Кез келген қоғамның түрлі топтарының басын біріктіруші факторлардың бірі – этникалық (ұлттық) өзіндік сана. Әлбетте, оны құрастыратын факторлар мен тетіктердің ішінен мемлекеттің ұлттық саясатының орны айрықша екендігі анық. Қазіргі Қазақстан Республикасының егемендігін орнықтыру кезеңінде халықтың этникалық өзіндік санасын ояту және оны одан ары өсіру міндеттері тұр. Бұларды ойдағыдай атқару ісі аталмыш сана-сезімді қасаң маркстік-лениндік идеологияның ықпалынан арылту, кеңестік және мәңгүрттік сананың батпағынан аршып-тазартуға байланысты екендігі және белгілі. Сондықтан этникалық өзіндік санамыз бен этосымыздың қазіргі жағдайын зерттеп-зерделеу ең маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Бұдан тысқары, жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жастарымыз Қазақстандық патриотизмді дамыту мәселесінде осалдық танытуда. Туған Отаныңды туған анаңдай қадірлеп, қастерлеудің қажеттігін Қазақстан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсетуі де сондықтан болар.
Әлбетте, осынау тақырыпты Қазақстан материал-дарының негізінде белгілі бір хронологиялық ізде, мекен мен кеңістік аясында тарата талдап жазу өз алдына іргелі зерттеу жұмысының жүгі болып табылатындықтан және оны зерттеп-зерделеуде кешенді келістің айрықша әдістері қолданылатындықтан, біз төменде мәселенің теориялық аспектілеріне ғана қысқаша тоқталып өтеміз. Жақын арада «Қазақтың өзін-өзі тануы» атты кітапшаны шығару да ойымызда бар.
Этностар этникалық үдерістердің барысында (консолидация мен ассимиляция) өзгеріске ұшырап отырады. Олар бірқалыпты өмір сүру үшін өзінің әлеуметтік-территориялық жағынан ұйымдасуын (мемлекеттілігінің құрылуын) қамтамасыз етуге тырысады. Тарих көпсанды болуына қарамастан әр алуан этностардың әлеуметтік-территориялық тұрғыдан ұйымдасуы мәселесін шеше алмағандығына куә. Бұларға палестиналық араптар мен курдтерді жатқызуға болады. Ресей империясының экспанциясы және колонизациясының нәтижесінде көптеген этностар өздерінің мемлекеттік құрылымынан мақұрым болып қалған еді.
Этностық белгілер мен этносты құрастыратын факторларды ажырата білген жөн. Экономикалық қатынастар бірлігі өз алдына этникалық ерекшелік болып табылмайды. Себебі, әлеуметтік-экономикалық параметрлер тез-тез өзгеріске ұшырап тұрады, ал этникалық-мәдени параметрлер тұрақтылығымен сипатталады. Этникалық өздік сананы этностың маңызды белгісі ретінде айрықша атап көрсету керек болады. Этносты айқындайтын сипаттарға оның тұрақты мәдениеті, тілі мен психикасы, өзінің бірлігін мойындайтын, өзінің дербес қоғамдық топ екенін ұғынатын, басқа қауымдардан айырмашылықтарын сезінетін, яғни өздік санасы мен өздік атауы жатады. Сондай-ақ, биологиялық және қоғамдық жағдайлардың негізінде туындайтын некелік қатынастар мен мәміле қызметі түрлерінің жиынтығын, жүріс-тұрыстық, әдептік стереотиптерді, (әлбетте, оларды өзгермейді деуге болмайды) этностың белгісі ретінде қарастыруға болады. Этникалық қауымдар бір-бірінен тек этникалық ерекше-ліктерімен ғана ажыратылады.
Этникалықтың пайда болуына жәрдемдесетін фактор-лармен бір қатарда оған кері әсер ететін немесе кедергі жасайтын жағдайларды да көрсетуге болады: оған жалпы этникалық мәдениет сипаттарының қалыптасуын баяулататын этнос ішіндегі сословиялық, қасталық және басқалай (трайбалистік) кедергілермен байланысты болып келетін әлеуметтік жылжымалықтың төмен деңгейде болуын жатқызуға болады. Көбінесе, этникалық интеграциялық функцияларды экономикалық факторлардан гөрі потестарлық институттар жақсы атқарады.
Этностың қалыптасуы мен тұтастығының одан әрі сақталуының басты шарты туралы сөз қозғағанда, оның бір ғана аймақты иеленуін және шекарасының мызғымас болуын көрсете аламыз. Ал адамдарды басқа ру-тайпалардан, этностардан ерекшелеп тұратын ортақ тіл мен мәдениеттің қалыптасуы үшін олардың баршасының ортақ бір өңірде ұзақ уақыт бойы бір-бірімен араласып, етене жақын тұруы керек.
Рас, этнос – қоғамдық үдерістердің жемісі, бірақ оның биологиялық қауым түрінде белгілі бір адамдық популяциямен байланысты болатынын естен шығармауымыз керек. Мұндай қауым табиғи-тарихи жолдармен пайда болады және дамиды. Кейбір этностар бірнеше тарихи формациялар бедерінде өзінің тұрлаулығын сақтап қала алады. Этнос адамзаттың ең елеулі әлеуметтік тобы болып табылады. Ол тарихи жағдайларға байланысты түрлі формаларда (ру, тайпа, ұлыс, ұлт) көрінеді. Кең мағынада алып қарағанда этнос бір жағынан, этникалық, екінші жағынан, қоғамдық-экономикалық факторлармен айқындалып анықталады. Этникалық қауымның ең жоғарғы түрі – ұлт. Әрине, этностың құрамынан біртіндеп ондаған ұлттардың бөлініп шығуы табиғатта бар нәрсе. Этнос ұлттың бір бөлігін құрауы мүмкін (этникалық-нәсілдік, этникалық-территориялық, этнографиялық топтар). Сондай-ақ, этнос ұлттың қалыптасуының алдыңғы дәуірін білдіруі де мүмкін. Бір этностың өз ішіндегі оқшауланған бөлігін этнографиялық топ құрайды. Әрбір халықтың құрамында сөйлеу мәнері, өзіне тән әдет-ғұрыптары мен тұрмыс мәдениетіне қарай ерекшеленетін этнографиялық топтары болады. Олардың айрықша этникалық сана-сезімі жоқ. Бұл ретте солтүстік великорустар мен оңтүстік великорустарды көрсетуге болады. Ал этникалық топ ұғымы бір ұлттың басқа елдегі жергілікті халықтармен араласпай өзінің тілі, әдеті, мәдениеті, дәстүрлерін ұзақ уақыт бойы сақтап қалған топтарына қаратыла айтылады. Сондай-ақ, диаспора сөзі де осы мағынада қолданылып жүр. Қазақстан халқын негізгі жергілікті халық және диаспоралық бірліктер деп бөлген жөн. Мұнда қазақтар осы елдің негізгі халқын құрайды, себебі олар аталмыш елдің тілі, мәдениеті және көне тарихының жасаушылары болып табылады.
Шеттегі қазақтар диаспораға жатады, себебі халықтың негізгі бөлігінен тыс қалған, басқа елдердің, мемлекеттердің құрамында, бөгде этникалық ортада тұрып жатыр, сол елдердің тәртібі – заңына бағынады, сол елдердің тілінде сөйлесуге мәжбүр, сол елдердің дәстүрлерін құрметтейді, стандарттарын қабылдайды. Сондықтан да олар диаспораға жатады.
