Қажетті қорғану шегінен асып кеткендік туралы қазақша реферат
Қылмыстық кодекстің 32-бабының 3-бөлігіне сәйкес қол сұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтірілетін, қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілігі дәрежесіне қорғанудың көрінеу сай келмеуі қажетті қорғаныс шегінен шығу деп танылады. Бұлайша шектен шығу тек қасақана зиян келтірілген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады. Қажетті қорғану шегінен шығып кеткендік қоғамға зиянды. Сондықтан да мұндай әрекеттердің қылмыстық жауаптылығы және жазасы заңға сәйкес нақты келтірілген зиянға байланысты шешіледі. Қиянат келтірушіге қажетті қорғану шегінде, қол сұғылған қиянатты зиян келтірместен тойтаруға мүмкіндік болмаса, қоғамдық немесе жеке мүддені қорғау мақсатымен келтірілген зиян әр уақытта да заңға сыйымды болып табылады. Егер қиянат келтірушіге зиян шектен тыс және сол қиянаттың сипаты мен қауіптілігіне сөзсіз сәйкес келмесе, онда қорғанушы жөнінде, қажетті қорғанудың шегінен шығып кеткені үшін, жауаптылық мәселесі туындайды. Мұндай жағдайда келтірілген зиян шабуылдан қорғану мүддесіне сәйкес жүзеге асырылды деп санауға болмайды. Сонымен бірге ескере кететін бір жайт, қажетті қорғану шегінен асып істелген қылмыс жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар қатарына жатады.
Заң қиянаттың қаупі мен сипатына қорғанудың сөзсіз сәйкес келмеуін қажетті қорғану шегінен асып кеткендік деп санайды.
Егер қорғанушы қиянаттың қаупі мен сипатына нақты жағдайда сөзсіз сәйкес келмейтін қорғану құралдары мен тәсілдерін қолдану арқылы, қиянат жасаушыға орынсыз, қажетсіз негізде ауыр зиян келтірсе, оның әрекеті қажетті қорғану шегінен шығып кеткендік болып саналады.
Мысалы: К. деген азамат қажетті қорғану шегінен асып кеткен жағдайда денені ауыр жарақаттағаны үшін (109-бап, 2-бөлігі) мына төмендегі жағдайда кінәлі деп табылып, сотталған. Сыраханада К-ға қызу күйдегі, бір аяғы жоқ Ж. деген мүгедек адам тиісіп, өзіне екі құмыра сыра алып беруді талап еткен. Ж-ны итеріп жіберіп К. далаға шықпақшы болған, итеруден құлап түскен Ж. жалма-жан тұра сала К-ны балдағымен ұрып, тағы да екінші рет ұрмақшы болған, осы кезде К. қолындағы құмырасымен Ж-ны бастан ұрып, оған ауыр дәрежедегі дене жарақатын келтірген. Сот үкімінде «қажетті қорғану шегінен асып, қиянаттың қаупі мен сипатына сай келмейтін жағдайда Ж-ға зиян келтірген» деп көрсетілген. Ж. бір аяғы жоқ мүгедек әрі ауыр күйде мас болған. Осы жағдайға байланысты К. оны басынан құмырамен ұрмай-ақ, оның қолындағы балдағын жұлып алып, басынан ұрып, ауыр дәрежедегі жарақат салмай-ақ, қиянатты тоқтатуға толық мүмкіндігі бар еді.
