Этникалық және ұлттық өздік сананың рухани-психологиялық және саналық өзегі мен негізі – этос. Мұның грекшеден сөзбе-сөз тәржімелегендегі мағынасы – әдет-ғұрып, мінез-құлық. Антикалық пәлсапада этос жалпы алғанда әлдеқандай адамның немесе құбылыстың ішкі сипатын бейнелейтін ұғым ретінде қолданылған. Ал, экзистенциялық пәлсапа оны адамның рухани мәнін, сол мәнділіктің негізін құрайтын функционалдық мазмұндағы ерекшеліктерді білдіретін термин ретінде қарастырады. Қысқаша маз-мұндасақ, этос – әлеуметтік нормалар мен рөлдік функциялар кейпінде көрінетін қоғамның еркін білдіруі. Оны үстем болып тұрған құндылықтар мен әдеп қалыптарында, сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың негізгі массасының тұрмыс-салты мен әлеуметтік жағынан ұйымдасуының ерекшеліктерінде бейнеленген, әлеуметтік-этникалық қауымдастық мәдениетінің жинақталып-жалпыланған сипаттамасы түрінде түсіну керек[1].

Этос – бұл күштеу механизмдері мен қозғау салатын шешімдерді жүзеге асыру негізінде қауымдық өмірді реттеу мен нықтауға қаратылған іс-әрекеттерде басшылыққа алынатын бастаулар, нұсқаулар, ережелер, үлгілер мен эталондар. Бұл жайт белгілі бір мүдделерді қорғаудан туындайды. Жоғарыда сөз болған этос мазмұны іс-әрекеттің диспозициялары, санкциялары және шарттарымен айқын-далады. Этос отбасынан басталып, еңбек ұжымында, көше-көлікте, жалпы этностық тұрмыста көрінісін тауып жатуға тиіс. Мұнда адамгершілікті орнықты ететін этникалық дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сана айрықша рөль атқарады. Сайып келгенде, адам деген атқа ие болу үшін адамның дені сау, есінің дұрыс болуы жеткіліксіз, оның гуманитарлық, яғни адамгершілік қасиеттері болуы тиіс.

Айта кету керек, гуманитарлық құндылықтар саясат-тандырылмауы ләзім. Сонымен бірге оларды саясаттан мүлдем ажыратып алып қарастыруға болмайды. Гуманитарлық кодекс (мінез-құлық ережелерінің жинағы) қазақтардың ғасырлар бойы зардап шегіп, төгілген көз жасы, қаны мен терінің туындысы. Гуманитарлылық топқа-тапқа, бүтін басты қауымға бауыр басып кетуден басталған қатардағы тұғырлардың бірі емес. Ол адамгершілік абсолюттерінің шоғырлануы. Қалған-дары – саясат, ғылым т.б. осынау абсолюттік құндылықтардың іргетасына құрылуы керек. Өйткені, гуманитарлық құндылықтар абсолюттік сипаттас болып келеді. Оларды басқалай мүдделер мен жәйттерді ақтау үшін құрбандыққа шалуға болмайды. Керісінше, адамгершілікті сақтап қалу мақсатында басқаларды оған құрбан етуге болады. Адамгершілік абсолюті бір нәрсені – материалдық игіліктерді, билікті т.б. жөнсіз, қисынсыз иеленуге қарсы тұрады. Сондықтан одан тоғышарлар, әпербақандар, арсыздар бойын аулақ салады. Әсіресе, бонвивандарға (өзіне жағдай жасауды ғана ұнататын адам), бұрандалы дөкірлерге «адам» керек емес. Гуманитарлық абсолюттер эмпирикалықтан тысқарыда, тәжірибеліктен жоғары тұрады. Оларға сыннан өтудің қажеті жоқ. Гуманитарлылық – болмыстың ең жоғарғы құндылығы. Ол көңілін ұдайы тектілік, бекзаттылық және адамгершілікке аударады, өткінші, уақытша, әбігерленушілікпен (экономи-калық-саяси өлшемдермен) сиыспайды. Гуманитарлылық (ізгіліктік) қандай да сәтті болмасын, қазіргіден, яғни уақытшалық, өткінші нәрседен қанағаттанбаушылық сезімі пайда болған жерде басталады. Демек, гуманитарлылық әдет емес, ол — сенім, өмір салты және іс-әрекет тәсілі[2].

Этосты құрайтын құндылықтар мен қалыптардың көрі-ністері қандай? Оларды адамдардың сөздерінен, шығар-машылық туындыларынан, рухани ізденістерінен, қобалжу-ларынан, тіпті қуанышы мен азап шегуінен де жазбай тануға болады. Сондай-ақ, адамдардың өз халқының өткені, қазіргі жағдайы мен келешегіне байланысты алаңдаушылығынан осы құндылықтардың нышанын көруге болады. Мұны олардың табиғат, қоғам және билік институттары туралы түсініктерінен де байқауға болады. Өз-өзінен көрініп тұрғанындай, бұлардың бәрі ұлттың өзіндік санасының, ары қарай кеңейтіп айтатын болсақ, ұлттық сананың мазмұнын құрайды.

Сонымен қоса әлеуметтік-этникалық этос құрамынан белгілі бір мөлшерде осы қауым мен индивидтің қолтығынан демеп, дем беретін, арқасына сүйеу болатын, әсіресе доминанттық маңызға ие болған этникалық, тарихи-мәдени, экономикалық, саяси және идеологиялық құндылықтар мен қалыптардың алатын орны ерекше. Этностың басты ерекшеліктері осынау қоғам өсіріп-өркендететін кісіліктің, кісінің негізгі типтерін анықтайды (мысалы, спартандық). Әрине, әлеуметтік құрылым қаншалықты күрделі болса, ол индивидтердің соншама көптеген типтерін қалыптастырады. Өркениетті ауқатты, бақытты өмір сүру үшін күрделі құрылымдық нормалар мен құндылықтарға ие болған этос жақсы ма, әлде қарапайым этос жақсы ма, оны айту қиын. Мәселе – басқада болып отыр, яғни бұл құрылымның өз тұрақтылығын, түрін, келбетін, бейімділігін сақтай алуы, «күштілердің» қолайы мен қысымынан қорғана алуы, өз өмірін, тағдырын, эволюциясын сыртқы күштерден қорғай білуі, өзінің өз-өзінен бұзылуына жол бермеуі сияқты қабілетінде деп білеміз.

Австриялық зоологтар К.Лоренц пен Н.Тинбергендер биологиялық заңдылықтарды адамның тәртібін түсіндіруге қолдануға болатындығын дәлелдеген. Олардың пікірінше, барша күрделі құрылымдардың басты функциясы түр-түстілікті сақтауға қаратылған іс-әрекетпен етене байланысты. Бұл ретте осынау тезисті қабылдап, қолданғанда абай болу керек екендігін еске сала кетпекшіміз. Себебі, кез келген инварианттар адамнан өз еркіндігін құрбандыққа шалуын талап ететін сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ мұнымен келісе қою қиын, өйткені еркіндік өз бетінше интерналдық сипатқа ие болып, сыртқы факторларға іштей тәуелді емес.

Себебі, идеалда кісіліктің бірден-бір жалғыз типі – еркін адамның қалыптасуына мүмкіндік беретін өте қарапайым, бірақ сенімді әлеуметтік құрылымның болуы мүмкін ғой. Әлеуметтік-этникалық этостың нақ осындай құрылымы ғана қоғамның табиғи эволюциялық жолмен өрлеуін камтамасыз ете алады. Сондықтан да көптеген ойшылдар адамзат тарихының басыбастауын революциялық емес, эволюциялық жолмен байланыстырады. Революциялар этостың ішкі қатынастарын қоғамдап-ұйымдастыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік ақпарат құрылымын бұзуға бағытталған іс-әрекеттер мен қозғалыстар болып табылады. Қоғамдық этостың құрылымын ізінен шығару– құрылымдық жойқындылықтың ең қатерлі түрлерінің бірі, өйткені ол адамның әдеп-әдеті мен жүріс-тұрысын оның өз бақылауынан, назарынан тыс қалдырады; сол қоғамда қалыптасқан типтің аман қалуына қауіп төндіретін және революциялық жағдайда да қоғамды сауықтыру үшін тиімді жол таңдай білуге бірден-бір әлеуеті мен қабілеті жететін әлеуметтік зиялылық (интеллект) пен ақыл-парасаттылықты тоқтатып, іске асырмай тастайтын, қалыптасқан байланыстар жүйесін талқандайтын күштерді жүзеге келтіріп шығарады. Қоғамдық-этникалық этостың жүйесізденуі оны өзінің жойылып кетуіне кіріптар етіп қана қоймай, коэволюциялық процестің бұзылуымен байланысты жүзеге келетін басқалай апаттарға жол ашып береді. Бұрынғы атам заманында, одан кейінгі келесі кезеңдерде, әсіресе этостың қаймағы бұзыла қоймаған кезде құрылымның (қоғамдық, саяси және басқа салаларындағы) бұзылуы этнос пен адамның қалыпты өмір сүруіне айтарлықтай қауіп туғызбаған болатын. Ол заманда қандай қатерлі жағдайға тап болса да этос адамдарға не істеп, не қою керектігін инстинкті түрде білдіріп отырған. Және этникалық қоғам өмірлік маңызы бар императивтерге ие болатын. Ал «революциялық секірістердің» бел алуына байланысты бұл императивтер (бағыну, мойынұсыну) әлеуметтік интеллектіден шайылып жіберіледі. Мұның өзі адамзат қоғамының эволюциясын былай қойғанда, коэволюцияның ойсырай бәсеңсуіне әкеліп соқтырады.

