ХІХ ғ. – бұл классикалық жаратылыс танудың гүлденуі, ғылымдардың біртұтас жүйесінің құрылуы. Жаратылыс танудың өндіріспен байланысы тығыз болды. Өнеркәсіпке жұмыс істейтін бірінші ғылыми зерттеу зертханалары пайда болды. Жаратылыс танудың әр түрлі салаларындағы жаңа ғылыми жаңалықтары өнеркәсіптің жетекші салаларының дамуына әсер етті: металлургия, энергетика, машина жасау, аспап жасау, көлік, химиялық өнеркәсіп.

Қарапайым практикалық тәжірибе өндірістік процестерді теориялық ұғынумен және дәл инженерлік есептеумен толықтырыла түсті. Электрдің табиғатын зерделеу нәтижелері электроэнергияны байланыс жүйелерінде, жұмыс машиналарының жетекті құрылғыларында, әр түрлі кәсіпорындардың көптеген технологиялық процестерінде, үйлер мен көшелерді жарықтандыру үшін қыздыру лампаларын жасауда қолдануды мүмкін етіп, электротехниканың дамуының теориялық негізі болды.

Паровозды, іштен жанғыш қозғалтқышты, телефонды, радионы, киноны және басқа көптеген заттарды ойлап табу ғылым мен техникада төңкеріс жасады, үлкен тарихи мәнге ие болды.

ХІХ ғ. ғылым мен техниканың дамуында болған ұлы өзгерістер Европа континентінің барлық елдері мен халықтарының әдебиеті мен өнерінің дамуына көп үлес қосты.

Капитализмнің қалыптасу дәуірі – европалық көркем мәдениеттің дамуындағы жаңа дәуір. Осы дәуірде классицизм, романтизм, сыни реализм, импрессионизм қалыптасты.

Осы маңызды бағыттардың Европа мәдениетінің дамуындағы мәні мен мазмұнын қарастырайық.

Классицизм (лат. classicus – үлгілі деген сөзінен) XVIII ғ. француз мәдениетінде қалыптасты және француз абсолютизмінің идеясын бейнеледі. XVIII ғ. классицизм буржуазиялық ағартушылықпен байланысты болды және қоғамның буржуазиалық-революциялық құлшыныстарын көрсетті. Рационализм идеяларына негізделген классицизм стилі биік, ерлік және өнегелі идеалдарды бейнелеуге, айқын, үйлесімді бейнелерді жасауға тырысты. Сонымен қатар классицизмге утопизм, идеализация, дерексіздік, академизм белгілері тән болды.

Неміс әдебиетінде классицизм өкілдері – И.В. Гете және И.Ф. Шиллер.

Иоганн Вольфганг Гете (1749-1832 ж.ж.) – неміс әдебиетінің негізін қалаушы, Петербург Ғылым Академиясының шетелдік құрметті мүшесі өзінің әдеби қызметін бүлікшіліктен («Дауыл және тықсыру» бағытына қатысу), сентиментальды романтизмнен («Жас Вертердің азап шегуі») бастады, веймарлық классицизм кезеңінен өтті және «Фауст» трагедиясында өмір проблемаларын философиялық түсіндіруге тырысты.

Иоганн Фридрих Шиллер (1759-1815 ж.ж.) – ақын, драматург, «Дон Карлос», «Мария Стюарт» трагедияларының, «Вильгельм Телль» драмасының авторы.

Романтизм (франц. romantisme, орта ғасырлық romant – роман) – Европаның барлық елдерінде және Солтүстік Америкада дамыған идеялық-көркем бағыт. Ғылымның, әдебиет пен өнердің барлық салаларында бейнеленді.

