Бақтыбай   Жолбарысұлы

(1842-1902 ж.ж.) 

         Жетісу өңіріндегі  атақты   ақындардың  бірі-Бақтыбай Жолбарысұлы  1842 жылы маусым  айында дүниеге келген. Атасы Аңламастан Аю,Жолбарыс,Үден деген үш бала өрбіген.Жолбарыстан Тәттібай тарайды.Ол кезде Талдықорған жағындағы биік-биік таулар ішінде, жыра-сайларда аю, жолбарыс сияқты ірілі-уақты аң-құстар өте көп болған.Аңламас қарияның балларын сондай  күшті аңдардың атымен атауында гәп бар.Күш пен айланың заманында аю,жолбарыс сияқты батыр туса екен деп армандаған болуы керек,бірақ оның ұрпағынан Бақтыбай сияқты атақты ақын шығарын,әрине,ол білген жоқ. 

Адам тағдырын ың сонша қиын да қызық екенін мынадай байқаңыз:жеті айлығында шала туған нәрестені атасы Аңламастан қалмған ескі тымаққа салып ,ай кереге іліп қойған.Бала үшкін бойы ауызына нәр алмапты .Ескі ырым бойынша ,шешесі Шәуке қайнысы Үденнің тұзақпен ұстап,үйінде бағып отырған бұлбұл құсын сұрап алып ,жас нәрестені соның тілін таңдайына салып ауыздандырған екен.                                                              Бақтыбай жеті жасқа келгенде әке-шешесі бірдей өліп ,нағашысы асырап алады.Жас баланың он жасқа келгенше тілі шықпаған.Он екі жасынданағашысының ешкілерін қасқырға талатып ,қорыққанынан күзгі жауында суық түнінде өз еліне қарай қашады.Әрі тоңып әрі қорқып келе жатқан бала айдалада әлі шоғы сөне қоймаған жер ошаққа кез болған.Соныңкүліне аяғын тығып жатса ,көзі ілініп кетеді.Түсінде Қабан ақынды  көреді.Ел,Ескелді ,Балпықпен қатар әулие санайтын осынау аруақты ақын : «Өлең аласың ба,көген аласың ба?»  – деп сұрапты мыс.Бақтыбай: «Өлең аламын»  деген.Қабан ауызына түкіріп, «жұтып қой» депті.Шаттана оянған баланың сол күненен бастап тілі шығып, айнала дүниеге ақын көзімен қарай бастайды. Бұл туралы өзі де былай деген:

 

Жасымда жетім болып безіп кеттім,

Қаңғырып айналаны кезіп кеттім.

Түсімде қабекеңнен өлең алып,

Қызырға бай қылатын кезікпеппін.

 

Айналад адасқан бала елін таба алмай келе жатқанда, ұзын қара жолда бір сауда керуеніне кездеседі. Бұлар керіші өзбектер екен. «Еліңді тауып береміз» деп баланы алдап, өздерімен бірге алып кетеді. Сөйтіп, үш жылдай өзбекерде малайлықта жүреді. Есі кірген соң күншығыс жақта, Қаратал, Көксу өзендерінің бойында елі бар екенін білетін боз бала бір түнде қашып кетеді. Жолда жер өлшеп жүрген бір орыс инжденеріне кездеседі де, оның да жұмысын бір жылдай атқарып жүргенде өрістегі жылқыдан бір жүйрік ұстап мініп, «елім қайдасың?» деп тартып отырады….

