ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС 

Тақырыбы: ХҮІІІ ғ. Қазақ елінің сыртқы жағдайы. Шапқыншыларға қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылар.

Жоспар:

1. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының ресей  бодандығын қабылдауы және оның салдары.

2. Абылай  ханның Қазақ хандығын нығайту жолындағы қызметі. 

3. Кіші жүз қазақтарының патша үкіметінің отарлау  саясатына қарсы  күресі.


 1. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы және оның салдары.

      Қазақ халқының тарихында ХҮІІІ ғасырдың басы аса бір  ауыр кезең болды. Тәуке  хан 1718 ж. қайтыс  болған соң қазақ жүздері арасындағы саяси және шаруашылық байланыстар әлсіреп, билеуші топтар арасындағы алауыздықтар барған  сайын үдей түсті. Тәуке хан тұсында бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырайды. Тәукеден кейін Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандықтарға бөлінді. Жүздердің әрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің (1720-1740 жж.), Қайып (1716-1719 жж.), сосын  Сәмеке (1719-1734 жж.) Орта жүздің, Әбілхайыр (1718-1748 жж.) Кіші жүздің хандары болды. Тәукенің тағына отырған оның баласы Болаттың (1718-1726 жж.) Ұлы хан деген атағы ғана болды. Саяси тұтастығынан айырылған мемлекеттің экономикасы да әлсірей бастады.

Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы да шиеленісе түсті. Жоңғар шапқыншылығы күшейді. 1690-1697 жж. Болған қытай-жоңғар соғысы кезінде ойраттар (жоңғарлар) біраз жерінен, адамынан (50 мың), малынан айырылды. Қытайға қарсы күресуге күші жетпеген Жоңғар мемлекеті соғыста айырылған байлықтарын Қазақ хандығының есебінен қайтаруға тырысты. Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының көшіп-қонар жерлеріне жақындады. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне Орта Азия  хандықтары, Еділ бойындағы қалмақтар, башқұрттар мен Сібір казактары да үздіксіз шабуыл жасап отырды.

ХҮІІІ ғ. 20-шы жж. Соңы мен 30-шы жж. басындағы жеңістердің нәтижесінде жоңғарлар қазақтың біраз жерін босатуға мәжбүр болды. Бұл үлкен жетістік  еді. Алайда, Ұлы хандық  билік үшін күрес қазақтарды бөлшектеді. Кіші жүзден — Әбілқайыр, Орта жүзден – Сәмеке өздерін елеусіз қалдырды деп,  Аңырақайдағы жеңістен соң шайқас алаңын тастап кетіп қалды. Осындай  қиын-қыстау жағдай Әбілқайыр ханды Ресей мемлекеті сияқты одақтас  іздеуге мәжбүр етті.

1730 жылы жазда Әбілқайыр Петербургке Сейітқұл Құндағұлы мен Құтлымбет Қоштайұлын елші етіп  жіберіп, Ресей империясының бодандығына қабылдауды өтінеді. Елшілік Ресей тарапынан құрметпен қабылданды. Әбілқайырдың өтінішін өтінішін қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің ХҮІІІ ғ. басында Қазақ  хандығы туралы айтқан пікірінен белгілі. Ол: «…барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы дәл сол орданың (Қазақ  хандығының) өзі ғана, …» деген еді.

Осы мақсатта ол қазақ жерін 1713-1720 жж. бірнеше экспедициялар жібереді. Алғашқысын 1713 ж. князь Александр Бекович-Черкасский басқарды. 1715 ж. И.Д.Бухгольц экспедициясы жасақталды. 1715 ж. 1-қазанда экспедиция Ямышев көлінің жағасына жетіп, сол жерде бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланды. 1717 ж. П.Северский отряды Железинск бекінісін салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін қалайды, 1720 ж. И.Лихарев  Өскемен бекінісігің негізін қалады.

1731 ж. 19-ақпанда Ресей патшайымы Анна Иоановна қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойды. Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 31-сәуірінде Ресей  Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған арнайы елшілік жіберді. 1731 жылы 5-қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе сайына келді. Атақты мейманды бастап жүруді Әбілқайыр хан өзінің баласы нұралыға тапсырды. Алайда татар мырзасының қадамдары көрнекті ақсақалдар мен сұлтандардың зор қарсылығына ұшырады. Тевкелев болса өз мақсатын орындау үшін қазақтың кейбір ақсақалдары  мен билеріне мол сыйлықтар беріп, алдап-сулап әрең көндірген деп жазады тарихшы С.Асфендияров. Бірінші болып бодандыққа Әбілқайыр хан ант берді,  артынша  сол арада 27 (кейінгі деректерде ханнан басқа 29 адам) ақсақал ант берді.

Патшалық Ресей қазақ хандығын түгел өзіне қарату  мақсатында бұл өлкеге бірнеше экспедиция  құрылды. 1734 жылы мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды, кейіннен Орынбор экспедициясы деп аталды. Осы экспедицияны сенаттың обер-хатшысы  И.К.Кириллов басқарса, 1737 ж. Н.Татищев келді. Бұл экспедицияның басты  мақсаты Кіші жүз бен  Орта жүздегі шыңғыс ұрпақтарының бодандығын нығайту болды.

