Қазақстан Республикасы салық жүйесіндегі реформаларға талдау туралы қазақша реферат
Қазақстан Республикасы өз алдына егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болғасын, экономиканы дербес түрде басқарады. Мемлекеттік басқару жүйелеріне көптеген өзгерістер жасалып, бірнеше заң жобалары қабылданды. Оларға қаншама өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Дамыған мемлекеттер мен көрші мемлекеттердің жүргізіп отырған саясаттарын сараптай отырып, өзіміздің ұлттық менталитетке сай, қажетті жақтарын алып отырды.
Нарықтық экономика мен мемлекеттің салық саясатының негізгі мақсаты- бюджеттің кіріс бөлігін қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету болып табылады.
Салық саясатының басты мақсаты- салық жүйесін құру және оның тиімді қызмет етуіне мүмкіндік беретін салық механизмін іске асыру.
Салық жүйесі өз алдына сала болып қалыптасуы үшін, біршама қиындықтарды бастан кешіре отырып, көптеген өзгерістер мен толықтырулар жасалынып, қазіргі кезде тұрақты жүйеге түсті
«Салық» ұғымымен «салық жүйесі» ұғымы тығыз байланысты. Мемлекетте алынатын салық түрлерінің, оларды құрудың және алудың нысандары мен әдістерінің, салық службасы органдарының жиынтығы әдетте мемлекеттің салық жүйесінқұрайды. Қазақстан Республикасының қазіргі салық жүйесі салықтарды құру мен алудың нақтылы әдістерін белгілейтін, яғни салықтар-дың нақтылы элементтерін анықтайтын тиісті заңнамаларға негізделеді.
1991 жылға дейін, яғни КСРО ыдырағанға дейін елде көбінесе экономиканы басқарудың әкімшіл-әміршіл жүйесіне, бағаларға қатаң мемлекеттік реттеуге сәйкес келетін салық жүйесі қызмет етті. Бюджеттің басты кіріс көздерінің бірі болған айналым салығы тіркелген бөлшек сауда мен көтерме сатып алу бағаларын қолдануға және мемлекеттік реттеп отыруға бағытталған болатын. Қазақстан егемендікке ие болғаннан кейін 1991-1995 жылдары қабылдаған бірқатар заңдарға сәйкес республикада жаңа салық жүйесі қалыптасты.
Бірінші кезең. 1991-1995 жылдары аралығын қамтиды.1991 жылғы желтоқсанның 24-інен бастап біздің елімізде тұңғыш салық жүйесі жұмыс істей бастады. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» заңға негізделді. Бұл заң салық жүйесін құрудың қағидаттарын, салықтар мен алымдардың түрлерін, олардың бюджетке түсу тәртібін белгілеген алғашқы кұжат еді. Осы заңға сәйкес Қазақстанда 1992 жылғы қаңтардың 1-інен 1995 жылғы мамырға дейін салықтар мен алымдардың 43 түрі жұмыс істеді,яғни 16 жалпымемлекеттік салық, 10 жалпыға міндетті жергілікті салықтар мен алымдар, 17 жергілікті салықтар мен алымдар енгізілді. 1991 жылы 9 шілдедегі Қазақ КСР Президентінің «ҚазКСР мемлекеттік салық қызметін құру туралы» Жарлығымен ҚазКСР-нің басты мемелекеттік салық инспекциясы құрылды. 1991 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» Заңына сәйкес сол кездегі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлеріне тоқталып өтейік:
I.Жалпы мемлекеттік салықтардың түрлері:
1.Қосылған құнға салынатын салық.
2.Пайдаға салынатын салық.
3.Акциздер.
4.Бағалы қағаздармен жасалатын операциялардан алынатын салық.
5.Экспорт пен импортқа салынатын салық.
6.Кеден тарифі және баж салығы.
7.Пайдалы қазбаларды геологиялық барлау және геологиялық іздестіру жұмыстарына байланысты шығындарды өтеуге жұсалатын алым.
8.Тіркелген (ренталық) төлемдер.
9.Транспорт құралдарына салынатын салық.
10.Автотранспорт құралдарын сатып алуға салынатын салық.
11.Автотранспорт құралдарының Қазақстан Республикасына келіп кіргені үшін төленетін ақы.
12.Заңды ұйымдардың мүлкіне салынатын салық.
13.Қазақстан Республикасының азаматтарынан, шетел азаматтарынан және азаматтығы жоқ адамдардан алынатын табыс салығы.
14.Мемлекеттік баж салығы.
15.Табиғат ресурстарына салынатын салық.
16.Колхозшылардың еңбегіне ақы төлеу қорына салынатын салық.
II.Жалпыға бірдей міндетті жергілікті салықтар мен алымдар:
1.Жер салығы.
2.Жеке адамдардың мүлкіне салынатын салық.
3.Орман табысы.
4.Су үшін төленетін ақы.
5.Табысқа салынатын салық.
6.Кәсіпкерлік қызметті тіркеу үшін алынатын алым.
7.Кәсіпкелік қызметтің субъектілері ретінде тіркелмеген азаматтардан алынатын алым.
8.Заңды ұйымдарды мемлекеттік тіркеуден өткізгені үшін алынатын алым.
9.Елтаңбалық алым.
10.Мұрагерлік және сыйға тарту тәртібімен ауысқан мүлікке салынатын салық.
