Орта жүз туралы қазақша реферат

Орта жүз – Арғын, Найман, Керей, Уақ, Қоңырат, Қыпшақ аталатын алты тайпаның бірлестігі.

Орта жүз қазақтарының рулық–тайпалық құрамы туралы құнды мәліметтің негізгі көздері патшалық Ресей сыртқы саясатының және кешегі КСРО Ғылым Академиясының архивтерінен ұшырасады. Республика зерттеушілері ол құжаттарды 1961 жылы баспасөз бетінде жариялаған (барлығы – 276 құжат); сондай–ақ тағы біршама құнды деректер Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде, бұрынғы КСРО Орталық мемлекеттік Тарих архивінде сақталған.

Бөгенбай батырдың айтуына қарағанда (1731 жылғы желтоқсан): «Қырғыз – қайсақ ордасы үш бөліктен, атап айтқанда: Ұлы жүзден, Орта жүзден, Кіші жүзден (Үлкен орда, Орта орда, Кіші орда) тұрады… Және де олардың бәрі көшпенді ордалар, егін екпейді, малды кәсіп тұтады».

Орта жүз қазақтарының рулық–тайпалық құрамының толық сипаттамасын алғашқылардың бірі болып 1748 жылғы қыркүйекте Сыртқы істер алқасының тілмәші (болашақ генерал–майор) А. И. Тевкелев қағазға түсірген. Алайда, оның жазбаларында ру, тайпа атауларының бұрмалануымен қатар, рулардың таксономиялық жігі де барлық ретте бірдей сақтала бермегенін ескерте кеткен жөн. Ал таксономиялық көріністің өзі рулық құрылым жасалған кезде ғана емес, сонымен қатар қазақтар өмірінің белгілі бір тарихи кезеңіне тән ұрпақтар жігін ажырату үшін де маңызды болып табылады. Осыған қарамастан А.И. Тевкелев мәліметтері ғылым үшін аса қажет, өйткені олар ХІХ ғасырдағы әдеби басылымдар деректкерімен және біздің заманымыздағы этнографиялық экспедициялардың ел ішінен жинаған материалдарымен салыстыру үшін аса құнды.

«Орта ордада, — деп жазған А. И. Тевкелев, — күшті ру – Арғын. Ол он алты рудан тұрады, атап айтқанда: Қаракесек арғын, Сарыжетім шақшақ арғын, Қарақол қисық арғын, Атаған арғын, Тобықты арғын, Бәсентиін арғын, Қанжығалы қарауыл арғын, Шаншар арғын, Төрт ауыл арғын, Алтай арғын, Төбеші арғын, Бөргі арғын, Қарпық арғын, Ағын қалқаман арғын, Қозыған арғын, Көкшал арғын. Бұл рулардың билеушілері – Барақ сұлтан мен Абылай сұлтан».

Ал Орта ордадағы он бір рудан тұратын Найман – Арғын руына қарағанда шағындау, атап айтқанда олар: Ақ найман,Бура найман, Қаракерей найман, Терістаңбалы найман, Төрт ауыл найман,  Көкжарлы найман, Іргеншілі найман, Семіз найман, Бағаналы найман, Садыр найман. Бұл рулардың билеушісі – Қарасақал, соңғы жылдары оның ықпалы уақыт өткен сайын әлсіреп барады.

Орта ордада Қыпшақ тоғыз рудан тұрады, бірақ Найман тайпасымен салыстырғанда шағындау, атап айтқанда олар: Торыайғыр қыпшақ, Көкбөрі қыпшақ, Түйшіке қыпшақ, Көлденең қыпшақ, Ұзын қыпшақ т. б. Бұл рулардың жеке дара билеушісі жоқ.

Кіші ордадағы жеті ру сияқты, Орта ордадағы Уақ – Керей бірлестігіне де Тәуке хан үш руды топтастырған, өйткені бұл рулар Орта ордада барлық рулардан әлсіз болса да, олар бәрінен де бай, дәулетті болған, ол бірлестікті құраған рулар: Уақ, Керей, Тарақты. Бұл үш рудың билеушісі — Әбілқайыр ханның ұлы Ерәлі (Ералы) сұлтан, ол кезінде аманатқа алынған; жоғарыда аталған әлгі рулық бірлестікке Төлеңгіт деп аталатын бір ру өз еркімен қосылған, ал төлеңгіт дегеніміз – «хан сарайының қызметшілері».

