Оңтүстік, оңтүстік-шығысында Арыс, Теріс өзендерінен басталып солтүстік-батысында Жалғызағаштың бұлағына дейін 400 км-ге созылып жатқан Қаратау шаруашылықтың екі түрі қатар дамыған тарихи – географиялық аудан. Қаратаудың ежелгі және ортағасырлық қалалары, елді мекендері мен асулары арқылы өткен керуен жолдары, Ұлы Жібек жолының солтүстік немесе Шаш-Түрік (бұдан былай Түрік жолы) жолының негізгі бағыттары мен олардан шығатын тармақтары бір қатар қазақстандық зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылған. Түрік жолының Қазақстан арқылы өткен бөлігі мен Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық керуен жолдары Ғ.И. Агеева мен Г.И. Пацевичтің мақаласында {1}, К.М. Байпаков пен А. Нұржановтың еңбегінде {2}, ал Қаратау мен Шу- Талас өңірлерінің керуен жолдары М.Елеуовтың еңбегіне суреттелген {3}. Ә.Х. Марғұланның мақаласында Сырдарияның орта ағысындағы қалалардан шығып Қаратау арқылы Орталық Қазақстанға өткен Қарқаралы, Уванас, Жетіқоңыр жолдарымен бағыттары көрсетілген {4} ал Л.Б.Ерзаковичтің мақаласында Оңтүстік Қазақстанның ХІІІ- XVIII ғ.ғ кезіндегі керуен жолдары қарастырылған {5}.
Қаратаудың оңтүстік, оңтүстік-шығыс сілемдері арқылы өткен Түрік жолы туралы деректі Сюань Цзяньнан кездестіреміз. 629 ж. Түрік жолымен жүрген Сюань Цзянь Тараз қаласынан шығып оңтүстік- батысқа қарай 200 ли жүргенде Ақ өзендегі қалаға (Испиджабқа) жеткен, бірақ оның жазбаларында Түрік жолының осы аралықтағы бағыты мен оның бойындағы елді мекендер мен қалалар туралы дерек келтірілмеген {6}.
Түрік жолының Қаратау сілемдері арқылы өткен бөлігіне бағыты мен оның бойындағы ортағасырлық елді мекендер туралы алғашқы жазба деректер ІХ ғ. авторы Ибн Хордадбехте айтылған. Оның Ұлы Жібек жолының бойындағы елді мекендер мен қалалар тізбесінде Испиджабтан Шарабқа дейін 4 фарсах, Бадухкатқа дейін 5 фарсах, Тамтаджға дейін 4 фарсах, Абарджаджға дейін 4 фарсах, өзендегі бекетке дейін 6 фарсах, өзендегі өткелден Жувикатқа дейін 5 фарсах, Таразға дейін 3 фарсах екені көрсетілген {7}. Зерттеушілер аттары осы жазба деректе аталған қалалардың баламалануы туралы әртүрлі пікірде {8}, дегенмен, олар Түрік жолының Испиджаб- Тараз аралығында Төрткүлтөбе, Азаттық, Құланауыз төрткүлі, Шақпақ, Бурнооктябрь, Бектөбе қалалары арқылы Таразға өткеніне шек келтірмейді. Қаратауда ХХ ғ. 90- жылдарында, 2002-2004 және 2006 ж. жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Түрік жолының Испиджаб- Тараз аралығындағы Күйік, Маймақ бағыттары, Хан өткелі тармағы, оңтүстік-шығыстан солтүстік батысқа қарай Қаратау арқылы өткен Көсегенің көкжоны және Ұлы жол, Қаратаудың теріскейіндегі ортағасырлық қалалармен елді мекендердің баламалануы, олар арқылы өткен керуен жолдарының және Қаратауды кесіп өткен Қарқаралы, Уванас, Жетіқоңыр жолдары мен Сарысу жолының Нәнсай тармағына қатысты жаңа деректерге қол жетті (карта). Испиджабтан шыққан Түрік жолының Күйік бағыты Қобалбұлақ, Машат өткеліндегі елді мекен, Төрткүлтөбе, Азаттық қалалары, Қызыл бел, Құлан асулары, Құланауыз, Адыраспан төрткүлдері, Бурнооктябрь қаласы, Күйік асуы, Бектөбе қаласы арқылы Таразға өткен. Осы бағыттың бір тармағы Қобалбұлақ, Қарабұлақтағы елді мекендер, Мақталы, Керейт қалалары арқылы өтіп Балықты өзеніне жеткенде, Төрткүлтөбе қаласы арқылы өткен негізі бағытқа қосылған. Осы жолдың ортағасырлық Азаттық қаласынан шығысқа қарай жүрген Маймақ бағыты Шақбақбаба қаласы мен төрткүлі, Күлтөбе, Нанжер төрткүлдері, Мыңбұлақ, Ұзынбұлақ, Көкбұлақ төрткүлдері, Ақтөбе қаласы, Қасқыртөбе елді мекені, Маймақ шатқалы арқылы, Қаратау, Күзембайтөбе, Жуантөбе елді мекендері арқылы өтіп Таразға жеткен. Біздің пікірімізше, 629 жылы Тараздан шығып батысқа қарай осы бағытпен жүрген Сюань Цзянь Ақ өзендегі қалаға жеткен.
Түрік жолының Испиджабтан шығып шығысқа жүрген Хан өткел тармағы Қостөбе, Төрткүлтөбе елді мекендері арқылы Ақсу өзеніндегі Хан өткел көпірінен оң жағаға өткен, Төрткүл, Иірсу қаласы, Жамбасбастау төрткүлі арқылы Бораншы асуынан асқан, онан әрі солтүстік-шығысқа жүріп Күмісбастау елді мекендері арқылы Шахпақбаба елді мекені Тақиялытөбе қаласынан өтіп Шақпақ төрткүліне жеткенде жолдың Маймақ бағытына қосылған. Түрік жолының Хан өткелі тармағының керуендер тек жылдың жылы мезгілінде жүрген.