III.Жергілікті салықтар мен алымдар.
1.Курорттық аймақта өндірістік мақсаттағы объектілер құрылысына салынатын салық.
2.Курорттық алым.
3.Азаматтардан алынатын мақсатты алым.
4.Жарнамаға салынатын салық.
5.Автотранспорт құралдарын, есептеу техникасы және жеке компьютерлерді қайта сатуға салынатын салық.
6.Автотранспортты аялдауға қойғаны үшін алынатын алым.
7.Жергілікті символиканы пайдалану құқығы үшін алым.
8.Ипподромдарда ат жарысына қатысқаны үшін алынатын алым.
9.Ат жарысындағы ұтысы үшін алынатын алым.
10.Ипподромдарда тотализатор ойынына қатысушы адамдардан алынатын алым.
11.Тауар биржаларында және валютаны сату және сатып алу кезінде жасалған мәмілелерден алынатын алым.
12.Аукциондық сатудан алынатын алым.
13.Кино-телетүсірімдер өткізу құқығы үшін алынатын алым.
14.Пәтер алуға берілген рұқсат қағаз үшін алынатын алым.
15.Ит иелерінен алынатын алым.
16.Спиртті ішімдіктермен сауда-саттық жасау құқығы үшін алынатын лицензиялық алым.
17.Жергілікті аукциондар өткізу және лотореялар ойнату құқығы үшін алынатын лицензиялық алым [7].
Елімізде салық саясатында алғашқы қабылдалған заң барысында салық салу бойынша әлемдік тәжірибеде жете есепке алынған жоқ, өтпелі экономиканың ерекшеліктері есепке алынбады, сонымен бірге еліміздің тарихи, әлеуметтік ерекшеліктеріне көңіл бөлінбеді. Қазақстанның салық жүйесін қалыптастыруда өзінің тәжірибесі болмағандықтан, көрші мемлекеттердің, оның ішінде әсіресе Ресей Федерациясының тәжірибелік — әдістерін пайдаланды.1991 жылы қабылданған «ҚР салық жүйесі туралы» Заң ресейлік салық заңдылығының көшірмесі болатын, ал ол өз кезегінде Германия тәжірибесіне сүйенген болатын. Осы заңға сәйкес Қазақстан Республикасы территориясында салықтардың 3 тобы: жалпы мемлекеттік, жалпыға міндетті жергілікті салықтар мен жергілікті салықтар әрекет етті. Үш сатылы салық жүйесі, әдетте, федеративті құрылыстағы (Германия, Ресей, АҚШ) мемлекеттерге тән. Ал Қазақстан секілді унитарлы мемлекетте салықтарды бұлай топтастыру негізсіз болды. Салық салу мәселесіне байланысты көптеген бір біріне қарама-қайшы келетін заңдық және заңға тәуелді актілердің жұмысы қиындай бастады. Салық санының көптігі заң шығарушылардың тұрақсыздығы, өзіндік құн, жеңілдікті мөлшерінен көп пайдалану салық жүйесін тиімсіз және оны басқару мүмкін емес дәрежеге алып келді.
Сондықтан 1995 жылы қабылданған «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бұл кемшіліктер ескеріліп, оны жасауға шетелдік жетекші экономистер, заңгер мамандар, атап өтсек Халықаралық салық бағдарламасы мүшелері, АҚШ-тың Стэндфорд, Гарворд университеті өкілдері қатысты [8] .
Екінші кезең.1995-1999жылдары аралығын қамтиды. Қазақстан Республикасының Үкіметі 1995 жылдың басында салық реформасының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын қабылдап, онда еліміздің салық жүйесі мен салық заңнамасын бірте-бірте халықаралық салық салу қағидаттарына сәйкестендіру көзделді. Осыған байланысты «Салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер туралы» 1995 жылғы сәуірдің 24-інде Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлығы шықты. Бұл жарлықтың тапсырмалары: салық салуды төмендету, салықтардың санын қысқарту, Қазақстанның салық жүйесін әлемдік стандартқа сай болуына қол жеткізу болып табылды. Енді бұрынғы 43салықтар мен алымдар едәуір қысқартылып, олардың саны небәрі 11 болып қалды. Оның ішінде бесеуі мемелекеттік, алтауы жергілікті салықтар.
Жалпы мемлекеттік салықтар:
1.Заңды және жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы.
2.Қосылған құнға салынатын салық.
3.Акциздер.
4.Бағалы қағаздармен жасалатын операцияларға салынатын салық.
5.Жер қойнауын пайдаланушылардың арнайы салығы мен төлемдері.
Жергілікті салықтармен алымдар:
1)Жер салығы.
2)Заңды және жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық.
3)Көлік құралдарына салынатын салық.
4)Кәсіпкерлік қызметпен айналсатын жеке тұлғаларды және заңды тұлғаларды тіркегені үшін алынатын алым.
5)Жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін алынатын алым.
6)Аукциондардан алынатын алым.
Салық реформасының екінші кезеңінде экономика субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметі үшін ыңғайлы жағдай құрумен, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге жағдайлар жасалды. Салық жүйесі бірінші кезеңмен салыстырғанда барынша ықшамдалды. Екінші кезеңде әлемдік деңгейдегі бүкіләлемдік салық жүйесін құру жөнінде жұмыстар басталды. Негізінен, салық жүйесі мынадай қызметтерді атқаруы тиіс: фискалдық, реттеуші және ынталандыру. Дамушы экономикалық шарттары бойынша мемлекеттің ең басты мақсаты болып мемлекеттік бюджеттің салық көлемінің көбеюіне байланысты толтырылып отырылуы болып табылады.
