Тілдердің грамматикалық және лексикалық құрылысындағы аударма теориясы

Кез келген тілде басқа тілдерге де ортақ грамматикалық ортақ әмбебаптықтың болуы — заңды құбылыс. Дей тұрғанмен тұпнұсқа тіл мен аударма тілде грамматикалық сәйкестіктердің болуы сиректеу кездеседі, Осыдан келіп аударуда морфология, синтаксистік құрылысқа байланысты міндеттер туады. Тілдердің грамматикалық құрылысындағы айырмашылықтарға аударма теориясында ерекше орын берілуі де осыдан.

Тұпнұсқаның грамматикалық формасын өңдеу, реттеу аударманың мақсатына жатпайды. Аударманың мақсаты — тұпнұсқаның аударма тілге сай келмейтін грамматикалық формаларын жеткізу. Бұл жерде басты шарттың бірі сол, түпнұсқадағы грамматикалық формалардың өзгешелігі белгілі бір стильдік қызмет атқару керек. Мұндай ерекшеліктерге, мысалы, грамматикалық формалардың ықшамдылығы, сөйлем құрылымындағы, синтаксистік күрделі бірлікті құрастырушы сыңарлар арасындағы жарыспалылық, белгілі бір сөз табын неғұрлым жиі қолдану т.б. сипаттар жатады. Осы сияқты грамматико-стилистикалық бірліктерді аудару не болмаса аударма тілде бар аналогиялық құралдарды қолдану жолымен жеткізу аударманың міндеті болып табылады.

Жат тілдегі кейбір өзгешеграмматикалық құрылымдарды игеру қиын болуы мүмкін. Алайда осы сияқты тұлғалардың аударма тілге белгілі бір схема арқылы жететіні де болады. Мысалы: Я знал, что придешь деген орыс тілінің сабақтас құрмалас сөйлемінің бағыныңқы компоненті («что придешь») қазақ тіліне көбіне тура толықтауыш болып аударылады. Мұндағы ерекшелік сол, қазақ тілінде толықтауыш бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем жоқ. Бұл сияқты грамматикалық сәйкессіздіктерді аудару, әдетте, сөз тіркесі, сөйлем шегінде ғана жүзеге асады.

Бұдан аударманы үлгі қалыпқа көнеді деген ұғым тумасқа керек, өйткені:

біріншіден, әр тіл үшін басқа тілмен салыстырғанда мұндай ерекшеліктердің болуы әрқашан шектеулі екен;

екіншіден, бұл сияқты құрылымдарды жеткізуде, әрине, қатып қалған стандарт жоқ, аудару өзгермейтін, тұрақты бір рецептке жүгінбейді. Мұндайда да мүмкін болатын нұсқалардың бірін таңдап алуға тура келеді. Грамматикалық балама таңдау да сол сөйлемнің басқа сөйлемдермен қарым-қатынасы, мәтіннің жанры, типі, стилі сияқты жайттарға байланысты болады. Мұны тәптіштей айтып отырған себебіміз — шетел тілін үйретуге арналған оқулықтарда, салыстырмалы грамматикаларда кейбір грамматикалық құрылымдар белгілі бір үлгіқалыппен аударылады деген пікір орнығып, қалыптасқан. Әрине, «бірыңғайлықтан» аулақ болуымыз керек, дегенмен аударма жүзесінде кейбір жиі кездесетін, типтік мәні бар тәсілдер мен оның нұсқаларын белгілеуге мүмкіндік бар.

Бір тілден екінші тілге аудару мәселесін қарастыруда басты назарды әр тілдің өзіне тән ерекшелігі бар грамматикалық құбылыстарға аудару керек. Дегенмен ортақ грамматикалық сипаттары бар тілдердің аударма тілден   өзгеше грамматикалық құрылымдарын аударма тілге қалай жеткізудің типтік жолын, мүмкіндігін табуға болады. Әрине, бұндайда әр тілдегі ерекшеліктердің көрінісін есепке алып отыру керек болады. Мәселен, орыс тіліндегі етістіктің сыпат санаттары ондай санат жоқ түркі тілдеріне (соның ішінде қазақ тіліне) қалай аударылатыны, қазақ тілініңоны жеткізе алатын мүмкіндігі қандай дәрежеде екенін назарда ұстау керек болады. Бұндай сәтте нақты бір тілдің (бізше, қазақ тілінің) басқа тілдегі өзгеше грамматикалық құрылымдарды жеткізе білу мүмкіндігі, ол өзгешеліктерге белгілі бір сәйкес элементтерге сүйену керек. Аударманың жадында болатын бір нәрсе — ол сәйкестіктердің тек формалық қана сипатына сене бермеу. Мәселен, түпнұсқа тілдегі морфологиялық құралдар (жалғау, көмекші сөз, шылау т.с.с) арқылы берілген мағынаны бара-бар етіп аудару үшін лексикалық бірлік іздеуге немесе синтаксистік бірлікпен мағынаны толыққанды етіп беруге тура келуі мүмкін.