Германияда романтизм XVIII-ХІХғ.ғ. қалыптасты және ХІХғ. бірінші ширегінде жақсы дамыды. Классицизм дәстүрлері күшті болған Францияда романтизмнің қалыптасуы, әсіресе театр өнерінде ұзаққа созылды. Романтизм кең қоғамдық топтардың буржуазиялық революция нәтижелеріне қанағаттанбаудан, ұлттық езгі, саяси реакцияға қарсы шығудан шықты. Романтизм өкілдеріне XVIII ғ. ағартушыларының іліміне көңілдері толмау тән болды. Романтизм тұлғаның утилитаризмі мен біркелкілігіне шексіз еркіндікке талпынуды, жетілуге және жаңаруға құштарлықты, жеке және азаматтық тәуелсіздік пафосын қарсы қойды. Романтикалық қозғалыс өкілдері ұлттық өткен тарихқа (кейде оларды идеалды етіп көрсетті), өз халқының және басқа халықтардың фольклор дәстүріне және мәдениетіне қызығушылық тудырды, әлемнің универсиалды кейпін жасауға тырысты.

Романтизмнің нағыз отаны Германия болды. Неміс романтизмі Жан Поль (1763-1825 ж.ж.), Генрих фон Клейст (1777-1811 ж.ж.) тәрізді белгілі жазушыларды тудырды. Эрнст Теодор Амадей Гофман (1776-1822 ж.ж.) романтизм шыңына шықты. Оның туындыларына драматизм мен сарказм, лирика мен гротеск тән (мысалы, «Албасты эликсирі»). Ол тұрмыстағы шындықты сыни қабылдады («Алтын құмыра» повесі, «Құйтақандай Цехес», «Бүргілер билеушісі» ертегілері). Гофман — неміс музыкалық эстетикасы мен сынының негізін қалаушылардың бірі, алғашқы романтикалық опералардың бірі «Ундинаның» авторы. Гофманның поэтикалық бейнелері Р. Шуманды («Крейслериана»), Ж. Оффенбахты («Гофман ертегілері»), П.И. Чайковскийді («Щелкунчик» балеті) шабыттандырды.

ХІХ ғ. бірінші жартысында Германияның ұлы ақыны, өз шығармашылығында романтика мен иронияны үйлестірген Генрих Гейне (1797-1856 ж.ж.) өмір сүрді.

Англияда Дж. Ноэль Гордон Байронның (1788-1824 ж.ж.) лирикалық романтизмінің ықпалы зор болды. Оның «Чайльд Гарольдтың қажылығы» поэмасы романтикалық бүлікші, Наполеон кезеңінен кейін көңілі қалған қаһарманды өмірге әкелді. Белсенді гуманизм мен әулиелік болжамдары Байронды сол кездегі Европаның  ойшылы етті.

Ағылшын романтизмінің өкілдері — Дж. Китс пен Б. Шелли. Дж. Китс (1795-1821 ж.ж.) — «Эндимион» патриархалды-утопиялық идилияның авторы, онда пуритандық екі жүзділікке қарсылық көрсетілген. «От», «Психея» одаларында ақын табиғат сұлулығы мен үйлесімін дәріптейді. Ол — «Гиперион»  символико-аллегориялық поэмасының авторы.

Перси Бишу Шелли (1792-1822 ж.ж.) – «Маб ханзадасы» аллегориялық поэмасының авторы, шығармада қазіргі қоғамның әдепсіздігі әшкерленеді. «Исламның көтерілісі» поэмасында Шелли жауыз патшаны зорлықпен орнынан түсіруді ақтайды. «Ченчи» трагедиясында және «Бостандық алған Прометей» лирикалық поэмасында бостандық пен зорлық-зомбылық проблемаларына философиялық түсінік береді. Бірақ осы ақындар дүниеден кетісімен ағылшын романтикалық қозғалысы сөнеді.

Музыкадағы романтикалық бағыт бай және дарынды болды. Бұл неміс композиторы, музыка сыншысы, романтизм эстетикасын суреттеуші Р. Шуман (1810-1856 ж.ж.). Ол бағдарламалық фортепьяналық циклдердің («Көбелектер», «Карнавал», «Фантастикалық пьесалар», «Крейслериана»), лирико-драмалық вокальды циклдердің, «Геновена» операсының, «Рай мен Пери» ораториясының және басқа туындылардың авторы.

