Тұлғалар. Алаш арыстары. Мұндай жандар туралы Елбасы Н.Назарбаев: “Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген”, дейді.

Сондай тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқай. Ол – Алаш қозғалысының төл перзенті, Алаш идеялары мен мұраттары аясында қанаттанған, қазақ, өзбек және басқа да түркі халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған қайраткер. 1910 жылы Санкт-Петербург университетіне оқуға түскен күнінен бастап М.Шоқай дүниетанымының қалыптасуы, бір жағынан, түркішілдік-мұсылмандық қозғалыстың (С.Жантөрин), екінші жағынан “батысшылдар” демократиялық-либералдық қозғалысының, Ә.Бөкейханов ықпалымен өтеді.

1914 жылдың көктемінде Мұстафа Петербургте оқып жүрген түркі жастарының патша өкіметінің ислам діні жөніндегі саясатына байланысты баспасөз бетінде жарияланған үндеуіне қатысады. Оған сол кезде империя астанасындағы 31 өзбек, татар, башқұрт, қазақ студенттері қол қояды. Мұның өзі Мұстафаның саяси қозғалысқа біржолата тартылуының, ұлттық мүдде жолындағы күрескерлер қатарынан берік орын алғандығын көрсетеді. Түркі халықтары тарапынан сөйлейтін бүркеншік діни құрылымдар мен басылымдарды ұйымдастыру арқылы патша өкі­метінің ұлт-азаттық қозғалысын іштен бүлдіруге бағытталған арандатушылық саясатының қауіптілігін жете түсінуі, ол жөнінде өз пікірін ашық білдіруі, М.Шоқайдың саяси ұйымының қалыптасып, шыңдала түскендігінің куәсі еді.

Патша өкіметінің исламды “құрықтап” ұстауға бағытталған шаралары Мұстафаны түркішілдік-мұсылмандық қозғалысы идеяларына ойысуына итермелейді. Ташкентте гимназияда оқып жүргенінде ол қазақ балаларын шоқындыруға қарсы шықса, Петербургте енді мұндай саясаттың басқа да мұсылман халықтары жөнінде жүргізіліп отырғанына, олардың мұң-мұқтаждарының ортақ екендігіне көзі жетеді. Ташкентте генерал Сақыпкерей Еникеевтің үйіндегі қазақ, өзбек, татар жастарының бірлесе күресу жөніндегі пікір алмасулары Мұстафаның Петербург көшелеріндегі патша үкіметінің кейбір іс-шараларына қарсылық ретінде ұйымдастырылған шерулеріне қатысуына ұласады. Түркі жастарының наразылығын тудырған сондай оқиғалардың бірі 1912-1913 жылдардағы Балқан соғысы төңірегіндегі Ресейдің саясаты болатын. Ресейдің ашықтан-ашық Түркияға қарсы ұстанымы, Балқан соғысын славяншылдықтың исламға қарсы соғысы ретінде дәріптеуі түрік жастарының Петербург көшелеріндегі шеруіне әкеледі. Мұс­тафаның бұл бой көтерулердің бел ортасында болғанына күмән жоқ.

Мемлекет деңгейінде жүргізіліп отырған славяншылдық саясат түркі мұсылман жастары тарапынан қарама-қарсы нәтижелерге әкеліп, олардың арасында Түркияға көмек беру қозғалысы өрістей бастайды. Балқан соғысының ауыр кезеңдерінде, соғыстан кейін де Кавказ, Қырым, Еділ бойы, Орал және Түркістанның мұсылман өкілдері Константинопольге (Ыстамбұлға) материалдық, гуманитарлық, моральдық көмек көрсетуге ұмтылады. Олардың қатарында Мұстафа да бар-тын. Бір рет ол түркістандық досы Садық Өтегеновпен бірге Түркия елшілігіне көмек ретінде өздері жинастырған шағын қаржыны да әкеліп береді.

Сол кезеңде қызмет бабымен Петербругте тұрып жатқан адвокат Серәлі Лапиннің үйінде өтіп тұратын жиындарға татарлардан – Нәжіп Құрбанғали, Сұлтанбек Мамали, Ілияс Алкин, әзірбайжандар – Мирякуб Мехтиев, Шейх Сылам Зада, Қақажан Бердиев және тағы басқалар қатысады. Осы жастармен және Әлимардан Топчибашы, Ғайса Қашқынбаев, А.-З.Валиди, Мұстафа Шахкулимен бірге Мемлекеттік Думаның депутаты Сәлімгерей Жантөриннің үйі мен Мұсылмандар қайырымдылық қорының ғимаратында да жиі-жиі бас қосып, қоғамдық мәселелерді талқылайды.

М.Шоқайдың саяси көзқарастары мемлекеттік деңгейдегі түрлі жиындарға қатысу барысында шыңдалып, нақтылана түседі. Бірінші Бүкілресейлік мұсылман сиезіне қатысқаны жөнінде 1914 жылдың 27 маусымында Ташкенттегі досы Әлмұхамед Көтібаровқа хат жазып, 25 маусымда сиез өз жұмысын аяқтады, алайда оның Түркістан туралы шешімдері “академиялық сипатта” қалды деп хабарлайды. (съезд 15-20 маусымда өткен. – К.Е.). Хаттың соңында Мұстафа 28 маусымда Уфа губер­ниясына Сәлімгерей Жантөриннің үйіне кететінін айтып, хатты оның Белебей уезінің Килимов деревнясындағы мекен-жайына жазуды сұрайды.

Мұның өзі оның осы кезеңде түркішілдік ықпалда болғанын көрсетеді. Осыны сезген Ә.Бөкейханов М.Шоқай мен оның жолдастарына “өздеріңді ешқандай сағыммен алдамаңдар” деп ескерту жасайды. Патша өкіметінің отарлық саясатының мәнін ұққыларың келсе, ең алдымен оның қоныс аударушылық саясатына назар аударыңдар деп оларға дұрыс бағыт сілтейді. “Әлихан бізге ылғи да “ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді”, деуші еді. Біз ол кезде орыс мектептерінде оқып жүрген жәдидші жастар – бәріміз де бүкіл ынта-ықыласымызбен “мұғажыр мәселесін” үйренуге кірістік. Мемлекетіміз үшін ең үрейлі қатердің қайдан туып келе жатқанын сонда ғана түсіндік”, дейді кейін М.Шоқай.

Мұстафаның сөзіне қарағанда ол Ә.Бөкейхановпен алғаш Санкт-Петербургте емес, одан ертерек Ташкент гимназиясында оқып жүрген шағында кездеседі. Қоныс аудару саясатын ыждағатты зерттей келіп, ол мұғажыр мәселесінің азаттық қозғалысының басты мазмұны, бұл саясаттың түпкі мақсаты қазақ жерін этностық отарлау екендігі туралы тұжырымға келеді. Сол себепті де болар, ол өмірінің соңғы сәтіне дейін патша, кейін Кеңес өкіметінің қоныс аудару саясатын назарынан тыс қалдырмайды, жерінен айырылған халықтың күні қараңғы екендігін еске салумен, болашағы жоқтығын айтумен болады. Әлем тарихындағы мұндай саясаттың отар­шылдықтың “ең жабайы”, “ең дөрекі” түрі екендігі жөнінде жар салады. Өзі де ес біле бастаған кезінен-ақ қоныс аударушылықтың сорақылық мысалдарымен талай рет ұшырасады.

М.Шоқайдың рухани әлемінде “Қазақ” газетінің алатын орны ерекше. Бұл жағдай оны ең алдымен Алаш қозғалысы арнасында қалыптасуына тигізген Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың тікелей ықпалына байланысты. Оған “Қазақ” газетінде Ахмет пен Міржақып Дулатовтың сенімді көмекшісі ретінде Мұстафаның ауылдасы, қатарлас өскен жолдасы Мұстафа Оразайұлы жұмыс істейтін. 1913 жылы Мұстафа Петербургте оқып жүрген Сейілбек Жанайдаров, Батырша Есімханов, Ыдырыс Оразалы баласы, Ғұсман Жандыбек баласы, Мұқыш Поштаев деген қазақ жастарымен бірге “Қазақ” газетінің шығуына ризашылықтарын білдіріп, оның халық тарапынан қолдау табуы керектігі туралы редакцияға хат жолдайды.

