5-6 СЫНЫПТАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ ОҚУЛЫҚТАРЫН ТАНУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ туралы қазақша реферат

Мұғалім оқушылармен жұмыс жасау барысында олардың жас ерекшеліктеріне сай психологиялық белгілерін білгені дұрыс. Себебі оқушылар психологиясында әрбір жас кезеңдерінде психикалық даму ерекше орын  алады. Жас ерекшеліктеріне орай олармен оқу, тәлім-тәрбиелік жұмыс жүргізу жемісті еңбек етуге жетелейді, олармен жеңіл қарым-қатынас жасауға ықпал етеді. Мұғалім алдына келген баламен қандай деңгейде жұмыс жасау қажеттігін, қандай  әңгіме  айту  керектігін білгені дұрыс. Психологиялық еңбектерге сүйенсек, 5-6 сынып оқушыларына 10-12 жастағы балалар жатады. Бұл бастауыш мектеп кезеңінен жасөспірімдік кезеңге дейінгі аралықты қамтиды. Жасөспірімдік кезең – балалық шақтың аяқталу кезеңі, одан өсіп шығу, балалықтан ересек өмірге аяқ басу. Өзін ересектермен және өзінен кішілеу балалармен салыстыру жасөспірімді «мен енді бала емес, ересекпін» деген қорытындыға итермелейді. Ол өзін ересек сезінеді және қоршаған ортасы да оның дербестігі мен маңыздылығын танығандығын қажет етеді.

Ғалым Л.Д.Столяренконың еңбегінде 5-6 сынып оқушыларының жас ерекшелігіне төмендегіше мінездеме берілген:

«10 жас – бала. Салмақты, сенгіш, ата-анасымен тең дәрежеде, сыртқы келбетіне аз көңіл аударады, өмірді жеңіл қабылдайды.

11 жас – бала. Қызба, көңіл-күйі жиі өзгермелі, ата-анасына қарсы шығу, өз құрбыларымен ұрысу тән.

12 жас – бала. Қызбалық мінезі бірте-бірте кетеді, өзін қоршаған ортаға оң көзбен қарай бастайды, өз жанұясынан бөлектену тән, құрбыларының әсері мықты бола бастайды, сыртқы келбетіне көңіл аударады, қарсы жынысқа қызығушылығы артады [1].

Демек, мұғалім 5-6 сынып оқушыларымен жұмыс жасау барысында жоғарыда көрсетілген мінез-құлық ерекшеліктерін ескеріп отыруы қажет. Себебі оқушы бұл сыныптарда өтпелі кезеңді бастан кешіреді, яғни бұл бастауыш мектеп кезеңінен жасөспірімге өту аралығын қамтиды. Бұл жас аралығындағы оқушылардың дамуындағы ерекшеліктер төмендегідей белгілерден де байқалады, бұлар баланың әлеуметтік қарым-қатынасынан көрініп отырады:

−  ересектермен қарым-қатынаста тағы да келіспеушіліктер туындайды: теріс әсер, қырсықтану, өз жетістіктеріне көңіл аудармау, себебі балаға ең басты дүниелер мектептен тыс жерлерде өтеді;

−  балалар ортасы (өзін түсінетін дос іздеу).

Бала үшін бұған дейінгі құндылықтар жүйесі өзгере бастайды: жанұя, мектеп, құрбылары жаңа мағына мен мәнге ие болады. Орта мектеп жасында (10-11-ден 14-15 жасқа дейін) өз құрбыларымен қарым-қатынас жасау үлкен рөл атқарады.

Психология ғылымындағы негізгі ұғымдардың бірі – қарым-қатынас мәселесі – өте маңызды әрі күрделі де ұзақ мерзімді қажет ететін көкейтесті мәселелердің бірі. Қарым-қатынасқа түспей тұрып жеке адамды толық түсіну, оның адами қасиеттерін, дамып-жетілуін талдау мүмкін емес. Сондықтан тұлғаның дамуында қарым-қатынастың орны ерекше. Жеке адамның дамуы «адами қоғамда, тілмен қарым-қатынаста» жетіледі.

Қоғам дамуындағы әлеуметтік жүйеде жеке тұлғаның қарқынды дамуы жасөспірімдік шақта қарым-қатынас мәселесімен байланысады. Тұлғааралық қарым-қатынас – бұл әр адамның тұлға болып қалыптасуының шешуші жағдайы. Әсіресе, жасөспірімдік шақ жеке тұлғаның қалыптасуының маңызды  кезеңі.