Француз композиторы мен дирижері Г. Берлиоз (1803-1869 ж.ж.) романтизм өкілі болды. Оның туындыларына «Фантастикалық симфония», «Траурлық-триумфальды симфония», «Трояндықтар» опера-дилогиясы, Реквием жатады. Романтикалық бағыт неміс композиторы, дирижері, музыкалық жазушысы, опералық өнер реформаторы Р. Вагнердің (1813-1883 ж.ж.) шығармашылығында да кездеседі. Оның мына опералары белгілі және кең танымал: «Риенци», «Ұшатын голландиялық», «Тангейзер», «Лоэнгрин», «Тристан мен Изольда» және көптеген басқа музыкалық туындылар.

Романтизм идеясы венгр композиторы, пианисті, дирижері Ф. Листтің (1811-1886 ж.ж.) шығармашылығында суреттелген. Ол «Фауст-симфония» ораториясын, 13 бағдарламалық симфониялық поэма, 19 рапсодия, этюд, вальс, 70 шақты басқа музыкалық туындылар жазған. Романтикалық бағыттың өкілі поляк композиторы және пианисті Ф. Шопен болған (1810-1849 ж.ж.). Ол 2 концерт, 3 соната, 4 баллада, скерцо, бірқатар экспромталар, ноктюрндар, этюдтар, әндер жазған. Бұл композиторлар – Европаның ғана емес, әлем мәдениетінің мақтанышы.

Ресейде ХІХ ғ. бірінші жартысында белгілі композитор, орыс классикалық музыкасының бастаушысы, музыкадағы романтизм мен реализмнің негізін қалаушы М.И. Глинка (1804-1857 ж.ж.) өмір сүрді. Оның «Патша үшін өмір сүру» («Иван Сусанин»),  «Руслан және Людмила» опералары, «Комаринская», «Испан увертюралары» симфониялық шығармалары, романстары бүкіл әлемге кең танымал. Атақты орыс композиторы А.С. Даргомыжский (1813-1869 ж.ж.) – орыс классикалық музыкалық мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Оның «Русалка», «Тас қонақ», «Эсмеральда» опералары және басқа музыкалық туындылары әлем музыка мәдениетінің қазынасына енді.

Кескіндемеде де романтикалық тенденциялар байқалады. Француз кескіндемесіндегі романтизм бастауы Т. Жерико (1791-1824 ж.ж.) шығармашылығымен байланысты. Оның басты жұмыстарының бірі – «Медуза салы» полотносы. Романтизмнің керемет құбылысы – Э. Делакруа кескіндемесі (1798-1863 ж.ж.). Ол көбінесе Байрон поэзиясының мотивтеріне полотно жазған және бірқатар тарихи композицияларды дүниеге әкелген. 1830 ж. революциялық оқиғалардың қызған кезінде ол бүлікшілік пафостағы, романтизмге тән картина жазады, оны «Халықты бастаушы еркіндік» деп атаған.

Реализм ХІХ ғ. 30-40 ж.ж. көркем әдебиет пен бейнелеу өнеріндегі романтизммен қатар орнайды, бірақ ХІХ ғ. ортасында ол Европа мәдениетіндегі басты бағыт болады.

Әдебиет пен өнердегі реализм — көркем шығармашылыққа тән құралдармен шындықты ақиқат, объективті бейнелеу.

Францияда 30-40-жылдары әлем таныған жазушылар өздерінің ең үздік реалистік туындыларын жазады, олардың қатарында 95-томдық «Адамгершілік комедиясын» жазған О де Бальзак (1799-1850 ж.ж.), «Париж әйел құдайының соборы», «Тоқсан үшінші жыл», «Шеттетілгендер» романдарының авторы В. Гюго (1802-1885 ж.ж.), «Бовари ханымы», «Сезімдерді тәрбиелеу», «Саламбо» романдарының авторы Г. Флобер (1821-1880 ж.ж.) болды. П. Мериме (1803-1870 ж.ж.) – новелла жазу шебері («Матео Фальконе», «Коломба», «Кармен»), пьесалардың, тарихи хроникалардың авторы («Карл ІХ кезеңінің хроникасы»).