М.Шоқайдың Ә.Бөкейхановпен бірге қоян-қолтық қарым-қатынаста болуы, әсіресе 1916 жылдан бастап орын алады. Сол жылы ІV Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы жанынан құрылған Кеңесу бюросы құрамына енген Әлихан жаңа құрылымда Түркістанның бір өкілінің болуы керектігі және оған М.Шоқайдың лайық екендігі жөнінде мәселе көтереді. Бұл орайда оның жан-жақты дайындығының барлығы, Түркістан жағдайын жақсы білетіндігі, Петроградта тұратындығы, бұрыннан да Мұсылман фракциясының жұмысына қолғабыс беріп келгендігі есепке алынады.

Мұстафа бюро жұмысына 1916 жылдың 1 қарашасынан бастап кіріседі. Бұл құрылым өз алдына мәселе шешпегенімен, халықтың арыз-шағымдарын Мұсылман фракциясына, ол арқылы Дума мүшелеріне, жұртшылыққа жеткізуде фракция мүшелерін қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Мұсылман фракциясы мен оның Кеңесу бюросы төңірегінде мұсылман прогресшіл-реформаторлық қозғалысының ең жігерлі күштері топтасады. Бюро ұлттық қозғалыстың интеллектуалдық, ақпараттық және үйлестіру орталығына айналады.

Эмиграцияда жүрген кезінде жұма сайын кездесіп, сұхбаттасып тұратын жақын жолдастарының бірі Украин Халық Республикасының 1917-1918 жылдары Сыртқы істер министрі болған А.Я.Шульгин: “М.Шоқайдың Бюрода атқарған жұмысының маңыздылығын айтып жеткізу қиын”, дейді. Мұстафа қазақ азаматтарының майданның қара жұмысына алынуына байланысты мәселелерде Ә.Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларымен бірлесе жұмыс істейді. 1916 жылы М.Шоқай мен А.-З.Валиди Түркістаннан алынған жұмысшылардың жағдайын білу үшін майданға барып қайтады. Патшаның тақтан тайған күні Ә.Бөкейханов жаңа жағдайда қазақ халқының алдында тұрған мәселелерге байланысты елге қайтатынын, Бүкіл­ресейлік Земство одағындағы өзінің орнына майданға алынған жұмысшылардың ісімен айналысатын ұйымдардың шешімімен М.Шоқайдың сайланғанын айтып, сол себепті тез арада Минскіге келуін талап етіп, хат жолдайды. Бірақ Петроград пен майдан арасындағы теміржол қатынасының үзіліп қалуы себепті Мұстафа Минскіге бара алмайды.

Наурыз айында Уақытша үкімет Ә.Бөкейхановты Петроградқа шақыртады да, оның орнын Асфандияр Кенжин басады. Петроградта 20 наурыз күні Әлиханның Торғай облыстық комиссары қызметіне тағайындалуына келісімі алынады. М.Шоқай Ә.Бө­кейхановпен Петроградта кездесіп, түркі мұсылман халықтарының тағдыры жақын арада жүзеге асырылуға тиісті нақты шаралар жөнінде кең түрде сұхбаттасады. Сол жылы Әлиханмен бірге М.Дулатов та Петроградқа келеді. Мұнда Ә.Бөкейханов Міржақып пен Мұстафа Уақытша үкіметке қолдау көрсеткен астана көшелеріндегі шеруге де қатысады. “Қазақ” газетінде Әлихан, Мұстафа, Міржақыптың қолдары қойылған “Алаш ұлына” деген үндеуі жарияланады. Үндеу 12 сәуірде жарық көргенімен, бұл құжат Петроградта дайындалып, осы үш тұлғаны, яғни Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Шоқайдың қаламынан туындайды.

М.Шоқайдың “Алаш ұлына” секілді маңызды құжатты дайындауға тартылуы қазақ жері мен халқының тұтастығын ойлаған Әлихан мен Міржақыптың әуел бастан оны ұлт-азаттық қозғалысының оңтүстік қанатының жетекшісі ретінде санауынан деп нық сеніммен айта аламыз. М.Шоқай әуелі Түркістаннан Убайдолла Қожадан, оған іле-шала сәуір айында Орынборда ашылатын Торғай облысы қазақтарының сиезіне Ә.Бөкейхановтан та шақырту алады. Мұстафа Петроградтан Орынборға 1 сәуірде жолға шығады.

Кейін жиында М.Шоқай: “Қазақ даласындағы автономиялық өкіметтің іргесін қалай бастаған бұл сиезд қазақ, өзбек, татар халықтарының бастары біріккен, еркіндікке ұмтылысы мен туысқандықтың айқын көрінісі болды”, деп бағалайды.

М.Шоқайдың 10 сәуірде Ташкентке оралған бойында М.Тынышпаевтың Ә.Бөкейхановқа жазған хатында: “Мұстафа Орынбордағы қазақтардың ұстаған жолы мен біздің көзқарасымыз туралы айтып берді… Мен сіз бен біздің көз­қарасымыздың бірдей болып шыққандығына аса қуандым”, деуі осы тұжырымды толықтыра түседі. М.Шоқай дүниетанымының ерекшеленуіндегі Алаш идеологиясының шешуші рөл атқарғандығын мойындай отырып, оған түркі мұ­сылман қозғалысы жетекшілерінің ой-пікірлері де әсер еткендігі, жалпы алғанда оның екі ғасыр тоғысындағы саяси ағымдар мен оқиғалардан нәр алғандығын ескеруіміз қажет.

Мұстафаның гимназияда оқып жүрген шағын өзі “біздер – жәдидшіл жастар” деп жол-жөнекей, бір-ақ рет еске алуында үлкен мән бар. Басқа уақытта және бірде-бір еңбегінде ол өзін “жәдидшілмін” деп атамайды. Себебі ол жәдидшілердің тар шеңберлі идеялық платформасынан Ақпан төңкерісінен біраз бұрын шығып кеткен-ді. Ресми құжаттарда 1922 жылы 23 қаңтарда ГПУ қызметкерінің РК(б)П Қазақ облыстық Бақылау комиссиясына жеткізген хабарында Т.Рысқұловтың 1924 жылдың сәуір айында М.Сталинге жолдаған баяндамасында М.Шоқай жәдидтер қозғалысының қайраткері емес, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедовтер секілді “алашордашыл қайраткер” деп көрсетіледі. (РГАСПИ. Ф.17. Оп. 85. Д.77. Л.204). Мемлекеттік Саяси басқармасының қызметкері Қазақ Республикасында саяси платформасы анық үш ағым немесе “топ” бар екендігін “анықтап”, оның біріншісіне Алашорданың негізін қалаған және ұйымдастырған деп Ә.Бө­кейхановты, М.Дулатовты, Х.Досмұхамедовті, М.Шоқайды және тағы басқа бел­сенді тұлғаларды жатқызады. Жоғарыда аталған баяндамасында Т.Рысқұлов М.Шоқайдың Түркістанды “тәуелсіз буржуазиялық автономия” ретінде жариялауда толықтай Алашорда платформасында тұрғандығын, Ташкенттегі “Бірлік туы” мен “Улуг Түркістан” газеттерінің Орынбордағы “Қазақ” газетімен бір ұстанымда екен­дігін еске салады. Мұстафа Түркістандағы оқиғаларды қазақ даласының саяси өмірінен бөліп қарамайды. А.-З.Валиди: “Қазақ халқының көрнекті қайраткерлері: жазушы Ахмет Байтұрсынов, Бөкей ордасының аса құрметті адамы Шахингерей Сұлтан Бөкейханов, Ташкенттен Мұстафа Шоқаев, Жиһаншах Досмұхамедов Торғай облысының комиссары Ғалихан Бөкейхановтың резиденциясында әртүрлі жиындар өткізіп жүрді”, деп жазады “Естеліктер” атты еңбегінде. Мұндай басқосуларда Түркістандағы жағдайдың әңгіме өзегі болып тұрғандығы сөзсіз.