Интеллект, сезім, қобалжу, көңіл-күй, әдет-ғұрып, салт, қалып, үміт, талғам, таңдау, жақсы көру, бейіл – мұның бәрі әлеуметтік-жағымды және жағымсыз болып келетінін айта кету керек. Жағымды архетиптер адамдар өздерін бақытты деп есептеген кезде (оны балғын балалық шағын еске түсіргендегі сезімдерімен салыстыруға болады), яғни өмірден ең үйлесімін тапқан, оның жарқын әрі еркін кезеңінде санада, тіпті болмаған жағдайда саналы түйсіктерде көрінеді. Ал жағымсыз архетиптер этостың азайып-айныған, шырқы бұзылған, сырқат кезінде, тарихтың дағдарысқа толы кезеңінде жүзеге шығады. Олар халықтың санасыз жағдайындағы тарихи оқиғалардың «іздері» де болып табылады. Бірақ жақсылықтың емес, келеңсіздіктің, оның үстіне санадағы сараланбаған, саналыланбаған, өңделмеген келеңсіздіктің іздері. Дәл осындай архетиптер дағдарыстар кезеңінде әлеуметтік интеллект мүмкіндіктерінің шектелуі мен күрт төмендеуін, бұқаралық сананың иррационалдық деңгейге көшуін (адамның жағдайы нашарлаған кезде Құдайды аузына ала бастайтын әдеті де бар емес пе), қоғамдық сананың айнып-азуын әзірлейтін және қолтума санадағы ең ақырғы парасатты да рационалды компоненттерді ысырып тастай алатын, тіпті бұл сананы қайдағы бір жарамсыз қоқыстармен толтыра салуға бейіл тұратын күштер мен процестерді азықтандырады. Ал әлеуметтік зиялылықтың жойылуы мен жоқтығы өз кезінде жағымсыз архетиптерді тудырады, мұны естен шығармауымыз керек болады.

Жоғарыда тілге алынған архетиптер қалай пайда болады? Әрине, оның дәл уақытын айту қиын, оның үстіне түрлі жерлер мен елдердегі архетиптердің хронологиялык жасы да алуан түрлі болып келеді. Қазақ этосына қатысты архетиптерге келетін болсақ, олар негізінен Ресейдің Қазақстанды отарлауына байланысты әлеуметтік-саяси және шаруашылық өмірді реттеуге ұмтылған адамдардың жаңа бір тобы (ең басында отаршылдардың басқару аппараттарының кызмет-керлері; төменгі сатыда жергілікті тұрғындардың өкілдерінен жасақталған шенеуніктер жүйесі хандар, сұлтандар, билер, старшындар) пайда болған кезеңге тура келеді деуге болады. Салмақты да маңызды архетиптердін негіздері, бәлкім, бұдан да бұрынғы кезеңдерге, ең берісі жоңғарлар мен татар-моңғолдар шапқыншылықтарының, мүмкін діни сенім-нанымдардың ауысуы (әсіресе, исламның қабылдануы мен таралуы) белең алған дәуірлерге тура келетін шығар. Бұл жерде тарихи фактілерді санамалап отырудың қажеті шамалы. Мәселе – дистресстік тәжірибе архетиптері кандай жолдармен қалыптасады, міне, соның механизмін анықтауда жатыр.

Өз қалпында қалып, қарекетте көрінетін әлеуметтік зиялылықты алайықшы (оны бұл ретте нақтылы этос дамуының белгілі бір деңгейіне сәйкес келетін, әрбір қоғамдық жағдайға байланысты өзінің нақтылы «жауабын» бере алатын, әсерлесудін, мүлдем жаңа әрі соны әдістерін пайдалана және таба білетін қабілетке еге болған құрылым ретінде түсінеміз). Интеллектуалдық дамудың осындай деңгейінде тұрған қауым (оның ішінде этос та) стресстік революциялық ситуацияларға тап бола қалған жағдайда, оларды шеттеп, айналып өтіп, тиімді жолмен жүруге шамасы жетеді. Бірақ жойқын күштің аты-күш. Сондықтан да көп жағдайларда қиратушы күш өз дегенін істемей қоймайтындықтан, белгілі бір сәтте ескі құрылым қирайды және объектілер ұйымдасуының бұзылуына байланысты әлеуметтік зиялылық іске қосылмай, іске аспай қалады. Нәтижесінде қоғамның немесе оның «тағдырын» шешетін бөлігінің жүзеге келген құбылыстарды қандай болса, сол күйінде көре алу және әсерлесудің тиісті әрі тиімді әдістерін таба алу сияқты қабілетін толығымен іске асырмай және тоқтатып тастайтын белгілі бір эффект пайда болады. Реттеушіліктің автоматизмдер, шаблондар, әдеттер және тәртіптің дисстрестік архетиптері сияқты түрлерінде көрінетін, ендеше жаңа регулятивтік вакуумдык жағдайда пайда болатын мұндай эффект бүтін басты қауым үшін тарихи трагедия болып табылады. Осынау трагедияның мәнісі мен басты себебі әлеуметтік зиялылық толығымен іске аспай қалған жағдайда да өмірдің жалғаса беретінінен; осындай жағдайда әрекет ететін қарқынды интеллектуалдық диірменнің өңдеуіне үсті-үстіне келіп жататын информациялардың көбейе түсуінен, осыдан барып қорытылмаған информациялардың әлеуметтік-этникалық естің қоржынынан бір-ақ шығуынан деп білеміз. Көрініп тұрғанындай, дисстрестік жағдайдағы еске сақтау «дені сау» зиялылықтың, «ходы» жүріп тұрған кезге қарағанда мүлдем басқаша кешеді екен. Ой жүгіртіп көріңіз: Кеңес өкіметі тұсында біздің қауым мен этосымыз құлдырап, бүлініп кетті. Бірақ өндіріс пен өмір тоқтап қалған жоқ. Керісінше, КСРО әлемдегі әсіреимперия, әсіредержава қалпында қала берді емес пе? Азаматтар жұмысқа келіп-кетіп жатты, іс атқарылып жатты – қысқасы өмір дегеніңіз сарқ-сұрқ қайнап жатты. Мұның бәрі қоғамдық, ұлттық, этникалық құндылықтардың адам айта аларлықтай емес деңгей мен көлемдегі бұзылуымен қоса жүрді. Бірақ қоғамымыз өркениетті өмір сүру деңгейіне жете алған жоқ. Осынау жүйенің қазақтарға жат екендігіне қарамастан, қалыптасқан жағдай олардың қазақтардың оны ең дұрыс, ең жақсы, ең әділетті құрылым деп қана білетін қарабайыр ұғымына өзгеріс енгізе алмады. Қазақтар оны ең жақсы, ең әділетті құрылым деуден бір танбады. Жалған-жасық информациялар қабылданған үстіне қабылдана берді. Оған сенгендер мен сенушілер көбеймесе еш азайған емес. Себебі, халыктың этосы бұзылған еді. Ол информацияны, әлемді, коғамды, адамды төл этос елегінен өткізу мүмкіндігінен әлдеқашан айырылған еді. Деформациялар мен десстрестік этос Кеңес өкіметі тұсында ғана пайда болды ма? Жоқ, әлбетте.