30-40-жылдары реализм Англия әдебиетіндегі жетекші бағыт болды. Ағылшын сыни реализмінің негізін қалаушы Ч. Диккенс (1812-1870 ж.ж.) болды. Атақты сатирик және юморист реализм шыңы болатын туындылар жазды («Домби мен ұлы», «Ауыр кезеңдер», «Үлкен үміттер»). Оның замандасы У. Теккерей (1811-1863 ж.ж.) «Мансап құмарлық жәрмеңкесі» романында, «Генри Эсмондтың тарихы» тарихи туындысында, «Көрсеқызарлар кітабы» сатирикалық эсселер жинағында, «Даңқты жазып шығарушылар романдары» пародиялар циклінде буржуазиялық қоғамға тән кемшіліктерді көрнекі түрде көрсетті.

ХІХ ғ. соңында ағылшын әдебиетінің реалистік бағыты әлемге таныған үш жазушының шығармашылығымен ұсынылған: Д. Голсуорси (1867-1938 ж.ж.), Б. Шоу (1856-1950 ж.ж.), Г. Уэллс (1866-1946 ж.ж.). Олардың шығармаларында реализм әрі қарай дамыды. Д. Голсуорси «Форсайттар туралы сагасында» және «Қазіргі комедияда» ХІХ ғ соңы мен ХХ ғ. басындағы буржуазиялық Англия тұрмысының эпикалық бейнесін береді. Д. Шоу – драм-дискуссияны жасаушылардың бірі, олардың негізі бір-біріне қарсы идеологиялардың қақтығысуы, әлеуметтік-этикалық проблемаларды ымырасыз шешу болды, мысалы «Бойдақтар үйі», «Уоррен ханымның кәсібі», «Алма салынған арба». Г. Уэллс – ғылыми-фантастикалық әдебиет классигі. Ғылыми-техникалық прогресс проблемаларын қоғамның дамуының әлеуметтік және өнегелік болжамдарымен байланыстырады. «Уақыт машинасы», «Көзге көрінбейтін адам», «Дүниелер қақтығысы» романдарында Уэллс жаңа ғылыми концепцияларға сүйенеді.

ХІХ ғ. соңында Скандинавия елдерінің әдебиеті әлемге таныла бастайды. Бұл ең алдымен норвегиялық жазушылардың туындылары: Г. Ибсен (1828-1906 ж.ж.), Б.М. Бьернсон (1832-1910 ж.ж.), К. Гамсун (1859-1952 ж.ж.). Г. Ибсен өзінің өткір әлеуметтік-реалистік драмалары «Қуыршақ үйі» («Нора»), «Елес», «Халық жауында» адамзат тұлғасын екі жүзді буржуазиялық моральдан бостандық алуға шақырды. Оның туындылары – реалистік батыс европалық драматургияның жоғары жетістіктерінің бірі. Норвегиялық драматургия мен сыни реализмінің негізін қалаушы – Б.М. Бьернсон. Өзінің әлеуметтік-сыни көзқарастарын «Банкротқа отыру», «Біздің күшімізден астам» драмалары мен өлеңдерінде бейнеледі. К. Гамсанудың қаламына «Аштық», «Мистериялар», «Пан», «Виктория» психологиялық романдары жатады, онда жеке тұлғаның тоғышар ортаға қарсы бүлігі суреттелген. Өткен ғасырдың соңында осы норвегиялық жазушылардың шығармашылығы басқа халықтардың қоғамдық сана-сезімі мен әдеби шығармашылығына едәуір әсер етті.