Түркістан мен қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысы ошақтарының арасын­дағы байланысты нығайтуда М.Шоқайдың 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда өткен Бірінші жалпықазақ сиезіне арнайы шақыртылуы маңызды қадам болды. Түркістандағы саяси ахуалдың күрделілігіне байланысты Мұстафа сиез жұмысына қатынаса алмады, бірақ ол сырттай Құрылтай жиналысының депутаттығына кандидат және Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне депутат ретінде бекітілді. 1917 жылдың желтоқсанында Түркістан Мұхтариятының Уақытша үкіметі М.Шоқайды Орынборға Башқұртстан мен қазақтардың ұлттық ұйымдарымен байланыс орнату, сонымен бірге “Оңтүстік-Шығыс казактары одағының” саяси ұстанымы жайында мәліметтер жинау мақсатында ісспарға жібереді. М.Дулатов 1929 жылы 30 қарашада ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында М.Шоқай Орынборға сиездің (ІІ Жалпықазақ съезін айтады. – К.Е.) соңына қарай келді деп көрсетеді. Сиезде Мұстафа Түркістан Мұхтарияты жөнінде баяндама жасап, Жетісу мен Сырдария қазақтарының Мұхтариятқа қосыла қоймағандығын айтып береді.

Кейін шетелде жүріп жазған “Түркістанда” деген еңбегінде Мұстафа Алаш автономиясының қалай құрылғандығына тоқталып, съезде екі пікірдің орын алғандығы туралы, біріншісінің болашақта Ресей Федерациясының автономды бөлігі – Сібірмен қосылуды жақтағанын, келесілерінің Алашорда мен Түркістанның толық бірігуін қолдағанын айтады. Бірі түркілік орталықтан шеттеп қалудың жөнсіз­дігін айтса, екіншілері оған басқаша уәж келтіреді. Сиез Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылысын түпкілікті шешкенге дейін Қазақ өлкесі Сібірмен де, Түркістанмен де қосылмай, дербес автономия ретінде өмір сүреді деген ымыралық шешімге келеді:

“Бірақ делегаттардың көпшілігі Сібірмен қосылуға қарсылық білдірді. Орынбор сиезінің кейбір ерекшеліктеріне қарағанда қырғыз (қазақ – К.Е.) өлкесі мен Түркістан өздерін біртұтас аймақ ретінде түсінді”, деп көрсетеді М.Шоқай. Осы түсініктің бір көрінісі – Түркістан автономиялық үкіметінің мүшесі М.Шоқайдың Алашорда үкіметінің де мүшесі болып сайлануы. Тіпті Алаш партиясы бағдарламасының алғашқы нұсқасын дайындайтын комиссия құрамына Мұстафаның де енгізілуі жоғарыдағыдай көзқарастан туындаған секілді.

Түркістан қазақтарының тағдыры жөнінде М.Шоқай мен Ә.Бөкейханов бір тоқтамға келіп, бұл мәселені арнайы шақырылатын Сырдария қазақтарының сиезінде шешу жөнінде ұйғарады. Түркістан Мұхтариятын большевиктер жаныштағаннан кейінгі уақытта М.Шоқайдың Халел Досмұхамедовпен жақын қарым-қатынаста болғанын айтуымыз керек. 1918 жылдың маусым айында Самара қаласында өтетін Құрылтай жиналысы мүшелерінің кеңесіне қатысуға бағыт ұстаған М.Шоқай мен әйелі Мария Яковлевна 1 мамырда Ташкенттен шығып, жолай Х.Досмұхамедовтің ауылына тоқтайды. Кейбір зерттеушілер Мұстафа 18 мамырда Жымпиты селосында ашылған Алашорданың батыс қанатының ІІ сиезіне қатысты дейді. Бұл жағдай әлі де зерттей түсуді қажет ететін секілді. Қалай болғанда да сол жолы олардың арасында қазақ, өзбек халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы олардың большевиктерге қарсы біріккен іс-қимылдары жөнінде кеңінен әңгіме болғандығы қисынсыз емес.

М.Шоқай Самарада құрылған үкімет (Комуч) құрамына А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов және тағы басқа қазақ зиялыларымен бірге енеді. 22 тамызда ол алаш қайраткерлерімен бірге Челябіде өткен Комуч пен Сібір үкіметінің Мемлекеттік кеңесіне қатысады. Мұстафаның 1918 жылдың жаз айларындағы қызметі эсерлер мен кадеттердің жиындарына қатысуымен шектелмейді. Осы кезеңде ол Торғай даласында қазақтардың тұрмы­сымен, елдегі саяси ахуалмен кеңінен танысады. 1918 жылдың қыркүйегінде Алашорда басшылығы Сібір үкіметіне бі-рін-бірі тану жөнінде келісімнің жобасын ұсынады. Онда Алашорданың ең басты міндеті ретінде Алаш территориясын большевиктерден азат ету және Түркістан мен Жетісуға көмек көрсету, болашақта Алаш, Сібір, Башқұртстан мен Түркістан федерациясын құру деп белгіленеді.

Зерттеушілер назарынан тыс алып келген осы бір құжаттың мән-мағынасына үңілсек, оны Алашорданың Түркістанмен не болмаса Сібірмен бірігуі жөніндегі екі­ұдай пікірдің екі ұстанымдағы Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайға ортақ ұйғарымға келуінің көрінісі екендігі анық. Заңды күшіне енбегенімен, жоба федеративтік құрылым жөніндегі бұл екі тұлға пікірлерінің жаңа жағдайда біршама өзгеріске ұшырағанын дәлелдейді. Бірнеше пікір алмасулар нәтижесінде түркі мұсылман зиялылары Уфада өтетін Мемлекеттік мәжіліске ортақ платформа негізінде қатысуға келіседі. 8 (жаңа стиль) қыркүйекте ашылған кеңеске қазақ облыстарынан және Түркістаннан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, М.Шоқай және тағы басқалар қатысады.

1929 жылы Прагада жарық көрген “Орыс тарихы мұрағаты” деген жинақта осы кеңеске қатысқан делегаттар мен ұйымдарға соңғыларының ішінде Алашорда және Түркістан Уақытша үкіметіне қысқаша сипаттама беріледі. Онда қазақтар басқалардың бәрінен де артық ұйымшылдық көрсетіп, Қазақ автономиясын жариялады және орталығы Семейде Алашорда Уақытша комитетін құрды делінеді. Кеңесте Бүкілресейлік өкімет билігін ұйымдастыру жөніндегі комиссия құрылып, оның құрамына М.Шоқай мен Ә.Бөкейханов та енеді. Олар Кеңес президиумынан орын алады. Мұнда Мұстафа Ресей мемлекеті деңгейіндегі қайраткер ретінде танылады. Оған М.Шоқайдың Кеңес төрағасының екінші орынбасары болуына қоса мандат және қаржы комиссияларының құрамына сайлануы дәлел бола алады.

13 қыркүйектегі Кеңес отырысында үкімет жауапкершілігі, яғни оның қызметіне бақылау қою мәселесі көтеріледі. Осыған байланысты Құрылтай жиналысын ұйымдастыру керектігі, не болмаса үкіметтің Мемлекеттің Кеңес алдында жауапты болуы жауапкершілік тетіктері, тағы басқа тақырыптар төңірегінде пікірталастар өрістейді. Оның барысында Бүкілресейлік үкімет қызметі бағдарламасының жобасы дайындалып, оның азаматтық іс саласындағы міндеттері былайша анықталады:

1. Сібірдің саяси автономиясын, сонымен бірге өзін-өзі басқаратын облыстардың автономиясын мойындау жолымен федеративтік демократиялық құрылысты нығайту; 2. Қысқа уақыттың ішінде осы құрам негізінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын шақыру; 3. Ресейді мекендейтін халықтардың аумақтық автоно­миясына негізделген ұлттық саясат жүргізу.

М.Шоқай бірінші “Сібір” сөзін алып тастауды, себебі барлық автономиялық үкіметтердің, олардың ішінде Сібір Уақытша үкіметінің де функциялары мен құқылары бірдей деп көрсетіп, Сібір үкіметіне артықшылықтар беруге ыңғайланған тұжырымға өзгеріс енгізеді.

Кеңесте Ресейдің мемлекеттік құрылысы жөнінде бұрыннан алынған шешімдерден бас тартушылық сыңайы да білініп қалады. Осыған байланысты М.Шоқай 1918 жылдың 5 қаңтарында Құрылтай жиналысы қабылдаған қаулыны еске салып, Мемлекеттік кеңестің оның жер мәселесі туралы қарарын өз жобасы негізіне алуы мен Ресейдің федеративтік демократиялық республика болуы туралы келесі қарарын ескермей кетуі – қисынсыздық екендігі жөнінде делегаттардың есіне салады. М.Шоқайды Л.А.Кроль, И.И.Войтов, А.Валидов және басқалар қолдайды. Оншақты адамдардың сөздерінен кейін М.Шоқай үкімет қызметі жөніндегі бағдарламада аумақтық автономия деген пункттің қалдырылуын, бірақ Мемлекеттік кеңес жұмысының алға жылжуына кедергі келтірмеу мақсатында 1918 жылдың 5 қаңтарында Құрылтай жиналысының заңын негізге алатын редакция құруды ұсынады.

