Жоспар:
- Қазақтың ән өнері.
- Сал-серілік өнер.
- Қазақ әні, әншілері оның зерттелуі.
- Қазақтың әншілік өнері.
- Ән және әншілік ерекшеліктер.
Қазақтың ән өнері – сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір тармағын құрайды.Фольклор деген сөз ағылшын тілінен алынған, ол «халық даналығы, халық білімі, халықтың ауызша шығарған туындылары» деген мағынаны білдіреді. Фольклор шығармалары халықтың әр дәуіріндегі тұрмыс-салтымен, наным-сенімімен, күнделікті тіршілігімен тығыз байланыста туады. Оларда өмірде болып өткеннің ғана емес, халықтың «осылай болса екен» деген арман үміттері де бейнеленіп, табиғат, өмір құбылыстарына баға беріледі. Ән – халықтың сүйіп айтатын, тыңдайтын, сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының ең бір бай арнасы болып табылады. Көне заманнан келе жатқан ән-күй туралы халықтың аузында қалыптасқан көптеген мақал-мәтелдер, аңыздар, жырлар осының айғағы.
Қазақтың ұлы ақыны Абай да ән мен күйдің құдіретін жырлап:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Әсем әнмен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй,-деген.
Ән мен күй шыққан күн, туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі жан серігі болды. Ауылдан ауылға ән айтып, күй тартып жүрген диуанилар, бақсылар, жыршылар, сал-серілер өз өнерін көрсетіп, халықтың көңілін көтерді, айт пен той-томалақ, түрлі ойын-сауық отырыстардың көркі болды. Ақын әншілердің өнері халық арасында өте жоғары бағаланып, ақынның келген ауылы оған зор сый-құрмет көрсеткен. Олардың аты аңыз әңгімеге айналып ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жетті.
Ән сезімнің кейбір кезеңдерін сыртқа шығару да адамның табиғи құралының бірі болды. Халық әндерінің тартымды келетіні, жүрегіңе қона қалатыны, олардың баста өнер қуу мақсатында шықпай, табиғилық жағының басым болуында. Осы күнге дейін музыкалық тәжірибесі мол құлағымыздың өзі, жаңа шығарманы тыңдап отырғанда, бейтаныс әуен теңізі ішінен халық әнінің тақырыбы естіле қалса біраз уақыттан бері көрмеген, кездеспеген бір досыңның төбесі көрінгендей болады. Өйткені сол ән тақырыбы есіңе сан алуан оқиғаларды түсіреді. Өйткені ол ән көркемөнер жасаймын деген алдын ала сызылған жоспар бойынша шыққан емес, өмірдің, табиғаттың өз туындысы. Халық әндерінің үлкен қазына екендігі де сол қасиетінде, сол әндерде халық өмірінің сәулесі болуында.
Қазақ халқы әнге бай. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп, қазақ халқының әдебиеті мен өмірін зерттеген Шоқан Уәлихановтың досы Г.Потанин айтқандай, қазақта әнсіз өмір жоқ. «Тойбастар» айтқан жігіт, кешкі ауыл сыртында алтыбақан тепкен қыз-бозбала, шілдехана күткен жас, кәрі, «Жар-жар» айтқан екі топ, елінен еріксіз ұзатылып бара жатқан қыз, өлген жұбайын жоқтаған жесір, түйеге мініп әр үйдің сыртында қақсаған жарапазаншы, ақ киім киіп, өгізге мініп ауыл аралаған дуана, «жынын» шақырып, зікір салған бақсы – бәрі де әндетеді. Бәрі де жай сөзбен айтқанда жетпейтін сезім тасқынын ән арқылы шығарады.
Әннің осы қасиетін қазақ халқы: «Жігітке өнер де өнер, өлең де өнер», «Ақылың болса жыр тыңда» деген сөздер арқылы жақсы айтқан.
Данышпан Абай
Туғанда дүние есігін ашады өллең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең,-
деген жолдарында әннің өмірдегі орнын нақ суреттеген. Халық аузындағы: «Бір әнді сатып алдым құнан нарға» немесе «Сұрасаң менің атым Таңжармаймын, болсам да малға жарлы әнге баймын» деген әннің аса жоғары бағалағанын, әншілердің өз өнерін сасық байлардың үйірлеген жылқысы мен қоралаған қойынан төмен санамайтын көкірегін көрсетеді.