Педагог-зерттеуші А.В.Мудрик өз еңбектерінде: «Оқушылар қарым-қатынасы – бұл рухани құндылықтар алмасуының қоршаған адамдармен және әр түрлі серіктерімен ойша диалогтық формадағы біріккен әрекет үдерісі», — деп тұжырымдайды [2].

Жасөспірімдік шақ – даму кезеңіндегі ең күрделі және қиын кезең. Осы кезеңде адамгершілік қасиеттер, мінез-құлық нормалары ерекшеленеді, адамдардың қоғамға қатынастары анықталынып, жетекші іс-әрекет түрі – қарым-қатынас болады. Қарым-қатынас іс-әрекеттің барлық түрінде жасөспірімнің тұлғалық және психологиялық жаңа сапаларының қалыптастырушы негізі. Жасөспірімнің әлеуметтенуі мен тұлғалық дамуында, оның  достары  мен құрбыларының қатынасы ерекше мәнге ие. Жыл өткен сайын құрбыларымен қарым-қатынас байланысы ерекше қажетті. Ол сыныптас құрбыларымен өзара достық қатынас жасауға тырысады, мүмкіндігінше оны сақтауға талпынады. Сол арқылы құрбылары арасында беделі көтеріледі, бірін-бірі сыйлау қасиеті артады. Жасөспірімнің жеке тұлға болып қалыпты дамуы құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасынсыз мүмкін емес. Ол үшін достары, құрбылары – тіршілік әрекетіне қажетті қоршаған орта. Жолдастарының арасында беделін көтеруге тырысады, жағымды қасиеттерін тәрбиелейді, өзіне сыншы болады. Жасөспірімдік шақ ымырасыз келеді. Жасөспірімге өзін көрсетуге ұмтылу, өзін жан-жақты ашуға құштарлық тән. Бірақ, ол өзін  қоршаған  орта: үлкендер, ата-аналар толық түсінсе дейді. Өзінің ішкі жан дүниесін толық аша алмайтынына қиналады, кейде қарым-қатынас кезінде өзіне сенімсіздік пайда болады. Міне, сондықтан, жасөспірімнің  құрбыларымен қарым-қатынасы оның жеке бас дамуында өте маңызды. Соның нәтижесінде олар дене және рухани теңдікті ұғынады, өзін және басқаларын бағалауды сезінеді.

Қарым-қатынас танымдық қызығушылықтың өсуіне, өзіндік білім алуға, белсенділікке итермелейді. Жасөспірімдердің құрбылары арасындағы қарым-қатынас қажеттілігін ата-аналары да алмастыра алмайды. Құрбыларымен қарым-қатынастың жоқтығы тұлғаның  және өзіндік сананың дамуына үлкен кедергі болады. Еркін қарым-қатынас дамып келе жатқан жеке тұлғаның өзін көрсетуі, жаңа байланыстар құруының бірден-бір құралы. Сондықтан үлкендер жағынан түсіністік табудың орнына қысым жасалғанда жасөспірімдерде ерегісу, қарсы тұру, дөрекілік  қасиеттер пайда болады. Жасөспірімдік кезеңде құрдастарының ғана бағалауын қабылдайтын құндылықтар қалыптасады. Олар өздерінің жоспарларын, құпияларын, іс-әрекеттерін ата-аналарымен емес, тек достарымен бөлісетін болады. Осы кезеңде жасөспірім үшін қорқыныш – жалғыздық, өз құрбыларынан алшақ қалу. Мұндай жағдайда бала шамадан тыс мазасызданады, абыржиды және мінезінде тұйықтық қасиет пайда болады. Керісінше, егер құрбыларымен қарым-қатынасы жақсы болса, олар өздерін бақытты сезінеді. Сонымен, қарым-қатынас жасөспірімдік кезеңде ең негізгі үрдіс.

