Шығындарды шешім қабылдау мен жоспарлау үшін жіктеу туралы қазақша реферат

Бухгалтерлік басқару есебінің мақсаты басқару шешімдерін, яғни келешекке арналған шешімдерді қабылдауға қажетті ішкі пайдаланушылар үшін ақпаратты дайындау болып табылады. Күтілетін шығыстар мен кірістер туралы түрлі мәліметтер ұсы­нылуы тиіс. Бұл үшін мынадай шығындар бөліп көрсетеді:

  • өзгермелі, тұрақты, шартты-тұрақты – өндіріс (сату) көлемінің өзгеру әсеріне байланысты;
  • бағалауда есепке қабылданатын және қабылданбайтын шығындар;
  • қайтарымсыз шығындар (өткен кезең шығындары);
  • жүктелген шығындар (немесе кәсіпорынның пайдалана алмаған пайдасы);
  • жоспарланатын және жоспарланбайтын шығындар;
  • өсетін және шекті шығындар мен кірістер.

Өзгермелі шығындар өндіріс көлемі өзгергенде пайда бола­ды, оның көлеміне тура сайма-сай өзгереді. Олар ұйымның іскерлік белсенділігіне байланысты өндірістік  емес сипатта болады. Өзгермелі өндірістік шығындар өнімнің өз құнын сипаттай­ды, өйткені нарықты (тұтынушының) объектінің құны емес, өнім­нің құны мен оны тұтынуға кететін өзіндік шығындар қызық­тырады. Материалдық шығындар, еңбекті өтеу үшін тікелей шығындар, қосалқы материалдар мен сатылатын жартылай өнімдерге шыққан шығындар өндірістік өзгермелі шығындарға үлгі болады.

Өндірістік емес шығындарға мыналар жатады: [7,141б.]

  • Дайын өнімді тұтынушыға тиеу үшін буып-түю, орау шығыстары;
  • Сатып алушы орнын толтырмайтын көлік шығыстары;
  • Делдалға тауарды сатқаны үшін комиссиялық сыйақы.

Бұл шығындар тікелей сатылым көлеміне байланысты.

Өндірістік тікелей шығындар іскерлік белсенділікке байла­нысты емес, сондықтан оны тұрақты деп атайды. Бұл шығыстар-жарнамаға, жалға төлемдеріне негізгі құрал-жабдықтардың амор­тизациясына және т.б.Тұрақты шығындар уақыттың белгілі бір кезеңі ішіндегі өндірістің (өндірістік қызмет) әр түрлі ауқымы үшін өзгеріссіз қалады.Жартылай өзгермелі шығындар-бұған тұрақтылар да, өзгермелі құрамдас бөліктер де кіреді. Мысалы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету материалдық-техникалық қамтама­сыз етуге жоспарланған (тұрақты) шығындардан тұратын жар­тылай өзгермелілерден құралады, олар өндіріс көлеміне тікелей тәуелділікте болатын өзгермелі шығындар мен кез келген өндіріс көлемінде жүзеге асады.

Қайтарылмайтын шығындар (өткен кезең  шығындары) – бұрын қабылданған шешім нәтижесінде пайда болған, өткен кезеңнің шығындары және оларды болашақта жаңа басқару шешімдерімен өзгерту мүмкін емес. Шешім қабылдаған кезде қайтарылмайтын шығыстар мен  есепке алынбайтын шығыстар түсінігін айыра білу керек.

Жүктелген шығындар таңдау жолы іс-қимылдың баламалы бағамының бірі екіншісінен бас тартуды талап еткенде, жоғал­ған немесе құрбан етуге тура келген мүмкіндікті сипаттайды. Мысал. Кәсіпорын үш ауысым бойы толық қуатымен жұмыс іс­теуде және айына 5 млн теңге тапсырыс дайындайды. Көтерме сатып алушы кәсіпорынға жаңа айлық тапсырыс ұсынады, бұл 6 млн теңге қосымша өзгермелі шығындар жасауға әкеледі. Шарттың ең аз бағасы қандай болуға тиіс? Тапсырыс қабылдаған соң кәсіпорын бұрын алынатын 5 млн теңге табыстан бас тартады, яғни шын мәнінде 5 млн теңге зиян шегеді. Бұл соманы кәсіпорын шарт талаптарын талқылаған кезде ескеруге тиісті. Шарттың бағасы 11 млн теңгеден (5+6) кем түсе алмайды. Мұндайда 5 млн теңге мойынға жүктелген (болжанған) шығындар немесе кәсіп­орынның пайдалана алмаған пайдасы). Шығындардың бұл категориясы ресурстар шектелген жағдайда ғана қолданылады, келтірілген мысалда – өндірістік қуаттың толық іске қосылған кезінде екенін есте ұстаған дұрыс. Егер кәсіпорын жете жұмыс істемей және бос тұрып қалса, есептелінетін шығындар жайлы сөз болмас еді.