Халықты дүрбелеңге салып, зиялыларын түңілдірген ақырзаманның шын аты, сойқанды аты – отаршылдық, елді өз дәстүр-салтынан, этосынан айырған патша тәртібінің орныға бастауы болатын. Расында да «есіктен кіріп төр менікі» дегендей, патша жандайшаптары өз үстемдігін, өз салтын, өмір сүру ережелерін мейманасы таси жүріп орнықтыра бастағаны шындық еді. Ата-мекенінен айырылған қазақтар бірте-бірте бостандығынан да, ерік-жігерінен де, үйреншікті тіршілігінен де айырылды. Сөйтіп, ғасырлар бойы ел дидарын танытып келген ата салтынан қол үздірді. Оның әсері халықтың психологиясынан, мінез-құлқынан, адами тірліктерінен де атойлап көрінді. Мұның өзі өткен мен енді болып жатқан өзгерістердің арасында жік туғызды. Отаршылдық ылаңы мен кесапаты өршіп, қабына түсті. Ел тірлігінің іргесі сөгілді. Осындай кептің боларын Жиделібайсынды іздеп, тыным таппаған Асанқайғы атамыз да болжап білген еді. Тіпті, сондай қасіреттің таяп қалғанын ұлы жырау Бұқар баба, Дулат Бабатайүлы мен Шортанбай Қанайұлы да күңірене айтқан болатын. Әсіресе, XIX ғасырдың екінші жартысында және XX ғасыр басында ғұмыр кешкен Абай, Ыбырай, Асан ақын, Жамбыл қазақ этосы мен этникалық санасының аянышты күй-жайын өз көзімен көріп, қинала отырып қағазға түсірген, жырға қосты. Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын, халқым надан болған сон қайда барып оңайын, – деп күйінген еді Абай. Қазақты осындай күйге түсірген заман еді, заман болғанда Асан ақын айтқандай ақырзаман еді. Ол «ақырзаман» арбап, аздырды», – деп тірліктен түңіле торықты. Бұл жерде Асанға ел намысы, қалың әлеумет намысы мен ар-ұят дем беріп, қолына қалам ұстатқанын баса айтқан абзал. Өйткені, оның зарын отаршылдық тепкісі деп, ал Асан зары – ата жолынан, ана мейірінен, ел бірлігінен, жақсылардың шапағатына көлденең болып, азып-тозып, байтақ жерінен айырылған әлеуметтің, қалың көпшіліктің зары. Осындай шырайы жоқ өмірді, тозғындыққа ұшыраған қалың елінің күңіренген дауысын, аh ұрғызған азабын айтуға келгенде Асан іркілмей, қайраттанып кетеді.

Ақынды ашындырып, өмірден түңілдірген ақыр заманның нағыз аты – қазақ жеріне иелік етумен тынбай, осы халықтың ар-ұятын аяққа басқан, өтірік пен өсекке, дау-жанжалға, қатыгездік пен харамдыққа арқа сүйеп, ұртын майлатқан Ресей империясының отаршылдығы еді. Мұндай сөз ол кезде тосын, әлі ел жадына сіңбеген еді. Сондықтан да Асан бұқараға жақын, таныс сөздерді қолданып, «ақыр заман», «әлеумет», «қулық», «арамза заман» деп сөйлейді. Ерді намыс өлтіреді. Асанның сүйгені де, таяныш еткені де – намыс, жұрт намысы, зарлы күйге түскен халық намысы. Егер отаршылдық, патша өкіметі жақсылық әкелсе, бөтен жерде жанжал шығар ма еді, елдің намысын қоздырар ма еді? Ғасырлар бойы қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қорғалған ел намысын сақтауға, ел тыныштығына, қауым бүтіндігіне ұйытқы болар еді, дін мен иман игіліктеріне араша түсер де еді. Жоқ, бұл есек дәме болатын. Қоқан хандығының қоқаңдауы былай қалды. Қара халықты темір етіктің табанына салды, намысына тиіп, бабалар жолын қиып тастады. Ол, ол ма, отаршылдық пен теңсіздік – әлеуметті ашындырған ақыр заман ел ішіндегі дүрдараздықтың, алауыздықтың, ішмерездік пен сатқын-дықтың қара бұлтын ұйытқыта келген еді. Сондай кесапат заман бұлты үйіріліп тұрған кезде ата-баба дәстүрінің алтын діңгегі шайқалмағанда қайтетін еді: отаршылдықтың отты ойраны қызды анадан, ұлды әкеден бездіріп жіберді. Бауырластар баянсыз болып, іштен жау шықты, сөйтіп әлеуметтің зығырданын қайнатқан ақыр заман ақын жүрегіне шоқ тастады[3].

Бүгіндері ұлы ақын Жамбылдың жырына үңілсек, ол астарлап болса да сол стрестік ситуациядан кейінгі қазақ этосының жағдайын айтқан екен:

Жамбыл көрді жасында,

Шабындыны, шандарды.

Біреуді біреу талаған,

Жыртқыштықты, зандарды.

Жүрсе де халық ашынып,

Осыны қашан аңғарды.

Көрсеткендер қарсылық,

Қайыршылап сандалды.

Сандалдырып малды алды,

Малды алмады – жанды алды.

Хан-төрелер алдаса,

Би-болыстар арбаса,

Шаққыш жылан уытты,

Халықта шыр қалмаса,

Заманның айғақ ақыны,

Кім айтар Жамбыл болмаса, – деп толғаған екен ұлы ақын[4].

Этностың этосы және ол шабыттандыра алатын әлеуметтік зиялылық дистрестік жағдайға тап болса, қауым мыңдаған, жүздеген жылдар бойғы ұстанып келген психикалық бағдаршамынан айырылып, сең соққан балықтай күй кешіп, күн өткізіп, жел қай жақтан соқса, соның ыңғайы-ығымен жүре беретін әдет тауып алады. Мұның нәтижесінде қауым турасындағы барлық жаңа және бай информация оның өкілдерінің компьютеріне қабылданбай, сол себепті тәжірибеге айналмай қала береді, өйткені әлеуметтік зиялылық пен этностың теориялық деңгейіндегі өздік санасының елегінен өтпей, өңделмеген информация шынында да кәдеге аспай қалады және де этникалық психиканың терең қатпарлары мен түкпір-түкпірлерінде жалпы жағымсыз әсерлер мен реакциялар түрінде шөгіп жата береді. Әрбір дистрестік[5] ситуациядан кейін этникалық этос ақымақ болған үстіне ақылсыз бола береді, меңіреулене түседі, өйткені әлеуметтік интеллектінің көбісі өнделмеген архетиптермен айналыса береді, мұның өзі жаңа шешім қабылдауға септігін тигізбейді. Алдыңғысына айнымай ұқсап келетін әрбір жаңадан пайда болған жойқын сипатты ситуация дистреcтік архетиптерді құдды бәйгеге қосатын атты жаратқандай бабына келтіре дайындайды, олардың қоғамда екпінді де емін-еркін әрекет жасайтын әлеуметтік-психологиялык факторларға айналуына себепші болады. Әдетте, әрекет ететін факторлар деңгейіне көтеріле алған дистрестік архетиптер тағы да рационалдық сананы іске қоспай, іске алғысыз етіп тастайды, оның есесіне екпінді әрекетке көшетін иррационалды сананы алға шығара береді. Адамдардың коғамдык-тарихи жадында, көңіл-күйінде, тіпті сыртқы кейпінде көрінетін бұл архетиптердің сығымдалған дистресстік іздері ұрпақтан-ұрпаққа көшетін қасиетке ие. Яғни дистрестік архетип – бұл осы этнос тапқан, тап болған ішкі конфликт. Бұл конфликт қоғам, оның ішінде жекеленген психика тарапынан түйсініліп-ұғынылса, онда ол өзінің қауіпті, сұрапыл, жойқындық қасиеттерінен айырылады да, жаңа тәжірибеге бастау болу мүмкіндігіне ие болады. Сонда әлеуметтік зиялылық қарама-қарсылықты дистрестік жағдайды еңсере отырып, рационалды, табысты, бейімді, ақылды жұмыс істей алады, ал дистрестік архетип қоғамдық реформаторлар тарапынан (оның өзінде саналы түрде емес) қам-қарекеттердің бірден-бір дұрыс жолы мен әдісі ретінде танылады. Егер де қайтадан бабына келтірілген архетиптер туралы қоғамның осы бөлігінің өкілдерінің пікірін білгіңіз келсе, олардың бұларды қорғаштай бастайтынын көресіз. Мұны олар ешқандай негізі жоқ болса да біздің ұлттық мінез-құлқымыз бен этникалық ерекше-ліктеріміздің табиғатынан туындайтын жәйт деп жанын сала түсіндіруге әзір тұрады. Расында мұның өзі біздің әлеуметтік зиялылығымыздың қатып-семіп қалуынан басқа ештеңе де емес. Бұл, әсіресе өкімет басшылары, саясаткерлер мен оларға жақын жүрген кісілердің бойынан табылатын жай. Құдды осындай жандардың рационалсыз, парасатсыз және бейімсіз әдебі мен тәртібі бүкіл халықты жарақаттап, оның басына сор болып бітеді. Әсіресе, принциптерге ойсыз бас ұру ахуалында тәрбиеленген біздің қоғамда бұл әлі орын алып отыр[6].

