Жас ерекшеліктер туралы ұғым қазақша реферат

        Белгілі бір шақтық кезеңге тән анатомиялық – физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді әдетте жас ерекшеліктері деп атайды. Сондықтан педагогика және психология балалардың жас ерекшеліктеріндегі ширақтықты, өзгерімпаздықты айқындайды, тәрбиеленушінің және қоршаған ортамен жасайтын қарым – қатынастар жүйесіне тәуелді болатынын атап көрсетеді. Балалардың өсіп – жетілуінің бір сатысынан екіншісіне көшуі кездейсоқ емес. Әр жастағы кезеңге тән психологиялық ерекшеліктердің ұштасуын жиі байқауға болады.

Сана – сезімнің, дене күш – қуаттарының дамуы адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты. Баланың жасы өскен сайын бойлары өсіп, денелері тұлғаланып, ақыл – саналары дамып, білімдері тереңдей бастайды. Балалардың жас ерекшелігін есепке алу, оқыту мен тәрбие жүйесіндегі негізгі принциптердің бірі. Қоғамда атқаратын рөлі, белгілі құқығы бар адамды жеке адам деп түсінеміз. Ал, қалыптасу дегеніміз – адамның жеке басының дамуы мен тәрбиесінің нәтижесінде жетілуі, саналы өмір сүруге дайын болуы.

Жас ұрпақты қоғамдық өмірге және еңбекке араласуға дайындау міндетін іске асыруда, баланың жеке басын қалыптастыруға әсер ететін тәрбие, қоғамдық, әлеуметтік орта және тұқым қуалаушылық. Перзент сүю – ата-ананың бақыты, олардың қоғам алдындағы табиғи борышы. Ұрпақ жалғастыру – бүкіл тіршілік дүниесінің эволюциялық жемісі. Адам табиғаттан тыс өмір сүрмейді, олай болса, оның табиғи заңына орай дүниеге ұрпақ әкеледі. Адам өзінің баға жетпес ұрпағы үшін бар жағдайды жасайды.

Тәрбие ісінде балалардың жас ерешеліктерін ескеріп отыру қажеттігін педагогтер Я.Коменский, Ж.Руссо тәрбие беру кезінде бала табиғатын, оның қабылдау, ойлау ерекшеліктерін еске алып отыруға үндеген болатын.

Қазіргі педагогика және психология ғылымдары балалар мен жеткеншектердің дамуындағы биологиялық фактордың рөлін айрықша көрсетеді. Педагогика ғылымы жас ерекшеліктерін анықтауға баланың дамуына үнемі қозғалыс үрдісі ретіндегі қарастыра отырып, бұл қозғалыстан сан жағынан жинақталу, ал сапа жағынан елеулі өзгерістер болатынын алға тартады. Мәселеге бұлайша қарау балалардың дене және психикалық дамуының бірқатар кезеңдерін белгілеуге мүмкіндік береді. Осының негізінде мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің өсіп – жетілуін мынадай кезеңдерге бөлу қабылданды:

1)    Төменгі сынып шағындағы кезең (7 жастан 11 жасқа дейін);

2)    Негізгі мектеп шағындағы жеткіншектік кезең (12 жастан 15 жасқа дейін);

3)    Орта мектеп шағындағы жасөспірімдік кезең (15 жастан 18 жасқа дейін).

Соңғы жылдары симпозиумда қабылданған жас кезеңдерінің сызбасына жаңа туған баладан бастап жасөспірімдік шаққа дейігі өзгерістер кіреді. Олардың сатылары:

  1. Жаңа туған бала (туған сәттен бір-екі айға дейін);
  2. Нәрестелік шақ (бір – екі айдан бір жылға дейін);
  3. Ерте сәбилік шақ (бір жастан үш жасға дейін);
  4. Мектепке дейінгі балалық шақ (төрт жастан 7 жасқа дейін);
  5. Бастауыш мектеп жасы (7 жастан 11, 12 жасқа дейін);
  6. Жеткіншек шақ (11, 12 жастан, 14, 15 жасқа дейін);
  7. Жасөспірім шақ (14,5 жарым жастан, 17 жасқа дейін).