Енді Түрік жолынан басталып Сырдария өзені мен Қаратауды жағалап жүрген керуен жолдарына келсек, солардың бірі –Сырдарияның сол жағасымен жүрген керуен жолы. Түрік жолының шыққан бұл керуен жолы Сырдария өзенінің сол жағасындағы Сейіттөбе, Ұзыната, Сүткент, Байырқұм, Оқсыз, Артықата, Бұзық, Қаратөбе, Келінтөбе, Өзгент, Балапантөбе, Асанас қалалары арқылы өткен. Бұл жолды Оқсыз қаласында Қызылқұм арқылы Хорезмге, Үргенішке онан әрі Еділ жағасына, Кавказға өтетін керуен жолы кесіп өткен.
Испиджабтан жүрген бір керуен жолы батысқа Арсубаникет қалаынан өтіп, Сырдарияның оң жағасындағы Отырар, Түркістан, Шауғар, Сауран, Ақтөбе, Ордакент, Сығанақ, Бестам, Нәнсай қалалары арқылы Сырдарияның төменгі ағысына, онан әрі Жайық, Еділ өзендеріне өткен.
Көсегенің көкжоны жолы. Оңтүстік – шығыстан солтүстік –батысқа қарай созылып жатқан, Қаратаудың үстіндегі теңіз деңгейінен 1000-1500 м биікте жатқан, күнгей мен терікейге ағатын өзендер бастау алатын жотаның үстімен жүрген бұл жолдың басы Теріс өзеніндегі өткелдің сол жағасынтда орналасқан ортағасырлық Ақтөбе қаласынан басталған. Ол Қаратаудың күнгей мен теріскейін байланыстырып жатқан Теріс,Үлкен сай, Жосалы, Саясу, Белбұлақ, Тікасу, Үлкен арбатас, Арбатас, Кіші Тамды, Қарашасай, Қарашат, Бесағаш, Бала шабақты, Теспе, Байжансай, Арыстанды асулары мен шатқалдары арқылы өтетін жолдары кесіп өтеді. Арыстанды өзенінің жоғарғы ағысына жеткенде жол екіге бөлінген.Оның негізгі сұлбасы Үшбас төрткүлі мен елді мекенінен, Бабаата қаласынан өтіп Шолаққорғанға жеткеде, Қаратаудың теріскейі арқылы өткен керуен жолына қосылған, ал Арыстанды өзенін жағалып бұрылған тармағы Есіктас тауының солтүстік беткейімен өтіп, Қарасу өзеніне жеткенде, Испиджабтан шығып Шаян арқылы Шолаққорғанға өткен керуен жолын кесіп өтіп, Қартаудың күнгей беткейі арқылы жүрген Ұлы жолға қосылған.
Ұлы жол. Есіктас тауынан басталған Ұлы жол Қартаудың күнгей беткейіндегі Қайнарбұлақ, Көкбұлақ арқылы өтіп Ойық өзеніне, Құсата, Ішкент қалалары, Шаштөбе елді мекені арқылы Өгізтау қаласына онан әрі солтүстік- батысқа қарай тау аралық жазықпен жүрген жол Көксарай, Үш өзенді кесіп өтіп Егізқараға, Өгізмүйіс тауын солтүстік-шығыс, солтүстік жағынан айналып өтіп, Арыстанды өзенінің төменгі ағысына, Мыңбұлақ шатқалына, Диірментау арқылы тауаралық жазықпен Жалғызағаштың бұлағына жеткенде Қаратаудың бастыс шетіне шыққан, онан әрі Дариялы тақырға өткен. Ұлы жолдың бір еркешелігі сол жолдың өң бойында бірде-бір үлкен өзен, биік асу жоқ, о негізінде тауалды және тауаралық жазықтармен жүрген. Есіктас – Жалғызағаштың бұлағы аралығында бұл жол Қаратаудың күнгей мен теріскейін байланыстырып жатқан Шаян, Шылбыр, Тұрлан, Хантағы, Біресек, Байылдыр, Бәжі, Ран, Айғыржол тауы, Жайылма, Күрден, Ақсүмбе, Дарбаза жолдарын және Қаратауды батыс жағынан айналып жүрген Сарысу жолының Нәнсай тармағын кесіп өткен. Жазба деректерде Көсегенің көкжоны мен Ұлы жол туралы дерек кездеспейді, дегенмен, халық жадында сақталған аңыздарға қарағанда бұл жолдар қазақ халқына ежелден –ақ белгілі болған.
Бір аңызда Дари патша Сырдан өтіп сақ даласына кіргенде, оны Тұмар ханшайымның жасақтары Ұлы жолдың арғы бетіне (бұл жерде, шамасы, Қартаудың теріскей беті сөз болып отырса керек – М.Е.) қарсы алғаны туралы айтылады. Келесі бір аңызда Ескендір Зұлқарнайын сақтар еліне басып кіріп,Сырдан өтетін көпір сала бастағанда Шу қаған бастаған қырдағы, тау мен сырдағы сақтар Ұлы жолдың бойында жиналғаны туралы айтылған. Үшінші аңызда шүршіттің (бұл жерде жоңғарлар сөз болып отыр- М.Е.) қанды қырғынына ұшыраған қазақ ауылдары Көсегенің көкжонымен Сыр бойындағы қалың елге көшкені сөз болады.
«Ақтабан шұбырынды,алқа көл сұлама » заманынанқалған келесі зарлы шумакты еске алсақ
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Туған жерден айырылған жаман екен,
Мөлтілдеп екі көзден жас келеді.
Мүмкін, бұл жерде Көсегінің көкжонымен үдере көшіп келе жатқан көш туралы айтылған болар?