Парасатты эволюцияны қоғамда адамдардың белгілі бір шектеу-шекараларынан тысқары шықпайтын адаптивтік тәртібі ғана қамтамасыз ете алады (мысалы, исламның немесе христиан дінінің ахлақтық императивтері сияқты). Мұның өзі қоғамдағы ішкі және сыртқы әсерлерді реттеп тұратын регулятордың салмағы ішкі конфликтілер мен сырткы факторлардың интегралдық қысымына қарағанда басым болып келгенде ғана іске асуы мүмкін. Егер де субъектінің белсенділігі ситуацияны ұғыну-саналылау, нәрселердің мәнін түсіну шарасынан асып-тасып жатса, бірінші кезекте ақыл-парасат пен өмір логикасы зардап шегеді, үйлесімсізділік күшіне ене бастайды. Құдды белсенділік үйлесімсіздігінің және оның ұзын-ырғасының ұғынылмауының нәтижесінде жалған-жала-жара, қылмыс-қыңыр-келеңсіз қылықтар, қатыгездік-айуандық істер қарқын ала бастайтын болады. Қоғамдық, этникалық құндылықтар мен қалыптар тізбегі быт-шыт үзіледі, қоғамдық сана жаңа жағдайда қалыпты жүмыс істеуге қабілетсіз болып, қиыны қашып, қайшылықтар қамытын киеді. Рухани өндіріс өнімдеріне сұраныс азаяды. Осындай жағдайсыздық, әсіресе әлеуметтік зиялылықты құрсаулап, тілерсектен тұсап тастайды.

Осынау үйлесімсіздіктен барып қоғамдық белсенділіктің күллі дезадаптациясы (бейімсізденуі) туындап жатады. Үйле-сімсіздіктің өзі регуляция заңының бұзылуына байланысты пайда болады. Бұл заң бойынша белгілі бір этос шеңберінде парасатты үйлесімді-үндесімді тәртіпті қамтамасыз етуге қаратылған регулятор және оның энергиясы қарқын алып тұрған информацияның тасқынына қарағанда қуатты болуы керек.

Жалпыға мәлім, білікті маман-психоаналитик тарапынан ауру адамның жай-күйі тұрғысында сауатты да салауатты бақылау мен байқау болмаған жағдайда ол сол адамның сырқат психикасына байланысты (өзі және басқалар турасындағы) өңделмеген информацияны дұрыс қабылдауы неғайбыл, мұның нәтижесінде дертіне дауа да таба алмайды емес пе? Әлеуметтік психика туралы да осыны айтуға болады. Қоғамда регулятордың жоқтығынан өңделмеген информа-цияның бір бөлігі әлеуметтік психикаға әсер ете бастайды. Нәтижесінде интеллект іске аспай қала береді де эмоциялық фактор ғана алға шығып, екпіндете әрекет ете бастайды.

Дистрестік ситуация жағдайында қайтадан жүзеге асқан иррационалдылық өз білгенінен қалмай, көпке дейін шаласын бықсыта береді – адам әрекетін шындықта болып жатқан құбылыстармен логикалық жағынан байланыстырмастан-ақ жасай беретін болады. Жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалыс пен әдет-тәртіптің архетиптері (бұл ұжымдық санасыздық), әсіресе тобырдың бойынан табылып жатады. Тобыр топталған жерде парасатты адамның творчестволық іс-әрекеті әлсірейді, күштен қалады. Әлеуметтік архетиптер актуалданған жерде адаптацияның нормалық (қалыпты) негізі бұзылады да, мәнсіздік үкімі жер-жерде жүре береді.

Егер қоғамда дистрестік тәжірибе өз деңгейі мен мөлшерінде дер кезінде ұғынылмай сан рет қайталана берілсе, сөз жоқ, ондай коғам парасатты логикалық ойлаудан, шығармашылық іс-әрекеттен қалып (өйткені, шынайы шығармашылық мәселені саналылаумен байланысты), жалпы алғанда автономдық (одан әрі дербестік) бірлік ретінде өмір сүруге қабілетін мүлдем жоғалтып алуы мүмкін. Өйткені, келеңсіз әрі өңделмеген тәжірибе қоғамның жаңа ситуацияға байланысты қарқынды әсерлесудің дәл, анық, тиімді әдістерін табуына бөгет болады. Нәтижесінде қоғамның тіршілік ету жолдары мен тәсілнамаларын таңдауды, жоспарлар мен бағдарларын анықтап, аңғаруды қамтамасыз етуге тиісті және жауапты болып саналатын жоғарғы-сындарлы инстанцияның патологиялық дамуының себеп-салдары ретіндегі ұжымдық сананың архетиптері пайда болады. Олар белгілі бір заңдылықтар бойынша әрекет етеді. Солардың бірі – ішкі заңдылық архетипі. Оны реформаторлар сипаттамасының түйіні десе де болады: реформаторлар өздерінің іс-әрекетерінде заңдылықты, құқықты, әдет-ғұрыпты немесе дәстүрді, яғни этосты және этносты сақтайтын, сондай-ақ адамдарға таяныш сезімін ұялататын тетіктерді басшылыққа алып, солардың ыңғайымен жүрмейді. Олардың құлақ асатыны – ішкі дауыс, сезім, эмоция, ең ақырында, «айызы» қанбаған, қанағаттанбаған мұқтаждықтар. Соның салдарынан заңды бұзу, қоғам мүлкіне, этникалық құндылықтарға жүрдім-бардым қарау үйреншікті әдетке айналады. Бұл жағдайдың біздің қоғамымызда қалыптасып отырғандығы шындық. «Қоғамдық сананың жайы да, саяси институттары да, – деп атап көрсетті Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев, – біздің заң шығарушыларымыз шын мәніндегі кәсібилігін қамтамасыз ететіндей деңгейге жеткен жоқ және әлі жете де алмай отыр»[7].

Жоғарыда сипатталған архетиптер тарихымыздың отаршылдық, құлдық, бодандық кезеңдерінің бәрінде де болған. Олар біздің этостық санамыздың (дұрысы, санасыздығымыздың) түбінде шөгіп, жатып қалған. Бұл жәйтті ұғыну мен түсінуге деген ықылас пен ұмтылыстың өзі біздің философиялық немесе саяси әдебиетіміз түгілі, көркем шығармалар мен өнерімізде де болмаған, қазір де жоқ.

Біздің этносымыздың сипаттамасынан иррационалдылық пен қайшылықты бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайды. Қоғамымызда құқықтылық пен жеке адамдардың белсенділігі қандай халде еді? Өткен күніміздің шындығы мынау еді: әсіресе, халық үшін жанын пида етуге деген ниетін аңғартқан біреу ойда жоқта ел ішінен жұлынып шыға келіп, қоғамдық және ұлттық тұрғыдан белсенділік танытты делік. Сонда ол көпшілік тарапынан қолдау табады деп сеніммен айта аламыз ба? Мүмкін, кәдуілгі қасаң болған немқұрайдылықтың, ештеңеге селт етпейтін салғырттықтың көрінісіне тап болатын шығармыз. Немесе күлетіндер де табылып қалар (әй мынаған не жоқ, басшылар бар емес пе деген сиякты). Бірақ КҮШТІНІ КҮШТІЛІКТІ мойындаймыз, өйткені біздің негізгі менталитетіміз КҮШ колданбасаң болмайды, жұрт тыңдамайды дегенге саяды. Тіпті ең ізгі ұмтылыстарымызда да табысымыздың бірінші шарты жоғарыдан тұрып не айтылса, жұрттың соған сенуімен, соны екі етпей орындауымен байланыстырылады. Лауазым-мансапқа қолы жетті ме, болды өзінің қарауындағылардан ешкімді мойындамайды. Айтқанын орындатуға бейіл тұрады және өктем, өйткені өзі солай қалыптасқан. Жоғарыдағылардың бұйрығын екі етпей өліп-тіріліп орындайтын әдеті – өмірлік-өндірістік серігі. Басқаша болуы мүмкін емес. Жұртқа жайлы ма, онымен жұмысы жоқ. Бұл жөнінде бас қатырып отырудың қажеті шамалы. Тиісті формаға сай келетін іс істелінуі керек. Ең бастысы үсті-үстіне үстемелете бұйрық беріп, жұртты жұмысқа (толып жатқан) жұмылдыра білуі керек, сонда қарапайым жандар түгілі, мен-мен деген шығармашылық адамдары да өздерін қоярға жер таба алмай, асып-сасып қалары хақ. Сөйтіп өмір өте береді. Жоғарыдағыларға жағына, жақсы көріне алса болды. Мұның өзі – парасатсыздық етек жая бастайды деген сөз. Демек, мәселенің түйіні айналып келгенде этосқа (одан да кеңірек алсақөркениетке) барып тіреледі. Әсіресе, санғасырлық тарихы бар әдеттердің әрі мен нәрін кетіріп алған жерде әз істердің жүзеге асуы неғайбыл. П.А.Кропоткиннің жазғанындай, әрбір қоғамда бұрынғы өткен әулеттерінен кейінгі ұрпақтарына берілетін қоғамдық әдеттердің ядросы болады. Оларды жекеленген адамдар және тұтас қауым мәжбүрлеу арқылы қабылдап, ұстанбайды. Өйткені, бұл әдеттер әрқандай күштерден де жоғары тұрады. Оның үстіне, көне дәуірлерде пайда болған. Адамзат тарихындағы күллі прогресс құдды сол әдеттерге негізделген[8]. Біздіңізше, регресс те солардан ауытқушылықтан басталады. Бұл ретте Грузин ғалымы М.К.Мамардашвилидің айтқан мына сөздері құлаққа қонымды деп білеміз: қоғам мәдениетінің дамуында адамдардың іс-әрекеттері, идеялары, принциптері, дүние түйсінулері орын алмай қалған бос жерлер болады; нақ осы жерлерде, мәдениет мекенінің құлазып жатқан жерлерінде жауыздық пен нигилизм пайда болады[9]. Осынау «бос» жерлерде, пікірімізше, ұжымдық касірет пен ұжымдық байыпсыздықтың ұғынылмаған архетиптері пайда болып жатады.