Төменгі сынып оқушыларының ойлануын дамытуда екі негізгі саты байқалады. Бірінші сатыда ойлау әрекеті мектеп жасына дейінгі баланың ойлануын еске түсіреді. Екінші сатыда оқушылар заттар мен жағдайларды сыртқы белгісі бойынша бағалайды. Есейе келе ойлау сипаттары өзгереді. Оқушылар білуге әуесқой болғандықтан, олардың табиғат құбылыстары, адамдардың өмірі туралы сұрақтары көбейеді. Шығармашылық ойындар баланың ақыл – ойын дамытады.

Сезімдік көңіл – күйінің көтеріңкілігі – олардың маңызды бір ерекшелігі. Оқушылар ересек адамдармен, өзінің құрдастарымен қарым – қатынаста болғанды жақсы көреді.

Бұл жастағы балалардың негізгі іс – әрекеті – оқу. Бастауыш сынып оқушылары ұзақ уақыт бір қалыпты отыра алмайтындықтан, сабақта жазу мен оқуды алмастырып, сергіту сәттерін өткізіп, сыныптың ауасын тазартып, үзіліс кезінде мектеп ауласында ойындар ұйымдастыру керек.

Мұғалім оқыту процесін жеке бөліктерге бөліп, оқушыларға жеңіл тапсырмалар беріп, оларды бірте – бірте күрделендіріп отырады. Оқыту процесі зейін мәдениетін тәрбиелеуге бағытталуы керек. Оқуға және қоғамдық жұмыстарға байланысты талаптарды жүйелі қойып, оның орындалуын бақылау, өздік жұмыстарды орындату, іс – әрекетті түрлендіру, ойындарды қолдану, балалардың еңбегін жеңілдетіп, балаға тапсырма орындаудың қажет екендігін түсіндіру арқылы, мұғалім оқушының оқуға деген жауапкершілігін тәрбиелейді.

Бала форма, бояу, дыбыс арқылы ойлайды, сондықтан көрнекілік әдістері мен ойындарды жиі қолдану пайдалы. Мектептегі, үйдегі еңбек, дене жаттығулары, ойындар баланың есте сақтау қабілетін дамытады.

Бастауыш мектеп оқушыларының оқу мүмкіндіктерін зерттеп, оларды күрделі бағдарлама, оқулықтармен оқыту өте маңызды іскерлік, атап айтсақ, өз ойын ауызша, жазбаша түрде беруге үйретеді.

Бұл жастағы балалармен тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін мына ерекшелікті ескеру керек: сөз бен істің сәйкесті болуын талап ету, жөнсіз кінәлаудан жеркену сезімінің болуы, үлкен адамдардың жіберген қателігін тез байқау, арманшыл – қиялшыл, ұйымшыл, сенімді серік іздеу, өз мүмкіндіктерін асыра бағалау, түрлі спорт ойындарына ықыласты болу. Осы ерекшеліктерді оқу тәрбие жұмысында сынып жетекшілері, мұғалімдер, ата – аналар ескеруі қажет.

Адамгершілік тәрбиесінде баланың көнгіштігін, сенгіштігін, еліктеуге бейімділігін пайдаланып, қателігін мойындауға үйретуге болады. Мұғалімнің оқушымен қарым – қатынасы, жайдары ізгі қатынасқа көшуі, баланың өзін тануын көмектесуі адамгершілік сезімін тәрбиелейді. Ерекше көңіл аударатын мәселе – баланың мінез-құлқының көпшіл де кең пейілді болуы.