Аудармада тілдік жүйенің әр деңгейінің (лексикалық, морфологиялық, фонетикалық, синтаксистік) бір-бірімен тығыз байланысты екені ерекше көрінеді. Мәселен, «Он намерен это сделать» деген сөйлемді «Ол бұны істемек» деп аударамыз. Байқап тұрғанымыздай, «намерен» деген лексикалық сөз қазақшаға -мақ жұрнағы арқылы аударылып жүре береді. Лексикалық бірлік пен морфологиялық тұлғаның байланысы көз алдыңызда.

Ешқандай теория, соның ішінде аударма теориясы да, типтік құбылыстарды жинақтаусыз іске аспайды. Алайда сол жинақтаулардың өзі де материалдың көлеміне, қандай тұсқа қолданылуына байланысты айқындалады, жіктеледі. Тілдің (тұпнусқа және аударма тілдің) өзіндік ерекшеліктерін әрқашан назардан тыс қалдырмау керек. Міне, сондықтан да тұпнұсқа тілінің грамматикалық құбылысын басқа тілге жеткізудің қолда бар мүмкіндіктеріне байланысты қолданылатын жинақтаушы мәні бар қағидалар жеке жайттарды тексеруге, зерттеуге байланысты.

Грамматикалық құбылыстарды аудармаға теліп қарағанда кейбір заңдылықтар мынаған келіп саятын сияқты.

Дәлме-дәл формальды — грамматикалық тұрғыдан аудару тұлғалық-формалық сәйкестіктердің болмауына байланысты көбіне мүмкін болмай қалады. Грамматикалық тұлғаны сол қалпы грамматикалық тұлғамен аудару көбіне аударма тілдегі сөздердің тіркесу заңдылығына сай келмеуі мүмкін, ал кейбір жағдайда тіларалық тепе-теңдік (формалық тепе-теңдік) стильдік тұрғыдан басқаша болып шығады. Әсіресе тұпнүсқа мен аудармадағы сөйлемдердің орын тәртібі мен саны, грамматикалық санаттары, негізгі мағынасы сайма-сай келуі сирек кездеседі. Мысалдар:

Ивсе почему-то вздохнули (Чехов) –

Неліктен екені белгісіз, бәрі де күрсінді.

 Байқап, отырғанымыздай, дәлме-дәл аударма. Дегенмен бұл аудармадан айырмашылықтарды да байқауға болады: почему-то — неліктен екені белгісіз, орыс тілінің бір формасы қыстырмалық ораммен беріліп отыр. Тұпнұсқада бұл сөз формасы басқа сөйлем мүтелерімен синтаксистік байланыста тұр. Оның себебі — то деген белгісіздік санатына қазақ тілінде (формалық) тұлғалық балама жоқтықтан.

Тарихи мәні бар бір мысал келтірейік. Әрі аудармашы, әрі аударматанушы ретінде Мұхтар Әуезов «Дворянское гнездо» атты Тургеневтің шығармасын өзі аударуына байланысты былай деп жазады:

«Мен шамам келгенше, ең алдымен романды дәл аударуға тырыстым. Тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатын болады. Бұл жөніндегі дәл аудару дегенді мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару деп түсінемін. Сондықтан қанша ұзын болса да романның өзіндегі сөйлемдері үзіліп, бөлшектеніп, бірнеше сөйлем болып берілмейді. Соның орайына орысша текстің өзінде болған тыныс белгілерінің көбі қазақша тексте де мол қолданылады.[1]

Сөйтіп Тургеневтің сөйлемдері қазақшасында да өзінің ұлынды-қысқалы көлемімен дәл беріледі».

