Әлеуметтік даму үдерістері жолындағы Қазақстан туралы қазақша реферат
Кеңес Одағындағы экономика, әлеуметтік-құрылымдық, қоғамдық және саяси салаларындағы жүйелік дезинтеграция үрдістері 1991 жылғы 26 желтоқсанда КСРО-ның ыдырауына алып келді. КСРО-ның ыдырауы оның құрамында болған 15 республиканың тәуелсіз мемлекеттерге айналуына және олардың әлемдік саяси аренада өздерінің дербес мемлекеттер ретінде дамуына алып келді. Бүкіл 1991 жыл Қазақстанның өз Тәуелсіздігін алуына алдын-ала жағдай жасаған оқиғаларға толы болды.
1991 жылы Жоғарғы Кеңестің шешімімен сайланған президенттің қызмет орны тағайындалды. Жоғарғы Кеңестің Төрағасы және Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы болған Н. Назарбаев тұңғыш Президент болып сайланды.1991 жылғы 16 қазанда мемлекет басшысы Қазақ КСР-ның Президентін сайлау туралы Заңға қол қойды және сол бойынша алғашқы рет ел көшбасшысын бүкілхалықтық сайлау жүзеге асты.
1991 жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет Қазақ КСР-ның Президентін бүкілхалықтық сайлау өтті. Жоғарғы Кеңес республикадағы барлық партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың, көпұлтты халықтың елеулі бөлігінен қолдау тапқан тек бір ғана Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Сол уақыттан бастап 20 жыл бойы Н.Ә. Назарбаев мемлекетіміздің дара көшбасшысы болып табылады[7].
Қазақ КСР-інің 1991 жылғы 10 желтоқсандағы заңымен Қазақстан Республикасы болып қайта аталуына байланысты аталған құжат «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» деген жаңа атауға ие болды.
Қазіргі кезде Декларацияны бағалауда екі ұстаным орын алып отыр. Біреулер: ол Қазақстанның мемлекеттік құрылысына қандай да болсын елеулі өзгерістер енгізген жоқ, сондықтан тәуелсіз және социалистік емес мемлекет идеялары баяндалған акт болып есептеле алмайды деп пайымдайды. Екінші біреулері Декларация тәуелсіздікті және мемлекет дамуының социалистік емес жолының бастауын қалады. Құжатта социалистік федеративтік мемлекеттің принципін, ұйымдастырылу тәртібі мен қызметін теріске шығарған ережелер баяндалған және ол бұрын орын алмаған тың жаңалықтарды ұсынды деп есептейді.
1992 жылы каңтарда Қазақстан өзінің тұңғыш алтынын шығарып, мемлекеттің алтын қорын жинауды бастады[8].
Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен 1992 жылғы қаңтарда Ішкі істер әскері құрылды. Армия қатарына шақырылған жастар Қазақстан аумағында әскери борышын өтеу мүмкіндігіне ие болды. Бұрын, ұзақ жылдар бойы «эксаумақтық» қағида бойынша әскерге шақырылғандар туған жерінен неғұрлым алыс аумақтарда қызмет етуге тиіс болатын. 1992 жылы тамызда Республика Президенті әскери қызметшілер үшін әскери анттың жаңа мәтінін бекітті.
Қазақстан Республикасының қоғамдық өміріндегі өзгерістерге тоқталсақ, 1992 жылы қыркүйек-қазан айларында Алматыда дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті. Әлемнің 13 елінен келген отандастарымыз қатарында үлкен қазақ диаспорасы бар Өзбекстан (870 мың) мен Ресейден (660 мың) келушілер көп болды. Барлық қатысушылар саны 800 адам болды. Құрылтайда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 26 маусымда қабылдаған «Көшіп келу туралы” Заң негізінде қандастарымыздың елге оралуына мүмкіндік жасалғаны айтылды. Дүние жүзі қазақтарының құрылтайына қатысушылардың Қазақ халқына Үндеуі жарияланды. Онда: 30 қыркүйек – Ұлттық бірлік күні деп аталды. – Бүкіл әлемдегі отандастарымызды Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік, мәдени-интеллектуалдық мүмкіншілігін молайтуға, бар қабілеті мен еңбегін туған ел игілігіне жұмсауға шақырды[9].
