XIX-XX ғ. басында Қазақстан музейлерінің құрылуына жергілікті әкімшілік пен өлкетанушылардың жинақтау қызметі әсер етті.

Қазақстанда алғашқы музейлердің қалыптасуы XIX ғ. басынан, 1830 жылдан бастау алады. Алғашқы музейлер қазақ жерінде XIX ғ. қалыптаса бастады. 1830 жылы Орынбор генерал-губернаторы, граф П.П.Сухтелен жергілікті елді, тұрғындарды өлкенің табиғатын, тарихы мен этнографиясын бейнелейтін заттарды губерния орталығында ашылғалы жатқан музей үшін тапсыруға шақырады. Бұл бастаманы жергілікті халық, тұрғындар қолдап, бірте-бірте болашақ музей үшін әр түрлі құнды жәдігерлер жиналады. Ағартушылық дәуір талаптарына сай жасалған бұл бастама көпшілік қолдауына ие болды. Алғашқы жинақтарға жеке Сібір корпусы штабының бастығы генерал-майор Г.Броневский тарту еткен Қарқаралы округынен табылған алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі киім үлгілері, мүсіндер кірді. Музей жинақтарын Жәңгір ханның отбасы сыйлаған хан ұрпақтарының киімдері, сәукеле, жібек көйлектер, асыл тастармен безендірілген бархыт шапандары ерекше толықтырды.

Осы жинақталған құнды жәдігерлердің негізінде 1831 жылы Орынбор губерниялық музейі ашылды.

Музейді ұйымдастыру жұмысына және құнды заттар қорының қалыптасуына 1830-1838 жж. Орынборда қызмет атқарған орыстың белгілі ғалымы В.И.Дальдің еңбегі ерекше болды. В.И.Даль Орал, Гурьев, Бөкей ордасына басқа да жерлерге шығып қазақ халқының тұрмысы, ауыз әдебиеті, этнографиясы жайында деректер жинады, сонымен қатар этнографиялық бұйымдар жинастырып музейлер қорын ұлғайтты.

Музейлер Қазақстандағы ғылыми архивтік комиссиялар, статистикалық комитеттер жұмысы нәтижесінің бір көрінісі ретінде қалыптасты, дегенмен өркендеудің кезеңдерінде музей архив, кітапханалар секілді жеке әлеуметтік институттар бола бастады. Музей бір жағынан арнайы ақпараттық база, әр түрлі ақпарат тасымалдаушы болса, екінші жағынан жинақтау, сақтау, жүйелеу, музей экспозициясы арқылы көрсететін мәдени байланыстың айрықша түрін көрсетеді.

1859 жылы Орал қаласындағы гимназияның жанынан музей ұйымдастырылды.

1887 жылы Орынборда Орынбор ғылыми архивтік комиссиясы құрылды. Комиссиянның мақсаты – генерал-губернаторлардың қарамағындағы архив құжаттарын тәртіпке келтіру, ғылыми тұжырымдар дайындау болатын. Архив комиссиясы қызметінің маңызды жұмыстарының бірі – Орынборда мұражай ашу болды. Бірақ, Орынборда мұражай құрудың артықшылығы – губерниялық статистикалық комите-тінің болуы.

1888 жылы қалада тарихи-археологиялық мұражай құру туралы шешім қабылданды. Осы уақытқа дейін жергілікті өлкетанушылар белгілі мөлшерде ориентологиялық, минерологиялық, зоологиялық, этнографиялық және кездейсоқ археологиялық коллекциялар жинаған болатын.

Орынбор Ғылыми Архивтік Комиссиясының белсенді мүшесі И.А.Кастанье өзінің ғылыми қызметін екі бағытта жүргізді. Қазба жұмыстарын жүргізіп, қазақ даласының ежелгі ескерткіштерінің тізімін жасайды. Музейлік маңызы бар құнды ескерткіштердің зерттелуіне үлкен маңыз беріп, еңбек етті, қазақ даласындағы барлық археологиялық деректерді жүйелеуді жүргізді. Орынбор Ғылыми Архивтік Комиссиясының “Труды” деген өз баспасөз органы болды. 1894-1917 жж. бұл басылымның 34 саны жарық көрді.

Мұрағаттық комиссия мен Орыс Географиялық қоға-мының Орынбор бөлімінің бірлескен қызметінің нәтижесінде 1897 ж. Орынбор Ғылыми архивтік комиссиясының жанынан жаңа тарихи-археологиялық музей құрылып, ерекше құнды заттар жинақталды. Музей жинақтарының құрамында тиындар, кітаптар, қару-жарақ, минералдар, археологиялық, этнографиялық материалдар болды.

1883 жылы 11 қыркүйекте Семей қаласында алғашқы мұражай мен кітапхана ашылды. Мұражайдың қалыптасып, дамуына М.И.Суворцевтің, ағайынды Белослюдовтардың үлестері ерекше болды. Мұражай қоры археология, этнография, минералогия, геология саласы бойынша өлкенің құнды жәдігерлерімен толықтырылып отырды. Бұл мұражайдың коллекциясын өркендетіп, зерттеумен Г.Н.Потанин, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, А.Құнанбаев белсенді айналысып, өлкенің археологиясы, этнографиясы, өсімдіктер және жануарлар дүниесін көрсетуде үлестерін қосты. Қазақстанның шығысында өлкетану мен музей ісінің дамуында үлкен қызмет атқарды.