Бұл пікірге Ә.Бөкейханов та қолдау білдіреді. Сонымен қатар Әлекең: “Біз демократиялық федеративтік Ресей республикасымен біргеміз, біз өзімізді біртұтас Ресейдің бөлігі сезінеміз. Жікшілдікке жол беріліп жатыр деушілер самодержавиелік Ресейде жатжұрттықтар – құлдар, ал великоростар – бұлар құл иеленушілер деп ойлауға дағдыланған ескі психологияның табынушылары болып табылады, мұндай психологиядан құтылу ләзім. Бұл жағдайды түсінеміз, бірақ қазіргі кезеңде Ресейдің федеративтік, демократиялық ел болуы және біздің орыс халқымен бірге ұлы да бақытты Ресей құрамына енуіміз үшін ондай көңіл-күйден арылған жөн”, деп тұжырымдайды.

Ә.Бөкейханов бір жыл бұрын өткен Мемлекеттік кеңесте келісімге қол жеткі­зілмегендігінің себебі бір тараптың басымдылық танытқанынан орын алғандығын еске салады. “Мені осында жіберген барлық ұйымдар, егер мұнда патриоттар отырған болса, егер олар Ресейді құтқару үшін шын мәніндегі пәрменді өкімет құруға келген болса, олардың келісімге келуін талап етеді, біз келісімге қол жеткізілуін және коалициялық биліктің келісім негізінде құрылуын қолдаймыз”, дейді. Бөкейханов аталмыш коллегия құрамының жеті адамнан тұруын, оның өз тарапында Құрылтай жиналысы алдында жауапты Министрлер кабинетін құруын жөн деп есептейді. Ал коалициялық үкіметтің Кеңеске қатысып отырған ұйым­дардың өкілдерінен тұруы керектігін айтып, оған Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының атынан төрт өкілдің, Сібір үкіметінен – бір, казак әскерлерінен – бір, Алашорда, Түркістан, Башқұрстаннан – бір өкілдің енуі жөнінде ұсыныс жасайды.

М.Шоқай Ә.Бөкейхановтың пікірлеріне толық қосыла отырып, орталық билікті құру тетіктері, орталық билік пен облыстық үкіметтердің өкілеттіктері, басқару функция­лары, жер, ұлтаралық қатынастар мәселелері бойынша бірнеше рет нақтылы ұсыныстар жасайды. Орталық билік пен облыстық үкіметтер арасындағы өкілеттіктерді бөлісу мәселесі жөнінде баяндама жасаған Халық бостандығы партиясының мүшесі Л.А.Кроль дайындаған қарар жобасынан “кеңейтілген автономия” сөзінің алынып тасталуына Ә.Бөкейханов мұның жай редакциялық түзету емес, автономия мазмұнына нұқсан келтіретінін, сол себепті “кеңейтілген автономия” сөзінің пікірталастар барысында қол жеткізілген концепциялық тұжырым екендігін айтады. Ә.Бөкейханов пікірін М.Шоқай да қолдап, қарарда “кеңейтілген автономия” ұғымы принциптік ұстанымды білдіреді деген түсінік береді. Л.А.Кроль орталық өкіметке тиесілі функциялар қатарында соғыс, бейбітшілік мәселелеріне қоса, әскери ведомство, жол қатынасы, пошта және телеграф, сыртқы істер, ба­қылау және қаржы жүйесі салаларын атайды. М.Шоқай Л.А.Крольдің қарарын осы күйінде қабылдауды сұрайды.

Автономия жөніндегі қарар жобасында облыстық үкіметтер өз функцияларын талап еткен жағдайда орталық үкіметке қайтарып береді деген ескерту қалдырылады және ол пункт, болашақ көрсеткеніндей, унитаристердің жымысқы әрекетінен туындаған еді. Ақырында “ымыралық комиссия” Ресейде орталық өкімет билігін құру жөніндегі негізгі принциптер жөнінде келісімге келіп, ақтық қарар мына күйінде қабылданады:

1. Бүкілресейлік Уақытша үкімет Кұрылтай жиналысының шақырылуына дейін бірден-бір жоғарғы егеменді өкімет билігі ретінде танылады; 2. Орталық билік қара­мағындағы мәселелердің барлығында облыстық үкіметтерге берілетін кеңейтілген автономия құзыретінің шегін анықтау Бүкілресейлік Уақытша үкімет қарауында қалады.

Орталық үкімет құрамына кандидатуралар ұсынылған кезде М.Шоқай Алашорда, Башқұртстан және Түркістан үкіметтері түрік-татар ұлттық басқармасы атынан дербес тізім ұсынылмайтынын, бірақ кандидатураларға олардың ұлттық мәселе бойынша көзқарастары негізінде қолдау көрсетілетінін мәлімдейді. “Директория” аталған үкімет құрамына бес адам: Н.Д.Авксентьев (төраға, эсер), Н.И.Астров (кадет), генерал В.Г.Болдырев (партияда жоқ), Г.В.Вологодский (партияда жоқ), Н.В.Чайковский (халық-социалистік партиясының мүшесі) сайланады. Мемлекеттік кеңестің соңғы, бесінші отырысы 23 қыркүйекте өтеді. Директория маусым-қыркүйек айларында өмір сүрген Комучтің орнын басады. Оның резиденциясының Уфада, Омбыда, не Екатеринбургте орналасуы жөнінде де кеңес мүшелерінің арасында келісім болмайды. Ақырында Директорияның Омбыға көшуіне рұқсат беріледі. Оның мұндағы алғашқы қадамдарының бірі – облыстық үкіметтерді бұрынғы өкілеттерінен айыру жөніндегі заң қабылдауы болды. Бұл жағдай М.Шоқайдың орыс демократиясына сенімін мүлдем әлсіретеді. Оның үстіне көп ұзамай Директория тұтқынға алынып, 18 қарашада Колчак өзін “жоғарғы билеуші” жариялайды. Жалпы алғанда Уфа мемлекеттік кеңесі жұмысы эсер партиясы мен оларға қолдау көрсеткен мұсылмандық блоктың жеңісімен аяқталады.

Уфа мемлекеттік кеңесі жүріп жатқан 11 қыркүйекте Ә.Бөкейхановтың төрағалығымен Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков, А.Байтұрсынов, М.Тынышпаев, У.Танашев, М.Шоқай қатысқан Алашорданың төтенше мәжілісі өтеді. Онда Ойыл уәлаяты таратылып, оның орнына, жол қатынасының нашарлығы мен соғыс жағдайын ескеріп, Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше құрылады. Сонымен бірге мәжілісте Алаш аумағында (яғни большевиктерден азат етілген аудандарда) жергілікті басқару ісін ұйымдастыру, Түркістан құрамында қалып қойып тұрған қазақ өңірлері туралы мәселелер талқыланады.

Мұнан кейін М.Шоқай, Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев және А.-З.Валиди Мәскеуден Уфаға келген Н.Ақшорамен кездесіп, “Оңтүстік-шығыс мұсылмандары облыста­рының федерациясын” құру жөнінде кеңеседі. Кейін (1929ж. 27 мамырда) Мәскеуде ГПУ тергеушілеріне берген жауабында А.-З.Валидимен соңғы рет Уфа мемлекеттік кеңесінде кездестім, онда жауларымызға, олардың ішінде, әрине, Кеңес өкіметі болатын, бірлесе күресу жөнінде уағдаластық деп Ә.Бөкейханов осы жиынды еске алады. Уфа кеңесі Ә.Бөкейхановтың М.Шоқаймен де соңғы кездесуі болатын. Орынборда атаман А.Дутовқа қарсы астыртын төңкеріс ұйымдастыру әрекеті сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Мұстафа Әзірбайжан, не Грузияға барып тұрақтауға тоқталады. Бұл жолы да оның сапары Х.Досмұхамедов пен Ж.Досмұха­медовтің ауылдары арқылы өтеді. Халел Мұстафаның Гурьев (қазіргі Атырау) қаласы, Форт-Шевченко (Кетік) арқылы Кавказға аттануына үлкен көмек көрсетеді. Кейбір мәліметтерде Мұстафаның Кетіктен Әзірбайжанға өтіп кетуіне 1904 жылғы Порт-Артур шайқасына қатысқан подполковник Оспан Көбеев қолғабыс берді деген сөз бар. Қызылдар әуелі Әзірбайжанды, кейін Мұстафа барып орналасқан Грузияны да алады. Осыдан кейін ол Түркияға өтіп, ақырында 1921 жылдың мамыр айында Парижге барып тұрақтайды.