М. Әуезовтің нақты бір шығармаға байланысты айтқан бұл пікірі де «Дворяндар ұясы» шығармасын аударуы да сыннан сыртқары қалған жоқ. Сын айтушылардың тілге тиек еткен себептерінің бірі сөйлем тіркестерінің тұпнұсқаға тіпті жақын тұруы еді. Мұнда бір-бірінен тілдерінің грамматикалық байланысы шамалы екі халықтың тілін жақындастыру мақсаты қойылғанға ұқсайды. Мұхтар Әуезовтің тіл шеберлігі, дарыны мұны көп орайда жеткізе де білді. Олай дейтініміз М. Әуезов түпнұсқа тілінің кестесін, ой астарын тамаша меңгерген. Осы аудармадан кейбір мысалдар:

Ночь была тиха и светла, хотя луны не было-

  Тұн тыныш, ай бомааса да, жарық екен.

Лаврецкий поднялся и начал возражать Панщину: завязался спор — Лаврецкий түрегеліп, Панщинге қарсы сөйлеп: дау басталды.

 День пронесся быстро в этих размышлениях, начал вечер. —

Осындай ойлармен күн тез өтті де, кеш те батты.

Он еп сам по себе не очень нравился, да и Паищин, под влиянием которого она находилась, весьма коварно, но небрежно похвалил его накануне.

Мұның өзі де оншалық ұнамайтын және Панщинге өзінің бұл әйелге ететін әсері бойынша кеше жігітті арам түрде және астамшылықпен мақтаған болған.

Алдыңғы үш мысал дұрыс-ақ аударылған, ал соңғысында аудармашы қазақ тілінің ерекшелігін нысана етпей түпнұсқа тілдің грамматикалық құрылысының жетегінде кетіп қалғандай. Бұдан шығатын қорытынды сол, аударуда грамматикалық санаттардың айнымалы өзгергіштігі, тіпті дәл аударылуы дегеннің өзінде, әрдайым болып тұратын құбылыс. Формалық-грамматикалық тепе-теңдік деген нәрсе аудармада тіпті өте сирек болады екен. Түпнұсқа мен аударма тілдегі грамматикалық айырмашылықтардың болу жағдайлары. Түпнұсқа тіл мен аударма тілдің арасында болатын айырмашылықтардың үш типі бар:

1.  Түпнұсқа тілде кездесетін элементтерге аударма тілде формалық-грамматикалық сәйкестіктердің болмауы. Мысал ретінде орыс тілін тұпнүсқа тіл деп алсақ, ол тілдегі етістіктің вид категориясы, род категориясы, сын есімнің қысқа формасы т.с.с.

2. Керісінше, аударма тілде бар элементтер түпнұсқа тілде болмайды. Бұған орыс тілінен қазақ тіліне аударуда кездесетін қазақ тіліндегі етістіктің нақ осы шағы, бұрынғы өткен шағы, өзгелік етіс, тәуелдік жалғау т.с. жатқызуға болады.

3.    Аударма   тіл   мен   түпнұсқа   тілде   формалық-грамматикалық жағынан бір-біріне сай келетін элементтер болғанмен аудару үстінде олар қызметтері жағынан әртүрлі болып келуі мүмкін. Мәселен, орыс тіліндегі «и» көп мағыналы ол кейде себеп-салдар мағынасын берсе, кейде шарттылық мағынасын да береді.

Мысалы: Он нежених тебе, и вам вместе жить нелъзя. («и» салдар мағынасын ұстеп түр). Сумейте создатъ условия, и вы удлените жизнь растений. (Бұл жерде «и» шарт мағынасын білдіріп тұр).

Сол сияқты қазақ тіліндегі шартты рай тұлғасы формалық жағынан орыс тілінің «бы» демеулігіне балама болатындай. Алайда қазақ тіліндегі шартты рай басқа мағыналарда да жұмсалады. Тағы бір мысал. Қазақ тілінің дейін шылауы орыс тілінің до предлогымен сай келеді. Алайда «Мне не до шуток» дегеннің қазақшасы «Менің қалжыңдайтын жайым жоқ» болып шығады.