Көп қорлықпен, әркімнен сұрастыра жүріп ауылына келсе, ағасы аюдың ешкілері күтіп тұр екен. Ешкі соңында жүрсе де өмірдің тақсіретін көп тартқан ,бірақ жүрек оты сөнбеген бала өздігінен домбыра тартуды үйреніп ,жиын тойларда ән айтып ,ауыл елге таңыла бастайды.Өнерінің арқасында ешкі бағудан құтылады.17 жасында Жетісудың азуы алты қарыс билеушісі ,халық  «хан» атаған,орыс полковнигі,Абылай ханның немересі  Тезек төрені іздеп баруы оның бойындағы ақындық алапат күш пен өжетілігін аңғартатындай.Оқиға былай болған:Тезек төре «Алман» деген жайлауда ақ шаңқан үйлерін тіктіріп ,шаруа істейтін қараша үйлерден алыстау отырады екен.Өзі  шақырмаса ,оның ауылына баса-көктеп ешкім бара алмаған. Шақырылып барғандардың өзі аттарын алысқа байлап, қол қусырып жаяу келген. Қолында кішкене домбырасы бар жұпыны киімді бала жігітті ешкім елең қылмайды.  Ақ Ордада осы елег ақылымен, шешендігімен аты шыққан Суан қожбамбет бидің Тезек Төремен әңгіме-сұхбат құрып отырғанын алыстан байқап-біліп, аңдаусызда үй сыртына жеткен Бақтыбай Ескелді атасының аруағына сиынып, өлең тиегін ағыта жөнелед:

 

         Үш жүзге «Абылайлап» шыққан атың,

Ешкімге біленбеген жамн атың.

   Кембағал алдыңызға келді қонақ-

    Алла –жар, білесіз ғой жетім ақын.

     Шешенде тіл ,шеберде мін бола ма,

Нашарда шыға-тұғын ,үн болама

Ақ сүйек хан иемнің баласы едің,

Бір аттар босағаңнан күн бола ма

Затында өзі де ақын,бірақ хан тұқымы болғансоң,жөнсіз жайыла бермейтін  Тезек бала жігіт қанша мақтап өлең айтса да сынағысы келдіме ,әлде бейбастақ жігітке шын ашуланды ма-есік күзетіп тұрған жасауылдарына үй сыртында шаңқай түстеқақсап тұрған жетімді «Әрі қуып тастаңдар,кетпесе басын алыңдар» деп бұйырады .Табиғаттың өжет Бақтыбай  жетіп келген екі жеткіндекте : «Мен төрені даттағам жоқпын,мақтадым. Неге «басымды ал» дейді? Менің басымды төре алмайды, алланың өзі алады» деген сөзін үйде отырып естіген соң Тезек көзбе-көз сынап көргісі келді ме екен: «Жарайды, кірсін», — дейді. Жас ақын кірген бойда домбырасын қағып-қағып жіберіп, өлеңмен сәлемдеседі де, төрені біраз мақтаған соң, аяқ жағында:

 

    Жас та болса мейманмын,

Қарсы алады деп едім.

     Сары ала тұйғын сен едің,

       Сары ала тышқан мен едім,

      Тышқанға көзін салғандай,

                               Қарғалық заңың бар ма еді№- деп тиседі.

 

Соңғы сөзіне ашуланайын десе де, мына балаң жігітте ақындық күш бар екенін сезген Тезек сабыр сақтап, тағы да сынамақ болады. Қожбамбет бимен екеуіне сызылып қымыз құйып отырған ақ Дәнекер аталған сұлу келіншекті иегімен мезгеп:

— Мына сұлуды мен көркіне қызығып, ол менің хандығыма қызығып, тиген күйеуінен тартып алып едім. Мақтай аласың ба?- дейді Тезек. Бақтыбай: «мақтайын», дейді. Сонда суан руынан шыққан Қожбамбет би:

— сен, бала, ескелді бидің тұқымысың. Кейбір ақын қорыққанынан немесе жағыну үшін өтірік мақтайды. Өтірік сөз жүрекке жақпайды, арна жоқ жерден су ақпайды. Шындықты айтсаң, құдайдың өзі сақтайды,- деген екен. Бақтыбай сонда:

 

    Дәнекер – сіздікі емес, біздің қатын,

           Тартып ап қатын қылдың білмей затын.

Төркіні Дәнекердің қоқандықтар,

             Қоқанның қайын қылдың тәжік, сартын.

          Қатынды кім мақтайды елден шыққан,

               Қорқауға жұтылды ғой көрден шыққан…-

 

деп екуін де оңдырмайды. Дәнекер бетін басып төмен қарайды. Хан түгіл, жай адамды жерге кіргізетін тағы басқа сөздерінің ішінде мынау да бар:

         Хан тезек, қатарында сен бір жайсың,

      Дәнекер туралы ісің болды лайсың.