Жоспарланатын шығындар мөлшерлеу, норматив, лимиттеу және смета негізінде белгілі бір өндіріс көлеміне есептелген шығындар. Олар өнімнің жоспарлы өзіндік құнына жатады.

Жоспарланбайтындар– қосымша, жоспарлы өзіндік құн ше­гінен шығатын, нормативтен тыс шығындар, яғни нақты шы­ғындар. Олар өнімнің нақты өзіндік құнына ғана әсер етеді.

Өсетін және шекті шығындар мен табыстар – өнімнің қосымша партиясын дайындау мен сату нәтижесінде пайда болған қосымша шығындар. Бұларға тұрақты шығындар кіруі де, кірмеуі де мүмкін. Егер тұрақты шығындар қабылданған шешімдер негізінде өзгерсе, онда олардың өсуі өсетін шығындар ретінде қарастырылады, егер олар өзгермесе, онда өсетін шы­ғындар нөлге тең болады. Бұл әдісті басқару есебінде табыс­тарға да қолдануға болады.

Шығындарды бақылау мен реттеу мақсатымен мынадай жіктеу қолданылады:

—        реттелетін және реттелмейтін;

—        тиімді және тиімді емес;

—        мөлшер (норма) шегінде және мөлшерден ауытқулар;

—        бақыланатын және бақыланбайтын.

Жауапкершілік орталықтары бойынша тіркелетін шығындар мен табыс жауапкершілік орталығының менеджерімен ретте­летін және реттелмейтіндер болып жіктеледі.

Реттелетіндер сомасы менеджер тарапынан болатын ық­палға байланысты, жауапкершілік орталықтарында тіркелген шығындар. Жалпы кәсіпорын бойынша барлық шығындар рет­теледі, бірақ нақтылы атқарушы барлық шығындарға әсер ете алмайды. Егер атқарушы шығын деңгейін реттей немесе елеулі әсер ете алса, онда бұл шығындар осы орындаушы реттей алатын болып белгіленеді. Мысалы, кәсіпорын әкімшілігі өн­дірістік қорлар алуды реттеуге, адамдарды жұмысқа жалдауға және т.б. құқығы бар, өндірістік бөлім басшысы мұндай шы­ғындарға ықпал етпейді. Мысалы, өндіріс цехы материалды артық жұмсауға жол берді. Бұл шығындар цех бастығы үшін реттелетін болып та­была ма? Жауап бір мазмұнда. Егер артық жұмсау цехтағы еңбек немесе технологиялық тәртіпті бұзу салдарынан болса, онда бұл шығындар бақыланатын болып шығады. Егер цехқа келіп түс­кен материалдардың төмен сапасына байланысты болса, онда өндірістік емес шығындар цех бастығымен реттелмейтіндер болып қарастырылады және жауапкершілік жабдықтау бөлімі бастығына жүктеледі.

Тиімділер – бұлар өнім өндіруге бағытталған шығындар, өткізу нәтижесінде табыс алынады.

Тиімсіздер – өнім өндірілмейтін болғандықтан, нәтижесінде табыс алынбайтын шығындар. Бұлар – негізінде ақаудан, іріліс­терден, материалдарды бүлдіруден және т.б. болған шығындар.Шығындарды мөлшер (норма) шегіндегі және мөлшерден ауытқыған шығындар деп бөлуді бөлімшенің жұмыс тиімділігін анықтау үшін ағымдағы есепте нақты болған шығындарды нор­мативтілермен жалғастыру жолымен қолданады.Сметалық және нақты шығындар арасындағы айырма нор­мативті (сметалық) шығындардан ауытқу деп аталады. Практи­када реттелген шығындарды толық талдау талап етілуі мүмкін. Мысалы, кейде негізгі өндірістік жұмысшылардың еңбегін де, жұмыс категориялары бойынша негізгі материалды да, сонымен қатар әр түрлі типтерге сәйкес пайдаланылатын материал­дарды талдауға жүгінген жөн.
Тағы рефераттар