Жасы өскен сайын құрдастарымен қарым-қатынас беріктігі, қажеттілігі ұлғаяды. Оның себебі: біріншіден, құрдастары арасындағы  қарым-қатынас  өте маңызды өзіндік ақпарат каналы. Сол арқылы жасөспірім ересектер айта бермейтін өздеріне қажетті нәрселерді біледі. Екіншіден, тұлғааралық өзара қатынастың өзіндік ерекше түрі – біріккен іс-әрекет арқылы әлеуметтік ықпалға қажетті дағдыларды меңгереді, ұжымдық тәртіпке бағынуға және өз құқығын қорғауға үйренеді. Үшіншіден, эмоционалдық байланыстың өзіндік түрі. Топтық құрамда болу, ынтымақтастық жасөспірімге беріктік пен сәттілік сезімін ұғындырады. Жасөспірімдердің түрлі іс-әрекеттердегі қарым-қатынасы жаңа психологиялық және тұлғалық сапалардың қалыптасуына негіз болады. Жасөспірімдерде өзін адам етіп сезіндіретін, оны кемсітуге, қорлауға, басуға, дербестік құқығынан айыруға болмайтын өршіген сезім пайда болады. Алайда, оларда ересектер мәртебесінің элементтерімен қатар оның жағдайын баланың жағдайына жақындататын тәуелділік белгілері әлі сақталады. Материалдық жағынан олар ата-аналар қарауында.

Жыныстық толысуға байланысты өз организмі мен сырт келбетіндегі үлкен өзгерістер, жағдайдың біршама тиянақсыздығы, өмірлік әрекеттің күрделенуі, өз мінез-құлқын үйлестіруге ұмтылу – осының барлығы жасөспірімдік шақта өз қасиеттерін танып, жаңа білімді меңгеруге, оларды бағалауға итермелейді. Бала өзін көрсетуге ұмтылады, өзінің «мені» мен өз қасиеттеріне зор ынта қояды, келбеті және дене тұлғасын жаңаша қабылдайды. Киінген киіміне, оның үйлесімділігіне, дене салмағына да сын көзбен қарайды. Әсіресе, ер балалар жыныстық белгілерінің кешігуіне байланысты құрдастарының алдында қымсынып, өзін қатарынан кем сезініп іштей уайымдайды. Бұл жастағы балаларға тән іс-әрекетке: оқу, қоғамдық, тәрбиелік, спорттық және көркемдік еңбек тәрізділер жатады. Мұндай пайдалы қоғамдық шаралар түрлерін орындау арқылы балада қоғамдық маңызды жұмыстарға қатысуға деген саналы ұмтылыс пайда болады, ол жеке тұлға ретінде қалыптаса бастайды. Қоғамдық пайдалы іс-әрекет бастауыш мектепте де болады, бірақ ол бала мүмкіндігін толығынан ашуда жеткіліксіз саналады [3].

Қоғамдық пайдалы іс-әрекетке деген қарым-қатынас жасөспірімдік шақтың әр кезеңінде өзгеріп отырады. 9 бен 10 жас аралығында балада өзіндік пайымдауға және өзін ересектер әлемінде тануға деген ұмтылыс пайда болады. 10-11 жастағылар үшін ең маңыздысы – басқа адамдардан өз мүмкіндіктеріне баға алу.

Л.Д.Столяренко бұл жастағы балалар психологиясына мынадай түрде сипаттама береді: «Если для младшего возраста учебная деятельность является ведущей (вхождение в нее, принятие роли субъекта этой деятельности, формирование учебных мотивов, овладение ее предметным содержанием и структурой и т.д.), то для школьника среднего возраста (подростка) в качестве ведущей выступает общественно полезная деятельность в разнообразных формах, в русле которой и интимно-личное общение со сверстниками, и очень важное общение с представителями другого пола» [4].

Қорыта келсек, мұғалім 5-6 сынып оқушыларымен жұмыс жасау барысында жоғарыда аталған психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, сабақ құрылымын құрастырған дұрыс. Оларға ұсынылатын мәтін көлемі мен тапсырмалар да осы бағытта болғаны дұрыс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Столяренко Л.Д. Педагогическая психология. − Ростов на Дону: Феникс, 2003. – 544 с.

2. Мудрик А.В. Социализация человека: учебное пособие. − М.:Издат.центр «Академия», 2004. − 304 с.

3. Тұрдалиева Ш.Т.  Жасөспірімдер дамуындағы қарым-қатынасты маңызы // Мектептегі психология. − 2006. − № 3 (мамыр-маусым). − 9-10 бб.

4. Першина Л.А. Возрастная психология. − М.: Академический Проект, 2004. – 256 с.
Тағы рефераттар