Бұл жастағы балалар үшін еңбектің тәрбиелік мәні зор. Балаларды бірте – бірте еңбекке баулу отбасында, ұжымда жүргізіледі. Ұзақ уақыттық дене еңбегіне, күш түсетін жұмыстарға әлі қабілетсіз болатындығын ескеру керек. Еңбек іс – әрекетімен жүйелі айналысу, оны бірте –бірте күрделендіру, өндіріс орындарына экскурсияға апару, мамандықтармен таныстыру тұлғаның әлеуметтік құнды сапаларын қалыптастыруға көмектеседі. Төменгі сыныпта өзіне – өзі қызмет етудің әдеттері мен дағдылары қалыптасады. Үлкендердің еңбегін құрметтейді, адам өміріндегі еңбектің рөлін түсініп, дене еңбегіне даяр болады, дүние туралы ұғымдар қоры, қажетті іс – әрекет икемділігі дамиды.

Мектептің ең негізгі міндеті – балаға білім атаулының әліппесін үйретумен қоса, оның өмірдегі өз орынын табуына көмектесу. Жеке тұлғаны қалыптастыруда ең бастысы – ақыл – ой, адамгершілік, еңбек, эстетикалық, дене тәрбиесін өзара байланыста кешенді жүргізу.

Жеткіншек балаларды дамыту және тәрбиелеу ерекшелігі.

Жыныстық толысу тез жүреді:

—       Қыздарда – 11 – 13 жас;

—       Ер балаларда – 13 – 15 жас.

Қанқа сүйегі мен бұлшық етінің жедел жетілуіне байланысты моторлық аппараттың қайта құрылуы мінез – құлқының өзгеруіне әкеліп соғады, сондықтан дене тәрбиесін дұрыс ұйымдастыру керек.

Жеткіншек шақ. Жеткіншектік кезеңнің шектері шамамен орта мектептің V – VIII сыныбына сәйкес келеді де, 11 – 12 жастан 14 – 15 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Жеткіншектің кезеңнің баланың дамуындағы ерекше орны «өтпелі», «бетбұрыс», «қиын», «сыналатын» кезең деген атауларында бейнеленген. Бұл – ең тынымсыз, ең қиын, ең қызба жас.

Жеткіншектің жеке басы дамуының аса маңызды факторы – оның өзінің ауқымды әлеуметтік белсенділігі,ол белгілі бір үдгілер мен игіліктерді игеруге, үлкендермен, жолдастарымен қарым – қатынас орнатуға бағытталады.Жеткіншектік кезеңнің маңыздылығы адамның жеке басының моральдық, әлеуметтік негіздерін қолданып, қалыптасуының жалпы бағытының белгіленуі. Бұл кезеңдегі дамудағы биологиялық және әлеуметтік жағдайлардың рөлі туралы теориялық талас жарты ғасырдан астам уақыттан бері болып келеді.

Жеткіншектер дамуындағы ерекшеліктер әр түрлі теорияларға негіз болды. Жеткіншектік шақтың басында балалардың сырт пішіні, мінез – құлқы ересектерге ұқсамайды. Олар көп ойнап, көп жүгіреді, алысып – жұлысып тентектіктер жасайды, әлі де бала бола жүріп, елеусіз есейеді. Жеткіншектің жеке басындағы басты жаңа құрылым өзі туралы «енді бала емеспін, ересекпін» — деген түсініктің пайда болып, өзіне жұрттың осылай деп қарауын тілейді.

Мектеп пен оқу жеткіншектердің өмірінде үлкен орын алады. Оқу қызметіндегі ол қылықтардың сырттай көріну дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін. Жеткіншектер білімді, әділ, мейірімді, сабақтағы жұмысты ұйымдастыра білетін мұғалімдерді бағалайды. Мұғалім міндеті – оқу материалдарын қайталау арқылы мағынаны еске сақтауға үйрету болып табылады.

Жеткіншектік шақ – болашақ туралы балалық армандардың орнына өзінің мүмкіндіктері мен өмір жағдайларын ескере отырып, ол туралы ойлану басталатын, өз ниеті, іс – әрекетін жүзеге асыруға ұмтылатын кезең екендігін үнемі қаперде ұстауымыз қажет.