Қазақтың халық әндері орыс зерттеушілерінің назарына ерте ілікті .Әрине, бұл жөнде қазақ халқының Ресейге қосылуының үлкен рөлі болды. Орыстың этнографтары, саяхатшылары, тіпті жорық себебімен барып қалған көзі ашық офицерлері қазақтың халық әндері жөнінде көп нәрселер жазып қалдырды. Өткен ғасырдың басында бірен-саран, бірлі-жарым болса да әндер нотаға түсіп, түрлі журнал, жинақтарда басылып шықты.
ХVII ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасырдың басында Арқа елінде ертеден дәстүрге айналып, кейінірек әртүрлі себептермен бәсеңдеп қалған сал-серілік өнері ХIХ ға-сырда қайта жаңғырып, дами бастады. Сал-серілер өз жанынан өлең, ән-күй шығарып, ел аралап, сауық құрып, ойын-тойлардың ұйтқысы, құрметті қонағы болған. Сал-серілік өнерді жоғары дәрежеге көтерген әнші, күйші, суырып салма ақындар серілік үрдісті қатаң сақтап, нағыз бесаспап өнер иесі бола білген. Сонымен қатар олар атақты мерген, сұңқар, лашын ұстаған құсбегі, аттың ең жүйрігін таңдап міне алатын атбегі, он саусағынан өнері тамған теңдессіз шебер, керемет зергер де бола білген.Сал-серілерді халық әрқашан ардақ тұтып, оларды қайда болса да қуанышпен қарсы алып, өнерін аңыз етіп, мақтан тұтқан.
Қазақ ұлтының мәдениеті тарихындағы ХІХ ғасыр — ақын-әнші, сазгерлердің өзін-дік «алтын ғасырына» айналып, қазақтың кәсіби өнері — әдебиетінің, поэзиясының, музыкасының шыңына кезеңіне шыққан кезі болды. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысы – қазақтың ақындық өнерінің барынша өркендеген кезеңі болды.Осы кезде ақындық өнерге тән тұрақты жанрлар да қалыптасты. Солардың ішінде әсіресе ақындардың өзін-өзі бейнелеуге арналған әндерін келтіруге болады. Оған мысал ретінде «Біржан сал», «Ақан», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Әсет», «Майра», «Ағаш аяқ», «Нартай», «Мұхит», «Сары» әндерін атауға болады. Олар бұндай әндерінде әр ақын, бір жағынан өзін тыңдаушыларына таныстырып өтсе, екіншіден туған ел өмірі мен мәдениетінде алып отырған өз орнын жақсы түсініп соны әнге қосады. Бұл әндерде ақынның өзіне тән музыкалық мәнерлі ерекшеліктері шоғырланған.Әр әнші-ақынның өзіндік шығармашылық өнері дербес қалыптасқан. Мысалы, әрбір ақындағы шешендіктің, суырып-салма өнердің, театралдық, актерлік элементтердің болуы, тіпті киген киімі, жүріс-тұрысы, өнерге деген көзқарасы әнші, сал-серілерге ортақ нәрсе болды. Мұхтар Әуезов ақынның осындай орындаушылық өнерлерін сипаттай келіп, оны «жалғыз актердің театры» деп айтқаны кездейсоқтық емес.
Біржан, Абай, Ақан сері, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаевтармен бірге сал-серілік өнерді, дәстүрді әрі қарай жалғастырып, өз үлесін қосқан басқа да әйгілі ақын-сазгерлер, солардың бірі көпке танымал «Ғалия» әнінің авторы Балуан Шолақ Шаймұрзаұлы мен Құлтума ақын. Бұлардың екеуі де Біржан салдың шәкірті болып қасына еріп тәлім алғандар; Біржан дәстүрін ХІХ ғасырдың орта кезінде халыққа кең таратқан, «Гәкку», «Қарақат көз», «Сүйгенім», «Қараторғай» әндерін шығарған Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы; «Әсет», «Гауһар қыз», «Кіші Ардақ», «Қоғыр қаз», «Қысмет» әндерінің авторы Әсет Найманбаев; «Қорлан», «Жайқоңыр», «Еркем», «Қаракөзді»шығарған Естай Беркімбайұлы; «Мәди», «Үш қара», «Қарқаралы», «Қаракесек» сияқты әндер шығарып, ірі әнші ақындар қатарындда тұрған Мәди Бәпиұлы Арқаның ән ақындық дәстүрінің көрнекті өкілдері болып, Біржан салдың шәкірттері аталса, Қазақстанның Шығыс өңірлерінде Ноғайбай ақын мен Құдайберген Әлсеитовтың аты шықты. Батыс жақта Мұхит Мерәлиевтың «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние», «Паңкөйлек», «Алуаш», «Бала-Ораз», «Иіс» сияқты әндері халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді, ал Жетісу өңірінің ән дәстүрі Сүйімбай, Жамбыл, Кенен тәрізді ақындардың есімімен тығыз байланысты аталады .
