Азаматтық қоғам, оның тарихы. қалыптасу белгілері, құрылымы және қағидалары туралы қазақша реферат
Адам қоғамы қалай қалыптасты, оның себептері қандай — бұл туралы бір қорытынды пікір жоқ. Бірақ бұл түсінікті ең бірінші ғылымға енгізген Адам Смит, Давид Рикардо, оған саяси сипаттама берген Гегель. Дүниежүзілік ғылыми, саяси қайраткерлердің, ойшылдардың айтуынша — қоғам саналы адамдардың ерікті түрде бірігіп өмір сүруі. Бұл бірігудің негізгі себебі адамдардың бір мүдделігі, бір тілектестігі. Мұнсыз бірігу мүмкін емес. Мүдде екі түрлі болады: жеке адамның мүддесі және қоғамның мүддесі. Қоғам осы екі мүдде-мақсатты біріктіріп, дамытып отырады. Осы объективтік даму процесінде адамдардың өзара ынтымақтастығы қалыптасты. Сол арқылы жеке адамның қолынан келмейтін, әлі жетпейтін істерді атқаруға мүмкіншілік туды. К. Маркс қысқаша: «Қоғам — адамдардың өзара еңбек жасауының одағы», — дейді.
Қоғамдық мүдде-мақсат, қоғамдық тілек уақытша емес, түпкілікті, нақты, объективтік мағынада қалыптасуы керек. Сонда ғана қоғамның жақсы дамуға, нығаюға мүмкіншілігі болады. Себебі қоғам саналы адамдардың ерікті түрде қалыптасқан одағы. Егер бұл одақ, бұл бірлік еріксіз, озбырлық түрде ұйымдастырылса, ондай қоғам нәтижесіз тез тарқап кетер еді. Адам қоғамның бірінші — клеткасы. Қоғам адамдардың күрделі әлеуметтік бірлестігі. Бұл бірлестік, бұл қоғам дұрыс, жақсы даму үшін оның ішіндегі қарым-қатынастарды реттеп, басқару керек болды. Оны қоғамның объективтік даму процесінің заңдарына сүйене отырып, адамдар өздері әлеуметтік нормалар арқылы реттеп, басқарып отырады. Сондықтан мемлекет пен құқықпайда болды. «Адамдар өз тарихын өздері жасайды, — деп жазды Маркс, — бірақ олар оны өз қалауынша жасай алмайды, қолындағы барды, бұрынғыдан қалған мұраны қолдануға мәжбүр болады»
Азаматтық қоғамның тарихи объективтік қалыптасқан негізгі белгілері:
— саналы адамдардың ерікті түрде бірлесіп одақ құруы;
— қоғамдық түпкілікті, нақты, объективтік мүдде мақсаттың
— адамдардың өзара ынтымақтастығының, бірлігінің қалыптасуы;
— қоғамдық мүдде — мақсат, тілек арқылы қарым — қатынастарды реттеп — басқару;
— қоғамды басқаратын, қоғамдық тәртіпті қорғайтын аппараттың, мемлекеттік биліктің өмірге келуі.
Қоғам — саналы адамдардың бір мүддені, бір мақсатты орындау үшін саналы түрде өзара бірігуі. Мұнда міндетті түрде екі шартты элемент бар: мүдде-мақсаттың қалыптасуы және саналы адамдардың саналы түрде бірігуі.
Адамның объективтік тарихи даму процесіне және күнделікті қарым-қатынасында қоғамның бірнеше түрлері болады: өндірістік қоғам, шаруашылық қоғам, әлеуметтік қоғам, азаматтық қоғам т.б. Осылардың ішіндегі ең күрделісі, ең түпкіліктісі адаммен бірге дамып келе жатқан азаматтық қоғам. Қоғамның басқа түрлері тез құрылып, тез тарап жатады. Олардың өмірі, іс-әрекетінің шеңбері, кеңістігі көп өлкеге жайылмайды, уақыты көпке созылмайды.
Азаматтық қоғам — мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік — экономикалық және мәдени-рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығы. Оған қатынасушылардың табиғи және азаматтык құқықтарын, бостандығы мен міндетін автономиялық даму жолы қамтамасыз етеді. Азаматтық қоғамда үзіліс болмайды, уақыты шектелмейді, өлкеге-аймаққа бөлінбейді, мемлекеттің барлық жерін, барлық халқын біріктіреді.
