ҚАРЖЫЛЫҚ ДАҒДАРЫС ЖАҒДАЙЫНДА КОММЕРЦИЯЛЫҚ БАНКТЕРДІҢ ӨТІМДІЛІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ туралы қазақша реферат

Кез-келген  банкті басқарудың аса маңызды міндеттерінің бірі – өтімділіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету. Өтімділіктің  жеткіліксіз деңгейі  банктің  елеулі қаржылық қиыншылықтары  барының алғашқы белгілері болып есептеледі. Бұл жағдайда банк, әдетте депозиттер жоғалтады, бұның өзі оның меншікті қаражатын азайтады: төлем қаражатының жетіспеушілігі пайда болады. Банк өз салымшыларының, кредиторларының, клиенттерінің алдындағы және жалақы бойынща өз қызметкерлері алдындағы міндеттемелерін толық және мерзімінде орындай алмайды. 

Қарыз және қаржылық міндеттемелерін дер кезінде өтеу үшін банктің қолма-қол қаражаты мен басқа да өтімді активтерінің сомасы, сондай-ақ басқа да көздерден қаражатты тез жұмылдыру мүмкіндігі жеткілікті болса, ол өтімді, төлем қабілеттілігі бар деп есептеледі. Одан басқа, банктің кредитке сұраныс пен салым көлемінің кез келге алдын ала болжанбаған ауытқуын қанағаттандыру үшін жеткілікті  резерві болуы тиіс. Банк басшылығы өтімді активтердің шамасы мен түрі туралы үнемі ойлану керек. Банк өтімділігі банк жұмысының шешуші, сапалы сипаттамасы, яғни банк өтімділігі деп барлық міндеттемелері бойынша мерзімінде және толық көлемде жауап бере алу қабілеттілігі.

Өтімділік банктерге келесідей мақсаттар үшін қажет:

—       клиенттерді кез-келген сәтте өз қаражатын толық көлемде ала

алатынына сендіру үшін;

—       дебиторларды қарыздары бойынша берешектерін өтеуге қажетті ақша

қаражатымен қанағаттандыру мүмкіндігі барлығына сендіру үшін;

—       акционерлерді форс мажор жағдайларында активтерін мәжбүрлі түрде сатудан қорғау үшін.

Банктің өтімді қаржыларға қажеттілігі ұсыныс пен сұраныс негізінде  қарастырылады. Банктердің өтімді қаражаттарға сұранысы келесідей екі себептен туындайды:

—       клиенттердің өз шоттарынан ақшаларын алуы;

—       клиенттерден несие алуға өтініштердің түсуінен.

Банктердің өтімді қаражаттарға сұранысының туындауының тағы бір себебі басқа банктерден алынған қарыздарын қайтаруы болып табылады.

Өтімді қаражаттарға сұранысты қанағаттандыру үшін банк бірнеше көздерден қаражаттар тартады. Аса маңызды түсімдер болып клиенттердің банктерге салатын салымдары болып табылады. Тағы бір маңыздысы клиентердің несиелерін қайтаруы болып келеді. Өтімді қаражаттар табыс ретінде депозиттік емес қызметтерден де ( кеңес беру, операциялық қызмет көрсету) түседі.

Банктер  қысқа мерзімді салымдар қабылдап, оларды ұзақ мерзімді несиеге береді.  Осы депозит пен несие мерзімінің арасындағы уақыт сәйкессіздігі  банк өтімділігі мәселесін тудырады.

Банктегі  өтімділік деңгейінің тиімді деңгейін ұстап тұру банк үшін тұрақты мәселе болып табылады[1].

Нарықтық өзгерістер жағдайында банктің тұрақты және тиімді қызмет етуі үшін банк басшылығы банктің жүргізген операциялары мен қызметінің көрсеткіштерін талдауға үлкен мән беру керек.

Банк өтімділігін талдау нақты мүмкіндіктерді анықтауға себін тигізеді. Банк өтімділігін талдаудың негізгі кезеңдерін қарастырсақ:

I кезең. Өтімділігі бойынша банктің қаржылық жағдайын бағалау.

