Канаданың шаруашылығы мен сыртқы байланыстары туралы қазақша реферат
Канада — жоғары дәрежеде дамыған индустриялы-аграрлы ел. Шаруашылық құрылымында «Үлкен жетілікке» енетін басқа елдер тәрізді, материалдық емес сала басым. Елде алуан түрлі тауарлар: жемістер консервілеуден бастап автокөлік өндіруге дейін дамыған.
Өнеркәсібі. Канада әлемдік нарыққа ағаш өнімдері және қағаз шығаратын аса ірі ел болып табылады. Елдің әсіресе өндіруші өнеркәсібі күшті дамыған: Канада никель, күміс, алтын, қорғасын, мыс, табиғи газ өндіруден дүние жүзінде алдыңғы орындардың бірін алады [9,16].
Өңдеуші өнеркәсіптің басты салалары — машина жасау, ағаш өңдеу, отын-энергетика, түсті металлургия. Канаданың машина жасау кәсіпорындары, негізінен, көлік құралдары мен ауыл шаруашылық машиналарын жасауға маманданған. Осы сала өндіруші өнеркәсіп өнімінің 30%-ын береді, бұл жоғары дамыған басқа елдерге қарағанда әлдекайда төмен.
Ағаш өңдеу және целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің дамуына жергілікті орман қоры ғана емес, арзан су жолдары мен электр энергиясы, сыртқы сұраныс алғышарт болады, Ағаш өңдеу кәсіпорындары, негізінен, Әулие Лаврентий өзенінің бойы мен батыстағы Британ Колумбиясы провинциясында орналасқан. Жалпы алғанда, жылына Канаданың әр тұрғынына шаққанда 6—7 м3 ағаш сүрегі дайындалады, бұл дүние жүзіндегі ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Өнеркәсіптің бұл саласының өнімдерінің басым бөлігі сыртқа шығарылады: дүниежүзілік қағаз экспортында Канаданың үлесі 60%-ға жуық [6,17].
Канада өнеркәсібінің отын-этргетика саласы жергілікті шикізатка (су энергиясы, мұнай мен газ, көмір) негізделеді. Электр эпергиясын өндіруден дүние жүзінде алтыншы орын алатын Канада оның жан басына шаққандағы мөлшері (17 мың кВт/сағ) бойынша Норвегиядан кейінгі екінші орында тұр. Электр энергиясын өндіруде СЭС-тердің үлесі 60%-ға жетеді, аса ірі бөгеулер Ла-Гранд, Черчилл Фаллз өзендерінде салынған. Елдің оңтүстік-шығысындағы өнеркәсіпті аудандарын электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында салынған АЭС-тер 18 %-ын береді.
Басты өнеркәсіп орталықтары елдің оңтүстігінде орналасқан. Мұндағы ірі қалаларда өнеркәсіп сан-салалы сипат алған. Торонто қаласында қара металлургия, химия өнеркәсібі, автокөлік жасау, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары шоғырланған. Монреалда ұшақтар мен локомотивтер жасалып, мұнай өңделеді, сондай-ақ қалада жеңіл өнеркәсіп, әлектр техникасын жасау, түсті металлургия кәсіпорындары орналасқан. Монреаль маңындағы қалалар өнеркәсіптің белгілі бір саласына ғана маманданған. Мысалы, Сорель теңіз кемелерін, Сент-Иасент маталар, Труа-Ривер қағаз шығарады.
Елдің оңтүстік-батысындағы Ванкувер маңындағы өнеркәсіпті қалаларда жергілікті шикізатты өңдеуге негізделген кәсіпорындар орналасқан. Мысалы, Бернаби қаласында мұнай өңдеу және химия зауыттары, Порт-Мудиде өңдеу, металлургия және мұнай өндеу кәсіпорындары бар. Батыстағы Скина өзені аңғарында орналасқан Китимат қаласында сырттан әкелінетін боксит шикізаты негізінде алюминий өндіретін аса ірі зауыт салынған. Дайын алюминий АҚШ-қа жөнелтіледі [1,19].
