Ғасырлар қойнауында қалыптасқан музыкалық-эстетикалық асыл мұраларды домбыра аспабы жеткізді. Күй мен оның әңгімесі қоса өріліп, домбыра мен аңыз қатар өрбіді. «…Алғашқы рулық замандағы бір адам (батыр, мерген) аңда немесе жорықта жүріп өзінің басынан кешкен бір оқиғаны руластарына айтып беруі мүмкін. Бұл жай әңгіме. Оны естіген адамдар енді басқа біреулерге айтады, айтқанда өз жанынан желі қосуы да мүмкін. Ал, одан естіген кісі тағы біреуге айтады, ол да өзінше баяндайды. Сөйтіп, алғашқы жай әңгіме хикаяға, бірте-бірте аңызға айналады. Біраз уақыт өткен соң ол аңыз біршама көркемделіп әпсана-хикаятқа айналуы мүмкін. Міне, бұл өмір шындығына тікелей қатысы бар…» — дейді С.Қасқабасов.

Аңыз әңгіменің рухын күй сарыны күшейте түсе, күйлердің сарыны аңызды әсерлеп жеткізуге ықпал ете алады. Домбыра бар жерде қазақ халқының тілі, өнері, тарихы бірге жүреді. Аңыз әңгімелер арқылы домбыра аспабының философиясын ашуға болады.

«Ертеде бір ханның қызының кедей жігітпен көңіл бірлігін сезіп қалады, жігітті дереу дарға астырады. Екіқабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі токтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады. Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма оны естіген кыз егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған кыз бала ағаш түбіне келіп демалады. Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп ағаш ұстіне шығып тыңдаса жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаш, түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді. Екі басында бұтақтан — бұтаққа керіліпқалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп әуен шығады екен. Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар деп, сол ағаштан аспап жасап алады. Батыска қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегі қаттылау керілген екен. Астыңғы ішек жіңішке дауыс қызым Зарлық ал, үстінгі ішек бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын деп екі ішекке ат қойыпдомбырасын тартып күй шығарып кеткен екен дейді  — Ө.Жәнібеков.

Мұндай аңыздарда айтылатын бәйтерек ағаш домбыра болмысымен үндес. Домбыра ағаштан жасалынып, одан әуен туады. Адамның қос ішекті соғуы аркылы пайда болатын әуені жел, дауыл әсерінен туатын сылдырлаған дыбыс үндерін еске салады. Демек екі бағыт негізінде әрекет байқалады. Оның бірінде жел мен дауыл бәйтерекке әсер етіп, қозғалудан ызың естілсе, екінші бағытта адамның домбырада ойнау әрекеті арқылы әуендер шығады. «…Е.М.Мелетинский, — әлемдік ағаш пен шаман арасындағы байланыс өте тығыз… шаман әлемдік ағаштың көмегімен адамдар мен құдайларды, жер мен аспанды байланыстыра алады, яғни ол дәнекер, медиатор қызметін атқарады» — дегенді айтады.

Бәйтерек ағаш аңыздарда дүниенің кеңдігін көрсетудің символы болса, домбыра аспабынан туған үн өмір мәнін ұғынуға шақырады. Бәйтерек, домбыра болып үн қатады. Ол табиғат пен өмірдің жалғасқан айналмалы шексіздігін меңзейді. «…Бәйтеректің басына ұя салған Самұрық (не Алып қарақұс) кейіпкерді аспан әлеміне алып ұшады, я болмаса жер бетіне шығарады… зәулім бәйтерек бейнесі — қазақ жағдайына сәйкес космостық ағаштың өзгерген түрі. Мұны қазақтардың айдалада өсіп тұрған жалғыз ағашты қадір тұту салтынан да көруге болады».

Бәйтерек ағаш киесі домбыра аспабы арқылы адамдарға эстетикалық әсер береді. Демек, домбыра аспабы бәйтерек ағаштан пайда болды деп айтуға негіз бола алады. Аспаннан нәр алу космостық ұғымды білдірсе, адамдардың өзіне қажетті кұнар алуы жердің көріктік қасиеттерінен туындайды. «Жапанда өсіп тұратын жалғыз ағаш, немесе бұта қадірленіп, оның басына түнейді. Оның қасынан өтіп бара жатып, адамдар ағаштың бұтактарына шүберек байлайды, ыдыс тастайды, тіпті құрбандыққа мал шалады, я болмаса аттың жалын түйіп тастайды».

Бәйтерек ағаш басына барып сиынуы оның бойынан пайда болған домбыра аспабына да оның эстетикалық көзқарасының жоғарылығымен іштей байланыс табады. Бұл жайлы арқалы жырау Қашаған жақсы айтып кеткен:

Қолымдағы қу ағаш,

Сөйлеп тұрған бұл ағаш

Қолымдағы ағашым —

Алып жүрген домбыра

Домбыра күнә деген сөз

Тек бір айтқан домбыра.

Пайғамбарым туғанда,

Бесік болған бұл ағаш.

Ыбырайым Кәрба салғанда,

Мешіт болған бұл ағаш.

Ықырам үйдің алдында,

Есік болған бұл ағаш.

Батырлардың қолында

Найзасына сап болған да бұл ағаш.

Дарияның бетінде

Пырақ болған бұл ағаш.

Әулиенің басына

Шырақ болған бұл ағаш.

Жетім менен жесірге

Суат болған бұл ағаш.

Таршылық көрген талайға

Нәсіп болған бұл ағаш.

Балта ұстаған шеберге

Кәсіп болған бұл ағаш

Өзіңді тақсыр молда дейді.

Боқтағаның кай ағаш ?

Шегін күнә десеңіз

Жұмақтан келген қайдікі,

Пернесін күнә десіз бе?

Есебі ол – пәннің он екі!

Құлағын күнә десеңіз,

Хазіретті біләлдің,

Құлағы екен деседі.

Тигін күнә десеңіз,

Шиеленген сыр шешеді!

Зауықты күнә демеңіз

О да айт пен тойдікі.

Сазды күнә демеңіз,

Атамыз адам пайғамбар,

Жеті сазбен жерге кеп,

Күй шертіпті деген бар.

Ол күндегі о да саз,

Бұл күндегі бұ да саз,

Сазды күнә деп жүрген,

Молдеке сенің ақылың аз.