II кезең. Өтімділікке әсер ететін факторларды талдау. Банк өтімділігіне және төлемқабілеттілігіне көптеген факторлар әсер етеді. Бұл факторларды екі топқа бөлуге болады:

1. Макроэкономикалық факторлар (экзогенді) — бұл факторлар арқылы банк қызметіне сыртқы факторлар әсер етеді.

2. Микроэкономикалық факторлар (эндогенді) — банктің саясатымен байланысты өз деңгейінде әсер етеді [2].

Өтімділікке әсер ететін макроэкономикалық факторларға кеңінен тоқталсақ (сурет 1):

1. Елдегі экономикалық және саяси жағдай. Бұл жағдай  халықтың банктерге сенімділік дәрежесін анықтайды.

2.  Мемлекеттік бақылау мен реттеудің тиімділігі.

3. Қаржы нарығы сегментінің тиімділігі мен дамуы. Нарық дамуының жоғары деңгейі қаражатты жылдам тартуға мүмкіндік береді.

4.  Мемлекет тарапынан қолдаудың болуы. Мысалға, Орталық банктен несие алу мүмкіндігінің болуы.

Өтімділікке әсер ететін микроэкономикалық факторларға тоқталсақ:

1.Банк қызметін басқарудың сапасы. Банктің басшылары мен қызметкерлерінің мамандандырылған деңгейі банк өтімділігіне әсер етеді. Себебі, олар банк өтімділіге  қатысты шешімдер қабылдайды.

2.Меншікті капиталының жеткіліктілік деңгейі.

3. Банктің ресурстық базасының тұрақтылығы мен сапасы.

4. Сырттан қарыз алу тәуелділігі.

5. Активтер мен пассивтердің сомасы мен мерзімдерінің сәйкес келуі.

6. Активтердің құрылымы мен әртараптылығы.

III кезең. Банктің активтері мен пассивтерін талдау

IV кезең. Банк өтімділігін басқару бойынша жаңа нұсқаулар жасау.

Банктердің қарызға алынған қаражатының негізгі көзі – депозиттер.

Жалпы, республикадағы коммерциялық банктердің пассивінің 50 пайыздан астамы депозиттерден тұрады. Сондықтан депозит базасын талдау өтімділікті пассивтер арқылы басқаруда бастапқы нүкте деп есептеледі. Талап ету депозиттерінің көлемін өзгерту бір жағынан, мерзімді, жинақтық депозиттер, екінші жағынан, банк өтімділігін пассивтер тұрғысынан зерттеудің негізі болып саналады.

Қазақстандағы коммерциялық банктердің салымдары қаржы дағдарысына қарамастан ұлғайған. Бірақ олардың 2007-2009 жылдар аралығында негізгі өсу қарқынының азайғанын айтуға болады. Мысалы, егер 2007 жыл бойынша  коммерциялық банктердегі салымдар мөлшері 2 504 513 млн. теңгені құраса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 597  681 млн. теңге ұлғайып, 3 102 194 млн. теңгені құрады. Ал, 2009 жылы 560 120 млн. теңгеге артып, 3662314 млн. теңгені құраған. Осыған қарап салыстыратын болсақ,  2009 жылғы салымдардың мөлшері 2008 жылғы салымдардың мөлшеріне қарағанда 37 561 млн. теңгеге аз. Банктердің ресурстарының 10 пайызын меншік қаражаты құрасы, ал қалған бөлігін тартылған қарыз қаражаттары құрайды. Банктермен тартылған салымдардың мөлшерінің азаюы банктің өтімділігіне  кері әсерін тигізеді. Сондықтан банктер депозиттік салымдардың азаймауына көп көңіл аударулары қажет.