Халықтың әнші сазгерлерінің тағдырындағы шиеленісті оқиғалар олардың көзқарасына, дүниені танып-білу қабілеттіне, көркемдік шеберліктеріне ықпал етпей қалмағандығын атап айтуға тұрарлық. Сондықтан да олар шығарған өлең-жырлардың көпшілігінде азаматтық әуен кеңірек сипатталады. Мәселен, Біржанның «Жанбота», «Көлбай,Жанбай», «Адасқақ»,Жаяу Мұсаның «Ақсиса», «Хаулау», «Бұзау зары», Кененнің «Бозторғай»,Ақан серінің «Құлагер» әндерінде, басқа да авторлардың шығармаларында әлеуметтік теңсіздік, еркіндік, өмір шындығы айқын көрініс тапқан.
Қазақ өнерпаздарының шығармашылығында өмірбаяндық және тәңірге шағыну, жалғыздық тақырптары кеңінен көрініс тапты. Мысалы «Ақан сері» әнінде романтикалық көтеріңкі сезім азаматтық әуенмен тамаша үндестік табатынын атап көрсеткен дұрыс. Бұл шығарманың негізгі поэтикалық мән мағынасы ақынның өнердің өміршеңдігінде жатыр. ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарына тән ерекшелік-ішкі терең күйзеліс осы әнде аңғарылады. Әнші, сазгер Ақан өз шығармасын оның әнін еститін адам бар ма, өнер иесіне бостандық алар күн туа ма деген сұрақ желісінде құрады.
Қазақтың дәстүрлі кәсіби ән-ақындық өнер өкілдерінің ішінде ұлы ақын-компази-тор Абай Құнанбаевтың орны бөлек. Ол ауызекі өнер мен жазбаша мәдениеттің дәс-түрлерін біріктірген суреткер. Абай өзі жасынан өлең және сол өлеңнің мақамын шығарса да, басқа сал-серілер тәрізді ауылды аралап, халықты өз өнерімен таныстырған ақын емес. Сонымен қатар, ол өлеңдерін ауызша шығармай, хатқа салып жазатын. Ал Абайдың әндерін халық арасына жайған өзінің шәкірттері Шәкәрім, Көкбай ақын, Уайыс, ұлдары Ақылбай, Мағауиялар да ұстазы тәріздес, әндерінің сөзін хатқа қалдырып жазған. Ақынның өнеріндегі шешендік өнермен байланысты ерекшеліктің бірі – үндеушілікті, тура айтушылықты кеңінен пайдалануы. Бұл ерекшелікті негізінен Абай да атап көрсеткен. Ол ән мен әуен оятады, адамның жан сезімін толқытады әсерлендіреді деп бағалаған. Суырып салып айту – ақындық өнердің ажырамас ерекшелігі. Ал, суырып салмалық қабілет шығармашылық тәжірибе барысында қалыптасады. Ақындардың көбі: Біржан сал, Ақан сері, Әсет және басқалары айтыстарға қатысу арқылы өз шеберліктерін жетілдірді. Ақындар өлең сөз бен әуенді тасыған өзендей түйдек-түйдегімен төгеді. Нағыз ақындар суырып салма болып келеді. Ол әрқашанда өз заманының ең көкейкесті мәселелерін қозғайды. Суырып салушылық өнер халық арасында кеңінен дамығанын атап көрсету керек. Қазақтың аса көрнекті этнограф-ғалымы Ш.Уалиханов мұндай ерекшелікті халықтың ақын жандылығынан, ән құмарлылығы, жандүниесінің сезімталдығынан, бұл барлық көшпелілер тұқымына тән құбылыс деп есептейді. Күнделікті қарапайым тіршіліктің өзінде ауылдағылардың бәрі дерлік суырып салушылық өнерге қатысып жататыны Г.Потанин, В.Даль, В.Радлов, А. Затаевич және басқа да орыс этнографтары мен шығыстанушы ғалымдарын таң қалдыруы тегін емес.