2002 жылғы 23 қазанда Түркістанда дүние жүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Оған 400-ге жуық адам қатысты. Бұл құрылтайда оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды. 2003 жылы 5 мың отбасы, 2004 жылы 10 мың отбасы, 2005 жылы 15 мың отбасы елге көшіп келді, жылына 50-60 мың оралман оралады. 1993 жылы 17 желтоқсанда Қазақтардың дүние жүзілік қауымдастығының тұсау кесер салтанаты болды. Сол жылдың өзінде-ақ Қазақстанға Монғолиядан, Түркиядан, Ираннан және ТМД елдерінен 7,5 мың қазақ отбасы көшіп келді.
1992 жылғы 14 желтоқсанда Алматыда Қазақстан халықтарының тұңғыш форумы өткізілді.
1993 жылдың соңы Қазақстанда Кеңестердің жаппай өзін-өзі таратуымен де есте қалды. Кеңестер көп жылдар бойы КОКП-ның өз билігін жүзеге асыруға пайдаланған шымылдық-пердесі болды. КОКП тарап, басқару жүйесі негізінен аудандық, қалалық, облыстық әкімшіліктер болып құрылған соң, Кеңестер өздерінің бұрынғы мазмұнынан айырылды. Көптеген Кеңестерде айтарлықтай елеулі жұмыстар жүргізілмеді, сан мыңдаған депутаттар корпусы немен айналысуын білмеді. Сондықтан «Кеңестерге не істеу керек?» деген сұрақ қоғамның кең топтарының арасында айтыс-тартыс нысанына айналды. Кеңестердің өзін-өзі тарату идеясы туындады.
1993 жылдың соңында Қазақстанда 4 саяси партия тіркелді. Олар – Социалистік партия, Қазақстанның республикалық партиясы, «Қазақстанның халық Конгресі” және Коммунистік партия. Қоғамдық қозғалыстардан – ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей”, азаматтық «Азат” және «Қазақстанның халық бірлігі” одағы, 11 республикалық ұлттық мәдени топтар тіркелді.Сондай-ақ республикада 300-ден аса қоғамдық-саяси ұйымдар, 68 әр түрлі қорлар тіркеуге алынды. 1993 жылдың соңына қарай қоғамдық-саяси қозғалыстар берік саяси күшке айналды.
1994 жылғы желтоқсанда «Қазақстанның халықтық-кооперативтік париясы”, 1995 жылғы қаңтарда «Қазақстанның өрлеу партиясы”, 1995 жылдың басында «Қазақстанның аграрлық партиясы”, 1995 жылғы жазда «Қазақстанның демократиялық партиясы” құрылды.
1998 жылғы қарашада «Ақ жол” қоғамдық қозғалысы құрылды. Жетекшісі – Н. Оразалин. Мақсаты: Президент Н.Ә. Назарбаевтың саяси бағытын қолдау. «Қазақстан-2030” стратегиясын жүзегег асыру. Зиялы өкілдер мүдделерін қорғау.
1999 жылғы қаңтарда «Отан” партиясы құрылды. Бұл партия Н.Ә. Назарбаевтың Президенттікке кандидатурасын қолдау қоғамдық штабы негізінде құрылды.
1999 жылғы 14 қаңтарда «Қазақстанның отаншылар” партиясы құрылды. Жалпы 1999 жылы республикада барлығы 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. 2001 жылғы қарашада «Қазақстанның демократиялық таңдауы” атты қоғамдық-саяси бірлестік құрылды. 2000 жылы республикадағы ресми тіркелген партиялар саны –15 [10].
Елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйелердің орнығуына, тәуелсіз баспасөздің дамуына көп көңіл бөлінді. Бұл жағдай республиканың өркендеуіне, қоғамның демократиялануына, реформаның тередеуіне, экономиканың және халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ықпал етті.
Тәуелсіз Қазакстанның әлеуметтік-мәдени, қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістердің бірі астананың ауысуы болды. Қазақстан Республикасының Президенті өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдамас бұрын ұзак ойланғанын, барлық қадамдарын есептеп, тарихшылармен, саясаттанушылармен, мәдениеттанушылармен ақылдасқанын, басқа елдердегі астаналарын көшіру тарихымен танысқанын айта келіп, астананы ауыстырудың негізгі себептерін былайша түйіндейді:
Біріншіден, астананы ауыстыру Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігінен туындайды. Сондыктан елдің бас қаласының орнын анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Астана өзіне еуропалық және азиялық озық дәстүрлерді сіңіріп отырған Еуразия құрлығының орталығы болып табылады.
Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де еске алынды. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкіндігінше, сыртқы шекараларынан жырақта және елдің ортасында орналасуы тиіс.
