Ақындар айтысындағы қағысу мен қайымдасу туралы қазақша реферат
Қағысу мен қайымдасу. Қазақ мәдениетінің тарихында да, әдебиетінің тарихында да XIX ғасыр ерекше бір кезең. Бұл кезеңнің жемісі мол, бағыт-бағдары қалыптасып ерекше теңдесі жоқ шырқау биікке көтерілген шағы болып саналады. XIX ғасырда қазақ халық ауыз әдебиеті түрлі салада кемелдене түсті, әр салада өсу, көркею байқалды. Әсіресе, айтысқа түскен ақындардың біразы өнердің биік сатысына көтерілді. Мүнымен бірге жазба әдебиеттің де іргесі қалана бастады. Қазақ ауыз әдебиетінің түрлі нұсқаларының, соның ішінде айтыс өлеңдерінің де ең алғаш баспа бетін көріп жеке жинақ, немесе түрлі газет-журналдарда, хрестоматияларда жарыққа шығуы да XIX ғасырдың екінші жартысынан басталды.
Бұл дәуірдегі ақындық поэзия туралы М.Мағауин: «XIX ғасырда дәстүрлі ақындар поэзиясы халық арасында айырықша кең тыныс тапты. Жанақ, Орынбай, Арыстанбай сияқты суырыпсалма ақындар бүкіл қазақ даласын өлең-жырға толтырды, тек туған жұртына ғана емес, сахараға ат ізін салған орыс және еуропа ғалымдары мен оқымыстыларына да кеңінен танылып, көшпенділердің ақындық өнерінің жайсаң тұлғалары ретінде мәшһүр болды. Жетісуда Сүйінбай өзінің отты да өткір жырларымен бұқарашыл ақын ретінде көрінсе, түстікте Майлықожа шығыс үлгісіне бейім назым жырға машығады. Ал Сыр өңірінде көне жыраулық және ақындық поэзияның құрыш қорытпасындай Базар жырлары өріс табады» — деп сипаттама береді [ 5,17б]
«Көпшілік жиналған отырыстарда қыз бен жігіттің немесе қатар құрбының бір-екі ауыз әзіл аралас тапқыр өлеңінің өзі елді ерекше серпілтіп, көңілдендіріп тастайтынын екінің бірі біледі. Ал бір ауыз ұтқыр өлең айта білгеннің өзі қабілеттілікке жатады. Қайым өлеңде әріптесіне бір шумақ сөз таба алмаған адам үлкен, ұзақ айтысқа ешқашан бара алмайды. Сондықтан, қайым өлеңдер күллі айтыс өнерінің бастауы болып табылады» [6, 183 б.]
«Татымды жыр, айшықты айтыстар кең сахараның қай бұрышында болса да өз тыңдаушысын тауып отырған. Мұны зер сала жаттап, халыққа таратушылар да осы үлгідегі ақындар. Әйтсе де әр ақын кез-келген жырды талғаусыз жаттап, жая бермеген. Әрбір ақынның сүйікті ұстазы болады да, соларды айрықша құрмет тұтып, кең насихаттап отырады», — деп жазады М.Жармұхамедов [7, 154 б.].
Тұрмыс-салт жырларында кездесетін айтыстың көне формалары бүгінгі арналы ақындар айтысының бастауы, қайнар көзі екені белгілі. Осы үлгілерді дамыта келе көшпелі халқымыз қайым айтысты тудырған. Қайым айтыстың негізгі шарты — айтысты бастаған қарсыластың айтқан өлеңінің ұйқасын бұзбай, алғашқы екі жолын мағыналық тұрғыда ғана сәл өзгертіп, немесе сол қалпында сақтап соңғы екі жолында жауап қайтару. Қайым айтыс — нағыз суырып салмалықты, шапшаңдық пен тапқырлықты басты талап қылып, жедел ой қорытып, салмақты жауап қайтаруды қажет ететін айтыстың ең қызық түрі. Сондықтан да болар қайым айтыс формасы XIX ғ айтыстарда да, бүгінгі телеайтыстарда да әлі жалғасып келеді.
Жұрт жиі бас қосатын ас-тойларда көпшілік жастарға қайым айтыңдар деп қолқа салатын болған. Ондай сәттерде бойында ақындық қабілеті бар жас бозбалалар мен бойжеткендер қайым айтысты бастап кетсе, кейде суырыпсалатын өнері болмаған жастар ел аузында айтылып жүрген жаттанды қараөлеңдерді айтып жарысатын болған. Темірбек Қожакеев былай деп жазады: «Тұрмыс-салт жырларының жар-жар, бәдік сияқты көне айтыс түрлерінен беріректе қыз бен жігіт айтысы келіп шыққан. Қыз бен жігіт қақтығысы шапшаң жауаптасып, бір-бір шумақтан қайтарылып отыратын, диалог ретіндегі қайым, түре айтыс түрінде келеді. Міне, айтыстың осы түрінде бүрынғы жар-жар, бәдіктегі кездесетін әзіл- қалжың, сын-сықақ жаңа белең алады, түрлене түседі. Қыз бен жігіт әрі бірін-бірі жеңу, әрі жұртты күлкіге кенелту ниетімен сөзбен шалуға, кекетіп- кемсітуге көп бой ұрады» [8, 200 б.]
Ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің бірі болып табылатын қараөлеңді ел аузынан жинап, жеке кітап етіп бастырған ақын Оразақын Асқар өзі құрастырған кітаптың алғысөзінде: «Ауыз әдебиетінің ең әріден келе жатқан түрлерінің бірі айтыс десек, ол да осы қара өлеңнің бел баласы. Айтыс алуан себептерге байланысты әр түрлі жағдайларға байланысты әр түрлі жағдайларда өтеді. Соның бірі екі-екіден жүптасып, ер-әйел болып, төрт кісі бірігіп қара өлеңмен айтысу… дауыстарының үйлесіміне қарай екі жігіт,екі қыз немесе қос келіншектен — төртеуі екі жұп болып, бір-біріне қарсы қарап, бірі бастаушы, екіншісі қостаушы болып отырысады… қос-қостан жұптасып айтуды растайтын дәлел қараөлеңнің өз бойында да сақталған.