1740 жылы қытаймен бейбіт бітім жасасқан жоңғарлар 1741 жылы Орта жүз қазақтарының  жеріне басып кіреді. Күтпеген соққыны Орта жүз қайтара алмай, кіші жүз жеріне қарай шегінуге мәжбүр болады. әбілқайыр хан дереу Ресейден әскери көмек сұрайды. Бірақ ресей  империясы көмек көрсетпейді, өз азаматтары ретінде санап, сыртқы жаудан қорғамайды. Бұл жерде Ресейдің екіжүзді саясаты көрінеді. Тарихшы С.Асфендияровтың пікірі  бойынша патшалық үкімет Қазақстанға достық және бодандық  туын желеу етіп, жыртқыштық, тонаушылық саясатты ұстанды.

Патша үкіметінің бұл шаралары Әбілқайыр ханды қарсылыққа мәжбүрледі. 1744 ж. ол қарақалпақтарды шауып, Астраханнан Хиуа мен Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей қарамағындағы қалмақтарға шабуыл жасайды.Осы кезде егес, күтпеген келіспеушіліктер туды. 1748 ж. Әбілқайыр хан  Барақ  сұлтанның қолынан қаза тауып, патша үкіметі оның орнына баласы Нұралыны бекітті.

ХҮІІІ ғ. 30-40 жж.-ақ Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының Ресей протекторатын қабылдағанына қарамастан, олардың бағынуы нақты болмады. Себебі, бұл кезде қазақ билеушілері жоңғар жаулаушылармен қырғи-қабақ соғыста еді. Оның үстіне Қазақстан шекарасында күшті Цин империясының пайда болуы күрделі саяси жағдайдың тууына және қазақтардың Ресей ықпалынан шығып кету қаупіне әкеліп  соқты. Жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне әлсін-әлсін  шабуылын Ресей үкіметі тиімді пайдалануға тырысты. Осыған орай Қазақстанның осы  аймақтарын Ресей бодандығында ұстау шекаралық өкімет орындарының негізгі міндетіне айналды. Ресей әскери күштері Қазақстанмен шекаралас  аймақтарында бекіністер салуды үдетті. Бекіністердің көптеп салынуы нәтижесінде 1730-1740 жж. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы  нәтижесінде солтүстік-батыс Қазақстан жері Ресей империясының отарына айналды.

2. Абылай ханның Қазақ хандығын нығайту жолындағы қызметі. 

Абылай хан бүкіл өмірін қазақ елінің бостандығы, егемендігі үшін арнады. Шоқан Уәлиханов «Қазақ жерінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманы қазақтың ерлік заманы болып саналады» деп жазған еді. Абылай, шын есімі Әбілмансұр, 1711 жылы дүниеге келген. Осы кезеңде үш айдаһардың (Жоңғар, Қытай, Ресей) ортасында қазақ  мемлекетінің жойылып кету қаупі төнді. Осындай ауыр кезеңде Абылай 12 жасынан жауынгер қатарына қосылып, 22-де батыр, қолбасшы ретінде танылады. ХҮІІІ ғ. орта шенінде қазақ елін жаулардан қорғау үшін Абылай  Ресеймен, Қытаймен татулық, достық қатынас сақтап, олардың  қолдауы  арқасында жоңғар басқыншылығын талқандауды жөн көрді. 1740 жылғы  шайқаста Абылай қазақ  жауынгерлерінің тікелей қолбасшысы болды. Қазақ  әскерлдері жоңғарларға қатты  соққы беріп, жоңғарлар көп шығынға ұшырап, кейін шегінуге мәжбүр болды. Елдің  теуелсіздігін, тұтастығын сақтап қалу мақсатында Ресей империясының 1740 ж. Орынборда сұлтан Абылай «верным добрым и послушным … и подданным быть …» деп Ресей империясының  өкіметіне, кейін Қытай мемлекетінің бодандығын қабылдауға мәжбүр болады. А.Левшин былай деп жазады: «Жауын сұсымен де, күшімен де сескендіре отыра, ол өз қалауымен біресе Ресейдің, біресе Қытайдың бодандығын қабылдауға мәжбүр болғанымен, шын мәнінде ешкімге де бой ұсынбаған тәуелсіз басшы болды». Екі  ірі мемлекетпен дипломатиялық,  сауда қарым-қатынастарын орнатып, кезінде жоңғарлар басып алған Алтай, тарбағатай өңірлеріндегі қазақ  қоныстарын қайтарып алды.1741 жылы Абылай сұлтан жоңғарлардың қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Тұтқында болған екі жыл ішінде олардың ішкі саяси жағдайын бақылап, тілі мен жазуын үйренеді. Абылай  және бірге болған серіктері, барлығы 35 адам  қалмақ тұтқынынан 1743 ж. 5-қыркүйегінде елге оралады.

ХҮІІІ ғ. 50-ші жылдары Жоңғар мемлекеті саяси дағдарысқа ұшырап, әлсіреп, ыдырай  бастады. Бірақ Абылай  хан ол елді қырып шапқан жоқ. СебебіҚытай империясы мен Қазақ  елінің арасында буферлік рөл атқарған Жоңғар хандығының мүлдем жойылуы  неге әкеліп соғатынын Абылай жақсы түсінген. Сондықтан да ол қалмақ ханының Қытай басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресін қолдады. Бірақ, қалмақтар ауыз бірліктен айырылды, соның нәтижесінде 1756-1757 жж. Цин империясы Жоңғар мемлекетін жойып, халқын қырып  тынды.