Ауыл шаруашылығы. Канаданың далалы аймағында жоғары тауарлы ауыл шаруашылыры дамыған. Сеңгір таулар маңындағы мал фермаларында негізінен қой өсіріледі. XIX ғасырдың соңынан бастап, осындағы Калгари қаласы мал шаруашылықты ауданның орталығына айналған: мұнда көптеген қасапханалар, ет-консерві кәсіпорындары шоғырланған. Осы қалада жыл сайын ат кұлағында ойнайтын, епті және батыл канадалық ковбойлардың сайыстары өткізіледі. Мүйізді ірі қара мал және кұс өсіру Ұлы көлдер маңында дамыған. Жалпы алғанда, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы өнімдері құнының 60%-ын құрайды.
Канада жерінің 10%-ы ауыл шаруашылығына жарамды деп есептеледі. Канада далаларын алып жатқан ұлан-ғайыр егістіктердегі басты ауыл шаруашылығы дақылы — бидай. Елдің орталық бөлігіндегі Манитоба, Саскачеван, Альберт провинцияларын «нан салынған себет» дейді. Аса өнімді «Манитоба-1» қатты бидайы әлемдегі ең сапалы бидай болып есептеледі. Канада жылына шамамен 20—25 млн т бидай өнімін жинайды, оның 80%-ға жуығы басқа елдерге жөнелтіледі. Жалпы, дүние жүзі бойынша сыртқа шығарылатын бидай өнімінің 21%-ы Канаданың үлесіне тиеді. Ред-Ривер қаласында елдегі басты Астық биржасы мен Бидай комитеті орналасқан. Мұңда астық өнімдерінің бағасы айқындалады. Канада жерінде бидайдан басқа сұлы, арпа, зығыр, темекі өсіріледі. Ньюфаундленд аралының оңтүстігінде орналасқан кішігірім Принц Эдуард аралында жергілікті фермерлер өсіретін алма, шабдалы, өрік, таңқурай, құлпынай және картоп Канаданың барлық аудандарына жөнелтіледі. Аралда бірнеше ғасыр бойы арнайы фермаларда түлкі өсіріледі [11,5].
Көлік географиясы. Елде көлік жүйесі күшті дамыран. Мысалы, тас жолдардың жалпы ұзындығы 900 мың км болса, темір жолдың ұзындығы 70 мың км-ге жетеді. Дегенмен бұл елге көлік жүйесінің оңтүстік аудандарға шоғырлануы тән.
Тас жолдар да, негізінен, оңтүстік аудандарда орналасқан. Әсіресе далалы аудандарды шығыс провинциялармен жалғастырып жатқан трансканадалық тас жолдың маңызы ерекше зор. Жергілікті халық «Канаданың бас көшесі» деп атайтын бұл жолдың ұзындығы 8 мың км-ге жетеді. Жүк айналымында көмір жолдың үлесі жоғары. Тынық және Атлант мұхиттарын жалғастырған алғашқы темір жолдар XIX ғасырдың соңында салынды. Бұл еуропалықтардың ішкергі далалық аудандарды игеруіне бастама болды. Канадада құбыр жолдарының маңызы артып отыр. Кұбырлар арқылы мұнай мен газ елдің солтүстік-батысы мен батысындағы кен орындарынан елдің басқа аудандарына және АҚШ жеріне жеткізіледі [1,18].
Канада экономикасы үшін су көлігінің де маңызы орасан зор. Өйткені Канаданың экономикалық-географиялық орнының колайлы тұсының бірі ретінде арзан су жолын атауға болады. Елдегі Ұлы көлдер мен Әулие Лаврентий өзенінің су жүйесі осы ауданда шоғырланған өнеркәсіп орталықтарын Атлант мүхитымен жалғастыруда айрықша рөл атқарады. Канаданың негізгі порттары: Ванкувер, Монреаль, Сет-Иль, Сент-Джонс. Әуе көлігі елдің шалғай аудандарын бір-бірімен байланыстырумен қатар, халықаралық маңызға ие больш отыр. Әдетте аса ірі өуежайлар елдің орталық аудандарында орналасады. Жалпы алғанда, күшті дамыған көлік жүйесі Канаданың экономикалық-әлеуметтік салаларының алға басуына алғышарт болып отыр.