Сананың дамуы баланың өз бетімен тәуелсіз талаптануын тудырады. Олар үйелменде, мектепте еңбек процесіне араласады, күнделікті өмірді бақылайды, ой – өрісі кеңиді. Бұл жастағы бала намысқор келеді, үлкендер бақылауын әкімшілік шараларды ұнатпайды. Үлкендерді озбырлық жасайды деп ойлайды. Кейде түсініспеушілік осындайдан да туады. Үлкендерге байланып олардың мінезінен шындықты байқауға тырысуы үлкендер мен балалар арасында түсініспеушілік туғызады. Үлкендердің ойланбай асығыс шешім қабылдауы балаға зиян келтіруі мүмкін.

Бұл жастағы балалар өнегелі адамдардың істерімен масаттанады.

Осы тұрғыдан баланың мінезін тәрбиелеу, ықыласы мен қабілетін дамыту, мұқтаждары мен тілектерін қамтамасыз ету дұрыс педагогикалық ойларға негізделуі керек.

Осы ерекшеліктерді есепке ала отырып, тәрбие жұмысын тиімді етіп ұйымдастыру керек. Жеткіншектер қоғамға пайдалы істерге ықыласты, ұжымшыл, жолдастық, достық сезімге бай, кітап оқуға, кинофильмдерге көруге ынталы, спортты ұнатады.

Әдебиет жеткіншекке азаматтардың қарым – қатынасының мәнін, сезімдерінің дұрыстығына жауап іздеуге үйретеді. Саз әуені – адам сезімінің әміршісі, толқу үстіндегі адамға түсінікті, сондықтан сазға баса көңіл бөлу жеткіншектің тәрбиесіне көмектеседі. Жеткіншектермен жұмыстағы негізгі педагогикалық идеал – баланың іс – әрекетте жетістікке жетуіне жағдай жасау. Баламен жеке жұмыс жүргізу, әдептілік сақтап, педагогикалық шыдамдылық, ұстамдылық көрсету жеткіншектің қалыптасуына тікелей ықпал етеді.

Дене тәрбиесі. Дұрыс тамақтанып, таза ауада жиі болу, көп қозғалу (ойын, дене жаттығулары, спортпен айналысу) дене тәрбиесіне көмектеседі. Дене тәрбиесі мұғалімі және жаттықтырушы баланың бет әлпетінің, қолының, ернінің түсін үнемі қадағалау керек. Бұл жұмыс сабақтың басындағы және соңындағы қан тамырының соғысын тексерумен толықтырылады, жеткіншектер жиі тыныс алатындықтан, тыныс алуын басқаруға үйрету керек. Жеке гигиена, ұйқы, тамақ, демалыс, белсенді еңбек іс – әрекетіне жағдай жасайды. Шамадан тыс жұмыс беру жалпы дамуын тежейді. Дене тәрбиесі арқылы жүрек қан жүйесін жаттықтыру, дене жаттығулары, спорт, дене еңбегі үшін дәрігерлік және педагогикалық бақылау өте пайдалы. Маскүнемдікке жол берілмеу керек. Дене тәрбиесі және спортпен айналысу зейіннің дамуына әсер етіп, оның көлемін көбейтеді, зейіннің бір нәрседен екіншіге бөлінуіне әсер етеді.

Тәрбиешінің міндеті – еңбек, спорт іс – әрекетін, жеткіншектің ерік – жігер, сапаларын қалыптастыру. Мұғалімдер, тәрбиешілер, ата – аналар мақсатқа жетудегі сенімділігін тәрбиелеп, жетістігін атап көрсетіп, қауіп – қатерден сақтандырып, дер кезінде көмекке келіп, жеткіншекті өз кемшіліктерінің себептерін түсіндіруге үйретеді.