         Періште алтын көрсе жолдан шығар,

             Шығарды сізді жолдан қандай шайтан?

 

Сонда Дәнекер сұлу ызаланып:

 

— Қаңғып жүрген қайыршыға жер-жебіріме жеткізе қазғызып, қасиетті хан дегендегі, көрсеткен жақсылығың осы ма?- деп, көзінің жасын төгіп, далаға шығып кетеді. Бұдан кейін Төренің қолына домбыра алмасқа шарасы қалмаған….

1987 жылы «Жазушы» баспасында жарық көрген «Жел қобыз» атты Бақтыбай жинағынан алынып отырған осынау шағын үзіндіден-ақ талай жағдаятты аңғаруға қиын емес. Біріншіден, Тезек сияқты азуы алты қарыс арыстанның алдына бару үшін жүрек керек. Екіншіден, анандай батылдықпен батыра-батыра айту әр ақынның қолынан келе бермейді. Үшіншіден, тапқырлық, бейнелеп сөйлей білу үлкен дарынның үлесіне тиетін шаруа.

Бұдан кейін Тезек оны жұмбақ айтысқа тартады, онда да Бақаң бір жаңылмайды. Біресе өзін мақтатады, біресе жамандатады. Екеуінде де желаяқ жүйрік шабысынан бір танбайды. Және сөздерінде  бұра тарту, құйтырқылық жоқ, бәрі әділ, бәрі тура, шындық өмірден алынған фактілер арқылы төрені тырп еткізбейді. Тіпті әкесі Әділдің жауға тұрудың орнына қорқып қашқанына дейін айтып салады. Бұл айтысты тыңдап отырған Қожбамбеттің беделі өткен болар, Тезек тарпан мінез көрсетпей, айтыс жолы осылай дегенде , ақырында дап-дардай басымен бала жігіттен жеңілгенін мойындаған. Тезектің мына бір сөзі оның да тұғыры биік бүркіт екенін аңғартқандай:

— Қожамбет, мен екі ақын, бір шешен көрдім. Біреуі – Сүйінбай, екіншісі- Бақтыбай. Ал шешен дегенім – Ыстыдағы Бөлтірік. Өзгесі ақын да, шешн де емес. Не тілеп келім едің, Бақтыбай, соныңды айт, берейін,- дейді.

Басында жөнді үйі жоқ, малға да, күш-көлікке де жарымай жүрген бала жігіт осы жолы асқан дарындылығының арқасында Тезек төре сияқты сұңғыла, терең ойлы басшы алдында абройы асып, қомданып қайтады. Мазмұны мағыналы, көркемдік дәрежесі жоғары осынау ұзақ айтысты оқып отырғанда Бақтыбай – ертеден насихаты күшті Сүйінбай деңгейіндегі ақын-ау деп қаласың. Осы айтыстан кейін-ақ Бақтыбайдың атақ-даңқы айнала ел ішіне кең тараған.

Бақтыбайда қысқа өлеңдер, жыр-толғаулар көп болса керек. Бәрі жиналмағанмен әлгі кітаптағы барының өзі бұл ақынның қаншалықты өткір, қылпып тұрған пышақтай қиып айтатын алғырлығын аңғартып тұр. Сондай десек те, Бақтыбай – алдына жан салмаған айтыс ақыны. Бұл – арнайы зерттелуге тиіс тақырып. Мен оның сүйінбаймен кездесуін, Жамбылмен танысуын, Әсет, Жүсіпбек қожа сияқты сол замандағы тарланбоздармен айтыс-қақтығысынан аттап өтіп бір ғана таңқаларлық құбылысқа тоқталмақпын.

Жастайынан тағдыр тәлкегіне ұшырап, есейгенде де жақсы жар бұйырмай. Анандай алпауытөнерімен игі жақсылардың жанында жүру орнына арық қазып, егін егіп, өлмес күнін көріп жүргенінде оған Мәйке сұлу  кездеседі. Бойында туа біткен ақындық қасиеті мол, табиғат ақыл мен ажарды бірдей берген ауқатты жердің қызы бидай орып жатқан Бақтыбайды өзі іздеп келген. Мақсаты- ақындығы ел аузынан түспей жүрген, өзі де өлеңдерін, Тезек төремен айтысын жатқа білетін 17 жасар ерке сұлу қыз әйелін сүймейтін қырықтағы Бақтыбайды бір көру еді. Әуелі қыз оны үйіне іздеп барған, бәбішесіің күйкі тірішілігінен көңілі қалған. Егін басында жүрген Бақаңа Мәйке қыз келе тиседі:

 

     Жалайыр көп мақтаған ісіңізді,

Өнер тілге біткен күшіңізді.