Өлеңде шабыс та бар, желіс те бар,
Жеңіліс топ алдында жеңіс те бар.
Қиыннан қиыстырып тауып айтар,
Аузында қос қалқаның «періште» бар»,
-деп жазады [9, 6 б.].
Демек екі-екіден бөлініп қайым өлең айтысу ежелден келе жатқан айтыстың бір үлгісі деп түйіндейміз.
Қазақ халқы сын-сықақ, әзіл-оспаққа икемді екенін ертеден-ақ танытқан. Бір ғана күлкіге қатысты әр түрлі күлкінің атауларына қарап-ақ, халқымыздың күлкішіл, әзілкеш, қалжыңбас болып келгенін байқаймыз. Қазақтағы қалжыңның өзі жезде мен балдыз, жеңге мен қайын, қыз бен бозбала, нағашы мен жиен, сол сияқты бажалар әзілі, құрдастар қалжыңы деп тарау-тарауға бөлініп жатады. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген мақалды тек қалжыңды күлкі үшін емес үлгі-өнеге үшін, жаманнан жиренуді көздеген халық шығарғаны анық. Әзіл-қалжың көңіл көтерумен қатар, пікір тапқырлығы, ой ұшқырлығы, шешендік секілді қабылеттерді ұштайтын құрал ретінде жастар тәрбиесінде елеулі орын алған.
«Шынында да сатира халқымыздың бүкіл өмірімен біте қайнасып, қанау мен тонауға, әділетсіздік пен теңсіздікке қарсы күресінде ең айбынды қару болып келді. Ол қуанып күлсе де, қайғырып күңіренсе де сатира онымен бірге жүрді, қасында болды. Демек, сатира — қазақ халқының әр кездегі салт-санасының көрінісі, күрес жолының елесі, белгілі бір халықтың ішкі дүниесі, жан сыры оның күлкісінен айқын көрінеді дейтіні де сондықтан» [8, 28 б.]
Қайым айтыстарда көбіне қыз бен бозбала әзілдеседі. Десе де, «Кемпір мен шал», «Жеңгесі мен қайнысы» секілді қайымдар да жоқ емес. Сәбит Мұқанов қайымдасудың қыз бен бозбала өлеңмен әзілдесуі деген анықтама беріп, оған мысал ретінде Күйкентай мен Оспантайдың және Омарқұл мен Тәбияның айтысын талдайды [3,36 б.]. Демек, әйел мен еркектің сөз жарыстыруы «қайымдасу» деп аталса, ер азаматтардың арасында болған өлең сайысы «қағысу» деп аталады.
Айтыс демократиясының тағы бір қыры айтысқа түсетІн екі ақынның атақты-атақсызы, жынысы, әлеуметтік тобы, жас мөлшері есепке алынбайды. Осы талапқа сай дүбірлі ірі айтыстарға бұрын топтан озып сыналған танымал ақындармен қатар, бала бүркіт, жаңа талап жас ақындар да қатысатын болған. Осындай жекпе-жек сөз сайысы үстінде ақындар бір-бірін аяусыз сынап-мінеп, шарқ ұрып, сан қилы әдіс-айла қолдану арқылы жеңіске жетудің жолын қарастырады, қапысын тауып, қарсыласының ең бір әлсіз, жанды жеріне тиіп, сөзбен буып, бұлтартпастай тізе бүктіруді көздейді. Сондықтан да бүл өнер сайысы бетпе-бет келіп бәсекелі айтысқа түскен екі ақынның да суырыпсалма өлеңге жүйрік, ақпа-төкпе дарынымен қатар, өз заманының тоқығаны мол, зерделі де зерек адамдар болуын талап етеді. Осы себептерден айтыс ежелден ел тұрмысында ақынның бірден бір өнерін танытып, ақын деген киелі есімді беретін өнер мектебі саналып келгенін С.Мұқанов өз еңбегінде айтқан болатын [3, 17 б.]. Тіпті, жаңа талап жас ақынның өзі аты әйгілі жүйрік ақыннан кейде тосылып жеңілсе де, сол оқиғадан соң оның аты көпке жайылып, жалпақ жүртқа танылатын болған.
Айтыстағы жас мөлшерінің есепке алынбайтынын Шөже мен баланың қағысынан көреміз. Шөже ақын Алтай елінде ағып тұрған ақын бала бар деп естіп, жол жетекшісі екеуі арнайы іздеп келеді. Баланың өзінің басы таз, әкесі ақсақ, шешесі соқыр екен. Қой жайып жүрген баланы өлеңмен сынамақ болып Шөже бір ауыз өлең айтады:
Басыңда таз тақияң кішкене екен,
Қолы сынғыр бір олақ пішкен екен.
Әкең ақсақ болғанда, шешең соқыр,
Құдайым қыр соңыңа түскен екен, -депті, сол сәтте бала да іркілместен:
Әзілдесіп қалайық әзіл сөзбен,
Өлсек орап қояды мата бөзбен.
Ел ақтап бұл Алтайға келіп едің,
Не таптың екеуара жалғыз көзбен? — дегенде Шөже жанындағы жетекшісіне: — Сенің көзің де мүкіс пе еді, — деп, сөзден ұтылғанын мойындаған екен [10].
Адамның кескін-келбетіндегі, дене мүшелеріндегі кемшіліктерді айтып, сөзбен түйреген айтыс үстінде айыпқа салынбайды. Мысалы, Шөже ақынның соқырлығын онымен айтысқан барлық ақын бетіне басқан. Бірақ, Шөженің осы мінінің өзін артықшылыққа балауы, оның тапқырлығы мен ұтқырлығын, ақылды әзілге жүйріктігін көрсетеді. «Соқыр қылды құдайым көрмесін деп, Жамандықтың соңына ермесін деп», — деген сияқты ұтымды уәжбен қарсыласынан артық екенін баян қылады. Шөже ақынмен айтысқан Орынбай ақын жасы кіші болғасын:
Дегенде дауыл соқты, тына қалды,
Алтынды таспен өлшеп сынап алды.
