ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕПКЕ АЛУ
ЖӘНЕ АУДИТ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ туралы қазақша реферат
Әлемдік экономикалық жағдайдағы соңғы он жылдықта болған шапшаң өзгерістер бухгалтерлік есепке алуға және қаржылық есептілікке арналған ережелерді жасау кезінде елдердің қолданатын тәсілдерін айтарлықтай дәрежеде өзгертті. Капитал нарықтары ұлттық шекарадан тыс жерлерде кеңейіп, ұлттық экономикалардың дамуына байланысты кірігу процесі нығаюда. Капитал нарықтарының кемелдене дамуы олардың даму үрдісін инвесторлардың жоғары дәрежеде түсінуін, олардың нығайтылуына, тұрақтылығына және өтімділігіне сенімділігін талап етеді. Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарының бірыңғай топтамасын қабылдау кредиттердің құнын және инвесторлар үшін маңызды емес стандарттар бойынша есептілікті дайындау жөніндегі әкімшілік шығыстарды қысқарту арқасында ұйымдардың инвестицияларды тарту бойынша шығыстарын қысқартуға себепші болады.
Биржаларда акциялары бағаланатын Еуропалық Одақтың барлық компаниялары 2005 жылдан бастап ХҚЕС-ке сәйкес шоғырландырылған қаржылық есептілік жасауға міндетті. Тек АҚШ-тың бухгалтерлік есепке алудың жалпыға бірдей принциптерін (бұдан әрі — GAAP) пайдаланатын кәсіпорындары, сондай-ақ биржаларда борыштық міндеттемелері (облигациялары) ғана бағаланатын фирмалар оған кірмейді. Мұндай кәсіпорындар ХҚЕС-ке 2007 жылдан бастап көшуі тиіс. Еуроодақтың пікірінше, ХҚЕС-ті енгізу ЕО елдеріндегі қаржылық есептіліктің біркелкілігін, дұрыстығын, айқындылығын және салыстырмалылығын қамтамасыз ете отырып, бағалы қағаздарды халықаралық саудаға шығарған кезде тосқауылдарды жоюға мүмкіндік береді. Еуропа Одағының жоспарлары еуропа биржаларында тіркелген 8700-ге тарта компанияға қатысты, мұның өзі әлемдік нарықтық капиталдандырудың 25 %-ын құрайды.
Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары әлемдегі аса дамыған және алдыңғы қатарлы бухгалтерлік есепке алу стандарттары болып табылады деп есептеледі. Сондықтан да көптеген елдерде, мысалы Австралияда, Германияда, Ұлыбританияда шетел эмитенттері биржалардағы өздерінің есептілігін осы елдердің ұлттық стандарттарына емес, халықаралық стандарттарға сәйкес ұсына алады. Басқа мемлекеттерде, мысалы Канадада, Жапония мен АҚШ-та бұған да жол беріледі, алайда ХҚЕС бойынша есептілік дайындайтын компаниялар оның осы елдердің ұлттық стандарттарына сәйкес дайындалатын есептіліктен айырмашылығының тізімін қосымша ұсынуы тиіс. Кейбір елдерде (мысалы Чехияда, Балтық елдерінде) есептілікті ХҚЕС бойынша барлық ірі кәсіпорындар жасауы тиіс. Қазақстанда 2003 жылдан бастап барлық қаржы ұйымдары, 2005 жылдан бастап акционерлік қоғамдар, ал 2006 жылдан бастап өзге де ұйымдар (мемлекеттік мекемелерден басқа) есептілікті ХҚЕС бойынша дайындауда.
Кез келген әділ (сенімді) пікірден бухгалтерлік есепке алудың белгілі бір маңызды немесе іргелі принциптеріне немесе тұжырымдамаларына негізделген пікір орынды тұспалдануы мүмкін. Халықаралық түп мәтінде мынадай бес принцип:
— есептеу принципі;
— қызметтің үздіксіздігі;
— ақылға сыйымдылығы;
— дәйектілігі;
— мазмұнның нысаннан басымдығы іргеліге жатқызылуы мүмкін және заңнама мен бухгалтерлік есепке алу стандарттарында көрсетіледі.
Әдеттегі іс-тәжірибе осы принциптерді кез келген елдің бухгалтерлік есепке алу туралы заңнамасында іске асырудан тұрады. Нақты жағдайларда осы принциптерді қолдану көбінесе бухгалтерлік есепке алу стандарттары арқылы жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта халықаралық талаптарға сәйкес жасалған және жұмыс істейтін жоғары дамыған ақпараттық жүйені білдіретін экономика бірыңғай есепке алудың жүйесі болып табылады, ол оның әртүрлі аспектілерін (статистикалық есепке алу, салықтық есепке алу, бухгалтерлік есепке алу және т.б.) қамтиды.
Бухгалтерлік есепке алу қойылған міндеттерге сәйкес кейіннен жинау, жүйеге келтіру және қорыту үшін деректер көзі ретінде ғаламдық есепке алу жүйесінің бірлігін және функционалдығын қамтамасыз ететін ең маңызды факторы болып табылады.
