Жұмыссыздық және халықты жұмыспен қамту мәселелері туралы қазақша реферат

Жұмыссыздық – елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың бір бөлігі өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмай дағдаратын әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Экономикалықәдебиеттерде кез келген қоғамдағы жұмыссыздық құбылыстары сипатына байланысты фрикциялық жұмыссыздық, құрылымдық жұмыссыздық, циклдік жұмыссыздық болып ажыратылады. Фрикциялық жұмыссыздық – қызметкерлердің жұмыс орнын ерікті түрде ауыстыруымен және жұмыстан уақытша босау кезеңдерімен байланысты (қызметкерлердің бір жұмыстан екінші жұмысқа ауысқан кездегі уақытша жұмыспен қамтылмауы) құбылыс. Құрылымдық жұмыссыздық – елдегі тұтыну тауарларына сұранымның құрылымында және өндіріс технологиясында болатын өзгерістер салдарынан пайда болатын құбылыс. Бұл жағдайда қызметкер не өзінің кәсібіне (мамандығына) сұранымның жоқтығы салдарынан‚ не жұмыс алу үшін жеткілікті біліктілігінің жоқтығы салдарынан жұмыссыз қалады.

Кез келген қоғамдағы экономикалық даму барысында тұтыну тауарларының сұранымы құрылымында және өндіріс технологиясында маңызды өзгерістер болады. Бұл өзгерістер өз кезегінде жұмыс күшіне жалпы сұранымның құрылымын да өзгертеді. Осындай өзгерістерге байланысты кәсіптердің кейбір түрлері азаяды не қысқарады‚ ал басқа бір түрлері көбейеді. Қоғамдағы жұмыссыздықтың пайда болу себебі жұмыс күшінің осы өзгерістерге баяу ыңғайланатындығына және оның құрылымының нақты жұмыс орнына сай келмейтіндігіне байланысты болады. Фрикциялық жұмыссыздық пен құрылымдық жұмыссыздық арасындағы елеулі ерекшелік мынада: бірінші жағдайда жұмыссыздарда еңбек нарығында ұсынуына болатын дағды‚ машық бар‚ ал екінші жағдайда олар қайта даярланбайынша‚ қосымша оқып біліктілігін арттырмайынша‚ тіпті тұрғылықты жерін ауыстырмайынша жұмыс таба алмайды. Фрикциялық жұмыссыздық неғұрлым қысқа мерзімді сипатта болады‚ ал құрылымдық жұмыссыздық неғұрлым ұзақ мерзімді сипатта болады‚ сондықтан ол қоғамдағы неғұрлым елеулі жұмыссыздық болып табылады. Циклдік жұмыссыздық – елдегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жиынтық сұранымның күрт азаюы салдарынан болатын құбылыс. Осы себептен оны кейде сұранымның тапшылығына байланысты жұмыссыздық деп те атайды. Циклдік жұмыссыздық – кез келген қоғам үшін экономикалық және әлеуметтік дағдарыс болып саналады. Экономикалық дағдарыс (экономикалық дамудың құлдырауы‚ тоқырау) елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың елеулі бөлігінің бостан босқа уақыт өткізуіне әкеліп соғады‚ ал мұндай жағдай олардың біліктілігінің жоғалуына‚ адамгершілік қадір-қасиеттің азғындауына‚ әлеуметтік және саяси жанжалдарға апарып соқтырады. Жұмыссыздық – барлық қоғамда болып тұратын құбылыс. Нарықтық экономикасы дамыған елдерде‚ мысалы‚ АҚШ-та‚ еңбекке қабілетті тұрғындардың жұмыспен толық қамтылуы жұмыссыздық мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Фрикциялық және құрылымдық жұмыссыздық болмай қоймайды деп есептеледі. Демек, елдегі тұрғындардың жұмыспен толық қамтылуы – ол елде циклдік жұмыссыздықтың жоқтығын білдіреді. Жұмыспен толық қамтылу кезіндегі жұмыссыздық деңгейі оның табиғи деңгейі болып саналады. Мұндай жағдай елдегі жұмыс күшінің рыноктары теңдестірілгенде, яғни жұмыс іздеушілердің саны бос жұмыс орындарының санына тең болғанда пайда болады. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі қоғамдағы оң құбылыс болып есептеледі. Өйткені “фрикциялық” жұмыссыздарға бос жұмыс орнын табу үшін әрқашан уақыт керек‚ “құрылымдық” жұмыссыздарға да біліктілігін жетілдіру, жаңа мамандық алу үшін немесе жұмыс табу мақсатымен басқа жерге көшу үшін уақыт керек. Егер жұмыс іздеушілердің саны бос жұмыс орнынан асып түссе‚ онда жұмыс күші рыногінің тең болмағаны. Екінші жағынан‚ жиынтық сұраным молайған жағдайда жұмыс күшінің “жетіспеушілігі” сезіледі‚ яғни бос жұмыс орындарының саны жұмысқа мұқтаждардың санынан асып түседі. Қазақстанда нарықтық экономикаға өту кезеңінде бұрынғы тиімсіз кәсіпорындар мен ауыл шаруашылық мекемелерінің жұмысын уақытша тоқтатып, жабылуына, банкротқа ұшырауына, жекешелендіріліп, қайта құрылуына байланысты құрылымдық жұмыссыздық құбылысы байқалды.