Ежелгі Тараз қаласы Түрік жолындағы аса ірі саяси, сауда, қолөнер орталығы болған, бірнеше керуен жолдарының тоғысқан жерінде тұрған бұл қаладан шығып шар тарапқа кетіп жатқан керуен жолдары мен олардың бойындағы елді мекендер мен қалалар туралы жазба деректер де сақталған. Тараздан шығып солтүстікке, Қаратаудың теріскей бетімен солтүстік-батысқа жүрген керуен жолдарының бойында орналасқан Адахкет, Дех Нуджикес, Кенжек- сеңір, Будух, Яганкет, Барукет, Баладж, Кинкет қалалары аталған. Тараз қаласынан шығатын керуен жолдарының бағытын анықтау үшін Қимақ жолында, Тараздан 7 фарсахта орналасқан Кевакет ( Кевакиб) деген жердегі Адахкет пен Дех Нуджикес қалаларының (елді мекендерінің ) орнын анықтап алу керек. Бұл қалалар туралы Тамин ибн Бахр былай дейді: «Тараздан шыққан жол Кевакет деген жердегі екі елді мекен, өңделген жерлер арқылы өтеді. Тараздан оларға дейінгі аралық 7 фарсах. Осы жерден (Кевакеттен) қимақ патшалығына дейін өзімен жол азығын алып, суыт жүрген салт атты үшін 80 күндік жол» {9}.
Кевакеттегі екі елді мекенді А.Н. Бернштам Тараздан батыста орналасқан Көктөбедегі қалалармен {10}, ал Л.И. Ремпель болса Кевакеттің Тараздан солтүстікте орналасқанын ескере отырып, Талас өзеннің төменгі ағысындағы Шаруашылық (VI-XIIIғ.) және Ынтымақ (Тайтөбе) қалаларын Дех Нуджекес пен Адахкет елді мекендерімен баламалаған {11}. Дегенмен, Тараздан ортағасырлық Шаруашылық қаласына дейін 90 км екенін ескере отырып бұл қалалар орналсқан жерді Кевакет деуге болмайды.
К.М. Байпаков алғашында Талас өзенінің төменгі ағысында, Тараздан солтүстікте, солтүстік-шығыста орналасқан Оққұм мен Түймекент қалаларын, ал кейін Таразан солтүстік-батыстағы Қаракенир 1 және Қаракенир 2 қалаларын (Қаракемер 1, Қаракемер 2 – М.Е). Дех Нуджикеспен Адахкет елді мекендерімен баламалаған {12}. Зерттеушінің екі пікірімен де келісуге болмайды: біріншіден, Оққұм мен Түймекент қалалары бір-бірінен 40 км жерде, Талас өзенінің екі жағасында орналасқан және олардың арасында ондаған ортағасырлық қалалар мен елді мекендер бар; екіншіден, Қаракемир қалалары Тараздан солтүстік-батыста орналасқан.
Ә.Х.Марғұлан Таластан (Тараздан) шыққан шыққан керуен жолы Оққұм, Қызылқорған қалаларынан өтіп, солтүстікке қарай жүріп Балаттауға барғанда Қарқаралы мен Хан жолдарына қосылып Ертіс өзенінің жағасына дейін жеткен дейді {13}. Біз Ә.Х. Марғұланның Тараздан шыққан керуен жолы Ертіске дейін жеткен деген пікірмен қосыла отырып, осы керуен жолының бойындағы Кевакет деген жерді Тараздан солтүсіктегі Қарбақыр және Құмбел ескі өзектері аралығындағы алқаппен баламалай отырып, осы жердегі бір- біріне іргелес орналасқан ұзын қорғанды Қаратөрткүл (VII – XIVғғ.) және Қоңырбайтөбе (VIII- XIII ғғ.) қалаларын Дех Нуджикес пен Адахкет елді мекендері болса керек деген пікірдеміз {14}.
Кенжек – сеңір (Кенджак Сангир) туралы Махмұт Қашғари былай дейді: «Кенжек сеңір Таразға жақын шаһардың аты. Ол жер қыпшақ шекарасында» {15}.Рашид аддиннің айтуына қарағанда 1269 ж. Талас пен Кенжектің ( Кенджактың) шалғынында Шыңғысханның мұрагерлері құрылтай өткізген {16}. Е.А. Агеева мен Г.И.Пацевич Кенжекті Талас өзенінің төменгі ағысындағы Тектұрмас не шаруашылық қалаларының бірінен баламалау керек десе {17}, ал К.М. Байпаков Кенжек сеңірді Шаруашлық қаласымен баламалаған{18}.Шаруашылық қаласы (VII-XIVғғ.) Тараздан 90 км солтүстікте орналасқан. Бұл қаланы кезінде Л.И.Ремпель Дех Нуджикес қаласымен баламалауды ұсынған болатын {19}.Талас өзенінің Шаруашылық қаласынан солтүстік-батысқа қарай арнасы кеңіген жері «Таластың кең жиегі» немесе «кеңжиек» деп атауына қарағанда Шаруашылық қаласы тарихи Кенжек сеңірмен дұрыс баламалаған {20}.
Әл Мукаддаси тізімдерінде Сырдария өзенінің орта ағысындағы Шауғар, Сауран, Тұрар, Зерах, Шагилджан қалалаларынан келген Баладж Барукет, Бурух, Яганкет қалалары көрсетілген {21}. Осы тізімдердігі Шагиджан Қаратаудың күнгей беткейіндегі Шаға қаласымен, Баладж, Барукет, Қаратаудың теріскейіндегі Бабаата, Тамды қалаларымен баламаланып жүр {22}, ал Бурух пен Яганкет қалалары әлі баламаланбаған.
Бурух және Яганкет қалалары Жазба деректерде былай суреттелген: Бурух – ескі, үлкен {қала}, мешіт базарда. Яганкет – үлкен, сүйкімді қала {23}. Тараз қаласынан 30 км солтүстік-батыста орналасқан ұзын қорғанды Қаракемер және Бектөбе қалаларын (К.М.Байпақов бойынша Қаракенир 1 және Қаракенир 2). К.М. Байпақов Кевакетегі Дех Нуджикес пен Адахкет елді мекендері мен баламалаған {24}.Біз осы екі қаланың Тараздан шығып солтүстік — батысқа жүрген керуен жолының бойында, Үлкен Бурыл (Бурул) тауына жақын жерде (10 км) орналасқанын және Бурыл (Бурул) тауы мен Бурух қаласының атындағы ұқсастықты ескере отырып Қаракемирді Бурухпен, ал Бектөбені Яганкет қаласымен баламаладық {25}.