Азаматтық қоғам — мемлекетке тәуелді емес, дербес, ашық, жариялы қоғам. Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасу ерекшеліктері: кеңестік мейлінше мемлекеттендірілген күйден шығу, қоғам мен мемлекеттің арақатынасын тәуелсіз — дербестікте дамыту.
Республика Конституциясы Қазақстандағы азаматтық қоғамның барлық даму сатыларын мемлекетке бағындырмастан (оның айғағы — онда «Азаматтық қоғам» бөлімінің әдейі болмауы) әлеуметтік бағдарлы нарық экономикасы мен жеке адамның автономиясын тұрақты қалыптастыру үшін оған қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалайды. Оған: тең дәрежеде танылатын және қорғалатын мемлекеттік меншік пен жеке меншікті (6-бап-тың 1-тармағы); адам және азамат құқықтарының кең ауқымды және біртұтас кешенің (П-бөлім); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттің қорғауын (27-бап); идеологиялық және саяси әр алуандылықты (5-бап) және тағы басқа жаңа Конституцияда бекітілген қазақстандық-азаматтық қоғамды ерікті дамытудың алғы шарттарын жатқызуға болады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында елімізде азаматтық қоғамды қалыптастырып, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құру бағыттары көрсетілген. Бұл бағыт мемлекетіміздің ең күрделі, ең жауапты мүдде-мақсаты.
Азаматтық қоғамның құрылымы — Қоғамды өзінің табиғи мүдде-мақсаттарына сәйкес құрушы, реттеп, басқарушы — адам. Адам қоғам құрылымының негізгі элементі — діңгегі. Адамдардың бірлестіктері, ұйымдары, одақтары, еңбек ұжымдары, саяси партиялары, мемлекет, олардың арақатынастары — азаматтық қоғамның элементтері.
Қазіргі Қазақстанның азаматтық қоғамын бес жүйеге бөлуге болады: әлеуметтік, саяси, экономикалық, рухани-мәдени және ақпараттық жүйелер:
Әлеуметтік жүйе — объективтік тұрғыдан қалыптасқан адамдардың бірлестіктері, ұйымдары, одақтары т.б., олардың өзара байланысы. Бұл жүйе азаматтық қоғамның ең негізгі ұйымдастырушы жүйесі, өзі үш топқа бөлінеді: бірінші тобы — қоғамның үзіліссіз өмір сүру негізін жасаушы, дамытушы топ: отбасы, бала тәрбиелеу, табиғи өмірді жалғастыру; екінші тобы — адамдардың өзара, бір-бірімен байланысы, қатынасы; үшінші тобы-қоғамдық ұйымдардың, таптардың, топтардың, ұлттардың арақатынастары.
Экономикалық жүйе — қоғамдағы меншіктің түрлері, өндіруші күш пен өндірістік қатынастар, материалдық кірісті әділ бөлуді қалыптастыру. Бұл жүйенің құрылым элементтері: жеке, мунициналдық, акционерлік, кооперативтік, мемлекеттік, фермерлік меншіктер мен шаруашылықтар және қоғамдық кірісті, байлықты әділ бөлу.
Саяси жүйе — мемлекет, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер және жеке адамдар, депутаттар, т.б., олардың ара қатынастары. Оның ішінде ең күрделісі мемлекеттік билікті іске асырудағы қатынастар. Қатынастардың даму процесінде субъектілерге бостандық берілуге тиіс. Күштеу тек заңдылықты, тәртіпті бұзса ғана қолданылу қажет.
Рухани — мәдени жүйесі — осы бағыттағы мемлекеттік, қоғамдық, органдар мен ұйымдар, олардың арақатынастары. Бұл жүйенің негізгі бағыттары: білім, ғылым, мәдениет, рухани сана-сезім, дін, адамдардың денсаулығы.
Ақпараттық жүйе — осы ақпараттық бағыттағы барлық ұйымдар, бірлестіктер, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, олардың жұмыстары мен арақатынастары. Бұл бағытта іс әрекеттерге толық бостандық берілуі қажет.
Осы көрсетілген азаматтық қоғам жүйелерінің жақсы, сапалы дамуына зор маңызды үлес қосатын мемлекет пен құқық, қоғамдық ұйымдар мен партиялар және қоғамдағы демократияның жоғары дәрежеде болуы.
