Шартты рай тұлғасының басты ерекшелiгi сол –ол, негiзiнен, бағыныңқы сөйлемнiң баяндауышы қызметiн (жiктiк жалғауында тұрып) атқарады. Әдетте жiктiк жалғауы өзi жалғанған сөзге тиянақтылық беретiн форма деп танылғанымен, шартты рай  тұлғасына жалғанғанда бұл қасиетi сақталмайды, сондықтан бағыныңқы жай сөйлемдi басыңқы жай сөйлеммен құрмаластыру функциясын атқара бередi. Бағыныңқы жай сөйлем құрамындағы шартты райдың өзге етiстiк тұлғасынан ерекшелiгi — оның жақтық формада айтылып, өз бастауышымен қиысуында.

Шартты рай формасы арқылы құрмаласатындар, негізінен, шартты және қарсылықты бағыныңқылар.

Бағыныңқы комонентi басыңқы компоненттегi iс-әрекеттiң шартын бiлдiретiн сабақтасты шартты бағыныңқылы сабақтас деймiз.

Жасалу жолдары:

— шартты рай тұлғасы(-са/-се)

— көсемше тұлғасының болымсыз түрi(-ма+й)

— есiмше тұлғасы(-ғанда/ -генде)

Шартты бағыныңқыны мағыналық жақтан бiрде үш түрге (реалды, ирреалды, болжалды) ажыратылса, ендi бiрде екiге бөлiнедi(реалды, ирреалды) қарастырылады.

Реалды шарт бағыныңқы сөйлемдерде хабарланған оқиғаның мазмұнынан  iс-әрекеттiң орындалғаны не орындалатыны белгiлi болып тұрады. Шартқа негiзделген оқиғаға нәтиженiң болмысы қайшы келмейдi. Мысалы: Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей(Абай).

Ирреалды шарт бағыныңқыда шартқа негiзделген оқиғаның нәтижесi iс жүзiнде жүзеге аспайды. Мысалы: Егер көңiлдi кiрбең ой баспаса, бүгiн Әбiш атқа мiнiп ап, ағындап шапқылар едi (М.Әуезов).

Болжалды шарт бағыныңқыда шарттың көрiнiсi реалды берiледi де, оның орындалу не орындалмау нәтижесi ықтимал, болжал түрiнде берiледi. Мысалы:Егер мен шақырсам,  ақының бiздiң үйге келер ме… (С. Ерубаев).

Бағыныңқы комонент пен басыңқы компонентте бiр-бiрiне қарама-қарсы  iс-әрекет баяндалатын сабақтасты қарсылықты бағыныңқылы сабақтас деймiз.

Жасалу жолдары:

шартты рай тұлғасы арқылы (-са/-се)

шартты рай тұлғасына да/де дәнекерi қосылу арқылы

көмектес септiктi есiмше  тұлғасы арқылы

барыс септiктi есiмшеге қарамастан сөзiнiң тiркесуi арқылы

көсемше тұлғасы арқылы (-а/-е/ -й).

Қарсылықты бағыныңқылы сабақтастар қарсылықты мағынаның  берiлуiне қарай реалды қарсылықты бағыныңқылы және ирреалды қарсылықты бағыныңқылы болып бөлiнедi.

Реалды қарсылықты бағыныңқыда қарсы мәндегi оқиғаның орындалғаны не орындалатыны баяндалады. Мысалы:Салт аттылар мен ат шана өтiп кетсе де, Әбдiрахман терезеге сүйенiп ұзақ тұрды(Х.Есенжанов).

Ирреалды қарсылықты бағыныңқы сөйлемнiң бағыныңқы сөйлемiнде белгiлi бiр iстi орындау жайында әрекет жасалғанымен, басыңқыда сол әрекеттiң орындалуы терiске шығарылады.Мысалы: Осынша әзiрлiгi бола тұра, ол тойын жасамай кеттi(С.М.).

Бағыныңқы комонент пен басыңқы компоненттегi iс-әрекет салыстырыла берiлетiн сабақтасты салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас деймiз. Салыстырмалы бағыныңқылы сабақтасты теңдес салыстырмалы және әр түрлi ыңғайдағы салыстырмалы сабақтас деймiз.

Жасалу жолдары:

Теңдес салыстырмалы сабақтастар:

а) Бағыныңқы компонетте қандай есiмдiгi қолданылса, басыңқыда сондай үстеу қолданылады. М: Қазiрде Абай көңiлi қандай салқын болса, Дiлдә да сондай салқын (М.Ә.).

ә) Бағыныңқыда қалай есiмдiгi, басыңқыда солай есiмдiгi: Олжабек қалай бұрылса, Жамал да солай бұрылды. (Ғ.Мұст.)

б) Қанша-сонша: Күннiң ұзақтығы қанша болса, еңбек сағаты соншалықты (М.Ә.).

Әр түрлi ыңғайдағы салыстырмалы сабақтастар: а) Бағыныңқы және басыңқы сөйлемдер құрамында өзара салыстырыла жұмсалған сөздер болады. Үлкендер пышпақ тұмақ кисе, соңғы жылдары боз баланың көбi осындай түлкi тұмаққа ауысқан едi.

ә) Мағынасы жағынан бiр-бiрiне қарама-қарсы жұмсалған сөздер қолданылады. М: Надан Малқар ескi әдетiмен елдi қорқытып ұстамақ болса, залым Шәлкендер алдап ұстамақ. (Ғ.Мұст.).

б) Бағыныңқы компонеттiң баяндауышы болса, сияқты түрiнде аяқталып, келесi компонеттегi оймен салыстырылады. М: Я, мен көк ит болсам, сендер көп итсiңдер (М.Ә.).

Сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыруда есім, басқа етістік формалары да қатысады:

Есім сөздердің сабақтастарды байланыстыру функциясы дегенде мына мәселеге баса назар аударған жөн: есімдер бағыныңқы баяндауышы қызметін дара тұрып атқара бермейді. Мұндайда есім сөзге тіркескен көмекші етістіктерді және осы көмекші етістікке жалғанған есімше, көсемше, шартты рай тұлғаларын ескергеніміз жөн. Бірақ көмекші етістіктер жеке тұрып бағыныңқы сөйлем баяндауышының қызметін атқара алмайтындықтан, құрама баяндауыш құрамындағы есім сөз басты семантикалық мәнге ие болады да, белгілі бір тұлғадағы көмекші етістікпен бірге өзі тұрған компонентті келесі компонентпен байланыстыру функциясын атқарады.  Мысалы: Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Күн салқын болғанмен, ауа қапырық. Бласы үйленіп, көңілі жайланғандай болды.

Басқа етістік формалары арқылы құрмаласатындар, негізінен, мақсат бағыныңқылар. Бағыныңқы компонентi басыңқы компоненттегi iс-әрекеттiң мақсатын бiлдiретiн сабақтасты мақсат бағыныңқылы сабақтас деймiз.

Жасалу жолдары:

1) Тұйық райлы етiстiк + үшiн

2) бұйрық райлы етiстiк +деп

3) –ар формантты есiмше + деп.

Мақсат бағыныңқылы сабақтастың синтаксистiк компоненттерiнде арнайы грамматикалық бастауыштары болуы қажет, бұлай болмаған жағдайда сабақтас құрмалас емес, жай сөйлемнiң күрделенген түрi деп аталады.
Тағы рефераттар