Ақындық суырып салма өнерді зерттеп қарағанда, суырып салушының жеке басының ерекшелігін, оған ықпал етуші ортаның жағдайын ескерген дұрыс. Бұл ақынның орындаушылық мәнеріне де әсер етеді. Мәселен, Біржан салдың «Жанбота» және «Айтбай» әндері орындалуы, құрылымы жағынан екі түрлі. Құйқылжыта төгіліп, баяулап, шарықтап, адамның жан сеземіне әсер ететін Айтбай әнін атақты компазитор М.Төлебаев «Біржан сара» операсында басты кейіпкерге айтқызуы да бекер емес.
Қазақтың ұлы ақын-композиторларының барлығы да дауыс реңіне аса бай, диа-пазоны кең дауыстың иесі болған, өз әуендерінде осы ерекшеліктерді ескеріп, өзіндік копозиторлық, вокалдық мүмкіндіктер тудырған. Ақынның күшті дауысы мен сұлу тембрі, жүйеленген ән айту үрдісі мен мәнерлі орындаушылығы, кең тынысты вокалдық каденцияларды айтудағы жоғары техникалық шеберлігі – қазақ даласында қалыптасқан жоғарғы кәсіби әншілік мектептің болғанын дәлелдей түседі. ХІХ ғасырда барынша гүлденген бұл үрдіс Біржан, Ақан, Әсет, Балуан Шолақ, Естай, Майра, Мәди, Мұхит сияқты әнші-ақындардың шығармашылығында көрініс тапқан.
Атап айтқанда ХІХ ғасырдағы қазақтың бір туар сал серілері Біржан, Ақан, Естай, Мәди, Мұхит, Балуан Шолақ, Майралардың өнерінде орын алған қаздай дауысының күші мен реңінің сұлулығы, жылдар бойы қалыптасқан орындаушылық жеке мәнері жүйеленген ән айту үрдісі мен мәнерлі орындаушылығы, өзінің құрылымдық сапа-сына, әншілік параметрлеріне сай алатын орны мен мағыналылығына, тарихи құндылығына эмоция мен драматизмге толы дамыған терме мен желдірмелер, ұзақ кан-тиленалар, нәзік фиоритуралар, каденциялар және жалпы орындаушылықтың өте жоғары деңгейі – осының бәрі қазақ даласындағы жоғарғы кәсіби ән мектебінің қа-лыптасуының айғағы.
Қазақ ақындарының шығармаларында, әсіресе, ән шығару тәжірибесінде бір әннің бірнеше нұсқасының болуы жиі кездеседі. Мәселен Ақанның лирикалық әні «Мақпалдың» алты нұсқасы бар, «Құлагердің» төрт нұсқасы бары кеңінен мәлім. Жаяу Мұсаның махаббат тақырыбындағы «Шолпан», «Гауһар-қыз», «Көгершін» әндерінің барлық нұсқаулары жиі айтылады. Жаңа шығармалар ауыздан ауызға тараған кезде кейбір өзгерістерге ұшырайтыны былай тұрсын, орындаушылардың тарапынан оған өзіндік қосуларын енгізетіні де болады. ХІХ ғасырдағы ақындық өнердің даму тарихы, оның қалыптасу тарихы, ұлттық аудитория тарихы бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ақынның әрбір жаңа шығармасы халық арасындағы орындаушыларға автордың өз аузынан тарайды, мұның бәрі тәжірибелі тыңдарман қауымның қатысуымен, солар арқылы жүзеге асады, есте сақталады, ауыздан-ауызға жалғасады.
Ақын компазиторлардың шығармашылығы қазақ халқының жүздеген жылдар бойы дамыған ән ақындық дәстүрдің саласында жалғасын тапты. Осы дәстүрдің шеңберінде ұлттық ой сана мен ұлттық мінезді келтіретін бейнелеу жүйесі, тақырыптары, тіл ерекшеліктері қалыптасты. Мысалы Жетісу, Арқа, Батыстың әншілік дәстүрлері; ал Абайдың тұлғасы жеке ән мектебі болып дараланды.