Жеткіншектердің қалыптасуында жолдастарының қоғамдық пікірі үлкен рөл атқарады. Мораль мәселелерін талдау және адамгершілік тақырыбындағы пікірсайыстардың әсерінен өмірдің мәні, өз болашағы, мамандығы туралы, өз беделі туралы ойланатындықтан, мұғалім бұл мәселелерді шешуге пәрменді түрде көмектесіп, күнделікті іс – қылықтардың адамгершілік мәнін ашуға көмектеседі. Ересек адамдар бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, әр баламен ойланып жұмыс істеу керек. Сәнге сәйкес киінгені, музыка тыңдағаны үшін баланы сөгу дұрыс емес. Жеткіншектермен өзара әрекеттің негізгі тәсілдері: онымен бірге іс – қылықтарды, оқиғаларды талдау, баға бергізу, өзін – өзі талдауға, өз мінез – құлқын басқаруға үйрету.

Осы жаста адамның мінез – құлқы және басқа да жеке басының негіздері қалыптасады. Міне, осы кезеңде жеткіншектермен жасалатын тәрбие жұмысында кемшіліктер айқын көріне бастады. Соңғы кездері жеткіншектер тәрбиенің төмендігінен байқауға болады:

—       ата – анамен келіспеушілік жағдайда болу;

—       мектептегі қиындық және сәтсіздік;

—       тәртібі қиын құрбы – достарымен байланыс орнату.

Отбасы жағдайы, ата – ананың кәсібі, материалдық жағдайы, білім деңгейі жеткіншектің өмірдегі жолын айқындайды. Ата – ананың саналы, мақсатты тәрбиесі бала өмірінде үлкен рөл атқарады. Отбасындағы жақсы қарым – қатынасты жоғалту, мектептегі сәтсіздік, келеңсіз топтағы құрбыларымен жақындық әр түрлі жолдарға итермелейді. Отбасы, мектеп, құрбы – құрдастар тобы – барлық жеткіншектердің нағыз табиғи ортасы, ең маңызды қоғамдық факторы.

Демек, баланың мінез – құлқының қалыптасуына отбасы ерекше әсер ететіндіктен оның көп қырлы, жан – жақты болуы отбасына байланысты. Педогогикалық, әлеуметтік жағынан жіберілетін әлсіздік, оқу жүйесіндегі сәтсіздік – ауытқымалы мінез – құлықтың қайнар көзі.

Жеткіншектің мінез – құлығындағы ауытқулар көбіне туа пайда болмайды, олар отбасындағы және мектептегі дұрыс тәрбие бермеуден пайда болады. Осы аталып көрсетілген ауытқу девиантты мінез – құлық деп аталады.

Девиантты мінез – құлықтың бір түріне қылмыстық әрекетке апаратын агрессивті мінез – құлық (төбелес, тіл тигізу) жатады.

Жеткіншектің мінез – құлығындағы агрессивтілік адамдарды аяу сезімінің жоқтығынан садистік бағытқа бейімделу нәтижесінде өзін қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Бұл жағдай тұлға аралық, топ аралық кикілжіңге өршігіп кетуі мүмкін.

Жеткіншектің мінез – құлығындағы агрессивтік ішімдікпен, нашақорлықпен тікелей байланысты. Кейде жеткіншектер ішімдік ішкен кезде өзінің еңбегін (бұзақылық, төбелес, сәтті аяқталған оқиғаларын) атап өтеді.

Жеткіншектің тәртібі агрессивті күйде болса, олар «қиын» балалар қатарына жатады.

Кейбір мектеп мұғалімдерінің қиын балалармен жұмысы сынып алдында жүйке жұқартатын әңгіме, жазалау, т.б. түрінде жүзеге асады. Әдетте, бұл әрекеттің барлығы оң нәтиже бермейді, керісінше қиын жеткіншектердің мұғалімге, мектепке кектенуі күшейіп, қарсы келуіне әкеледі.

Мұғалімдер қиын жеткіншектерге өзінің кері көзқарасын жасырмағанда, олармен кикілжіңге келеді. Девиантты мінез – құлықты жеткіншекке қолданылатын тәрбиелік профилактикалық іс – шаралар – тұлғаға әсер ету, әлеуметтік педагогикалық түзету іс – шаралары, кері әсерлі ортаны сауықтыру.
Тағы рефераттар