Бірінші дүниежүзілік соғыста Италия үкіметі бұлтақ саясат ұстап, 1915 жылы бұрынғы өзінің одақтастарына қарсы, яғни Үштік Одаққа қарсы Антанта жағында соғысты. Сол кездегі Италия мемлекетінің жай-күйі әскеріне ықпал етпей қоймады. Уақыт талабына сай дайындалмай соғысқа кірген итальян әскері майдан даласында бір жеңілістен екінші жеңіліске ұшырады да, соғысқа елеулі үлес қоса алмады. Оның дәрменсіздігін Антанта елдері елемей қойған жоқ. Осылайша Италия үкіметінің Антанта елдеріне сүйене отырып, үлкен территорияны иемдену, халықаралық позициясын нығайту мақсаты орындалмады. Ұзақ соғыс Италияны қанға бөктірді. Антанта елдері Италияны өзіне тең санаған жоқ. Италияға Трентино (Оңтүстік Тироль), Истрия, Триест жері ғана берілді. Аз ғана жерге ие болды, мүддесі орындалмады. Италия «жеңгендердің ішінде жеңілген мемлекет» болып қала берді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Италияға оңай тиген жоқ. 700 мыңдай итальяндықтар соғыс даласында қаза тапты. Соғыс шығыны — 46 млрд. лир, мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігінің 80%. Сыртқы қарыз 19 млрд. лирге өсті. Шикізат пен жанармайға валютаның жетіспеуі өнеркәсіп өндірісін күрт кемітті. Егістік қысқарды, өнім шықпады, мал басы кеміді. Финанс бұзылды, инфляция күшейді. Жұмыссыздық жайлап, халықтың жағдайы тым нашарлап кетті.[16]
Елдегі жағдайдың қиындығымен қатар, Италияның Англия, АҚШ, Франциямен порт Фиуме (Риску) мен Далмацияны бермегені үшін арақатынасы күрделенді. Италияның славян халқы орналасқан территорияға көз тігуі жаңадан құрылған Серб-хорват-словен корольдігімен қатынасын шиеленістірді.
1919 жылдың басына қарай соғыстың аяқталғанына қарамай елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайының еш өзгермеуі, оның үстіне соғыстан қайтқан солдаттардың жұмыссыздықты одан сайын көбейтуі, қымбатшылық қалың көпшіліктің басқарушы топтың саясатына наразылығын тудырды. 1919 ж. 1555 мың адам қатысқан 1871 ереуіл болып өтті. Елде жұмысшының, шаруаның ұсақ буржуазияның, алдыңғы топтың қарсылығы елдің экономикасы мен саяси өмірінде түбегейлі өзгеріс жүргізуді қажет етті.
1919 жылдың басынан бастап, Италияның басқарушы тобының арасында бірлік болған жоқ. Буржуазиялық диктатура жүйесінде дағдарыс туды, мемлекеттің өкімет органдары бұзылды. Әскер мен полиция елдегі наразылықты баса алатын күш болудан қалған еді. Осы жағдайда басқарушы топтың бір бөлігі социалистік партия, әлеуметтік базасы бәсекеге түсе алатын буржуазиялық партия құруға ұмтылды. Осы мақсатта 1919 жылдың қаңтарында Халық партиясы құрылды. Оның бағдарламасы: помещик иеліктерін сату арқылы шаруаларға бөліп беру; буржуазиялық-демократиялық реформа жүргізу т.б.
Ал басқарушы топтың екінші бөлігі наразылықты күшпен, зорлықпен басуды ойластырды. Реакциялық ұлтшыл қайраткерлер жұмысшы ұйымдарымен күресетін арнайы бандалар ұйымдастырды. Соғыс кезінде социалистік партиядан шығарылып жіберген Бенито Муссолини «күрескер топтар», ал жазушы Габриэле Д’Аннунцио легионердердің қарулы отрядтарын құрды. Оларды ірі өнеркәсіп иелері қаржыландырды. Олар 15 сәуір 1919 жылы Муссолини отряды социалистік газет «Аванти» («Алға») редакциясына террорлық шабуыл жасады.[17]
Италия басқарушы топтары халықаралық саясатта да бірауызды болмады. Екі лагерь қалыптасты: бірі ашық агрессорлық, жаулап алушылық саясат; екіншісі соғыстың авантюра саясатының салдарынан сескенген ымырашыл саясат.
Агрессорлық лагерьді ұлттық партия мен оңшыл либералдар басқарды. Лидерлерінің бірі – Соннино, кезінде сыртқы істер министрі болған. Париж бейбіт конференциясында премьер-министр Орландо мен Соннино Италияға негізінен славян халықтары мекендеген Адриат жағалауынан территория беруді, Италияның Албанияға протекторат орнатуын, Измир мәселесін шешуді, Орталық және Солтүстік-Шығыс Африкадан отар жер талап еткен болатын. Муссолини «Пополо д Италия» (Италия халқы) газетінің бетінде Италия зор территорияға ие болуы керек дегенді насихаттады.
