Егер сіздің отбасыңызда нәресте өмір есігін ашса, сіз мемлекеттік кепілді төлем аласыз. Жәрдемақы мен төлемдердің бірнеше түрі болады.
Біріншіден, Сізге сәби үшін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ол үшін баланың туу туралы куәлігі мен өзіңіздің жеке куәлігіңізді алып Зейнетақы тағайындау мемлекеттік орталығына барасыз (ЗТМО). Оны туылған баланың анасы сондай-ақ әкесі, болмаса баланың қамқоршысы алуына болады. Бұған Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын барлық азаматтардың құқығы бар (Қазақстан азаматтары, оралмандар, шетелдіктер, азаматтығы жоқтар).
Назар аударыңыздар! Жәрдемақының көлемі: бірінші, екінші, үшінші балаға – 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК); төртінші балаға және одан жоғары – 50 АЕК.
Екіншіден, 1 жасқа дейін бала күтіміне байланысты жәрдемақы аласыз. Бұл жәрдемақының мөлшері бірінші балаға – 5,5 АЕК; екінші балаға-6,5 АЕК; үшінші балаға – 7,5 АЕК; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,5 АЕК. Екі және одан көп бала туылған жағдайда мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке белгіленеді және төленеді. Одан басқа, мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге ең төменгі еңбекақы көлемінде (14 952 тг.) жәрдемақы тағайындалады.
Егер Сіз босанғанға дейін жұмыс істеген болсаңыз, онда сізге мынандай жәрдемақы тиесілі:
а) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлем;
б) баланың тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы;
в) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлем
- Жүктілігі мен босануына байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем босанғанға дейінгі бір жылдық орташа еңбекақының негізінде есептеледі. Жүктілігі бойынша жәрдемақы бір рет беріледі, бұл ретте одан 10 % міндетті зейнетақы аударымдары сіздің зейнетақы шотыңызға аударылатын болады.
- Жүктілігі мен босануына байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді ай сайын бала бір жасқа толғанға дейін аласыз, ол сіздің соңғы екі жылдық орташа еңбекақыңыздың 40 %-ын құрайды. Бала күтімі бойынша жәрдемақыдан да — 10 % міндетті зейнетақы жарнасы ұсталып, жинақтаушы зейнетақы қорындағы сіздің жеке зейнетақы шотыңызға аударылады.
Әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу үшін мынадай құжаттар жинау қажет болады:
- Ø Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді алу үшін: еңбекке жарамсыздық парағы; жеке куәлік; СТН; ӘЖК; үй кітапшасы; ХҚО-да тіркелген мекен-жайыңыз туралы анықтама (егер тұрақты тіркелмеген болсаңыз, уақытша тіркелгеніңіз туралы анықтама); жеке немесе карточкалық банк есеп шотын; жұмыс орнынан әлеуметтік қатер төнгенге дейінгі соңғы он екі күнтізбелік айдағы кіріс туралы белгіленген үлгідегі анықтама тапсырасыз.
- Бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу үшін: жеке куәлік; СТН; ӘЖК; үй кітапшасы немесе мекенжайыңыз туралы анықтама; балалардың туу туралы куәлігі; жанұя мүшелері туралы анықтама (ЗТМО толтырылады); банктің жеке немесе карточкалық есеп шот нөмірі.
Барлық құжаттарды – түпнұсқада және көшірмеде қалалық ЗТМО-ға әкелу қажет.
Жәрдемақыны рәсімдеу үшін мынадай құжаттар жинау қажет болады:
Егер сіз босанғанға дейін жұмыс істемеген болсаңыз, сізге төмендегідей мемлекеттік жәрдемақылар көзделген:
а) баланың тууына байланысты біржолғы жәрдемақы;
в) бала күтіміне байланысты бала 1 жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы (ай сайын төленеді).
Жәрдемақыны ресімдеу үшін мынандай құжаттар жинау қажет болады:
1) жеке куәлік (түпнұсқа және көшірме);
2) СТН (түпнұсқа және көшірме);
3) ӘЖК (түпнұсқа және көшірме);
4) үй кітапшасы немесе тұрғылықты жерден анықтама (түпнұсқа және көшірме);
5) жеке немесе карточкалық есеп шоттың нөмірі (түпнұсқа және көшірме).
Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны ресімдеу үшін мына құжаттар қосылады:
— отбасы мүшелері туралы анықтама (ЗТМО толтырылады);
— баланың туу туралы куәлігі.
Барлық құжаттарды түпнұсқа және көшірмеде қалалық немесе аудандық ЗТМО-ға әкелу қажет.
Сондай-ақ, ақша аудару үшін банктен есеп шот ашу керек. Есте сақтаңыз, жаңа туған нәрестеге бір рет төленетін және бір жасқа дейін төленетін жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш беру уақыты бала туылғаннан бастап 12 айдан аспау керек.
Ескерту. 2011 жылғы 1 қаңтарға арналған айлық есептік көрсеткіш мөлшері – 1 512 теңгені құрайды.
Білген пайдалы (оқып шығыңыз):
1) «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы» Қазақстан Республикасының 2005жылғы 28 маусымдағы № 63 Заңы;
2) «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
3) «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асырудың кейбір шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 қарашадағы № 1092 қаулысы;
4) «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу, қайта есептеу (айқындау) және арттыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1307 қаулысы;
5) «Мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк базалық әлеуметтiк жәрдемақыларды, Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн, мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн, мемлекеттiк арнайы жәрдемақыларды тағайындау және төлеудi жүзеге асыру ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 819 қаулысы;
6) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007 жылғы 30 қарашадағы № 289-ө бұйрығымен бекітілген баланың туылғанда және бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарты.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.e.gov.kz – «Қазақстан Республикасының Электронды Үкіметінің» сайты («Әлеуметтік көмек. Сақтандыру және әлеуметтік төлемдер» бөлімі);
2) www.enbek.gov.kz/ — Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің сайты;
3) www.detki.kz – ата-аналарға арналған сайт.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «бала туылғанда көрсетілетін көмек», «бала тууына байланысты жәрдемақылар» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
Тағы рефераттар
- Демографиялық дүмпу кезеңі
- Шардара ауданы
- Жартылай үздіксіз жұмыс істейтін тұндырғыштар
- Турбо Паскаль тіліндегі операторлар курстық жұмыс
- Электрондық цифрлық қолтаңба. Мемлекеттік қызмет түрлерін үйде отырып қалай алуға болады?