Қорғанушы қорғану шегінде немесе одан асып, әрекет істеді ме деген мәселені шешу үшін, істің барлық мән-жайын мұқият, жан-жақты есепке алуды, оқиға болған жағдайда қорғанушының, сондай-ақ қиянат келтірушінің жеке басын, олардың күштерінің арасалмағын анықтау қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1994 жылғы 23 желтоқсандағы Пленумының №7 қаулысында соттар қажетті қорғану шегінен асып кеткендіктің бар немесе жоқ екендігі мәселесін шешкен кезде тек қорғану мен қауіп төндіру құралдарының сәйкестігін немесе сәйкессіздігін ғана емес, қорғанушыға қауіп төндірушінің қауіптілік сипатын, шабуылға қарсы тұрудағы оның күші мен мүмкіндігін, сондай-ақ шабуылшы мен қорғанушының күштерінің арасалмағына ықпал ететін басқа барлық жағдайларды да ескеруі керек деп атап көрсеткен. Қорғану әрекетінің заңға сыйымдылығын бағалағанда ең бірінші қиянаттың үрдістігін, яғни қауіп төндірудің сипаты мен дәрежесін, шабуылдын қарқыны мен күшін есепке алу қажет. Қиянаттың сипаты мен қаупі көп жағдайларда қауіп төнетін объектінің маңыздылығына да байланысты. Адамның өмірі, денсаулығы, меншігі сияқты маңызды объектілерге шабуыл жасап, нақты қауіп төндіру қорғанушыға да қорғанудың өте ыңғайлы тәсіліне жүгінуге құқық береді. Яғни, қорғалатын игіліктің бағасы құнды болған сайын, оған төндірілетін қиянат та қауіптірек, сондай-ақ қажетті қорғануды қолданудың шегі де және қиянат келтірушіге зиян мөлшері де елеулі, ауқымды болады. Қиянаттың үрдістігінің дәрежесі көп жағдайларда қылмыскердің қолданатын құралы мен қару-жарағына да байланысты. Бірақ та бұл жерде қорғанушы шабуылды қандай құрал немесе қаруды қолданса соған сайма-сай құралмен немесе қарумен тойтаруға ғана құқылы деп айту қате болар еді. Мұндай пікірді қуаттаған жағдайда қорғанушының қару жұмсау арқылы өзінің немесе басқа адамның өміріне нақты қауіп төндіріп тұрған қаруланбаған қылмыскердің әрекетін тойтаруы негізсіз қылмыс болып саналар еді. Мысалы: К. деген азаматттың әрекеті заңға сыйымды істеген қажетті қорғану деп танылған. Кешкілік, қараңғы түскен сәтте Ж. мен С. деген екі мас К-ны көше бойында тоқтатып,оған негізсіз тиіскен. К. олардың сөзіне құлақ аспай, өз жөнімен жүре берген. Бірақ әлгі мас, оны қуып жетіп, ай-шайға қарамастан ұрып, жерге құлатып, тепкілей бастаған. Жан сауғалап қорғанған К. қалтасынан бәкісін алып Ж-ның қарнына оны тереңдете салып жіберген. Ж. табан астында қаза тапқан. Алдын ала тергеу К-ны қажетті қорғану шегінен асып, пышақ қолданып, кісі өлтіргені үшін жауапқа тартқан. К. қаруы жоқ адамға пышақ қолданды деп айыпталған. Бірақ та сот бұл қорытындымен келіспей, өз үкімінде К-ға төнген қиянаттың оның өміріне қауіпті болғанын және екі бірдей қауіп төндірушінің күші бұл жерде басым екенін есепке алып, оның әрекетінде қажетті қорғану шегінен шығушылық жоқ деген шешімге келген. Мұндай қауіп төндірушілікке қорғанушы көп жағдайларда кенеттен тап болған қиянатқа байланысты соның салдарынан қатты абыржу, қорқу жағдайында болады, сондықтан да барлық уақытта қауіп төндірудің сипатына дәл баға бере алмайды және соған сәйкес келетін қорғану құралын қолдануға мүмкіндігі болмайды.
Сонымен қажетті қорғану шегінен асып кеткендік деп танылуы үшін қиянаттың қаупі мен сипатына қорғаудың сөзсіз сәйкес келмеуі қажет. Бұл жерде сөзсіз сәйкес келмеушілікке қорғанушының айдан айқын, анық түрде қорғану шегінен асып кеткен қиянат келтірушіге негізсіз, орасан зор зиян келтіруін айтамыз. Сот тәжірибесінде едәуір емес мөлшердегі бөтен біреудің мүлкіне қол сұққан қиянат келтірушінің өлтіру, адамның өміріне, денсаулығына қауіпті емес күйде істеген бұзақылықты, ұсақ ұрлықты тойтарудағы басқа адамның ауыр дене жарақатын келтіру фактілері жиі орын алады.
Заңда қажеттті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіргендігі (99-бап) және қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін (109-бап) әдейі жауаптылық көзделген. Бұл, яғни қажетті қорғану шегінен асып кеткедігі үшін жауатылық, тек қасақана қылмыстар істегені үшін ғана қарастырылғанын көрсетеді. Абайсыздықпен істеген қажетті қорғану шегінен шығушылық үшін заңда жауаптылық белгіленбеген
Тағы рефераттар
- ҚР салық жүйесі және оларды шетел тәжірибесі негізінде дамыту жолдары дипломдық жұмыс
- АНТИГЕН БАЙЛАНЫСТЫРАТЫН ЛИМФОЦИТТЕРДІ АНЫҚТАУ ӘДІСТЕРІН ЖЕТІЛДІРУ
- Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов
- Азаматты өлді деп жариялау және оның құқықтық салдары
- Рынок