Қазақ диаспорасының қалыптасуы әр түрлі жолдар мен себептерге байланысты жүзеге асқан. Сонау жоңғар шапқыншылықтары кезінде Орталық Азияда бір диаспора пайда болған болса, кейінірек Ресейдің отарлау саясатының нәтижесінде, әсіресе Қызыл империя тұсында қоныс аударушылардың көбейгені белгілі.
Эмиграцияға шығып кеткендері де бар: жұмысшы эмиграция (яғни кәсіп, жұмыс іздеп кеткендер аз болған) мен төңкерісшіл эмиграция бізде болған жоқ. Бірақ саяси эмиграция жөнінде сөз қозғауға болады (М.Шоқай және басқалары). Қазіргі кезде қазақ көші басталды, бұл ұлттық реанимациялық процесс, өйткені ол ұлтымыздың сандық және сапалық потенциалын нығайтуға қызмет етеді. Оның үстіне олардың басқа елдер мен жерлердегі этникалық жағдайы мәз емес. Сондықтан шет елдердегі қазақтар түптің түбінде ата мекеніне көшіп келуі керек. Олардың қазіргі тұрып жатқан жерлері мен елдерін сол қазақтардың қазіргі Отаны болып табылады деп есептеу керек. Ал Қазақстан барлық қазақтар үшін атамекен есептелінеді. Әрине, атамекен болу үшін алдымен біздер өзімізді-өзіміз жөндеп алуымыз керек болады. Исі қазақтардың бірігуі үшін олардың ұлттық сана-сезімін өсіру керек. Өз жерімізде отырып диаспоралық жағдай мен деңгейге түсіп қалғанымыз сыр емес. Біразымыздың «көзқаман» болып қалғаны жүректі сыздатады. Кейбіреулері ауызекі түрде қазақша сөйлей алғанымен қазақ тарихын, мәдениетін, әдебиетін білмейді. Бұл – қасірет.
Шет жердегі қазақтарды өз атымен атау керек. Олар іс сапарға немесе қайын жұртына кеткен жоқ, олардың жерін Ресей мен Қытай бөліске салып басып алған, өздерін қудалап, ашаршылыққа ұшыратты. Нәтижесінде қаңғып, босып кеткен. Қазақ диаспоралары – тағдырдың тәлкегіне ұшырағандардың нәтижесі немесе шетке кеткен қазақтар елін өз жүрегінің қалауымен тастап кетпеген.
Этнос ұлттан гөрі кеңірек ұғым болғандықтан оған ұлттан басқа нәсілдер, рулар, тайпалар, ұлыстар сияқты этникалық топтар кіреді. Дерлік әрбір ұлттың өкілдері әр жерде тұрып жатыр, сонымен бірге ол бірсыпыра этникалық, нәсілдік ерекшеліктеріне ие топтардан құралған. Мысалы, қубалықтар ақ тәнділерден, негрлерден, мулаттардан тұрады. Қазақтар арасында да көккөз, сары немесе жирен шашты кісілерді немесе шаштары тым қара моңғолдар мен өзбектер сияқты кісілерді ұшыратуға болады.
Этностың тұрақты түрде өмір сүре алуы үшін тілмен бірге оның материалдық және рухани мәдениетіндегі айрықша белгілерінің де маңызы зор. Бұлар – ең алдымен әдет-ғұрып, рәсім, халық өнері, дін, жүріс-тұрыс, этникалық түрдегі қимыл-қозғалыстар тәріздес дәстүрлі және тұрақты сипатта көрінетін мәдениеттің басқа белгілері.
Мәдениеттің базбір белгілерінің, кейде тіл немесе діннің жоғалып-жойылып кетуі мүмкін болған жәйт, бірақ соған қарамастан этностың белгілі бір мәдени қауымдастық ретінде сақталып қала беретіндігін көрсететін тарихи материалдарды молынан кездестіруге болады. Кең мағынада алып қарағанымызда, құдды мәдениет қоғамдағы этникалық сабақтастықты қамтамасыз етеді. Ол, әсіресе екі түрлі деңгейде, біріншісі этникалық қауымдар мен этникалық-әлеуметтік организмдердің қоғамдық психологиясында және екіншісі – қоғамдық сана түрлерінің идеялық-теориялық және жүйеленген деңгейінде көрініс береді.
Н.Масанов санамалап көрсеткен – қауымдастық типтерінің (мемлекеттік-азаматтық, діни-конфессионалдық, тілдік, нәсілдік, этникалық, шаруашылық-мәдени) көпшілігі немесе бірсыпырасы этносқа тән емес деп айтуға болмайды. Рас, э, Яч тнос тегінің бірлігі жағынан ынтымақтасатын қауымдастық. Мұндай қауымдастық шаруашылығы, мәдениеті мешеу қалған елдерде ғана кездеседі, ал өркениетті елдерде ондайлардың болуы мүмкін емес деу шындыққа жанаса қоймайтын тұжырым (мысалы, Жапония). Революцияға дейінгі қазақ қоғамы тек шаруашылық-мәдени қауымдастық түрінде ғана өмір сүрді деу де шындықтан жырақ. Оған қауымдастықтың тілдік, тектік, діни және басқа белгілері тән болғандығын терістеу қате болар еді.
Этносты географиялық-табиғи факторлар тұрғысынан түсіндіру ХVІІІ ғасырда-ақ белең алған еді (Ш.Монтескье). Кейінгі уақытта осынау мәселемен шұғылданған және айналысып жүрген ғалымдардың ішінен Л.Н.Гумилев Р.Пайпс, Н.Н.Моисеев, Б.Земцовтардың аттарын тілге алуға болады[1].
Л.Н.Гумилевтің теориясы бойынша, кез келген халықтың жоғары сатыдағы қоғам дамуына көтерілуі үшін немесе басқа халықтар арасында билеуші тайпаға айналуы үшін оған пассионарлық қасиет керек. Халықтың табан астында дүр сілкініп керемет асқақтап кетуінің себебі неде? Біз оның жауабын әрине, өткенімізден, жер биосферасынан, сол ел мекен еткен жердің табиғат құбылыстарынан іздеуіміз керек. Табиғат өзгереді, соған сәйкес, ауа райы мен адамдар да өзгереді… Оның бәрі пассионарлық дүмпуге байланысты. Бұл терминді Л.Н.Гумилев В.Н.Вернадскийден алған. Ал осындай сілкініс, дүмпу кезінде (ол «Жақын Ғарыштан» келеді және ландшафттардың түйіскен жерінде болатын процесс) сол жерде дүниеге келген адамдар әлбетте, жоғары энергиялы, ер жүректі, іскер, ақылды болып келеді. Ал бұл дегеніңіз жалпы ұлттың, тұтас халықтың сапалық құрамы бұрынғыдан да жақсара түседі деген сөз[2].
Алғашқы таптық қоғамда қауымдастықтарды ірірек әлеуметтік бірлестіктерге мемлекеттік үкімет біріктірген деп айтуға болады. Біртұтас органикалық қауымдастық ретінде көрінген тайпа өкілдерінің, әдетте, ортақ мәдениеті болған, олар бір тілде немесе диалектіде сөйлескен. Тайпа ең алдымен әлеуметтік организм, яғни тарихи дамудың бірлігі болып табылады. Әлеуметтік организмдер әрдайым белгілі бір территорияны мекендеген, олардың шекаралары осы организмдерді құрайтын адамдар тіршілік еткен шеңбермен шектелген.