ХІХ ғ. екінші жартысында сыни реализм орыс әдебиетінде де басты бағыт болды. Оның негізін А.С. Пушкин (1799-1837 ж.ж.), М.Ю. Лермонтов (1814-1841 ж.ж.), Н.В. Гоголь (1809-1852 ж.ж.) салып кетті. Крепостнойлықты, оның өмірдегі және адамдар санасындағы қалдықтарын әшкерелеу, жаңа буржуазиялық қоғамның кемшіліктерін көрсету Ресейдегі прогрессивті әдебиеттің негізгі бағыты болды. Л.Н. Толстой (1828-1910 ж.ж.), Ф.М. Достоевский (1821-1881 ж.ж.), И.С. Тургенев (1818-1883 ж.ж.), М.Е. Салтыков-Щедрин (1826-1889 ж.ж.), А.П. Чехов (1860-1904 ж.ж.) ресейліктердің қуанышы мен қайғысы мол өмірін суреттеді.

Л.Н. Толстойдың данышпан шығармашылығы («Соғыс пен бейбітшілік», «Анна Каренина», «Қайта тірілу» романдарының, «Балалық шақ», «Ересек кез», «Жастық шақ» трилогиясының авторы) әлемдік әдебиетке зор әсер етті. «Қорлық көргендер мен жәбірленгендер», «Қылмыс пен жаза», «Есуас», «Ағайынды Карамазовтар» романдарында Ф.М. Достоевский айқын, өзіндік орыс мінезінің қақтығысын, кейіпкерлердің бақыт, үйлесім іздеуін суреттеді. И.С. Тургеневтің керемет туындыларында орыс шаруаларының рухани қасиеттері мен дарындылығы («аңшының жазбалары»), дәуірдің «артық адамдары» мен жаңа қаһармандарының бейнелері («Әкелері мен балалары», «Рудин»), орыс әйелдерінің жанкештілігі («Қарсаңында», «Дворян ұясы») көрсетілген.

М.Е. Салтыков-Щедриннің шығармашылығы самодержавиелік-крепостнойлық құрылысқа қарсы бағытталған («Губерниялық очерктер», «Помпадурлар мен помпадуршалар», «Пошехондық ескілік»); оның «Бір қаланың тарихы» шығармасында қала билеушілерінің гротескілік-сатиралық бейнелер галереясы жасалған, «Головлев мырзалар» әлеуметтік-психологиялық романында дворяндықтың рухани ыдырауы суреттелген. А.П. Чеховтың шығармашылығында орыс зиялыларының идеялық ізденістері, тоғышарлыққа наразылығы, жанының бой ұсынуы бейнеленген («Ионыч», «Ит жетектеген әйел»); ол новаторлық пьесалар жазды («Шағала», «Ваня ағай», «Үш апалы-сіңілі», «Шие бақшасы»). Чеховтың нәзік психологиялық шеберлігі, юмор мен лиризмнің үйлесімі орыс және әлем әдебиеті мен театрының дамуына зор әсер етті.

Орыс ұлттық музыкалық мектебі дамыды. М.И. Глинканың дәстүрлерін М.А. Балакирев (1827-1910 ж.ж.) құрған «Қуатты шоғыр» композиторлары жалғастырды. Оған мынандай дарынды композиторлар кірді: Ц.А. Кюи (1835-1918 ж.ж.), М.П. Мусоргский (1839-1881 ж.ж.), А.Н. Бородин (1833-1887 ж.ж.), Н.Ф. Римский-Корсаков (1844-1908 ж.ж.). Олар орыс халық әндерін жинап, өңдеді, одан соң оларды өздерінің симфониялық және опералық туындыларында қолданды. Олар сонымен бірге орыс әдебиетіне де көңіл бөлді. Мысалы М.П. Мусоргскийдің  «Борис Годунов» операсының негізі А.С. Пушкиннің драмасы; «Игорь полкі туралы сөздің» мотивтері бойынша А.П. Бородин «Князь Игорь» операсын жазды. Н.А. Римский-Корсаков А.Н. Островскийдің «Ақша қар» пьесасы бойынша ертегі-опера жазды. Орыс композиторларының туындылары әлемдік музыка классикасының қазынасына енді. Олар қазіргі күнге дейін көптеген елдердің опералық театрларының сахнасынан түспейді.