Екі тілдің синтаксистік икемділігін қолдану. Қай тілде болсын синтаксистік құрылымдар екі қабатқа — беткей құрылым және терең құрылымдық қабаттарға – бөлініп жүр-түсіндіре кетейік. Мәселен, орыс тіліндегі:

Рабочие постройли дом.

 Дом построен рабочими.

 Рабочие, которые построили дом… деген сияқты синтаксистік түзілімдердің беткей құрылымы әртүрлі болғанмен терең қабаты, яғни мағыналық жағы бір-біріне жуық жатыр. Аударуда, әрине, осы терең құрылым (мағынасы, мағлұматтың мәні) өзгеріссіз қалу керек. Бірақ бұдан беткей құрылымды (формалық, грамматикалық) елемеу керек деген сөз тумасқа керек, өйткені сыртқы форманың да стильдік рөлі болуы мүмкін. Мәселен, орыс тіліндегі ырықсыз (пассив) құрылымды («Дом построен рабочими») сөйлемдер ауызекі сөйлеу тілінен гөрі кітаби-жазба стильде көбірек тараған. Сондай-ақ қазақ тілінде баяндауыштық орын тәртібінің өзгеруі басқа стильден гөрі ауызекі сөйлеуге, поэзияға тән десек болады.

Аударма үдерісінде назар аударатын синтаксистік құбылыстар, бағамдауымызша, төмендегідей. Ескерте кетер бір жайт, дәл бұл мәселені біз түгендеуді мақсат тұтпадық, мақсат оқырманға бағыт беру, ой салу болды.

Орыс тіліндегі сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі шартты түрде болса еркін екені белгілі, ал қазақ тіліндегі сөйлемнің әр мүшесінің белгілі бір қалыпты орны бар. Сондықтан орыс тілінен қазақ тіліне аударуда әрқашанда орын тәртібің өзгертуге тура келіп отырады. Бір мысал:

Приезжает стрелец-молодецк царю.

 Привозит царевнино платье;

Василиса-царевна опять заупрямиласъ. –

Мерген-өрен патшаға келеді;

 арудың көйлегін береді,

Василиса-падиша айтқанға көнбей, қиғылық салыпты. (ауд. М. Әлімбаевтікі).

Орыс тілінен қазақ тіліне аударуға байланысты тағы бір синтаксистік мәселе — орыс тіліндегі сабақтас құрмалас сөйлемдер қазақ тіліне жай сөйлем болып аударылатындығы.

Мысалы:

Он сам не понимал, как это ложь сорвалась с его языка.

Ол бұл өтіріктің аузынан қалай шығып кеткендігін байқамап қалды.

 Он тот, кто нам нужен. –

Ол бізге керек адамның өзі. Әрине бұл жерде де басты мәселе — мағынаны сақтау.

Кейбір ұзақ периодтарды сол периодтық формасын сақтап аудару түпнұсқаның мәнді тұстарын бұрмалап жіберуге аударманы ретсіз, түсініксіз етуге соқтыратыны да бар. Бұл -форма қуудың салдарынан болады. Түпнұсқа мағлұмат толыққанды етіп жеткізу үшін бұндайда оларды бірнеше сөйлем етіп беруге де тура келеді. Мысал ретінде М. Әуезовтің Л. Толстойдың «Думаннан соң» атты әңгімесін аударуына қатысты жасаған Ә. Сатыбалдиевтің талдауына назар аударайық: [3]

«… Дождавшись началамазурочногомотива, онбойко топнул одной ногой, выкинул другую, и высокая, грузная фигура его то тихо и плавно, то шумно и бурно, с топотом подошва и ноги об ногу, задвигаласъ вокруг залы» деген сөйлемнің бөлшектенуін көрейік:

«Мазурка күйінің басы бастала бергенде, ол бір аяғын екпінмен тарс еткізіп, екіншісін соза бастады. Зор ауыр денесі кейде жай, кейде қалқып, кейде құлшынып, екілепіп кетеді. Бір аяғын бір аяғына соғып, немесе табанымен тақтай теуіп, зал бойымен жылжып берді».

