Бейімбет Майлин туралы қазақша реферат

МАЙЛИН БЕЙІМБЕТ (БИМҰХАМЕД) ЖАРМАҒАМБЕТҰЛЫ

(1894-1938)

XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің іргелі жанрларын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосқан аса көрнекті суреткер жазушы, ақын әрі драматург, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Бұрынғы Торғай облысы, Қостанай уезі, Дамбар болысындағы Ақтөбе деген жерде (қазіргі Қостанай облысы, Тобыл ауданы, Майлин кеңшары) дүниеге келді. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айрылды. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашты. 1911-1915 жылдары Арғынбай қажының медресесінде, Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы Ғалияда медресесінде білім алды. Ғалия медресесінде оқыған жылдары татардың Ғ.Ибрагимов, М.Ғафури, т.б. ақын-жазушыларымен шығармашылық байланыста болды. Б.Майлин 1923-1937 жылдары аралығында «Ауыл», «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі» газеттерінің әдеби қызметкері, редакторы, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Б.Майлин ? поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында, «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланған алғашқы өлеңдерінен бастап-ақ ел өмірінің сан-салалы көкейкесті мәселелеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң-мұқтажын, арман-аңсарын, әсіресе азаттық, теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай ? типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Б.Майлин сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алды. Қаламгер қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосты. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады. Б.Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінеді. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет Майлин шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер. Оның 15-ке тарта повесі бар. Алғашқы «Шұғаның белгісі» повесі қазақ прозасының классикалық шығармаларының бірі болып табылады. Жазушының «Берен» повесінде бұрын сауатсыз ғұмыр кешкен қазақ қызының оқып, білім алып, халық ағартушысы болғаны суреттеледі. Ал «Азамат Азаматыч» романына қазақтың жаңа ұлттық интелегенциясының қалыптасуы арқау болған. Сонымен қатар XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ ауылының тарихи өзгерістері, адамдар танымының түрлі құбылыстары аяқталмай қалған «Қоңсылар», «Тартыс» романдарында көркем суретеледі. Қаламгер драма саласында 25-тей пьеса, либретто, сценарий жазған. «Шаншар молда» атты тұңғыш пьесасынан бастап бір және екі актілі «Ауыл мектебі», «Неке қияр», «Көзілдірік», «Талтаңбайдың тәртібі», «Жасырын жиылыс», «Шұға», «Майдан», «Жалбыр», «Амангелді», тағы басқа драмалық шығармалары бар. «Амангелді» сценариі бойынша (В.Иванов, Ғ.Мүсіреповпен бірге) кинофильм түсірілді. «Жалбыр» либореттосы бойынша опера (музыкасы Е.Брусиловскийдікі) қойылды. Бейімбет Майлин шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады. Замандастары: «Маңдайына түскен шашын сұқ саусағына орай ширата отырып, жазудан бас алмайтын еді», — деседі. Сондықтан да кемел қаламгердің қыршын жаста ? қырықтың төртіне жетер-жетпесте дүние салғанына қарамай, атағы да зор, артына қалдырған әдеби мұрасы да аса бай. Ерен талант, біртоға мінезді ерінбейтін еңбеққор жазушы 1937 жылы нақақтан қамауға алынып, 1938 жылдың ақпанында С.Сейфуллин, I.Жансүгіровтермен бірге тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Қазақтың маңдайына сыймай кеткен аса дарынды да иманжүзді азаматы Бейімбет Майлиннің трагедиялық тағдыры мен қаламгерлік дарынын танымал ғалым Тоқтар Бейісқұлов зерттеуде. Ол «Бейімбет Майлин ? публицист» деген шағын кітапшасынан кейін әр кездері «Қанатты қаламгер», «Дарын даралығы», «Бейімбетті атқан кім?», «Қилы заман азабы», «Бейімбет Майлин және ұлттық өнер» кітаптары мен «Би аға» естеліктер жинағын құрастырып шығарды.

Дерек көздері:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том «Тарихи тұлғалар» кітабы
Тағы рефераттар