Экономикадағы қаржылық есепке алудың ақпараттық функциясы ұйымдар қызметінің қаржылық нәтижелеріне сүйенеді, олар ұйымның ішіндегі сол сияқты одан тысқары жердегі ақпарат пайдаланушылардың мүдделі тобына қажет. Жоғары сапалы есептілік капитал нарығын дамыту үшін де қажет, өйткені оның негізінде көбінесе экономиканың ондаған жылдарға дейін дамуын айқындайтын шектеулі ресурстарды бөлу туралы шешімдер қабылданады.
Елбасы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты өз жолдауында (бұдан әрі – Жолдау) атап өткендей, Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында, өркенді де өршіл дамып келе жатқан қоғамның іргетасы тек қана осы заманғы, бәсекеге қабілетті және ашық нарық экономикасы бола алады. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кірудің бірінші басымдығы әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі болып табылады. Осыған байланысты мемлекетті дамыту процесінде бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін бара-бар дамыту ерекше өзектілікке айналады, өйткені бухгалтерлік есепке алудың, қаржылық есеп берудің және аудиттің мақсаты басқару шешімдерін қабылдау үшін мүдделі пайдаланушыларды экономикалық ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
Бухгалтерлік есепке алу және аудит саласын дамыту тұжырымдамасының міндеті Қазақстан Республикасының экономикасында бухгалтерлік есепке алу, қаржылық есеп беру және аудит жүйелерінің өздеріне тән функцияларды одан әрі дәйекті түрде және ойдағыдай орындау үшін қолайлы жағдайлар мен алғышарттарды қамтамасыз ету болып табылады.
Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтиже дегеніміз, Қазақстанның әлемдік экономикаға кірігуін жеделдету мақсатында бухгалтерлік есепке алу мен аудит жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарын, оларды іске асыру жөніндегі нақты тетіктерді жасау, шетелдік инвестициялардың ағынын молайту, халықаралық нарықтарда қазақстандық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қор нарығын жандандыру.
Бухгалтерлік есепке алудың өзіне тән міндеттерді тиімді орындауы үшін қаржылық есепке алу кәсібилік, айқындылық, тәуелсіздік, өзектілік, стандарттылық сияқты талаптарға жауап беруі, сондай-ақ бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру принциптеріне және негізгі сапалық сипаттамаларға сай болуы тиіс.
Әлемдік тәжірибе түсініктілік, орындылық, сенімділік және салыстырмалылық сияқты ақпараттың тиімділігін айқындайтын сапалық сипаттамалар халықаралық стандарттарды тікелей пайдаланумен немесе оларды бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп берудің ұлттық жүйесін құрудың негізі ретінде қолданумен қол жеткізетіндігін көрсетеді. ХҚЕС пен ХАС-ты қолданудың экономикалық перспективасы капиталды тиімдірек бөлуден, іске жұмсалатын қаржының әр алуандығынан және оның табыстылығының өсуінен тұрады, әлемдік нарыққа шығу жеңілдейді, капиталды тартуға жұмсалатын шығындарды азайту мүмкіндігі туады. Мұның өзі жаңа бизнес құрылымдарды дамытуға, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, жұмыссыздықтың төмендеуіне, халықаралық нарықтарда қазақстандық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұтастай алғанда елдің экономикалық өсуіне әкеп соғады.
Заң жобасын әзірлеудің басты міндеті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында пайдаланатын бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша негізгі ұғымдарды Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы заңнамасына сәйкес келтіру болып табылады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының облыстары мен өңірлерінде ұйымдардың қаржылық есептілікті ХҚЕС-ке сәйкес жасау мәселелері бойынша семинарлар өткізілуде.
Алайда, Қазақстандағы бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін дамытудағы кейбір жетістіктерге қарамастан, мыналардан:
— ХҚЕС-тің кешенділігі мен әдістемелік күрделілігіне байланысты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін қолданылмайтындықтан, ХҚЕС-тің осы санаттарға қолданылу қиындығынан;
— бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді реттеуге, сондай-ақ бухгалтер мен аудитор мамандықтарын дамытуға кәсіби қоғамдық бірлестіктер қатысуының жеткіліксіздігінен;
— ХҚЕС-ті қолдану жөніндегі ақпараттық-әдістемелік материалдардың (оқулықтардың, кітаптардың) жоқтығынан;
— бухгалтерлер мен аудиторлардың біраз бөлігінің кәсіби дайындығы деңгейінің төмендігінен, сондай-ақ ХҚЕС бойынша дайындалған ақпаратты пайдаланудағы дағдының жеткіліксіздігінен;
— кадрларды қайта даярлаудың ретке келтірілген жүйесінің жоқтығынан;
— шаруашылық жүргізуші субъектілердің бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп берудің ХҚЕС белгілеген көптеген принциптеріне және талаптарына немқұрайды қараудан көрінетін кейбір проблемалар бар.
Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін дамыту елдің экономикалық жағдайындағы өзгерістермен тығыз өзара байланыста және шаруашылық тетіктің даму сипаты мен деңгейіне жауап беруі тиіс.
Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін одан әрі дамытуды ХҚЕС-ке сәйкес бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікте қалыптастырылатын ақпараттың сапасын, ашықтығын және салыстырмалылығын арттыру мақсатында мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асыру қажет:
— бухгалтерлік есепке алуды, қаржылық есептіліктің аудитін ұйымдастырумен және жүргізумен айналысатын мамандарды даярлау және қайта даярлау;
— шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді жүргізу тәртібін оңайлату;
— халықаралық тәжірибенің негізінде бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді реттеу жүйесін өзгерту;
— бухгалтерлік есепке алу мен аудитті дамытудың халықаралық процесіне қатысу.
Бухгалтерлік есепке алуды реформалағанда Қазақстанда қазіргі уақытта жүргізілетін түбегейлі міндеттердің бірі бухгалтерлерді, қаржылық менеджерлерді, аудиторларды, маркетологтарды және басқа да мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру болып табылады.
Шетелдік компаниялар санының қазақстан рыногында барынша арта түсуі, бизнестің ғаламдық сипатталуы, бірыңғай еуропалық рынокты құру батыстық есепке алу жүйелелерін, халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарын меңгерген, батыс стандарттары бойынша оқытылған мамандарға сұраныстың көбеюіне әкеп соғады.
Нарықтық экономика жағдайларында бухгалтерлік деректер негізінен ақпараттың бірден бір шынайы көзі болғанда бухгалтер кәсібінің мәні артады, сонымен қатар оған деген талаптар әсіресе бухгалтерлік пікір қабылдау маңызды әрі шешуші болып табылатын салаларда өсті. Кәсіби бухгалтерлік білім берудің, тәжірибенің, білімнің, сондай-ақ басқару, жоспарлау, технология сияқты салаларда мұқтаждықтың арта түсуінің маңызын түсіну өсті. Бұл сол сияқты, білгірлік пен кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін тұрақты қолдап отыру қажеттілігі тұрғысынан бухгалтерлердің үздіксіз кәсіби білім алуының маңыздылығын растап түсті.
Қазақстанның бухгалтерлік есепке алу саласының негізгі проблемасы – білікті кадрлардың жетіспеушілігі, қалыптасқан салт-дәстүрі, мықты кәсіби қауымдастығы, мамандандырылған білімді жинақтайтын және тарататын қалыптасқан жүйесі, көпшілік мақұлдаған сертификаттары бар дамыған «бухгалтерия институтының» болмауы.
Қазақстанда кәсіби қауымдастық аталған проблемалардың кейбіреуін шешу бойынша белгілі бір қадамдар жасауда, бірақ кешенділік, жалпы республикалық ауқым жетіспейді. Бухгалтерлік қауымдастықтың қазіргі селқостығы кезінде батыстағы ұқсас жүйенің өздігінен тез дами қоятындығы екіталай. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін бүкіл жүйенің өзегі болуға және одан әрі қалыптасқан құрылымы болуға тиіс кәсіби ұйымдардың рөлін күшейтуге назар аудара отырып, заңнамалық алғышарттар жасау, бұл процесті жылжыту қажет. Қазақстандағы бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді қайта ұйымдастыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс:
— қолданыстағы бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді реттеу жүйесіне тұжырымдамалық өзгерістер енгізу;
— бухгалтерлік есепке алу жүйесін қайта құру шеңберінде мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру;
— кәсіби қауымдастықтың бухгалтерлік есепке алу саласындағы рөлін арттыру;
— бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша уәкілетті органның кәсіби ұйымдарды және бухгалтерлерді кәсіптік сертификаттау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу жүйесін енгізу.
Отандық және әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, аудиторлық қызметтерге мұқтаждық мынадай жағдайларға байланысты туындады:
— осы ақпаратты пайдаланушылармен (меншік иелерімен, инвесторлармен, кредит берушілермен) жанжал болған жағдайда әкімшілік тарапынан дәйексіз ақпарат беру мүмкіндігімен;
— қабылданған шешімдер салдарларының ақпарат сапасына байланыстылығымен;
— ақпаратты тексеру үшін арнайы білімнің болуы қажеттілігімен;
— ақпаратты пайдаланушылардың ақпарат сапасын бағалау үшін оның көздеріне қол жетімділігінің ішінара болмауымен.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Дюсенбаев К.Ш., Егембердиев С.К., Дюсембинв З.К., «Қаржылық есептің талдауы мен аудиті» Алматы, 2009 ж.
2. Аудиттің халықаралық стандарттары – 1,2 т Алматы, 2011 ж.
3. Абленов Д.О. «Аудит» Экономика, 2005 ж.
Жусипова Б.Ш. аға оқытушы
ЖГТУ, Тараз қ.
Тағы рефераттар
- Қазақстан Республикасының банктерінде несиені ұсыну және өтеу операцияларының бөлімдеріндегі операциялар есебі курстық жұмыс
- Экономикалық өсу, мәні және оның факторлары
- Биржалық котировка
- Көшім хан мен Сүзге сұлу
- Мұрағаттық қор шегінде мұрағаттықұйымдастыру тәртібі