Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Қазақстан мәдениетіне үлкен үлес қосқан қазақтың алғашқы ғылымдарының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Ол Омбының кадет корпусының яғни орыстың әскери мектебінің түлегі. Арғы атасы Абылайды пір тұтқан Шоқан өз халқының мәдениетін жоғары деңгейге көтеруге тырысты. Бұған негізгі құрал оның ағартушылық әрекеті болды.

Қазақ ағартушылығына Еуропадағы ағылшын, неміс, француздардағы сияқты жалпы ортақ белгілер тән. Ең бастысы – білім мен ғылымды адамдарды бақытқа жеткізетін күш деп ұғыну. Алайда, қазақ ағартушылығының өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті. Мұның өзі Шығыс Ренессансына тәуелсіз Қазақ хандығына және Ресей империясы құрамындағы бодан халық тағдырына қатысты.

Ағартушылық мәдениеттегі негізгі тетік — адам. Шоқан сыртқы әлемге “дала адамын” түсіндіргісі келді. Осы мақсатпен ол қазақ және қырғыз халықтарының миф-аңыздарын, салт-дәстүрін, діні мен тілін зерттейді. Шоқан жазған “Үлкен қырғыз – қайсақ ордасының ескі аңыз әңгімелері”, “Қазақтардағы жамандықтың іздері”, “Қашқария туралы жазбалар”, “Сахарадағы мұсылмандық туралы” және т.б. ғылыми еңбектерде қазақ және басқа түрік халықтарының мәдениетіне энциклопедиялық талдау берілген.

Шоқанды тек қазақ ағартушысы деп шектеу жеткіліксіз. Ол, шын мәнісінде, нағыз ренессанстық тұлға. Небары 30 жыл ғана өмір сүрген ол өзін дарынды тарихшы, тіл маманы, географ, мәдениеттанушы ретінде Еуропа мен Азияға таныстырп кетті.

Шоқан туралы айтқанда, алдымен көзге түсетін мәселе – Батыс пен Шығыстың арақатынасы.

Патшалық Ресейде білім алған империя офицері ретінде ол, әрине, Черняев экспедициясына қатысты, Қашқарияға жасырын барды. Ф.М. Достоевский, С.Р. Дуров, Н.Г. Чернышевский сияқты орыстың озық ойлы ғұламаларымен достасып, алдыңғы қатарлы Еуропа мәдениетінен нәр алды. Шоқанның бар арманы өз халқының төл мәдениетін, тарихын, тілін жоғары деңгейге көтеріп, жалпы адамзаттық мәдениетке тең етіп қосу болды.

Шоқан мұсылмандықтың мәдени-тұтастық функцияларын көре білді. Ұлт мәдениеттердің тоғысуында дүниежүзілік діндер интеграциялық қызмет атқарады. Қысқаша айтқанда, Шоқанның қазақ мәдениетіне қосқан үлесінің негізінде Батыстың да, Шығыстың да тигізген әсері емес, өз халқының төл мәдениеті жатыр. Шоқанның өзіне жүгінейік:

“Далалық орданың тұрғыны – қазақ өзінің моральдық қасиеті, ақыл-ой қабілеті жөнінен отырықшы татар немесе түркі шаруаларына қарағанда әлдеқайда жоғары тұр… Осынау  дала көшпелілерінің ақынжанды болып келетіні, ой-қиялының жүйрік болып бітетіні мұңсыз-қамсыз көшпелі тіршіліктің арқасы болу керек немесе ұдайы ашық аспан астында, шет-шегі шіркінді Тәңірі тұтқандықтан да болар. Татар атаулы халықтар арасында өзінің ақындық қабілет-дарыны жөнінен қазақтар бірінші орында болса керек”.
Тағы рефераттар