Қазақтың ұлттық музыка қорының ішінде ән жанры ерекше орын алады. «Ән — өмір шежіресі, өмірдің сәулесі, музыка мектебінің негізі, керегетасы, халықтың игілігімен ақыл парасаты» болды. (А.Толстой)
Халықтың дәстүрлі әндерінің таралып, біздің дәуірімізге жетуінің өзі халық әнші-лерінің өнерімен тығыз байлынысты. Өйткені сол әнші арқылы әнді естіп, ұғынамыз, сырына қанамыз. Әншілердің шығармашылық жолы ұлттық дәстүрді сақтаушы ғана емес, бұрынғы мен бүгінгінің арасын жалғастырушы ретінде көрінеді. Осы күні халық игілігіне айналып, қазақ музыка мәдениетіне кесек кірпіш болып қаланған атышулы әнші компазиторларымыздың классикалық шығармалары осының айғағы. Бұдан жүздеген жылдар бұрын дүниеге келіп, сол уақыттың, сол заманның көрінісі мен тіршілігін суреттеген бұл туындылар бүгінгі күнде өз қасиеттерін сақтаумен бірге бұрынғыдан да түрлене түсуде. Мұның құпиясы, біздіңше, халық таланттарының озық дарындылығында болса керек. Олардың әндері – адам сезімін оятып, ойын қозғап толғандыратын мәнді мазмұнды шығармалар. Ондай үлгілер тарихтың сан қилы
талқысына түсіп, неше буын елдің қолынан өтсе де, өз маңыздылығын жоймастан, адамның өнегелі мақсаттарын жырлап келеді.
Халқымыздың тарихында небір бұлбұл әншілер өмір сүріп, белгілі музыка аспаптарының сүйемелімен туған елінің өткендегісі мен бүгіні тұрмысын жырлайтын, оның арман қиялын көрсететін тамаша эпопеялар, көрнекті туындылар жасады. Олар қашанда халықтың мақсат-мүддесінен жырлап онымен бірге жүріп,біте қайнасып өтті. Қазақ халқының музыка мұрасы да сондай озық ойлы, өнерпаз өкілдерінің қалдырған үлгі өнегесінің арқасында сақталып келді.
Көзі хат танымайтын, қолы жазу-сызуды білмейтін кездің өзінде қазақ халқы әні мен күйін рухани азық етті. Бір орыннан екінші орынға, жайлаудан қыстауға көшіп –қонып жүріп те олар ердің басына іліп алған домбырасын кез келген уақытта ат үстінде шертіп ән шырқай беретінді. Шілдехана, қыз ұзату, келін түсіру, басқа да түрлі жиын-тойларда ән айтып күй тарту – қазақ халқының ежелден келе жатқан ата дәстүрі. Алайда музыка тек ойын-сауық, көңіл көттеру үшін ғана керек десек, өнердің бір түрінің маңызын әлсіретіп, мәнін кемітіп жіберген болар едік.
Ұлттық әншілік салт-дәстүр бірден туа қалмаған. Ол- сонау замандардан қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан көремдік қасиет . Музыка зерттеушілеріміз әншілік дәстүрдің бастамасын, негізінен Ақан сері, Біржан сал Мұхиттан бастап сөз етіп жүр. Сонда оларға дейін әншілер болмады деп кім айтады? Әрине болды. Бірақ уақыт озған сайын есімдері ұмытылып, шығармалары халықтық атанып кетті. Әншілердің шығармашылық жолы ұлттық дәстүрді сақтаушы, дамытушы, бұрынғы мен қазіргі өнердің арасын жалғастырушы ретінде көрінеді.
Ұрпақтан ұрпаққа жетіп, дамып келе жатқан халық әні – адам баласының айрыл-майтын жан серігі. Басқа халықтар тәрізді, қазақ халқының да әнсіз, өлеңсіз өмір сүрмейтінін, ән, өлеңнің адам баласының дүниеге келгеннен бастап өлгенге дейін ажырымас досы екенін данышпан Абай айтып кетті. Ол әннің ерекше күшін, ролін поэзиясын да шеберлікпен суреттеді. Адамның нәзік қиял шегіне тиіп, қозғау, түрткі салатын құралдың ән екенін:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар
Оның тәтті орлған мәні оятар,-
деген жолдар арқылы суреттеді.