Ұжымдық психикада әрекет ететін «ішкі заңдылық архетипі» қоғам тарапынан саналы түрде жасалынатын мәдениетке (әсіресе тұрмыс-салттық мәдениетіне) әсер етеді. Бұл архетиптің әрекеті қоғамдық регулятордың жоқтығына байланысты әуіж алып отыр. Бұл жерде регулятор дегенде біз объективтендірілген сана болып табылатын қоғамдық заңдар мен қоғамдық институттарды назарда ұстау керек екенін еске сала кетпекшіміз. Және информацияны реттейтін, этностың еркін дамуы мен еркін шығармашылыққа аса қажет болған этостық мәдениетті, этостық тұрақтылықты қалыптастыратын сананы түсінеміз.

Ұжымдық сананың архетиптерінің тағы бір түрі – экстерналдылық архетипі.

Психологияда өз қимыл-әрекеттері мен ой-пікірлерін бақылауға алуына байланысты адамдарды екі типке бөліп қарастыру үрдісі қалыптасқан: 1. Интерналдар. 2. Экстерналдар. Интерналдарға өз ісі, қимылы, қарекеті, қызметі, жүріс-тұрысы және тәртібін іштей бақылауға алып, баға бере алатын, сәт сайын, сағат сайын қадап-қадағалап отыратын, қысқа қайырып айтатын болсақ, өз тағдыры үшін жауапкершілік сезімі мықты адамдар жатқызылады. Ондайлар сәтсіздіктерін негізінен өздерінен көреді. Ал экстерналдық топқа өздерінің сәтсіздіктерінің себептерін басқа түрлі жағдайлардан, тіпті жұлдыздардың орналасуынан да іздейтін жандар жатады. Олар өздерін емес, сыртқы факторларды бақылауға алып, іс-әрекеттерінің нәтижесін өз жауапкершілігі және әрекетімен байланыстыра қарастыруға қабілетсіз. Олар тап болған қиыншылықтарды түсінбейді емес, түсінеді, бірақ кедергілерді, олардың себептерін тек сырттан іздейді. Солар жойылса барлық шаруа өз-өзінен ретке келіп қалатын сияқты. Өздерін шыңдауға, қамшылауға құлшынып отырмайды. Ал парасаттылықты серік еткен жандар қат-қабат жұмыстарына сергек қарап, өздерін бақылауға алуға әркез дайын тұрады.

Біздің өткен 90 жылдан астам тарихымызға көз жүгіртсек, этосымыздағы барлық жауыздық пен әділетсіздікті реформаторлық сана қоғамдық құрылымның жетімсіздігінен деп түсіндіріп келгенін, бірақ олардың жүзеге асуына әрбір адам және жұрттың бәрі айыпты деу қаперге кіріп шықпағанын көреміз. Революциялық шаралар мен әрекеттерде ең басты нәрсе әрдайым сыртқы құрылымсыздықты жою деп есептелінеді. Әрине, мұндай қателіктерге жол қойған Разин мен Пугачевқа кешірімді болу керек-ақ. Ал, Маркс, Ленин, Горбачев және басқалардың (Ельцин, Кравчук, Каримов) мұндай тұрғының себеп-салдары туралы ойлауына болар еді ғой. Рас, жоғарыда есімдері тілге алынған барлық саяси қайраткерлер кісілік пен кісінің (тұлғаның) бір ғана типіне – экстраверттерге жатады, өйткені олардың барлық өзгерістерді сырттағы жағдайлармен түсіндіріyге әуес болғандығы белгілі.

Экстерналдық архетип дөрекі материализммен тығыз байланысты болғандықтан, тарихи процесті стихиялық күштердің іс-әрекетіне тәуелді деп түсіндіреді. Осыдан барып біздің саясаткерлеріміздің революциялық максимализмі өріс алады. Сыртқы жағдай мен затты қалағанынша өңдеп, өзгертуге болады: не істесең де еркіңде. Нәтижесінде революционерлер-реформаторлар әлдеқандай ғажайып істерді әп-сәтте тындырып тастайтынына сенеді. Социализмнің дүниетаным ретіндегі философемасының негізін адамдағы жауыздық пен жақсылықтың сыртқы жағдайларға түбегейлі тәуелді екендігі турасындағы қағида құрайды. Осыдан барып, П.Сорокиннің сөзімен айтсақ, Ресей этносының революцияға жерік болуы, төтенше сыртқы жәрдемге бейілділігі және базалық қажеттіліктердің ұдайы қанағаттанбауы орын алады. Ресейде, әрине, оның артынан ілесе жүретін Қазақстанда да саясаткерлер бүгінгі күнге шейін үйдің сыртын ғана қайтадан өңдеп, өзгертуге иек артуда.

Экстерналдылық архетипіне, әсіресе, мына біздің ұлттық ой-пікіріміздің эволюциясы мысал бола алады.