Кинкет (Кинчат) қаласы туралы 1253 ж. Қаратаудың теріскей беті арқылы өткен Г.Рубрук былай деп жазған: «… Жетінші күні біздің оң жағымыздан өте биік таулар көріне бастады, біз бау-бақша сияқты суарылған жазыққа шықтық өңделген жерді көрдік… Келесі күні тауға жақын орналасқан басқа бір елді мекенге келдік …» {26}. Г.Рукрук атаған Кинкет қаласы мен аты белгісіз елді мекен жөнінде зерттеушілер әр түрлі болжам жасап жүр, мәселен, Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич оны Кенжек сеңірмен, ал оны Шаруашылық не Тектұрмас қалаларының бірімен баламалауды ұсынады {27}, ал К.М.Байпақов Кинкет – Кенжек сеңір –Шаруашылық деп баламалаған{28}. Біз Ә.Х. Марғұланның Кинкетті Құмкент қаласымен баламалаған пікіріне қосыла отырып {29} Кинкеттің жанындағы Рубрук ертесіне жеткен, тауға жақын орналасқан аты белгісіз елді мекенді Саудакент қаласы болса керек деп есептейміз. Құмкент пен Саудакенттің арасы 25 км (1 күндік жер) {30}.
Г.Рубруктың Қазақстан арқылы жүрген жолы Е.И. Агеева, Г.И. Пацевичтің топшылау бойынша келесі бағытта өткен: «Еділден өтіп, ол Жайыққа жектен, оның төменгі ағысындағы өткелден өтіп, Ақтөбе не Темір қалаларының шығыс жағымен Торғайдың төңірегінде оңға бұрылып, Ұлытау арқылы, сосын Қаракеңгір мен Сарысуды жағалап барып Қаратаудың солтүстік беткейіне, оны жағалап Созақ, Шолаққорған, Байқадамға, Таластың төменгі ағысындағы Кинчатқа жеткен» {31}. Л.Б. Ерзаковичтің айтуына қарағанда, Г. Рубрук Еділ мен Жайықтағы өткелден өтіп, Арал теңізінің солтүстік жағалауы арқылы Сарысудың төменгі ағысына шыққан, сосын Қаратаудың солтүстік беткейі арқылы Шудың орта ағысына, Іле өзеніндегі өткелге өткен {32}. Біздің пікіріміз бойынша, шамасы, Сарайшық қаласы төңірегіндегі өткелден өткен Г.Рубрук Ырғыз, Торғай өзендерінің төменгі ағыстары арқылы Құрдымға жеткен, онан әрі Ұлы таудың оңтүстігіне жеткенде Бетпақ даланы бойлық бойынша кесіп өткен, ең ежелгі керуен жолдарының бірі – Жетіқоңыр немесе Кендірілік жолына шыққан болса керек. Жетіқоңыр жолымен оңтүстікке бұрылған Г. Рубрук Шу өзенінің төмегі ағысы арқылы өтіп Қаратаудың теріскей беткейіндегі Кинкетке ал ертесіне Саудакентке жеткен. Саудакентттен шыққан Г. Рубрук солтүстік – шығыс бағытында Қарақаралы жолымен Мойынқұмнан өтіп, Шу өзеніндегі Ұланбел өткеліне жеткенінде Шу керуен жолына түскен, онымен шығысқа қарай жүріп, Балқаш көлінің оңтүстік жағасы арқылы Іле өңіріне, Іледегі өткелге {33}, Эквиус, Қойлық қалаларына, онан әрі Алакөлді жағалап барып, Тарбағатай арқылы Ертіске өткен {34}.
Қаратаудың теріскейі мен күнгейіндегі, Сырдария өзенінің орта ағысындағы керуен жолдары және олардың ойындағы қалалар мен елді мекендер туралы құнды деректер Кіші Армения патшасы Гетумда кездеседі. 1255 ж. Тараздан шыққан Гетум Қаратаудың теріскейіндегі Хутухчин, Перканд (Беркант), Сулхан (Сугулган), Уросоган, Койканд, Хузак, не Комоң, Хендахор елді мекендерімен қалалары арқылы жүріп Қаратаудың күнгейіндегі Сгнах және өте үлкен Савранға {сосын} Харчух және Асон, Саври және Отырар, Зернух және Дизак, онан әрі Самарқанға өткен {35}. Тараздан шыққан Гетумның Қаратаудың теріскейі арқылы жүрген жолы жөнінде әр түрлі пікір бар. Е. И.Агеева, Г. И. Пацевич бойынша Тараздан шыққан Гетум Дех Нуджикес және Адахкес ( Қаракемер мен Бектөбе- М.И) қалалары арқылы Майтөбе, Тамды, Саудакентке өткен, сосын Қаратаудың теріскейіндегі қалалар олардың ішінде Қойкандт, Құмкентпен және Кузакты Созақпен баламалауға болады, Ақсүмбе асуы арқылы Сығанақ, Сауран
(Сабран), Ясы- Түркістан (Осон) және Отырар, сосын Сырдарияның сол жағасына өтіп Зернухқа (Оқсыз), онан әрі Жизақ және Самарқанға өткен {36}. Л.Б.Ерзаковичтің пікірі бойынша Тараздан шыққан Гетум Оққұм ( Хутухчин), Шаруашылық (Перканд – Беркант),Саудакент (Сулхан – Сучулган) және Созақ ( Хузах) қалалары арқылы жүрген.Созақтан шыққан Гетум Ақсүмбеге
(Хендахор), Ақсүмбе асуы арқылы Сығанақ (Сенгах- Сугнах), Сауран (Савран), Ясы (Асон), Отырар, Сырдарияның сол жағасындағы Зернук, Жиззак, Самарқанға өткен {37}.К.М. Байпаков пікірі бойынша Тараздан шыққан Гетум Майтөбе (Хутухчи), Пергант (Тамды), арқылы Саудакентке (Сугулхан) өткен {38}.