Үшіншіден, астананың орнын ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігінен де туындады. Ол елдің экономикасы үшін тиімділікті қамтамасыз етті. Облыс орталықтары дами бастады, экономиканың құрылыс материалдары өндірісі, жол төсеніштері, энергетика және машина жасау сияқты салалары аяғынан тік тұрды. Тұрғын үй құрылысы бұрын-сонды болып көрмеген қарқынмен дамуда[35].
Төртіншіден, астананы көшіре отырып, құрамы жағынан көп ұлтты біз, тұрақты полиэтникалық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау бағытын да есте ұстадық.
Қазақстан Республикасының 1994 жылдың 6 шілдесіндегі «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» қаулысы тәуелсіз мемлекетіміз астанасының тағдырын шешті. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы, 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты.
1997 жылдың 10 желтоксанында Президент Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен Парламент пен Үкіметтің біріккен мәжілісі өтті. Осы күннен бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып танылды.
1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы астанасының ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті.
Алға басу үшін жол керек, ол қандай жол дегенде Президент атап айтқан “қазақстандық жолды” айтпақпыз. Бірақ, бұл жолдың мазмұны неде? Кешегі күні социализм жағдайында өмір кештік, бүгінде капитализмге ұқсас қоғам құрудамыз. Менің айтарым, біздің елдің жүретін жолы социализм де, капитализм де емес, жаңа жол болуы керек. Ол үшін кезіндегі Жапонияның, бүгінгі Финляндия елінің тәжірибесін ескерген жөн. Бұл жерде басты мәселе, орта бизнес пен алпауыттар арасы алшақ болмауы керек. Олигархиялық байлыққа тежеу салық арқылы реттелуі қажет. Олигархтық мәндегі капитализм жақсылыққа бастамақ емес, Елбасы қымбат автокөлік, аса бағалы тұрғын жайы барларға салық мөлшері де соған сай болуы керек деген ойды үнемі білдіруде. Біздің қоғамның мақсаты – шағын және орта бизнесті мейлінше жетілдіру. Қазіргі ипотека дағдарысына қатысты елімізде жүріп жатқан қаражат ресурстарының реттелуі негізінен қашан болмасын болуға қажетті шаралар еді. Бүгінде әр нәрсенің нақты құны анықталуда. Мұны бір десек, екіншіден, кезінде социализм капитализмнің әлсіздігінен шыққанын мойындауымыз керек. Егер капитализм қуатты болса, социализм дүниеге келмес еді. Капитализмнің әлеуметтік жүйесі әлсіз болды, пайда табу ісіне жерік болғанымен, ол әлеуметтік мәселені шешуде дәрменсіздік танытты. Енді қаржы жүйесін реттеуде де дәрменсіздік танытуда. Социализмнен шыққан біз тәрізді елдер осы тұрғыдан келгенде, жетілген деген капиталистік елдерден әлеуметтік мәселелерде алда екендігімізді ұмытпауымыз қажет. Социализм кезінде білім, денсаулық және әлеуметтік салада тиімді халықтық жүйе қалыптасты.. Бізге таза капитализм де, таза социализм де емес, орта жол керек сияқты. Қысқа болса да өткен тарихымызды бағамдап отырсақ, өкінішке қарай, біз нарықтық қатынас қолға алына бастағанда тек пайда табу жағына қарай ойысып кеттік.
Бұл да капитализмнің алғашқы қадамдарында болатын құбылыс. Енді ес жинаған кезде ойланатын мезгіл жетті. Президент 2008 ж 15 қазанда төрт телеарнаға берген сұхбатында еліміздегі бірлік табысқа жеткізеді деген ой айтты: “Бүгінде әлемде болып жатқан үдерістерге қарасақ, тек Құрама Штаттары мен Еуропа елдері осыдан бір апта бұрын ғана 6 аса ірі компаниялардың акцияларын сатып алды. Бұл үдерістер жалғасуда. Исландия тура осылай жасады. Ұлыбритания да осындай қадамға барды. Демек, аталған мәселеде мемлекеттің рөлі жоғарылай түсіп келеді. Неміс қаржы министрі экономиканы жүргізудегі англо-саксон жүйесінің тиімсіздігін атап көрсетті. Яғни, бұл жүйе бойынша барлығы еркіндікке жіберіледі. Қаржы реттеліп отырмайды. Бәрі өзінен өзі жүреді. Ал дағдарыс жағдайында, жоғарыда атап көрсетілгеніндей, мемлекеттің реттеушілік рөлі жоғарылайды. Қазақ елінің де бұған келуі әбден ықтимал. Бірақ дәл қазір Отанымызда бұлай жасауға қажеттілік байқалмайды”.