ХІХ ғ. музыкалық опералық өнерде реализм шыңына ұлы итальян композиторы Дж. Вердидің (1813-1901 ж.ж.) шығармашылығы жетті. Оның «Сицилиялық кешкілік», «Бал-маскарад», «Тағдыр күші», «Симон Бокканегра» тарихи-қаһармандық опералары Италияның ұлт-азаттық қозғалысына арналған. Қаһармандардың жеке басындағы драма қоғамдық-саяси оқиғалармен тығыз байланысты. Оларды терең психологизмге толы көпшілік сценалардың динамизмі мен ашықтығы ерекше етеді; олар үшін оркестрлік бояулардың байлығы тән.

1850 жылдардағы «Риголетто», «Трубадур», «Травиата» белгілі операларында Верди музыка тілінің қарапайым мәнерлігімен кейіпкерлердің ішкі әлеміне терең бойлай білді. Оларға итальян халық музыкасына негізделген әуенділік, әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеуге бағытталған жоғары гуманизм тән.

Вердидің ең белгілі туындылары – «Дон Карлос» және «Аида» опералары. Композитор «Аидада» үлкен опера жанрлары – дамыған ансамбльдерді, көпшілік сценаларды, салтанатты шерулерді, балетті қолданды.

Опералық реализм құндылықтарына Шекспирдің сюжетімен Верди жазған «Отелло» муыкалық драмасы және «Фальстаф» күлдіргі операсы жатады. Осы операларда ол дәстүрлі ариялар мен дуэттерден бас тартып, оның орнына монологтар, диологтық сценалар енгізді, сонымен музыканың драмалық әрекетпен толық қосылуына қол жеткізді.

ХІХ ғ. соңында итальян операсында жаңа бағыт – веризм пайда болды (итал. vero шыққан verismo – ақиқат, шын). Оған Р. Леонкавалло (1857-1919 ж.ж.), П. Масканьи (1863-1945 ж.ж.), У. Джордано (1867-1948 ж.ж.), Д. Пуччини (1858-1924 ж.ж.) жатады. Веризм эстетикасы – “өмірді шын көрсету”. Веристердің операсы өмірге ақиқат келетін сюжеттерімен, қарапайым адамдардың жан дүниесін шын бейнеленумен ерекшеленеді. Олардың операларының кейіпкерлері – шаруалар, кезбе актерлар, шеберлер, суретшілер. Әуезді вокальды мелодиямен қатар композиторлар драмалық речитативтерді, қысқа ариозоларды, симфонияны кең қолданды.

Франциядағы музыкалық және опералық өнердің биік жетістігі Ж. Бизенің (1838-1875 ж.ж.) шығармашылығы болды. Ол – “Інжу іздеушілер”, “Перт сұлуы”, “Джамиле” операларының авторы. Француз реалистік операсының шыңы болып танылған “Кармен” операсы әлемнің көптеген театрларының репертуарында.

ХІХ ғ. орыс балеті әлемдік даңққа ие болды. Петербург Үлкен театрының сахнасында 1847 жылдан биші, кейіннен атақты балетмейстер болған М.И. Петипа (1818-1910 ж.ж.) жұмыс істеді. Ол Ресейде 60-тан астам балет қойды, оның ішінде “Перғауынның қызы”, “Кандавл патшасы”, “Баядерка” және басқалар. Петипа шығармашылығының шыңы және қорытындысы ұлы орыс композиторлары П.И. Чайковскиймен (1840-1893 ж.ж.) және А.К. Глазуновпен (1865-1936 ж.ж.) бірлесіп жұмыс істеуі боды.

Францияда кескіндемедегі реалистік бағыттың өз позициясын орнатқан кезеңі ХІХ ғасырдың ортасы болды, бұл шаруалар өмірін бейнелейтін реалистік полотнолар циклін жасаған Ж.Ф. Милле (1814-1875 ж.ж.) және жанрлық кескіндеме шебері Г. Курбе (1819-1877 ж.ж.) болды. Осы суретшілердің шығармашылығы Екінші империя дәуірінің салтанатты академиялық кескіндемесінің жанында едәуір құбылыс болды. Милле мен Курбе көркем шығармашылықтың дамуында жаңа кезең басталатын импрессионистердің ізашарлары болды.