Солшыл либералдар (Нитти, Джолитти) Серб-хорват-словен корольдігімен Истрия, Фиуме мәселесі бойынша келісімге келуге шақырды, Далмацияны аннексиялауға қарсы шықты.
Париж конференциясында Италияның аннексиялық жоспарының жүзеге аспауы және осыған байланысты батыстық одақтастармен туған қақтығыс Орландо үкіметінің беделін кетірді де, ол 1919 жылы маусымда отставкаға кетуге мәжбүр болды. Нитти бастаған жаңа кабинет Грециямен кұпия келісім жасасты. Ол бойынша Италия Измирге көз тігуін тоқтатып, Фиуме, Далмация мәселесі бойынша қанша талпынса да келісімге келе алмады.
Нитти үкіметі халықтың қысымымен Кеңестік Ресейге деген саясатын өзгертті. Итальян әскері Ресейден қайтарылды. Нитти үкіметінің ымырашыл сыртқы саясаты ұлтшылдар мен фашистердің ашу-ызасын тудырды. Ұлтшылдар «Фиуме немесе өлім!» деген ұран көтерді. 12 қыркүйек 1919 жылы Д’Аннунцио өзінің «легионерлер» отрядымен Фиумені басып алды. Итальян генералы басқарған одақтастардың оккупациялық әскері ешқандай қарсылық көрсетпеді. Фиумеде Д’Аннунцио “республика” жариялады. 16 қараша 1919 жылы парламенттік сайлау өткізілді. Пропорционалдық
жүйе негізінде жүргізілген сайлау социалистік партияға зор жеңіс әкелді (5,6 млн. дауыстың 1840 мыңын жинаған), 156 мандаттық орынды иемденді. Оңдаған жылдар бойы билік басында болған либералдар жеңіліс тапты. Екінші орынды Халық партиясы алды (1200 мың дауыс, 100 мандат). Алғаш рет сайлау күресіне қатысып, халықтың арасында әр түрлі уәделер бергенімен ол толық жеңіліс тапты.[18]
Дегенмен парламенттік сайлау аяқталса да саяси күрес тоқтамады, өрши түсті. 1920 жылы сәуірде кәсіпкерлердің фабрика-завод кеңестерін құқықтарын шектеуге тырысқан кәсіпкерлердің әрекетіне қарсы Туринде жалпы ереуіл болып өтті. Турин жұмысшыларының күресін солшыл социалистер Грамши, Тольятти басқарды. Турин металлистерінің ереуілін Пьемонттың бүкіл жұмысшылары қолдады. Бірақ он бір күн табандылық көрсеткен ереуіл Жалпы еңбек конференцияның реформистік лидерлерінің әрекеттерінен тоқтап қалды. 1920 жылы тамызда металлист-жұмысшылар жалақыны көбейтуді талап етті. Кәсіпкерлер қарсылық білдірді. Бұл Италия фабрика завод жұмысшыларының үлкен бас көтеруіне түрткі болды. Жұмысшы қозғалысы көп ұзамай-ақ Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Италияны жайлады. Революциялық дағдарыс жалпыұлттық сипатқа ие болды.
Қозғалыстың кең етек алуы буржуазияға үрей туғызды. 1920 жылдың маусымында өкімет басына келген Джолитти үкіметі мен кәсіпкерлер қарулы күш қолдануға батылы жетпей, кәсіпорындарда жұмысшы бақылауын енгізу, жалақыны 10-20% көбейту туралы уәде берді. Жалпы еңбек конфедерациясының Д’Арагон бастаған реформистері бұл уәделерді жұмысшылардың үлкен жеңісі деп түсіндіріп, буржуазияның Италия тарихындағы жүмысшылардың наразылығын басып тастауға көмектесті. Халықтың қозғалысынан үрейленген социалистік партияның басшылығы қозғалысты басқаруға дәрменсіз болды және Джолитти мен Д’Арагонның келіскендігін де ашып көрсетпеді. Халық алданды, қымбатшылық өсті, жұмыссыздық көбейді.
1920 жылдың күзінде Джолитти үкіметі Серб-хорват-словен корольдігімен даулы мәселелерді уақытша реттеді. 1920 жылдың 12-қарашасындағы Раполль бітімі Фиуме өзінің маңайындағы жерлерімен «Фиуме ерікті мемлекетіне» айналуы керек деп көрсетті. Италия Далмациядан Царь портын, Адриат теңізінен бірнеше аралдарды иемденді. Д’Аннунцио Фиум жөніндегі келісімді мойындамады, тек итальян үкімет әскері бомбылайтын болған соң ғана оны тастауға мәжбүр болды. Он алты ай өмір сүрген Д’Аннунцио «республикасы» өзінің өмір сүруін тоқтатты.
Тағы рефераттар
- Ақтөбе облысының инвестициялық қызметі
- Халықаралық аудит стандарттары курстық жұмыс
- Темперамент жөнінде түсінік
- ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы қазақстандағы ұлттық білім берудің мазмұны мен түрі туралы пікірталастар
- Күкірт қышқылы өндірісінің шикізаты