Осындай қиын-қыстау кезінде халықтың көңіл-күйін аңғарған Муссолини саясат сахнасына қайта шықты. Ол 1914 жылы социалистік партия қатарынан шығып қалған болатын. Соңында Муссолини көптеген бұрынғы интервенционистерді, футуристерді және синдикалистердің басын қосып өз ұйымын құрып алды. 1919 жылдың 23-наурызында Миланда Сан-Сеполькро алаңындағы ғимаратта осы «Фашо ди комбаттименто» атты жаңа ұйымның құрылтайшы жиналысы өтті. Жиналыс бұрынғы соғысқа қатысқан жауынгерлермен ынтымақтастық аясында өткенімен негізгі назар сыртқы саясат мәселесіне бөлінді. Соңында қабылданған шешім «Фиум» мен «Далмацияны» мәжбүрлеп қосып алу еді. Бірақ 1919 жылдың сәуірінде Италияның «Фиумға» қатысты бұл ойын одақтастар қарсы болып жақтамағаннан кейін Бенито Муссолини «бұл қаланы қалай да күшпен тартып алу қажет» деп қорытты. Фашистердің «Пополо дИталиа» газеті «үкімет әлсіздік танытып отыр» деп мақалалар жариялап, социалистік партияға жұдырығын түйе бастады. Осылайша фашистер милитаризмге қарсы шыққан социалистік партияның идеологиясынан патриотизмге жат күшті аңғарғандай болды. Социалистер ұйымдастырған пролетариат көтерілістері «әлемдік аренада ұлт беделін түсіреді» деп шешті. 1919 жылдың 15-сәуірінде фашистер бұрынғы соғысқа қатысқан жауынгерлермен бірге Миландағы «Аванти» социалистік газетінің редакциясын өртеп жіберді. Артынша фашистер революциялық жұмысшылар демонстрациясына шабуыл жасап, социалистік партияның және кәсіподақ белсенділерін ұрып-соға бастады.

1919 жылдың маусымында қымбатшылыққа қарсы жаппай көтерілістер басталды. Бұл көбінесе күтпеген жерлерде және уақыттарда орын алып жүрді. Аяқ астынан жиналған адамдар дүкендерді тонап, сауда жасаушылармен өздері сот ұйымдастыра бастады. Осы кездің өзінде социалистер мүмкіндігінше қызыл гвардия отрядтарын және реквизиция бойынша тиісті комитеттер құрып күнделікті тұтыну тауарларының бағасын мәжбүрлеп төмендете бастады.[10]

Сыртқы саясаттағы бірнеше сәтсіздіктерден кейін (мысалы, Италияға Фиумды қосып алуға одақтастардың қарсы болуы т.б.) «Орландо» үкіметі құлады. 1919 жылдың 23-маусымында Нитти басқарған жаңа үкімет басшылыққа келіп ішкі саясат мәселелерін шешуге басты назар аударды. Қымбатшылыққа қарсы көтеріліс кең етек жайып бара жатқандықтан ең алдымен нанның бағасын төмендету туралы үкім шығарды.

Қазан айында Неаполдегі «Сан-Карло» театрында фашистердің съезі өткізіліп, оған делегат ретінде елдің түкпір-түкпірінен қырық мың фашист қатысты. Съезді Муссолини ашты. Түстен кейін осы қырық мың фашист мінбеде тұрған Муссолинидің алдынан өткенде Муссолини : «Мен сіздерге хабарлаймын, қазіргі кезде талап мынадай: бізге билік береді немесе біз оны Римге барып өзіміз аламыз» дегенде фашистер «Римге, Римге ! » деп бірауыздан айқайлаған. Осыдан кейін Муссолини «Везучий» атты мейманханаға барып өз әріптестерімен фашистік шабуылдың нақты шешімін қабылдайды.[11] Фашистерді ел бойынша жинақтау қазанның жиырма жетісіне, ал негізгі орталықтарға шабуыл жасау – қазанның жиырма сегізіне деп шешілді.

Неаполдан Муссолини шұғыл түрде Миланға аттанып, ал Римге шабуыл ұйымдастыру бойынша фашистердің штабы Перуджеде орналасты. Король Муссолиниді Римге келіссөзге шақырғанда «маған жаңа үкімет құрамын құруға тапсыратын болса ғана барамын» деді.

29 қазанда түске жақын корольдың адъютанты генерал Читтадини Муссолиниге телефон арқылы корольдың осы ұсынысты айтқанын жеткізді. Отызыншы қазан күні он сағат қырық екі минутта Муссолини Римдегі вокзалда поездан түскен. Бұл кезде Рим қаласына жан-жақтан фашистердің жасақтары жаппай жақындап шабуылға дайын келе жатты. Фашистер қалаға келіп жеткенде ешқандай қарсылықты кездестірмесе де өздерін тура соғыста жүргендей ұстады. Муссолини да корольға бармас бұрын әскери фашист киімін киді. Корольмен бір сағаттай сұхбаттасқан Муссолини король екеуі балконға шыққанда қара көйлек киген фашистер легі саппен өтіп жатты.

