Жоспары:

1. Әлеуметтік философияның пәні.

2. Әлеуметтік философияның функциялары.

3. Қоғам ұғымы, дамуы. 

«Әлеуметтік философия» терминін айналымға қашан және кім енгізгені туралы дөп басып, дәл жауап беру қиын. Біздің ойымызша оның философияға енуі ХІХ ғасырдың екінші жартысы – соңғы ширегінде іске асуы мүмкін. Бұл мәселенің шешімі әлеуметтік философия немен айналысатынын., пәндік ерекшеліктерін, оның философиядағы орны мен негізгі функцияларын талдауға онша ықпалын тигізе қоймайды. Бұл сала қоғамдық өмірдің мәні және іргелі заңдылықтарымен, социум болмысының логикасымен, қоғам мен тұлғаның өзара байланысы және өзара қатынастарымен, жалпы әлеуметтік таныммен қатар, қоғам мен адам туралы философиялық пайымдар принциптері және логикасы, заңдылықтары, ерекшеліктерімен байланысты болды. Осы сала әлеуметтік философия деп атала бастады.

Әлеуметтік философияға ерекше анықтама берген орыс ойшылы С.Л. Франктың пайымдауына тоқталайық.

1929 жылы ол өзінің негізгі шығармаларының бірі  — «Қоғамның рухани негіздері» атты кітабын жариялады. Ол бұл еңбегінде әлеуметтік философияға мынадай анықтама береді: “   әлеуметтік философия мәселесі – бұл қоғам деген не, ол адам өмірінде қандай мағынаға ие болады, оның шынайы мәні неде және ол бізге қандай міндет жүктейді деген сұрақтарға жауап береді”.

С.Л Франктың әлеуметтік философияға қатысты негізгі ойлары мынадай сұрақтарға жауап беру төңірегінде:

  1. Қоғамдық өмір деген не?
  2. Адам өмірінде қоғамдық өмір қандай орын алады және оның шынайы мақсаты неде?
  3. Адам өзінің қоғамдық болмысы  формасын құра отырып неге ұмтылады және неге жетуі мүмкін?
  4. Адамның қоғамдық өмірі әлемдік, ғарыштық болмыста қандай орын алады? Қоғамдық өмір болмыстың қай саласына жатады және оның нағыз мәні неде?
  5. Қоғамдық өмірдің жалпы өмір негізін құрайтын абсолюттік бастаулар мен құндылықтарға қатынасы қандай?

Оның айтуынша әлеуметтік философия – “қоғамдық болмыстың жалпы мәңгі негіздерін” зерттеумен  айналысатын философиялық таным. “Әлеуметтік философия қоғамдық шындықты оның нағыз, барлығын қамтитын құрамы мен нақтылығында көруге ұмтылу болып табылады”. Мұнан шығатыны: әлеуметтік философия адамның қоғамдық өмірінің барлық “әлемдерінің” – тарих, мәдениет, дін, саясат, құқық, экономика және т.б. әлемдерінің түпкі, онтологиялық негіздерін зерттейтін философиялық ілім саласы.

Бұдан әлеуметтік философияны әлеуметтік құбылыстар мен үрдістерді танудың теориялық-методологиялық мәселелері, заңдылықтары, социум болмысының логикасы қызықтыратыны туралы тұжырымдаманы қосайық. Және ақырында, С.Л.Франктың анықтауынша, әлеуметтік философияның зерттеу аймағы – қоғамдық өмірдің мәні, оның индивидуалды адам өмірімен қатынасы және қоғамдық өмірдің құндылық қырларының жалпы өмірдің фундаментальды құндылықтарына қатынасы.  Осылайша, “әлеуметтік философияның” көпқырлы, көпөлшемді “түпкілікті формуласын” тауып және тегі жағынан тарихи, табиғаты жағынан философиялық болып табылатын әлеуметтанумен, мәдениеттанумен салыстырғанда оның немен айналысатынын біле аламыз.

Бұл формуладан шығатыны — әлеуметтік философия функцияларын тек философиялық жүйеде ғана емес, бүкіл әлеуметтік-гуманитарлық білім жүйесінде де жеткілікті түрде айқын жеткізуге болатындығы. Ең алдымен, әлеуметтік философия бойынша оқулық және арнайы әдебиет авторларымен толық келісе отырып, оның дүниетанымдық қызмет атқаратынын тиянақтауға болады, өйткені ол “әлеуметтік әлемді” бейнелеп қана қоймай, оның саналы бейнесі ретінде “оны жаратады да”. Әлеуметтік философия әлеуметтік әлемнің тек картинасы, бейнесі ғана емес. Ол сонымен қатар, әлеуметтік идеалдар мен құндылықтарды нақты шындықпен салыстыра отырып, оның нақты өмірмен байланысын анықтай отырып, осы әлемді жаратады да.