Тараздан шығып солтүстік батысқа қарай Қаратаудың теріскейіндегі тауалды жазығы арқылы жүрген керуен жолды халық «Телкөл» не «Ақсүмбе» жолы ( бұдан былай Телікөл жолы) деп атайды.Тараздан солтүстік –батысқа қарай жүрген Телікөл жолы Бектөбе (Яганкет) Қаракемер (Бурух, Путухчи) қалалары арқылы Тамды (Берукет не Пергант), Саудакент (Уросоган) қалаларына өткен.Осы жолдың Бектөбе не Қаракемер қаласынан оңтүстік батысқа бұрылған бір тармағы Қарақұм шатқалы арқылы Билі көлдің оңтүстік, оңтүстік –батыс жағасындағы орта ғасырлық елді мекендер мен қалаларға, онан әрі Қаратаудың күнгей бетіне асатын Жосалы, Саясу, Бекбұлақ, Тікасу асуларына баратын жолдарға ұласқан. Билікөлдің оң жағасындағы қалалар мен елді мекендер арқылы Телікөл жолының Шолаққорғаннан шығып Бабаата (Баладж) қаласы, Үлкен Ақтау мен Ақтаудың тауаралық жазықтары арқылы, Қаратаудың теріскейіндегі тауалды жазығымен Маймақ шатқалына баратын жол өткен. Телікөл жолының бұл тармағы «Маймақтың жолы» деп аталады.
Шолаққорғаннан солтүстік-батысқа жүрген керуен жолы ортағасырлық Созақ (Хузак не Комец), Ақсүмбе (Хендахор) қалалары, Дәуіт тауының шығысынн өтіп Сарысу өзеннің төменгі ағсындағы Телікөлге жеткенде Шу және Сарысу керуенн жодарына қосылған.
Тараз қаласына шығып Шолаққорғанға жеткенде, Қаратаудың теріскейі арқылы өткен Телікөл жолына қосылған келесі бір керуен жолына Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич тоқталған {39}. Тараздың солтүстікке қарай жүрген бұл жолдың Талас өзеннің төменгі ағысына дейінгі бағытты қимақ жолымен бір, осы аралықта ол Қартөрткүл (Дех Нуджикес), Қоңырбайтөбе (Адахкет) Қонысбай, Нарымбай, Оққұм, Шаруашылық қалалары арқылы жүрген, Қызылқорған қаласында қимақ жолынан солтүстік-батысқа бұрылған жол Ақтөбе елді мекенінен өтіп, Айгене шатқалындағы Тектұрмас, Атбайлар, Ақкесенеге жеткенде Қарқаралы жолына қосылып, Саудакент, Құмкент қалалары арқылы Шолаққорғанға жеткен.
Сонымен, біз оңтүстік-шығысында Түрік жолынан шығып солтүстік батысқа қарай Сырдария мен Қаратауды жағалап жүрген керуен жолдарына тоқталып, олардың негізгі бағыттарын көрсеттік, енді Қаратауды солтүстік –шығыс солтүстіктен солтүстік -батыс, оңтүстікке қарай кесіп өткен Қарқаралы, Уванас, Жетіқоңыр жолдарына, Сарысужолының Нәнсай тармағына және Қаратаудың күнгей мен теріскейін байланыстырып жатқан жлдарға тоқталсақ. Қарқаралы, Уванас және Жетіқоңыр жолдарының негізгі бағытын Ә.Х. Марғұлан суреттеп жазған {40}. Сырдария өзенінің оң жағасымен өткен керуен жолындағы Отырардан шыққан Қарқаралы жолы ежелгі Ясыға (Түркітанға) келгенсін солтүстік-шығысқа қарай жүріп Шаға қаласына, Көкқиясай өзенін жағалап өтіа, Қаракөл шатқалындағы Қаракөл елді мекендеріне, Бабаата, Ақтөбе қалаларына, онан әрі қарай Үшбас өзенін жағалап отырып (Қызылкөлді шығыс жағынан айналып өтіп) Қызылкөлтөбеге (VI-Xғғ.), Құмкенттке кеткен. Құмкент қаласының солтүстік-шығысқа жүрген жол Қосмая, Казоты, Нарөлген, Үлкен көл шатқалдарынан өтіп Айгене шатқалына шыққан, онан әрі Мойынқұмнан асқан Қарқаралы жолы Шу өзенінің төменгі ағысындағы Қазыққаққан шатқалында Шу жолын кесіп өтіп, Қызылжайма өткеліне өткен. Ә.Х. Марғұланның пікірі бойынша Шолаққорғаннан шыққан Қарақаралы жолы Құмкент арқылы солтүстік –шығысқа жүріп барып Шу өзеніндегі Қызылжайма өткелінен өтіп, Қыл, Шекпенқалған, Төсбұлақ, Тоқымқаққан, Бесбақыр арқылы Болаттауға, Болаттаудан Жамши, Тоқырауын өзендерінің жоғарғы ағысына, Мойынты және Мүкір өзендері өңірлерін жанай өтіп, онан әрі Қарқаралы даласына шыққан {41}.
Уванас және Жетіқоңыр. Сырдарияның орта ағысындағы қалалардан шығып, Қаратаудан асып, Талас және Шу өзендерінің төменгі ағысы арқылы Бетпақ даланың батыс және орталық бөліктеріне қарай өткен Уванас және Жетіқоңыр жолдары туралы Ә.Х. Марғұлан былай деп жазған: «Уванас және Жетіқоңыр жолдары оңтүстіктегі Отырар, Түркістан және Созақ қалаларынан басталған. Созақтан бірге шыққан бұл екі жол Шу өзеніндегі Тайөткел (не Көкмұрынтай) өткеліне жеткенде екіге бөлінге: бір жол Жетіқоңыр құмдарына қарай беталса, ал екінші жол (Уванас) — тіке солтүстікке, Сарысу, Есіл, Нұра өзендері алқабына, Ертістің төменгі ағысына деін жалғаса берген» {42}.