1995 жылы қабылданған салық заңы үдемелі болды. Бірақ, салық саясатының алдына қойған мақсаттарының орындалуы толық іске асырылмады. 1995-1197 жж. бұл заңға көптеген өзгертулер енгізіліп отырды. Егер бірінші екі жылдықта ҚР Президентінің “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” жарлығынан кейін ғана кейбір заңдық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік болса және тек салық жылдарының басынан ғана өзгерістер енгізу басталса, ал 1997-1999жж. өте көп өзгертулер енгізілді, бірақ салық жүйесі бұрынғыдай тұрақсыз болып қала берді. Салық заңды бекіткен салық санын азайту туралы өзгерту қағаз күйінде ғана болды. Ал шын мәнінде, 1997 жылдан бастап бюджетке төленетін алымдар, салықтар және міндетті төлемдер саны өсіп отырды.
Ең басты назар “ҚР бюджет жүйесі туралы” заңына енген ҚР Президентінің 1998 жылы 1 сәуірдегі “Бюджетке төленетін салық және басқа да міндетті төлемдер туралы” Жарлығына аударылды. Бұл басты жаңа енгізілімдердің негізі салықтың жалпымемлекеттік және жергілікті салықтарға бөлінуі және бюджеттік заңдылық бойынша бекітілген төлемдер тізімі болып табылады.
Үшінші кезең. 1999-2001 жылдары аралығын қамтиды. Қазақстанның салық жүйесінің дамуының ең маңызды кезеңі – 1999 жыл. 1998 жылы құрылған Мемлекеттік табыстар министрлігі салық заңының және қазіргі кездегі жұмыс істеп тұрған салық механизмін қайта құруды одан әрі жетілдіруге ілгері қадамдар жасады. Оларға мыналар жатады:
— 1999жылы тамызда ҚР Президентінің “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” Жарлығы Парламентте қабылданып, заңға айналды;
— 1999 жылы 1 қыркүйекте ҚҚС-ты бөлу механизміне бірнеше өзгертулер енгізілді.
— фермер қожалықтары үшін жалпыға бірдей жер салығы енгізілді.
2001 жылдың 3 мамырындағы “ҚР заңына өзгертулер енгізу туралы “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” ” заңына сәйкес ҚҚС барлық салық төлеушілер үшін 16% болды.
1999-2001 жылдар аралығындағы өзгертулер мен толықтыруларды есепке алғанда салықтар саны 18-ге дейін көбейді. Қазақстан Республикасы Президентінің бұл Жарлығы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі 440-1 заңына сәйкес заң мәртебесін алды.
Осы кезде Қазақстан Республикасының салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдердің мынадай түрлері қолданылды:
1)Заңды және жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы;
2)Қосылған құнға салынатын салық;
3)Акциздер;
4)Бағалы қағаздар эмиссиясын тіркегені және мемлекеттік тіркеуге жатпайтын акциялар эмиссиясының ұлттық бірыңғайландыру нөмірін бергені үшін алынатын алымдар;
5)Жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары;
6)Әлеуметтік салық;
7)Автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүргені үшін алынатын алымдар;
8)Жер салығы;
9)Заңды және жеке тұлғалардың мүліктеріне салынатын салық.
10)Көлік құралдарына салынатын салық;
10-1)Бірыңғай жер салығы;
11)Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғаларды және заңды тұлғаларды тіркегені үшін алынатын алым;
12)Қызметтің жекеленген түрлерімен айналысу құқығын бергені үшін алым;
13)Аукциондық сатудан алынатын алым;
14)ҚР базарларында тауарларды сату құқығын бергені үшін алынатын алым;
15)ҚР радиожиілік ресурстарын пайдаланғаны үшін төленетін төлем;
16)Заңды және жеке тұлғалардың Алматы қаласының рәміздерін өз фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында пайдаланғаны үшін алынатын алым;
17)Заңды және жеке тұлғалардың «Қазақстан», «Республика», «Ұлттық» деген сөздерді өздерінің фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында пайдаланғаны үшін алым;
18)Жеке тұлғалардың ставкасы есептеу базасының 1 пайызынан жоғары белгіленбейтін қолма-қол шетел валютасын сатып алғаны үшін алынатын алым.
Үшінші кезеңдегі салық реформасы құрылымдық реформаға жатты, өйткені салық салу базасын кеңейтуге, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерінің мөлшерін жоғарылатуға бағытталды.
1999 жылы салық салу объектісінен 26 % мөлшерлеме бойынша заңи тұлғаларлардың еңбекке ақы төлеу қорының 30 % мөлшеріндегі сақтық жарналарының орнына (Зейнетақы қорына – 23,5 %; міндетті медициналық сақтандыру қорына – 1,5%; Халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік қорына−2%) әлеуметтік салық енгізілді ( 2001 жылдың шілдесінен мөлшерлеме 21%−ға дейін төмендеді, ал 2004 жылдан регрессивті мөлшерлемелер – 20%-дан 7%−ға дейін жұмыс істеді). Егер 1998 жылы мемлекеттік бюджеттегі бюджеттен тыс қорлардың үлесі 18,4 %-ды құраса, әлеуметтік салықтың үлесі 1999 жылы 17,9% − ды құрады.