Екіншіден атқаратыны – методологиялық функция. Әлеуметтік философия мұны пәндік және теориялық форма ретінде қызмет ете отырып және әлеуметтік құбылыстарды тануда методологиялық бағдарлар мен жалпы философиялық принциптерді пайдаланудың үлгісі бола отырып жүзеге асырады. Олардың қатарында диалектика принципі мен синергетика принципі жатады. Әлеуметтік философия әлеуметтік-гуманитарлық білімдерді пәндік тұрғыда ұйымдастыра отырып, оның методологиялық өзегі ретінде көрінеді.

Әлеуметтік философияның үшінші функциясы оның танымдық, эвристикалық қызметі болып табылады. Ол танымдық мәдениеттің элементі ретінде шындықты тек бейнелеп қана қоймай, қоғамдық өмірдің заңдылықтары мен принциптерін қалыптастыра отырып, бір нәрсені ашуға қабілеті бар, белгілі бір эвристикалық ерекшеліктерімен айрықшаланады.

Төртіншіден, әлеуметтік философия әлеуметтік болмыстың құндылық негіздерін пайымдай отырып, аксиологиялық қызметті атқарады. Оның ішінде белгілі бір дәрежеде тәрбиелеуші функция да кіреді: әлеуметтік функция, біріншіден, танымның, гуманитарлық ойлаудың белгілі бір мәдениетін тәрбиелейді; екіншіден, адамдардың және бүтіндей қоғамның белгілі бір құндылық бағдарларын тәрбиелейді.

Бесіншіден, әлеуметтік философия кейбір философиялық концепциялардағы әлеуметтік болжау сәтсіз және ғылыми негізі жоқ деп жарияланғанына қарамастан, болжамдық қызмет те атқарады.

Қоғамды зерттеу тек философия үшін ғана емес сонымен бірге басқада қоғамдық ғылымдар үшін күрделі мәселе болып табылады. Коғам мағналы ұғым болып табылады. Философия қоғамды біртұтас, яғни адам болмысының әлеуметтік тәсілі, адамдардың бір-бірімен өзара әрекеттесуінің жемісі, адам шығармашылығының нәтижесі ретінде қарастырады. Философия үшін қоғамды қызмет арқылы, яғни әлеуметтік тұрғыдан қарастыру өте маңызды.

Қоғамға деген көзқарастардың тарихи эволюциясы нарутиализм, идеализм, материализм деген сияқты теориялық үлгілерде көрініс береді. Қоғам мәнін дұрыс түсіну үшін «материалдық», «руханилық», «практикалық»  ұғымдарының ара қатынасы ең маңызды болып табылады. Қоғамдық дамудың негізінде қоғамның жүйелілігін құрайтын қоғамдық қатынастар жатыр, өйткені мұнда қызметтің экономикалық, саяси және т.б. формалары көрініс береді.

Қоғамның дамуы революциялық немесе эволюциялық сипатқа ие. Философия қоғамның дамуын әлемдік тарихтың бірлігімен алуан түрлі принципі арқылы қарастырылады, өйткені мұнда жалпылықпен жекеліктің бір-бірімен өзара байланысының жалпы диалектикалық заңы көрініс береді. Қоғамдық дамудың басты мәселесіне қоғамдық прогресс ұғымы мен оның өлшемдері жатады.

Қоғам дамитын жүйе ретінде өзінің қозғаушы болады. Тарихи процестің субъектісі және қозғаушы күші әр түрлі философиялық бағыттарда қоғамды рухани және материалдық тұрғыдан негіздеуде көрініс береді. Қоғам дегеніміз мүдделері, құндылықтары және мақсаттары әр түрлі адамдар қауымдастығымен әр түрлі әлеуметтік топтардың жиынтығы болып табылады.   Осыған орай тарихи процесс күрделі және ықтималды сипатқа ие. Сондықтан тарихтағы жекелеген тұлғалардың, сонымен бірге әлеуметтік топтардың ролін зерттеу өте маңызды. Осы диалетиканың арқасында тарихи процесс стихиялық пен саналылықтың бірлігінде жүреді.

Әлеуметтік философия бүгінгі күні де сөздер мен пікірлер шырмауынынан шығып, адамның қоғамдық және индивидуалдық өмірінің мағынасы мен мақсаты, ерекшеліктері, принциптері, мәні туралы қандай да бір нағыз сөзге ұмтылуда. Бұл тұрғыда ол адамның өзіне өз санасы көмегі арқылы ие болу формасы ретінде, өзін «жинақтауға» деген саналы рухани жігер ретінде көрінеді. Мұның барысында ол қазіргі «дәуір талабына» жауап іздеу негізін құрайтындай кейбір сүйеніш болар теориялық-методологиялық конструкцияларды, терминдерді, категорияларды іздейді және табады.
Тағы рефераттар