Елдің экономикасын және тұрғын халықтың өмір сүру сапасын дамыту мәселелері туралы қазақша реферат
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан жаһандық экономикада әлемдік тауар нарығына мұнай, газ, қара түсті, сирек кездесетін және асыл металдар мен уран өнімдерін шығаратын ел ретінде қарастырылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінен астық экспортының келешегі бар екені дәлелденді.
Қазақстанда пайдалы қазбалардың ірі қорларының болуы оның салыстырмалы экономикалық артықшылығы болып табылатындықтан, ол қазіргі уақытта классикалық экономикалық сценарий бойынша дамуда.
Өндірістің және шикізат ресурстарыны экспортқа шығарудың қарқынды дамуы экономикалық дағдарыстан шығуға ықпал жасап соңғы жеті жылда экономикалық өсудің жоғарғы қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Өнеркәсіптің шикізат салаларына шетелдік инвестицияларды тарту және қаржы саласында құрылымдық – институттық өзгерістерді жүзеге асыру жөнінде мемлекеттік саясаттың жүргізілуіне байланысты Қазақстан экономикасының дамуында ілгерлеулер байқалуда, елде өмір сүру деңгейі жоғарылауда және ұзақ мерзімді кезеңде индустриялық сервистік – технологиялық даму сатысына өтуге мүмкіндік беретін қаржы ресурстары жинақталуда.
Бүгінгі таңда Қазақстанды әлемдік қоғамдастық нарықтық экономикаға сай мемлекет ретінде мойындап отырғанын атап өту керек, ол ТМД елдерінің ішінде бірінші ел болып инвестициялық рейтингіне ие болды.
Дүнижүзілік банк Қазақстанды әлемдегі инвестиция салуға ең тартымды 20 елдің қатарына қосты. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына 50 млрд. астам АҚШ долл. тартылды.
Стратегиялық тұрғыдан алғанда қабылданған үлгіге сәйкес Қазақстан бәсекелестікке және әлемнің барлық елдерімен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға негізделген тауарларды, қызметтерді, капиталды және жұмыс күшін экспорттауға бағдарланған ашық экономикалы ел ретінде қалыптасып келеді.
Стратегия-2030 қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді. Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз.
Сонымен қатар Қазақстан отын және минерал шикізатының ірі әлеуетін шоғырландырған шағын экономика ретінде өндірістің өңдеуші салаларына инвестициялар үшін қолайлы емес. Бұл шикізат ресурстарына жағдаяттың өзгеруіне қатысты ел экономикасын осал әрі тәуелді етеді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, шикізат ресурстарына бай кейбір дамуышы елдер тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізбей, шикізаттың әлемдік тауар нарықтарында жағдаяттың өзгерістеріне тым тәуелді болып қала береді.
Экономиканың шикізат секторларының едәуір табысқа ие бола отырып, мемлекет пен жеке сектор экономиканың жаңа салаларын дамытуға ұмтылмайды. Сонымен бірге ресурстар қоры мардымсыз немесе тапшы елдер ілдалдап күн кешу шегінде болғандықтан, экономиканың жаңа секторларын дамытуға үнемі әрекет жасайды. Алайда ұзақ мерзімді келешекте шикізат қоры сарқылады. Бұл пайдалы қазбалардың кен орындары толықтай пайдаланғаннан кейін тұрақты даму тұрғысынан алғанда елеулі мәселелер туғызады.
Экономиканың шикізат секторынан алынатын ірі кірістерден шектен тыс толығу қауіпін ескере отырып және мұнай бағасының күрт төмендеуінің зардаптарын болжау негізінде Қазақстанда ұлттық қор құрылды, онда мұнай мен түсті металдарға әлемдік баға деңгейінің белгіленген қалыпты шектен асып кетуінен түсетін кірістер жинақталады.
Бұл шара, сондай – ақ қазақстандық қаржы жүйесіне түсетін валюта қысымын жоюға және экспортты ынталандыратын және дайын өнімнің импортын тежейтін теңгенің айырбас бағамын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құрылымдық – институттық реформалар саласындағы жетістіктерді, қаржы секторы сенімділігінің артуын және елдің экспорттық әлеуетінің жедел қарқынмен өсуін айта отырып, өнеркәсіптің өңдеуші салалары, сондай – ақ өндірістік сипаттағы қызметтер көрсететін салалар тиісінше дамымай отырғанын атап өту керек.
Өңдеуші өнеркәсіпте металлургия өнеркәсібі ғана сыртқы нарықта бәсекеге түсе алады. Ал, тамақ өнеркәсібінің кейбір өнімдері осыған ұқсас шетелдік өнімдерімен ішкі нарықта бәсекелес болады, ал өңдеуші өнеркәсіптің қалған өнімдері бүгінгі таңда тікелей және жанама субсидиялардың есебінен отыр.