Орыс кескіндемесінде реалистік бағытты өнер таратушылар көрсете білді. Бұл өнер таратушылардың идеялық көсемдері мен рухтандырушылары 1870 ж. құрған Жылжымалы көркем көрмелер серіктестігіне кіретін суретші-реалистер И.Н. Крамской (1837-1887 ж.ж.) мен сыншы В.В. Стасов (1824-1906 ж.ж.) болды. Академизмнен қол үзіп, өнер таратушылар халықтың өмірі мен тарихын, туған табиғатты шындықпен бейнелеуге, Ресей самодержавиесінің тәртібін әшкерелеуге, крепостнойлықтың қалдығын, капитализмнің кемшіліктерін көрсетуге бет бұрды.

Реализммен көркем шығармашылық стилімен натурализм тығыз байланысты.

Өнерде натуралистік бағыт өкілдері адамның тағдырының, еркінің, рухани әлемінің әлеуметтік ортамен, тұрмыспен, тегімен, физиологиясымен толық анықталатындығы туралы түсініктен шықты. ХІХ ғ. 80-жылдарында натурализм француз әдебиетіндегі ықпалды бағыт болады. Осы ағымның ең ірі өкілі және теоретигі Э. Золя (1840-1902 ж.ж.). Өзінің басты еңбегі – жиырма томдық романдар сериясында (“Ругон Маккары”) Золя елдегі барлық топтардың өмірін қамти отырып, француз қоғамының кең панорамасын береді. Натурализмнің әдебиеттегі басқа белгілі өкілдері мыналар: француздар ағайынды Эдмонд (1822-1896 ж.ж.), Жюль (1830-1870 ж.ж.) Гонкур, немістер А. Хольц (1863-1929 ж.ж.), Г. Гауптман (1862-1946 ж.ж.), америкалықтар С. Крейн (1871-1990 ж.ж.), Ф. Норрис (1870-1902 ж.ж.) және бельгиялық К. Лемонье (1844-1919 ж.ж.).

Натурализм көркем шығармашылық стилі ретінде әдебиетте ғана емес, әлемдік мәдениеттің басқа бағыттарында да өз бейнесін тапты. Мысалы, театр өнерінде натуралистік позициялар жағынан француз режиссері А. Антуан (1858-1943 ж.ж.) және неміс режиссері О. Брам (1856-1912 ж.ж.), ал кескіндемеде француз суретшілері Э. Мане (1832-1883 ж.ж.), К. Менье (1831-1905 ж.ж.) және неміс суретшісі К. Кольвиц (1867-1945 ж.ж.) болды.

Өнердегі натуралистік бағыт біртекті болған жоқ. Реалистік, демократиялық белгілермен қатар үмітсіздік, аморализм, рухтың төмендеуі тән декаденттілік тенденциялары байқалды.

ХІХ ғ. аяғы-ХХ ғ. басында Европада өнерде өз бағыты – символизм қалыптасты. Француз символизмінің ең ірі өкілдері ақындар П. Верлен (1844-1896 ж.ж.), С. Малларме (1842-1898 ж.ж.), А. Рембо (1854-1891 ж.ж.) болды.

Символизм басқа елдерде де дамыды: Германияда – С. Георге (1868-1933 ж.ж.), Австрияда – жазушы Г. Гофмансталь (1874-1923 ж.ж.), ақын Р.М. Рильке (1875-1926 ж.ж.), Бельгияда – М. Метерлинк, Ж. Роденбах, Польшада – С. Побышевский.

Ресейде осы бағыттың өкілдері К. Бальмонт (1867-1942 ж.ж.), Д. Мережковский (1865-1941 ж.ж.), З. Гиппиус (1869-1945 ж.ж.), Ф. Сологуб (1863-1927 ж.ж.), А. Белый (1880-1934), В. Брюсов (1873-1924 ж.ж.), И. Анненский (1855-1909 ж.ж.), А. Блок (1880-1921 ж.ж.) болды.