ХІХ ғасырдың екінші бөлігінде, 1878 жылы құрылған Семейдегі статистикалық комитет, сол кездегі Қазақстанда құрылған барлық статистикалық комитеттер секілді өлкенің географиялық, этнографиялық, экономикалық жағынан зерттелуіне назар аударып, көптеген құнды деректер жинады. Семей мұражайының коллекциясының дамып, қорларының толығуына Абай Құнанбаев және оның әкесі Құнанбайдың мұражайға тарту еткен этнографиялық коллекциясының маңызы зор болды. Коллекцияны әйелдердің түрлі әшекейлері, киім-кешек, алаша-кілемдер құрады.

1878 ж. Семейде облыстық статистикалық комитеттің бірінші хатшы Е.П.Михаэлис болды. Семей кітапханасының оқу залында А.Құнанбаев пен Е.П.Михаэлис танысқан еді. А.Н.Белослюдов және оның ағайындары, В.В.Сапожников, А.Н.Седельников, Г.Н.Потаниннің ықпалымен А.Н.Белослю-довтың өлкетанушылық көзқарастары қалыптасты.

Көп жылғы өлкетанулық еңбектерін нәтижесінде ағайынды Белослюдовтар өздерінің үй музейін құрды. Бұл геология, минерология, палеонтология, антропология, көне заттар, нумизматика, этнография және сурет галереясын қамтыған бөлімдерден тұрған музей болды. Археология бөлімінде алты жүзден аса зат болды, ал нумизматика бөлімі мыңнан аса алтын, күміс, мыс теңгелер жиынтығын қамтыған еді. Ағайынды Белослюдовтар Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің қалыптасуына көп еңбек етті. А.Н.Белослюдов көптеген жылдар бойы музей меңгерушісі болды. 1911 ж. ағайынды Белослюдовтар музейге өздерінің үй музейлерінен 500 заттан тұратын коллекциясын табыс етті.

1870 ж. Жетісу өлкесіне Шығыстану факультетінің түлегі Н.Н.Пантусов келді. Ол Түркістан, Жетісу статистикалық комитеттерінің, Археологиялық комиссияның, Қазан университетінің жанындағы археология, тарих және этнография қоғамының мүшесі болды.

Н.Н.Пантусов Жетісудың географиясын, археологиясын, этнографиясын, ауыз әдебиетін зерттеген ірі ғалым болды. 1896-1907 жж. ол статистикалық комитеттің қызметін басқара отырып, Верныйда мәдениет пен білімнің дамуына үлкен ықпал етті. 1898 ж. Н.Н.Пантусовтың ұйымдастыруымен Жетісу музейі құрылды. Музей тарихи және археологиялық бөлімдерден құрылған болатын. Н.Н.Пантусов археология саласын зерттеуші ғалым ретінде 1897 ж. Қапшағай шатқалында 18 тас тапты.

Орыс географиялық қоғамының Жетісу бөлімінің жұмысына В.Е.Недзвецкий қатысты. Ол музейдің негізгі жинақтаушысы еді. 1918 жылға дейін Жетісу Өлкетану музейінің меңгерушісі қызметінде музейдің қалыптасуына елеулі үлес қосты. 1922 жылы музейге В.Д.Городецкий меңгеруші болды. В.А.Городецкий музей қорының жаңа экспонаттармен толықтырылуына, ғылыми-зерттеу жұмысы-ның деңгейінің көтерілуіне көп еңбек сіңірді.

Н.Г.Хлудов 1877 ж. Верныйға келіп, өмірін Қазақстанмен ұштастырды. Түркістан археология әуесқойларының үйір-месінің, Жетісу Орыс географиялық қоғамының жұмыстарына белсене қатысты. Н.Г.Хлудов бар өмірін өлкені зерттеуге, ағартушылық ісіне бағыттады. Отыз жыл ішінде өлкетанушы-этнограф ретінде қазақтардың өмірімен танысып, үлкен суреттер жинағын жазды. 130 бейнелеу өнері туындыларының 78-і Қазақстан Орталық музейінде сақтаулы тұр.

А.И.Добромыслов Орыс географиялық қоғамының Орын-бор бөлімінің мүшесі, Орынбор Ғылыми Архивтік комис-сиясының мүшесі ретінде үлкен жұмыстар атқарды. А.И.Добромысловтың Ташкентте құрған жеке музейіндегі коллекцияларының ішінде қазақ халқының тарихы мен этнографиясын көрсететін заттар өте көп болды.

Оңтүстік Қазақстанды археологиялық жағынан Орта Азиядағы жалғыз тарихи-ғылыми мекеме 1895 жылы ашылған Түркістан археология әуесқойларының үйірмесі зерттеді. Үйірменің мақсаты мен мүддесі үйірменің жарғысының екінші параграфында көрсетілген еді.

Ол Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерін табу, есепке алу, зерттеу және насихаттау болды. Үйірменің қызметін Орыс археологиялық қоғамының Шығыс бөлімі қадағалап отырды.

1914 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыс, 1918 ж. азамат соғысы, елдегі саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстар музейлер жұмысын тоқыратты. Қазақстанда жеке коллекционерлер берген экспонаттар негізінде 1914 жылы Шығыс Қазақстан, 1915 жылы Қостанай музейлері құрылды.
Тағы рефераттар