Біздіңше, әнші-ақын, ақын-компазиторлардың алғаш жеке дара өнерпаз ретінде жіктеліп, таралуы жыршы, жыраулардың қызметіне байлынысты болса керек. Сондықтан да сол жыршы жыраулардың өзі қазақ ән өнерінің тұңғыш өкілдері болуға тиіс. Ендеше сол атышулы Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Естай, Әсет, Шашубай, Қали, Кенен, Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла, Құтбай, Дәнештердің әншілік өнерін ата дәстүрден сабақталып, ана сүтімен қалыптасқан арна деп қарауымыз керек. Сол сияқты қоғамда өмір сүрген әр түрлі топтардың көзқарастарымен ой мүддесі де ән арқылы көрініс тауып, бізге жетті. Бір сөзбен айтқанда, ән өнері — өмірдегі қоғамдық қөұрылыстың жай-жапсарын суреттей алатын идеялық құралдың бірі. Ерте кезде ән бірден-бірге, бір жерден екінші жерге ауыздан ауызға таралып, ауызша үйрену арқылы меңгерілген. Ол заман жай сауттың да, музыкалық сауаттың да жоқ кезі еді.
Әннің халық аузында сақталып, таралу жолдарының өзінше себептері бар. Ол уақытта қазіргідей компазитордың шығармасын профссионал әнші жаттап алып, радио, теледидар арқылы орындайтын жағдайдың жоқтығынан шығарған әнін айтып, халыққа тарататын да компазитордың өзі болды. Егер ол компазитордың әншілік өнері басым болса, онда орындалған әннің көркемдік дәрежесі де жоғары, сапалы болып шығып, тыңдаушыларды қызықтырып, олардың көкейлеріне тез қонатын. Ал жақсы ән шығарып, бірақ оны автордың өзі тиісті дәрежеде орындай алмаса, ол шығарма аз таралуымен қатар, кейде ұмытылып та кететін еді. Әнші жыршылар бір жерден екінші жерге барып, өнерлерін көрсетіп, елдің сыйлы қонағы болып жүрді.
Сан дәуірлік тарихы бар қазақ музыка өнері осы күнгі мәдени сатыға көтерілгенге дейін ауызша таралып жеткені мәлім. Халық музыкасының етене болып кеткені сонша, біз оларды күнде тыңдап, әуеніне соншалықты қанық болсақ та, ғасырлар асып жеткен асыл қазынаның авторларына көбінесе мән бермей, баспасөз бетінде болсын, радио, көгілдір экранда болсын «халық әні», «халық күйі» дейтін үйреншікті айдар тағып айта береміз. Әрбір әннің өзіне тән әуені бар, белгілі мазмұны бар. Әннің интонациясы оның өлеңнің ішкі мән мазмұнымен қабысып, бірін-бірі толықтырғанда ғана емес бір тұтас дүние болады. Әннің ішкі құдіреті мен шеберлік дегеніміз — орындаған шығарманың ішкі-сыртқы сипатын, музыкалық табиғатын жан-жақты аша білуде. Әрбір әннің айтпақ ойы, идеясы түрліше. «Қазақ әндері қандай назды десеңізші»,- деп Затаевич айтқандай, халық компазиторлары әндерінің музыкалық құрылысы, өлшем ырғақтары, формасы мен өлшемдік түрленулері қаншалықты сан алуан болса, олардың адамға тигізетін әсер ықпалы соншалықты мол. Алайда ән қаншалықты ғажап болғанымен, оның тағдыры орындаушыға тәуелді. Өйткені оны екінші рет дүниеге әкелетін адам — әнші болғандықтан, шығарманың жақсы, жаман шығуы орындаушы шеберлігіне тікелей байланысты. Мәселен, Жаяу Мұсаның «Ақсисасы», Мәдидің «Қаракесегі», Біржанның «Жанботасы», Ақан серінің «Құлагері», Естайдың «Қорланы», Рамазанның «Жас қазағы» әншіден үлкен орындаушылық шеберлікті, білімділікті қажет етеді, өйткені белгілі бір туындыны жоғары дәрежеде орындау үшін бір ғана дауыстың болуы жеткіліксіз, әнші сол дауысты пайдалана отырып, әнді керек жерінде жай, енді бірде қатты, бірде созып, бірде қысқа қайырып, өз нәшінде, келістіре шырқай білуі қажет. Атышулы әншілеріміз Әміре, Қали, Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла және басқалардың орындаушылық өнерлерінде репертуар жағынан ортақ қасиеттер болғанымен, әрқайсысы әнді түрлі ырғақ, айшық-өрнектермен безендіріп, жүз құбылта түрлендіріп, өздеріне тән ерекшеліктермен шырқайтын.