Қазақстанның қазіргі таңдағы экономикасында мынадай проблемалар орын алуда:
— экономиканың шикізаттық бағыттылығы;
— әлемдік экономикаға ықпалдасудың әлсіздігі;
— ел ішіндегі салаларалық және өңіраралық экономикалық ықпалдасудың босаңдығы;
— өңдеуші өнеркәсіп өнімділігінің төмендігі;
— ішкі нарықта тауарлар мен қызметтерге деген сұраныстың мардымсыздығы;
— өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымның жеткілікті дәрежеде дамымауы;
— мұнай – газ және кен металлургиялық кешенге жатпайтын экономика салаларында негізгі қорлардың тез тозуы;
— кәсіпорындардың жалпы техникалық және технологиялық тұрғыдан артта қалуы;
— ғылым мен өндіріс арасында ұтымды байланыстың болмауы;
— ҒЗТКЖ- қа қаржының аз бөлінуі;
— отандық ғылымның нарықтық экономика жағдайларына нашар бейімделуі, ғылыми – техникалық өнімді тауар деңгейіне дейін жеткізудің ықпалды тетіктерінің болмауы, соның салдарынан тұтастай алғанда инновациялық ұсыныстар деңгейінің төмен болуы;
— экономиканың өңдеуші секторларына инвестициялар салуға отандық қаржы институттары үшін ынталандырудың көздерінің болмауы;
— менеджменттің экономиканы жаһандану үрдістеріне және сервистік – технологиялық экономикаға өтуге бейімдеу міндеттеріне сәйкес келмеуі.
Қазіргі кезде ықпалды инветициялық, инновациялық және құрылымдық саясаттың жаңа жүйесін қолдану керек екені анық болып отыр.
Индустриялық саясат дегеніміз мемлекеттің бәсекеге түсуге қабілетті және тиімді ұлттық өнеркәіспті қалыптастыруы үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасауға және қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кешенін білдіреді.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі дамуының мемлекеттік стратегиясы келесі шаралар кешенін қалыптастырады:
— макроэкономикалық реттеуіштерді пайдалануды ұйымдастыру негіздері, шарттары мен тетіктерін анықтау;
— халық шаруашылық, салалық және аймақтық жоспарларды үйлестіру;
— отын – энергетикалық, инвестиция – құрылыстық, мұнай – химиялық, металлургиялық, машина жасау, агро — өнеркәсіптік, азық – түлік сияқты кешенді салаларын басқаруды үйлестіру;
— мемлекеттік кәсіпорындарды санациялау мен қайта құрудың жалпы қағидалары мен тетіктерін өңдеу;
— шетел инвестициялары мен несиелерін тарту және пайдалану бойынша мемлекеттік қызметті ұйымдастыру;
— республиканың сыртқы экономикалық байланыстарын күшейту және сыртқы экономикалық қызмет мәселелері бойынша үкіметаралық келісім шарттардың орындалуын бақылау;
— кәсіпкерлік пен бизнесті қолдау, экономикадағы монополизмді жою бойынша жалпы мемлекеттік шараларды жүзеге асыру;
— мемлекеттік басқару органдарының жүйесі мен құрылымын жетілдіру бойынша негізделген ұсыныстар даярлау;
— мемлекетпен бекітілген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тетіктерін өңдеу, өндірістік күштерді тиімді аймақтық орналастыру бойынша шараларды анықтау;
— сапаның әлемдік стандарттарына көшу;
— дүнижүзілік ғылыми – техникалық және инновациялық үдерістерге қосылу арқылы әлемдік шаруашылық жүйесіне және өңірлік экономикаға ықпалдасуды үдету.
Экономикалық жүйе — әлеуметтік жүйенің бөлігі (жүйе құрамы) ғана. Сондықтан экономикалық жүйені әлеуметтік жүйеден байланыссыз зерттеу қоғамдағы көптүрлі нақты жағдайларды, қатынастарды шартты, ауқымы тар, және қарапайым түрде қарастыру болып саналады. Адам -экономикалық жүйенің негізгі атрибуты болып табылады. Сондықтан қоғамда әлеуметтік қатынаста, адам факторын негізгі діңгек ретінде қарастырып және жалпы әлеуметтік құрылымның негізі ретінде де адамдық фактордың бірінші кезекте орын алып отыратындығы анық.
Адамдық ресурс дамушы елдерде әлеуметтік — экономикалық дамудың мазмұны мен кезеңдерін анықтайды. Адами капиталы жоғары елдердің дамуы да басқа елдермен салыстырғанда бір төбе жоғары деңгейде. Мәселен, Оңтүстік Корея мен Тайвань мемлекеттері төмен даму деңгейіндегі физикалық капиталды жоғарғы сапалы еңбек күшімен толықтырып отырған, соның себебінен 60-80 жылдарды осы елдердің экономикасының дамуынының маңызды қозғаушы күші болып табылды.