Кемтарсың, жасың үлкен, аяймын ғой,
Әйтпесе берер едім сыбағаңды, -дегенде, Шөже:
Орынбай, мен сезімтал, сен көреген,
Сонда сен сыбағама не берер ең?
Бірін бер екі көздің мені аясаң,
Бір басқа жалғыз көз де жетер деген!
-деп буып тастайды. Мұнда Шөженің сатирасы тым уытты болып келген. Сенің көзің көреді дегенді мысқылмен «сен көреген» деп, алысты, болашақты болжай білетін әулие, көрегенге теңеп мысқылдайды. «Әдетте, ақындар айтысында үлкен мен кіші арасында әншейінде айтылмайтын шәлкем-шалыс сөздер айтыла береді. Оны халық айып көрмейді», — деп жазады Қ.Сыдиықүлы [11, 120 б.]. Айтыс үстінде айтылған мүндай сөздерді ақындар да ауыр санамайды. Оған айтыстың бір шарты деп қарайды.
Қазақтың төл өнері суырыпсалма ақындар айтысына сөз өнері ретінде емес, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ретінде қарасақ ұлттық болмысты, рухты, қалыптасқан игі сананы, этниқалық менталитетті осы айтыс дәстүрінен айқын аңғарар едік. Айтыс — ұлттың салт-дәстүрі тудырған өнер. Өнердің өзі тудырған дәстүрлер болуы мүмкін. Бірақ ол дәстүрден гөрі әдетке, салттан гөрі шартқа ұқсауы мүмкін. Ал ұлттар мен ұлыстардың, көшпенді этностардың дәстүрінен, өмір сүру заңдылықтарынан, салт-санасынан туындаған өнер түрлерінің шынайылығы, тазалығы һәм мөлдір тұнықтығы көзге ұрып, көңілге тұнып түрады.
«Ақындар айтысы — бұрын ең демократияшыл жанр болған. Әр ақын үлкен-кіші демей айтыса берген. Жеңіл қақтығысу, әзіл-қалжың айтысу әрбір ойын-сауықтың салтына айналған. Ауылдың алты ауызы мен қонақ кәделерінің айтысқа ұласып кете беретіні де аз болмаған. Бұл — жалпы айтыс жанрының қазақ тұрмысына қаншалықты сіңісті болып кеткенін танытатын құбылыс» [6, 176 6.].
Ас-жиын, той-томалақта түрлі жол-жоралғылармен, салт-санамен қатар қара өлең айту, қайым айтысу қазақ топырағында қалыптасқан дәстүр болатын. Сондықтан да, оны өнер бәсекесінен гөрі, думан-тамашаның кілті деп түсінсек бұрыс болмайды. Ал, сондай дәстүрлі айтыстардан шыңдалып, баптанып-буырқанып арналы ақындар айтысына түсу кез-келген таңдайына тәңір түкірген өнерлі өренге «ақын» деген атақты, құрметті иеленуге мүмкіндік беретін алтын баспалдақ, сындарлы саты болғаны еш дау тудырмайды.
«Ауыз әдебиетінің ең әріден келе жатқан түрлерінің бірі айтыс десек, ол да осы қараөлеңнің бел баласы», — дейді қараөлең сынды қымбат қазынаны ел аузынан жинап, кітап етіп бастырған Оразақын Асқар. Айтыстың үстінде туған талай төрт аяғын тең басқан өлең шумақтарьшың кейін қараөлең қорына қосылып кеткенін ескерсек, айтысты қараөлеңнің анасы деп бағалар едік. Десек те, бұл жерде айтыс өлеңдерін де, онда пайдаланылатын қараөлеңдерді де тудырған тұрмыс-салт, әдет пен дәстүр екенін қадалап айтуымыз керек.
Сондай салт қайым айтысты тудырған дәстүр — тойда отырган көпшілікке, келген қонақтарға «өлең айт» деп қолқа салу. Онда да біреудің әнін шырқап беру емес, өзіңнің жаныңнан шығарып, қолма-қол айту. Болмаса, қараөлең үлгілерін пайдаланып ортаға әдемі әзіл тастау. «Жамбас жеген», «жүйе білген» жақсы атаның балалары қолқа салғанның көңілін қалдырмайды. Дәстүрді сыйлап, сыпайылықпен өлең бастайды. Көптеген халық әндерінің, қараөлеңдердің мәтіні «Айт дегенде өлеңді» деп басталуы осы игі дәстүрдің, «өлең айт» деп қолқа салудың болғанын растайды.
Өлеңді айт дегенде қарсы айтамыз,
Әріптес сөзді қарсы алса айтамыз…
Өлеңді айт дегенде тайсалдық па,
Салды екем өлеңімді қай сандыққа…
Өлеңді айт дегенде айтқан қызық,
Болмайды өлең айтқан кісі бұзық…
Бастайын, баста десең өлеңімді,
Арман не қыздан көрсем көрерімді…
Өлеңді айт дегенде тұрыс болмас,
Іріккенмен өлең шіркін ырыс болмас…
Өлеңді айт дегенде тіл айтады,
Тіліме қандай адам мін айтады…
Өлеңді айт десе айтпай біз не дейміз,
Көз сүзіп көктен өлең іздемейміз…
Көріп отырғанымыздай тойдағы әдет-салт айтысының басталуының өзі қызық. Және айтысты бастамай жатып арнасын әзілмен әдіптеп, ойын-күлкіге, қалжыңға бұратыны көрінеді. Бірде керекті затын қай сандыққа салғанын ұмытып қап, сандалып сандық ақтарып отырған кемпірді еске салса, бірде «қойнынан бөзі, аузынан сөзі түскен» бәзбіреулердей я жерге қарап, я көз сүзіп көктен өлең іздемей-ақ көкіректегі жыр кенін ақтаратынын ескертеді. «Айт дегенде өлеңді аңырмаймын», «Айт дегенде өлеңді іркілмеймін» деген жолдар кең тараған халық әндерінде де кездеседі.