2011 жылы жергілікті жұмыспен қамту органдарына 17323 адам өтініш жасап, олардың 72,1 пайызы немесе 12482-і жұмысқа орналасты. Тұрақты және маусымдық жұмыс орындарын ашу жоспарлары артығымен орындалды. Бұндай нәтижеге қол жеткізуге үдемелі индустриалдық-инновациалық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде ашылып жатқан жұмыс орындары себеп болып отыр. Мысалы, Мойынқұм ауданы уәкілетті органының мәліметі бойынша Мыңарал цемент зауытында 236 қазақстандық жұмыс атқаруда. Т.Рысқұлов ауданында «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-де 100, Тараз қаласындағы «Бином Строй-Деталь» ЖШС-де 80, Жамбыл ауданындағы «Супер фарм» ЖШС-де 50 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы аясында биылғы 2012 жылы 4 –ші бағыт бойынша қосымша сұралған қаражатты қоса есептегенде барлық сома 2 млрд. 819 млн. 264 мың теңгені құрады. Қамтылатын қатысушылар саны – 4632 адам. Оның ішінде: бірінші бағыт бойынша 3993 адамға – 1 млрд. 157,3 млн. теңге қаралып отыр, оның ішінде 2622 адам кәсіптік даярлаудан өтіп, 415 адам әлеуметтік жұмыс орындарына және 956 адам жастар практикасына жолданады; екінші бағыт бойынша 259 адамға микрокредит беру жоспаралнып, олардың ішінде 159-ы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 129 несие алушылардың жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымдары дамытылады, осы мақсаттарға барлығы 706,2 млн.теңге қаралып отыр; бағдарламаның 3-ші бағытын алдағы жылдары іске асыру үшін бекітілген критерийлерге сәйкес 6 аудан бойынша экономикалық әлеуеті төмен 32 елді мекендердің тізімі анықталып (Мойынқұмда – 11, Сарысуда – 13, Талас ауданында 4, Меркі – 2, Қордай -1, Т.Рысқұлов ауданында 1 елді мекен), ол ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігімен келісілді.

Осыған сәйкес жергілікті жерлерде азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге және өсу орталықтарына көшуге үміткерлер тізімдерін нақтылау, өнідіріс ошақтарының білікті жұмыс күшіне деген қажеттілігін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының «Ауылдық елді мекендерді дамыту» атты жаңа төртінші бағыты бойынша 2012 жылы облысымызға ауылдық елді мекендердің инженерлік-коммуникациялық, әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және оларды көріктендіруге облыстағы экономикалық белсенді халық санына сәйкес 759,3 млн.теңге бөлініп, 68 нысан тізімі белгіленіп, осы саладағы жұмыстарды атқаруға 600-ден аса адамды жұмысқа тарту көзделіп отыр.
Бұл бағыт 2009-2010 жылдары іске асырылған Жол картасы бағдарламасы сияқты төмендегідей салаларда жүзеге асады: коммуналдық-инженерлік нысандарды, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды жаңғырту, күрделі, орта және ағымды жөндеуден өткізу; әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, күрделі және ағымды жөндеуден өткізу; абаттандыру.

Ағымдағы жылдың алғашқы 2 айында Жұмыспен қамту орталықтарынан 688 адам бағдарламаға қатысу бойынша кеңес алып, оның ішінде 465-і өтініш берсе, олардың 396-сы бойынша Бағдарламаға қатысушы ретінде шешім қабылданып, олармен әлеуметтік келісім-шарт жасалынды. Осы азаматтардың 163-і 29 жасқа дейінгі жастар болса, 167-і әйелдер. Бүгінгі күнге жұмыс берушілермен жасалған келісімдерге сәйкес 274 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасса, 100 түлек жастар практикасына жолданды. Наурыз айының 12-нен бастап 250 адам 10 мамандық бойынша 6 кәсіптік лицей базасында қайта даярлау курстарына жолданды. 1 мамырдан бастап 115 адам 4 мамандық бойынша 2 кәсіптік лицей және 1 колледж базасында біліктілігін арттырады және 1 қыркүйектен 235 адам 11 мамандық бойынша 6 колледж базасында кәсіптік даярлауға жолданады.

Жалпы алғанда, осы бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2011-2014 жылдары облыста барлығы 8 млрд. 728 млн. теңге қаражатқа 10235 адам қамтылатын болады. Соған сәйкес 2015 жылға жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан аспайтын болады, жалпы халық санына шаққандағы табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,1 пайызға дейін төмендесе, жұмыспен қамтылғандарға шаққандағы өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың үлесі 3,6 пайызға төмендейді. Жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру есебінен еңбек өнімділігінің қосымша өсімі 23 % құрайтын болады.

Пайдаланылған  әдебиеттер тізімі 

1.      С.Қ. Бекмолдин., С.С.Мауленова. Экономикалық теория. Алматы 2011ж

2.      Темірбекова А.Б. Экономикалық теория негіздері. Алматы 2011ж

3.      Құсайнова М. Ақ жол — 29.11.2012ж
Тағы рефераттар