Осы жолдардың қосарлана жүрген Ясы (Түркістан), Созақ қалалары врқылы Шу өзеніндегі Тайөткелге дейінгі бағытына келсек, Ясыдан солтүстікке жүрген жол Қарашық (Қарашық 1 және 2), Жүйнек, Ішкент қалаларынан өтіп солтүстік-батысқа бұрылған, Додаған шатқалының солтүстік жағымен өтіп, Бестоғай өзенін жағалап отырып тау аралық шатқалға шыққан, Өгізтаудағы Мәслихаттөбе, Өгізтау елді мекені мен қаласынан өтіп, Үш өзеннің жоғарғы ағысына,Бәжі асуынан (930 м) асып Қошқарата шатқалына, онан әрі қарай Қошқарата, Жүзей елді мекендері арқылы Ақтөбе (Тарсатөбе) және Созақ. Шамасы, осы жолдың бір тармағы Ясыдан Сауранға, онан солтүстік –шығысқа бұрылып Бәжі асуы арқылы Созаққа өткен болса керек {43}.
Созақтан солтүстік батысқа жүрген Уванас және Жетіқоңыр жолдары Қарақұрт, Жерсортаң шатқалдарынан өткенде Шу керуен жолының оңтүстік –батыс тармағының Жаман Шу жолын, ал Шу өзеніндегі Тай өткелде (Көкмұрынтай) Шу жолының солтүстік-батыс тармағын кесіп өтіп екіге бөлінген: Жетіқоңыр жолы солтүстік-батысқа Жетіқоңыр құмдарына бет алса, Уванас жолы тіке солтүстікке Сарысу, Есіл, Нұра өзендері алқабына, Ертістің төменгі ағысына қарай жалғаса берген {44}.
Сарысу керуен жолының Нәнсай тармағы. Сырдария өзенінің оң жағасында, өткелге жақын орналсқан ортағасырлық Ақтөбе қаласынан шыққан бұл жол солтүстікке қарай жүріп Жаман Ақтөбе, Нәнсай өзегінің оң жағасындағы Нәнсай қалаларынан өткенсін солтүстік-шығыс, солтүстікке қарай жүргенде Қаратау сілемдерінің (Қарамұрын тауы) Батыс жағы мен, Жетімтау шатқалы мен Ақтаудың шығысынан өтіп, Шұмаққазған шатқалы арқылы Қатыншоқай құмының батысымен өтіп, Ащыкөл ойпатына жеткенде Шу өзенінің арнасын жағалап жүрген Шу керуен жолын кесіп өтіп Қотанқамыс шатқалының батыс бөлігі арқылы жүріп Сарысу өзеніне жеткенде Сарысу керуен жолына қосылған. Осы жолдың бір тармағы Ақтаудың батыс жағымен өтіп, Онталағай арқылы Телікөлге жеткенде Сарысу жолына қосылған.
Біздің пікірімізше, Ертіс өзенінің төменгі ағысына, Қарқаралы даласынан басталалып Бетпақ даланы кесіп өтіп, Қаратаудан асқан Уванас, Жетіқоңыр, Қарқаралы жолдары мен Қаратауды батысынан айналып өткен Сарысу жолының Нәнсай тармағы Отырар, Түркістан, Ақтөбе қалалары тұсындағы өткелдер арқылы Сырдария өзеніне өтіп Хорезмге баратын транзит жолдар болса керек.
Енді Түрік жолынан, Сырдария өзенін жағалап жүрген керуен жолдарынан шығып Қаратаудың күнгей мен теріскейіндегі керуен жолдарын, олардың бойындағы ортағасырлық қалалар мен елді мекендерді байланыстырып жатқан жолдарға келсек.
Қошқарата жолы.Түрік жолының Күйік бағытынан Адырапантөбе төрткүлдерінде бөлініп шығып, Теріс өзенін жағалап солтүстік –батысқа қарай жүрген Қошқарата жолы Шымбұлақ еді мекені арқылы Ақбастау шытқалының оңтүстік жағымен жүріп, Қошқарата өзеніне Талдыбұлақ өзенінің құйған жерінтде оң жағаға өткен жол ортағасырлық Қошқарата елді мекенінен өтіп, Өзенді жағалап барып, Ақтас тауының батыс беті арқылы Балабөген өзеніне жеткен, Балабөгенді жағалап батысқа жүрген жол екіге бөлінген: Оның солтүстік-батысқа қарай жүрген тармағы Ақтау жоталарының батыс етегінен өтіп Балашаян өзеніне шыққан, оны жағалап батысқа қарай жүрген, Шаян өзенінен өтіп, Майбұлақ өзенін жағалап солтүстік-батысқа қарай жүрген жоль Шопансай, Есіктас өзендерін жағалап барып, Есіктас тауы солтүстік жағымен айналып өткенде Испиджабтан шығып Шолаққорғанға өткен керуен жолына қосылған; батысқа қарай жүрген тармақ Балабөгенді жағалап барып, Қызылбастау шатқалында екіге бөлінген: батысқа қарай жүрген тармақ ортағасырлық Ақтөбе, Жүзімдік, Иқан Әбділ Мәлік қалаларынан өтіп Түркістанға жеткенде сырдың оң жағасын жағалап жүрген керуен жолға қосылған, ал оңтүстік-батысқа қарай жүрген тармақ Асан шатқалы арқылы Кіші Бөген өзенінің жағасындағы Домалақтөбеге жеткенде, Испиджабтан шығып Шолаққорғанға өткен керуен жолын кесіп өткен. Онан әрі Балабөген, Бөген өзендерін жағалап батысқа жүрген жол Арыс өзенін жағалап отырып Отырарға жеткенде Сырдарияның оң жағасы арқылы өткен керуен жолына қосылаған.