Осы сипаттас әлеуметтік организм топтасқан халықтың (тұрғындар мағынасындағы), сонымен бірге этникалық қауымдастықтың ерекше түрдегі ұйысуы болып табылады. Мұндай организмді белгілеу үшін «халық» деген сөз қолданылған. Бұл терминді, әсіресе тарихи-мәдени-тілдік жағынан топтаса, қалыптаса, интеграциялана бастаған қауымды бейнелеу үшін қолдану өте орынды болар еді. Қазақ халқы деген тіркес өз орнында қолданылуда, ал Қазақстан халқы дегеніңіз әлі табиғатта жоқ нәрсе, ол келешекте қалыптасатын қауымның аты мен заты. Әр тілде сөйлесетін, әр түрлі мәдени-дәстүрлерді ұстанатын, менталитеті басқа-басқаша болған этникалық-әлеуметтік топтар халық деген қауымға жатпайды. Олардың атауы – тұрғындар (население). Қазақстанда тұрып жатқан орыс тілді кісілер мен шетелдіктердің қазақ мәдениеті мен тіліне қатыстылығы шамалы немесе мүлдем жоқ. Олай болса, олар, әзірше Қазақстан халқы атты өздік атаумен бейнелене алмайды. Олар Қазақ мемлекетінің азаматтары ғана, Қазақстан жерінің тұрғындары болып саналады. Әрине, Қазақстан мемлекетінің саясында болып, оны пана тұтқан бұл тұрғындар қазіргі уақытта өздерін гео-саяси жағынан Қазақстан Республикасы атты құрылыммен идентификациялауда.
Таптық қоғамға өтуге байланысты демо-әлеуметтік организмдердің орнын геоәлеуметтік организмдер басты. Мұндай әлеуметтік организмдерді олардың мекендеген жерлерінен ажыратып алуға болмайды, сондықтан олардың аты да тек территориалдық сипатты болуы мүмкін (Франция, Италия, Бельгия және т.б.). Осындай әлеуметті организмдер әдебиетте елдер немесе мемлекеттер деп аталады. Геоәлеуметтік организмнің құрамындағы адамдардың жиынтығы оның оқшауланған бір элементі ретінде, оның тұрғындары ретінде көп-көрім анық көрінеді.
Тұрғындарсыз (население) ел, мемлекет болмайды, бірақ елдің өзі мен оның халқы (население) арасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Геоәлеуметтік организмдердің халқы өздеріне тән белгілеріне қарай түрлі топтарға бөлінуі мүмкін. Мысалы, бұрынғы қағанаттар мен мемлекеттердің құрамында басқа тайпалармен бір қатарда қазіргі қазақтардың да ата-бабалары болған, сондықтан олардың баршасы біріктіріліп, ел, мемлекет ретіндегі Түрік қағанаты, Түркеш қағанаты немесе Эфталиттер мемлекеті деп аталған.
Мұның бәрін жекелеп тілге тиек етуіміздің өзіндік сыры жоқ емес. Себебі, құдды осы сипатты таза этникалық қауымдастықтар ұлыс деген атқа ие болған. Ұлыс – бұл этникалық қауымдастықтың дәл өзі болып табылады.
Рулық, әсіресе тайпалық дәуірде көптеген жерлерде суперэтникалық қауымдастықтар қалыптаса және айқын саналылана бастайды. Бұған өзіміздің түрік тайпалары мысал бола алады. Мұндай қауымдастықта синхрондық байла-ныстардың қарқындылығы мен пәрменділігі әлсіз болады, оның байланыстары тек диахрондық бағыт пен сипаттағы ортақ дәстүрлерінің және тарихының алғашқы кезеңдерінің ұқсас жақтарында өз көрінісін табады.
Ең көпсанды және әлеуметтік жағынан мейлінше дамыған, әлді ұлыс өкілдерімен мейлінше тікелей байланысқа түскен тайпаның әлеуметтік жағынан ең белсенді бөлігі сол ұлысты референттік топ деп біледі де, өзінің жүріс-тұрысының белгілі бір бөлігін сол ұлыстікіне ұқсастыра моделдендіріп жүреді (кейбір жағдайда бұл ұлыс тобының тілін, жазуын және этикеттік әдет-ғұрыптарын толық меңгергенге шейін), сонымен қатар өзі шыққан тайпаның мәдениеті мен дәстүрлі құндылықтарын сақтап қала береді. Мұндай жағдайда дін мен рухани мәдениеттің басқа салаларында бой көтере бастаған синкретизм мен рәсімдер параллелизмінің көзге ұрылуы да мүмкін. Бағзы бір жағдайда тұтас халықтың немесе оның бір бөлігінің ассимиляцияға ұшырауы немесе басқа бір ұлысқа айнала бастауы тенденциясы бой көрсетеді.
Дәп қазіргі жағдайда ұлт пен ұлысты (народность), ұлт пен этносты ажыратуда сыннан өткен тұрақты ғылыми өлшем — критерийлердің жоқтығы жағдайды біршама қиындатады. Ал сандық өлшемдерді (мысалы, 100 мыңнан азырағы – этнос, 100 мыңнан асатыны – ұлт) немесе өнеркәсіп пен жұмысшы табының бары не жоқтығы сияқты көрсеткіштерді басшылыққа алу керек деген ұсыныстар мен пікірлер, тұтас халықтар үшін қорлау болып табылатынын айтпағанның өзінде, мұндай өлшемдердің көп жағдайда негізсіз тұжырым жасауға мұрындық болатыны белгілі. Осы тұста ұлт ұғымына берілген дәстүрлі анықтамаға қосарымыз мынау болмақ: мәдениет, тіл, территория, экономикалық тұрмыс бірлігімен бірге ұлттық мемлекеті бар немесе мемлекет болуға ұмтылған; дамыған ұлттық мақтаныш, намыс, қадір-қасиеттілік сезімі бар, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетке деген сүйіспеншілігі мығым, ұлттық мүдделерді ұғынған, елін одан әрі құдіреттендіру жолында бар мүмкіндіктерін жұмсауға дайын тұрған кісілерден құралған қауымдастықты ұлт деңгейіне көтеріле алған этнос деп ажыратып айтуға әбден болады.
Әлбетте, шетелдік зерттеушілердің шығармаларының ойқозғайтын жерлері де аз емес. Ендеше, ұлттың дамуында төбе көрсететін аса маңызды тарихи-әлеуметтік және таптық факторларды ғана мойындап, солардың төңірегінде айтылатын ой-пікірді негізгі тұтқа, берік қазық етіп, басқалай пікір айтушылардың ойларын соның айналасына көгендеп қоюға болмас. Ұлттың биологиялық-этникалық табиғатына терең бойлап зерттеуіміздің, біздіңше, ешқандай залалы жоқ.
С.А.Арутюнов этникалық қауымдастықты типтендірудің үштік схемасын информациялық байланыстар тығыздығының сипатына қарап дәлелдеуге тырысты.