Енді Абылай Үш жүздің басын қосуды мақсат етті. Ташкент, Ходжент, сайрам, Шымкент, Созақ, түркістан қалалары азат болған соң, яғни қазақ хандығына қайтадан қосылғаннан кейін, Үш жүздің бірлігінің көрінісі ретінде ежелгі Түркістан қаласы қазақ мемлекетінің астанасы болып белгіленді. Мемлекеттің тәуелсіздігін  сақтау үшін жауынгерлік қабілеті бар тұрақты әскер жинап, сауда-саттық жүргізу  ісіне де көңіл бөлді. Бұрын айырбас  сауда тек Орынборда ғана жүргізілсе, енді 1760-жылдары Троицкіде, семейде, Қызылжарда жүргізілетін  болды. Ертіс өзенінің сол жағын бойлай шығысқа – Қытайға қарай «Абылай жолы» атты сауда жолы салынды.

1771 ж. Үш жүздің өкілдері жиналып Абылайды  бүкіл қазақтың ханы етіп сайлайды. Оның хан атағын Қытай императоры да, орыстың ақ патшасы да бекітеді. Ресей  патшайымы ІІ Екатерина Абылайды хандыққа бекіту немесе  әлдебір нұсқаулар беру үшін оны талай рет Петербурге, Орынборға шақыртады, алайда Абылай  хан ол шақыртуларға: «Мені үш жүзге хан қылып халқым сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір  куәлік алудың қажеті жоқ», — деп жауап берген. Шын мәнінде абылай ханның тұсында қазақ мемлекеті өзінің ішкі, сыртқы саясатын ешкімге жалтақтамай дербес жүргізді.

ХҮІІІ ғ. 70-ші жылдары Түркістан аймағында тұратын қазақтарды қырғыздар  шауып, мал-жандарын айдап әкетіп отырды. 1779 ж. Абылай әскерлері қырғыздарды талқандап, басшысы – Садырбаланы тұтқынға алады. Қырғыздар келісімге келіп, бітім жасасуды  өтінеді. Содан, Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ қалалары босатылады, ал 1781 жылы Ташкентті бағындырады. Абылай хан «… өзі әулет басы ретінде рубасыларының ғұрпы бойынша өмір сүру үшін  Түркістанда қалады. Сонда 1781 жылы дүние салып, мүрдесі Қожа Ахмет Иассауидің мешіті алаңына жерленді», — дейді Ш.Уәлиханов.

Абылай хан мемлекеттің, қазақ халқының жағдайын шұғыл түзеді. Абылай кезеңі тарихта ең бір елеулі кезең болды. Солай бола тұрса да абылай  хан  көзі тірісінде Қазақ елінің  мемлекеттігінің тұрақты болуының тарихи жағдайын жасап үлгермеді. 1781 жылы Абылай  хан дүние  салғаннан кейін Қазақ хандығы тәуелсіздігінен айырыла бастады.

3. Кіші жүз қазақтарының патша үкіметінің отарлау шараларына қарсы күресі.

      ХҮІІІ ғ. 30-шы жылдары Кіші жүзді өзіне тәуелді еткен соң патшалық Ресей біртіндеп қазақ даласындағы отарлау саясатын тереңдете бастады. Оның барысында елдің шаруашылығы күйзеліске ұшырап, саяси жағдайлар  шиеленісе түсті. Мұның барлығы Қазақстанның әр өңірінде халықтың наразылығын туғызып, көтеріліске шығуға итермеледі. Ал, Кіші жүз өңірінде қалыптасқан жағдайлар қазақтардың Е.Пугачев бастаған көтеріліске қатысуына себеп болды. Өзін «ІІІ Петрмін» деп жариялап, Е.Пугачев пен оның төңірегіндегілер қазақ даласында болып жатқан мәселелерден біршама хабардар еді және олар қазақтардың көтерілісті қолдайтынын түсінген болатын. Пугачев 1773 ж. 6 қыркүйекте қазақтарға «қамқор» болатынын білдіріп манифест жазып, 200 адамнан тұратын қазақ жасақтарын жіберуді сұрайды. Пугачевтың мұндай үндеулері қазақтар арасынан  біршама қолдау тапты. Қазақ жасақтары Жайық қалашығына, Озерная, Сахарная, Кожехаров, Красногор дистанциялық бекіністеріне шабуыл жасайды. 1773ж. 5 қазанда Досалы  сұлтан бастаған қазақ жасақтары Орынборды  алуға қатысады. Досалы сұлтанның үш баласы Пугачевты қолдап көтеріліске қатысқан болатын.

Пугачев көтерілісіне қазақтардан басқа башқұрттар, қалмақтар, т.б. қатысқан  еді. Бұл көтерілісті басуға патша әкімшілігі жақсы қаруланған жазалаушы әскерді жіберіп отырды. Жазалаушы әскер Қазан  маңында көтерілісшілерді басып-жаншыған  соң, Пугачев бастаған көтеріліс жеңіліс тапты.

1775 жылдың жазына қарай «Көрінбейтін адам» немесе Көктемір туралы аңыз тарайды. Бұл  аңыздың таралуы барысында күйеуі Сейдалы сұлтанның қолдауына сүйенген Сапура Мәтенқызы «Көрінбейтін  адам» атынан үндеу таратып, жанына жасақ жинап күзге қарай көтеріліске  шықты. Сапура  Мәтенқызы бастаған көтерілістің өрістеуі барысында оған қатысушылардың саны 10 мыңға дейін жеткен болатын. Бірақ уақыт өте келе көтерілісшілер арасында өзара келіспеушіліктер туындап, Досалы сұлтан Ресейді қолдап кетеді. 1776 жылдың жазында жазалаушы әскердің күшімен көтеріліс аяусыз басып тасталды. Сапура Мәтенқызы бір топ жасақтарымен жасырынуға мәжбүр болады.