Шаян жолы. Испиджабтан солтүстікке жүрген Шаян жолы ортағасырлық Қобалбұлақ қаласынан өтіп, Қарабұлақтағы ортағасырлық Сағындытөбе, Қожақорғантөбе қалалары мен елді мекендері арқылы Қорғантөбе қаласына, онан Арыс өзенінің оң жағасындағы Жартытөбе, Қосмолатөбе қалаларына, Бессай шатқалын кесіп өтіп Ақтөбе 1 арқылы Балабөген өзенінің жағасындағы Домалақтөбе қаласына жеткенде, Балабөген өзенін жағалап шығыстан-бастықа қарай өткен Қошқарата жолының батыс тармағын кесіп өтіп, Есіктас тауының батыс жағына жеткенде Ұлы жолағ шыққан, ал осы таудың солтүстік беткейіне шыққанда Қошқартата жолының солтүстік – батыс тармағына қосылған, онан әрі Майтөбе қаласынан өтіп Шолаққорғанға жеткенде Телікөл жолына қосылған. Шамасы, осы жолдың Майтөбе қаласына шыққан Бабаата қаласы арқылы Шолаққорғанға өткен болса керек.
Шылбыр ( Рандысай) жолы. Ортағасырлық Иқан қаласынан шығысқа жүрген Шөлқора шатқалынан өтіп, Шылбыр өзенінің төменгі ағысына, өзенді жағалап солтүстік-шығысқа бұрылған жол өзенннің тау шатқалынан шыға берісінде Ұлы жолды кесіп өткен. Өзенді жағалаған жол ортағасырлық Тесіктас елді мекенінен өтіп, осы өзеннің Рандысай саласына жеткенде шығысқа бұрылған. Онан әрі Кеншімбай айырты өзенін жағалап солтүстік –шығысқа жүрген жол Қаратаудың теріскейіндегі ортағасырлық Майтөбе қаласына жеткннде Шаян жолына қосылған.
Арыстанды ( Арыстанды-Қарабас) жолы. К.М.Байпақов пен А. Нұржановтың еңбегінде Отырардан шығып Арсубаникет, Арыстанды, Шаян арқылы Қаратаудың аласа жоталарынан асатын жол туралы айтылған, бірақ ол жолдың толық бағыты көрсетілмеген {45}. Шамасы, бұл жерде авторлар Арыстанды жолы туралы айтпақ болса керек. Халық арасында «Арыстанды- Қарабас» деп аталатын желдің жолы бар, оның басы солтүстігінде Қаратау жоталарының ең аласа жеріндегі Қарабас шатқалынан басталады, онан әрі оңтүстік – батысқа қарай соққан жел Есіктас тауымен Жетімтау аралығындағы Үйтас шатқалына жеткенде Есіктас тауының батыс жағымен өткен Шаян жолына қосылған.
Тұрлан асуы жолы Қаратаудың күнгей бетіндегі Иқансу өзенінің шатқалдан шыға берісінде Ұлы жолды кесіп өткен жол өзенді жағалап солтүстік-шығысқа жүрген, Иқансуға құятын Рабатбұлақ өзенінің басталар жеріне жеткентде Тұрлан асуына ( 1266 м) шыққан, суайрықтан шығысқа бұрылған дол теріскейге қарай аққан өзенді жағалап отырып Шолаққорғанға жеткенде Телікөл жолына қосылады. Әл Макдисидің Испиджаб аймағындағы қалалар тізбесіндегі зерттеушілер Шигилджан қаласымен баламалап жүрген Шаға қаласы Қаратаудың күнгейінде, асуға кіре берістен оңтүстік батыста 28 км жерде, ал онан Түркістанға дейін 20 км. Балажбен баламаланып жүрген Бабаата қаласы {46}. Жолдың тау шатқалынан теріскейге шыққан жерінен шығысқа 24 км жерде орналасқан.
Біресек жолы.Ортағасырлық Құсата қаласында Ұлы жолдан солтүстікке қарай жүрген бұл жолдың Хантағы төрткүлгіне дейінгі бөлігі Хантағыжолымен бірге жүрген, онан әрі Біресек елді мекендері арқылы өтіп, Бессаз шыңының (2176 м) шығыс жағына жеткенде Қарабайбұлақ өзенінің жоғарғы ағысына шыққан, онан әрі осы өзенді жағалап солтүстік-шығысқа жүрген жол. Дарбұт өзегі арқылы Қаратаудың теріскейіне өткенде Телікөл жолына қосылған.
Байылдыр жолы. Ортағасырлық Құстата қаласында Ұлы жолдан шыққан жол Байылдыр өзенінн жағалап солтүстікке жүрген, Ашаға барғанда ортағасырлық Аша қаласынан өтіп, Байылдырға құятын Балтабай өзенінінің суайрығына барғанда, Бессаз шыңының батыс жағынан өтіп, Майбұлақ өзенін жағалып теріскейге шыққанда Телікөл жолына қосылған.
Бәжі асуы жолы. Сырдария өзенінің оң жағасы арқылы өткен керуен жолындағы ортағасырлық Сауқымата қаласынан басталған жол солтүстік-шығысқа қарай жүріп ортағасырлық Бабайқорған, Көксарай қалаларынан өткен, Көксарай өзеннін жағалап барып, оныоңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа кесіп өткен Ұлы жолға жеткенде солтүстік-батысқа бұрылған, онан әрі Үш өеннің жоғарғы ағысына жеткенде солтүстікке бұрылып, Жамантас өзеннің жағалап Бәжі асуынан (930 м) асқан. Саудағы Бәжі төркүлінен бастап Суындық өзенін жағалап барып Телікөл жолына қосылған не шатқалдан шыққансын солтүстік-шығысқа бұрылып Созаққа өткен.