Рыноктық жаңғыртудың басталуымен салықтардың жаңа түрлері-қосылған құн салығы, акциздер,сатудан алынатын салық жұмыс істей бастағаны белгілі.
Қосылған құн салығы(ҚҚС)айналым салығы мен сатудан алынатын салықтың орнына 1992 жылы 28% мөлшерлемеде, қоғамдық тамақтану кәсіпорындары үшін–13 %, қоғамдық тұтыу өнімдері(негізінен тамақтар) бойынша – 10% мөлшерде енгізілді. 2003 жылдың 1 қаңтарынан мөлшерлемелер 20 % және 16,67% болып белгіленді (ҚҚС-ты кіріктіретін мемлекеттік реттелетін бағалар мен тарифтер бойынша сатылатын тауарлар, қызметтер бойынша). 2002 ж. ҚҚС-тың мөлшерлемесі 16%, 2004ж.–15, 2007ж.–14, 2008ж.–13%,2009ж.−12% болып белгіленді.
Пайдаға салынатын салық пайдадан төленетін төлемдер мен аударымдардың қорлар үшін төлем, пайданың бос қалдығының аударымдары орнына 1991 жылы енгізілді. Оның мөлшерлемелері 10 % — дан 70 % — ға дейін белгіленді.
Бұл жүйе меншіктің барлық нысандары мен қызмет түрлерінің теңдігін қамтамасыз етпеді, жеңілдіктер көп болды, бұл бақылауды қиындатты. «Кәсіпорындардың пайдасы мен табыстарына салық салу туралы» 1994 жылғы қаңтардың 1-індегі Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес салық салу объекті баланстық пайда–барлық шығындардың сомасына азайтылған барлық табыстардың сомасы болып белгіленді.Салық мөлшерлемесі –30 %, ал банктік және сақтық қызметтен алынатын пайда – 45 %, дивидендтер мен пайыздардан алынатын табыс – 15 % болды.
Төртінші кезең.2002-2008 жылдары аралығын қамтиды. 2001 жылы 12 маусымда Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі қабылданып, ол 2002 жылдың қаңтарынан қолданысқа енгізілді. Онда елдегі өзгеріп отырған экономикалық және әлеуметтік жағдайларға байланысты салық салудың қағидалары мен нормалары толықтырылып, өзгертілді. 2002 жылы Қазақстанда Салық кодексін енгізу салық жүйесін реформалаудың жаңа сатысының бастауы болды, ол қазақстандық салық салудың халықаралық қағидаларын енгізуге көмектесті, елдің салық заңдылықтарын айқын, түсінікті және қарапайым етті.Бұл салық реформасы жаңа нарық талаптарына жауап беретін Салық кодексінің енгізілуімен байланысты болды. Реформа салық жүйесін жаңғыртуға және шаруашылық жүргізудің нарықтық қағидаларына көшуіне бағытталды. Салық реформасының төртінші кезеңі ерекшеліктеріне инвестициялық белсенділікті қолдау, салық салу базасын кеңейту, салық ауыртпалығын төмендету, интеграциялық ақпараттық салық жүйесін енгізу жатады.Салық Кодексі салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу және есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі билік қатынастарын, сондай-ақ мемлекет пен салық төлеуші арасындағы салықтық міндеттемелерді атқаруға байланысты қатынастарды реттеуге бағытталды.Қазақстан Республикасының салық заңдары Салық кодексінен, сондай-ақ Салық кодексінде көзделген нормативтік-құқықтық актілерден тұрады. Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер Салық кодексінде белгілеген тәртіпте және жағдайларда белгіленеді, енгізіледі,өзгертіледі немесе күшін жояды. Салық заңдары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданыста болады,сонымен бірге жеке тұлғалар және заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелері қолданады.Салық кодексіне жаңа салықтар және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер белгілеу, қолданыстағы салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер ставкалары мен салық базасын өзгерту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Қазақстан Республикасының заң актілері ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей қабылдануы кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.Салық кодексіне 2005 жылы акциз салығына қосымша ретінде «экспортталатын ішкі мұнайға, газ конденсатына рента салығы»қосылды.2008 жылдан бастап ойын бизнесі салығы енгізілді.Бүгінгі таңдағы салықтардың түрлері 13-ке жетті.Салықтардың және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдердің түрлері:
1.корпоративтік табыс салығы.
2.жеке табыс салығы.
3.қосылған құн салығы.
4.акциздер.
5.экспортқа рента салығы
6.жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу
7.әлеуметтік салық.
8.көлік құралы салығы
9.жер салығы
10.мүлік салығы
11.ойын бизнес салығы
12.тіркелген салық
13.бірыңғай жер салығы
Алым дегеніміз-белгілі бір қызмет түрін бастар алдында немесе осы қызмет түріне құық берер кезде төленетін міндетті төлем.Сонымен қатар алым- анықталған құқықтық мәтебені бергені үшін төлем болып саналады.