Патша үкіметінің салған салықтары, көрсеткен зорлық-зомбылықтары халықты әбден титықтатқан еді. Патшалық Ресейдің жергілікті әкімшілік орындарына арқа  сүйеген Нұралы хан мен оның туысқан сұлтандары 70-жылдардың ІІ жартысында халықты қанауды күшейтті. Нұралы хан  Кедері руынан бір жылда – 100 жылқы, Тама руынан – 60 жылқы, Табын  руынан – 50 жылқы тартып алған. 1782 жылғы жарлық бойынша қазақ ауылдарының Жайықтан өтуіне хан шекаралық үкімет органдарынан рұқсат алғаннан кейін  ғана берілді. Нұралы мен оның ең жақын  туыстары қоыстарға билік  ету құқығын пайдаланып, қиянат жасады.

Осындай  әлеуметтік-саяси себептер Байбақты руынан шыққан Сырым Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының көтеріліске шығуына негіз болды. Көтеріліс алғашқы Кіші жүздің батыс өңірін Тама руын қамтып, кейін Орал мен Жем өзендерінің арасына қоныстанған басқа да руларға тарады.

1783 ж. көтерілісшілер қазақ ауылдарына шабуыл жасаған казак-орыс атамандарының бірі Чагановтың отрядын талқандап, оның өзін тұтқынға алып, кейін Хиуа хандығына құлдыққа сатып жібереді. Осы жағдайдан кейін көтерілісшідерге қарсы Орал қаласынан әскер шығып, күтпеген жерден Сырым Датұлын қолға түсіреді. Бірнеше ай түрмеде отырғанСырымды құдасы Нұралы  хан кепілдікке 70 жылқы, 350 рубль ақша төлеп босатып алады.  Бірақ нұралы хан Сырымның  әрекетін қолдамады. Нұралы оған керісінше қарсы болып, көтерілісті басуға әкімшіліктен қосымша әскер жіберуді сұрайды. Содан Сырым  мен Нұралы хан араздасып, енді көтеріліс тек Жайық казактарына ғана емес, хан  мен  сұлтандарға да қарсы бағытталды.

1785 жылдың наурызында көтерілісті басуға Орынбор қаласынан генерал-майор Смирновтың отряды, Сарайшық бекінісінен Пономарев пен Колпаков бастаған Жайық  казактары аттанады. Бұл отрядтар көтеріліске қатысушы ауылдарды  тонап, Қаракөл  маңындағы ауылдардан 112 адамды тұтқынға түсіреді. Сырымға көмекке келе жатқан Айшуақтың баласы Аппақтың ерлікпен қаза табады. Сонымен қатар  Айшуақтың екінші баласы Жантөре де соққыға жығылды. Балаларының  көтеріліске белсене қатысқаны үшін Айшуақ сұлтанды тұтқындап, 2124 жылқысын қоса айдап әкетеді. Осыдан Айшуақ сұлтан  1787 жылға дейін түрмеде отырады.

Осы болған оқиғалармен қатар Кіші жүз руларының көпшілігі Нұралы ханды мойындамайкөтерілісшілер жағына шығуы, хан билігінің дәрменсіздігін, дағдарысқа ұшырағандығын байқатты. Бұл жағдай Ресей үкіметін де қатты толғандырды. Енді олар Кіші жүз старшындарымен тікелей байланыс орнатуды ойластырып, генерал-губернатор О.А.Игельстром Орынбор шекаралық комиссиясында қызмет істейтін ахун (ахун – мұсылмандық діни лауазым) М.Құсайыновты елшілікке жібереді. Елшіліктің алдына: көтеріліс жасаушы рулардың старшындарымен тікелей байланыс орнату, көтерілістің себептерін анықтау, көтерілісшілердің қоятын  талаптарын білу, т.б. міндеттер жүктелді. Кіші жүздегі жағдаймен танысқан Құсайынов, 1785 жылдың жазында көтерілісшілер мен старшындардың қатысуымен өткен жиналыста патша әкімшілігінің қоятын талаптарынан хабардар етеді.

Ал, көтерілісшілер өз тарапынан патша әкімшілігіне мынадай талаптар қояды: 1) Еділ мен Жайық арасындағы қоныстарды қайтару; 2) Орал казак-орыс әскерлерінің жазалау отрядын жіберуді тоқтату; 3) Нұралы ханды  тақтан  түсіру. М.Құсайынов патшайым ІІ Екатеринаға көтерілісшілер талаптарын айтып  хабарлама жібереді. Талаптармен танысқан патшайымнан «Кіші жүз үш бөлікке бөлініп, билер мен сұлтандар арқылы басқарылсын» деген нұсқау  келеді. Осыдан кейін генерал-губернатор О.А.Игельстром Кіші жүзді басқарудың империялық басқару жүйесіне жақын жобасын жасайды. Оның жобасы бойынша Кіші жүздегі хандық билік жойылып, елді  басқару Орынбор шекаралық сотына беріледі, ол генерал-губернаторға бағындырылады.

Билер  мен сұлтандардың Сырым бастаған бөлігі болмаса, барлығы бірдей  хандық биліктің жойылуын қолдамаған еді. Хандық билік жойылғанымен, патша әкімшілігі Кіші жүзде өздеріне тұтастай тәуелді басқару жүйесін құра алмады. Бұл реформаның бір  пайдалы  жағы, оны жүргізу барысында Жайық казак-орыс әскерлерінің қазақ ауылдарына шабуыл  жасауын тыйым салынды. Қазақтарға Еділ мен Жайық аралығындағы жерлерге көшіп-қонуға мүмкіндік берілді.