Қайым айтудағы әзіл-қалжың өлең таба алмай сасқалақтаған, тоқыраған, шашыраған ынжықтықты келемеждеуден, өнерсізді тіл бізімен тұқыртудан басталады. Мұнда да ұлттық бояу, этноколлорит анық, айқын байқалады.
Мысалы:
Кеш болса, күн ұялап шам келеді,
Соңынан жүйрік аттың шаң келеді.
Өлеңді айт дегенде бәлсінетін,
Кей жаман менменсінген паң келеді.
Өлеңді орны келсе ағытпаған,
Жан ба едің жел сөзге де жарымаған…
Өлеңіңді айт, ендеше, өлеңіңді айт, Өлеңді айта алмасаң үйіңе қайт…
Осылайша қарсыласын қағып-сілкіп алып, сергітіп қойғасын қызықты қалжыңдармен ас-тойдың ажарын аша береді. Кейде мысқылдаса, кейде желпіндіріп мақтап алады. Ол мақтаудың аржағында да астарлы ойы, жасырын әжуә, мағынасы ауысқан мысқыл болуы мүмкін. Қара өлеңдердің көпшілігінде үшінші жолы «Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамын» деп келеді.
Айтыс демократиясының өзі сол бәсеке үстінде айтылған сөз қаншалықты ауыр, анайы болса да ол айыпқа саналмайды. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Демек, кез-келген шындық есітуге ащы болғанымен, ақынның аузынан бір шығып кеткен соң одан жалтаруға жол жоқ, Ал айтыстағы басты шарттың бірі жолсыздан жол табу, тығырыққа тірелмеу, қиыннан қиыстырып бөгеттерде бөгелмеу, асуларда аялдамау.
Сатираны зерттеушілер оны сынның қаруы деп бағалайды. Себебі сатира жеке адамдардың ұсақ мін-сыны ғана емес, қоғамға кесірін тигізетін кемшіліктерін де, тіпті өмірдегі келеңсіздіктер мен жөнсіздіктерді де сынап-мінеп, ауыздықтап отырады. Сын жанрларын жүйелеп зерттеп теориясын жазған ғалым Д.Ысқақүлы сынның сатиралық жанрларын жеке қарастырады [12]. Айтыс үстінде айтылатын әзілдердің де дені сыни тұрғыда айтылады.
Өлеңде парық, сөзде нарық болмас,
Өмірдің артық-кемін сынамаса, — деген өлең жолдарынан да сыни сипаты жоқ өлеңнің бағасы болмайтынын шамалаған ақынның пайымын шамалаймыз. Өлең мен өнер ел ішінде бағалы болғандықтан оған жас та, кәрі де табынып, өміріне серік ететін болған. «Өнер алды — қызыл тіл» деп түсінген, сөздің киесін артық көрген ел ішінде ақынға деген құрмет пен ықыластың ерекше болғаны даусыз. Осыны ойына арқау еткен бозбалалар қыздармен айтысқан жерде өздерінің қадірін білдіру үшін кеудесін көтере сөйлеп:
Жел сөздің бір-екі ауыз арқасында,
Қасыма құрбы-құрдас үймелеген, —
деп желпіне, шалқи сөйлейді. Әр жерде сыйлы, құрметті екенін баса айтып:
Әдейі мені мұнда шақырғызды,
Өлеңнің сары қымызын сапырғызды.
Қайда отыр әріптесім, әпкел бері,
Көре алмай отырмын ғой ақын қызды,
-деген секілді жеңіл юмормен қарсыласына сес көрсетпек болады. Бұндай шалқып-тасу мақтаныш емес айла екенін білетін ақын қыздың мысқылы тіпті басымырақ болады:
Болмайды түнде ұшқанмен үкі батыр,
Қайда әлгі ақын жігіт бермен шақыр.
Қыз жаққа шақыртпай-ақ келмей ме өзі,
Шөп алмас қой аузынан шығар пақыр,
-деп кекетеді, Түнде жортқанның бәрі батыр емес деген ойын көркем түрде жеткізуі шеберлік белгісі болуымен қатар юморлық сезімнің де ұшқырлығы. «Қой аузынан шөп алмас» пақыр дегені ашық келемеждеу.
Сатираның ашық және астарлы болып екі түрде қолданылатынын айтатын зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, ашық сатираның келеке, мазақ ретінде, астарлы сатираның мысқыл, кекесін түрінде көрінетінін байқау қиын емес. Қыз жанына шақыртпай келу жазылмаған тәртіп. Біржанның бері кел көрісейік деген сөзінен ұстап, оны алғаш сүріндірген де осы ертеден келе жатқан тәртіп. Сараның білгірлігі сол «Қиссасул Әнбиені» мысалға келтіріп, Біржанның жөнсіз тілегінің бұрыстығын ашып айтады. «Хауаға Адам атаның бұрын барғанын» Біржан білмейді емес. Бірақ, сүрінгенін сезгендіктен жасының үлкендігіне басып, аға мен інідей көріспек болғанын айтады. Қыз да болса Сараны ұлдан кем көрмейтінін білдіріп тығырықтан жол табады.
Ақындар айтысына сатиралық сипаттың тән екені көптеген зерттеу еңбектерінде айтылады. Зерттеуші Е.Әбдіхалықова жазба айтыстың негізгі ерекшелігі туралы айта келе: «кәдімді суырыпсалма айтыстардағыдай сатира жағы басым болғанмен, кейбір жазба айтыстар уәж айту мәселесіне келгенде ұзақ толғайды» деп, сатира айтысқа тән негізгі сипаттың бірі екенін нақтылай түседі [13, 9 б.].
М.Әуезов айтысты көлеміне қарай түре, сүре деп бөледі. Бұл атаудың термин ретінде тегін алынбағаны анық. Түре айтыс деген қарсыласын көп ұзатпай түріп отырып, немесе әр ойын бір ауыз өлеңге сиғызып түйіп отырып айту дегенді білдіреді. Сүре айтыс керісінше ұзағырақ сілтеп, алыстан орағытып, бір кезекте бірнеше ой айтып кеңінен көсілетін жарыс. Жүйрік аттың ұшқыр және кең тынысты болып келетіні секілді, айтыскерлердің де шапшаң ойлап, ұшқырлық танытатыны, және кеңінен толғап парасат биігін, терең таным мен кемеңгерлік көрсететін екі тобы болады.