2002 жылы алымның 13 түрі болды. 2003 жылдан бастап «елтаңбалық алым» алынып тасталды. 2005 жылы алымдарға өзгерістер енгізілді, яғни: «жылжымалы мүлік кепілін мемлекеттік үшін алым» және «кеменің немесе жасалып жатқан кеменің ипотекасын мемлекеттік тіркеу үшін» және «туындылар мен сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға лицензиялық шарттарды мемлекеттік тіркеу үшін» алымдары қосылды.
Алымдардың түрлері:
1.заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркегені үшін алым.
2.жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым.
3.жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалған мәмілелердің мемлекеттік тіркегені үшін алым.
4.радиоэлектрондық құралдарды және жиілігі жоғары құрылғыларды мемлекеттік тіркегені үшін алым.
5.механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді мемлекеттік тіркегені үшін алым.
6.теңіз,өзен кемелері мен шағын көлемді кемелерді мемлекеттік тіркегені үшін алым.
7.азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркегені үшін алым.
8.дәрі-дәрмек құралдарын мемлекеттік тіркегені алым үшін.
9.автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүру алымы.
10.аукциондардан алынатын алым.
11.елтаңбалық алым.
12.жекелеген қызмет түрлерімен айналасу құқығы үшін лицензиялық алым.
13.телевизия және радио хабарларын тарату ұйымдарына радио жиелік спектрін пайдалануға рұқсат беру үшін алым.
Төлемақы-белгілі бір қызмет түрін пайдаланған кезде төленетін міндетті төлем.
Төлемақының 9 түрі бар. 2005 жылы төлемақыға өзгеріс енгізілді. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақыға қосымша ретінде «халықаралық және қалааралық телефон байланысын бергені үшін төлемақы» төлейді.
Төлемақының түрлері:
1.жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы.
2.жер бетіндегі көздердің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем ақы.
3.қоршаған ортаны ластанғаны үшін төлемақы.
4.жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы.
5.орманды пайдаланғаны үшін төлемақы.
6.ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы.
7.радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақы.
8.кеме жүретін су жолдарын пайдаланғаны үшін төлемақы.
9.сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру үшін төлемақы.
Мемлекеттік баж дегеніміз-уәкілдік берілген мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың заңдық мәні бар і қимылдар жасағаны үшін және құжаттарды бергені алынатын міндетті төлем.
Мемлекеттік баж салығы-төленетін қызмет тізімі заңды және жеке тұлғалар мүддесі үшін жасалатын әрекеттерді іздену арыздарын қамтиды.
Кеден төлемдері:
1.кеден бажы;
2.кеден алымдары;
3.алдын ала шешім қабылдағаны үшін төлемақы;
4.алымдар [9].
Бесінші кезең. 2009 жылдың 1-қаңтарынан бастап «Салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер туралы»Заңына негізделіп Қазақстан РеспубликасыныңСалық кодексі (Салықтық кодекс) қолданысқа енгізілді. Кодексте салықты және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу және есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі биліктік қатынастар, сонымен бірге мемлекет пен салық төлеушінің арасындағы салықтық міндеттемелерді атқаруға байланысты қатынастар реттелінген. Кодексте кен өндіруші сектордың қайтарымын арттыру есебінен экономиканың шикізаттық емес секторларына салық ауыртпалығы төмендетілген, жеңілдіктер жүйесі оңтайландырылған, салықтық әкімшілік ету оңайлатылған, кодекс нормаларын қолдану экономиканы жаңғыртуға және саралауға, елдегі инвестициялық климатты жақсартуға, отандық, сондай-ақ шетелдік өндірушілер үшін де бизнес жүргізуді неғұрлым пайдалы етуге шақырады.Көптеген маңызды мәселелерді шешуге жол бастаған өзгерістер Салық кодексінде шешімін тапты:
— экономиканың шикізат емес секторына түсетін жалпы салық жүктемесін азайту;
— экономиканы жаңғыртуға және әртараптандыруға ықпал ететін жағдай жасау;
— салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және салықтық рәсімдерді оңайлату есебінен бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту.
Жаңа Салық кодексін қабылдау экономиканың тұрақты дамуына және әртараптануына жағдай жасайды, экономиканың көлеңке секторын қысқартуды қамтамасыз етеді, Қазақстанның инвестициялық климатын жақсартады, ол елге капитал ағымын ықпал етеді және экономиканың шикізаттық емес секторына салықтық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді. Салық кодексін тікелей қолданылатын заңның принциптеріне сәйкес келтіру, салық органдары әрекеттерін терең регламенттеу, салықтық бақылау жүйесін құру салықтық жүйесінің сыбайлас жемқорлығын азайтуға мүмкіндік береді және салық органдары мен салық төлеушілердің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.Жаңа кодекс арқылы енгізілетін ең басты өзгеріс – кезең-кезеңмен корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесін азайту. Мәселен, аталған салық түрін 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 30 пайыздан 20 пайызға; 2010 жылдың 1 қаңтарынан басап – 20-дан 17,5 пайызға; ал 2011 жылдың 1 қаңтарынан 15 пайыздық мөлшерлемеге көшіру ұсынылған, бірақ та елдегі қаржылық тұрақсыздық жағдайының өсуіне, инфляцияның өсуіне байланысты кейінгі жылдарға шегерілді. Басты өзгерістердің тағы біреуі – 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 13-тен 12 пайызға төмендетілді. Онымен қоса, ҚҚС-ын салудың еуропалық классикалық моделіне көшу арқылы негізгі салық заңдылықтары жаңартылды. Бұл халықаралық тасымал экспортына және ішкі айналымдағы салық салуға қатысты жүзеге асырылады.Бұл заңнан мемлекеттің ұтатыны – салық салудың тәртібін жеңілдету нәтижесінде кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Жеке меншік секторға пайдалы жағы – айналымдағы қаржылары салықтан босап, салық есептемесі жеңілдетіледі. Онымен бірге, жеке меншік бизнес те анағұрлым жеңілдетілген салық жүйесімен өмір сүреді. Яғни салық органдарында сағаттап кезек күтпей, уақытының көп бөлігін өз шаруасына бөледі деген сөз.