Қашаған жырау ағаш пен (бәйтерек — Е.Ж.) домбыра арасыңдағы байланысқа мән беріп, олардың қасиеттерін ән өзара сабақтас екенін көре білген.

Ресми деректерде де ол ағаштың ерен ерекшеліктері айтылады. Аңыз бәйтерек пен кәдімгі бәйтеректің ұқсастықтары айқын байқалады: «Бәйтерек, мырза терек (Populus italica) биіктігі 40 м шамасында, қабығы айғыздалып тілінген, қоңырқай түсті. Бұтақтары жан-жаққа тармақталмай жоғары қарай ұмтыла өседі. Бұтақ шоғыры пирамида тәріздес. Жас өркендері мен жас сабақтары түкті келеді, жапырақтары жалпақтау, үш бұрышты, ұшы үшкірлеу не доғалдау, жалырақ жиектері ара тісі тәріздес болады. Жер орта теңізі жағалауында, Кіші Азияда, Иранда, Европаның оңтүстігінде, Кавказда, Орта Азияда, Қазақстанның Қызылорда, Шымкент, Алматы, Талдықорған облыстарында кездеседі. Жемісі — көп тұқымды қауашақ. Жемісінде эфир майы болғандықтан парфюмерияда қолданылады. Діңі кағаз өндірісінде пайдаланылады».

Жапанда жалғыз өскен бәйтерек ағаштың сылдырлаған сыбдыры дыбыстық әуенге айналып, адамдардын жалбарынуына әкеліп соқтырары сөзсіз. Бәйтерек ағаштың қылықтарына ұқсасын деп аспап жасап алуы да ғажап емес. Ағаштың киелі болуы оның тамыры жер астында, бұтағы мен сабақтары жер үстінде, сөйтіп ол аспанмен тілдесіп, түрлі сыбдыр дыбыс құрып, саққұлақтарға әсер етуі мүмкін. Өйткені әуен — тазалықтың нышаны, ал Бәйтерек — үш әлемді байланыстыратын символ. Бұлорайда Ш.Уалихановтың болжамы жүйе түзуге жетелейді: «…ән аспанда қалықтап ұшып, жер бетіне жақын келеді. Оның жерге ең жақындаған кезін байқаған халық әнді ұстап қалған, ал өте жоғары қалықтаған жердің адамдары ешнәрсе үйрене алмаған. Құдайдың құдіретімен келген ән қазақ жерінде тіпті төмен ұшқанда қазақ халқы оны естіп, әнді жақсы айтатын болған».

Демек, аспаннан пайда болған әуен Бәйтерекке беріліп, одан шыққан әуен саққұлақ адамдарға естіліп ол дыбыстарды әуенге айналдыруы мүмкін. Оны орындаушылар өңдеп, дамытып, адамдардың әрекетімен қалыптастырып бір-біріне үйретіп отырған. Бұдан шығатын қорытынды: Үш түрлі әлемнің құдіретін бәйтерек ұғымы тікелей байланыстырып тұрғандай. «Үш әлемді дәнекерлеп, жалғастырып тұратын космостық ағаш бейнесі, әсіресе, шамаңдық нанымда жақсы сакталған…» — деген қортынды айтады С.Қасқабасов.

Мұндай болжам «Бәйтерек» ағаштан домбыраның пайда болуына негіз бар деп қарауға болады. Себебі музыкалық дыбыс о баста белгілі бір қозғалыстан әуен пайда болатыны рас болса, онда табиғаттағы дыбыстарды аспапқа салу арқылы музыкалық дыбыстар құралды. Демек, «Бәйтерек» ағаштан пайда болған музыкалык әуеңдерді құрастыру арқылы шағын үндердің жиынтығы келе-келе ол жетіліп, дамып отырған. Оған дәлел қазақ музыкасында табиғатқа байланысты туған ән мен күйлер көптеп саналады. Мысалы: «Сары өзен», «Ертіс толқыны», «Боз төбе», «Қызыл қайың», «Мұңлық-зарлык», «Тәңірі күйі», «Аққу», «Құланның тарпуы», «Аксақ құла», «Бозінген», «Шұбар ат», «Тепен көк» т.б. күйлер өз заманына лайық туған. Табиғаттағы жер астынан өсіп-енетін қамысты алып, үрлесе одан белгілі бір дыбыстар шығады. Ол Ескендір патшаға байланысты жеткен аңыздар да айтылады.

«Ескендір патшаның басында мүйізі болады, мүйізі бар екенін елге білдірмеу үшін ол шашын алған адамдардың бәрін өлтіріп отырған. Ең соңында бір шаштаразшы тірі қалады. Бірак ол Ескендірдің мүйізі туралы кұпияны жасыра алмай, құдыққа барып айқайлайды. Құдықтан қамыс өсіп шығады. Ол қамыстан бір қойшы сыбызғы жасап, ән салады. Сөйтсе сыбызғыдан шыққан дыбыс «Ескендірдің мүйізі бар!» деген сөз болады да, құпия елге тарап кетеді».

Бұл аңыз музыканың үш әлеммен байланысы бар екенін тағы бір танытқандай. Жер астынан өсіп шыққан қамысты үрлеу арқылы одан пайда болған әуен сыртқа теуіп шығады, ол естілу арқылы жұрттың құлағына жетеді, демек өмір мен үш әлемнің арасында бір заңдылық бар. «Шамандық касиетті адам таңдап алмайды, қайта бұл қасиеті ауыр жүк, қашан құтыла алмайтын тағдырдың жазмышы ретінде қабылдайды. Шамандық қасиет даму үшін ерекше қабілет қажет».