¥зақ толғайтын ірі айтыстарды осы табиғатына қарап, ат бәйгесінің ең үлкені болып табылатын «аламан» деген атау қалыптасты. Айтыс мәтіндерінде де түре, сүре атауларының кездесетіні тегін емес.
Басы еді өлеңімнің түре-сүре,
Айтайын түре өлеңді үйге кіре.
Өлеңім дауылдатып келе жатыр,
Кетпесін үйді жығып бақан тіре.
Бұл шумақтың да сатиралық сипатта келуі, шағын көлемді (айтыстың емес, әр кезекте айтылатын өлеңнің) болып келетін айтыстардың негізгі арнасы, жүйесі әзіл-қалжыңға негізделетінін көрсетеді. Әзіл өлең айтысып, өзі де ширап, шынығып, көпшілікке де көңілді күлкі сыйлайтын мұндай сәттерді кез-келген өлеңші бозбалалар мен бойжеткендер аңсап, сағынып жүретін болған секілді. Себебі, күйкі тіршіліктің күйбеңінен гөрі, той думанды сүйген дала перзенттері үшін өлең киесі, сөз киесі аса бағалы, қүнды саналған.
Өтеді бір өлеңнен бір өлеңім,
Бір-бірлеп ауызыма кір өлеңім.
Өлеңді мүнда айтпаған қайда айтамын,
Кез келді күндіз-түні тілегенім,
-деп кешті қыздыратын ақындар мен өлеңшілер түрлі жағдайлардан комизмді таба біліп, оны орынды пайдалана біледі. Айтушының бұл жолдары тыңдаушы көпшіліктің эмоциясына қалай әсер етеді деген тұрғыда қарауымыз керек.
Айтыс үстінде айтылған бұл жолдар естілген уақытта бірден санада қорытылмай, естілген уақытта көз алдыңызға күлкілі нәрселерді келтіреді. Алайда, айтыста айтылған әзіл сөздің бәрі мәні жоқ, бір-ақ сәттік көңіл үшін айтылған жеңіл, жел сөздер деуге болмайды. Әзілдің астарына үңілген, тереңіне бойлаған жан ғана одан өз қажетін таба алады. Жел сөздің артында дауыл қозғай алмайтын тамыры терең даналық, келешекке бағыт-бағдар беріп кемшілікті түзейтін тез, өмірдің мәнін, тірліктің кілтін табуға нұсқайтын кемеңгерлік жатуы мүмкін.
Өмірде өлеңнен жоқ өнер ірі,
Кетеді өлең айтса көңіл кірі.
Айтқаның он ойланып, жүз толғанып,
Артыңда өлсең де өзің қалар тірі.
Мұндай жолдарды көптеп келтіруге де болады. Осындағы терең ой, бай фәлсапалық танымды өзге елдердің ауыз әдебиеті үлгілерін былай қойғанда, жазба әдебиеттің де таңдаулы туындыларымен қатар қойып қарастырсақ та, емін-еркін иық теңестіре алатынына көзіміз жетеді. Біздің міндет мұндағы айтылған ой салмағынан бұрын, осынша терең ойдың сатиралық сипатын анықтау.
Айтыстағы әзілді көбіне жігіттер жағы бастайды десек те, қыздар жағының юморы күштірек, сатирасы салмақтырақ болатынына айтыс мәтіндерін оқып отырып көз жеткіземіз.
Қолымда ұзын құрық, бау демеймін,
Шоқыны анау-мынау бау демеймін.
Телміріп екі көзің жеп барады,
Ойыңды арамдықтан сау демеймін.
Басында Қаратаудың қар борайды
Басына керім жігіт сәлде орайды.
Сәлдесін бір ораған қайта орайды,
Басына ол шіркіннің кім қарайды.
Есті жігіт күлдіргі сөз айтады,
Сұлу қызды сүйсінтіп жымыңдатып.
Ішінде жұмыр бастың ми болмаса,
Не пайда құр сорайған ұзын бойдан.
Меніменен айтыссаң, таңға айтыс,
Боталайтын түйедей бошалама.
Жауаптасуға келгенде де қыздардың айтар уәжі салмақты да салиқалы, сықағы өткір, кекесіні көркем больш келеді. Жігіт қызға қырындап әртүрлі әзіл айтса да, бойжеткен ыңғай білдірмесе, жігіт әзіл-шыны аралас:
Жақын жерден маған-ақ тие салмай,
Несін алған қалқаның бай таңдаған,
-деп салады. Оған қыз сыбағалы жауабын көп күттірмей береді:
Сен менен не сыйқыңмен дәметесің,
Ит тұмсық, бұқа жауырын әдіре қалғыр.
Айтыста екі жақтың өзара кім болып жауаптасуы үлкен маңызға ие. Себебі, әзіл айтыс кез-келген өнерпаздың арасында өрбуі мүмкін болғанымен ел түсінігінде әзіл айтылуы орынды, заңды саналатын туыстық қатынастар бар. Мысалы, қайнысы мен жеңгесінің, балдызы мен жездесінің, нағашы мен жиеннің, құдаша мен құдабаланың, құда мен қүдағидың, құрдас адамдардың арасында болатын қарым-қатынастың әзілмен әдіптелсе, қалжыңмен көмкерілсе ғана сәні, ажары келісетіндей көрінеді. «Әзілі жарасса атасымен» ойнауға рұхсат еткен халықтың тіршілігінде, салт-санасы мен дәстүрінде, мәдениеті мен әдебиетінде юмор мен сатираның қаншалықты дәрежеде болатынын шамалау қиын емес. Құдаша мен құда баланың мынадай қайымдасуы қандай жарасымды.
Құда бала:
Құдаша білесің бе, Сылқымкөлді,
Жағалай Сылқымкөлді жылқым келді.
Алыстан ат терлетіп келгенімде,
Жасташы ақ төсіңді ұйқым келді.