Кейде бізде осындай ой-пікірдің өзі бар ма екен деген ойға қаласың. Еуропаға көз салсақ шеллигианшылдық, гегелшілдік,сен-симонизм, позитивизм, марксизм, ницшешілдік, неокантшылдық, фрейдизм, неофрейдизм, экзистенциализм, неотомизм… тәріздес ағымдарды көруге болады. Ресей де бұдан құр алақан емес екен: чадаевшылдық, толстовшылдык, соловьевшылдық, шестовшылдық, пастернакшылдық, пет-люровшылдық, гайдаровшылдық, еуразияшылдық және т.б. Ал бізде ше: біздер де үп-үлкен боп өсіп келеміз, бірақ пісіп-жетілгеніміз жоқ, кемелденуге қол жеткізгеніміз жоқ. Біздер дербес ойлауға үйретілмеген балалар сияқтымыз. Бәрін басқалардан алмақшымыз және үйренбекшіміз. Қызық! «Алайда осы ахуалдан түңілетіндей ештеңе жоқ. Бүкіл адамзат бұған сан ғасырлар бойына үйреніп келді, біз де үйренетін боламыз. Оның үстіне бізге, бәлкім, оңайлау тиер, өйткені біз басқа елдердің, әлемдік қоғамдастықтағы бауырластары-мыздың тәжірибесіне ие болып отырмыз»[10]. Қашанға дейін үйрене берер екенбіз? Кәмелетке жеткенде де өзіміздің ештеңеміз болмайды ма? Біздің ортамыздан кейінгі он жылдықтарда бірде-бір ұлы шындық, идея мен пікірдің шықпағаны көп нәрсені аңғартса керек. Біздер өз бетімізбен, өзімізше бірде-бір әлеуметгік маңызы бар ауқымды істер тындыра алдық па? Бұған кім кандай уәж айта алар екен? Ал жасай алғанымыздың бәрін басқалардан ала салмадық па? Біздің еліктей, елжірей жүріп алғанымыз тек бөгделер «бұйымдарының» сыры емес, сырты, сираты емес, суреті ғана шығар. Бұрындары орыстандық, советтендік, коммунистендік – соған мәз едік. Әрине, бұл мәжбүрлеу, күштеу аркылы жүзеге асырылған шаруа еді. Ал қазір кімнің еркімен… Жоқ, әлде бұл да мәжбүрлеудің жемісі ме екен? Қазіргі таңда еуропаланып, дұрысырағы, американданып барамыз ба, қалай! Сонда біздің халық ретіндегі тарихи тәжірибеміз қайда қалды? Тарихи құндылықтарымыз бен қалыптарымыз мүлдем жоғалып, құрдымға құрып кеткені ме? Немесе іске алғысыз боп қалғаны ма? Өз-өзінен түсінікті, біздің этносымыздағы эстерналдылықтың дистрестік архетипі колониализм мен социализм тарапынан орнықтырылды. Ол империялық амбициялар мен әсіремақсаттардың жүзеге асырылуының барысында «шыңдалды». Коммунистер мен шолақ белсенділердің артынан қалмай көпшілік қазақтар, әсіресе кейінгі он жылдықтарда «кез келген көлденең көк атты үп деп үрлеп ұшырып жіберетін ебелек» сияқты далақтап жүре берді. Бұл кездерде жеңу, жою, құрту, қуып жету, басып озу, коммунизмді құру деп ұзақ және көп ұрандатылатын еді. Біздер индивидуалдықты, ұлттылықты, традициялық өрке-ниетті, кісілікті, тұлғаны және оның интеллектісі мен жауапкершілігін жаппай жойып жіберуге бағытталған, этносымыз бен этосымызға жат болған жүйенің принциптеріне ойсыз бас ұрдық. Ал өзіміздің өте диалектикалық-плас-тикалық, әр түрлі жағдайлар мен іс-әрекеттерде қолдануға болатын ахлақтык-діни принциптерімізді естен шығарып алдық. Нәтижесінде әрекетсіздікті, жігерсіздікті, жауапсыз-дықты, сыртқы факторларға ғана иек артуды ақтайтын «жалпы» теорияны қабыл алдық. Ғалымдарымыз, жазушы-журналистеріміз, оқытушыларымыз мұның бәрін халқымыз-дың мызғымас ахлақтық ерекшелігі деп түсіндіруге әуестенді. Мешеу қалған, артта қалған қазақ сияқты халық озық, озып кеткен орыс халқынан, қала берді еуропалықтардан үлгі алу керек деген пікір көпшіліктің санасынан орын тепті. Соларда не істелініп жатқан болса, біз де құр қалмауымыз керек деген императив әбден орнықты. Коммунизмнің жарқын болашағы үшін қызмет ету, тіпті керек болса өзіңді, ата-анаңды, тіліңді, этносыңды құрбандыққа шалуға дейін бару идеясы жұрттың миына әбден сіңірілді. Осындай идея этосымыздың барған сайын құлдырауын дайындаған субъективтік алғышарт болды. Ал дамыған қоғамдық ерік-жігер мен субъективтік жауапкершіліктің жоқтығынан қоғамдық этникалык санамыз қоғамдық регулятор ретіндегі міндетін орындауға қабілетсіз болып шықты. Соның салдарынан біз осы күнге шейін Кеңес идеологиясы мен оның тәжірибелерінен толық арыла алмаған барлық мемлекеттік жүйенің өне бойындағы дағдарысты басымыздан кешірудеміз. Бұл дағдарыс 1995 жылға карай өзінің шарықтау шегіне жетті…[11] Экстерналдылық әрдайым реформалар жасауға ұмтылдырады. Бірақ, бізде жүргізілген реформалар күткен нәтижелерді бере алған жоқ еді. Себебі, 90-жылдары нарықтық және басқа реформаларды одан әрі ілгерілетуді қамтамасыз етуге тиісті адамдар рухани-психологиялық және біліктілік жағынан дайын емес еді. Реформаторлардың бірсыпырасының өз этосынан алшақ тұрғаны және басқа жұрттардың идеялары мен ұмтылыстарының мирасқоры ғана болып қалып отырғаны сыр емес. Бұл жөнінде Орал облыстық «Қазақ тілі» қоғамының III конференциясында сөйлеген делегаттар ойларын ашық айтқан. Олар, әсіресе тіл туралы заңды орындауда жасалмай жатқан жұмыс көп екенін, ең алдымен осынау маңызды халықтық іске лауазымды адамдар тарапынан көңіл бөліп, қамқорлық жасауға деген ниеттің жоқтың қасы екенін, қазақ қамын соғатын орында ыңғайшыл адамдардың орнығып алғанын ашына айтқан еді[12]. Сондықтан да барлық жерде ат тізгіні өз этносы мен этосының құндылықтарын тұтынатын кісілердің қолында болғаны жөн болар еді. Мұнда сыртқы фактор мен тәжірибені назардан тыс елеусіз қалдыруға болмайтыны да өз-өзінен түсінікті жәйт. Солай десек те, ішкі әлеует, мүмкіндік мен бірліктің этнотоғыстырудағы рөлі асқақ. Адамның өмірін ұзарту мәселесімен айналысқан дао-систер «ішкі эликсирдің» маңызын атап өткен еді. Олар іштегі жайтттер мен мәселелерге ден қою керек екендігін ұқтырған. Мұның өзі, әсіресе ақыл-парасатқа қатысты екен[13]. Қысқартып айтқанда: ішкі әлеует, ішкі мүмкіндік, ішкі кемелділік – нағыз мықтылық екенін естен екі елі шығармағанымыз жөн. Ресей Қазақстанды оп-оңай жаулап алды, демек сыртқы фактордың рөлі өлшеусіз екен деп бүгінде кейбіреулер өзеурейді. Бұл – өте қате пікір. Өйткені, күш (білім, техника) қазақтар жағында болғанда Ресей не істей алар еді? Уақытша жеңіс те, жеңіліс те болуы мүмкін еді. Бірақ қазақтар 250 жылдан астам уақыт «құлдыкта» қалып кетпеген болар еді ғой.

Интерналдық пен экстерналдық принциптерінен келіп шығатын болсақ, зиялыларымызды да екі типке бөліп қарастыру керек болады. Біріншісіне құндылықтарды өздері жасайтындар жатқызылады. Ал екіншісіне тек басқалардың жасағандарын тіпті жаңарта қайталау демейік, жәй ғана қайталау, онда да оларды әйгілеу, жарнамалау ғана тән. Екінші топ, бізде көп санды және белсенді болып келеді.

Экстерналдылық архетипінің сана астындағы кызметі түптің түбінде адамды, бүтін басты этносты өзіне деген құрметінен айырады. Басқаша айтқанда, ол басқалардың келеңсіз әдет-салтын қабылдаудан сақтайтын, олардың қыңыр-қисық қылықтары мен іс-әрекеттерінен сақтандыратын регуляторды іске алғысыз қылып тастайды. Осы архетип тұтастай алғандағы біздің этостық мәдениетімізге (өндіріс және тұрмыс мәдениетіне де) мықтап тұрып әсер еткен және қазір де өз үкімін жүргізіп келеді. Айта кету керек, экстерналдық мәдениет шын мәнінде бәрінен де әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерде, қоғамдық тәртіп пен пікірде, адамның өзін сәндендіру мен үйін жиhаздауында, егіншілік пен мал шаруашылығы жұмыстарын атқаруындағы әдістерде де өз көрінісін табады. Экстерналдық мәдениет адамдардың психологиясы, көңіл-күйі, тіпті түр-тұлғасында да ізін қалдырады. Ол мәдениет барлық архетиптерімен коса тіпті адамдардың тиісті тұрмыс салтында терең іздерін қалдырмай қоймайтын қасиетке ие.

Мысалы, қазақша білмейтін орыс тілді кейбір қазақ жастарын «казахи-кус» типі ретінде жаңылыссыз тануға болады. Бұрындары обком, горком, райком қызметкерлерін «партия кызметкерлері-кус» типі, ал шет елге шыққан КСРО азаматын «советикус» типі ретінде ажыратып алуға болатын еді.

Бір қызығы, әрине, әрі өкініштісі – барлык архетиптердің қазіргі өмір ағымына ілесе алмай, шынайы тіршілік қам-қарекеттерінде бір-біріне қарама-қайшы келіп жататын тұстары да бар екендігі даусыз. Жоғарыда сипатталған «ішкі заңдылық» пен экстерналдылық архетиптері өмір мүддесінен шыға алмай отырғандықтан, қоғамда шешімін тауып болмайтын ішкі қайшылықтар жүзеге келеді. Бұл жәйт «сана аберрациясы» деп аталатын тағы бір архетиптің әрекетінен де көрінеді.

Сана аберрациясы (даму заңдылықтарынан ауытқушылық) – ақыл-ойдың қатысуынсыз делебенің қозуы, бұл – өздік сананың қатысуынсыз әрекет ететін сезімдер, бұл – ақырында тұлға мен оның санасының арасында жардың пайда болуы. Қоғамдық пирамиданың төбесінде (ең төбесінде –реформаторлар тұр) пайда болған және бүкіл халық арасына тараған бұл архетип адамның өмір турасындағы ой-пікірін өзінің субстанциясынан, отбасынан ажыратып әкетіп, оны тысқарыдағы, көше мен қоғамдағы буырқанған қозғалысқа қарай бағыттап жібереді. Мұнда әлдеқандай абстракция ретінде алып қарастырылатын жамиғат (нақтылы адамдар емес) реформаторлардың ойлары мен іс-әрекеттерінің басты заты болып қалады. Жекеленген интеллекттілер өз импульстерін қоғамдық жерлер, митингілер мен жиналыстарға бағыттай бастайды.