2010 жылдың 17 шілдесінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Салық Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
2011 жылдың 1 қаңтарында, 25 наурызда, 21 шілдеде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Салық Кодексіне маңызды өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Салық Кодексіне маңызды өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Бұл кезеңде жаңартылған өте маңызды өзгерістер қатарына салық жүйесін реформалау жатқызылады. Мұндағы ең басты жетістік ол жүйенің кеңейтілуі және бұл жүйеге көп төлемдер санының қосылуы. Қосылу себебі, біріншіден мемлекеттің өзінің қаржылық базасын қатайту мақсатында, екіншіден, осы мақсатта әлеуметтік-экономикалық процестерге әсер ету механизмін үлкейту, күшейту қажеттілігінде болды.
Сонымен кез келген салық реформасының мақсаты, елдің серпінді әлеуметтік-экономикалық даму негізі ретіндегі, болашақтың фискалды тетіктерін қалыптастыру болып табылады. Салық салу реформасы саяси, экономикалық және құрылымдық қайта құрудан кейін жүргізіледі. Өйткені, ол нәтижесінің тиімділігі жағынан неғұрлым инерциалды болып келеді. Осыған байланысты салық реформалары салық жүйесінің қызмет ету аясында анықталған кемшіліктерді және қателіктерді жою жолымен, тым ұзақ уақыт аралығында жүзеге асырылады. Аталып өткен Қазақстан салық жүйесінің реформаларын кезеңдерге бөлгенмен, әрбір кезең барысында тұрақты салық жүйесі қызмет етпеді, оларға үнемі өзгерістер енгізіліп отырады. Салық қатынастарының жағымсыз жақтары елдің экономикалық дамуының объективті қадамымен анықталады. Нарықтық экономиканың салық реформалары кезекті және үздіксіз жүргізіліп отырады.
Салықтар өзінің мәні және мазмұнына қарай жинақтала келіп, әр түрлі елдердің салық жүйесін құрайтын, ұлттық ерекшіліктердің көптеген нысандары түрінде болады. Салықтар құрамы, құрылымы, оларды алу тәсілдері, мөлшерлемелері, қазыналық өкілдіктері, салық базасы, әрекет ету өрісі, жеңілдіктері бойынша бұл жүйелер бір-бірінен елеулі айырмашылықта болады және бастапқыда мүлдем салыстыруға келмейтіндей болып көрінеді. Бірақ неғұрлым мұқият талдау кезінде екі негізгі жалпы белгілерді айқындауға болады:
1) мемлекеттің салықтан түсетін кірістерді ұлғайтудың тұрақты нақты жолдарын іздеу;
2) салық жүйесін экономиканың теориялық жалпы қабылданған қағидалары базасында құру.
Әр түрлі елдердің салық жүйелері әр түрлі экономикалық, саяси және әлеуметтік шарттар негізінде құрылған. Әрине, олар оңтайлы емес, бұл оңтайлы жүйені құру үшін экономистерге және әлеуметтанушыларға талаптар ретін өңдеу қажет болды. Олардың ішінде неғұрлым маңыздылары мыналар:
— салық ауыртпалығын таратудың біркелкілігі немесе басқа сөзбен айтқанда, әркім мемлекеттік кірістерге өзінің «әділетті үлесін» енгізуі;
— салықтар мүмкіндігінше әр түрлі тұлғалармен экономикалық шешімдерді қабылдауға әсерін тигізбеуі қажет, немесе мұндай әсер ең аз шамада болуы қажет;
— әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға қол жеткізу үшін салықтық саясатты пайдалану кезінде,салық салудың теңдік және әділеттік қағидаларын бұзуды ең аз шамаға жеткізу қажет;
— елдің экономикалық өсуі және тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында салық саясатын пайдалануда салықтық құрылым әсер етуі қажет;
— салық жүйесі әділетті болуы қажет және салық төлеушілерге түсінікті болуы қажет;
— салықтарды басқару және салық заңдылығын сақтау бойынша әкімшілік шығындар ең аз шамада болуы қажет.
Осы талаптар елдің салық жүйесінің сапасын бағалау үшін негізгі критерийлер ретінде пайдалануы мүмкін.
