Қазақстан Республикасының соты туралы қазақша реферат
Сот билігі – мемлекеттік билік тармақтарының бірі. Заң шығарушы және атқарушы биліктен өзгешелігі – жалпыға ортақ жүріс-тұрыс ережесін (сот прецедентінен басқа) шығармайды, атқару-басқару қызметімен айналыспайды. Сот билігі қоғамда туындап отыратын нақты істер мен дауларды шешеді. Ондай істер мен даулар заңда бекітілген ерекше іс жүргізушілік тәртіпте қаралып, шешіледі. Қс жүргізу тәртібі қатаң сақталады, іс жүргізу нысаны бұзылған жағдайда істің мәні бойынша дұрыс шығарылған сот шешімі де бұзылып, іс қайта қарауға жіберіледі. Сот билігі деңгейі қанша биік болса да сот мекемесіне тиесілі емес, іс қарайтын сот алқасына тиесілі. Сондықтан сот туралы сөз болғанда сот алқасы меңзеледі. Алқа әр елде әр түрлі құрамда: кәсіби судьялардан (мысалы, азаматтық іс қаралғанда 3 не 5 судьядан), бір судьядан және бірнеше алқа мүшелерінен немесе бірнеше судьядан және бірнеше алқа мүшелерінен құрылады. Қс қарап, шешім шығарарда сот заң мен құқықтық санаға жүгінеді. Сот қызметі құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған, ол реттеушілік емес, қорғаушылық қызмет атқарады. Сот билігі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, конституциялық құрылысты, саяси және экономикалық жүйені, азаматтардың, мемлекеттің және қоғамдық ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды. Осы міндеттерге орай сот билігі заң шығарушы және атқару биліктерінде жоқ өкілеттіктермен қамтамасыз етілген. Сот шешім шығара отырып адамды бостандығынан айыра алады, тіпті өмірін қия алады, мүлкін тәркілейді, мемл. органның шығарған шешімін бұзады, ата-аналық құқықтан айыра алады. Сот билігінің қарама-қайшы екі жағы бар, бір жағынан бұл қуатты билік, екінші жағынан салыстырмалы түрде осал билік, өйткені ол заң шығарушы билік сияқты сайлаушылардың қолдауына сүйене алмайды, атқару билігі қолындағыдай қара күш механизмдері жоқ. Сот билігінің күші заңның мүлтіксіз орындалуында, құқыққа деген зор құрметте, қоғамның жоғары саяси және құқықтық мәдениетінде. Заң шығарушы билік саясатпен тығыз байланысты (парламентте көбіне саяси фракциялар басты рөл ойнайды), атқару билігі де саяси қысымға мойынсұнады, ал сот билігін жүзеге асыру барысында саяси және басқадай ешбір қысым болмау керек. Сот шешім шығарарда саяси мақсаттан ада болуға, заң мен құқықтық санадан басқаға бағынбайтын тәуелсіз болуға тиіс. Сот билігінің тәуелсіздігі жайында Қазан төңкерісіне дейін қазақ зиялыларының ішінде тұңғыш болып Барлыбек Сыртанов мәселе көтерген. Ол 1911 жылғы “Қазақ елінің уставы” атты еңбегінде: “Сот билігі өз еркімен іске асады. Судьялар дау шешкенде хүкметке, яғни адам баласына бағынбай, закон їәм сот ережелері негізімен хүкім шығарулары шарт. Судьяларға әсер жасағандарға сот хүкімі кесіледі” деп жазған. Дүниежүзідік тәжірбиеде сот билігі арнайы қағидалар арқылы жүзеге асырылады: сот пен заң алдында бәрінің тең болуы; сот ісін жүргізудегі жариялылық; сот процесінің жарыссөзбен жүргізілуі, тараптардың дәлелдерді еркін пайдалануы; кінәсіздік презумциясы, яғни айыптау үкімі заңды күшіне енбейінше сезікті адам кінәлі болып танылмайды; айыпталушының қорғаушы алу құқығын қамтамасыз ету. Қазақстанда сот биліг Конституция талаптарына сәйкес іске асырылады.