Шамандык, бақсылық қасиеттерді адам өзі біліп, болмаса біреудің оқып үйретуі арқылы жасалмайды. Ондай қасиет белгілі бір күш (үш әлем) арқылы беріледі. Мұндай қасиетті ол адам бойына сіңіріп, қабылдап алуға қауһары жетеді ме? Болмаса мұндай қасиетті қабылдап алып ол арқылы елге үстемдік жасай алатындай күш қуаты қандай? Әрине, мұндай касиетті қабылдап, оны жүзеге асыру үшін алдымен оның өрісі мықты болуы тиіс. Шамандық, бақсылык касиеттерді қабылдаушы адамның тұлғасы, келбеті, түс-өңі, ажары мен ішкі жан дүниесінің кеңістігіндегі қуаты күшті болуы керек. Осындай тұлғаларды іріктеп келіп, соған лайыкты іс әрекеттердің түрлерін береді (әр түрлі деңгейде). Олардың өзін неше түрлі категорияларға бөліп берілу арқылы барып қонады. Сондықтан мұндай құдіретті іс әрекеттерді алып жүру оңай іс емес, ол өте ауыр және қиын. «Сләмбек… Бақсы қобызын тартып зарлады-ай кеп, зарлады-ай кеп, бір кезде біз отырған киіз үйдің төбесі қара дауыл сокқандай желпілдеді, желпілдеді-ай. Сонан кейін киіз үй қаңбақша аударылды да, қайдан келгені белгісіз бақсы бір арғымаққа міне салып, құйындата жөнелді».

Музыка үнінің құдіреті үш әлеммен байланысы бар «Келдібек толғау айтқанда, ол отырған киіз үй шайқалатын, өз даусымен ол дауыл тұрғызатын, ауылға кенет құйын соғып, бұл алапаттың ішінен көзге көрінбейтін салт аттылардың тұяқтарының дүбірінен жер қайысатын еді» деген ойдан байқау қиын емес.

Шамандықты ұстаған бақсылар Бәйтерек ағаштан эстетикалық нәр алған. Ол дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған. Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата, бата алған тамам бақсы асқан ата. Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен, Қобыз алып Қорқыт ата күй тартқанда.

Музыка дыбыстан құралады табиғаттан пайда болған жаңбыр, дауыл, жел, су сылдыры, құстардың үні, аңдардың үні мен қимылы, жан-жануарлардың боздауы, кісінеуі т.б. дыбыстарға еліктеуден әуен құрылады. «Мен далада тудым, дала мені асырады, бакты… Дала өзгерсе, біз де өзгереміз. Бұлттан шыкқан күн қандай шұғылалы, жарық, жадыраңқы болса, біз де төбеміздегі аспанды торлаған қара бұлт көшкенде, бұрынғының бәрін ұмытып, уайым-қайғыны серпіп тастап, жаңаша өмір сүретін боламыз… Сол кезде мен де өзгеремін, өзімнің екі ішекті домбырамды басқаша күйлеп аламын да, мүлдем басқа күйлерді тартамын, домбыраға косылып мүлдем бөтен ән айтатын болам…».

Демек, қалай болғанда да даланың кең құшағында үш әлемді байланыстырып тұрған бәйтерек ағаш арқылы адамдарға музыкалық қасиет беріледі. «…Қазақ халқының талантты күйшілері… күлаққа әрең естілетін шөптің сыбдыры, кең далада келе жатқан жалғыз жолаушышың әні, аспанда қалықтап жүрген қайсар бүркіттің қанатынын суылы бар…».

Даланың құбылуына байланысты музыка да сан түрлі мұңды, көңілді ырғактарға толы болады. Өйткені адамды қоршап, сыртынан жауып тұрған табиғат құбылыстары жаңа шығармалардың тууына әсер етпей тұра алмайды. «…Қорқыт …дүниені түгел шарлаған ол еліне қайтып келіп, «желмаясын сойып, оның терісімен қобызының сыртын қаптайды. Құрғақ жерде тұрса бір күні ажал жетіп келер деген қауіппен бір қырмызы масаты кілемді алып, Сырдариянын суына төсеп, сонда қобызын тартып тұра беріпті. Қорқыт дүние кезгендегі арманын да, өлімнен қашқан кайғысын да, өзі көрген жаксылык-жамандық жайларын да қобызында ойнаған ғажап сұлу күйлермен жеткізіп баяндайды. Қорқыт күйлерін бүкіл дүние, жан иесі түгел ұйып тыңдайды… Қорқыт Сырдарияның көз жасындай суына қарап отырып, қобызын күйлеп, — өлім  мені қанша қуса да мен оны бұл жерге келтірмеспін деп қобызын үздіксіз тарта беріпті. Қорқыттың күңіренген күйлерін балқып тыңдаған ажал да бұған жақын келе алмапты».

Қоркыттың соңғы тұжырымы музыканың құдірет иесі екенін сезеді, ажалды тежеуге мүмкіндігі барын біледі де, осы болжамға тоқталады. Бәйтерек ағашынан бастау алып жатқан қазақ музыкасы тіпті ажалдан да жоғары түсінік екенін түсініп білген дала философтары. Шамандық музыка көмегімен жүргізілген. «Қазақ бақсыларының қолына ұстап жүретін асатаяқ (асай-мүлай) осы Сібір шамандарының үш әлемді шарлауға мүмкіндік беретін космостык ағаштың өзгерген түрі емес пе екен деген ой келеді. Қалай болғанда да, бақсы асатаяғы мен ертедегі бәйтеректің түбірі бір екені, ол архаикалық мифтегі космостық ағаш екені күмәнсіз» — деген тұжырымға қосылудан баска шара жоқ.

Үш әлемнің байланысы адамға музыка үнімен жетеді. Сол музыка арқылы берілген жұмбақ әуенді тындап, оның түйінін шеше білген адамға нұр кұйылады. Музыканы түсінген адамдарды әуен әсемдендіріп тазалайды. Ал музыканы түсіне білмегендер үшін бұл беймәлім құбылыс. Демек адамдар музыканы түсінуші мен түсінбеушілер болып екіге бөлінеді. Қазіргі музыканы түсінбеушілердің үлес саны түсінушілерден артық. Онын басты себебі ұлттық тәрбие мен білімнің салмағы басқа жаққа ауып кетуінен туындап отыр. Бірінші — тіл, екінші — дін, үшінші — өнер осы үшеуін ұрпақ бойына дарыту әлі де үлкен күшпен келуде. «Патша баласының акыл-есін тексеру үшін ғұламалар оған музыка әуенін тыңдатып сынақтан өткізеді: «бала бесігінің жанына тағы да бірнеше бесік қойылады. Бәрінде де бала бар еді. Содан соң өнерпаздарға түрліше күйлер тартқызады. Аспаптар да сан түрлі. Оның ішінде тамбур, дутар, кеманші, барбитон, ребаб және қытай аспаптары да болды. Даңғыраның күндей шалқыған үнінен соң, кеманшаның түндей қайғылы үні естіледі. Сол үнге патша баласы ең бірінші болып еліктеп, оның текті тұқымынан екенін айкындайды».  Зийад-дин Нахшаби Музыка арқылы баланың есі мен тектілігін анықтайды. Бұл адам болмысында музыканың үлес салмағы өте жоғары екенін танытады. Музыканың бүкіл тіршілікке араласуы себебі ол дыбыс. Ал дыбыс — табиғат, табиғатсыз тіршілік те болмайтыны рас. Музыкасыз өмір тіршілігі үйлеспейді. Көптеген көріпкел, емші, акын, композитор т.б. түс көру арқылы жоғарыдағы үш әлеммен байланысып отырған. …Мұрын жырау… «Менің әкем Сеңгірбай Абыл айтыпты: — отызға келген кезім, ерте кой өргізіп ұйқтап қалсам біреу келіп аузыма бір сұйық нәрсені құйып еді, жұтып жібердім. Ояна келсем кеудемді өлең, сөз кернеп барады…» — деген екен.