Ал, информациялық байланыстар тығыздығының өсу үдерісі этностар емес, жалпы қоғам өмірінің аясында жүзеге асырылатыны белгілі. Сондықтан коммуникативтік байла-ныстар қарқындылығының деңгейі мен мөлшері қоғам дамуының белгілі бір кезеңдеріндегі этникалық ерекше-ліктердің сипаты туралы ешқандай дерек бере алмайды. Бірақ олардың ұлтты ұйыстырудағы рөлін терістеуге және де болмайды. Шын мәніндегі информациялық өркениеттік теория тұрғысынан жанасатын болсақ, ақпараттық технология мен сана қоғамның барлық саласын қамти отырып, кісілердің өмір салтын мықтап өзгеріске ұшырататынын көреміз. Ал қоғамның өзгерген нақтылы тұрмыс салты, өз кезегінде, өз болмысымен үңдес келетін этникалық ерекшеліктерді қалыптастырады, орнықты етеді. Демек, ақпараттық өркениет шеңберінде жаңа ұлт пайда болмайды. Қазіргі уақытта ұлтты қалыптастыру мен топтастыруда, ұлттық рухты бұқара халықтың санасына сіңіруде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өлшеусіз деген пікір жиі-жиі айтылып жүр. Бұл ретте ең алдымен теледидар көрсетулерін тілге тиек етуге болады. Әлбетте, олардың мақсаты елді, жұртты ұлықтау, халықтың ұзақ тарихын эфирге шығару, ұлттық мақтаныш сезімін оятып, ұлттық рухты көтеріп, осы бағытта жұрттың арқасын қоздыратын хабарларды тарату болып табылады. Бірақ, бұл орайда, басы ашық мәселе, белгілі бір ұлттық мәдениет пен менталитет ауылда не болмаса қалада жақсы сақталған болса, ұлттың сақталуының басты шарты мен негізі сол жерден табылатындығын көреміз. Мысалы, қазақтардың этникалық келбетінің қалалық қазақтардың емес, әсіресе ауыл халқы, бір текті шаруа халқының тұрмыс салтынан көбірек байқалатыны дау туғызбайтын шындық.
Ұлт этнос дамуының жоғары деңгейінде жүзеге асады. Ол – табиғи-этникалық, экономикалық тұрмыс, тіл, мәдениет, дәстүрлер және діни нанымдар бірлігіне ие болған, белгілі бір территорияда тарихи қалыптасқан адамдардың тұрақты қауымдастығы. Ол белгілі бір халықтың тұрмыс-салтын, өзіндік құндылықтары мен дәстүрлерін hәм мұра-мүдделерін бейнелейтін ұлттық сана-сезімдерімен де сипатталады.
Сонымен бірге халықаралық экономикалық байланыстар қазіргі уақытта көбінесе этносты біріктірмейді, оның түрлі бөліктерін ыдыратады, ажыратады немесе түрлі этностарды, этникалық топтарды жақындастыра кіріктіріп, бір суперэтностың пайда болуын әзірлейді деген пікірді алға тартқан авторлар да жоқ емес.
Бұл қағиданың басқа орныққан, ұйысқан ұлттарға қатысы шамалы десек қателеспейміз. Мысалы, Қазақстанда тұратын өзбектер мен орыстардың бұл жердегі ішкі экономикалық байланыстардың қалыптасып нығаюына байланысты қазақтарға айналып бара жатқанын әлі ешкім де көрген емес. Бұл ретте кенттену, индустриеландыру мен нарықтық қатынастардың бұдан былай екпін ала орнығуы жағдайында біздің, әсіресе орыс тілді қазақтардың этникалық қазақтардан алыстап кетуіне мүмкіндік кеңінен туылып отыр. Сондықтан да қазіргі нарық экономикасының қазақ сияқты халықтың ұлт ретінде қалыптасуы мен дамуы процесін тежемейтін, оның этнотоғыстырушы байланыстарын әлсіретпейтін бағытта өркендеуіне жол ашатын нарықтық қатынастар қажет. Бұл ретте ұлттық мүддені түгендейтін анық саясат жүргізілуі керек. Өйткені, экономиканың өзі өндіріс қожайындары топ-тарының, белгілі бір саясатты қалыптастыратын өндірушілер мен тұтынушылар ассоциацияларының материалдық мүдде-лерімен айқындалады. Ал, мұндай ассоциацияларды және олардың топтық мүдделерін қалыптастыруда ендігі жерде қазақ тілі мен этникалық ерекшеліктердің көп ретте маңызы болмай қалады.
Нақ бір процестің әр түрлі кеңістік пен уақыт аясында қоғамның жағдайына байланысты түрліше өзгеретіні сияқты индустриалдық (бұдан кейін тағы постиндустриалдық та бар) дәуірдің қажетті әрі артрибуттық белгісі мен болмысы болып табылатын мәдени-өндірістік байланыстары моноэтностың немесе қоғамдағы көпшілікті құрайтын ұлттың, сөз жоқ, бірлігін нығайта түседі және сол байланыстардың өзі бұдан былайғы жерде қазіргі заманның әлеуметтік-саяси құрылымы кейпіндегі субстанционалдық белгісіне жіті айнала бастайды. Еуропа мен Америкада қазіргі уақытта ұлт дегенде экономикалық байланыстар, тіл, территория және мәдениет пен ұлттық психология ерекшеліктерінің бірлігіне ие болған адамдардың қауымдастығын емес, солар негізінде туындайтын экономикалық, саяси-мемлекеттік ұжымдасу түсініледі: ұлттар адамдардың табиғи, биологиялық қауымдасуы турасындағы түсініктерді ысырып тастайтын және тұлғаның, құқықтың, құқықтық мемлекеттің басымдылығын, басым маңыздылығын, адам құқықтарын қамтамасыз ете алатын азаматтық қоғам турасындағы түсініктерді, үрдістерді үдете орнықтыратын жаңа мәдениеттің жемісі болып табылады. Тарихи құралған ұлттар бір немесе басқа этникалық топтың басымдылығы негізінде қалыптасуы мүмкін, бірақ соған қарамастан олар белгілі бір мемлекеттік тип аясындағы әлеуметтік-мәдени құрылымдар ретінде де ғұмырын жалғастыра береді. Батыс елдерінде ұлттық қауымдастықтың қалыптасуын қоғамдық дамудың белгілі бір стадиясында тұрған және кенттену мәдениеті мен нарықтық қатынастар орныққан жерден, сондай-ақ абстрактылық ойлау жүйесіне ие болған қоғам мүшелерінің құқықтық пен заңдылықтың үстемдігін, әсіресе жеке индивидтің автономдық статусын, оның өзіндік даралығы мен құндылығын түйсініп, түсінуге шама-шарқы, қабілеті жеткен жерден көруге болады деген сенім мығым.
Біздің елде қазақтар барша халықтың 80-90 процентін құраған жағдайда мұндай анықтаманың кейбір тұстарын өзгертіп алуға болар еді. Оның үстіне қазақтар отаршылдық бұғауында болғандықтан, ұлттық болмысы мен мәдениетін һәм тілін әлсіретіп алды. Ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың бірсыпырасы өшіп кетті. Осыдан барып кейбір қазақ зиялыларының азаматтық қоғам құрамыз деп ұрандатқандардың ұсынысына неліктен күмәндана қарйтынын түсінуге болады.