Туристік объектілері. Канадаға жыл сайын жан-жақтан келетін туристердің тамашалайтын басты объектілері — Ұлттық саябақтар. Жалпы елдегі қорғалатын аумақтардың жалпы ауданы — 730 мың км2. Бастапқыда қорық ретінде ұйымдастырылған Ұлттық саябақтарда қазіргі кезде жергілікті халық пен туристердін демалуына қажетті жағдайлар жасалған, Олардың ең ірісі — Вуд Баффало Канаданың солтүстік-батысында орналасқан. Мұнда бизондардың ең ірі табыны сақталған. АҚШ-пен шекарада орналасқан Ниагара сарқырамасы маңындағы Ниагара-Фолс қалашығы ұдайы туристерге толы.
Канадада 2 мыңнан аса мұражай мен тарихи саябақтар бар. Әсіресе Халл қалашығындағы (Оттава қаласы маңында) өркениет мұражайы, Оттавадағы табиғат мұражайы, Ванкувердегі теңіз мұражайы әлемге кеңінен танымал [19].
Сыртқы байланыстары. Канада — БҰҰ-ға, ОБСЕ-ге, НАТО-ға, Америка мемлекеттері ұйымына, Британ Бірлестігіне мүше ел. Мұның барлығы Канаданың дүниежүзілік және аймақтық деңгейдегі маңызын дәлелдейді.
Сыртқы саудасының жалпы көлемі жөнінен Канада дүние жүзінде алтыншы орын алғанымен, жан басына шаққандағы сауда айналымының көрсеткіші бойынша бірінші орынды иеленеді. Экспортының басым бөлігін басқа жоғары дамыған елдердегі сияқты дайын өнімдер емес, шикізат пен жартылай дайын өнімдер кұрайды. Жалпы елде өндірілетін өнімнің 1/4 бөлігі экспортқа шығарылады, ал ағаш өңдеу және алюминий өндірісінде бұл көрсеткіш 60%-ға жуық. Мұның өзі ел экономикасының дүниежүзілік шаруашылықта алатын орны мен интеграциялану дәрежесін көрсетеді. Канаданың тау-кен компанияларының күрделі қаржысы дүние жүзінің 30 елінде айналымға түсуде [11,19].
НАФТА кұрамындағы Канада мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыстардың дүние жүзінде теңдесі жоқ деуге болады: Канадада өндірілетін өнімнің 84%-ы АҚШ-қа жеткізіледі. Бүған екі ел арасындағы келісім бойынша Қабылданған салықтық жеңілдіктер қолайлы әсер етуде. Канаданың сыртқы сауда құрылымында ұзақ уакыт бойы елеулі болып келген Ұлыбританияның үлесі қазіргі кезде бар болғаны 5%-ды құрайды. Соңғы жылдары елдің Жапониямен қарым-қатынастары жақсы қарқынмен дамуда, оған Канаданың сыртқы саудасының 7%-ы тиесілі.
Қазіргі кезде Канада мен Қазақстан арасындағы жан-жакты өзара байланыстар дамып келеді. Қазакстан Республикасына 1993—2000 жылдар аралығында келіп түскен тікелей инвестициялардың 3%-ы Канаданың үлесіне тиеді. Елімізде Канада қаржысының қатысуымен 87 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Тағы рефераттар
- Үстелде даяшылармен жарым – жартылай қызмет көрсету банкеті
- Жеке адамның жыныстық бостандығы
- Банк секторын талдау
- Тақырыпты қалай табу керек
- Қазақстанда азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет қалыптастырудың ерекшеліктері