Келесі күні 31-қазанда Муссолини басқаратын жаңа үкімет құрылды. Бұл үкімет бір партиялы фашистік үкімет болды. Муссолини өзі премьер және шетел істері бойынша министр болса, он үш министрдің үшеуі фашист болды.

Фашизм өз қатарларын күшейте бастады. 1923 жылы сәуірде үкіметтен Халық партиясының өкілдерін шығарып тастады. 1923 жылдың қарашасында жаңа сайлау заңы «Ачербо» сенаттан қолдау тауып, оған король қол қойды. Парламентке сайлау 1924 жылдың 6-сәуірінде өтіп фашистер жеңіске жетті. Осы сайлау кезінде алаяқтық жасады деп парламентте сөз сөйлеген депутат социалист Маттеоттиді фашистер өлтірген. 1924 жылдың 10-маусымында Маттеотти  із-түзсіз жоғалып кеткен. Ал кейіннен оны Думини басшылық жасаған фашистер тобының өлтіргені егжей-тегжейлі әшкереленді. Алғашқы кезден бастап-ақ елдің бұл іске фашистердің тікелей қатысты екендігіне ешқандай күмәні болмаған. Осы кезден бастап елде фашистердің жағдайы күрделене бастады.

1925 жылдың 5-қарашасында фашистер «Біртұтас социалистік партияның» қызметіне тиым салды. Осы кезде коммунистер белсенді қимылға көшті. 1925 жылдың 16-қарашасында ішкі істер министріне фашистік федерация ауданының хатшысы Лациале Сабина былай деп мәлімдеген болатын: «5-қарашада қалаға түгел коммунистердің үнпарақтары желімделіп таратылған. Тергеу барысында қалада үлкен астыртын коммунистердің ұйымы бар екендігін анықтадық….».[12]

Осындай келеңсіздіктер орын алып жатқан жағдайда Кеңестік Ресейді қорғау үшін күшті қозғалыс жүре бастады. Италиядағы социалистік партияның ұсынысы бойынша 1919 жылдың 20-21 шілдесіне Кеңестік Ресей мен Венгрияны жақтап халықаралық көтеріліс тағайындалған болатын. Осы көтеріліске Англияның, Францияның және Италияның еңбекшілері қатысуы керек болатын. Көтерілістің басты мақсаты Ресейдегі революцияға қарсы күштерге қару-жарақ жөнелтпеу және жабдықтамау болатын. Грузияға жөнелтеміз деген әскери Италия күштері Нитти үкіметі билікке келген соң тиым салынды.

1919 жылдың қыркүйегінде жазушы ДАннунцио өзі басқарған легионерлер отрядымен бірге Фиумды басып алды. Бірақ ол бұл әрекетін үкіметтің келісімінсіз жүзеге асырды. Оның осы әрекеті парламентаризм негіздеріне кері әсерін және Италияға конституциялық мемлекет ретінде беделіне нұқсан келтірді.

Осы кезде күзгі егін егу басталарда шаруалар өз бетінше әлі өңделмеген мемлекет жерін басып алып иемдене бастады. Партиялар парламент сайлауларына қатысатын кез келді. 1919 жылдың қарашасында сайлау науқаны өтіп, ресми деректерге сәйкес парламенттегі 499 орыннан социалистік партия 154, Халықтық партия – 99, либералдардың әртүрлі топтары – 181, басқалары — 65 орын алса, фашистер бірде бір  орын алмады.[13]

Социалистік партия қалың көпшілікті тығырыққа тіреген соң коммунистер революциялық әрекеттерді насихаттаумен қызу айналыса бастады. Қайта құрушыларға қарсыласа отырып коммунистер социалистік партия туғызған сенімсіздікті сейілту мақсатында пролетариатты революцияға үгіттей бастады. Коммунистік партияның құрылуы италия пролетариатының ұрысқа қабілетті бөлігіне ықпал етуге бірден ұласты. Бірақ Италияда коммунистік партия пайда болған кезде елдегі таптық және саяси күштердің қатынасында жалпы күрт өзгеріс басталды. Дәл осы кезде фашизм пайда болды. Себебі 1920 жылдың қыркүйегіндегі оқиғалардан кейін италия буржуазиясының басым көпшілігі либералды мемлекетке және парламентаризмге сенімін жоғалтты. Италия буржуазиясының арасында еңбекшілердің революциялық қозғалысын қарулы күшпен басып-жаншуды қолдайтындар көп болды.
Тағы рефераттар