Бізде батыстық мағынадағы ұлттың қалыптасуы үшін Қазақстанды мекендеген барлық тұрғындардың ортақ тілде сөйлесе алуы, ортақ традицияларды ұстануы, ортақ мәдени құндылықтардың жеміс-жетістіктерін тұтына алуы шарт. Сонда ғана қазақстандық қауымдастық бірлігі жүзеге асады. Әсіресе, Қазақстандық тұрғындардың өзін Қазақстан деп аталатын қауымдастықпен тәндестіру (тәріздестендіру) сезі-міне ие болуы басты шарт. Мұндай сезім әрбір қазақстандық үшін қазақстандық мекен-тұрақтың, өмір-салттың, тілдің, мінез-кұлықтың, дүние-тіршіліктің, парықтаудың біртұтас болуы арқылы қалыптасады. Мұндай қазақстандық ұлттың қалыптасуы үшін тұтас бір тарихи дәуір, көп-көп уақыт керек болады.
Біздің пікірімізше, ұлттық психология құрылымына ұлттық талғам, ұлттық мінез-құлық, ұлттық темперамент, ұлттың өзін, өздігін, мендігін сезінуі – ұлттық сезімдер жатады, ол, өз кезегінде, ұлттық дәстүрлер, ғұрыптар рәсімдер, соның ішінде діни әдет-салттар, сондай-ақ, ұлттық өмір қажеттіліктері және өткеннен мирас ретінде сақталып қалған сан алуан этникалық рәміз-белгілер негізінде өрістеп-өрбиді.
Қоғамның рухани мәдениетінің бір бөлігі ретіндегі ұлттық психологияның өзіндік ерекшеліктері дәстүрлер мен тұрмыста көрініс береді. Сондықтан да ол немесе бұл ұлт өкілдеріне тән болған ортақ психикалық ерекшеліктерді бекерге шығаруға болмайды. Мұндай бірлік болмаған жерде қоғамдық-тарихи тәжірибе негізінде жинақталған жетістіктерді меңгеру, қабылдау, тұтыну; этникалық қауымдар ішінде қалыптасқан мәмле-қатынастарды сақтап қалу және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу; ақыл-ой қызметінің жемісін жүзеге асыру мүмкін емес. Оның үстіне, ортақ психикалық ерекшелік халықтың болмысы мен дәстүрлерінің салыстырмалы түрдегі тұрақтануына да ықпал етеді. Ұлт теориясы мен методологиясы мәселелерін індете зерттеп, иіріміне үңіліп, иін қандыра айналысып жүрген ғалымдардың көпшілігі тарапынан ұлттың «психикалық ерекшелігі» ұғымы қабыл алынды. Сонымен бір қатарда, жоғарыда айтып өттік, бұл категорияның мазмұны мен құрылымы туралы ғалымдар арасында бірізді түсінік жоқ.
Ал, ұлттық психология мен ұлттық сана-сезім арасындағы өзара байланыстар туралы мынаны айтуға болады: ұлттық сана-сезім ұлттарды бір-бірінен ерекшеленіп тұратын айрықша белгі емес, тек әлеуметтік-психотанымдық құбылыс. Олардың бір-бірімен тығыз байланысты екені, біте қайнаса өмір сүретіні мәлім. Бірақ, оларды барлық жағынан теңестіріп қарастыруға болмас. Ұлттық сезімдер – ұлттық психикалық ерекше-ліктердің жекеленген жақтары тәрізді. Оларды ұлттың ұлттылығын, мендігін, өздігін сезініп, түйсінумен байланысты кешетін процесс ретінде ұғынған жөн. Ал тұтастай алғандағы ұлттық өздік сананы ұлттық психологияның аясынан тысқарыдағы, дербес бірлік деп білеміз. Өйткені, ұлтты тану логикалық-ой жұмысының қызметімен де байланысты.
Ұлттық мінез-құлық өмірде бар құбылыс. Мәселен, оның құрылымына кісілердің ұлтаралық қарым-қатынасында маңызды орын алатын моральдық сипаттағы әдеттерді, сондай-ақ, жақын тарту, сенім білдіру, мәмлеге тез кірісіп кету, ашық-жарқындық және осыларға кереғар келетін сапаларды да жатқызуға болады. Өзін-өзі ұстау, өзіне тән бағытты ұстану, кішіпейілділік, өзінің ахлақтық қасиеттеріне жоғары немесе төмен баға беру, өзін-өзі жақсы көру, менмендік, бөгдені менсінбеушілік, басқа біреулерден секемденіп жүру, өзіне-өзі сену, ысырапшылдыққа қарсы тұру тәріздес көптеген ерекшеліктер де ұлттық мінездің мазмұнын құрайды. Кейде бұлар маңызды болған басқа белгілермен де қабаттасып көрінуі мүмкін. Этникалық қауымдастықтың көпшілік өкілдеріне тән ортақ ерекшеліктер ғана ұлттық мінезді құрайды.
Бағзы бір авторлар «ұлттық мінез-құлық» пен «ұлттық темперамент» ұғымдарын теңестіре қарастыруда. Біздіңше, ұлттық темпераментте белгілі бір халықтың қоғамдық, географиялық, генетикалық (нәсілдік) факторлар негізінде пайда болатын сезімдік қатынасы бейнеленген. Ал, ұлттық мінезді аталмыш халықтың мәдениеті, діні, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары бейнеленетін құбылыс ретінде түсіну керек сияқты. Жеке адам мінезінің ұлттық өзгешелігі темпераментке қарағанда құбылмалы. Кез келген адам өз халқымен байланысын үзіп алып, ұзақ уақыт бойы басқа этникалық ортада тұрып қалса, әлбетте, сол ортада қалыптасқан мінез-құлықтық қасиеттерді қабылдай бастайтыны өмірде өте жиі ұшырасатын жайт. Ұлттық психологияның ерекшеліктері дегенде халықтардың тарихи дамуының өзгешелігі мен әлеуметтік-экономикалық, рухани өмірінің алғышарттарына байланысты қалыптасатын және мәдениет пен тұрмыстан, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардан байқалатын ұлттық сезім мен құлықтың көрінісін назарда ұстау керек деп ойлаймыз.
Ұлттық психологияның өзіне тән ерекшеліктерін қалыптастыратын негізгі тарихи және қоғамдық ортаға төмендегілер жатады деп санаймыз: шаруашылық іс-әрекеттің түрлері; қожалықты жүргізудің жинақталған тәжірибесі; үстем болған қоғамдық-таптық қатынастардың ерекшелігі; халықтың тұрмыс-салты; табиғи орта және ықылым; қоғамдық өмірге әсері болатын демографиялық фактор; басқа халықтармен болатын қарым-қатынастардағы ерекше белгілер; мәдениет, тіл; әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердегі айрықша белгілер; діни нанымдардың түрлері және басқалар.
Жоғарыда атап өтілген факторлардың этникалық белгілердің қалыптасуындағы рөлі әр қилы. Бірақ, қайсыбір тарихи қауым психологиясының этникалық белгілерін анықтайтын негізгі факторлар –материалдық-рухани өндіріс пен қоғамдық қатынастар екендігі анықталған ақиқат.
