Ауызша есептеуге үйрету тәсілдері туралы қазақша реферат
Бастауыш сынып математикасын оқыту үрдісінде есепті шығара білу шеберлігін қалыптастыру, жетілдіру және дамытудың шешуші бағыттарына тоқталайық.
1. Есеп шығаруға үйрету – математиканы оқытудағы ең қиын әрі күрделі мәселелердің бірі. Бұл балалардың шама-шарқына, психологиялық жас ерекшелігіне сәйкес салыстыру, жан-жақты талдау жасау, қарама-қарсы қою. Жалпылау, түрлендіру, зерттеу, әр алуан категорияларға біріктіру, қорытындылау, абстрактциялау сияқты түрліше меңгеруіне байланысты бірдей дәрежеде орындала бермейді.
2. Балалардың топтық, өзіндік ерекшеліктері қабілет деңгейлерінің әр түрлілігіне байланысты, олардың бәрінен де бір тарақтың жүзінен шыққандай есепті шығара білуге біркелкі үйренеді деуге болмайды.
3. Есеп шығаруға үйрету алғашқы сабақтардың өзінде-ақ басталып, сынып ілгерілген сайын бірте-бірте сәйкес шеберлік те қалыптаса бастайды.
Ауызша есептеуге үйрету Бастауыш сыныптан басталатыны бәрімізге мәлім. Ол уақыт үнемдеу тұрғысынан тиімді. Бір ғана мысалдың нәтижесін бірнеше тәсілмен есептегенде берілетін түсіндірмелер, аралық нәтижелердің қалай шығатыны, ақтық нәтижеде не болатыны ауызша айтылады да, оларды жазуға уақыт жұмсалмайды. Оған қоса қай тәсілді қолдану оқушының өз еркінде болғанымен, олардың барынша тиімдісін іріктеп алуды үйретуге де мүмкіндік мол.
Математика сабағында ауызша есептеу дағдыларын қалыптастыру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Сабақта оқушылардың ойлау қабілетін дамыту үшін есеп шығарғанда орындайтын амалдарды ойша шешіп алуды дағдыландырған жөн.
Бастауыш сыныпта математиканы оқыту тек математикалық білімді берумен шектелмейді. Бұл пән оқушылардың логикалық ойлауын дамытуда маңызы өте зор. Оқушылардың ойлау процесінің нақтылығын, тереңдігін анықтау үшін олардың белсенді іс-әрекетімен бірге өз бетінше жұмысын ұйымдастыру керек.
Ауызша есептеуге үйретуде оқушылардың білімі мен дағдысын тексеру кезінде арифметикалық диктант ретінде қолдануды ескеру қажет. Диктанттан кейін тексеруді ауызша жүргізген қолайлы.
Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту мектепке сабақ және сабақтан тыс жүргізілетін сабақтар формасында жүзеге асырылады. Сабақтарда балалардың математикаға деген ынтасын арттыруға,олардың өз бетінше жұмыс істей білу дағдысын тәрбиелеуге ерекше назар аударылады. Пәнге деген ынтасы мен өз бетінше ойлай білу өзара тығыз байланысты. Сабақ балалар үшін қызықты өткенде, олардың оқу жұмысында да белсенділігі артып, өз бетінше жұмыс жасап, белсенділігін арттырғандығынан олардың пәнге деген ынтасы өседі. Оқушыларды өз бетімен ойлауға тәрбиелеп, математикаға деген ынтасын арттыру үшін оқыту әдістерін дұрыс таңдап алудың маңызы зор. Оқудың белсенді әдістерінің бірі – оқушыларға өз бетімен жұмыс істете білу.
Барлық сабақтың елеулі бөлігінде өз бетімен жұмыс істегенде оқушы жұмыстың мақсатын айқын түсіне білуі, оны орындауы, тексеруі және қателіктерді түзетуі сияқты өз бетімен істелетін жұмыстың жалпы әдістерін бірте-бірте игеріп алуы тиіс.