Халқымыз еркіндікке жету үшін қаншама қиын қыстау кезеңдерді бастан кешті. Мыңдаған жылдық тарихы бар, Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Бұрынғы өткен ақын-жырауларымыз айтқан «Егемен болмай, ел болмас» деген ұлы тілектің де уақыты келіп жетті. 1990 жылдың 25 қазан айында Қазақстан өзінің Мемлекеттік Егемендік Декларациясын қабылдап жариялады, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі ретінде, адам құқығы мен бостандығының басымдығын мойындай отырып, демократиялық қоғам және құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлағанын өз Конституциямызда баянды етті. Осы аяда елімізде сот жүйесін реформалау басталды.
Қазақстан өзін әлемдік құқықтық кеңістіктің субъектісі ретінде орнықтыруы, халықаралық экономикалық қатынастар жасауы, экономиканың жаңаша сипатының қалыптасуы сот жүйесінің түбірімен өзгеруінің негізгі алғышарты болды. Тәуелсіздік жылдарында биліктің басқа тармақтары секілді сот билігі де үлкен өзгерістерді бастан кешіріп, құқықтық мемлекеттің қажеттілігіне және заман талабына сәйкес жетілдірілді, дамытылды. Сол жылдардан бастап сот саласында мемлекеттік биліктің өз алдына дербес бір тармағы – сот билігінің қалыптасуына жол салған түбегейлі өзгерістер жүзеге асты — сот мемлекеттік билік жүйесіне айналды.
Елімізде сот жүйесі біріктіріліп, төрелік сот таратылды. Оның қызметін жергілікті соттар мен Жоғарғы сот атқаратын болды. Бұған дейінгі Конституциялық соттың орнына Конституциялық Кеңес құрылып, ол соттан тыс азаматтар мен ұйымдардың конституциялық құқықтарына бақылау жасайтын, түсінік береті ұйымға айналды. Елбасының «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар туралы» Жарлығына сәйкес Президент жергілікті соттардың судьяларын, ал Жоғарғы соттың судьяларын Парламент Сенаты тағайындау құзыры енгізілді. Осылайша еліміздің тарихында алғаш рет судьялар тұрақты мерзімге бекітілетін болды. Бұл – құқық қорғау органдары арасында судьялардың әлеуметтік мәртебесін және тәуелсіздігін мемлекеттік тұрғыдан қамтамасыз етудегі алғашқы үлкен жетістіктердің бірі болды.
Өркениетті елдердің даму кезеңдерін айта кетсек, мемлекеттің дамуы мен өркендеуі сот билігінің беделімен және оның әділ төрелігін жүзеге асыруының сапалық деңгейімен өлшенеді. Бұл жағынан алғанда, осы жылдарда елімізде сот билігі толық қалыптасты, оның құқықтық тұжырымдамасы бекітілді. Сот билігі мен атқарушы биліктің арасын бөлу жөніндегі пікірталас 2000 жылы шешімін тапты. Осы жылдың қыркүйек айының бірі күні шыққан ел Президентінің «Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту шаралары туралы» Жарлығы елімізде сот жүйесі өзінің мазмұны мен материалдық жағынан да тәуелсіз болуына жол ашты.
Сот жүйесін одан әрі дамытуда бұған дейін еленбей қалған кемшіліктердің орнын толтыру Қазақсан Республикасының саяси, құқықтық тұжырымдамасын 2010 жылға дейін жүзеге асыру бағдарламасында белгіленген еді. Ол үшін еліміздегі сот жүйесі мен судьялардың мәртебесін анықтайтын Конституциялық заң қабылдау қажеттілігі туындап, 2000 жылдың 25 желтоқсаны күні «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңы қабылданып, жоғарыдағы аталған мәселелерді оңтайлы шешіп, сот реформасының одан әрі жоғары деңгейде қарқын алуына негіз болды. Бұл заң еліміздегі соттардың беделін барынша көтеріп, судьялардың тәуелсіздігі мен тұрақтылығына кепілдік берді.
“Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Конституциялық заңға 2008 жылғы 17 қарашада өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі республиканың сот жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Осы заң сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесінің негізін қалады.