Біздіңше, ұлттық өздік сана-сезімнің әлеуметтік мәні бастауын тарихтың терең қойнауынан алып жатқан этникалық-тектік санадан әлдеқайда кеңірек. Ұлттық өздік сана-сезім – ұлттық мақтаныш сезімі ғана емес, сонымен бірге ұлттың ең түбегейлі жәңе ұзақ мерзімге саятын мүдделерінің мейлінше тұжырымдалған идеялық-теориялық-эмоциялық көрінісі болып табылады.
Этнографиялық әдебиетте ұлттық өздік сананы этникалық (тектік) анықтаушы ретінде қарастыру сияқты үрдіс қалыптасқан. Бұл ретте ұлттық өздік сана ұлттың өзін-өзі билеуі сияқты түбегейлі өмірлік маңызды мәселеге индифферентті, қатыссыз болып көрінуі мүмкін. Алайда, ұлттық өздік сана этникалық бірлікті ғана емес, әлеуметтік-тарихи, мемлекеттік-саяси тұтастықты да бейнелейді. Сондықтан да оны этникалық анықтаушы ретінде ғана алып қарау дұрыс емес. Оны тіптен қарапайым және қарабайырлық сана немесе әлеуметтік психология шеңберінде ғана қарастыруға әсте болмайды. Өздік сана-сезім ұлттың әлеуметтік-тарихи және саяси белсенділігі деңгейінің көрсеткіші ретінде көрініс береді. Ұлттық сананың айдан анықтылығы, өткірлігі мен толыққандылығы халықтың сыртқы қатынастарының интенсивтілігіне немесе томаға-тұйық тұрмыс кешуіне ғана емес, әлеуметтік қозғалыстың ішкі ұлттық түрлерінің дамуының деңгейіне де байланысты.
Ұлттық өздік сана-сезім жинақталған, сараланған а) ұлттық идеялар пішініндегі санадан; ә) отанға, туған елге және туған жерге деген мақтаныш, ар-намыс және басқа ұлттық сезімнен; б) этникалық-тектік сана-сезімнен; в) ұлттық мінез-құлықтан; г) талғамнан, әлемдегі әсемдік атаулыны немесе жамандықты танып, қабылдаудың және бағалаудың ұлттық ерекше-ліктерінен құралатын саналық-эмоциялық түзілім. Бұған, ақырында, санадан тыс, сана қатпарларында жатқан және адамның табиғи жан-жаратылысымен біте қайнап, қосыла жүретін сан алуан сезімдік-инстинктік ұмтылыстар, импульстар мен симпатия-антипатиялық эмоцияларды қосыңыз. Әңгіме сана-сезімнің осы күнге дейін ғылымға әлі де болса белгісіз әлдеқандай биологиялық-психологиялық негіздері туралы болып отыр. Сондай-ақ, ұлттық өздік сана-сезім мен тарихи танымның (ол қоғамның, этностың өзін-өзі, басып өткен өмір жолдарын танып-білу) тығыз байланыстылығы да аталмыш құрылымның құрамына сұранып тұр. Ұлттық өздік сана-сезімнің барлық элементтерімен қоса алғандағы, жинақталған бейнесі – ұлттық рух екені белгілі жәйт. Ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер де ұлттық сананың айрықша түрлері болып табылады. Биік адамгершілікті сапаларға ие болған адамдардың үміт-ұмтылыстары мен арман-мақсаттарының кешені түрінде жүзеге асатын сенім – халықтың өздік сана-сезімінің ажырамас элементі. Онсыз өздік сана-сезім өзінің рухтануынан айырылады. Ұлттық өздік сана-сезімнің моральдық сатысында (стадиясында) көрінетін маңызды сапалық қасиеті – ар-ұждан. Ұлттық өздік сана-сезім мен ұлттық өзіндік сана-сезімдер түрлі сапалық түзілімдер болып табылады. Ұлттық өздік сана-сезім негізінен ұлттың өзіне қаратылған сана-сезімнен басқа ештеңе емес. Ол – ұлттың мендігін, өздігін, ұлттылығын, тарихи тағдырын, қоғамдық даму ерекшеліктерін танып-білу және саналылау деген сөз. Ал ұлттың өзіндік сана-сезімі ұлтты қоршап тұрған әлем, табиғат және қоғамдағы оқиғалар мен құбылыстарға деген қатынастық көзқарасы мен сезімі, сондай-ақ талғамы мен тандауының өзіне тән ерекшеліктері болып табылады. Ол – ұлттық өздік сананы да қамтитын құрылым. Осынау ұғымға кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдары көп қолданатын менталитет сөзі теңдес келеді.
Ұлттық идеяларға халықтың ұлт-азаттық күрестегі мүдделерінің бірлігін ғана емес, ұлттың экономикалық саяси және рухани дамуының мұқтаждықтарын да түйсіну, пайымдау жатады. Ұлт-ұлыстың азатттық жолын өзінің өмірлік кредосы деп ұғынған, сол үшін отқа да, суға да түсуге дайын тұрған жандар ғана бұл мүдделерді барынша толық және жан-жақты һәм терең түсініп, бейнелей алады, сондықтан олар күллі халықтың сана-сезімінің ең басты айғақшысы, айтушысы, ақылманды ақылгөйі бола алады. Әлбетте, адамның ұлттық мұң-мұқтажды дөп басып, дәлме-дәл айқындап айта алуы оның қалыптасқан ортасына, оның өз халқының асыл қасиеттерін қай дәрежеде және көлемде бойына сіңіре алғандығына, оның салт-санасы, интеллектісі һәм жан-жүрегінің жаратылысына көп мөлшерде байланысты.
Ұлттық өздік сана – әлеуметтік-этностық бірліктің ұлттық-этникалық және тарихи һәм табиғи ерекшеліктері, бітім-болмысы мен тағдыр-талайын танып-білуге бағышталған сана. Бұл – халықтың тарихи есігін ақ пейіл, адал жүрегімен ашуға бейіл болғандардың сана-сезімі.
Ұлттық даму ескірген, жарамсыз жәйттерді, этникалық томаға-тұйықтықты жоюды талап етеді. Ұлттық-өзіндік ерекшелік – бұл ұлттық қазыналар сандығы ішіндегі ең жақсысы, жарамдысы дегеннің бәрін кәдеге асырумен, оны өмірге бейімдей отырып, одан әрі жалғастыра дамытумен байланысты қалыптасады. Соның нәтижесінде ұлт өмірінде пайда болатын жаңа, прогрессивті үдерістер интернационалдық сипат ала бастайды. Нәтижесінде ұлттық ерекшеліктер ұлттың тұрақты да интенсивті дамуын қамтамасыз ете аларлықтай күшке ие болып шығады. Ата-бабаларынан қалған мұра – мәдениетті сақтап қалған халықтарда ұлттық рух, азаттық рухы әманда биік тұрады.
Ұлт-ұлыс туралы білімдер белгілі бір жүйеге түсірілген, анық айқындалған, бағытталған түсінік түрінде және теориялық сипатта ғана болады деп ойлау қате.