Құдаша:
Сен айтсаң, мен де айтайын Сылқымкөлді,
Жағалай Сылқымкөлді жылқым келді.
Соншама неменеңе шіренесің,
Ұйқым келді дегенге күлкім келді.
Құда бала:
Құдаша, ақ тегене, ақ тегене,
Үлкен де, кіші де емес шақ тегене,
Жастансам өзге қыздың аппақ төсін,
Деп жүрме бармақ тістеп, әттегене [9].
Шымыр логикаға құрылған, нақышында астарлы әзіл мен сатирасы мол айтыстардың бірі- ¥лбике мен Күдеріқожаның айтысы. Бүл айтыс академик В.В. Радловтың 1870 жылы жарияланған кітабынан алынып, 1942 жылы «Айтыс» кітабында, сондай-ақ, 1965, 1988 жылдары шыққан «Айтыс» жинағында басылып шыққан.
Әдебиеттің маржандарын жиып-терген қазақтың ардақты қайраткер ұлдарының бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Бұрынғылар домбыра ұстап, өлең айтатұғыннан «қайым білесің бе?» деуші еді. «Қайым» деп екі ақынның айтысқан өлеңін айтады екен. Сонда қайым өлеңнің ілкі басын Күдері қожа мен Ұлбике қыз айтысқан. Бұл екеуінен бұрын өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғыныкі мақал, тақпақ. Олардан бұрын жырлап сөйлейтін болған. Күдеріқожа албырт бозбала күнінде Ұлбикемен айтысамын дегенде Күдерінің әкесі Еркөшек қожа да ақын екен, жырлап сөйлейді екен. «Балам, Ұлбикемен айтысамын десең, Бұқараға барып үш жыл оқып кел. Әйтпесе, онымен айтысуға жарамайсың» деген екен» деп жазыпты [14].
Айтыс өлеңнің бастапқы екі жолы қайталанатын қайым түрінде басталып, соңы келелі мәселелер жөнінде білім таластырып, шеберлік сынасатын сұрақ-жауап немесе жұмбақ айтысқа ұласып кетеді. Күдерінің әзілдеп айтқан өлеңіне ¥лбике шымыр жауаптар қайтарып, тойтарып отырады. Онысы кейде өткір сыннан асып, ащы әжуаға айналып жатады.
Күдері:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір құдайды еске алмады.
Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында,
Қасыма қыздар келді қос алмалы.
Үлбике:
Сексеуіл қүмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір құдайды еске алмады.
Тұсыңда қыздар болса қос алмалы,
Қожа қайтіп ұстайды ақ шалмалы?
Ислам дінінде зинақорлық ауыр күнәға есептеледі. Шариғаттың шамын жаққан қожа осыны біле тұра, өлеңнің, ойын сауықтың арқасында қасына сұлулар келіп, бес күн жалғанның қызығына берілгенін айтып өз миссиясына өзі қарсы келеді. Және оны мақтанышпен, жар сала айтып, Ұлбикені де өз өнеріне табындыратынына, бағындыратынына сенімді түрде бұл ойын көпшілікке паш етеді.
Ұлбике болса, басында ақ шалма бар молдекең елге үлгі шашар білімді, ақылды, ең әуелі адал болып, өз сөзіне, жаратушысына қарсы келмесе керек. Дінге қарсы келетін іс-пиғылды алдымен молда істесе, басқасына не шара дегенді айтқанда, Күдері тағы шалыс басып: «Біреудің ақ некесін арам қылған, Жаһаннамға қыздар кетер қос алмалы»,- дейді. ¥лбике бүған да мүдірместен жауап айтады. Пенде діннен хабары болмаса күнәнІң бірін біліп, бірін білмей істейді. Ал адалдықты, кісі ақысын жемеуді, біреудің ала жібін аттамауды уағыздайтын молдалар, аңқау елді алдап, ақыреттің қамын жемей, қазақтың малын жеп отыр. Әділдік болса, Жаһаннамға ең алдымен солар кететінін айтады.
¥лбикенің бұл мініне Күдері айнала жауап беріп: «О дүние, бұ дүниеден жақсы дейді, Бәріміз де барайық жан қалмалы», — деп жалтарады. Осы жерде ¥лбике тағы да оңдырмайды. Тіпті, ойсырата ұтады. Әзілі кекесінге, кекесіні әжуаға, әжуасы ащы сарказмге айналады.
Өлең, өлең дегенде өтер елі,
Өлең айтып көңілді көтерелі.
О дүние, бұ дүниеден жақсы болса,
Адамға айтпай қожекем кетер еді,
-деген жауаптан соң айтыс бітсе болар еді. Алайда қайымдасу енді басқа ұйқасқа ауысады да, айтыс одан әрі өрбиді. Бір кезде Күдері:
Төрт орамал шетіне түйдім анар,
Жақпаған құл қылмысты тозақ барар.
Қожаменен, ¥лбике, ойнап-күлсең,
Өне-бойың шымырлап мейірің қанар,
-деп сөзін тағы әзілге бүрады. Бұл қалжыңға да Ұлбике бұлтартпас жауап айтып, Күдеріні тағы сүріндіреді.
Төменнен жеті көшіп өрге келдік,
Жеті әулие тоғысқан жерге келдік.
Келмегірдің жеріне қайдан келдІк,
Қожасы діннен шыққан елге келдік,
-деп тіпті ащы жауап қайтарады. Сатираның ащы сарказмге ұласқан сәтінде күлкі мен ыза кірігіп кетеді. Кекті күлкі, ызалы күлкі деген категориялар пайда болады. Ю.Борев: «Кейде сатирадағы ерекше эмоционалдық сын күлкі түрінен тыс та жүзеге асады. Ерекше эмоционалды күй шегіне жетіп қызғанда, суреткердің ызасы мен өшпенділігі күлкіні басып тастайды», — деп жазады [15]. Сарказм — қоғамдағы ерекше қауіпті құбылыстардың зардабын әшкерелеуші сатиралық бағыттағы ащы, зәрлі, кекесінді сөз. Мұндағы айтылар сын жеңіл юмормен, астарлы, зілсіз әзілмен берілмейді. Юмор мен сатираға жүйрік ақын қыз ақылын асырып, ел алдында қожаны келемеждейді.
