Ұлттық әдебиеттің өзіндік ерекшелігі туралы қазақша реферат

Әдебиет тарихынан мәлім әр жанрдағы көркем әдеби  мұраларға, көркем әдеби, публицистикалық жазбаларға қарағанда, ХХ ғасырдың басындағы ширек ғасыр қазақ әдебиетінің бәз қалпында даралық танытқан, халық тағдырының өртіне түсіп, санасынан сартап болған ұлттық мүдденің тізгінін қолына алған сәті деп қараған дұрыс. Бір жағынан, Ресей патшасының болғандығында  болғанымен, 1905 – 1907 жылдардағы дүрбелеңді кезең, Ресей үкіметінің, большевиктер партиясының тегеурінінен әлсіреп, алыс-жақынды бүріп ұстаған шеңгелінің «босаңсып», байтал түгіл бас қайғының кебін киген тұсында бодан елдерінің көзі ашық зиялы өкілдері өз ұлтының, елінің елдігі келешегін ойлап, алдағы күндердің қамын жей бастаған секілді.

Екіншіден, қазақ ортасының ішкі даму жөні де пісіп-жетіліп, осындай бір күрделі де қайшылықты кезеңге аяқ басқаны анық-ты. Әдебиет қашанғыдай  осы үрдістің өзегіндегі құбылыстардың тамырын басты. Сөйтіп, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті идеялық сарындарымен де , көркемдік ізденістерімен, жанрлық бітімімен де, алуан қырлы тақырып, сан сырлы мазмұн, сазымен де ұлттық әдебиеттің өзіндік бітімін білдіреді. Өкініштісі, нақ осы он бес – жиырма жылдағы қазақ әдебиеті шығармалары әдебиет тарихында өзіне лайықты  тиісті бағасын толық ала алмады. Қазан төңкерісінен кейін, советтік жүйе тізгінді біржолата қолына қаратқаннан соң, екі ғасыр арасындағы, екі заман жалғасындағы «өліара» кезеңдегі қазақ әдебиетінің ақиқаты мейлінше теріске шығарылды, бұрмаланды, бірте-бірте түнекке тасталып, қапас қақпасы тарс жабылды.

Бұл тұстағы қазақ әдебиетінің күллі сипаты мен даму заңдылықтарының көріністері, өзіндік кемшілік-жетістіктеріне қарамастан, қазақ топырағындағы  ұлттық көркем саз өнерінің табиғи болмысын танытады. Жаратылысынан қазақ елінің мүддесін талғаған әдебиеттің әрі қарай даму жолы да айқын, өрісті болатын. Заман беті теріс бұрылды. Бірте-бірте әдебиет те кеңестік кептің кезіне түсті. Бұл кезеңді бөліп алып қарастырудағы мақсат әдебиет тарихындағы әр белесті кездің, мерзім жағыннан ұзақ-қысқалығына қарамасатан, өзіне тән заңдылықтардын жан-жақты ашып қарастыруды көздейді.

ХХ ғасыр басындағы әдебиет шамамен ширек ғасырлық уақытты қамтыса да (шартты түрде Қазақ АССР-і құрылған 1917 жылдан бастап саналатындықтан, «1900-1917 жылдардағы әдебиет» деп нақтылап алуға тура келеді. Екі ғасыр аралығында қазақ әдебиетінің ерекшелігі де мол болады, сонымен қатар осы кездегі әдеби үрдіс, көркемдік таным заңдылықтары қазақ тарихының да елеулі беттеріне  шындық сәулесін түсіреді. Сондықтан да болу керек, қаншама тыйым салынады, сол тұстағы ірі-ірі қайраткер ақын-жазушылар саяси қуғын-сүргін құрбаны болды дегеннің өзінде, бұл кезеңдегі әдебиеттің көкейтесті мәселелеріне әдебиетшілер әр уақыт айналып соғып, мән беріп отырды. Дегенмен, бұл дәуір әдебиетіне ашық мүдде биігінене қарауға тек КСРО ыдырап, Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда, Алаш қайраткерлері аталғаннан бертінгі кезде ғана мүмкіндік туғаны тарихи шындық.