Адам түс көру кезіңде түнгі самал ұйқыда жатқан адамға әсер етіп, қасиетті түс көруіне ықпал етеді. Тіпті ондай түс адамның тағдырын анықтайтын жайлар да кездеседі. «Мал бағушы болашак бахшы ашык далада ұйқтап жатып түсіне кірген белгісіз кісінің (көбіне әулие кейпінде) «мына домбыраны тартып, жыр айт, сен бахшы боласың» деген ұсынысын қабыл алып, түсінде домбыра тартып ән салады. Оянса, жанында ешкім жоқ, бірак сол сәттен бастап өлең дарып әйгілі жыршыға айналады. Егер сол өлең даритын адам әлгі өнерден үзілді-кесілді бас тартса, ол не бакытсыздыққа, не ауру-сырқауға душар болады» — дейді В.М.Жирмунский.

Міне көріп отырғанымыздай адамдарға үш әлемнің нұры кімге ауады соған түс аркылы беріліп оның болашағын анықтап, кім болатынына дейін түсте аян беріледі. Үш әлемнің нұры әуен арқылы жететінін есте ұстауымыз керек. Өнер адамдары үш әлем байланысының ықпалында болады. Өнер адамдары әуеңді космос аркылы төбеден қабылдап бойға құйып алады, өңделу арқылы сыртқа тебіреніп шығады, басқаларға жеткізіледі. Олардың түс көріп аян арқылы дарын иесі болуының бір себебі осы. Мұндай мысалдарды келтіре беруге болады.

Үш әлемді байланыстырып тұрған бәйтеректің сан-салалы тамыры жер астында, ал оның жайқалған бұтағы жер үстінде. Ағаш күндіз түні аспан және жермен байланыста болады. Аспан арқылы табиғат әуенін бойына жинайды. Ағаштан дыбыс пайда болады, бүкіл аспап ағаштан жасалады. «Күй» деген сөздің арғы тегі «көк» пен байланысты… ендеше күйдің де көкпен, аспанмен байланысты болғынын көреміз. Көк пен су екеуі бір кезде бір ұғым болған. Бірі — жоғарғы аспан, бірі — төменгі аспан болып саналған. Көне дәуір ұғымында екеуі де космос. Музыканың алғашкы шығатын жері адамның сыртқы табиғатымен байланысуы, астарлап араласуы, — деген Қ.Жүбанов сөздері музыканың аспан мағынасына жақындығын тағы да дәлелдеп өтеді». «Махмуд Қашғари «Дивани лұғат» деген XI ғасырдан қалған кітабында… «ол көк» деген сөзді мысалға алып, оны «ән салып тұр» деп аударады».

Демек «көк» сөзінің аспанмен байланысуы аспаннан нәр алып «күйге» айналуы адамның көңіл күйіне әсер етуі табиғатпен тікелей араласуы — ғылымда және қоғамдық пікірде мойыңдалған теңденция. Қазіргі табиғат өзгерген кезде адамдарға да өз кеселін тигізуде. Қазіргі адамдардың душар болып отырған келеңсіздіктері ауру, есерсоқ, шыдамсыз, нәсілсіз, тексіз, тұрақсыз, қатыгез, ұрпақсыз т.т. тізбелей беруге болады. Табиғаттың бұзылуы, адамдардың бұзылуына әкеліп соғуда. Домбырадан алшақтаған қазақ жұртында ұлттық құндылық жұтаң. Ұлттық құндылықтар жадағай жерде тілі мен мәдениеті және жер байлығы талан — таразға түсіп ыдырап күйреуге келіп тіреледі. Ауру ұрпақ ойсыз, әлсіз ұрпақ сатқын, күшсіз болады.

Музыкаға келетін болсақ, ол қашанда адамды шаттыққа бөлеп отырған, мұң-зарын сейілткен. Музыканың әсер-ықпалының күштілігі соншалык, ол адамдардың мінез-құлқы мен салт-дәстүрін өзгерте алады, сондықтан да, бұрынғының басшылары халықтың жөндеп музыка тыңдауын кадағалап отырған. Дүниеге келген адам баласы қан-жанды, өміршең рухты, жүрек пен сананы еншілей туады, ал кайғы мен шаттық, ашу мен қуаныш болса туа бітетін қасиеттер емес, мұның бәрі де сыртқы әсерге деген адам сезімінің жаңғырығы ғана, әрі-беріден соң сезімді қалыптастыратын да сол сыртқы әсерлер. Содан да болар, баяу да бойлауық, зарлы да сарнауық әуен бел алған ортада халықтың санамен сарғайып, мұңға батқаны; егер ерке де еркін, жайдары да жеңіл, иірім-қайырымы алабұрта елпілдеген әуен бел алса, онда халықтың шат-шадыман ғұмыр кешкені; егер, қатқыл да қаһарлы, бастауы жігерлі, қоштауы асқақ, қайырмасы кең орамды әуен бел алса, онда халықтың өзіне-өзі сенімді де табанды болғаны; егер, қоңыржай да ашық, орнықты да қалыпты, байсалды да шыншыл әуен бел алса, онда халықтың сыпайы да ізетшіл болғаны; егер, шалкар да шалқымалы, жүрекке жылы жанға жайлы әуен бел алса, онда халықтың мейірім мен махаббатқа бөленгені; ал егер жабайылардың әндері сияқты, шегіне жете бүлініп — бұрмаланған, жанығып-жанұшырған, ырду-дырду әуен бел алса, онда халыктың бұзылғандық пен бейбастыққа белшесінен батқаны».