Сындық реализм кескіндемесінің әсерінен өнерде импрессионизм (франц. impression — әсер) бағыты пайда болды. Оның тарихы салыстырмалы түрде қысқа 12 жылды ғана құрайды (картиналарды бірінші сатқандағы, 1874, сегізіншіге дейін, 1886 ж.). Импрессионизм К. Моне (1840-1926 ж.ж.), О. Ренуар (1841-1919 ж.ж.), Э. Дега (1834-1917 ж.ж.), К. Писсаро (1830-1903 ж.ж.), Б. Моризо сияқты суретшілердің шығармашылығында көрсетілген. Олар өнерді жаңарту үшін күресуге бірікті және көркем шығармашылықта ресми салонды академизмді жеңуге тырысты. 1886 жылы сегізінші көрмені өткізген соң, бұл топ кескіндемедегі біртұтас бағыт жүйесі ретінде даму мүмкіндіктерін жоғалтқандықтан тарап кетті.

Импрессионизм кескіндемеге ғана емес, өнердің басқа түрлеріне де қолайлы әсер етті, мысалы, мүсін өнеріне. Импрессионистердің замандасы және серіктесі ұлы француз мүсіншісі О. Роден (1840-1917 ж.ж.) болды. Оның драмалық күшті және батырлық өнері адам сұлулығы мен адамгершілігін дәріптейді («Кале азаматтары», «Сүю», «Ойшыл» және басқа мүсіндері).

ХІХ ғ. соңында сәулет өнерінде маскарадты түрде безендірілгісі келмеген инженерлік конструкциялардың жаңа типі Парижде Әлемдік көрме үшін инженер А.Г. Эйфель (1832-1923 ж.ж.) жасаған атақты темір мұнара тәрізді құрылыстар түрінде болды.

Импрессионизмнің негізгі белгілері постимпрессионизмде дамыды. Осы бағыттың көрнекті өкілдері үш суретші болды: француздар П. Сезанн, В. Ван Гог және голландиялық П. Гоген. Олар импрессионистермен қатар жұмыс істей бастады және өз шығармашылығында олардың әсерін сынай бастады. Бірақ олардың әрқайсысы жеке шығармашылық тұлға болды және өнерде өз ізін қалдырды.

П. Сезанн (1839-1906 ж.ж.) өзінің портреттерінде, натюрморттарында, пейзаждарында таза түс градациялары, тұрақты композициялық құрылыстардың көмегімен заттық әлемнің өзгермейтін қасиеттерін, оның пластикалық байлығын, құрылым логикасын, табиғаттың күштілігін, оның формаларының органикалық бірлігін айқындауға тырысты. Бұл «Марна жағалаулары», «Шабдалы мен алмұрт» картиналарында бейнеленді.

Символизм мен модерн стиліне жақын постимпрессионизмнің басты өкілдерінің бірі П. Гоген (1848-1906 ж.ж.) түстер мен сызықтардың синтетикалық жалпы түрін қолданды. Ол өз өнерімен Океания халықтарының тұрмысы мен аңыздарының тақырыптарын ашып, адам мен табиғат үйлесімінің поэтикалық әлемін құрды («Брод», «Сен қызғанасың ба?» картиналары).

В. Ван Гогтың (1853-1890 ж.ж.) бейнелеу өнері өзінше ерекше болды. Бірінші кезең кескіндемесі үшін эмоционалдылық, өмірді драмалық өткір қабылдау, әлеуметтік қарсылық, еңбек адамдарына жаны ашу тән болды. 1888 жылдан суретшінің шығармашылығына трагикалық бейнелер, экспрессивті стиль, түстер контрастылығы, жедел ырғақ, еркін майлау динамикасы басым болды («Түнгі кафе», «Жаңбырдан соңғы Овердегі пейзаж» картиналары).

Постимпрессионистер Сезанн, Ван Гог және Гоген ХІХ-ХХ ғ.ғ. көркем мәдениетінің дамуына үлкен әсер етті.
Тағы рефераттар