Әлемдік дағдарыс кімге болмасын ықпалын тигізбеуі мүмкін емес, бірақ отандастарымыз бір мәселені де ескергені жөн. Дағдарыстан күйреп шығатындар да, байып шығатындар да болады. Дағдарыс деген сынақ. Дағдарыс деген адам бойындағы ресурстарды реттестіру деуге де болады. Дағдарыстан қорқып-үрікпей, дағдарыс кезінде дұрыс өмір сүре білуге дағдылану – қажеттілік. Осындай жағдайда Президент халықты дағдарыспен жекпе-жек қалдырып отырған жоқ. Елбасы Үкімет алдына үш міндет қойды, олар: макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету; азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатындағы іс-шараларды тоқтатпау және экономикалық жаңғыру ісі. Осы үшін Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары бөлінді, ол туралы Парламент шешім қабылдады.
Бұл нарықтық қатынастарды мемлекеттік деңгейде реттеу деген сөз, бұл қаржы банктерге емес, экономикаға көмек, ал банк дегеніміз экономиканың қан тамыры деген сөз бар. Осы жағдайларды ой тезіне салып отырсақ, мемлекет пен экономика деген істерде англо-саксондық капиталистік жүйеде қателіктер болды деуге негіз бар.
Бұл аналитиктер пайымдауынша, Қарыз дағдарысы. Қарызды пайдалы екен деп ала білу бар да, оны қайтару парызы бар екенін білген жөн. Соңғы жағдай орындалмай, қарыз қайтарымы болмады. Халқымыз судың да сұрауы бар деуші еді. Пайдалы қарыз алу мүмкіндігі қаржылық утопия қалыптастырып үлгерді. Утопиядан сақтанған дұрыс еді. Утопия шындықтың өзі емес, оның буы ғой. Кезінде социализм әлеуметтік утопияны негізге алып күйресе, англо-саксондық қаржы жүйесі қаражат утопиясына ұрынып, әлем халықтарына ауыртпалық әкеліп отыр. Солай болғанымен, дағдарыс ізденіс заманы демекпін, ол көп нәрсеге көзімізді ашпақ.
Біз шын мәнісінде социализмнің ғана күйреуінің куәгері болып қоймай, капиталистік әлемнің күйреуінің де куәгері болып отырмыз. Аналитиктердің айтуынша, қазіргі әлемдік қаржы дағдарысы капитализмнің англо-саксондық түрінің дағдарысы. Мен де осындай пікір жағындамын. Социализмнің күйреуімен қатар капитализмнің іргесі сөгіле бастады, енді үлгі боларлық қоғамның жаңа түрін анықтау қажеттілікке айналуы әбден мүмкін. Басылым беттерінде америкалық қаржы орталықтары Қытай Халық Республикасынан көмек сұрауда, кейбір америкалық банктерді қытайлар сатып алмақ. Бұл нендей жағдайдың белгісі? Демек, қаржы дағдарысынан шығуда біреулерге иек арту мүмкін емес, мәселе, әркімнің өзінше ойлап, өзінше қарекет етуі, сірә, тиімді болмақ. Әрине, әлемдік қаржы қатынастарындағы “ойындарды” есепке алмай, өмір сүру ашық қоғам жағдайында мүмкін емес, сонымен бірге әркім өз мүмкіндігінше іс, харакет етпек. Осы істе біздің елдің ұтатын жағдайы бар, ол елдің саяси, әлеуметтік және рухани тұрақтылығы. Әлемнің қаржыгерлері инвестиция саясатын ешқашан тоқтатпақ емес, бұл заңдылық. Бірақ инвесторлар “тыныш” аймақ іздеуде, ел іші іріткі болып жатқан жерден пайда таппақ түгіл, бас амандығы мәселеге айналмақ. Қазақстанның қазіргі жағдайы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы аймақ, міне, халық бірлігінің әлемдік қаржы дағдарысы кезіндегі пайдасы.
Тағы рефераттар
- Кәсіпкерліктегі инновацияның ролі мен функциялары
- Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев (1847-1920)
- Психология ғылымының пəнi жəне мiндеттерi
- Кедендік бақылау
- Қазақстан Республикасының көлік қызметі