Қытай данышпаны халықтын музыкасы аркылы олардың ішкі және сыртқы тіршіліктерін аңғарып, анықтауға болатынын айтады. Домбыра өнері қазақ халқының тәрбиесі мен білім кеңістігіне ғасырлар бойы араласып келді.

Бәйтерек табиғаттың бір бөлшегі, ал табиғаттың өзі ерлі-зайыпты ұғымымен тектес деген рас болса, ол домбыра аспабының да ерлі-зайыпты сипаты бар екеніне еріксіз ой жүгіртуге итермелейді. Домбырада екі ішек бар екені белгілі. Астыңғы ішек «соль» жіңішке, шіңкілдек әуен — ол әйелдің қылықтарына сәйкес келеді, ал үстіңгі ішек «ре» коңыр, жуан әуен — ол еркектердің қылықтарына сәйкес келеді. Екі ішек байланысында өзара үйлесімге ұмтылу бар.

«Ерлі зайыпты баба — құдайлардың ең көне әрі универсалды тараған түрі аспан — әке мен жер-ана. Бұл образдарда, бір жағынан, рулардың бабалары болып саналатын ілкі адамдардың космостанғанын, ал екінші жағынан, неке мен семьялық қатынастардың табиғат дүниелеріне кешірілгенін көруге болады», «…бұкіл түркі жұртында Тәңір — көктегі ер рөлінде, ал Ұмай – жер-ана болып қабылданады» дейді.

Біздің көктегі тәңір — ер, ал жердегі Үмай ана-әйел. Домбыраны оң қолға алып тартқан кезде үстінгі ішек аспанмен тілдессе, астынғы ішек жермен тілдеседі. Екеуі бірігіп Тәңір мен Ұмай ананың ұрпағындай нұрын шашып мыңдаған сан әуендерді тудырады. Оны ұрпақ деп бейнелеуге болады.

Безендірген жер жүзін тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге ңұрынтөгер,

Анамыздай жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер — дейді Абай.

Ұлы ақынның космостан хабар алып отырғанын өлеңдерінен ұғуға болады. Абай екі алып күшті тең ұстаған: бірі — көк болса, екіншісі жер. Абай бәйтерек секілді аспан мен жерден тең дәрежеде нәр алып шығармаларды туғызған. «Жазғытұры» атты Абайдың өлеңінде… жерді мейірімді анаға, аспанды қамқор әкеге теңейді. Жерді ана бейнесінде алып қарау қазақ халқы ғана емес, басқа елдердің де ой-санасына тән нәрсе… Аспанды әке бейнесінде көрсету де жайдан-жай алына салмаған… .

Өмірдің өзі табиғатта жұп өмір сүретіні сияқты домбыраның екі ішегі де сағынысқан жарлар елесін береді. «Көкте ұлы тәңір-ие» жердегі әр түрлі заттарды билейді, көк «иелермен» адам баласы тілдеседі деп нанған. «…Казақ тілінде «тәңір» деп көкті, «теңіз» деп суды айту…екеуінің түбірі («тәң/тең»), «көк», «аспан» ұғымымен байланысты болса онда … «тәңір» — көктегі (яғни жоғарыдағы) су болса, «теңіз» — жердегі (яғни төмендегі) су. Басқаша айтқанда аспанның өзі әуелде судеп түсінілген, оның «көк», «тәңір» болып аталуы содан. Ал, жердегі су да түсі жағынан аспан, яғни тәңір сияқты көк болғандықтан теңіз деп аталған, … үш түрлі әлем: «аспан, жер, жер асты…».

Жердегі судың аспан түстес болып келуі әкенің мейірімділік қасиетінен туған. Адам баласы өмір сүру үшін оған қажетті қорек керек ол — судың қасиеті. Ол жер ана Ұмайдың сүті. Ал одан пайда болған сылдыр, сыбдыр дыбыстар әуендердің негізін құрайды. Судың дүрілі, гүрілі, күмбірі сыңғырлаған үні күйге ұласып, асыл мұра көздеріне айналды. «Аспанда ел бар. Ондағы адамдар белдікті тамағынан тартады, біз ортада, жер бетінде тұрамыз, сондықтан белдікті белімізге байлаймыз, ал, жердің астындағы адамдар белдігін аяғына орайды, олардың өздерінің күні, айы, жұлдыздары бар».

Домбыра аспабында да үш құрылым бар шанақ, мойын, бас болып келеді. Шанақ жер қойнына ұқсас. Ол өмірден өткен бабалар үні мен сөзінің қоймасы. Мойын арқылы белгілі бір сазға түседі. Бас ішек бұрауының сақшысы. Музыкалық әуендер мойыннан құралады, шанақтан шығады.

Домбыраның басы — Аспан,Домбыраның мойыны — Бәйтерек,Домбыраның шанағы Жер. Үш әлем домбыра бойында да бар екен. Демек біз ортада, жер бетінде тұрамыз деуінде негіз бар. Домбыраның мойыны арқылы әуендер шашылады. Бәйтеректің бұтақтары жайылып өнімін шашады. Жер құнарын беріп тұрады. Шанақ әуенін шашады. Домбыраның басы ретін қарап тұрады, аспан да өмір ретін қарап тұрады.

Үш әлемді байланыстырған «Бәйтерек», одан пайда болған домбыра, адам қажетіне жарап байланысу арқылы тәрбие мен білім көзін ашуға ықпал етті. Үш әлеммен байланысқан құдірет иесі домбыра аспабы ұлттық идеологияны дамыту үшін де керек. Ұлттық идеологияда домбыра әуенін ұстанбай, ұлттық құндылықтарды сақтап жалғастыру қиын болмақ.

«Ертеде бір аңшы жігіт болыпты, — деп айтылады. «Қос ішек» күйінің аңызы, — сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиын қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек — қарынын ақтармалап алып тастайды.

Содан, арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға — құзғын іліп ұшқан болу керек, карағайдың бұтағына қос тін болып керіліп калғанын көреді. Ызындаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе, ызыңдап жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді.