Кавказда жүрген шағында Мұстафа Түркістан Мұхтарияты үкіметінде көмекшісі болған Искандер Көпжасаров арқылы елдегі жағдай жөнінде хабарласып тұрады. Парижде де Мұстафаның Алаш зиялыларымен байланыс тіндері үзілмейді. Мұс­тафа секілді көрнекті тұлғаның Францияға келуі бұл елдің саяси өмірінде ізсіз қалмайды. Сыртқы істер министрлігінде ол туралы мінездеме даярланып, бас­шылыққа ұсынылады. Онда М.Шоқайдың саяси оқиғаларды бағалаудағы қалтқысыз дәлдігі, Еуропаға Түркістанның ұлттық ұйымдарының тапсырмасымен келгендігі көрсетіледі.

Мұстафаның елмен байланысы 20-жылдардың бас кезінде Германияға оқуға жіберілген өзбек, қазақ жастары арқылы нығая түседі. 1930 жылдың 1 желтоқсанында М.Тынышпаев Алматыда ОГПУ саяси өкілдігі шығыс бөлімінің тергеушілеріне берген жауабында 1922 жылдың жазында оған М.Дулатов пен Д.Әділовтің келгенін, содан соң олардың Ғазымбек Бірімжановтың Германияға оқуға бара жатқандығын, оған М.Шоқайды қазақ халқының жағдайымен таныстыруды, Мұстафаға қазақ халқына төніп тұрған апат жөнінде әлем жұртшылығын хабардар етуді тапсыру керектігін айтады.

Арада екі жыл өткеннен соң Ғазымбектен қазақ зиялылары М.Шоқайдың Парижден Берлинге келіп, студент-жастармен кездесіп тұратыны және шет елдерде бір­сыпыра жұмыс атқарып жүргені жөнінде мағлұматтар алады. М.Шоқайдың өзімен де, оның жолдас-жораларымен де аралас-құралас болған қайраткерлердің бірі Халел Досмұхамедов болғанын айтып өткенбіз. 1921 жылдың бас кезінде Ташкентте Түркістан АКСР-і Халық Ағарту Комиссариаты жанынан Қазақ-қырғыз білім комиссиясы құрылып, 1922 жылдың күзінен оның төрағасы болып Х.Досмұха­медов тағайындалады. Осы кезеңде Комиссия Халық Ағарту комиссариаты жа­нындағы Ғылыми кеңестің құзырына өтеді, онда Н.П.Архангельский жұмыс істейді. Білім комиссиясындағы адамдар да, М.Жұмабаев, Ә.Диваев, М.Тынышпаев, Ж.Досмұхамедов, Қ.Қожықов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, Ғ.Бірімжанов, Д.Әділов те М.Шоқайды жақсы білетін. Сонымен бір ведомстводағы қызметтес бұл адам­дардың, олардың ішінде Х.Досмұхамедовтың Н.П.Архангельскиймен таныстығы заңды нәрсе.

Оның үстіне Халел Н.П.Архангельскийді М.Шоқаймен Петербургте бірге оқып жүрген кезінен білуі де мүмкін. Сол себепті Х.Досмұхамедовтің Н.П.Архангель­скиймен кездесулерінде сөз арасында М.Шоқайды еске алып қалуы ғажап емес. Мұны айтып отырғанымыз, тікелей осы екі адамның аралығындағы қарым-қатынастар бастауларын іздестіруге емес, Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты қорында сақталған 1922 жылдың 12 мамырында М.Шоқайдың белгісіз бір адамға жолдаған жауап хатына байланысты. Онда: “Қымбатты NN! Осы жылдың 23 қаңтарындағы сіздің қысқа жазылған хатыңыз мен үшін сюрприз болды. Маған жеткенше ондаған мемлекеттерді басып өткен хатыңызды (сондықтан да оның бағасы арта түседі) 2 мамырда алдым”, делінеді.

Бізге хаттың көшірмесі мен Н.П.Архангельскийдің хатқа аннотациясы жетіп отыр. Хаттың кімге арналғаны туралы ол былайша түсініктеме береді: “1920-1922 жылдары Түркістан Автономиясы Республикасында кеңес мектептері мен мәдени-ағарту мекемелерінде жұмыс істеп жүрген Австрия армиясынан тұтқынға түскен славяндар мен венгрлерді кездестіргенмін (олардың бәрі бірдей еліне оралмады, мысалы: Ташкентте Голянт Степан Семенович неміс тілінің, Павел Семенович Гузар география пәнінің мұғалімі болды).

Түркістан Халық Ағарту Комиссариатының Ғылыми Кеңесінде істеп жүргенімде, есімін жазып алмаппын, маған бір музыкатанушы чех келіп тұратын”. Мұнан ары қа­рай Архангельский осы чехқа Мұстафадан алғаш рет бір хат келгенін, өзі сол хаттың көшірмесін түсіріп алғанын, бірақ кімге жіберілгенін, яғни чехтың аты-жөнінің есінде қалмағанын баяндайды. “Өзім М.Шоқайды 1911-1916 жылдары Петербургте болған кезімнен білетінмін, 1911 жылы Түркістан [студенттері] жерлестігінің мен төрағасы да, ол хатшысы болды”, оны жұрт Ташкент гимназиясын 1910 жылы алтын медальмен бітірді”, дейді. Сонымен бірге Архангельский Петербургте Мұстафамен, басқа да мұсылман студенттермен жақсы қарым-қатынаста болғанын, оның көмегімен 1916 жылы Жетісудағы көтеріліс жөнінде құрылған комиссия баяндамасының тыңдалуына байланысты Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы отырысына қатынасқанын еске алады. Архангель­ский “кеңес елінің ұстамды аза-маты” ретінде көрінуге және М.Шоқаймен ешбір қарым-қатынасының жоқтығын білдіруге тырысып, хат авторына қарай “тас лақтыруды” да ұмытпайды. Сонда Мұстафаның жауап хаты кімге жіберілген? М.Шоқай Ташкенттен 1918 жылдың 12 қаңтарында кеткенін, Париждегі эмигрант­тардың тыныс-тіршілігін, П.Милюковтың “Екінші Орыс революциясының тарихы”, А.Деникиннің “Орыс бүлігінің очерктері” деген зерттеулердің, А.Толстойдың, Г.Гребеншиков сияқты жазушылардың роман, повестерінің жарық көргенін, “Последние новости”, “Современные записи”, “Русская мысль” секілді басылымдардың барлығын хабарлайды.

Егер хат, Н.П.Архангельскийдің айтуынша, музыкант чехқа жолданған болса, М.Шоқай Париж бен Берлиннің музыкалық өмірінен бір ауыз сөз жазбауы мүмкін емес. Бұл қалалардағы саяси өмір мен баспа жұмыстары жөніндегі мағлұматтар “музыкант чехты” онша қызықтыра қоймайтыны да белгілі. Жалпы алғанда, Мұстафа өзі мен хатты алушыға ортақ, таныс тақырыптарды қозғайды. Оған М.Шоқайдың “Нарбутабеков қайда, бұрынғыша Бакуде ме, әрбір шығып сөйлеген сөзінде өзіне-өзі қарсы шығып жүрген болар”, немесе “жан-жақтан хат алып тұрамын, айтпақшы, Ислам байғұс қатты ауырып қалды” деуі дәлел бола алады. Бұл жерде Мұстафа өзінің серіктес жолдастары Ташпулат Нарбутабеков пен Шах-Ислам Шагиахмедов туралы айтып отыр. Мұстафаның “NN, маған Түркістандағы баспа ісі туралы жазсаңыз… [қырғыздар туралы мәселе]. Ташкенттегі қырғыз газетін кім басқарады” деген сауалдары да “музыкант чехқа” емес, өзімен қатарлас, мұраттас адамдардың біріне арналғандығын білдіреді. Чех Түркістандағы баспа ісі, қазақтардың жағдайы, “Ақ жол” газеті жөнінде қандай тұщымды мағлұмат бере алуы мүмкін?!