Осындай маңызды міндеттердің ішіндегі сот өндірісіне бүгінде енгізіліп, тиімді жұмыс істеп жатқаны – «сот инстанциялары арасындағы соттылықты шектеу процесін түбегейлі қисынына жеткізу». Сот өндірісіндегі істерді әділ, жедел мерзімде қарау үшін сот сатыларындағы істерді реттейтін процессуалдық заңнаманы жетілдіру мақсатында 2009 жылғы 10 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң қабылданып, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесі іске қосылды. Осы заңға сәйкес, аудандық сот – бірінші сатыдағы сот, облыстық сот – апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот, Жоғарғы Сот – тек қадағалау сатысының соты ретінде жұмыс істей бастады.
Еліміздің сот жүйесін дамыту әрдайым ілгері қозғалуда. Атап айтқанда, соттардың тәуелсіздігін әрі нығайту жолында сот шешімдерінің ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етілді. Азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігі және адвокаттардың сот процесіндегі ролін күшейту әрі судьялардың жауапкершілігін арттыру жоғарғы деңгейге жетті.
Қазіргі уақытта соттар осы заманның соңғы жетістіктеріне қол жеткізді. Оның дәлелі ретінде ҚР СО БААТЖ бағдарламасын атап айтқым келеді. Бұл компьютерлік бағдарлама сотқа келіп түсіп, тіркелген арыздарды, істерді автоматты түрде бөлу мүмкіндігін береді. Ол да өз кезегінде жемқорлық белгілеріне жол бермейді.
Жаңа қоғамдық қатынастарды орнықтыру олардың құқықтық қамтамасыз етілуіне уақытылы түзетулер енгізумен, сапалы заңдардың қабылдануымен, жоғары деңгейдегі құқық қолданумен, құқық қорғау органдарының кінәратсіз әрі үйлесімді жұмыс істеуімен, сот беделінің шүбәсіздігін мойындаумен ұштастырылып отыр. Қазақстанда тәуелсіз сот жүйесінің негіздері қаланып, заңның жоғарылығы дәйекті қамтамасыз етіліп келеді. Қоғамда сот билігіне деген сенім барған сайын арта түсуде.
Тәуелсіз ел ретіндегі даму тарихының екінші он жылдығының белесінен өткен Қазақстан Республикасы экономикасымен, жарасымды ішкі ахуалымен ғана емес, салиқалы сыртқы саясатымен де әлем назарын аударып отыр. Қазақстан Республикасы адамдардың өмір сүру деңгейінің көтерілуі мен жұмыспен қамтамасыз етілуіне, саяси тұрақтылық пен азаматтардың топтасуына негізделген мемлекет болып, бүгінгі күні қоғамдық өмірдің барлық салаларында алға басушы ел ретінде танылып, экономикасы, білімі және мәдениеті тұрақты мемлекеттер қатарынан көрінуде.
Еліміздегі сот саласында жасалып жатқан реформалар айтарлықтай. Оның бірден-бір көрінісі – Орталық Азия судьяларының халықаралық қауымдастығының бастамасымен ТМД елдерінің судьялар кеңесі, халықаралық Заңгерлер одағы, шетелдік судьялар одақтарымен тығыз қарым-қатынас жасалып, еліміз сот саласында жаңа белестерге қол жеткізді. Бұл да тәуелсіз еліміздің демократиялануының айқын белгісі дер едім. Осы ойымды Елбасының Қазақстан Республикасының Судьялар одағының V съезінде: «Қазақстан – тәуелсіздікке жеткен алғашқы күндерінен бастап, өзінің құқықтық жүйесін белсенді қалыптастырып келе жатқан ел»,– деген сөзімен түйіндесем артық болмас.
«Ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейді» демекші, мемлекетіміз үшін алда асар асулар мен бағындырар белестер әлі де жетерлік. Мемлекетіміз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін ашық және бүкпесіз сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған көптеген шараларды қабылдап келеді. Ата Заңымыздың 75-бабы, 1-тармағында «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот ғана жүзеге асырады», – делінген. Демек, соттардың шешімдеріне қарап, қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасатыны сөзсіз. Осының бәрі еліміздің сот жүйесі әлемнің алдыңғы қатарындағы елдердегі сот жүйесінің қатарына көтеріледі деген сөз деп ойлаймын.
Тағы рефераттар
- Органикалық қосылыстар
- Дизель моторлары
- Күрделі қаржылар
- Тәуелсіздіктен кейінгі шекаралық өзгерістер. Делимитациялау процесіне қоғамдық көзқарас
- Зар заман поэзиясының өкілдері