Сол жерде аңшы жігіт «қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» — деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткеңдей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тындаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша көптің сүйіп, тыңдайтын аспабына айналады».

Бұл аңыз әңгімеде қарағай ағаштың араласуы кездеседі. Демек аңыздың түптің түбінде шыңдыққа жанасатын қырлары бар екені байқалады. Бір ғажабы, кандай аңыз әңгіме болмасын екі ішектің өзгермей аңыз желісінде үнемі кездесіп отыруы. Аңыздардың айтылуы әр түрлі болғанымен, екі ішек қасиетінің сақталуын байкауға болады. Өйткені ол табиғаттан жаралған. Бәйтерек — Домбыра, Домбыра – Бәйтерек болып жалғасын табады. Жерден өскен ағаш адамға пайдасын (жеміс, жапырақ) береді. Ал, домбыра қоңыр әуен арқылы құлаққа еніп ықпал етеді. Жерден өнген өнімдер адам корегіне кажет болса, домбырадан шыққан күй — адамның рухани жан азығы. Демек айналаны қоршап тұрған дыбыс екен, ал оны жағымды әуендерге айналдырып жеткізетін — домбыра аспабы. Егер, айналаны қоршаған дыбыстарды түгел алып тастайтын болсақ, онда адамдардың өмір сүру қабілетіне нұқсан келген болар еді.

«Қазақ халқы, мүмкін, өмірді тек өнер ғана сәндендіреді, тек өнер ғана бізді ерте қартаюдан сақтандырады…» деген түсініктің қалыптасуында бір шындық бар шығар. Мүмкін осы бәйтерек негізінен әуен шығып, адамдарды елжіретіп, бойын балқытып әсерлендіруінің арқасында осындай ұғымдар туған болуы керек. Өнер калай болғанда да адамдарды табындырып, бағындырып жіберетіні рас. Әйтпесе өнерді тыңдап отырған адамдар неге қол соғады, болмаса қосылып ыңылдайды, айтады. Өнердің (күй, ән) құдіреті басқаларға қарағанда, басымырақ. Кез-келген жиын, той, мереке, отырыстар өнер адамынсыз өтілмейді, себебі халық жиналған отырыс ұзаққа созылатын болса, жиын отырыстардың аяғын музыка әуенімен бітіреді. Ән, күй тартылып орындалған жерде ешқандай келеңсіз жағдай болмайды, себебі музыка барлық түсініспестік құбылыстарды жуып жібереді. Міне, музыка әлемінің құдіреті. Сондықтан той, жиын, мереке т.б. алқалы жиындардың арты өнер адамдарының арқасыңда бітімді ынтымақпен бітеді. Музыка жақсылыққа септік ете алады. Өнер адамдарды тәрбиеге шақырып, біріктіруге мүмкіндік туғызады.

Домбыра аспабының табиғаттың бөлігі екеніне кезінде А.Жұбанов та көңіл аударған. «…Шеберлер кейде қаламның жуандығындай талдарды арнаулы қалыпка салып иіп те жасаған. Олар қызыл, сары, қоңыр, қара түсті шыбыктарды теріп алып, қиюын тауып сыналағанда, талдың табиғи бояуы құлпырып домбыра әшекейленіп тұратын болған. Ойып жасалған шанақтың бетіне қарағай немесе шырша тактайынан жұқа қақпақ жасалған, ал шанағы талдан иілген домбыраның беті тек қарағаймен қақпақталған. Құранды ағаштардан немесе иген талдан жасалған домбыраның сағасынан былайғы жері немесе мойны қайың болған»».

Заман ілгерілеген сайын адам санасы да жетіліп дамып, өңдеуді іздестіруге итермелеген. Домбыра аспабын шыбықтардан құрап жасау, қосымша ішектер тағу, шанақтарын өзгерту, мойнын қалыңдату не жіңішкерту, пернелерді көбейту сияқты әрекеттер — диапозон дыбысын шығару кеңістігін кеңейтуде іздеуден туындаған әрекеттер. Бір күйдің бірнеше варианттарының болуына да ықпал еткен осындай ізденістер еді. Сол себепті талантты тұлғалар өнерді әсемдеп нәрлеп жеткізіп отыруда алдымен аспаптың шебер жасалуына мән берген.

Бұнын өзі «А.Позднев …орындаушылар онымен (қобызбен) түрлі құстардың даусын да айнытпай салатын болған» — деген сияқты пікірлерге негіз болған.

Көп адамдар біле бермейтін көзге көрініп іліне бермейтін, құлакқа естіле бермейтін түрлі әрекеттерді құт қонған талантты өнерпаздар білді. Өнер адамдары басқа адамдардан әлеқайда жоғары күйде жүретіні де сондықтан. Олардың есту қабілеті мен түсінік түйсіктері өте дамығандықтан дүбірлеген ат шабысын, жаяулар мен жорықшыны, куғыншы мен қуылушының, жаулар мен қастарды алыстан-ақ сезіп білетін болған. Хан мен патшалар айналасына өнер адамдарын жақын ұстауға ұмтылған. Олар жан-жануар мен малдардың дауысын, түсін ажыратып, айырып тани білген.

«Ашық аспан, кең сахарады туған қазақ ешқандай қосалкы оқу -білімсіз-ақ табиғат мәпелеуімен өсіп жетіледі… Қазақтың жалпы ауызекі жырлары тікелей дала көріністері…».

Ақыл мен білім, өнер мен даналық табиғаттың өзінен туындайды. Ұлы дала төсінде жүрген қазақтар өзінің жеріне ие болғанына қарағанда, дала кеңістігін өте жақсы меңгерген көшпенді философтар болған. Даланың төсіндегі кұм, су, топырақ, шөп, өсімдік, аң құстар не дейді осы тұтастықта сақталған табиғат құндылығын олар меңгерген, сөйтіп дала психологиясын ұстай алған. Күй мұра сарынның мәңгілік сақталуы соның дәлелі бола алады. «Қолдан істелген екі ішекті домбырадан мұндай нәзік, мұдай әсем дыбыстар шығады дегенге мен еш уақытта сенбеген болар едім! Егер де мына қарапайым жаныңа тиетін әнді өз құлағыммен естімеген болсам, мен оның ызындаған жаратылыс үнімен ұласатын күшіне де сенбес едім!».