Егер хат Ә.Оразаев, не У.Қожаев пен В.Чайкинге жолданса, онда М.Шоқай “сіздің қысқа жазылған хатыңыз мен үшін толық сюрприз болды” деп жазбас еді. Әдебиетте әңгіме өзегі болып отырған құпия хат П.П.Архангельскийдің өзіне арналған делінеді. Олай деп есептеуге негіз жоқ сияқты. Біріншіден, мұрағаттағы хат-тұпнұсқа емес, оның көшірмесі. Екіншіден, Н.П.Архангельский Білім комиссариатының Ғылыми Кеңесінде жұмыс істеген, кейін ұзақ жылдар мұғалім болған, яғни оны Мұстафамен идеялас болды, не большевиктерге қарсы қозғалыстарға қатысты деген тұжырым жасауға келмейді.

“Современные записи”, “Русская мысль” журналдары, олардың төңірегіне топтасқан бұрынғы Директория төрағасы Н.Д.Авксентьев немесе орыс философы, кадет партиясы жетекшілерінің бірі П.Б.Струве, орыс жазушысы Д.С.Мереж­ковский, ішкі Ресейден Түркістанға қоныс аударушылық жөнінде де Мұстафа Н.П.Архангельскиймен пікір бөлісіп жатпас еді. Сол себепті М.Шоқайға хат жазып және одан өз есімін құпиялап жауап алып отырған адамның Халел Досмұхамедов екендігі нанымдырақ көрінеді. Ал, оның жан-жақты білімді болғаны баршаға мәлім. Мұстафаның “қазақ газеті”деп отырғаны да “Ақ жол” газеті екендігі аян. Ол Париждегі өмірдің қымбатшылығы, әйелімен бірге жұмыс істегеннің өзінде күнкөріс тапшылығын тартып отырғандары, 1922 жылдың сәуір айында Берлинде болғаны, достарының сонда тұруға шақырып жүргені, бірақ Парижден басқа жаққа кетпейтіні жөнінде сыр шертеді.

Осыдан кейін Х.Досмұхамедов қандай әрекет жасауы мүмкін? Өзбек ғалымы М.Абдурашидхонов “Тангланган асарлар” кітабында осыған байланысты бір қызықты мағлұмат келтіреді. Ол – Мүнәуар Қаридың ОГПУ тергеушілеріне берген жауабы: “1924 жыл болса керек. Убайдолла Қожа мен И.Қашқынбаев, Х.Досмұхамедов ресторанда отырдық. Түскі ас іштік. Бұл есімде. Бірақ қай ресторанда екені дәл есімде жоқ. Алдымызда ішімдік те бар еді. Әңгіме арасында қазақ және өзбек (Шоқаев, Садреддин-хан) эмигранттары туралы сөз қылдық. Осы күнге шейін оларға жәрдем бермегенімізді еске алып, өзімізді, яғни қазақ және өзбек зиялыларын кінәладық. Қазақ зиялылары Шоқаевқа, өзбек зиялылары Садреддин-ханға жәрдем беруі керек деген пікірге келгеніміз де есімде. Басқа нәрселер есімде жоқ”. Мұнан Х.Досмұхамедовтың М.Шоқайдың шетелдегі тұрмыс жағдайын жақсы білетіндігі және қазақ зиялыларының оған материалдық көмек беру ісін ұйымдастыруды өз қолына алғандығы жайында түйін жасауға болады.

Олай болса, Н.П.Архангельскийдің 1922 жылы Халелге келген хаттың көшірмесін кезінде бір себептермен алып қалып, оны 1972 жылы (сексенге шыққан жасында) түсіндірмесімен қоса мұрағатқа тапсыруы қисынға соғады. Халелдің ол кезеңде әлі ақталмауы себепті Архангельский “музыкант чех” туралы ертегіге жүгінген.

Бұл пікірді Х.Досмұхамедовтің 1919 жылы М.Шоқай мен оның әйелін Кавказ бағытында шығарып салуымен, В.Чайкиннің хаттарына қарағанда, 1921-1922 жылдары Мұстафа тағдырына қатысты мәселелермен айналысуымен, мекен-жайы жөніндегі мағлұматты да В.Чайкин, не У.Қожаев пен Ә.Оразаевтан алуы мүмкіндігімен тиянақтауға болады.

Сол кезеңде ОГПУ органдарында Х.Досмұхамедовтің М.Шоқаймен Германияда оқып жүрген түркістандық студенттер арқылы хабарласып тұрғандығы жайлы материалдар жинастырылады. Мағжанның Ташкенттегі ғылыми-педагогикалық қызметіне, онан кейін Мәскеудегі Жоғары көркем әдебиет институтына оқуға түсуіне тікелей жәрдем беруі, мектеп оқулықтарын жазу үшін Білім комиссариатында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Қожанов, М.Әуезов және басқа да қазақ зиялыларын шоғырландыруы Х.Досмұхамедовтің М.Шоқаймен ынтымақтастық қозғалысынан тыс тұрмағанын көрсетеді. Ал, оның Қазақстан бойынша ОГПУ бастығының орынбасары Альшанскийге М.Шоқаймен ешбір байланысының жоқтығын айтуы түсінікті нәрсе. Дегенмен NN мен Мұстафа арасындағы байланыстың мұнан ары қарай қалай өрбігендігі жөніндегі деректің жоқтығы бұл мәселеге түпкілікті жауап беруге мүмкіндік бермейді. Қалай болғанда да Мұстафа бұрын таныс, ниеттес адамнан хат алып, оған жауап хатында өз ойларымен бөліседі. Бірақ Ташкенттен 23 қаңтарда жіберілген хаттың Париждегі Мұстафаға 2 мамырда ғана кешігіп жетуі жұмбақ көрінеді. Асылы, хат Түркияға, не батыс елдерінің біріне бара жатқан “сенімді адам” арқылы жіберілсе керек.

М.Шоқайдың елдегі таныстарымен, ұлттық қайраткерлермен байланыстар орнату жұмыстарына Түркістаннан Германияға оқуға барған жастар үлкен көмек береді. Бұлардың ішінен Ғазымбек Бірімжанов пен Мұстафа Бөкейхановты ерекше атауымыз керек. Жоғары білімді оларға Германияға бара жатқан талапкерлер құрамына арнайы енгізіліп, Кеңес өкіметіне қарсы ішкі және сыртқы күштер арасында байланыс орнату жөнінде қауіпті де жауапты міндеттер жүктеледі. Олар М.Шоқайды елдегі жағдаймен, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Мүнәуар Қари, У.Қожаев, С.Қожановты “Түркістан ұлттық Бірлігі” ұйымының қызметімен таныстырады.

Ғ.Бірімжанов Германияға барған бойда С.Қожановқа хат жолдап: “Мұстафа өте нашар тұрады, студент-практиканттар оған көмектескісі келеді, бірақ ол одан бас тартты және “бұл ақша өздеріңе керек болады, өйткені алда көп істер күтіп тұр” дегенді айтты”, деп хабарлайды. Ғазымбектің Алаш қозғалысының танымал қайраткер екендігі бұрыннан-ақ белгілі болатын. С.Сейфуллиннің 1937 жылы өзінің Н.Төреқұловпен қарым-қатынасы жөнінде Л.Мирзоянға жазған хатында: “Әзімбек Бірімжанов Бөкейхановпен бірге атышулы Алашорда үндеуіне қол қойған Алаш партиясы орталық комитетінің белгілі мүшесі болған”, дейді.

Ғ.Бірімжанов Алаш басшыларының бірнеше жауапты тапсырмаларын орындайды. 1929 жылдың 1 шілдесінде Алматыда Ә.Байділдин ОГПУ өкілдігі шығыс бөлімінің бастығына берген жауабында 1922 жылы Ә.Бөкейхановтың Ғ.Бірімжановқа ол арқылы жабық хат жібергенін, оның ойынша, хатта Кеңес өкіметіне қарсылық әрекеттерді ұйымдастыру туралы айтылғанын көрсетеді. Мұстафа студенттер жеткізген баспасөзден Орынборда 1924 жылдың 12-18 маусымында қазақ және қырғыз интеллигенциясының бірінші съезі өткендігін, ол жөнінде А.Байтұрсыновтың Ғазымбек Бірімжанов арқылы жіберген хатынан да хабардар болады. Съезге Ә.Бөкейханов, Н.Төреқұлов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, қырғыз қайраткері К.Арабаев қатысады. А.Байтұрсыновтың қысқа қайырылған хатында: “Барлықтарыңа бәрімізден сәлем” делінеді.