Ран сауы. Сырдария өзенінің оң жағасы арқылы өткен керуен жолындағы Ордакент қаласынан шыққан жол, Асарық өзегін жағалап шығысқа жүрген жол ортағасырлық Асарық елді мекеніне жеткенде солтүстік-шығысқа бұрылған,Қарасүйір тауының солтүстік жағымен өтіп, Домба өзеніне жекткенде шығысқа бұрылған,осы өзеннің суайрығына барғанда солтүстікке бұрылып Ран сауынан (1045 м) асқан. Онан әрі Ран өзенін жағалап солтүстік, солтүстік-шығысқа жүрген жол Кенсай шатқалының ортағасырлық Ран қаласынан өтіп, Қаратаудың теріскейіне шыққанда Телікөл жолына қосылған.
Айғыржол тауы жолы. Ұлы жолдан Жиделі өзенінінің шатқалдан шыға берісінде бөлініп шығысқа, солтүстік-шығысқа қарай өзенді жағалыа жүрген жол, оған Жыланды өзені құйған жердегі ортағасырлық Қоспа елді мекенінен өтіп, Жыланды өзенін, оған құятын Шағатайсай өзенін жағалап, айғыржол тауының солтүстік-батысы арқылы өтіп, Қарторғай өзенін жағалап барып, Қартаудың теріскейіндегі Қарторғай шатқалынан өткенде Телікөл жолына қосылған.
Жайылма жолы.Ортағасырылық Ордакент қаласынана солтүстікке жүрген жол, Жиделі өзенініңтау шатқалынан шыға берісінде, Ұлы жолдың солтүстік-шығысқа бұрылған айғыржол тауы жолын кесіп өткен, онан әрі Арыстанды өзенінен құятын Төлепсаз өзенін жағалап солтүстік-шығысқа жүрген жол Құрсақ, Ақсүмбе өзендерін жағалап барып Ақсүмбе қаласына жеткенде Телікөл жолына қосылған Қаратаудың осы бөлігіндегі аласа жоталар арқылы өткен Жайылма жолы көліктің кез-келген түрімен жүруге қолайлы, әрі қысқа жол.
Күрдеп асуы жолы. Ортағасырлық Сығанақ қаласынан шығысқа жүрген бұл жол Арыстанды өзенінің тау шатқалынан шыға берісінде Ұлы жолды кесіп өткен, онан әрі қарай осы өзенді жағалыа солтүсік –шығысқа жүрген, Желбай тауының шығыс жағымен өтіп, Күрдеп асуынан (810м) асқасын солтүстік солтүстік-шығысқа жүріп Бақырлы өзенін жағалып барып Қаратаудың теріскейіне шыққанда Телікөл жолымен қосылған.
Ақсүмбе жолы. Ортағасырлық Сығанақ қаласынан солтүстік-шығысқа жүрген Киіккөнек өзенінің төменгі ағысында, тауалды жазығы арқылы өткен Ұлы жолды кесіп өтіп, Қызылтоған және Сарышырпы шатқалдарының арасымен өтіа, Алашапан өзенін жағалып, Алашапан тауының солтүстік-батыс жағымен өткен, Ақсүмбе өзенінінің жоғарғы ағысына жеткентде солтүстікке бұрылған,оны жағалып Ақсүмбе қаласына жеткенде Телікөл жолына қосылған. Ақсүмбе жолымен 1255 ж. Сығанақ қаласына Гетум өткен. {47}.
Дарбаза жолы. Сырдарияның оң жағасы арқыл жүрген керуен жолынлағы Бестам қаласынан солтүстік-шығысқа жүрген жол Шәулімше шоқысының шығысындағы Мортық елді мекені (X-XVI ғғ) арқылы Қосүйенкі шатқалы арқылы Қоскөлге барғанда екігі бөлінге: шығысқа бөлінген тармақ Ақмылтық, Ақсүмбе шытқалдары арқылы Ақсүмбе қалаына, жеткенде Телікөл жолына қосылған, солтүстік-батыс; солтүстікке жүрген бағыт (негізгі) Үлкен Сауысқанды арқылы Қаратаудан асыл, Майшы шатқалына шыққанда Телікөл жолын кесіп өткен. Сауысқандық өзенін жағалап солтүстіке жүрген жол Қатынқұдық, Шұмаққазған шатқалдарын батыс жағымен өтіп, Ащы көлдің шығыс жағасы арқылы Боқтықарын өзеніне жеткенде, Шу өзенін жағалап шығыстан бастысқа қарай жүрген Шу жолын кесіп өткен. Онан әрі Боқтықарын өзенін жағалып жүрген Сарысу өзеніне, оны жағалып жүрген Сарысу жолына қосылған {48}.
Сонымен, ерте ортағасырдан бастап Оңтүстік Қазақстан арқылы өткен Түрік жолы және онымен тығыз байланыста қалыптасқан Сырдария мен Қаратаудың беткейлері арқылы өткен сол, оң жағалық жолдар, Ұлы жол, Көсегенің көкжолы, Телікөл керуен жолдары және Қаратаудың күнгейі мен теріскейін байланыстырып жатқан жолдар Сырдария өзенінің орта ағысындағы, Қаратау беткейлеріндегі ортағасырлық елді мекендер мен қалалырдың өсіп-өркендеуіне үлкен әсер етті. Қалалардың саны өсіп, Отырар, Түркістан, Сығанақ, Созақ, Тараз сияқты ірі саяси, экономикалық, сауда орталықтары қалыптасты. Ортағасырлық кезінде Қаратау тарихи- географиялық ауданында қалыптасқан кешенді керуен жолдары жүйесі жүздеген жылдар бойы қазақ жерін Евразия кеңестігімен байланыстырып жатты.
Тағы рефераттар
- Логика алгебрасының функциялары
- Ежелгі Қытай философиясының ерекшеліктері
- Шығайұлы Дәулеткерей
- Белгілі тарихшы және мемлекет қайраткері А.И.Левшин жайында мадақсөз
- Салық саясаты 1929-1933 жылдардағы жеке меншікті жою мен зорлап коллективтендіру құралы