Ұлбике Қызылорда облысы Тереңөзек ауданына қарасты өңірде дүниеге келген екен. Ақын шығармашылығының ғылыми айналымға түсіп, жан-жақты зерттелуіне мұрындық болған ғалым М.Жолдасбеков: «Ұлбике оң-солын танып, бой жете бастаған кезде Ошақтының Есмырза деген дуалы ауыз биі әулетін бастап Әулиеата маңына көшіп келеді. Сол кезден бастап Ұлбикенің ақындығы айрықша қарқын алып, жұрт мойындаған көшелі ақындармен айтыстың додасына түсе бастайды» деп жазады [16, 245 б.]. Ұлбике «жеті әулие тоғысқан жер» деп соны айтып отыр. Осындай қасиетті елге келгенде елді аузына қаратқан қожаның аңдаусыз айтқан әзілінен Ұлбике ұрымтал тұсты дәл таба біледі. Өлеңінің соңын ащы сарказмге ұластырып, «қожасы діннен шыққан келмегірдің жеріне қайдан келдім» дейді. Қожа:
Бір алуан бала едің, денем сүйді,
Жақпаған құл қылмысты тозақ күйді.
Бала едің өзің тәуір Ұлбике ақын, Көрмес, білмес кісідей тілің тиді. Бике:
Қожеке, бас өлеңім осындайды,
Асық жолың бейіске қосылмайды.
Түбің қожа болғанмен, дәретің жоқ,
Дәретсіз жан иманға қосылмайды.
Бұл айтыс тарихына байланысты ғалым Жанғара Дәдебаев былай деп жазады: «Жалпы сауаттылығымен ел-жұрт тарихы өнерпаздар өмірі туралы, білімімен қатар Ұлбике Құран, шариғат, әулиелер туралы және басқа діни кітаптармен де кеңінен танысып, дүние әлемінің жаратылысы жайында мол мағлұмат алады. Ұлбикенің осындай ортасынан қара үзіп шыққан ақындық білімін дәл танып, дұрыс аңғарған ақындар онымен айтысуға үлкен дайындықпен келмесе, ойда жоқта немесе сәті түскен шақта сөз жарыстыруға бата алмайтын болған» [17]. Демек, «Көкірегім — кітап сөзі, тілім — Құран» деген секілді құдіретті сөз түюінен Ұлбикенің терең білім, кемел парасат иесі болғанын байқаймыз. Юмор мен сатираға жүйрік ақын қыз ақылын асырып ел алдында қожаны келемеждейді. Бұған іші күйіп, намыстанған Қожа келесі кезекте қызды жөнге саламын деп тағы сүрінеді:
Бұқараның жолында түйе боздақ,
Тәңірге ісің жақпаса бардың тозақ.
Сол тозақтың ішінен шықпа жаным,
Қожекеңнің айтқанын қылсаң мазақ.
Бике:
Қыдырып құс салдың ба құнаныңнан, Ер өлтіріп кек алдың ба ұраныңнан
Қатынша, қожа тақсыр, қарғай бердІң,
Сен де көрмей кеткенсің Құраныңнан.
Жалпы, арнасы әзіл болғандықтан айтыстағы қарғыс дөрекілікке, өшпенділікке есептелмейді. Бірақ, айтыстағы қарғыс көбіне қыздардың немесе жеңгелердің аузынан шығады. Оны жігіттер жағы да місе тұтпай «Жігітке қыз қарғысы майдай жағар, Десең де «ішің кепкір» ештеңе етпес» деп әзілмен жауап қатады. Ұлбике айтыста әйелдің мінезін танытып қарғай жөнелген қожаның қапысын тауып кетеді. Мұндай қарсылықты күтпеген Күдері қарғамақ түгілі қыздың болашағына көріпкелдік жасап, жазғыра сөйлейді.
Қожа:
Менімен жау болмассың елдесерсің,
Бір-екі ауыз сөзбенен теңдесерсің.
Арашалап қоймадың, Ұлбике ақын,
Не малдан, не бір бастан кем өсерсің.
Бике:
Сенімен жау болмағам елдескенмін,
Бір-екі ауыз сөзбенен тендескенмін.
Не малдан, не бір бастан кем болар деп,
Тәңірмен қашан, қожам, сөйлескенің?
Мұндай тойтарыстан соң айтыс тағы да тамамдалуға тиіс еді, алайда енді бұл діни сипат алып өнер жарыстырудан, білім салғастыруға ауысады. Жалпы, қыз бен жігіт айтысы жеңіл әзіл-қалжыңға құрылып, ойын-күлкі үшін өтетін болғанмен, кей айтыстар өткір мәселелер сөз болатын келелі сөз сайысына, білім байқастыруға ұласып жатады. Әзілге келгенде Ұлбике ешкімді аттап бастырмайды. Әр сөзден ұстап, логикалық үшқырлықпен қисынды да, мағыналы жауап беріп, бұлтартпас дәлелмен алдынан тосып отырады.
Қожа-молдалар ел ішіндегі қадір-қасиетін, кең таралуын, көпшілікке өтімділігін байқап қайым өлеңді дін жаюдың, иман жолының негізгі принциптерін таратудың бір құралы ретінде пайдаланғаны байқалады. Ислам қағидаларын қазақ ұғымына сіңіруде діни қисса-дастандар, діни аңыз-әңгімелерімен қатар, шариғаттан сұрақ қойып жауап алатын діни сипаттағы айтыс өлеңдердің алатын орны ерекше. Басы әзіл-оспақпен басталған Ұлбике мен Күдері айтысының екінші бөлімінің діни сипат алуы да осыны аңғартады.