«Қазақтың ән әуездерінің тамаша бір қасиеті – оың шын жүректен шыққан эмоционалдық сезімталддығымен сезгіштігі… әуендерінің оралымдығы, олардың құлақтан кіріп бойды аларлығы, ән тақырыптарының әр алуандығы – осы қасиеттердің бәрі халық психикасының аса терең толғауын көрсету арқылы, қазақ әншілерінің жарқын орындаулары арқылы айқын сезіліп оырады»,- деп белгілі музыка зерттеушісі, академик Б.Асафьев айтқандай, бір әнде қаншалықты музыкалық нюанстар сөйлем, фраза, интонациялар бар. Бір ән жоғары үнмен басталатын болса, екінші біреулері төменгі дыбыстан бастау алады. Міне, осылардың бәрін әнші жете түсіне біліп, сырына қана терең сезімталдықпен шырқауы керек. Сонда ғана әнші ойлаған мақсатына жетіп, тыңдаушылардың алдында абыройы артады. Орындаушылық шеберлікті сөз еткенде үлгі болатын әншілеріміз көп-ақ. Мәселен, Қали Байжановтың орындауындағы «Тоқсанбай», «Алқарай көк», «Жанбота», «Қанапия» және басқа әндер алуан түрлі сөз нақышымен, сезімді қозғайтын сан қилы нюанс көркемдігімен ерекшеледі. Ол қайсы әннді орындаса да, ешбір артық айқайды, құлаққа жағымсыз тиетін ешбір дыбыстарды аңғармайсын, әншінің қоңыр салқын үні тыңдаушысын баурап алатындығы да сондықтан болар. Қалидың орындауындағы әрбір әнге арналған арналған домбырада кіріспелердің өзі бір-біріне ұқсамайтын өзгеше бір әсем сарында басталады, әнді дауысқа қосқанда ғана әнді орындап отырғанын сезесің. Әсіресе Біржаннның «Жанботасындағы» «сабап кетті-ау, қойып қалды-ау» дейтін кезеңдері нағыз әнші актердің қолынан ғана келетін дүние, қайталанбас қасиеттер деуге болады.
Әміре, Иса, Қали, Ғаббас, Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла тәрізді атақты әншілердің орындаушылық шеберлігі, олардың ән салу ерекшелігі, үлгісі өз алдына бір-бір мектеп десе де болады. Әміренің орындауындағы «Үш дос», «Ағаш аяқ», Жүсіпбектің «Сұржекей», «Көгершін», «Жас қазағы», Манарбектің асқақтата салатын «Ардақ», «Топай көк», «Паравоз» әндері Исаның желдірмелері мен Ғарифолланың жорғалаған термелері тыңдаушы көңіліне ұяллап, көпке дейін ұмытылмайтыны сөзсіз. Өйткені кез келген әншінің толық меңгеріп орындап шығуы қиын. Бұл әншінің дарынына байланысты. Атап айтқанда, дауыс мүмкіншілігі – орындайтын әнге, ән сол дауысқа лайықты болуы тиіс. Домбыраның сүйемелімен орындағанда ғана халық әнінің әсерлігі мен әдемілігі, жүрек қылын шертетін дыбыс бояуы өз дәрежесінде шығады. Әнді қанша тамылжытып сүйемелсіз салғаныңмен оның ойдағыдай көңілге қонбайтыны белгілі. Естай ақынның «Әншінің домбырасы — қолғанаты» деп жырлауы осыған байланысты болса керек. Сондықтан да әншінің дауысы мен доомбыра үні бір-бірін толықтырып, үндесіп отыруы керек. Әнші музыкалық пауза жасағанда, сүйемелдеуші аспап шығарманың желісін, жеке интонацияларын, немесе аккордтық гармонияларын орындап, әнге көрік беріп отыратындығы аян.
Бір әншінің аспапта ойнаған кіріспесінен-ақ оның қандай әнді орындайтындығы білінсе, екінші әншіден оны байқау қиын. Ол әнді соған сәйкес басқа бір үнді аккордтар, түрлі өрнектгі саздар арқылы бастайды. Бір әнші пернелерді іліп, шертіп қақса, екіншісі бес саусағымен төгілте, көсілте ойнап әнге ббасады. Осы сияқты түрлендіру, домбыра мен дауыстың бір-бірінен алшақ кетпей, өзара үйлесім табуы — әнші шеберлігі болып табылады.