Оқушылардың сабақта өздігінен орындайтын жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін математика кабинеттерінде дидактикалық материалды, үлестірмелі материалдар, баспа негіздегі дәптерлер, тағы басқа оқу құралдары жинастырылуы қажет. Дегенмен оқушыларға оқулықпен жұмыс істеуді үйретудің орны ерекше. Барлық ғылыми-техникалық білімнің көзі – кітапқа, оның ішінде оқулыққа оқушылардың сүйіспеншілігі мен құрметін арттыру, олармен өздігінен жұмыс істеуді үйрету мұғалімнің басты міндетінің бірі. Әр сынып оқулықтары қажетіне орай орындалуға тиісті жаттығулармен, есептермен, практикалық тапсырмалармен, суреттермен қамтамассыз етілген. Өздігінен жұмыс істеуді оқушылардың сабақ үстіндегі қызметіне енгізу сабақтың құрылымына да, элементтеріне де әсерін тигізеді.
Өзіндік жұмыс үшін оқулықтан берілген жаттығулармен қатар көбінесе тақтаға жазылған, сондай-ақ қалталы полотноға белгіленген тапсырмалар ұсынылады. Өзіндік жұмыс үшін кейде тапсырма әрбір оқушыға жеке түрде беріледі. Бұл жағдайда тапсырмаларды әр оқушының шама-шарқын ескере отырып, сораптауға болады. Сонда жұмыстың өз бетімен орындалу дәрежесінің жоғары болуы қамтамасыз етіледі. Өзіндік жұмысты сыныпта жүргізу оқушыларға дағдыларын игертеді және олардың сабаққа деген ынтасын арттырады. Өзіндік жұмыстарды жүргізгенде тапсырмаларды карточкалар бойынша ұсынған тиімді. Мұнда оқушылардың жеке дара ерекшеліктері және үлгерім деңгейлерін барынша ескеру мүмкін болады. Оқушыларды жалықтырып жібермес үшін, өзіндік жұмыс түрлерінің өзгермелі болғаны жөн.
Балалардың сабақта өз бетімен орындаған жұмысы сыныпта қандай формада болса да ескерілуі тиіс. Мұғалім тапсырманың орындалуын қарап шығуға уақыт бөлуі және өз бағасын айтып, жақсы жұмыстарды атап көрсетіп, қатесін табуға көмектесуі тиіс.
Көрнекті қоғам қайраткерінің бірі Н.К. Крупская: «Балаларды өздігінен жұмыс істеуге үйретудің төтенше қажет нәрсе екендігін, техниканың ғылымның алға басып өркендеуі, жаңадан пайда болған проблемаларды ойланып шеше білудің қажеттігі адамның өздігінен үйреніп, білімін толықтырып отыруын талап ететіндігін, жасөспірім ұрпағымызды өздігінен жұмыс істеуге үйрете білуіміз керектігін» — көрсеткен болатын.
Мектеп оқушыларының өз бетінше жұмыстарын ұйымдастырудың басты формасы – жұмыстарды орындау, ептілік, іскерлік, шеберлік дағдысын дамыту. Бұл үшін төмендегідей тиісті талаптарды орындауға тура келеді:
1. Өз бетінше істелетін кез-келген жұмыстың нақты мақсаты болу керек. Әрбір оқушы жұмыстың орындалу тәртібін жетік білу керек.
2. Өз бетінше жұмыс оқушылардың бойындағы танымдық қабілетін, творчестволық ойлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
3. Жұмыстың мазмұны оқушының қызығуын, талпынысын оята білуі тиіс. Яғни оның тілегі жұмыстың соңына дейін бәсендемейтіндей болуы керек.
4. Өз бетінше жұмысты оқушылар еңбек дағдылары мен әдістерін жетік игеріп түсетіндей етіп ұйымдастыру қажет.
Қорыта келгенде, оқушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстары: карьочкалар, өздік жұмыстар, есептер шығарту, кестелер толтыру арқылы жүзеге асады. Тоқсандық бақылау, өздік 5-10 минуттық бақылау жұмыстары жүргізіледі.
Өз бетімен орындайтын жұмыстары біріншіден, олардың ақыл-ойын таным белсенділігін, екіншіден сабаққа ынталарын, қызығушылығын, үшіншіден ешкімнің көмегінсіз дербес жұмыс істеу қабілеттерін дамытады.
Математика сабақтарында білім берудің барлық негізгі принциптері бір бірімен байланысты жүзеге асады. Мысалы: Саналық, көрнекілік, жүйелілік, беріктік, шамаға лайықтылық және тағы басқалар. Бастауыш сыныпта математикадан оқушылардың білім деңгейін көтеруде көрнекілік принциптерінің рөлі ерекше.
