материалдарын талдау арқылы «Қазақстан территориясын біздің заманымыздан бұрынғы VI-IV ғасырларда мекендеген сақ тайпаларыныңсолтүстік тобы түркі тілдес болған да, оңтүстік тобы иран тілінде болған» деген болжам айтылады.

Қазіргі қазақ тіліне араб-парсы тілінен кірген көптеген сөздер бар. Бұлардың ішінде араб тілінен кірген сөздерді айыра тану оңай. Ал, парсы тілінен кірген сөздердің көбі мүлде танылмайтын дәрежеде сіңісіп кеткен.

Парсы тілінен қазақ тіліне тек атау сөздер ғана емес, бірсыпыра жұрнақтар да ауысқан. Олар араб-парсы тілінен ауысқан сөздермен қатар байырғы қазақ сөздеріне де жалғанып, жаңа мағына тудыра береді. Мысалы, «нар» (кер, гер, қар), «фар» (фаз),«нама» (дама, деме), «хана» (қана) жұрнақтары арқылы талапкер, жауапкер, жауынгер, қамшыгер, айлакер, сотқар, қиқар, әсемпаз, өнерпаз, аспаз, дауылпаз, жарнама, мазмұндама, мәлімдеме, жатақхана, аурухана, т. б. Сөздер жасалған. Әсіресе, түркі тілінде жоқ сөз алды косымшаларының қазақ тіліне енуі ерекше назар аударады. Парсы (иран) тіліндегі сөз алды болымсыздық жұрнағы «бай» мен «на», араб-парсы тілінен еңген кірме сөздерге де, қазақтың төл сөздеріне де жалғана береді.

Мысалы, бейбақ, бейғам, бейбастық, бейшара, бейтаныс, беймаза, бейтарап, бейсауат, намалыш, нахақ, неғайбіл, нарау, нақұрыс, нәдүріс, найынсап, наразы, нашар, т.б. қосымшалардың, әсіресе қазақ тілінің заңдылығына жат сөз алды косымшаларының ауысуы әдетте бола бермейтін кұбылыс. Сірә, бұлар тым ерте заманда қазақ халқының құрамына косылған иран тілдес тайпалардың тілі арқылы қазақ тіліне енсе керек. Тілдің тоғысуы нәтижесінде иран тілінің сөздік құрамындағы бірқыдыру сөздер мен кейбір грамматикалық формалар қазақ тіліне сіңіп, сақталып калған болуы мүмкін. Бұл құбылыстарды жоғарыда айтылған сақ тайпаларының тілімен байланыстыра қараған жөн сияқты.

Б.з.д.II ғасырда ғұндардың жасаған жорығынан жеңіліп, Чиланшан тауы мен Дүнхуаң аралығынан батысқа қарай қоныс аударған ұлы иозылар бұдан бұрын Іле алқабы мен Жетісу өңірін мекендеген сақтарға келіп тиісіп, бұл өңірді басып алды. Сақтардың патшасы оңтүстікке қарай қашты.

Сақ тайпаларының одағы ыдырап, әлденеше елге сіңісіп кетті. Олардың бір бөлегі өздерінің бұрынғы қоныстарында қалып қойды. Бұдан соң шығыс жақтан келген үйсіндер ұлы иозылерді талкандап, Іле алқабы мен Жетісу өңірін жаулап алды да, ұлы иозылерді Амудария алабына қарай ығыстырды. Сөйтіп, сақ тайпалары мен ұлы иозы тайпаларының бұл өңірде қалған бөлегі үйсін бірлестігінің құрамына қосылды.

Осы мезгілде бұрынғы сақ тайпалары мекендеген өңірде үш ірі тайпалық одақ, үйсіндердің, қаңлылардың және алаңдардың тайпалық одақтары жарыққа шықты. Бұл өңірлерде қалған сақ тайпалары осы одақтарға қатынасып, солардың атымен аталатын болды.
Тағы рефераттар