Мемлекеттік дағдарысқа қарсы бағдарлама және оның нәтижелеріне келетін болсақ, ағымдағы әлемдік дағдарыс Қазақстанның экономикасына бірнеше себептер бойынша елеулі әсер етті, олардың арасынан мыналарды бөліп көрсетуге болады:

1)банк секторының қорландырудың сыртқы көзіне жоғары тәуелділігі. Нарық әлемдік экономикаға жоғары енуімен ерекшеленді, ал шетелдік несиелер бойынша төмен пайыздық мөлшерлемелер отандық банктерді қорландырудың сыртқы көздеріне тәуелділігінің артуына алып келді. Банктердің сыртқы қарыз алуының жоғары деңгейі елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығы үшін қауіп тудырды;

2)банк сегментінің экономиканың құрылыс секторына тартылуының жоғары деңгейі. АҚШ-та басталған ипотекалық дағдарыстың және қазақстан банктері үшін шетелдерден жаңа заемдарды тар­ту мүмкіндіктерінің төмендеуі нәтижесінде, сол сәтте елеулі бөлігі құрылыс секторы мен халықтың ипотекалық заемдары алып отырған несиелеудің көлемін қысқарту қажеттілігі туындады;

3)ел экспортының жалпы көлеміндегі шикізат құрайтындардың басым келуі, осыған байланыс­ты негізгі шикізат өнімдеріне бағаның күрт ауытқуынан құндық мәнде экспорт көлемінің елеулі құлау тәуекелі өте жоғары болып қалады.

Банктердің несие беру белсенділіктерінің төмендеуін, ең алдымен құрылыс саласы сезінді, ал кейіннен экономика секторларының арасындағы өзара қарым-қатынас жүйесі арқылы «домино» әсері байқала бастады.

Экономикадағы оқиғаның мұндай кері дамуы мемлекеттен қаржылық тұрақтылықты қолдау мақсатында ауқымды қаржылық және реттеуіштік араласуды талап етті.

Дағдарыстың экономиканың ең маңызды және сонымен қатар осал сегменттеріне теріс әсерін төмендету үшін, ҚР Үкіметі негізінен банк арқылы жүзеге асырылатын неғұрлым проблемалы сегмент­терге ақшалай қаражат құюды жүзеге асырды.

2008 жылғы 25 қарашада қабылданған Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары 1,2 трлн. теңге бөлуді қарастырды. Осы сомадан 480 млрд. теңге қаржы секторын тұрақтандыруға, 360 млн. теңге – тұрғын үй секторын дамытуға, 120 млрд. теңгеден шағын және орта бизнесті қолдауға, АӨК, инфрақұрылымдық және серпінді жобаларды іске асыруға жіберілді.

Дағдарысқа қарсы бағдарламада елдің қаржы секторын қолдауға бағытталған шаралар негізгі орынды алды, өйткені сыртқы қарыз алудың күрт төмендеуі мен ішкі нарық өтімділігінің шектеулі деңгейі, сондай-ақ, банктердің сыртқы міндеттемелерін өтеу бойынша мерзімдерінің басталуы елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығы үшін қауіп туғызды. Қабылданған шаралардың ішінен мыналарды атап өту қажет:

1) жай және артықшылықты акцияларды сатып алу арқылы төрт жүйе түзеуші банктерді қосымша капиталдандырылып, сондай-ақ оларға реттелген заемдарды беру;

2) жеке тұлғалардың салымдары бойынша кепілдік сомасын 5 млн. теңгеге дейін арттыру.

Дағдарыс кезеңінде екі жүйе түзуші банктердің «Альянс Банк» АҚ және «БТА Банк» АҚ проблемалары шиеленісе түсті. 2009 жыл барысында мемлекет БТА Банк акцияларының бақылау пакетін, сондай-ақ Альянс банкі акцияларының толық пакетін сатып алуға мәжбүр болды. Екі банк те қазіргі уақытта сыртқы қарызын қайта құрылымдау процесін аяқтап келеді.

Дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүргізу аясында мемлекет қосымша эмиссия акцияларын сатып ала отырып, жүйе түзуші тағы да екі банктің: «Қазақстанның Халық банкі» АҚ және «Казкоммерцбанк» АҚ капиталына енді.

Дағдарыс кезеңінде қазақстандық банк жүйесінде бірде-бір банкроттық орын алған жоқ, банктердің өздері біртіңдеп өз кредит белсенділіктерін қалпына келтіріп келеді. Осылайша, қазақстандық банк жүйесі дағдарыстан барынша жетістікпен шығып отыр.