Бұл айтыстың бірнеше нұсқасы бар. Бір нұсқасында Ұлбикенің де, Күдерінің де өлеңдері он бір буынды болып келгенмен, төрт жолдан ұзарып, шүбыртпалы болып кетеді. Айтысты бастап тұсына қожа келгендіктен өлеңді тез айтуға бұйырған Күдеріге Ұлбике «Қожаға асықса да дәнеме жоқ, Өлеңді қазақ айтып мейірі қансын» деп өр жауап қайтарады. Айтыстың шиеленісі де осы сөзден басталады.
Күдері:
Ата-баба, шынжыры қойылған қол,
Қожа келіп тұрады оң менен сол.
Әншейін-ақ бір айтқан сөзің шығар,
Ақылы бар баланың айласы сол.
Ата-бабам пір тұтып, қожа қылған,
Не себептен қожаға тимейді жол ?
Ұлбике:
Қожа болсаң, басыңда шалма болар,
Сомсынғанға зорсынған балға болар.
Қожа сендей болар ма, сары құлақ сарт,
Көңілінде иман, аузында алла болар.
Есек мінген сартпенен айтысқаным,
Сүйегіме бір үлкен таңба болар.
Ақын қыз ел пір түтқан қожаны осылай әжуалайды. Бұдан әрі қарай Қожа ашу шақыра бастайды:
Пайғамбардың нәсілін сары құлақ деп,
Ақыретте бересің үлкен сұрақ, -дегенде Ұлбике одан да қаймықпастан:
Аулақ тарт, қожа болсаң кеселіңді,
Осы жолы қайтарармын меселіңді.
Ат мініп, біздің елден тон алған соң,
Сатқансың қашқарлыққа есегіңді.
Қожеке, пайғамбардың атын сатып,
Таппай ма құдай сенен есебіңді?
Пайғамбардың атын саттың деп қарсыласын тырп еткізбей тұсап тастаған Ұлбикенің сөзі асқақ, өлеңі өр. Осылайша Ұлбике айтыс үстінде «Аңқау елге — арамза молда» болған дүмшелік туралы ащы айтып, тыңдаушы көпшіліктің айызын қандырады. Оның өлеңдерінде «Мысықша көзін жүмып елді алдаған», «Аюдай алжып жүріп», «Нәпсіні дөнен иттей семіз қылып» деген тәрізді айшықты теңеулер, көркем қолданыстар кездеседі. Бұл ащы сатира, әжуалау. Ел алдында анайы қылығын әшкерелеп, масқара ету. Бұдан әрі айтыс былай аяқталады: «Онда Күдеріні жұрт жасытып, күліп, қызды көтермелеп, Ұлбике жеңді деп бозбалалар шуылдап, қолпаштаған соң, ол өкпелеп тұра жүгіріпті. Онда әркім қожаға «кетпеңіз» деп жұбатып көңілін ашыпты, сонда Ұлбике:
Өлең десе көңілім судай тасар,
Мен емес қару таппай сөзден қашар.
Қан жауғырдың тексізін мүнан байқа, Өкпелеген қойшыдай тұра қашар.
Өкпелесе қоя бер құрғырыңды,
Өзінің де құзғындай ниеті нашар.
Жарты мата басына орап алған,
Және бір сарт қожа кеп орнын басар,
-деп айтқанда, Күдері қожа біржола жеңіліпті.
Қорыта келгенде, Ұлбикенің шығармашылығы арнайы зерттеліп, зерделенбесе де ол туралы пікір айтқан, мақала жазған ғалымдардың бәрі де Ұлбикенің ақындық өнерімен қатар оның аса зерделі, білімді, таңдайына бұлбұл ұя салған кемел дарынын ерекше атайды. Айтыс тарихындағы есімдері аз сақталған ақын қыздардың ішіндегі шоқтығы биік, «қайым айтыстың ілкі басы болған», айтулы тұлғаның артында қалдырған мұрасы әлі де өз бағасын алары сөзсіз. Оның ойының жүйріктігі, әзіл-қалжыңға бейімділігі, логикасының беріктігі, айтысуға ниет еткен ақындарды қобалжытып, мысын басқан. Ұлбике туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелердің бірсыпырасы оның мезгілсіз келген ажалы туралы. Ол өлеңнің киесін, сөз құдіретін түсінбеген топас күйеудің қызғаныш кесірінен дара өнер иесінің қанын жүктегені. Трагедиялы тағдыр. Бір ақынның ғана емес, сол замандағы қазақ айтыс өнерінің тағдыры.
Ұлбикенің айтыстарындағы жеңіл әзілден бастап, қалжың-қағытпа, садақ оғындай сын-сықағы, ащы әжуасын талдап таразылай келе оның теңдесі жоқ дарын иесі болғанына, айтыс тарихынан ойып орын аларына күмән келтірмейміз. Турашылдықты, шындықты, тазалық пен ар-иманды, өнер иесінің, ең бастысы айтыс ақындарының бетке ұстар принциптері ретінде анықтап кеткен Ұлбикенің жолын жалғастырған ақын сіңлілері аз емес.
Ұқсас реферат
Айтыстағы сатира мен юмор объектісіне қарай сын-сықақ, әзіл-оспақ, қалжың-қағытпа, ащы әжуа, уытты мысқыл, кекті кекесін түрінде келе береді. Бірақ достық әзілден басқасы үлкен әлеуметтік мәнге ие екенін кереміз. Заман, дәуір тынысы сезілетін айтыстардан бізге жеткені халықтық идеямен шыңдалған шынайы да шебер күлкі ғана. Тек сондай күлкі ғана өміршең күлкі болатынын, тек сондай күлкі ғана өлмейтінін В.Гюгоның «Әлсіздің езу тартқаны, әлдінің қарқылдап күлгенінен әлдеқайда қатерлі» деген сөзі де дәлелдей түседі
Тағы рефераттар
- Негізгі құралдармен материалдық емес активтерінің есебі мен аудиті
- Криптографиялық жүйелер курстық жұмыс
- 2- сыныптағы дүниетану пәні бағдарламасы мен оқулығына талдау
- Жаңа реалистік әдебиеттің, ағартушылық-халықтық бағыттағы әдебиеттің ерекшеліктері мен жаңашылдық сипаты
- Бағалы қағаздардың түрлері. Акционерлік қоғамдардың акциялары