Салық жүйесін құру кезінде әр түрлі салықты қолданудың салдарын қайта тарату күрделі проблемалардың бірі болып табылады. Бұл салдар салықтарды алу тәсілінен, салық мөлшерлеме құрылымынан, салық базасын анықтаудан, және салықтың қызмет өрісіне тәуелді болады. Ел экономикасының салық жүйесіне әсері сұраныс және ұсыныс жағдайынан, нарықтар құрылымынан және жаңа салықтық жағдайларға бейімделу кезеңіне тәуелді болады. Салықтық өзгерістер баға өзгерістеріне әкеледі, бұл салық төлеушілердің кірістері және шығыстарына, салық ауыртпалығын таратуға әсерін тигізеді. Қайта таратудың соңғы нәтижесі барлық көрсетілген факторлардың өзара әсеріне тәуелді болады. Бұл өте күрделі үдеріс, бірақ жалпы ережелер және қорытындыларды жасауға болады.
Тұтыну салықтарына қатысты бұл қорытындылар төмендегілерден тұрады:
— салықты енгізу бағаның өсуіне әкеледі және салық салынатын тауарларға сұранысты қысқартады;
— бағадағы және өндірістегі өзгерістер ауқымы сұраныс пен ұсыныстың икемділігіне тәуелді болады;
— салық ауыртпалығы сұраныс және ұсыныс икемділігіне қатысты сатушы және сатып алушы арасында таратылады;
— белгілі шектен жоғары салық мөлшерлемелерін жоғарылату кезінде салықтық түсімдер төмендеуі мүмкін.
Өндіріс факторына салықтар қатыстылығына қарай бұл ережелер мен қорытындылар мыналарға бөлінеді:
— салық өндіріс факторында табыстың жалпы нормасын жоғарылатады, осы факторлардың төмендетеді;
— салық ауыртпалығын қайта тарату сұраныс және ұсыныстың икемділігіне тәуелді болады;
— бұл салықтар ұсынысын қысқартады және пайданың таза нормасыншешуші әсерді үй шаруашылығының шығындарына емес, кірістеріне тигізеді;
— өндіріс факторына салық салу өзгерістерінің соңғы нәтижесі нарық құрылымына, ұжымдық келісімшарттарға және бәсекелестік шарттарына тәуелді болады.
Қазіргі кезде құрылған салық жүйесінде үнемі жетілдіру нәтижесі және оның реформасы жалғасуда. Сондай-ақ соңғы кезде салық саясатындағы пікірталастардың көбеюі байқалды, бұл бірігу үдерісі жаңа ынталарға байланысты.
Салықтардың, оларды төлеушілердің, салықтарды алу әдістерінің, салық жеңілдіктерінің жиынтығының болатындығынан салық жүйелерінің әжептәуір күрделі модельдері болуы мүмкін.
Барлық өркениетті елдерде салықтардың бүкіл жиынтығы әр түрлі қағидаттар мен белгілер бойынша жіктеледі:
— салық салу объекті және салық төлеуші мен мемлекеттің өзара қатынастары бойынша;
— салықты алатын органға қарай;
— пайдалану тәртібі бойынша.
Объектінің экономикалық белгісі бойынша:
Бірінші белгі бойыншасалықтар тура және жанама болып бөлінеді.
Тура салықтар– салық төлеушінің кірісі мен мүлкінен тікелей төленетін салықтар. Олар өз кезегінде нақты және жеке салықтарға жіктеледі. Нақты салықтарсалық төлеушілердің мүлкінің (меншігінің) кейбір түрлеріне (үй, жер, кәсіп, ақшалай капитал және т.с.с.) салынады. Жеке тура салықтар–бұл жеке адамдар мен заңи ұйымдардың табыстары мен мүлкіне салынатын салықтар. Нақты салықтардан айырмашылығы – жеке салық салу әрбір салық төлеушінің жеке табысы мен мүлкінде, оның қаржылық жағдайында ескереді.
Жанама салықтар– бағаға немесе тарифке үстеме түрінде белгіленген салық төлеушінің кірістері мен мүлкіне тікелей байланысты емес салықтар. Жанама салықтарға қосылған құн салығы, акциздер жатады. Жанама салықтарға сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтен түсетін түсімдер де (кеден баждары түріндегі, экспортқа және импортқа салынатын салық түріндегі кедендік кірістер, ішкі рынокта сатылатын тауарлар бағасы мен олардың фактуралық құнының айырмасы) жатады.
Жанама салықтар мемлекеттің фискалдық мүдделерін білдіреді. Оларды саналы қолдану баға белгілеудің үдерісіне жағымды ықпал жасауы және тұтынудың құрылымына әсер етуі мүмкін.
Жанама салықтар салудың мәні салықтың тауар бағасына (немесе қызметтің тарифіне) қосылатындығында, кіріктірілетіндігінде. Бұл жағдайда салықты тауардың (қызметтің) нақты тұтынушысы төлейді, алайда тұтынушы мен мемлекет арасында тікелей байланыс болмайды.
Салықты алатын және оған билік жасайтын органға қарай орталық (жалпымемлекеттік)және жергілікті салықтарды ажыратады.
Пайдалану тәртібіне қарайбарлық салықтар жалпы және мақсатты (арнаулы) болып бөлінеді. Жалпы салықтар тиісті деңгейлердегі бюджеттерде шоғырландырылады және жалпымемле-кеттік қажеттіліктерді қаржыландыруға пайдаланылады. Арнаулы салықтардың қатаң белгілі бір арналымы болады (мысалы, бұрын Жол қорын қалыптастыруға пайдалынылатын көлік құралдары салығы,көлік құралдырын сатып алу салығы).