Тұтастай алғанда, Үкіметтің, Ұлттық банктің және Агенттіктің 2009-2010 жылдарға арналған экономикалық және қаржылық секторларды тұрақтандыру жөніндегі дағдарысқа қарсы шұғыл шараларды іске асыруы банк жүйесіндегі тұрақтылықты және 2009 жылы кредиттік қоржынның 4,3% (4,2% — 2008ж.) деңгейінде қалыпты өсуін қамтамасыз етті.

Іс жүзінде банктердің кредиттік қоржындарының сапасы экономиканың барлық секторлары бойынша нашарлады. Банктердің кредиттік қоржындарының сапасының төмендеуі толығымен күткендегідей болды. Елдегі іскерлік белсенділіктің баяулауы мен жүргізілген ұлттық валютаның құнсыздануы аясында банк жүйесіндегі 2009 жылғы жұмыс атқармайтын кредиттердің үлесі 4,5 есеге өсті және 3,5 трлн. теңгеге жетті, бұл банктердің топтастырылған кредиттік қоржындарының 36%-н құрайды. Бұл ретте, заемдар бойынша провизиялар мөлшері 2009 жылдың аяғында 3,6 трлн. теңгені немесе кредиттік қоржынның 37,7%-н құрады. Жұмыс істемейтін кредиттерді қалыптастырылған провизиялардың жабу деңгейі 01.01.2010 мезетінде 1,03 құрайды. Бұл ретте, жұмыс істемейтін кредиттердің басым бөлігі екі банкке – БТА және Альянс банктеріне тиесілі [3].

Кейбір қазақстандық жүйе түзетін банктер мен олардың еншілес құрылымдарының міндеттемелерін қайта құрылымдау қалған банктердің халықаралық капитал нарықтарында қолайлы жағдайларда қарыз алу мүмкіндіктеріне тұтастай теріс әсер етті. Сыртқы қаржы ресурстарының жетіспеуіне байланысты ішкі депозит нарығының маңызы өсті. Алайда қорландырудың ішкі көздері банк бизнесінің бұрынғы өсуін ұласымды сақтау үшін жеткіліксіз, салыстырмалы қысқа мерзімге ие және тұрақсыздығымен ерекшеленеді, сондықтан да қазақстандық банктер, капиталдың халықаралық нарығында жағдай түзелісімен қайтып келуі мүмкін.

Экономиканы және қаржылық секторды тұрақтандыру бойынша мемлекеттің дағдарысқа қарсы бағдарламасының арқасында банктерге қосымша өтімділікті беру мен капиталдың сайма-сай деңгейін қалыптастыру арқылы банк секторының көзделген тұрақтылығы қамтамасыз етілді. 2010 жылы банк секторының мемлекеттік қаржылық қолдауға белгілі дәрежеде тәуелділігі сақталуы мүмкін, ол оларға қорландыру тапшылығын жеңуге мүмкіндік береді. Осы орайда банктердің жаңа, соның ішінде қорландырудың ішкі көздерін іздеуді ынталандыру қажет.

Экономикадағы және банк жүйесіндегі теріс үрдіске қарамастан халықтың банк секторына деген сенімі жоғалған жоқ. Клиенттердің 2009 жылы тартылған салымдары (арнайы мақсаттағы еншілес ұйымдар салымын есепке алмағанда) 30,8%-ға өсіп, 01.01.2010 есебі бойынша 6 003,8 теңгені құрады, бұл көбінесе жеке тұлғалар салымдарының 29,1%-ға өсуімен және дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында банктерде «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ шарттастырылған депозиттерді орналастыруымен қамтамасыз етілді [4].

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.Долан Э. Дж, Кэмпбелл К., Кэмпбелл Р. Деньги, банковское дело и денежно-кредитная политика. — М., 2007.

2.Жуков Е.Ф. Менеджмент и маркетинг в банках: Учебное пособие для вузов. – М.: Банки и биржи, 2007.

3. www.stat.kz. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігің материалдары

4. ҚР Ұлттық банкі статистикалық мәліметтері
Тағы рефераттар