А.З.Валиди “бұл бізге жеткен бірінші сәлем хат еді” дейді, бірақ ол М.Шоқайдың оған дейін де Түркістанмен астыртын түрде хабарласып тұратынын білмейтін. Германиядағы түркістандық студенттерді бақылауға алған кеңес елшілігінің хабарларында Ғ.Бірімжановпен бірге Лапин Мұңайтпасовтың есімі де аталады және ол С.Қожановтың “қайнысы” деп көрсетіледі. Әңгіме Лапин Мұңайтпастың баласы Әбдірахман (Лапинның немересі) туралы екендігі, ал оның С.Қожановқа “балдыз” болып келетіндігі, Сұлтанбектің ол арқылы М.Шоқайдың амандық-саулығын біліп тұрғандығы мәлім. Әбдірахман 1920 жылы Түркістанда Сыр бойындағы жалайыр Садық Өтегеновтің қызы Сараға үйленеді. Айналып келгенде, бұлардың барлығы да (Қ.Қожықов, С.Өтегенов, С.Асфендияров, Лапиндер) М.Шоқаймен көптен бері таныс адамдар болатын. Әбдірахман – Орта Азия мемлекеттік университетінің тұңғыш түлегі, ол бұл оқу орнын Ғ.Бірімжанов, Ес­кендір Мангелдин, Мұстафа Бөкейханов, Сүлеймен Есқараевтармен бірге бітіреді.

Қазақ зиялылары М.Шоқаймен шет елдерге іссапарлармен барған сенімді адамдар арқылы да хабарласып отырады. Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижде болған кезінде М.Шоқаймен кездесуі және осыған байланысты оның ОГПУ-де жауапқа алынуы оқырмандарға жақсы мәлім. Бірақ соның алдында Әміренің Мәскеуде Ә.Бөкейхановпен кездесуі жөнінде айтыла бермейді. 1925 жылдың 23 маусымында Ә.Бөкейханов А.Байтұрсыновқа хат жолдап, онда Парижге жүрер алдында Әміренің ән мәтініне, ұлттық киім киюіне мән беру жөнінде пікірін айтады, дауысына қоштау білдіреді.

Ә.Қашаубаев 1927 жылдың мамырында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық музыкалық көрмеде ұйымдастырылған этнографиялық концертке де қатысады.

Атақты әншінің осы сапарларында Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың М.Шоқайға хат-хабар жолдамауы мүмкін емес, Парижден оралған бойда Ә.Қашау­баев Қызылордада болып, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовқа М.Шоқайдың сәлемін жеткізеді. Қазақ зиялыларының Париждегі жолдастарының тағдыр-талайына үлкен алаңдаушылық білдіргеніне 2007 жылдың мамыр айында Наршоқы мен “1 мамыр” ауылында Мұстафаның ұрпақтарымен сөйлескен кезімізде де көзіміз жетті. Мұстафаның немере ағасы Әліштің (Әлмұхамед) қыстауы кезінде Наршоқыда болғанымен, күздеуі қазіргі “1 мамыр” ауылындағы Ғани ақсақалдың қазіргі үйі маңайында өткізеді. Ол жерден жарты шақырымдай жерде Әліштің кірпіштен салған үйі болады. Онда Мұстафаның інісі Нұртаза, кейін Палымбеттің ұлы Кенжеғұл түрады. Мұны Қалымбетов Ойдан Кенжеғұлұлы да растайды. Ғани мен Ойдан ақсақалдардың айтуынша, 1927 жылғы күз айларының бірінде марқұм Әліштің үйіне Мұстафаның хабарын білгелі М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов келеді, шай ішіліп болғаннан кейін Палымбетұлы Кенжеғұлды, Нұртаза Шоқайды ертіп олар көлге құс атуға барады.

Сұхбаттасушылар қазақ зиялыларының мұнан бұрын Наршоқыдағы Әліш тамында болғандарын, онда да Мұстафаның аман-саулығын сұрастырғанын айтады. Қызылордаға барған кезінде Нұртазаға Ұ.Құлымбетовтің заман ағымынан хабар бергендей болып: “Мен барда сендерге көп зәбірлік көрсетіле қоймас, ал бізден соң қайдан білейін”, деген ескертуі де ел аузында. Бұл жағдайлардан қазақ зиялыларының қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне іштарта, сыйластықпен қарағаны, “өкпеге қиса да, өлімге қимағаны”, олардың Кеңес өкіметі жағында жүргендері де Мұстафаға ілтипат көрсеткені байқалады. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов пен М.Жұмабаевтың Мұстафаның туыстарына іздеп баруы көзсіз ерліктің белгісі еді.

Біраз үзілістерден кейін Мұстафаға Искандер Көпжасаров байланысқа шығады. 1930 жылдың 26 ақпанында Мұстафаға жолдаған құпия хатында Искандер хабарласа алмауының себептерінің мән-жайын білдіреді. Хатта оның бұрынғы кезде Түркістандағы ұлттық ұйымдардың бірінде жұмыс істегені анық көрінеді. Кейін біраз жылдар Герман-Ауған сауда компаниясында жұмыс істейді. Ол жаққа бой тасалап кеткені, әлде Кеңес өкіметінің қуғындауына ұшырап, Түркістаннан қол үзуге мәжбүр болғаны белгісіздеу. Тек автор былай деп хабарлайды: “Көптеген астыртын ұйымдар мен “үйірмелердің” тарихынан барлық жағдайда да жұмысты дұрыс бағыттауға қажетті амал-айла табылатынын жақсы білеміз. Қазіргі кезде мұнда (КСРО-да) ондай мүмкіндіктерді білмейсің, тіпті, ол жөнінде ойламайсың да. Тек осы жолы ғана сізге Ауғанстан арқылы кетіп бара жатқан Герман-Ауған сауда компаниясындағы қызметтесімнен хат жолдауға жағдай туды. Бір-екі ауыз сөз өзім жөнінде. Көп жылдар бойы Отанымыздың игілігін бәрінен қымбат көретін үйірмеден қол үзіп қалдым, енді қалай, кіммен байланысуды білмеймін. Сіздің Түркістанға шексіз сүйіспеншілігіңіз және ол үшін қанша құрбандыққа барғаныңызды жақсы білетін мені де есіңізге алыңыз”.

Искандердің “үйірме” деп отырғаны “Шуро-и-Исламия” ұйымы, не болмаса Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі болуы тиіс. Хат мәтінінен оның рухының жасымағандығы, күресті жалғастыруға әзірлігі аңғарылады. Ол саяси сауаты мол, қазақ зиялыларымен қарым-қатынаста болған, елдегі оқиғаларға өз көзқарасы бар тұлға ретінде байқалады. “Аса құрметті Мұстафа аға! Қазіргі уақыттағы жағдай тұрандыққа лайықты жұмыс жасау түгілі, біреумен өз ойыңмен бөлісіп кеңесуге де мүмкіндік бермейді”, деп елдегі ахуалға дәлме-дәл баға береді.

Искандер мұсылман зиялыларының тағдыр-талайынан да жақсы хабардар. Оның мағлұматтары бойынша: М.Тынышпаев Қазақстанға көшіп кеткен, егер “теміржол инженері” деген мамандығы болмағанда ол да шеттетіліп қалатын еді; Дүсей Ибрагимов та Қазақстанда, “ұзынқұлақ” хабарларда адвокатурамен астыртын айналысатын көрінеді; Ташпұлат Нарбутабеков Файзолла да (Қожаев. – К.Е.) кеңесші-заңгер болып қызмет істейді; ол 1925 жылы БК (б)П қатарына өтпекші болған, бірақ Файзолланың кепілдігіне қарамастан, одан ештеңе шықпаған. Искандер “соңғы кезде Орта Азия бойынша мұсылман зиялыларының жаппай қамауға алынып жатқанын”, оның ұзын саны 600-ге жеткенін, Ташкенттің 1000-ға таман адамның ұсталғанын хабарлайды. Яғни, Искандер “Түркістан – нағыз өлім дәлізі” деген В.Чайкиннің сегіз жыл бұрынғы хатында айтылған метафораға жаңа нақтылы дәлелдер келтіреді.