Бұдан әрі А. И. Тевкелев былай деп жазады: «Үлкен ордадағы өте қуатты рулардың бірі – Қоңырат. Бұл ру да Орта ордадаға жатады, бірақ олардың Орта ордамен байланысы біраз уақыттан бері үзіліп қалған және Үлкен ордамен бірге көшіп – қонып жүреді. Ал бұл Қоңырат тоғыз руға бөлінеді, атап айтқанда олар: Байлар жандар қоңырат, Оразгелді қоңырат, Қаракісі қоңырат, Жетімдер қоңырат, Құйысқансыз қоңырат тағы басқа».

Көріп отырғанымыздай, А. И. Тевкелев өз жазбаларында Орта жүздің барлық алты руы ретінде: Арғын, Найман, Керей, Уақ, Қоңырат, Қыпшақ руларын атап өтеді. Бірақ жоғарыда келтірілген біраз рудың, соның ішінде Қарауыл, Атығай, Қарпық және т. б. рулардың атын бұрмалап көрсеткен.

А. И. Тевкелевтің мәліметтеріне арғын – Мейрамсопы және Момын деген екі ірі тармақтан тұрады. Қаракесек руы Мейрамсопыдан тарайды, ал Момын тармағы: Шақшақ, Атығай, Қарауыл, Бәсентиін, Қанжығалы руларын біріктіреді. Бәсентиін және Шақшақ руларын қоспағанда, жоғарыда келтірілген барлық рулардың таксономиялық жігі бірдей, яғни бір – біріне ағайынды, немерелес болып келеді. Алтай, Төртұл (төртуыл), Қарпық т. б. руларға келетін болсақ, олардың таксономиялық жігі Мейрамсопы мен Момыннан тарайтын жоғарыда аталған рулардан төменірек. Мұндай әр түрлі ұрпақтар жігін анықтау рулық құрылымдар өзгерістерін қарастырған кезде маңызды, өйткені рудың бөлінуі одан жаңа рулардың туындауына және өсіп — өнуіне алып келеді, сөйтіп адамның қай руға жататындығы ендігі жерде оның жаңа руға қатынасымен, демек, осы ру мекендейтін аумақта өз жайылымын қорғау құқығымен анықталады.

А.И. Тевкелев келтірген басқа тайпалардың рулық бөлінісінде де нақ осындай көрініс байқалады. Сонымен қатар ол Қоңырат руын Орта жүзден бөлініп, Үлкен орданың тайпаларымен бірге көшіп–қонып жүрген ру ретінде көрсетеді.

А.И. Тевкелев тайпалар арасына олардың санына қарай өзінше бір шек қояды. Мәселен, ол руларға «күшті ру Арғын», «Найман — Арғын руына қарағанда шағындау», «Қыпшақ… Найман алдында әлсіз», «Керей, Уақ, Тарақты – барлық рулардан әлсіз», «Күшті ру Қоңырат» деген сипаттама береді. Бұлайша «сатылау» біздіңше, тайпалардың өзара сандық қатынастарына сәйкес алынса керек.

Кезінде ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтардың рулық – тайпалық құрылымы туралы, соның ішінде Орта жүзге қатысты неғұрлым толық түсінік беретін бірқатар құнды еңбектер жарық көрді.

Осы құнды еңбектерге зор мән бере отырып, біз 1956 – 1989 жылдардағы этнографиялық экспедициялар жинаған мәліметтерге көп сүйенеміз. Өйткені маңызды деректемелердің бірі этнографиялық материал болып табылады. Біріншіден, сол кездердегі қазақтардың этникалық атауларының түп – тамыры мен идеологиясын ашып көрсетеді; екіншіден, мүмкін болған жерінде әулеттердің, қауымдардың бөлініп шығу және бастапқы рулардан кейінгі рулардың өсіп — өрбу процестерін айқындайды; үшіншіден, рулық – тайпалық құрылымдағы әр түрлі таксономиялық жігін көрсетеді; төртіншіден… тағы сол сияқтылар.