Олар стихиялық-эмпирикалық түрде, яғни ұлтты және ұлттық мүдделерді қоғамдық психологиялық деңгейде, эмпирикалық қабылдау барысында да қалыптасуы мүмкін. Мұндай теориялық емес сананы ұлттық сезімге ғана балауға болмайды, өйткені ол белгілі бір пайымдауды да қамтиды. Оның үстіне ол ұлтты тану процесінде теориялық білімдерге де негізделгендіктен, өзінің диалектикалық мәнін жоймайды. Ол ұлт жөніндегі әлжуаз, кейде мешеу, тіпті ақыл-ойға салынбаған шалажансар ұлттық түсініктер мен сенімдер жүгін арқалап жүреді. Ол ұлттық шындықты, болмысты аңғару мен тану деңгейінің тереңдігі мен мазмұны жағынан ғылыми тұжырымдалған ұлттық идеяларға әсте пара-пар келе алмайды. Ол ұзақ уақыт бедерінде бұқара халықты мәңгүрттендіруге бағытталған коммунистік-отаршылдық тіміскі іс-әрекеттер мен шовинистік уағыздаушылыққа қарсы төтеп бере алмайды.
Сондықтан да бұқара халықтың ұлттық мүдделерін бейнелейтін ұлттық өздік сананың қалыптасуында прогрессивті, ұлттық-демократиялық қоғамдық және саяси ұйымдар мен партиялардың идеялық-тәрбие жұмыстары маңызды рөл атқарады. Егер қарапайым ұлттық өздік сана-сезім идеологиялық тәрбие жұмыстарынан тысқарыда, мысалы нақты әлеуметтік және ұлттық ортаның, тұрмыстың барлық жағдайларының әсерімен қалыптасуы мүмкін болса, теориялық деңгейдегі ұлттық өздік сана идеялық жұмыстар барысында ғана жүзеге шығады. Бұл ретте ұлттық идеологияның және ұлтты танудағы жаңаша (айталық, тұран-түркістан-қазақ ұғымдары тұрғысынан талдау) әдіснаманың рөлі айрықша және үлкен. Бұдан ұлттық өздік сананың қасиеттері тек теориялық деңгейде ғана дұрыс бейнелене алады деген қорытынды келіп шықпайды. Ұлттық өздік санада теориялық және эмпирикалық деңгейлер өзара байланыста болады және олардың құрамдас бөліктері шарттас болып, өзара әсерлесу, әрекеттесу жағдайында бір-біріне өтіп тұрады.
Ұлтты тану ұлттық болмыстың жай ғана фотографиялық өлік бейнеленуі емес. Ол адамның сезім отынан тұтанып, туындайтын процесс. Демек, ұлттық таным сезімдерден бөлекше таза күйінде көрінетін бейнелену ғана емес, өйткені адамның қобалжулары оның ұлттық өмірдің белгілі бір жақтарына көзқарасы, пікірі, бағалауы, қысқа қайырып айтатын болсақ, қарым-қатынастық танымдық әрекеті мен танымдық қызығушылығының көрінісі болып табылады. Елдікті, ұлттық қасиеттерді орнықтыру үшін жүргізілетін күресте жарқын да жанды сезімдердің атқаратын рөлі өлшеусіз болмақ. Ұлттық сезімнің қораш, селсоқ болуының ұлттың келешегі үшін жасалынатын келелі істерге кедергі-кесірін тигізетіні анық. Адам ұлттың жарқын болашағы үшін немесе қазіргі жағдайын жақсарту жолындағы күресінде, соларға игі ықпалын тигізетіндердің бәрін жан-тәнімен құптап, қолдап, қоштап, ал ұлтты ыдырататын, оның әлеуетін әлсірететін жағдаяттардың бәріне қарсы күрескенде, солардан жиіркеніп отырады ғой. Әрине, бұл ретте сөз күрескер адамның жан-дүниесі мен сана-сезімі туралы болып отыр. Жаңағыдағыдай қатынас оның ұлттық өздік сана-сезімінің биікке көтерілген жаңа сапалық деңгейіне тура келеді. Эмоциялар мен сезімдердің адам баласының дүние танымы жүйесіндегі алатын орнын В.И.Ленин орыс библиографы Н.А.Рубакиннің (1862-1946) кітабына жазған рецензиясында «адамның шындықты іздеуі адамның эмоциясынсыз» еш уақытта болмаған және болуы мүмкін емес», – деп өте дұрыс көрсеткен еді[3]. Бұдан ұлттық сезімдердің ұлттық өздік сананың құрылымынан көрнекті орын алатындығын көруге болады.
Бірыңғай тіл, территория, мәдени-этникалық орта және солар арқылы етене байланыста болған кісілер Отанға деген маххабат, ұлттық мақтаныш, намыс, қадір сияқты сезімдерге ие болады. Жалпы алғанда, олар ұлттық болмыстың басқа жақтарына да қатынастық сезімін білдірмей тұра алмайды. Ендеше, ұлттық сезімдерсіз ұлттық өздік сана болмайды. Мұнда ұлттық сезім мен ұлттық танымдық процесті толығымен теңдестіруге болмайтынын атап өту керек. Ұлттық сезімдер – бұлар белгілі бір ұлттық қауымның тағдыр-тарихына тікелей немесе жанама қатысты болған ірілі-ұсақты оқиғалар мен құбылыстардың әсерімен жан-жүректердің тереңінен шым-шымдап туындайтын ішкі эмоциялық толқу-әсерлер. Оның құрамынан санасыз, санадан тыс тұратын элементтер де орын алған. Ұлттық сезім аса қасиетті сезім болып табылады. Бірақ оның ұлттық мүдделерге жат, бөгде идеялардың ықпалымен өзгеретінін айтпасқа және болмайды.
Адамдардағы сезім мүшелерінің құдіреттілігі мен этникалық ортадан қабылданатын хабардың ұнамды яки ұнамсыз бейнені қалыптастыра алатындығы, олардың этикалық-эстетикалық сезім-талғамдарының мөлдірлігі мен биіктігіне байланысты. Еңбектену, саналы өмір сүру мен ақыл-ой қызметінің нәтижесінде адамдардың тәні мен жаны байиды. Демек, адамдардың ұлттық сезімдері олардың этникалық ортадағы адал мен арамның, таза мен ластың, жақсы мен жаманның, күнә мен сауаптың, сондай-ақ реттілік пен үйлесімсіздіктің, көркемдік пен көріксіздіктің ара-жігін қаншалықты деңгейде ажырата алу қабілетімен байланысты пайда болады. Ұлттық құндылықтар мен құбылыстар осынау сүзгінің призмасынан өту арқылы түйсініледі. Байқаған боларсыз, бұл ретте ұлттық және этикалық-эстетикалық сезімдерді бірінен-бірін ажыратпай, тұтас күйде алып қарау керек болады.
Сайып келгенде, ұлтқа және оның мүлкіне деген сүйспеншілік немесе бейғамдық, мәңгүрттік және жеру сезімдері жоғарыда атап өтілген түйсіктерге тәуелді түрде түрленеді. Салт-санасы кемел де, көркем ортада халықтан безіну сияқты жексұрын жәйт некен-саяқ. Ол, әсіресе, этосы солғын тартқан ортада белең алады. Адам санасында этнос туралы пайда болатын ұғым мен көзқарас жоғарыда айтылған психикалық функциялар арқылы да қалыптасатынын көруге болады.