«Игельстром реформасы» толық нәтиже бермеген соң, патша үкіметі хандық билікті қалпына келтіру мақсатында енді сұлтандармен арадағы одақты нығайтуды  көздеді. О.А.Игельстромның орнына жаңа тағайындалған генерал-губернатор А.Пеутлинг Нұралының інісі Ералымен  байланыс жасап, қазақ қоғамына қатысты қатал  саясат ұстанды. 1790 жылы Орынборға барған билер мен старшындар қамауға алынады. Осы Уфа  қаласында Нұралы хан қайтыс болып, орнына билер мен ру басылары жиналып Есім сұлтанды Кіші жүздің ханы етіп сайланды. 1791жылы күзіне қарай Ор қаласының жанында өткен жиналыста билер мен ру басыларының шешіміне қарамастан Ералы хан сайланды. Ералының хан сайлануы ел ішінде наразылық  тудырып, стихиялық бас көтерулер байқалды. С.Датұлы Кедергі және Табын руларының старшындарына хат жазып, ауылдарды Мұғалжар тауларына көшіру керек екенін және өзінің патша үкіметіне қарсы  күреске шығатынын хабарлайды. 1792 жылы қыркүйекте Сырым бастаған көтерілісшілердің Елек  қаласына жасаған шабуылы сәтсіз аяқталады. 1794 жылы Ералы хан  қайтыс болып, 1795 жылы Нұралының  баласы Есім хандыққа сайланады. 1795-1796 жж. ауа  райының қолайсыздығы Кіші жүз халқының шарушылығын күйзелтіп кетеді. Оған қарамастан Есім хан түрлі салық  жинауды тоқтатпайды. Осыдан кейін  Сырымның Есім ханға қарсы қозғалысы басталады. 1797 жылы наурыздың 26-нан 27-не қараған түні көтерілісшілер Краснояр бекінісінен 5 шақырым жерде Есім  ханды өлтіріп, ауылдарды  тонап кетеді. 1797 жылы тамыз айында хан  кеңесі шақырылып оған 100-ға жуық адамы бар Сырым Датұлы да келеді. Осы кеңесте Сырым: «Кіші жүз халқының жағдайының ауырлығына және хан кеңесінің құрылуына байланысты күресті тоқтатамын», — деп мәлімдеме жасайды. Одан  соң  ол хан кеңесінің құрамына сайланады.

Ресей отаршылдарының жүргізген құйтырқы саясатының нәтижесінде хандық билік  дағдарысқа ұшырады. Сонымен қатар патшалықтың отарлау саясатының одан әрі тереңдей түсуі, орыс-казак әскерлерінің қазақ жерлерін тартып алуы дәстүрлі шаруашылыққа үлкен нұқсан келтірді.

Қорыта айтқанда, Е.Пугачев бастаған көтеріліске қазақтардың қатысуы, Сапура Мәтенқызы мен Сырым Датұлы бастаған көтеріліс қазақ тарихында Ресей империясының отаршылдық саясаты мен жергілікті билеуші топ өкілдерінің езгісіне қарсы бағытталған маңызы зор азаттық қозғалыстың бірі болды.

Семинар сұрақтары:

  1. Жоңғар басқыншылығына қарсы қазақ халқының күресі.
  2. Отан соғысы – Аңырақай шайқасы.
  3. Жоңғар шапқыншылығының Қазақ хандығына тигізген зардаптары.

1. Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының күресі.

ХҮІІІ ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртық саяси жағдайы шиеленісті.Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан – Ресей мемлекетінің, шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен – Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп – Жоңғар хандығы  тарапынан төнді. Жоңғар экономикасының негізі мал шаруашылығ болды. Жер көлемін  кеңейту мақсатында жоңғарлар Қазақ хандығы территориясына шапқыншылықты жиілетті.

1718 ж. Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары жоңғар әскерлерінен жеңіліп қалады. Оған себеп: Әбілқайыр және Қайып  сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеуі.  1715-1722  жж. жоңғарлардың негізгі әскери күші Цин империясы әскерлеріне қарсы соғысып жатты. 1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң Цеван рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына қарсы бағыттады. Қазақ  хандығының саяси бытыраңқылығын пайдаланып, 1723 жылы көктемде жоңғарлар 70 мың әскермен қазақ жеріне басып  кіреді. Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген, дайындалмаған халық әуел баста оларға еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты жаппай қырып, мал-мүлкін тонады. Жоңғарлар Қазақ хандығының басым бөлігін жаулап алды. Қазақ тарихында бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Қашып, босқан қазақтардың паналаған жері Сырдарияның сыртындағы Алқакөл болды. Жоңғарлардан қашқан Кіші жүз қазақтары соңынан түскен жауды көз жаздыру үшін сауран қаласын айнала көшкендіктен, бұл оқиға «Сауран айналған» деп аталған екен. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» әні халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.

Бұл жылдардың өзінде жау халықтың рухын сындыра алмады. Көп жерлерде халық жауға батыл қарсылық көрсетті, сайрам, түркістан қалаларының тұрғындары да жауға табанды қарсы тұрды. Осындай қарсылықтарды ұйымдастырушы Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Тайлақ, Жәнібек, малайсары және т.б. халық батырлары болды.

Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы қалмақтардың да қазақ жеріне шабуылы жиіледі. Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ жасақтары бұл бағытта да жауға ұйымдасқан тойтарыс берді. Халық рухын көтеруде Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рөлі зор болды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұқара жақтан қайтып  келе жатқан Орта жүз қазақтары Шақшақұлы жәнібектің басшылығымен Шұбаркүл көлінің маңында жоңғарларды талқандады делінеді. Осы жеңістен кейін ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сарбаздары жаудың тас-талқанын шығарды. Бұл шайқаста Әбілқайыр ханның, батырлар Тама Есет, Тама Жантай, Қаракерей  Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас  болған жер «Қалмақ қырылған» деген атқа ие болды. 1726 жылы сұлтандар мен билер қазақ  жерін жаудан азат етуде қазақ руларының басын біріктіу үшін Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары — Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар. Төле,  Қазыбек, Әйтеке билер, батырлар  қатысты. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп шешті. Сонымен бірге бүкіл қазақ  жасағының қолбасшысын сайлау мәселесі қаралды. Әбілқайыр  хан бас  қолбасшы, Қанжығалы Бөгенбай қазақ қолының сардарбегі болып сайланды.

1727 жылдың жаз айларында қазақтар әскери дайындықтан өтіп, күзде Бұланты өзенінің маңында жауға үлкен соққы берді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп аталды. Бұл шайқаста да жоңғарлар жеңіліс тапты. Бұл жеңіс  қазақтардың рухын көтеріп, жігерлендірді.

2. Отан соғысы – Аңырақай шайқасы.

Жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста қазақ тарихындағы маңызды шайқастардың бірі – Аңырақай шайқасы болды. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңында орын  алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға  созылды. Бұл шайқастың орны М.Тынышпаевтың, А.Диваевтың зерттеулерінде нақты сипатталған. Алакөл маңында орын  алды. 1997 жылы Қазақстан халық жазушысы Ә.Кекілбаев пен М.Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас  болған жерді жан-жақты зерттеді.

1730 жылдың  көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау,  Аңырақай тауларына жылжыды. Осы кезеңде қазақ әскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық берілген. Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке  сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр, оң қанатын төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек батырлар, орталық бөлігін Әбілқайыр, Әйтеке би, Бөгенбай,  Шақшақ  Жәнібек батырлар басқарды. Жоңғарлар да бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын. Олардың  әскерінің саны да 28-30 мың болған. Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Әбілқайыр жүргізді. Шайқас жекпе-жектен басталды.  Жоңғарлар жағынан әскери қолбасшы Шарыш батыр  шыққан, ал қазақтардан Сабалақ батыр шығады. Сабалақ  Абылай  атасының аруағына сыйынып, атын  ұран еткен. Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Осыдан  кейін Сабалақ батыр (шын есімі Әбілмансұр) Абылай есіміне ие болады.

Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей Қабанбай, саңырық, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Құдайменді Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік көрсетті. Қазыбек, Әйтеке, Төле билер бастаған қазақ билерінің жалынды ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын қазақ батырларының жоңғарлармен  соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, ақтамберді, Үмбетей жыраулар өздері де бұл соғысқа қатысқан. Бұл жыраулардың еңбектерінде соғыс барысындағы көптеген іс-қимылдар жан-жақты сипатталған. Жыраулардың Отан қорғау тақырыбына арналған жырлары қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін жақындата түсті.

Өкінішке орай аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ билеушілерінің  арасында жік туды. Себебі, осы  кезде болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас басталды. Тәукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның орнын Орта жүзден сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің қалағаны Болаттың ұлы Әбілмәмбет болды. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр қалдырды деп есептеп, майдан  даласын тастап, кетіп қалады. Нәтижесінде Әбілмәмбет  сұлтан түркістанға  көшсе, Әбілқайыр Кіші жүз территориясына қайтады. Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді. Қазақтардың Аңырақайдағы жеңісіне қарамастан жоңғарлар тарапынан шабуыл тиылмады.

3. Жоңғар шапқыншылығының Қазақ хандығына тигізген зардаптары.

Жоңғарлардың шапқыншылық  жылдары қазақ жүздерінің экономикалық және саяси өміріне ұзақ уақытқа терең  із қалдырып, қазақ тарихына алапат ауыр жылдар болып енді. Қазақтар мал-мүлкі мен адамдарынан ғана емес, сонымен қоса Жетісудағы шұрайлы жайлымдарынан да уақытша айырылып қалды. Көшіп-қонудың ғасырлар бойы  қалыптасқан жолдары бұзылды. Сырдария мен Жетісудағы егіншілік мәдениетінің ошақтарына үлкен нұқсан  келтірілді. Жоңғарлардың Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды  басып алуының қазақ қоғамының экономикалық және мәдени өмірі үшін елеулі зардаптары болды. Қазақ рулары сауда және қолөнер орталықтарынан ажырап қалды. Қазақ жүздерінің арасындағы шаруашылық-саяси байланыстар әлсіреді.

1723-1730 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдары Шәкәрім Құдайбердіұлының жазбаларында тек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының өзінде қазақ  халқының санының үштен екісі кемігені туралы мәлімет бар. Демограф М.Тәтімовтың санағы бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 млн. 330 мың болса, 1725 жылы 2 млн. 222 мыңға азайған.

Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының әлеуметтік қатынастарына да теріс әсерін тигізді. Елдің құлдырауы мен күйзелуі салдарынан кедейлер, қоңсылар, жатақтар және т.б. көбейді. Өз  бетімен шаруашылық жүргізу мүмкіндігінен айырылған олар малы көп байлардың бақташылары, үйдегі малайлары ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болды.