Бір сөйлемнен үш сөйлем шығарған. Бірақ, соңғы екеуі бастауышсыз сөйлемдер болғандықтан, қисындық жағынан алдыңғысымен еріксіз жалғасып, бәрі біртұтас ойды білдіреді, бүтін бір көріністі бейнелейді.. Автордың стилін сақтауға себін тигізді деп отырғанымыз да содан. Ал егер осыларды толымсыз сөйлем етіп алмай, әрқайсын дербес құрған болса, онда әлдекандай бір ортақ бастауышты амалсыз қайталап, ойдың екпінін әлсіретіп жіберген болар еді де, автордың стилінен алшақтай берер еді

Байқап тұрғанымыздай, бұл тәсілде де стиль басты бағдар болуы керек скен. Аударуда тыныс белгілерін сақтау көбіне әріпқойлыққа жатқызылып жүр. Алайда аударматанушы Ә. Сатыбалдиев аударуда тыныс белгілеріне айырықша көңіл бөлудің қажет екенін қисынын дәлелдейді.

Өйткені тыныс белгілері автордың өзіндік стиліне, сөз саптау ерекшелігіне, кейіпкердің характері, беруге түпнұсқаның ырғағына қызмет етіп тұруы мүмкін.

Аударуда грамматикалық вариантты таңдап алу. Қай тілді алсақ та, кейде бір мағына-мазмұн әр түрлі грамматикалық варианттар арқылы да беріледі. Айталық, қазақ тіліндегі «қаладан шықты, қала маңынан шықты, қала жақтан шықты» деген сияқты сөз тіркестер контекске қарай бір ғана мазмұнға ие болып тұруы мүмкін. Сол сияқты «Тегінде, біреуді жамандағанда үйіп-төге бермей, шектен шықпаған жөн ғой», «Тегінде, біреуді жамандағанда да шектен шықпай, барды-жоқты үйіп-төге бермеген жөн ғой» деген сияқты сөйлемдер әр түрлі ретте тұрғанмен, мазмұны өте ұқсас.

Грамматикалық варианттардың синонимдігі көбінесе конструкцияны тұтас алғанда көрінеді. Мәселен, жаңағы «қала, қала жақ, қала маңы» деген сөз формалары жеке алсақ синоним емес.

Грамматикалық синонимдер бірыңғай мағына-мазмұн береді дегенімізбен, олар стильдік тұрғыдан бірдей бола бермейді, бірін-бірі әрқашан ауыстыра бермейді. Бұл тәріздес синонимдердің бір ғана вариантын таңдап алу не керекті мағынаны анықтайтын тар көлемді контекске, не тілдік стиль жүйесін анықтайтын кең көлемді контекске байланысты. Салыстырыңыз: Тегінде біреуді жамандағанда барды-жоғы үйіп-төге бермей, шектен шықпаған жөн. Тегінде, біреуді жамандаған екенсін, сонда да барды-жоқты үйіп-төге бермей, шектен шықпаған жөн деген синонимдес сөйлемдерді алайық. Бірінші вариантында ақыл айтып қана тұр, ал екіншісінде «жамандама» деп тұрған жоқ, бірақ «шамасын біл» деп тұр. Бұл — тар көлемді контекске байланысты құбылыс, айтылатын дәл мағыналық реңкті аша түсу үшін керек заңдылық. Енді кең келемді контекске келейік:

Алтын қылыштан құраған үйеңкі артық —

Алтын қылышпен солыстырғанда құраған үйеңкі артық;

 Қағазыңыз бар ма? – Қағазыңыз бар, ә?

Бұл сөйлемдердегі бірінші вариант жазба тіл стиліне тән де, екіншісі ауызекі сөйлеу стиліне тән. Аудару үстінде түпнұсқа тілдің осындай қасиеттерін ескеріп отыруға тура келеді.

Кейбір қорытындылар:

Түпнұсқа тіл мен аударма тілдің грамматикалық жүйелерінің сәйкессіздігі, осыдан келіп шығатын кейбір грамматикалық формаларды дәлме-дәл бере алмау сияқты қиындықтан баска грамматикалық құралдармен немесе грамматикалық тұлғалардың орнына лексикалық сөз қолданумен игеріледі.

Екіншіден, аударуда екі тілдің тұтас грамматикалық жүйесін есепке алып отыру керек, жекелеген жайттарды қуалап кету олқылыққа ұшыратады.

Келесі бір әрқашан есте ұстар мәселе, грамматикалық құрылымдарды аударуда да мағыналық-стильдік бояуды, контексті назардан тыс қалдыруға болмайды.


Тағы рефераттар