Өзіміз жинаған қазақ шежірелерін революцияға дейінгі басылымдармен салыстырғанда, этнографиялық экспедициялар жинаған қазақ шежірелері тарихи жағынан әлдеқайда құнды деген қорытындыға келуге болады. Әдеби деректермен біз жинаған шежірелер арасында өзіндік айырмашылықтар да бар, кейбір құнды шежірелер қазақтардың рулық – тайпалық құрылымының неғұрлым толық көрінісін береді.

Алайда, қазақтың әрбір рулық тегінен аңызға айналған генеалогия мен рулық – тайпалық құрылымының кейінгі кездегі таксономиялық жігін айыра білу керек. Егер аңыз – генеалогия мифологиялық сипатта болса, неғұрлым кейінгі таксономиялық жіктеріндегі тарихи тұлғаларды, сонымен қатар рудың (оның аталары мен әулеттерінің) өмір сүрген кезеңін дәл анықтап, этнонимдердің шығу тегін айқындауға болады. Яғни бұл құрылымдарда тарихи жағынан нақтылық бар.

Рулық – тайпалық құрылымының жоғары буындарындағы аңыз генеалогияның мифологиялық сипатта екенін мойындаумен қатар, солар жөнінде бірер ауыз сөз айта кету орынды. Себебі, олар тарихтың белгілі бір кезеңіндегі халықтың идеологиясын сипаттайды және ең бастысы – қазақ халқының этникалық сана – сезімін, біртұтас түп–тамырын (мифологиялық тұрғыдан болса да) бейнелейді. Этнографияға қатысты нәрсенің бәрі, соның ішінде аңыз – генеалогия да ой елегінен өткізіліп, зерттелуге тиіс, өйткені халықтың дүниеге көзқарасы этнос сипаттамаларының бірі болып табылады.

Әдетте, халық есінде сақталған тарихи тұлғалар, ауыздан ауызға көшкен сайын аңызға айналып, атақ–абыройы аспандап, ел атасы дәрежесіне дейін көтерілетіні бар. Мысалы Алаша хан хақындағы аңыздары еске алып көріңіз…

Мұхаммед Хайдардың «Тарих – и Рашиди» деген еңбегінде (ХVI ғ.) шағатай         ұрпағы, Жүніс ханның ұлы Сұлтан Ахмет хан туралы аса құнды тарихи мәліметтер келтірілген, оның «Алаша хан» деп атану атану себебі айтылған. Монғолша «алашы» — «өлтіруші» деген сөз, тұтас аударғанда «өлтіруші хан» болып шығады. Бұл есімін Сұлтан Ахмет хан Орта Азияда, Моғолстанда үздіксіз соғыс жүргізгені үшін алған.

Бір аңыз бойынша Алаша хан түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың да арғы атасы саналады. Қазақ оның төртінші ұрпағы болып есептеледі. Ал енді бір аңызда Алаша хан қазақтың үш жүзінің негізін қалаған, оны үш жүз адам ақ киізге хан етіп көтерген.

Бұл аңыздармен қатар: сұлтан Ахмет «Алаша хан» атауын өзін хан етіп көтерген алашаға қатысты деп түсіндіретін көзқарас та жоқ емес. Қазақтардың шығу тегі, оның үш жүзге бөлінуі туралы өзге де аңыздар бар, төменде солардың біреуін ғана келтіреміз. Аңыз бойынша Ұлы жүз Ақарыстан тараған. Ал орта жүз бен Кіші жүздің шығу тегі жөнінде қазақ шежірелері әр түрлі түсіндіреді. Біз жинаған далалық материалдарға қарағанда Орта жүздің арғы тегі – Жанарыс та, Кіші жүздің арғы тегі – Бекарыс. Қазақ «арыс» деген сөзді тайпалық бөліністің ең жоғары сатысы – тайпаның шығу тегі деген ұғымда қолданады.
Тағы рефераттар