1723-1725 жылдардағы жоңғар шапқыншылығынан қырғыздар, өзбектер, қарақалпақтар да зиян шекті. Алайда жоңғарлар шапқыншылығынан ең ауыр тауқыметін тартқан қазақ халқы  еді, сондықтан Орта Азияның басқа халықтары – қырғыздардың, өзбектердің, қарақалпақтардың жағдайы  онша қасіретті болмады. Осындай алапат жылдарда қазақ халқының тарих сахнасынан мүлдем жойылып  кету қаупі төнген еді.  Қазақ халқы асқан ерлігімен, көрегендігімен, батырлығымен, батылдығымен жойылып кету қаупін  сейілтті.

Реферат тақырыптары:

  1. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес кезеңіндегі билердің рөлі.
  2. Абылай хан – Үш жүздің басын біріктіруші.
  3. Қазақстанның Ресейге қосылуы.
  4. ХҮІІІ ғасырдағы патша әкімшілігіне қарсы ұйымдастырылған көтерілістер: Е.Пугачев, С.Датұлы бастаған  көтерілістер.
  5. ХҮІІІ ғасырдағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік институттар.

Терминдер:

      Бидәстүрлі қазақ қоғамының саяси — әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі. В.В.Бартольдтың пікірінше «би» сөзі шамамен ХІҮ – ХҮ ғ.ғ. ежелгі түркі тіліндегі «бек» атауының бір нұсқасы ретінде пайда болды, басқарушы, ел билеуші мағынасын білдірген. Ел ішіне биліктілігімен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен, тура жолдан таймайтын адалдығымен даңқы тараған Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, айыр тілді Әйтеке би т.б. саңлақтар хан жанындағы билер кеңесінің құрамына енді.

      Төлеңгіттер – қазақ сұлтандары мен ханның қасында болған әлеуметтік қауым. Бұлар — әр түрлі әлеуметтік жіктерге жататын, сұлтандар мен хандарды паналап, бұл үшін оларға қызмет етуге міндетті болып келгендер.

      Қожалар – Орта Азияда ислам дінін таратуда белсенділік танытқан әулеттер. Мұхаммед пайғамбардан кейінгі халифалар Әбу Бәкр ас Сыдық, Омар, Оспан Әли Әбу Талиб ұрпағы болып есептелінеді. Қожалар әулеті қазақ халқының рухани – мәдени, әдет – ғұрып, салт – дәстүрлік бірлігін қамтамасыз етуде, қазақ мемлекетінің қалыптасуына маңызды рөл атқарды. Қожаларға қазақ хандығында жоғары құрмет көрсетіліп, ерекше құқықтық артықшылықтар берілді.

      Жүз —  қазақ халқының аймақтық-әкімшілік бөлігі ретінде ХУ-ХУІ ғасырларда қалыптасқан тайпалық-рулық бірлестіктер (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз).

      Құрылтай – түркі-моңғол ақсүйектерінің ресми кеңесі. Түркілерде кейін Шыңғыс хан империясында құрылтай үлкен рөл атқарған. Онда, негізінен, Ұлы хан сайлау, жауланған жерлерге иелік ету және әскери жорық бағытын белгілеу мен оған әскербасын тағайындау мәселелері шешілді.

      Қолбасшы – мемлекеттің қарулы күштерін,соғыс жағдайында ірі әскери құрылымдарды ( оперативтік – стратегиялық бірлестіктерді) басқаратын әскери басшы.

      Қонтайшы, Хуантайшы – Жоңғар хандығының билеушісі. Қонтайшыдан кейінгі дәрежені тайшы, ноян, жайсандар иемденген.  

Тест сұрақтары:

1. Қай жылы генерал-губернатор Игельстром Кіші жүзде хандық басқаруды қалпына келтіріп, Айшуақты хан етіп қойды?

А) 1797ж.

В) 1793ж.

С) 1787ж.

Д) 1799ж.

Е) 1784ж.

2. 1756 ж. Абылай сұлтан кімге ант берді?

А) Ресей

В) Қоқан

С) Хиуа

Д) Қытай

Е) Бұхара

3. 1731 ж. Ресей құрамына Кіші жүз қазақтарын алу жөніндегі документке қол қою қай жерде өтті?

А) Петерборда

В) Орынборда

С) Москвада

Д) Хан Ордасында

Е) Түркістанда

4. Әбілқайыр хан Ресей құрамына қосуды сұрағанда қандай мақсатты көздеді?

А) Еділ қалмақтары мен башқұрттардың шабуылын тоқтату үшін

В) Салықты көбейту үшін

С) Сыртқы саясатты жүзеге асыруда тірек табу үшін

Д) Өзінің жеке мақсаттары үшін

Е) Ресей арқылы Еуропаға шығу үшін

5. 1731 ж. Кіші Жүздің ханы қай жерде Ресейге өз еркімен қосылғандығы жөнінде ант берді?

А) Петербург

В) Түркістан

С) Хан ордасы

Д) Орынбор

Е) Омбы

6. Кіші жүздің қай ханы 1742ж. 19 қазанда патша үкіметінің Жайық өзені бойында мал жаюға тыйым салған үкімін жоюды талап етті?

А. Нұралы

В. Әбілмәмбет

С. Ералы

Д. Сәмеке

Е. Болат

7. 1759ж. 1 қаңтарда Абылайдың сауда миссиясы қай жерде жақсы қабылданды?

А. Үрімшіде

В. Үш – Тұранда

С. Қашқарда

Д. Пекинде

Е. Жаркентте

8. 1778ж. ІІЕкатерина Абылайды қай жүздің ханы етіп бекітті?