Көрнекі түрде оқыту – оқушылардың тиісті бақылауларына сүйеніп оқыту, бірақ көрнекі оқыту дегенді тек көрнекі құралдарды пайдаланып отыру деп түсінбеу керек. Алдыңғы айтқандай көрнекілікпен оқыту арқылы білім сапасын артттырамыз, материалды жетік терең әрі тез, жеңіл түсінуіне ықпал жасаймыз. Көрнекі құралдар оларды қалай пайдалану керектігі туралы бірқатар педагогикалық-психологиялық зерттеулерге тоқталып өтуге болады.
Көрнекілік принципін теориялық жағынан бірінші болып негіздеген Я.А. Коменский (1592-1670) болса, орыс педагогтары ең алдымен ұлы педагог К.Д. Ушинский (1824-1870) көрнекілік мәнін психологиялық жағынан қоса алып көрсетті.
Көрнекілік әдісімен оқу – оқушыларды өз бетінше байқауға үйретуге негізделеді. К.Д. Ушинский көрнекілік әдіске психологиялық анализ жасай келе, көрнекілік тек көру сезіміне ғана байланысты деген бір жақты пікірді сынады. Себебі қандай нәрсені болса да қабылдағанда сезім мүшелеріміз неғұрлым көбірек қатынасса зат және құбылыс жөніндегі қабылданбаған ұғым, түсінік есіңізге соғұрлым берік, тиянақты есте сақталады.
Сондықтан сабақта көзбен көру, дыбыс органымен айту, қолмен жазу, тағы басқа сезім мүшелерінің белсенді қатысуы тиіс. Егер де педагог баланың есінде бірдеңені берік қалдыруды көздейтін болса, ал көз, құлақ, дауыс, бұлшық ет сияқты сезім органдарының, тіпті мүмкін болса, иіс және дәм сезімдерін де есте сақтап қалу актісіне көбірек қарастыруға тырысуы керек деген К.Д. Ушинский.
Көрнекілікті қолдану оқушылардың білім сапасын арттырады, көрнекі құралды пайдалана отырып, мұғалімнің жетегімен, оқушылар өздігінен оңай қорытындылар жасай алады.
Оқылатын материалды көрнекі құралдармен иллюстрациялау арифметикалық оқытудың бірінші күнінен бастап барлық оқу жылдарында қолданылып отырады. Баланың санды үйренудегі бірінші адымы сурет қараудан басталады. Баланың көз алдынан құстың, қоянның, мысықтың, тағы сол сияқты суреттері өтеді. Бұл суреттер белгілі жолмен құралып, бірінші ондық сандарының әрқайсысын кескіндейді.
Көрнекі құралдар арқылы балалар амалдың идеясын да түсінетін болады, мысалы, тәрелкедегі сүтті жалап жатқан екі мысыққа үшінші бір мысық жүгіріп келе жатқанын көргенде, бала барлығы неше мысық деген сұрауға жауап беру үшін, 2+1 керек деген ой келеді.
Көрнекі құралдарды әр-түрлі тәсілмен пайдаланудың маңыздылығы оны жеткілікті және қажетті пайдалануды көрсету керек. Берекесіз пайдаланған көрнекілік өзінің сапасын жоғалтады. Мұнда оқу процесінің білімділігі де кемиді. Оқушылардың сабаққа ынта-жігері, қызығушылықтары жоғалады. Сондықтан көрнекіліктерді тиімді тәсілмен қолдану керек.
Көрнекілік қолдану тәсілдерін таңдау үшін көрнекі құралдарды оқушылардың оқу процесіндегі ролін білуіміз керек. Көрнекіліктің оқу процесіндегі роліне қарай екі үлкен топқа бөліпқараймыз. Заттың-бейнелік көрнекі құралдармен таңбалы көрнекілікке бөлуге болады. Бірінші топтың құралдары: суреттер, фотосуреттер, диафильмдер, кино үзінділері, табиғи объектілер және тағы басқалар. Осылар міне мұғалімге түсініктер мен ұғымдарды қалыптастыру кезінде сезімдік қабылдауына оқушыларға өзара жәрдем беріп отырады. Екінші жағдайдағы көрнекі құралдар: схемалық көлемді объектілердің күрделі байланыстарын, өзара тиімділігін және нақты бейнеде қабылдауға байланысты пайдалану керек. Көрнекі құралдарды қолданудың осындай тәсілдерін білу мұғалімнің оларды дұрыс таңдап алуына және оқытуды тиімді түрде жүргізуге, сондай-ақ сабақтың сапасын арттыруға, оқушылардың зейінін бір мақсатқа бағындыруға көмектеседі. Сабақта көрнекі құралдарды тек қана бір тәсілмен қолдану дұрыс емес. Олар бір-бірімен араласып , біте қайнасып жатады.