                  Көрген соң көңілім менің жабырқады,

            Күйкиген, күн қақталған түсіңізді.

 

Үстіне кір-кір шекпен, аяғына шоқай етік киген Бақтыбай өзінің тақыр кедейлігін, содан «көңілінің басылып жүргенін» айта келе:

 

Бақаң бүркіт емес пе,

Таудан түлкі ілетін.

          Парқымды білесің, Мәйке қыз

                                              Жөнің емес күлетін.

Сары тоғайда қырғауыл,

   Мәйкетай сіз емес пе?

  Кәрі қыран тарланың

   Үйрек пенен тоты құс

Алқымында жүретін.

         Бұлар бір-бірінің ақыл парасатын, білімін, тапқырлығын тану үшін бірталай айтысады. Жалпақ Жалайырға аты жайылған Бақтыбайдың қанша кедей болса да қаситетті адам екенін, адал жүрегін, сезімталдығын байқаған Мәйке шын ризашылықпен аттанады. Ол өзі қалың мал төленген ұзатылғалы жүрген қыз-тұғын. Сонда да «мынандай адамға тағдыр қосса – тәуекел» деп, айтыс үстінде айтып та қалды. «Бірақ оған сенің төлер малың қане» — деп, намысына тиді. Бақаң: «Менің ел жұртым бар солар көтеріп кетеді» дегенді айтады. Мәйке: «Мұныңа сенбеймін » — деп тағы қарайды. «ендеше серт болсын»- деп уәде береді. Бақаң: «мен сені тоқал демеймін, алсам бәйбіше орнына боласың», — деп, тағы да сұңғылалық көрсетеді. Бұған іштей шаттанған Мәйке «Уәделі күніңді күтемін»,- деп аттанып кетеді.

Айтуына айтса да, Бақаңа мал табу оңайға түспейді. Қысылғанда оған қол ұшын берген жалайыр ішіндегі Арықтыным, Бәшегердің атақты биі, көсемі Жалменде еді. Ол Бақтыбайдың ақындық, күйшілік өнерін сыйлап, әрі қыз жағдайына терең ой жүгіртіп, күллі Жалайырдың жақсы мен жамандары бас қосқан үлкен бір жиында тамаша тапқырлық сөздер айтып, жағдайды түзеп жіберген. Мәйкенің түскелі отырған қайын жұрты Бектемір адамдарын дереу Жалайыр мен бітімге келтіріп, екі ақын жүректі жалғайды. Жасында кедейшілік тауқыметін көп көрген, бүгінде ел қатьірлісі атанған бидің бұл – үлкен ақын тағдырын шешкен қимылы болған.

Бақтыбай мен Мәйке бақытты өмір сүріп, Нұрыш деген қыз, Түсіпбек деген ұл сүйеді. Бақтыбай 60 жасында 1902 жылы сүзек ауруынан қайтыс болады. Мәйке беріде, 1932 жылы өмірден өткен. Ол өле-өлгенше, отыз ыжл бойы өзі 17 жасында  сүйіп қослыған ақынның жырларын насихаттаудан, жас ұрпаққа жаттатудан жалықпаған, домбырасына дейін сақтап, ұрпақтарына аманат етіп қалдырған. Бүгінде Талдықорған ауданындағы Бақтыбай ауылында биік дөңнің басында екеуіне сұлу ескерткіш орнатылған. Бұл жүректерін өнер рақылы жалғаған екеуіне деген қазіргі ұрпақтың сүйіспеншілігінің белгісіндей елестейді.

Жазған:

Абай атындағы дарынды балаларға арналған

№10 лицей мектебінің 5 «б» сынып оқушысы

Сақтасынов Ерасыл Жұлдызұлы. 
Тағы рефераттар