Солай десек те, өз тұсында ХХ ғасырдың басындағы әдеби процесс біршама зерттеліп, түрлі сапалы ғылыми еңбектер де, зерттеу, оқулықтар да жарық көрді. Сәбит Мұқановтың  «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті»  (1932 ж), Бейсенбай Кенжебаевтың «Қазақ хылқының ХХ ғасыр баындағы қазақ әдебиеті» (1956 ж., 1993 ж.), Есмағамбет Ысмайловтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1941ж.), Белгібай Шалабаевтың «Қазақ прозасының тарихы» (1968 ж.), Әнуар Дербісалиннің «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті»(1966 ж.), Тұрсынбек Кәкішевтің «Сын сапары» (1971 ж.), «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» (1994 ж.), Айқын Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» (1966), Бүркіт Ысқақовтың «Қазақ-татар әдеби байланысы» (1976), «ХХғасырдағы қазақ әдебиеті. Октябрь алдындағы кезең. Хрестоматия» (1983), Зейнол Бисенғалиевтың «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» (1977 ж.), Диқан Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет» (2002), т.б. монографилық оқулықтармен кітаптарда бұл кезең әдебиеті әр қырынан қарастырылды. Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдар ұжымы бастырып шығарған «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (1994 ж.), «Қазақ әдебиетінің тарихы» «ІІ т. 2 кітап, 1965 ж.) сынды ірі еңбектерде де  бұл тұстағы әдеби үрдіс ерекшелігі арнайы қозғалды. Академиялық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (ІІ т. 2 кітап, 1965 ж.) басылымының үлкен міні – осы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін егжей-тегжейлі саралап бағалай алмады. Сол тұстағы саясаттың пәрменімен бірқатар жаңсақ тұжырымдарға жол берді. Көптеген шығармалар мен ақындар, ағартушылар туралы жеткілікті түрде сөз болмады немесе мүлде ауызға алынбады. Енді бір шығармалар (мыс. М.Сералиннің «Топжарған» дастаны) қисынсыз мінелді.

ХХ ғасыр басындағы қазақ ортасындағы ұлттық әдебиет тынысы қандай еді? Нақ осы тұста жазба әдебиеттің үздік үлгілерімен жақсы таныс, өз елінің өткені мен болашағы жайлы заман ағымында толғанған ақындар мен жазушылардың қуатты толқыны, кесек дарынды суреткерлердің шоғыры бой көрсетті. Сол толқынның бел ортасында Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Ахмет, Жүсіпбектер тұрды. Осы аса әлеуетті толқынның шығармалары арқылы қазақтың ұлттық әдебиетінің жаңа кезеңі замана сөзін айтты. Қазақ өлеңінің мазмұны да, өрнегі мен рухы да жаңа толғаммен шыға бастады. «Оян, қазақ» сол ұлттық поэзияның жаңа күнінің бөрілі байрағындай жұрт көңілін аударды да тұрды. Небәрі жиырма бес жасында Қарқаралы петициясына бел шешіп, білек сыбанып қатысқан Міржақып Дулатов (1885-1935 ж.ж. ) алғашқы өлең, публицистикалық мақалаларымен қазақ елін жаңашылдыққа,  тек жатпауға, оянуға үндеді. Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасы «Оян, қазақ!» кітабын шығарғаннан кейін-ақ (1909 ж.) ақынның азаматтық үні алысқа естілді. «Міржақып неге отырсын қалам тартпай» деген сауалды тебіреніспен басталған толғамды ой қазақты бірлікке, тірлікке шақырған қуатты публицистикалық поэзия арқауына, азаматтық толғамға ұласады.

Бірлік жоқ алты ауызды халықпыз ғой,

Қатардан сол себепті қалыппыз ғой! –

деп, Абай сөздеріне үн қосып, Абай күңіренісіне жауап іздегендей болады. «Ғылым мен мағрифатты керек қылмай», «надандық шәбатына» қанған түнектен шығудың жолын іздейді. Салбөкселікті қой, жата бермей «Оян, қазақ!» дейді. Міржақып поэзия тілінде Ресей бодандығына кірген жылдары, қазақ жерінің жат қолдарына өтіп болған жылын атап көрсетеді. Айтылуға, халық жадында қалуға тиісті даталар мен деректерді ақын осылай да жұрт есіне салғандай екен. Абайдың қоғамдық-философиялық күңіреністі ойларынан кейінгі леп, жігерлі қадам осы еді. Қазақ қауымының бар болмысын, үмітті күндері мен күйікті түндерінен кейінгі ақын «Оян, қазақ!» демеске болмайтын-ды. Абайдың рухани суреткерлік мектебінен дәріс алып шыққан ақындар қазақ қамын осылай толғана ойлаған-ды.

Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов есігін ашқан дана Абайдың реалистік суреткерлік дәстүрі жоталанып көрінді, абайтанудық тұғырлы іргетасы қаланды.
Тағы рефераттар