Экономикалық дамудың басты көрсеткіші болып табылатын ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы көрсеткіші жеткілікті түрде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтылы көрінісін бейнелемейді. Сондықтан экономиканың әлеуметтік саламен байланысы жөнінде және тәуелділігі туралы БҰҰ-ның Адам потенциялының даму индексі (АПДИ) қосымша көрсеткіштің туындағаны белгілі.
Қоғамдық – саяси тұрақтылық, орнықты әлеуметтік – экономикалық даму, экономикалық қауіпсіздікті нығайту негізінде халықтың әл – аухатын өсіру Үкіметтің басты мақсаты ретінде айқындалған болатын.
Ел Президенті алға қойған мақсаттарға қол жеткізу қажеттігіне негізделе отырып, сондай – ақ экономиканы дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудағы сабақтастықты дәлелдей отырып, Үкімет Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін және ел азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы институционалдық және экономикалық жағдай жасауды басты мақсат ретінде айқындады.
Ел Президентінің тапсырмаларына сәйкес Қазақстан Республикасының эконикасының дамуының басым бағыттары болып мыналар саналады:
1. Әлемдік экономикаға тиімді кірігу — елдің елдің экономикалық дамуының сапалық серпілісінің негізі.
2. Қазақстан экономикасын тұрлаулы экономикалық өрлеудің іргетасы ретінде одан әрі жаңарту мен әртараптандыру.
3. Әлсіздерді қорғайтын және экономикамен елдің дамуын қолдайтын осы заманғы әлеуметтік саясат.
Еліміздің әлеуметтік саладағы барлық іс — әрекеттерінің нәтижелігінің басты өлшемі Қазақстан халқы өмірінің сапасы мен әлеуметтік қалпын әлемнің анағұрлым дамыған және бәсекеге қабілетті елдерінің деңгейіне сәйкес келетіндей етіп орнықты түрде арттыру болуға тиіс.
Сондықтан әлеуметтік саланы одан әрі жедел жаңартудың неғұрлым басым бағыттары мыналар болып табылады.
Бірінші. Тұрғын халықтың анағұрлым «осал» топтарын атаулы әлеуметтік қолдауды дамыту.
Екінші. Әлеуметтік көмек жүйесін нарық жағдайларына сәйкес келтіру.
Үшінші. Әлеуметтік саладағы жаңа қызмет түрлеріне сұранысты қалыптастыру.
Төртінші. Осы заманғы білім беру және білікті кадрларды дайындау жүйесін дамыту.
Бесінші. Кадрларды қайта даярлау.
Атыншы. Тұрғын үй құрылысы мен жылжымайтын мүлік рыногын дамыту мәселелері
Жетінші. Денсаулық сақтау саласындағы қызметті ұйымдастыруда осы заманғы қағидаттар мен үлгі – қалыптарға көшу.
Сегізінші. Қоршаған ортаны қорғау.
Тоғызыншы. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін басқарудың халықаралық үлгі – қалыптарын енгізу.
Оныншы. Қазіргі заманғы және бәсекеге қабілетті көлік – коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Назарбаев Н.Ә. «Әлеуметтік — экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты. ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауы – Астана, 2012 жылғы 27 қаңтар.
2 Қазақстан Республикасындағы халықты әлеуметтік қорғау тұжырымдамасы//Егеменді Казахстан.- 2001.- 21 тамыз
3 Баймуратов У. Социальная экономика //Соч.: в 7 т – Алматы.: Экономика, 2005.-Т.4.- 320 с.
4 Райханұлы Қ.. Әлеуметтік саладағы экономикалық қауіпсіздік // Ақиқат. – 2007.
5 Габдуалиева Р.С., Муханова Р.Г., Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары // Ғылым және білім. — 2009. — № 2. — С. 95-98
6 Муханова Р.Г. Әлеуметтік қорғау әлеуметтік саясаттың негізгі бөлігі ретінде // Аймақтық экономиканың инновациялық дамуындағы жастардың орны мен рөлі: Ұлы Отан Соғысы Жеңісінің 65-жылдығына арналған студенттер мен магистранттардың аймақтық ғылыми-практ. конф. материалдары / БҚАТУ. — Орал. — 2010. — ІІ Бөлім. — С. 249-252
Талапбаева Гульнар Едиловна
«Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.к.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қаласы
Тағы рефераттар
- Адвокатура ұғымы және міндеттері мен адвокатураның ұйымдық құрылуы
- Оғыз қаған дастанының біздің заманымызға жету жолы, зертелуі
- Табыстар мен шығыстар жөніндегі қорытынды есеп
- Білім беру адам дамуының көрсеткіші ретінде
- Гемодинамика, негізгі заңдылықтары