Азаматтық қоғамның белгі — нысандары:
— адамдардың экономикалық, әлеуметтік, саяси бостандығы мен құқықтарының қамтамасыз етілуі;
қоғамда бостандықтың, жариялылықтың болуы, ақпараттың жұмысына азаматтардың қатысуы, ішкі-сыртқы байланыстарға қатысуға, жүріп-тұруға толық құқықтарының болуы;
— азаматтардың қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер құрып, өз мүдде-мақсаттарын орындауға, іске асыруға және шет елдердің сондай ұйымдарымен байланыс жасауға құқықтарының болуы;
— жергілікті өзін-өзі басқаруға толық бостандық болуы, оның жұмысына мемлекеттің араласпауы, қажет болса тиісті көмегін көрсетуі; жергілікті өзін-өзі басқаратын мекеме жергілікті мемлекеттік органмен тығыз байланыста жұмыс жасауы;
— азаматтық қоғам — толық бостандық, демократия қалыптасқан қоғам болуы қажет, ол болашақ құқықтық мемлекеттің талаптарын іске асырып, сол мемлекеттің объективтік тұрғыдан негізі болуға тиісті.
Сонымен, азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет екеуі қатар дамып, өрескел қайшылықтарды бірлесіп реттеп, қоғамның бейбітшілік, прогрестік жолмен дамуына толық мүмкіншілік жасаулары қажет. Қазақстан Республикасының Конституциясында бұл мәселенің негізгі бағыттары көрсетілген. Оның бірінші бабында азаматтық қоғамның және құқықтық мемлекеттің ең негізгі қағидалары былай деп жарияланған: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». (ҚР Конституциясы. А. 1995. 4 б.)
Азаматтық қоғамның негізгі қағидалары
Азаматтық қоғамды одан әрі дамыту мынадай принциптерге негізделеді:
адам мен азаматтың іргелі құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
эволюциялылық және кезеңділік;
қоғамдық өмір салаларында, ең алдымен экономикалық салада, әлемдік дамудың жаһандық үрдістерін ескере отырып қайта құрулармен бірге бағдарланушылық;
заңның үстемділігі, барлығының бөле жармастан заң алдында теңдігі;
мемлекеттің істерін басқаруға және басқа да қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге Қазақстан Республикасының азаматтары мен олардың өкілетті өкілдерінің қатысуы;
елдегі демократиялық процестерге азаматтардың қатысуы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;
азаматтарды демократиялық мәдениет мінез-құлқына тарту;
билік пен қоғамның үндесу мен ынтымақтастық мәдениетіне бейіндігі.
Азаматтардың бірлестіктері мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің ешқайсы да көпшілік билікпен өзара қатынастарда азаматтық бастаманың бүкіл секторының мүддесін қорғай алмайды.
Осы Тұжырымдаманы әзірлеу мен іске асыру үшін мыналар құқықтық негіз болып табылады: Қазақстан Республикасының Конституциясы; Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт (1966 жылғы 16 желтоқсанда жасалған, Қазақстан Республикасы 2005 жылғы 28 қарашада ратификациялаған); «Ассоциация бостандығы және ұйымдастыру кіру құқығын қорғау туралы» Халықаралық еңбек ұйымның № 87 конвенциясы (1948 жылғы 9 шілдеде қабылданған, Қазақстан Республикасы 1999 жылғы 30 желтоқсанда ратификациялаған); Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 10 қазандағы ««Қазақстан – 2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан халқына Жолдауы; Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы (Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 4 желтоқсандағы № 735 Жарлығымен бекітілген), Қазақстан Республикасының мемлекеттік сәйкестілігін қалыптастыру тұжырымдамасы (Қазақстан Республикасы Президентінің
1996 жылғы 23 мамырдағы № 2995 өкімімен мақұлданған), Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасы (Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 23 қыркүйектегі № 949 Жарлығымен мақұлданған), Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарын мемлекеттік қолдаудың тұжырымдамасы (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы
23 қаңтардағы № 949 қаулысымен мақұлданған).
Тағы рефераттар
- Инвестициялық жобаларды бағалау әдістері
- Сақтандыру компанияларының инвестициялық қызметін жетілдіру
- Әбілқайыр Мұқамбет Ғази Баһадүр хан
- Салықтардың объективті қажеттілігі, және экономикадағы мәні
- Тұрмыстық мердігерлік