А. Ұлы жүздің

В. Кіші жүздің

С. Орта және Кіші жүздің

Д. Орта Жүздің

Е. Үш жүздің

9. 1741 – 1742 жылдары Қазақ хандығында саяси ахуалды кімнің шабуылдары мейлінше шиеленістіріп жіберді?

А. Әмірсананың

В. Бошоктудың

С. Цеван – Рабтанның

Д. Давацидің

Е. Қалдан – Цереннің

10. С.Датұлы бастаған көтерілісте жазалау тобына «қырғыз – қайсақ қарақшыларын» Жем өзені бойындағы «ұясына» дейін тықсырып тастауды бұйырған Әскери коллегияның президенті кім еді?

А. Н. Рейнсдорф

В. А. Пономорев

С. Н. Колпаков

Д. Д. Потемкин

Тест жауаптары: 

  1. А
  2. Д
  3. Д
  4. А
  5. С
  6. А
  7. А
  8. Д
  9. Е

10. Д

ХҮІІІ ғасырдың алғашқы үштен біріндегі қазақ-орыс дипломатиялық қатынастары 

Р/с

Уақыты

Жіберілген елшілік

Қабылдаған елшілік

Қаралған мәселелер

1

1715 жыл Әбілқайырдың жеке елшісі Тайқоңыр Құлтабаев Қазан губернаторы П.С.Салтыков «Башқұрт және қырғыз-қазақ дауларын тыю және олардың тұтқын алмасуы туралы мәселе»

2

1716 жыл қыркүйек Бекболат Екешов, Байдәулет Бөриев (Қайып ханның елшілігі) Сібір губернаторы М.П.Гагарин «Мәңгілік бітім жасасу», Ресеймен Жоңғарияға қарсы әскери одақ туралы келісімге қол жеткізу және «оларға сауда саттық жолымен Тобылға баруға мүмкіндік беру үшін» Ресейдің жақын жердегі рыноктарына қазақ малшыларының кедергісіз баруына кепілдік алу

3

1716 жыл 16 қазан Сібір губернаторы жіберген елші Никита Белоусов Қайып хан Орыс шекаралық өкімет орындарының Орта және Кіші жүз қазақтарымен «тату тұруға» әзір екендігіне сендіру

4

1717 жылдың аяғы Уфа дворяны Феодор Жилин Әбілқайыр және Қайып хандар Тұтқындар алмасу мен мал жағдайы, сондай-ақ Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы әскери-саяси ахуалды ретке келтіру

5

1718 жыл қаңтар Борис Брянцев пен Яков Тарыштин және тілмәш қабай Мамеев Әбілқайыр және Қайып хандар Ресейдің Қазан және Сібір губернаторлығы оның өкілетті өкілдерімен «мәңгі татулықта және одақтасып» тұруға орыс көпестерімен сауда байланыстарын дамыту

6

1718 жыл 10 желтоқсан Тантай Арыстанов, Тоғынұр Құлтабаев Қазан губернаторы П.С.Салтыков Қазан губернаторымен Жоңғар ханына қарсы ұрыс қимылдарын келісе отырып жасасу

7

1719 жыл 8 қаңтар Қазан губернаторы П.С.Салтыковтан хат Қайып хан Жоңғар ханымен соғысуға нақты уәде беруден тартынып, оның, Қайып ханның, оған қонтайшыға өз дегенін істей беруін» мәлімдеді

8

1726 жыл 18 қаңтар Қойбағар Көбеков (тұтқын М.Юнусовпен бірге) Петербургке Ресейдің қамқорлығында болуға тілек білдіру және қазақтардың башқұрттар мен Жайық арасында көшіп жүруіне рұқсат ету Ресейдің ірі қалаларына еркін және қауіпсіз баруын қамтамасыз ету, Жайық казактары мен башқұрттардың шабуылдарынан қауіпсіздікке кепіл

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан тарихы: Лекциялар курсы / Қ.С.Қаражан, Ж.Ә.Әбсеметова, Ф.А.Қозыбақова, т.б.; — Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 330 бет.
  2.  Берденова  К.Ә. Қазақстан тарихы. Лекциялар курсы. Алматы. Экономика. 2008.
  3. Әбуев Қ.Қ. Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерінен. Алматы: Қазақстан, 1994.
  4. Әбуев  Қ.Қ. Қазақстан: тарих және тағылым. Астана: Елорда, 2006. -319 бет.
  5. Көркемсуретті Қазақстан тарихы. 4 томдық. Т 2:  Қазақстан Алтын Орда дәуірінен ХІХ ғ. ортасына дейін. -311 бет.
  6. Данияров К. Аныракай и Джунгария. (История гибели Джунгарии) Алматы. 2002. -166с.
  7. Едилханова С.А. Взаимоотношения казахов и джунгар в ХҮІІ-ХҮІІІ вв. Историография проблемы: Автореферат. –Алматы, 2003. -30с.
  8. Мұхамедов М.Б., Сырымбетов Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. –Алматы: «Қарасай», 2007. -344 бет.
  9. Қозыбаев М.Қ. «Өркениет және ұлт»: -Алматы: 2001. -369 бет.
  10. Артықбаев Ж.О. Қазақстан тарихы: Оқулық-хрестоматия. –Астана: «Фолиант», 2000. -260 бет.
  11. Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы тарихы: Оқулық/ Қ.С.Қаражан, Ж.Әбсәметова, Ф.А.Қозыбақова, Т.Қ.Мекебеав, С.С.Саржанова, С.С.Смағұлов, Ш.Б.Тілеубаев; Ред. басқ. Қ.С.Қаражан. –Алматы: Қазақ университеті, 2005. -302 бет.
.

Тағы рефераттар