Объектінің экономикалық белгілерібойынша табысқа салынатын салықтар және тұтынуға салынатын салықтар болып ажыратылады. Табысқа салынатын салықтартөлеушінің салық салынатын кез келген объектіден алған табыстарынан алынады. Тұтынуға салынатын салықтар– бұл тауарлар мен қызметтерді тұтыну кезінде төленетін шығынға салынатын салықтар.
Салық салу объектілерін есепке алу және оларды бағалау амалдарынақарай салық салудың мынадай төрт әдісі қолданыла-ды: кадастрлық*, салық төлеушінің мағлұмдамасы бойынша, табысты алу көзінен ұстап қалу, патенттік негізде.
Кадастрлық әдіске сәйкессалықты есептеу мен оны алу, салық салу объектілерінің нақты табыстылығын есепке алмай табыстылық (жер салығы, мүлік салығы) нормасын көрсете отырып, олардың тізімдемесі негізінде жүзеге асырылады.
Мағлұмдамада салық төлеуші табыстың мөлшерін, қажетті жеңілдіктерді, шегерімдерді көрсетеді және салық сомасын есептеп, төлейді.
Үшіншіәдіс бойынша салық төлеуші жұмыс істейтін заңи тұлғаның бухгалтериясы одан салықты табыс алынған жерде есептеп, ұстайды (төлейді).
Анықтау мен олардың көлемдерін есепке алу қиын қызметтің саналуан түрлерінен алған табыстары үшін салық патенттік негізде төленеді.
Салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпаратты қорытындылау және жүйелеу, сонымен бірге салықтар мен бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдерді есептеу және салықтық есептемені жасау мақсатында салық төлеушінің (салық агентінің) есептік құжаттаманы жүргізу үдерісі салықтық есеп деп аталады.
Салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепті жүргізуді салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда есептемелер әдісі бойынша жүзеге асырады.
Есептемелер әдісібойынша табыстар мен шегерімдер ақы төлеудің уақытына қарамастан жұмысты орындау, қызмет көрсету, тауарларды өткізу және мүлікті кіріске алу мақсатымен тиеп жіберу мезетінен бастап есепке алынады. Бұл әдіс салық службалары үшін қолайлырақ және оны Қазақстанның барлық төлеушілері қолдануға кабылданған. Төлеушілер үшін оның кемшілігі :
– салықтық төлемдер тіпті уақытында төленбеген жағдайда да аударылуы тиіс, бұл айналым қаражаттарын оқшауландыруға ұрындырады.
Кадастр:
1) жан басылық салық салуға жататын адамдар тізімі;
2) салықтарды (жер, үй, кәсіпшілік салықтарын) есептеу үшін пайдаланатын объектілерді (жерді, үйді, кәсіпшілікті) бағалау және олардың орташа табыстылығы туралы мәліметтер болатын реестр.
Қазақстан Республикасының салық жүйесі салықтардың, алымдардың және баждардың түрлерін, салықтық қатынастарды реттейтін кұқықтық нормаларды және салық службасының органдарын (Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен оның жергілікті органдарын) кіріктіреді.
Салық салудың әр түрлі шарттары қарастырылған қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші қызметтің мұндай түрлері бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсаттарында салық салу объектілерінің және салық салуға байланысты объектілердің есебін бөлек-бөлек жүргізуі тиіс.
Сөйтіп, Қазақстанның салық жүйесі салықтардың және басқа міндетті төлемдердің түрлері бойынша тым сараланған. Салықтардың және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдердің сомасы Бюджеттік кодекс пен тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіппен тиісті бюджеттердің кірісіне түседі. Салықтық катынастарды реттеуші құықтық нормалар Салықтық кодексте сараланған және тиісті нұсқаулықтарда келтірілген.
Салық жүйесі уәкілетті мемлекеттік органнан және салық органдарынан тұрады. Салық органдарына уәкілетті органның облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша,аудандар, қалалар және қалалардағы аудандар бойынша аумақтық бөлімшелері,сондай-ақ уәкілетті органның ауданаралық аумақтық бөлімшелері жатады. Арнаулы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда бұл аймақтардың аумағында салық органдары құрылуы мүмкін.
Салық органдарына, тиісті жоғарғы салық службасы органына тікелей сатылас бойынша бағынады және жергілікті атқарушы органдарға жатпайды.
Уәкілетті орган салық органдарына басшылық жасауды жүзеге асырады.
Мыналар Салық қызметі органдарының міндеттері болып табылады:
— салықтың және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдердің толық және дер кезінде түсуін қамтамасыз ету;
— жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарының және әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорына әлеуметтік аударымдардың толық және дер кезінде аударылуын қамтамасыз ету;
— салық төлеушілердің салықтық міндеттемесін, салық агентінің салықтарды есептеу, ұстау және аудару бойынша міндетін атқаруына салықтық бақылауды жүзеге асыру;
— Қазақстан Республикасының салықтық саясатын іске асыруға қатысу;
— өз құзыры шектерінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
— Қазақстан Республикасының салық заңнамасын сақтауды қамтамасыз ету.
Тағы рефераттар
- Ғарифолла Құрманғалиев
- Хрущев ұсынысы
- Қасым хан
- Мемлекеттік органдардың түрлері және қызметі
- Қазақ қыздары соғыста және тарихи сандар