Әнді нақышында, бұзбай жармай айтудың оңай еместігін әншілердің өздері де мойындаған. Солардың бірі – ақын-әнші Әсет «Арғынмын, атым Әсет арындаған, арындап ән сала ма дарымаған» деп, нағыз әнші болу үшін табиғи дарынның қажеттігін, дарынсыздың әнді игере алмайтындығын атап көрсетеді. Ол:
Бозбала, осы әнімді үйренерсің,
Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.
Асау ән жетегіңе жүрмегенсін,
Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің,-
дейді. Шынында да, Әсет әндерін осы күні келістіре шырқайтын әншілердің азайып бара жатқандығы да осындай әншілік шеберлікке байланысты екені даусыз.
Орындаушылық өнері туралы сөз еткенде, бір кезде ән фольклорын насихттауға аянбай атсалысып, қазақ әндерінің інжу-маржандарын жұртшылыққа танытқан Әміре Қашаубаев, Ғабббас Айтбаев, Қали Байжанов, Манарбек Ержанов, Қосымжан Бабақов, тағы басқа майталман әншілердің есімдері ойға оралады.Алайда бұлардың әншілік шеберліктері жөнінде А.Затаевичтің жинақтарында, басқа да еңбектерде сөз болғаны болмаса, қайталанбас дауыстары күйтабақтарға, киноленталарға түсірілмей қалды.
Аталған әншілердің ізін басып, халық әндерін таратуда көп күш жұмсап, бір жағынан ұстаздық жұмыспен шұғылданған Жүсіпбек пен Ғарифолланың, бұлармен үзеңгілес Н.Әбішев, М.Көшкінбаев, Н Әбілева, Б.Жылқыбаев, Р.Есімжанова, Ә.Нұғыманова, Ж.Қартабаева, М.Ешекеев, Д.Рақышев, М.Балқашева, Г.Ақпанова Қ.Байбосыноов, Ә.Еңкебаев, Ж.Кәрменов, Қ.Рахимова тағы басқа өнерпаздардың болғаны және бар екені қуантады.
Сонау Ақан мен Біржандардан соң сал-серіліктен кейін арқаның дәстүрлі әнін мектеп етіп жалғастырушы Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, есімі қазақ музыка тарихының төрінен Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, Қуан Лекеров, Әлли Құрмановтармен қатар орын алатын Жүсіпбек Елебеков «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, өмірінің соңғы кезеңін жас ұрпаққа тәрбие беріп, әншілікке баулыды. Өзінің әншілік өнерін биік сатыда алып жүре алатын дарынды ізбасарларын дайындауға кіріседі. 1965 жылдан бастап өмірінің соңғы күніне дейін Алматының эстрада студиясының педагогі қызметін атқарып, бойына жиған ән байлығын жас буындарға үйретуден жалықпады. Жүсекеңнің әншілік мектебінен үлгі алған Мағауия Көшкінбаев, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Мұратбек Жүнісбеков тәрізді белгілі әншілер ән сырының сиқырлы сазын терең түсініп, сан алуан ырғақтарын, неше түрлі сұлу үндерді меңгерді. Осылайша сал-серілік заманнан келе жатқан Арқанның дәстүрлі ән өнері Арқаның дәстүрлі ән мектебі болып қалыптасты.
Өнер гүлі өмірге әнмен келдім
Думандата өңірді сәнмен келдім
Жас ұлғайып қалса да қажымаймын
Әлі дағы келеді шырқай бергім,-
деп Жүсекеңнің айтқанындай, артына өлмес, өшпес із қалдырған ерен әншінің дәстүрін жалғастыратын тамаша әншілердің бары ән сүйгіш қауымды қуантады. Осылайша Арқаның дәстүрлі ән мектебі өз дәрежесінде дамуда.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы» Т. Жұмағалиева, Д Ахметбекова, Б.Ысқақов,Ә.Қарамедина, З.Қоспақов.
- «Қазақтың әншілік өнері» З.Қоспақов
- «Замана бұлбұлдары» А.Жұбанов
Тағы рефераттар
- Денсаулыққа қарсы қылмыстардың өзге түрлері
- Солтүстік және Орталық Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштері
- Лирикалық әндер
- Орманды дала және дала зонасының топырақтары, Құрғақ дала және шөл дала топырақтары
- Әлкей Марғұлан