Адамдардың санасын жанши отырып, өз кезінде діннен безген, дінді тәрк еткен реформаторлар өздері анық, түсінбеген халде жаңағы адамдарды өз этносының қажеттіліктері түгілі, оларды өздерінің мүдделерін елемейтіндей етіп қалыптастыруға ат салысты. Әрине, жеке бастың мүддесі – бұл ұялатын нәрсе емес. Кешегі социализм заманында пайда іздеушілікті ұят деп айтқандар тек халықтың есебінен күн көрген жатып ішер шенеуніктер болатын. Ол кезде өз пайдаңды ойлаудың позитивтілігі турасындағы ой-пікір жұрттың санасынан шайылып жіберілген еді. Осыдан барып коммунист басшылардың айтқандарына ойсыз бас ұру белең алды. Сенімпаздық және халықтың өз мүддесіне салғырт қарауына лауазымды адамдар мүдделілік танытып, ол сондай-ақ, арамтамақтардың ойына дөп келді. Нәтижесінде билік тізгінін ұстаған мансапқорлар адамдарды патологиялық дертке ұшыратып үлгереді. Не десек те, революционерлер, коммунистер, шенеуніктер халықка өмірлік практикалық маңызы бар білімдерді бере алған жоқ. Оның үстінде, өмірдің мәні неде, өмір сүру үшін қажетті қуатты қайдан алу керек деген сұрақтарға да жауап бере алмады. Сананы өз субстанциясынан (адамнан), оны тұрмыстық маңызы бар мәселелерді шешуден алшақтату түптеп келгенде ерік-жігерді тәркілеуге әкеп соқтырады. Жігерсіз сана дәрменсіз боп қала береді. Сөйтіп, ол стихиялық, кездейсоқтық мағынадағы иррационалдыққа айналады (әрине, діни-мистикалық және көркемдік маңызға ие болған сана емес). Кездейсоқтық бар жерде стихиялыққа жол ашылады. Оның үстіне, қоғамдық регулятор өз міндетін атқарудан қалған болса, дағдарыстың тереңдей беретіні сөзсіз.

Сана аберрациясы авторитарлық әдістермен жалпылықтың орнықтырылуында көрінісін табады. Оны, әсіресе ой-пікірлер, пайымдаулар, бағалаулар мен симпатияларда орнықты-рылуынан байқауға болады. Ол қоғамның білім алуы мен информациялануы деңгейінің өсуімен қатар жүретін ой-ойлауды жан-жақты саясаттандыру сияқты процестерден де көрінеді. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде реформаторлық пен өкіметтің біте қайнасып, қосылып бір қолда шоғырлануы бұл архетиптің маңыздылығын бөрттіріп көрсетуге, қала берді заңдастыруға мүмкіндік туғызды. Соған қарамастан рационалды, парасатты, ізгілікті, мақсатқа сай өмір сүруге тиісті қоғам құрылмады, өйткені ұғынылмаған тарихи қателіктер, тарихи қажетсіз-жағымсыз тәжірибе-эксперимент, өмір формуласына логикасына емес, формуласына ден қою, бірінші кезекте, адамның қадір-қасиеті мен оның мәдениетінің өсуін қамтамасыз ететін регуляторлық міндетті атқаратын этостың, универсалдық сананың, этостың тұрақты құрылымының бұзылуына әкеліп соқтырды. Ыдырап бара жатқан этос жағдайында тұлға өзін қандай сезінеді? Қоғамды дағдарыс жайлаған жағдайында тұлғаның адаптациясы мен идентификациясының үш типін ажыратып көрсетуге болады: белсенді, пассивті және ойлайтын (рефлексивті) тұлға.

Біздің иррационалдық этосымыздың ақыл-ой, шығарма-шылық пен өздік сананың барлық ұшқын-шоғын үрлеп өшіруге тырысуына қарамастан, тұлғаның жанды творчестволық энергиясы әркез буырқанып жатады. Осынау энергияны басып жаншу – революция мен тоталитаризмнің басты мақсаттарының бірі. Қоғамды барлық процестерді мұқият және кәсіпқойлық деңгейінде реттеуді талап ететін ядролық реактормен салыстыруға болады. Революциялық қирату кезіндегі қоғамды бақылаудан шығып кеткен реактормен теңестіруге болатын сияқты. Мұндай жағдайда көп мөлшердегі белсенділік қажет болмаған жерде де өзін көрсете береді.

Бос белбеулікке (пассивтілік) келетін болсақ, ол өмір ұсынған барлық нәрсені сын көзбен қарамай, жәй ғана қылғыта беруден, яғни қабылдай беруден тайынбайды. Ал ислам талап ететін шыдам, сабыр, тағат бұл жерде халықтың осы бөлігінің қоғамдық санасыздық архетипін сіңіруіне мейлінше көмектеседі.

Ал, ыдырап бара жатқан этос субъектілерінің ойлайтын бөлігінің жүгі ауыр. Олардың алдында тұрған міндеттер – ұрпақтардың, сондай-ак, бөлініп қалған құндылықтар мен өздігінен айырылған сананың үзілген жіптерін жалғау, бұл хаостан өзінің орнын табу, болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға өз көзқарасын анықтау.

Бұзылып бара жатқан этостың жағымсыз салдары, әсіресе жеке-даралық өмірдің мекен-мезгілдік континиумының күрт тарылып, азайып баруынан байқалады. Егер бұзылғанға дейінгі кезде адам өткенге байланысты, сондай-ақ қазіргі күн мен келешектегі өмірлік маңызы бар байланыстардың көп мөлшеріне ие болған болса, қоғамдық құрылым қираған кезде бұл байланыстардың спектрі күрт тарылады. Тек бүгінгі күн қажеттіліктерімен ғана шектелетін болып қалады.

Адамның аман қалуы үшін жанталасқан әрекетте болуы тәртіп пен жүріс-тұрыстың түрлі инстинктерін тудырады. Мұның нәтижесінде оның өміріндегі көрнекті орынға абыржушылық пен үрей шыға келеді. Қорғанудың оңтайлы түрлерін әркім өз бетінше таңдайды. Мұндай жағдайда оның бітім-болмысы мен санасында әлем көрінісінің мекен-мезгілдік және дүниетанымдық шекаралары қысқарып және тарылып бара береді. Бұдан тысқары, оның психологиялық-хронологиялық жасындағы өзгерістер де көзге ұшырайды. Қоғамныңбір бөлігі «ғаламдық» өзгерістер болып жатқан жерде хронологиялық жасына қарамастан өзін кәрі сезінеді, ал басқасы өздерінің көктемде өсіп шыққан көк шөптей өркениетті жаңашылдар екеніне сенімді. Өздерін кәрі есептейтіндер белсенді әрі өнімді қоғамдық пайдалы іс-қызмет саласында қабілетсіздік танытып, артқа қарайлай береді. «Жаңалар» да парасатты шығармашылық және қоғамдық тұрғыданпайдалы іс-қызметке жарамсыз боп шығады (архетиптер құрсауынан шыға алмағандықтан және өз этосынан нәр алып ұлғаймағандықтан).

Құндылықтар құны құрдымға кеткен бүгінгі күнде ескі мен жаңа (өмір салттары) қоңсы қонған.

Материалдық және рухани жағынан бұрынғы құндылықтар қазіргілеріне – «жаңаға» тәуелді боп қалуда. Мұның өзі ұрпақтар арасын ажыратып тастауда. Осының өзі ғана біздің этосымыздың, қоғамымыздың ауыр дертке ұшырағанының айғағы болып табылады. Тарихтың халықтың өткені мен бүгінін жақындастыруға, табыстыруға қызмет ететіні белгілі. Алайда, ат тізгіні мәңгүрттенген ұрпақтың қолында берік тұрған және тарих саясаттың ойынына айналып отырған қазіргі дәуірде жағымды заңдылықтар мен мүмкіндіктер жүзеге аспақ емес. Елеулі тарихи окиғалар басталмақ емес. Демек, біздің шын мәніндегі ұлттық сипаттағы тарихымыз 1990 жылдары әлі бастала қойған жоқ еді.

Этос бұзылған кезеңде қоғамдық санамыздың, оның ішінде этникалық өздік санамыздың бетбұрысы байқалып отырған жоқ. Мұндай жағдайда адамдардың психологиялық реакциясы көзге көп түсе береді. Туындаған жаңа ситуацияға байланысты жеке-даралықтың қалыптасуы кезеңінде қоғамдық сананың мүлдем төбе көрсетпей қоятыны бар. Себебі, жеке-дара кісілердің мұң-мүдделерінен әлдеқайда жоғары тұрған құндылықтардың қажетті де тұрақты жақтары жағымсыз факторлардың кесірінен көріне алмай қалады. Құндылықтар аспанын қара бұлт торлаған мұндай кезде өмір сүру үшін, қала берді, аман қалу үшін өз қамымен әр жаққа, сан жаққа жүгіріп жүрген индивидтер тобырын ғана көре аламыз.Бұқаралық сана осынау индивидтердің, көптің тасасында тықсырылып қалған. Ол аласұра, жанталаса желіп-жүгіріп жүрген жеке кісілер қоржынының түбінде елеусіз қалғып қалып кете береді. Ал, бұзылып бара жатқан этос жағдайындағы индивидуалдық сана өзінің құрылымдығы мен тепе-теңдігінен айырылған. Мұндай жағдайда қарама-қарсы, қайшылықты топтардың тірлігіне тап бола беріп, діңкеңқұриды. Психикалық іс-әрекеттердің қырланып-сырлануға мұқтаж болған түрлі деңгейлері бірін-бірі басып-жаншып жүре береді. Үйлесімдік дегеніңіз атымен жоқ. Мәселен, оқшаулануға, оқшау жүріп-тұруға, жеке-дара өмір сүруге деген бейілділік адамның дүниені түсінуге тиісті қабілетін төмендетіп жібереді, оны агрессия мен ішкі эмиграцияныңқойнына сүңгітіп жібереді. Адам томаға-тұйық өмір сүруге мәжбүр болады, бірақ мұның қауіпті екенін ол түсіне бермейді. Ол, ол ма, осындай ситуацияға тап болған жандар жаңа да шынайы идеяларды қабылдауға мүлдем қабілетсіз боп шығады.