Бәйтерек ағаштан пайда болған домбыра аспабының үні табиғи таза, адам сипаттас болуының арқасында оның дыбыс әуені тыңдаушысына зор тәрбиелік әсер етеді. Зерттеушілердің көшпенді түркі тектес халықтардың өнері мен тұрмыс — салт дәстүрлеріне үңіліп қарауының басты себебі оның ар жағыңда тәрбиелі білім барын сезгеннен де болар.

Әуен аспанға қалықтап ұшады, оны естіген табиғат, адам жан-жануарлар бойына сіңіреді. Өмірде айналмалы байланыс бар. Сөйтіп негізі бәйтеректен құралып жасалған домбыра қозғалыста болады. Ал бәйтерек бір орында тұрып, өз қызыметін домбыра арқылы атқарып отырады. Бәйтерек ағаштың жанды болуы оның адамдармен сабақтас байланыста болуында. Өлі мен тірілердің арасын байланыстыратын құнды мұра екенінде. Аслан мен Жер ортасындағы адамдарды түпкі тегімен байланыстырып ұрпақтарды ізгі тәрбиешісі ретінде қызымет етіп келе жатқан киелі домбыра екенін есте ұстау — әр қазактың төл қасиеті болса екен дейміз.

«Домбыра, сенде мін бар ма,

Мінсіз болсаң — тіл бар ма,

Тіл жоқ деуге, бола ма,

                              Тілден артык үн барда

Домбыраның күші мол,

Көмейінде күй барда»

— деп дүлділ акын, күйші Іляс Жансүгіров айткан домбыра ұдіретінің философиясын әлі де аша түсу керек-ақ — Ж.Ж.Еңсепов., А.Ж.Еңсепов.  (Экономика, право, культура в эпоху бщественных преобразований Материалы международной научно-практической конференции. — Алматы, 2006. -С. 152-158.)

 

«Музыкалық дүниетаным дидактикасының ғылыми – педагогикалық дамуы». Үлгі ретінде материал (Н. Дүкенбай. С. Торайғыров атындағы ПМУ доценті, Павлодар қ.)

Біз ұсынып отырған мақаланың тақырыбы — оқушылардың музыкалық мәдениетін дамытудың басты шарты ұғынудың дәлдігі, жас ұрпақтың музыкалық дүниетанымы, музыка мұғалімінің өз мамандығын алған білімін оқушыларға жеткізе алатындай, оны ғылыми — педагогикалық тұрғыда дамытып,   жасөспірімнің мәдениеті арқылы өмірге қадам басса, болашаққа жан дүниесі бай, рухани дамыған тұлға  болуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Біздің тақырыбымызға ықпал еткен маңызды дәйектеменің бірі – болашақ музыкант — педагогтың, студенттердің музыкалық дүниетанымын дамытуға әсер ететін жоғарғы оқу орындарында 050106 «Музыкалық білім беру», 050402 «Аспаптық орындаушылық» мамандығы бойынша оқытудың дидактикалық негізінде деген ғылыми — педагогикалық дамуы, оның Қазақстандағы музыкалық — педагогикалық білім беру тарихы, дамуы, жаңашылдығы, қоғамдағы болашақ жас өспірім, болашақ музыка маманының тәрбие, білім берудегі ролі.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Е.Жұматаева өз еңбектерінде «дидактика – оқытудың пәні, нысанасы (оқулықтар, оқу құралдары, бағдарламалар, т.б.). Ол оқыту – оқытуға қатысты әрекет» — дейді [6].

Тәуелсіз еліміздің дамуы үшін мәдени — рухани мұраның жетістіктерін келешек ұрпаққа қалдырудың үлесі зор. Халықтың даналық мұрасын сақтаудың негізі — халықтық тәрбиеде. Күнделікті өмір мен табиғаттағы әдемілікті түсіну, бақылау, пайдалану үшін балалардың сезім — түйсігі ұшқыр, ақыл-ойы алғыр, терең білімді азамат болуы керек. Осындай ұрпақтың өмірге деген эстетикалық көзқарасы оның қызметінің барлық саласында көрініп тұрады.

Музыканың күші, оның жан — жақты әсер ететіндігіне: ерік-жігерге, ақыл — ойға, ойлауға, «логикалық сезімге» байланысты. Ұлы ғұламалар әл-Фараби, Ибн-Сина т.б. жеке тұлғаның рухани дамуынаөнер мен мәдениеттің әсері турасында мағлұматтар, оның ішінде музыка өнерінің теориялық және тәжірибелік негіздерін дамыту жайында тұжырымдар, маңызды зор ғылыми еңбектер қалдырған [4].

Ұлы педагог В.А.Сухомлинскийдің «Гимнастика  денені түзесе, музыка адам жанын түзейді» деген пікірі [2] бекер айтылмаса керек, музыка адамның рухани азығы, жан серігі және тілмен жеткізіп айта алмайтын ұшқыр қиялы, нәзік сезімі. Ол өзінің көркемділігімен және маңыздылығымен бала жанын  баурап, ақыл-ой, сана сезімдерін кеңейтіп, жақсы мінез — қылықтарын біртіндеп қалыптастыруға әсерін тигізеді.

Музыка өнерінің тағы бір ерекшелігі — адамның көңіл — күйін ортақтандырады. Музыка ағартушысы Б.В.Асафьев жеке тұлғаны қалыптастыруда халық әндерін музыка сабағында тиімді пайдалана білудің орны ерекше екендігін ескере отырып, ойын былайша тұжырымдайды: «Халық арасында музыканың кеңінен дамуы үшін халықтың өзі туғызған мәңгілік өлмес  ән өнерінің орны бөлек» [3].

«Табиғат дүниесіндегі сұлулықтың ғажабы аспан шырақтарында, ал жердегі дыбыс сұлулығы — ән, күй сазында» — дейді шығыс философы, музыка зерттеушісі, ғұлама — ғалым Әбунасыр әл-Фараби [4].

Музыка өнері – мәдени тағылым, асқақтаған ән-күймен дамыған ғасырлар үнінің жемісі. Музыкалық дүниетаным дидактикасының ғылыми-педагогикалық даму тарихы ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың аралығын қамтиды.

Сондықтан, мақала тақырыбын біздер бір жағынан, ел тарихының, адам тұлғасын тәрбиелеп қалыптастыру мәселелерінің көкейкестілігімен байланыстырсақ, екінші жағынан ХХ ғасырдағы өмірлік — әлеуметтік жағдай ерекшеліктерін қоғамның гумандық тәрбиесі міндеттерін сипаттауға орнадық.