Көрнекіліік математика сабағында білім көзі ретінде қолданылған, ол елеулі мәселеде берілетін білімдерді нақтылау мақсатында көрнекі құралдар да түрлі тәсілдермен қолданылады.
Жоғарыда айтылып өткендей оқыту процесінде бір-бірімен тығыз байланысты оқулықтардың, көрнекі құралдардың және оқытудың техникалық құралдарының тұтас жиынтығы пайдаланылады. Олардың ішінде ең маңыздылардың бірі — әр сыныпқа арналып жеке-жеке басылатын «Дидактикалық материалдар». «Дидактикалық материалдар» ең алдымен курс бойынша орындалатын жаттығулар мен сабақтарда орындалатын әр түрлі жұмыстарды ұйымдастыруда мұғалімге елеулі көмек көрсетеді. Сонымен бірге, сабақ үстінде топтық немесе жеке-дара жұмыстар орындағанда, үлгерімі төмен немесе жақсы оқитын оқушылармен жеке жұмыс жүргізгенде, бақылау жұмысын ұйымдастырғанда; сондай-ақ оқушылардың әр алуан категорияларымен жұмыс істегенде «дидактикалық материалдар» кеңінен пайдаланылады.
Оқушылар сабақта, ойын үстінде, ойлау, өлшеу, есептеу, табу, зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Оларды ұштап, жетілдіріп отыру мұғалімнің міндеті деп білеміз. Бастауыш сыныптарда математика пәнін оқытуда баланың ой-өрісін дамытып, бағдарламада өтілген негізгі материалдарды практикада қолдана білуіне, оқушылардың сабаққа деген ынта-ықыласын арттыруына, өткен материалды өз мәнінде толық игеруіне мүмкіндік жасайтын тәсілдердің ішінде дидактикалық ойынның мәні зор. Сабақта өтілген метериалға сәйкес дұрыс жүргізілген дидактикалық ойындар оқушылардың сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттырып, тақырыпты дұрыс меңгеруіне ықпал тигізеді.
Математика – ұлы ғылым, адам ақылының ең бір асыл қабілеттерінің тамаша жемісі. Шәкірттерді білім нәрімен сусындататын, өмірдің асулары мен шыңдарына қажымай-талмай шығуына алғашқы жол нұсқаушысы – ұстазы.
Оқушылардың ұлы ғылым саласынан сапалы білім алуы тікелей мұғалімге байланысты. Яғни, мұғалімнің сабақ барысында оқушыларға білім беру мақсатымен жүргізілетін жұмыс түрлеріне. Бұл жұмыс түрлері әр сабақта қолданылып отырса оқушының білім сапасының ойдағыдай деңгейде нәтиже беретініне үлкен үміт артуымызға болады. Бастауыш сыныпта математикадан оқушылардың білім деңгейін арттырудың жолдарын қарастырдық. Онда ауызша есептеуге үйрету тәсілдеріне; өз бетімен жұмыс істеу машықтарын қалыптастыруға; көрнекі құралдарды пайдалану жүйесіне; дидактикалық материалдарды орынды ретпен қолдануға тоқталып өттік. Осылардың барлығы оқушы санасына жеткізе білу мұғалімнің профессионалдық шеберлігімен, іскерлігімен тікелей байланысты, «ана — өмір тұтқасы» болса, «ұстаз – мектеп тұтқасы» десек артық айтпаймыз.
Оқушыларға математика негіздерінен білім беру, басқа ғылым салаларымен ұштастыру ұстаздардың басты міндеті екенін әрдайым есте тұтқанымыз жөн.
Тағы рефераттар
- МҮКТЕР МЕН ҚЫНАЛАРДЫҢ РАДИОАКТИВТІЛІГІН ЗЕРТТЕУ
- Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің туризмдегі рөлі
- Сот
- АҚШ сот жүйесі
- Қазақстан Республикасының метрологиялық қызметтiң дамытуының перспективалары