Ұлттық сана-сезім оны құраған барлық элементтерімен қосылып, жинақталған-жиынтықталған, жалпыланған күйде ұлттық рух түрінде жарыққа шығады. Осыдан барып ұлттық рухтың жай-күйін елеп-ескерместен тұрып ұлттық идеологияны жарату қиынға соғатын іс екені айқын болып қалады. Тап осы арада біз ұлттық идеологиямыздың негізгі ұстындарына: а) мемлекеттік, елдік пен құқықтылыққа; ә) ғылыми, мәдени және әдеби мұраға; б) ежелгі сенім-нанымдарымыз бен исламдық дәстүрлерге; в) жал-пыадамзаттық құндылықтарға мән-маңыз беру керек екенін еске сала кетпекшіміз. Бұлардың баршасы адамдардың өздерін басқа этностармен салыстыра, салғастыра тану арқылы, сондай-ақ өз этносының ішіндегі жандардың бойы-болмысында көрінетін төл этникалық ерекшеліктерді байқау, бағамдау, бағалау арқылы қалыптасатын этникалық өздік сананың қызметімен тығыз байланысты өрбиді. Адам баласы белгілі бір этникалық ортада тіршілік ететіндіктен, ол сол ортаға тән этникалық қасиеттерді сақтаушылардың қолдауына мұқтаж. Адам осынау қорғанның аясы мен саясында ер жетеді, есейеді, қалыптасады. Сол себепті, адам этникалық жандарға бауыр басып, өзін солармен тәндестіре (тәріздендестіре) тани бастайды. Адамның бұларға деген ықылас-ынталығы мен бейімділігінің түп-төркіні мен себеп-салдарын жоғарыда айтылған жәйттерден іздеген жөн. Сайып келгенде, этникалық өздік сананың дұрыс бағыт алып, қалыпты жағдайда қалыптасуы көбінесе қаймағы бұзылмаған этосқа байланысты болады. Этос айнып-азып, бұзылып, жүні жұлынған тауықтай боп қалған жағдайда, ұлттық және этникалық өздік сананың да сабақтастығынан айырылып, ажарсыз күйге түсері хақ.
Тұтастай алғандағы ұлттық өздік сана адамдардың төл этносы мен өркениетінің ерекшеліктерін (ол – күллі тарихи тәжірибе сабақтастығын қамтамасыз ете алатын, ұжымдық тұрмысты ұйыстырудың тетіктері мен түрлері) танып-білу деген сөз. Этос пен өркениет, тарих пен тәжірибе бұрындары қандай болған, қазіргі кезде қандай өзгеріске ұшырады? Міне, ұлттық сананың негізгі міндеті де осыны байыптай талдау болып табылады. Бұдан хабар тапқан ұлттық өздік сана тұтастай алғандағы ұлттық-әлеуметтік қауым мен оның өркениетінің қайсы жолмен баруы қажет, қоғамдық дамудың қайсы моделі мен нұсқасын тандауы керек деген сауалға жауап табуы тиіс. Мысалы, қазіргі кезде орыс ұлтының ұлттық санасы Ресейдің дамуы жолдарын аласұра іздестіру үстінде, оның екі нұсқасын ұсынып отыр: 1. Православ дінінің терең тамырлары, қайнар бұлақтарына жол тартатын метафизикалық негіздерді іздестіру. Мұны орыс мәдениеті ұғымымен байланыстырады; 2. Екінші мүмкін болған нұсқа – адамның өзін қоршап тұрған шындық-тіршіліктен жағымды мәндерді іздеп-табуы, яғни оның өзін, өмірін, ортасын мәдениеттендіру бағытымен жүру қажеттілігі[4]. Ал, «Еуразияшылдықтың» доктринасы бұдан бөлектеу ұстанымдарға ден қойған[5].
Қазақ қалай дамуы керек? Қалай болғанда да, Еуропа немесе тағы басқа елдердің құндылықтары, қоғамдық институттары мен стандарттарына ауытқып кетпей, Шығыс пен Батыстың құндылықтарын, сондай-ақ төл этос пен жаңа жағдайда жүзеге шыққан құбылыстарды ортақтастыратын-орталықтандыратын нүктені қалап алуымыз керек. Әрине, мемлекеттік құрылым (саяси элита) мен рухани элитаның өтпелі кезеңдегі халықтың этникалық қалпын орнықтыру мен дамытудағы рөлі өлшеусіз. Бұл үдерістің нәтижесі өкімет басындағылардың рухани потенциалы мен ішкі орентирінің сипатына байланысты. Сондықтан өтпелі кезеңдегі этнос пен мемлекеттіліктің арақатынасы, өзара әсерлесуі мәселесі індете зерттелінуі керек. Сондай-ақ, Қазақстан патриотизмін қалыптастырудың жолдары мен механизмін іздестіру қажет-ақ. Өйткені, бұл – бүкіл қазақстандықтардың бірлігі мен тұтастығын нығайтудың негізгі факторларының бірі. Өкі-меттегілердің айтып жүрген «Қазақстандық ұлт», «үштұғырлы тіл» саясатын нақтылау бағытында зерттеушілер тобы тарапынан іргелі зерттеу жүргізілуі керек. Дін туралы да осыны айтуға болады. Бұл ретте ресейлік авторлардың белгілі бір халықтың ұлт деңгейіне көтеріле алуын, оның ұлттық мүдделер үшін, мәселен тілі мен мәдениетінің құлдырауы мен ыдырауына алаңдаушылығын білдіре отырып немесе ұлттық езгіге және дискриминацияға қарсы көтеріліп, ұлттық күреске шығуымен байланыстыруы сияқты тұжырымы жөнінде ойлануымыз керек. Әңгіме бұл күрестің шетелдіктерге ғана емес, қоғамның өз ішіндегі ат төбеліндей топқа, тіпті билік басындағылардың ұлттық тұрғыдан жүргізіп отырған нәмақұл саясатына (Шығыс елдеріндегі компрадорлық сияқты) қарсы көтерілуі жөнінде болып отырғандығын оқырманның есіне сала кетпекшімін[6]. Олар этнос терминін табиғи бастаумен байланыстырып, ұлт ұғымын әлеуметтік, экономикалық және саяси аспектілер аясында ұғынуды жөн санайды[7]. Әрине, этнос пен ұлтқа байланысты жасалған тұжырымдардың бәрімен бірдей келісе беруге болмас. Бұлардың сынын келесі еңбектерімізде беруге тырысамыз.
[1] Пайпс Р. Россия при старом режиме. – М., 1993; Моисеев Н.Н. Универсальные волюции // Вопросы философии. –1991. –№3. –С.27; Земцов Б. Откуда пошла… Российская цивилизация // Общественные науки и современность. Российская Академия наук. – 1994. –№4. – С. 62.
[2] Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. – Л., 1989.
[3] Рубакин Н.А. Кітаптар әлемінде. – М., 1913.
[4] Курбатов В. Слова на просвет. – Москва, 1996. –№10. –С. 162.
[5] Дугин А.Г. Казахи – этнос Евразии. //Интернет-газета «Навигатор». – 1 апреля 2002 г.
[6] Семенов Ю. Этносы, нации, расы. – Википедия; Производство и общество // Социальная философии. – М.: Издатель Савин С.А. – 2003. – С.236-266.
[7] «http://ruWikipedia.org/wiki.
Тағы рефераттар
- Биоэволюция мен этноэволюцияның арақатынасы
- Ұлы жүз
- Топырақтың ауа және жылу режімі
- Кәсіпорын табысы және оны қалыптастырудың теориялық негіздері дипломдық жұмыс
- Педагогикалық эксперимент және оның нәтижелері