Сондай-ақ халықтық тәрбие, музыкалық білім беру, салт-дәстүр мен халық өнерінің дидактикалық, ғылыми-педагогикалық дамуын зерттеуді мақсат еттік.

Қазіргі қоғамның даму тенденциялары тұлғаны жалпы адамзаттық рухани–адамгершілік құндылықтарына баулу барысында қалыптастыруға жаңа концептуалдық әдіс қажеттігін алға тартып отырмыз (алдымыздағы болатын біздің оқу құралдарымыз, оқулықтар жалпы оқу-әдістемелік кешені).

Демек, ұрпақ тәрбиесі мәселесін халықтық құндылықтар негізінде жетілдіру, қазіргі педагогика ғылымының алдына тұрған ауқымды істердің бірі. Жас ұрпақтың ұлттық игіліктер мен адамзаттың мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып оқыту, тәрбиелеу арқылы әрбірінің жеке тұлғалық саналарын жан-жақты дамыту жаңа мектептің басты мақсаты болып табылады. Қазіргі мектептерімізде музыкаға оқыту рухани құндылықтарға, көркем шығармашылық әрекетерге тартудың  басым бағыт болады.

Музыкалық — эстетикалық білімінің жеке тұлғаның үйлесімді дамуы, музыкалық — эстетикалық тәрбиеге қатыстылық мәселелер С.А. Ұзақбаева, А. Нұғыманова, П.М. Момынов, М.Х. Балтабаев, Р.Р. Жәрдемәлиева,  А. Райымбергенов, Т.А. Қышқашбаев, А.А. Қалыбекова, Ш.Б. Құлманова, Р.К. Дүйсембінова және басқа ғалымдар зерттеулерінде өзінің ғылыми — теориялық шешімін тауып, оларда ұлттық музыкамыздың тәрбиелік мүмкіндіктерін оқу үрдісінде пайдалану жолдарын көрсетеді.

Қазақстан ғалымдары К.А. Дүйсенбаев, Б. Жарықбаев, К.Қ. Құнантаева, Б.И. Мұқанова, С. Қалиев, І.Р. Халитова т.б. ғылыми еңбектерінде халықтық педагогиканың дамуы, заңдылықтары, оның оқу-тәрбие үрдісінде алатын орны, этнопедагогикасының негіздері арқылы тәрбиелеу мәселелерін жан-жақты қарастырған.

ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап (Б. Ғизатовтың «Ән әліппесі» атты оқулығы ең алғашқы оқулық болып 1963 жылы шықты) мектеп оқушыларына музыкалық тәрбие, музыкалық білім беру бағыты қойылып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағын өнерсүйгіштікке, адамгершілікке, ізгі қасиеттерге баули отырып, елді қорғау, ар-намыс үшін күресе білуге, өзінің дінін, салтын сақтауға, дәстүрлі ән өнері арқылы тәрбиелеу, музыкалық білімділігін арттыру, қалыптастыру — біздің бірінші кезектегі міндетіміз ретінде белгіленді.

Мемлекет тарапынан мектепке музыка пәнінен бағдарламалар, мемлекеттік стандарттар және ЖОО «Музыкалық білім беру» мамандығы бойынша мемлекеттік стандарттар (2004, 2006) жазылып, оқу құралдар, оқулықтар (мектеп, ЖОО) баспадан щығарып жатырмыз [5].

Қазақстан Республикасының музыка саласы «адам ұрпағымен мың жасайды» жалғастығымен ерекшеленеді. Адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді және ол әлі жалғаспақ, қысқасы «ат сабын өзгертіп, өрлеген саналы тірлік». Адамзат еншісіне ғана тиісті, сол тірлік дамуының бастамасы – білім беру, тәрбие беру. Ал, сол білім беру, тәрбиенің ішінде кең ұғымды қамтитыны, тұлғаның музыкалық дүниетанымы – музыкалық білім беру мен музыкалық тәрбие. Оның ішінде өнердің алар орны ерекше.

Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болғаннан бері экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдениеттік және т.б. үлкен жаңаруларды жүзеге асыруда. Ел басшысы Н.Ә.Назарбаев құндылықтар жүйесінің қоғам үшін маңыздылығы жайлы зиялы қауыммен кездесуінде: «Қандай қиын — кыстау жағдайда да адамдар үшін өзекті болып қала беретін даусыз құндылықтар әрдайым болған және бола береді. Қоғамның адамгершілік деңгейін анықтайтын рухани байлық пен мәдениет осылардың қатарына жатады. Мүмкін осы қиындыққа толы қым — қуыт жылдарда өзіміздің басты құндылықтарымызды сақтап қала білгендігіміз біздің басты жетістігіміз болар» – деді [1].

Қорыта айта келе, музыкалық дүниетаным дидактикасының ғылыми – педагогикалық дамуы арнайы музыкалық оқу құралдар мен оқулықтар қажет етеді. Сондай-ақ оқушылар, жас ұрпақ, болашақ музыка мұғалімінің, алар білімі мен тәрбиесі, ойлау деңгейі мен ұлттық сана — сезімі, оны қоршаған қауымға жеткізе білуі және өзін жаңа қоғам, тәуелсіз қоғамға беймделуі музыкалық дүниетаным дидактикасының негізін құрайды деп білеміз.

 

Қолданылған әдебиет тізімі:

1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. // Егемен Қазақстан. – 2004. – 16 қазан.

2. Сухомлинский В.А. Как воспитать настоящего человека: (этика коммунистического воспитания). Педагогическое наследие. – М.: Педагогика, 1990.

3. Асафьев Б.В. Музыкальная форма как процесс. – Л., 1971.

4. Абу Насыр  аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. – Алматы: Ғылым, 1993.

5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. Жоғары кәсіптік білім бакалавриат. Мамандығы 050106 —  Музыкалық білім беру. ҚР МЖМБС 3.08.273-2006. – Астана. – 09.01. – 2006.

6. Жұматаева Е. Жоғары мектеп дидактикасы дамуының ғылыми педагогикалық негіздері: Дисс. пед. ғыл. докт. – Алматы, 2003.
Тағы рефераттар