Бұзылып, айнып, азып бара жатқан құндылықтардың жағдайында ақылсыздықтың, мәніссіздіктің үш түрі үстем болады: өзі білмейтін нәрсенің бәрін терістей салады; не естіген болса, соның бәріне кәміл сенеді, ойсыз бас ұрады; эволюцияның жаңа кезінде жүзеге келген құбылыстарға көз жұма қарайтын әдет тауып алады. Осының бәрі орныққанжерден, абсурдтық мәніссіздік, ақылсыздық жайлаған жағдайдан шығуды іздестіру қаперіне де кірмейді. Бұдан жалған пайғамбарсымақтар, сары, ақ, көк әулиесымақтар, түрлі құтқарушылар мен көсемдер барынша пайдаланып, пайда тауып қалады.

Оларға сәжде ететіндер, сенетіндер, шашбауын көтеріп, қолпаштайтындар тым көбейіп кетеді. Құдды осындай кезде соғыстар, жанжалдар, қантөгістер, сойқансатқындықтар, рухани қайыршылық, моральдық жағынан азып-тозу, тіпті экологиялық апаттар аскынып, шегіне жетеді[14].

Егер революция қарсаңында иррационалдылық қобалжу-қозу мен нала-наразылық түрінде көрінсе, революциядан кейінгі бұзылу кезеңдерінде ол қоғамды артқа ондаған жылдарға лақтырып тастай алатын толып-тасқан теріс энергияға айналады. Доғал регресс етек ала бастайды. Эволюцияның қозғаушы күштері болмыш кемеліне келген ақыл-ой, рационалдық бастау, қисын мен парасаттылық революция жылдарында, реформа заманында деп те айтуға болатын шығар, ұзақ ұйкыға кетеді. Нәтижесінде тарихтың сабақтары зая кетеді. Десек те қазақ қоғамында жаңа парасатты кезең, кез келмеске кетті деуге болмайды. Бірак, ондайкездің келуінінң басты шарты –өткен мен қазіргі күннің қателіктерін саналылау мен ұғынуда деп білеміз. Ол үшін алдымен «қазақтың қоғамдық организмінің миын» қалыптастыру қажет-ақ. Әрине, ол органды сырттан әкелуге әуестену – әурешілік. Ол тиімді тәсіл емес. Қазақтың «миы» төл топырақтан жаралған, төл этостан нәр алып, өсіп-өркен жайған «ми» болуы қажет әрі шарт. Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды: этос этникалық өздік сананың рухани-саналы өзегі мен негізі болып табылады. Ол бұзылған жерде өздік сана да өзініңасқақ рухынжоғалта бастайды. Күңгірттенген, меңіреуленген санада этостың бітім-болмысын, ұлттың ұлттығын, өздігін, мендігін сәулелендіре аларлыктай қауқар да қалмайды. Демек, дистрестік этос пен ұлттық өздік сананың шектеулігі – қашан да туыстас. Бұл екеуі бірдей бірігіп кетсе жалпы этостың дамуы жолында биік дуал секілді үлкен тосқауыл пайда болады. Бұзылған этостың жағдайындағы сана-сезімнің рухани әлеуеті әлсіз, әрекеті әлжуаз. Бұл жерде еске ұстайтын тағы бір тағылымдық маңызы бар ақиқат бар – халық өз құндылықтарын, мәдениетін сақтап қала алса ғана, бұлар, өз кезегінде, ертеңгі бір қиын-қыстау күні халықты, халықтың өзін сақтап қалады. Кез келген қирату мен айналаны ластау этос пен адамға қарсы, сондықтан да оларға тежеу салынуы қажет. Осы күні көбейіп кеткен зорлық пен зомбылықты азайту жолдарын төл этосыңнан іздеп табу мақсатқа сай келетін іс болар еді. Қасиет қайда, қазына қайда десек, этоста екен ғой. Этосының азып-тозуына жол беретін әрбір этнос өз шегіне өзі келіп қалатын болады. Этностың, оның барлык мүшелерінің бастауы – этос, олай болса этостың келісімді жарастығын жарақаттамау әрбір есі бар, дені сау адамның парызы болмақ. Сайып келгенде, экономиканың құлдырауы немесе қарыштап өсуі, сондай-ақ, тоталитаризмнің жойқындығы немесе демократиялық-құкықтық мемлекеттің орнықтырылуы сияқты кардиналдық құбылыстар, басқалай тарихи оқиғалар – мұның бәрі этос сияқты феномен тағдырының көлеңкесінде қалып кететін сияқтанып тұрады. Қайда қарасаң да әрдайым этнос тағдыры мен тарихы, этнос өміршеңділігі ақырында этосқа тақаулау барады. Еш уақытта шешіліп болмайтын әлеуметтік теңсіздік пен келеңсіздіктің басты себеп-сыры этостың табиғаты мен қасиетінен туындайды. Мұның дауасы өміршең, салауатты, мықты төл этосты жандандыру мен жаңарту есебінен іске аспақ. Ол – тарихи тәжірибе мен сана, дәстүрлер мен императивтер бірлігін қамтамасыз ете алатын күш-құдірет. Қоғамның тіршілік тұтқасына айналған құндылықтар мен рухияты негізінде басқалардың да тәжірибесінен пайдалану әрдайым оң нәтиже беретінін өмір көрсетіп отыр.

Этос жұтаса нағыз рухани, моральдық, экономикалық және экологиялық дағдарыстың келгені. Этос қаз-қалпында қалса жан дүниеміз бен қоғам тіршілігінің оңға басуына, заңға сүйенген еліміздің саяси жүйесінің дамуына жол ашылады. Жұртымыздың этникалық ой-санасы мен пейілі кең, пиғылы таза, ал тұтастай алғандағы қоғамымыздың ой-сана экологиясы әрдайым тепе-теңдікте болғанын қалар едік. Көрініп тұрғанындай, этос, этникалық өздік сана мен өркениетті тығыз байланыстылықта алып қарастыру тиімді де оңтайлы. Әрі қажеттілік.


[1] Донченко Е. Дистрессовый опыт в разрушающемся этосе. // Философская и социологическая мысль. –Украинский научно-теоретический журнал. –1995. –№7, 8. –С. 94.

[2] Ильин В.В. Философия. –Т. 2. –Ростов-на-Дону: «Феникс», 2006. – С.442-448.

[3] Қаупынбайұлы Т. Ақырғы демі үзілмейді ақынның // Егеменді Қазақстан. –20 қаңтар, 1996 жыл.

[4] Дәуітұлы С. Бұлақ басынан тұнады. // Егеменді Қазақстан. –17 қаңтар, 1996 жыл.

[5] Дистресс – стрестің жағымсыз салдары екенін еске саламыз.

[6] Назарбаев Н. Қазақстанның екі палаталы тұңғыш Парламенті мәжілісінде сөйлеген сөзі // Егеменді Қазақстан. –31 қаңтар, 1996 жыл.

[7] «Егемен Қазақстан». – 31 қаңтар, 1996 жыл.

[8] Кропоткин П.А. Записки революшюнера. – М., 1966. – С. 368.

[9] Мамардашвили М.К. Быть философом – это судьба // Философская и социологическая мысль. – 1989, №2. – С.34.

[10] Н.Назарбаевтың Қазақстан Парламенті сессиясында сөйлеген сөзінен алынды // Егеменді Қазақстан, 31 қаңтар, 1996 жыл.

[11] Н.Назарбаевтың Қазақстан Парламенті сессиясында сөйлеген сөзінен алынды // Егемен Қазақстан. –31 қаңтар, 1996 жыл.

[12] Жаскалиева Б. Тіл тағдыры – ел тағдыры. // Егемен Қазақстан. –17 караша, 1995 жыл.

[13] Иолан Чжан. Дао любви. – Киев. –1992. – С.18.

[14] Донченко Е. Дистрессовый опыт в разрушаюшемся этосе // Философская и социологическая мысль. Украинский научно-теоретический журнал. – 1995. –№7, 8.


Тағы рефераттар