М.Шоқай Кеңес өкіметінің ұлт зиялыларын қуғындау саясатын әшкерелеп, “Яш Туркістан”, “Последние новости”, “Дни” т.б. басылымдарда сан алуан мақалалар жариялайды. Ол қазақ халқының бостандығы үшін, үкіметтің қоныс аудару сая­сатына қарсы күрескен, 1916 жылы жұмысшы-қазақтардың соңынан өз еркімен майданға аттанған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновты және олардың жақтастарын “халықаралық империализмнің малайлары деп отырған” большевиктердің суайттығы мен жалақорлығын, зұлмат жылдары “қазақтардың иттің етін жеуге дейін барған кезінде” (А.Байтұрсынов) үкіметтің олардан шошқа етін тапсыруды талап еткенін, қазақтарға шынайы көмек көрсетуді алаш азаматтары ғана ұйымдас­тырғанын жас ұрпақтың әрқашан есте ұстағандары абзал деп көрсетеді “Бө­кейханов пен Байтұрсыновты қазақ халқының жауы санау – тек қана қылмыскер фанатиктер мен жылы орын іздегендердің бастарына келетін топас та пасық ой”, дейді Мұстафа. Оларды ұлт зиялыларының көшбасшылары, ұлы тұлғалар ретінде сан рет еске алады. Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов – “атамекенімізді қара түнектен алып шығу жолында ұмытылыс қызметтер көрсеткен қайраткерлер” дейді.

М.Шоқай Алаш идеяларын алға жылжытып, әлемдік деңгейге көтерді. Ол бір сәт те Түркістан халықтарының азаттыққа қол жеткізетініне күдіктеніп көрген емес. Қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен халықтарының ұлттық автономия емес, дербес мемлекет үшін күресуі керектігі туралы идеяны тұңғыш ұсынып, қозғалыстың түпкі мақсаты, әдістері, жаулары мен одақтастары жөніндегі қағиданы негіздеп берді. Кеңес Одағындағы Алаш жетекшілері қазақ халқына Ресей Федерациясы құрамында өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беретін автономия берілуі үшін күрескен еді. Бұл идеяны кезінде М.Шоқайдың өзі де жақтады. Алаш автономиясының, Түркістан Мұхтариятының күшпен таратылуы, “орыс демократиясына” одақтас ретінде қарап, үміт артуға болмайтындығы, ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің қуғындауға түсуі Ресеймен федерациялық, не басқа сипаттағы бір мемлекет құрамында тең құқылы өмір сүруге болмайтындығын көрсетіп береді. Осыған байланысты М.Шоқай 1923 жылдың көктемінде Парижде Еуропа елдерінің мемлекет, қоғам қай­раткерлері мен журналистері қатысқан конференцияда баяндама жасап, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының алдында тұрған бірден-бір мақсат толық тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекет құру деп мәлімдейді. Сол бойда баяндама мәтіні Париждегі “Orіeent et Occіdent” журналында жарияланып, жұртшылық назарына ұсынылады.

М.Шоқайдың бұрынғы автономия туралы идеядан толық тәуелсіздік идеясына көшуі жалғыз түркістандықтар үшін ғана емес, бүкіл әзірбайжан, украин, грузин, татар-башқұрт ұлттық қозғалыстары үшін аса маңызды факторға айналады. Мақала бүкіл Еуропа жұртшылығының қоғамдық ой-пікіріне әсер етеді.

Эмигранттық баспасөз беттерінде М.Шоқайдың бұл ұстанымы елдегі Алаш және Түркістан қайраткерлерімен келісілген деген мағлұмат та ұшырасады. Мұстафа егеменді ел болғаннан кейінгі уақытта түркістандықтардың (қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз халықтарын айтады – К.Е.) өмірін қалай ұйымдастыру қажеттігі жөнінде аса құнды ой-пікірлерін, тұжырымдарын қалдырды. Олар: түркістандықтардың өзінің өмір сүру кеңістігін, жер-суын, байлығын, халқының этностық бірлігін, тыныштығын сақтау, жастарының ұлттық тәрбие алуын қамтамасыз етуі, т.б. мәселелер. Мұстафа қазақ тілінің орыстандыру саясатындағы басты нысандардың бірі болып отырғанына үнемі үлкен абыржушылық танытып кетті. Бірақ ол тәуелсіз Түркістанның томаға-тұйық өмір сүруін емес, әлем елдерінің барлығымен қарым-қатынаста болуын, көпвекторлы саясат ұстануын қалады. “Менің білуімше, деп жазады А.Я.Шульгин, алдына қойған мақсатын орындап, азат Түркістанға басшылық ету жазғанда М.Шоқай Ататүрік ізімен жүретін еді, бірақ оған түгелдей еліктемес те еді”. Ол азат Түркістан өзінің ұлттық кескін-келбетін сақтай отырып, басқа мемлекеттермен бәсекелестікке қабілетті болу үшін батыс елдерінен көп нәрселерді үйренуі тиіс деп ойлады.

М.Шоқайдың бұл тұжырымы бүгінгі күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосылу саясатымен өзектес келеді. Жаһандану заманында халқымыздың ұлттық кескін-қабілетін, этникалық бірегейлігін, тілі мен ділін сақтап қалу да – қазіргі күрделі проблема. Большевиктік жүйе тарих сахнасынан кетіп, әр ұлт өз үйі ішінде өзі қожа болғаннан кейінгі уақыттағы мемлекетаралық қатынастар жөнінде айта келіп, Мұстафа тәуелсіз Түркістанның бұрынғы метрополия – Ресеймен өзара достық байланыста болуы геосаяси жағдайдан туындайтын міндет дейді. Автократиялық, демократиялық, не басқа сипатты Ресеймен қарым-қатынаста болу қажеттігін, бірақ оның өзара тиім­ділікке негізделуін, “жауапсыз достықтың зиянды” екендігін ескертеді.

Мұстафа мемлекетаралық қатынаста “мәңгілік дос”, “мәңгілік жау” деген түсініктер жоқ, мемлекетте тек мәңгілік мүдде ғана болады дейді. М.Шоқайдың біртұтас Түркістан туралы ой-пікірлерінің де Н.Ә.Назарбаевтың Орталық Азия одағын құру идеясымен сабақтастығы ерекше назар аудартады. Сөйтіп, Мұстафаның шығармашылық мұрасының заманауилық әлеуетін көрсетеді. Екі тұлғаның да ұсыныстарының өзегі Орталық Азия аймағындағы елдер арасындағы интеграциялық процестерді күшейтуге бағытталған. Қазіргі уақыттағы ғаламдану заманында, оның жойқын күштеріне саяси, мәдени және экономикалық тұрғыдан бәсекелес бола алатын мемлекет қана қарсы тұрып, өзін ассимиляциялауға ұшыратпай, тарих сахнасында қала алады. Орта Азия республикаларының бірлесу процесін жеделдету жөніндегі пікірлер осы алаңдаушылықтан, кішігірім елдердің түптің-түбінде алпауыт мемлекеттерге тәуелді болып қалатыны жөніндегі болжамынан туындап отырғаны мәлім. Соңғы кездегі халықаралық оқиғалар бұл идеяның өміршеңдігін тағы бір рет көрсетіп берді.

Мұстафа Еуропа өркениетінің көкжиегін көлегейлеп тұрған елдермен достастық қарым-қатынаста болудың, әсіресе, Грузия мен Украинаның Түркістанның тәуелсіздігі үшін маңыздылығын есте сақтауды өсиет етеді. Ал әзірбайжандарға етене жақын бауырлас түркі халқы ретінде қарайды. 1934 жылы 28 мамырда Әзірбайжанның тәуелсіздік күніне байланысты түркі халықтарының одағы туралы Мұстафа жүрек тебірентерлік сөз сөйлейді. Оның Каспий теңізінің түркістандықтар­ды бөлмейтіні, қайта біріктіретіні туралы пайымдаулары бүгінгі күні де өзекті. “Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын, Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін. Бірақ халық оған өз жүрегінен ескерткіш орнататынына кәміл сенемін”, деген болатын А.Я.Шульгин 1942 жылы.

Бүгінгі күні Мұстафа халық жадында да, жүрегінде де берік орын тепті. Оның маңдайына кез-келген тұлға ие бола бермейтін бақыт – өз халқымен үндес, тағдырлас болу жазылды. Мұстафаның қайраткерлік болмысын, ұланғайыр мұрасын, бүгінгі күнмен өзектесіп жатқан ой-тұжырымдарын зерттеу, насихаттау, ұлықтау еліміздің егемендігін баянды етуге, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қызмет етеді.

Авторы: Көшім ЕСМАҒАМБЕТ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор.
Тағы рефераттар